ҚАзақ тілінде оқытпайтын мектептерде мемлекеттік тілді мәтін арқылы меңгерту жолдары байтанаева-Молдалиева Д.Ә



бет2/3
Дата12.03.2018
өлшемі0,54 Mb.
#38817
1   2   3

«Алфавит ойыны». Бұл ойында мұғалім «А» әрпіне байланысты сөзді айтады, оқушылар сол сөздің ақырғы әрпіне байланысты сөздерді атап, жалғастырып кетеді. Мысалы : алмұрт, тақпақ, қар, рахмет, тату, уыс т.б.

«Сен дұрыс айта білесін бе?». Ойынның мақсаты: Сөздерді дұрыс айтуға үйрету. Бұл ойында мұғалім екі оқушымен қазылық жасап үстел басында отырады да, күні бұрын теріліп алынған 20-25 қиын оқылатын сөздердің тізімін оқушыларға оқытады. Ол сөздер мыналар болуы мүмкін: үлкен, өмір, ғалым, қарлығаш, бөрік, әдемі, ағайын, қасқыр, қараторғай, дөңгелек, жіңішке, қабырға т.б.

Бұл ойында осы сөздерді қатесіз оқып шыққан оқушы жеңеді.



«Мылқау суреті» ( «Немые картинки»). Бұл ойында оқушылар берілген жеке суреттерге қарап сөйлемдер құрайды, яғни сол суретті сөйлетеді. Мысалы: 1. Суретте мектеп: Біздің мектеп жаңа, әдемі. Мектептің іші таза. Бір мектепте оқимыз. Мектебіміз – үйіміз.

2. Суретте шар: Әдемі қызыл шар бар. Марат қызыл шар алды. Шарды мейрамда ұстаймыз.

Тақтаны үшке бөліп, бірінші қатар оқушылары бір буынды сөз жазады, екінші қатар оқушылары екі буынды сөз жазады, үшінші қатар оқушылары үш буынды сөз жазады. Мысалы:

I II III


Доп қалам терезе

Қол мектеп бөрене

Ойын қайталаған кезде, енді бірінші қатар екі буынды сөз, екінші қатар үш буынды сөз, үшінші қатар бір буын сөз жазады және бұдан бұрынғы жазылған сөздерді қайталамайды. Қай қатар көп сөз жазды, қай қатар қатесіз жазды, міне, осыған қарап бірінші орын беріледі.

«Бірден онға дейін». Ойынның мақсаты: бірден онға дейінгі сандардың қазақша түсінігін арттыру. Мұғалім бірден онға дейінгі сандар жазылған кеспе қағаздарды көрсетеді де, сандардың атын балалар қазақша айтады. Дұрыс айтқан балаға жұлдызша не жалауша беріледі. Жұлдызшаны көп алған бала жеңіп шығады.

«Қанша?». Ойынның мақсаты: Ауыз сөзінде сан есімді дұрыс қолдануға үйрету.


  1. Балалар суреттегі заттың санын, не күні бұрын дайындап қойған ойыншықтардың санын айтады.

  2. Балалар көзін жұмып тұрып, мұғалімнің бір затты бір затқа соғу арқылы шығарған дыбыс санын айтады. Мысалы, барабанмен, қоңыраумен, не қол шапалақтаумен берілген дауыстар.

«Өз нөмірінді есте сақта». Ойынның мақсаты: 1 ден 10-ға дейінгі сандарды қайталау. Балалар он-оннан бір қатарға тұрады да, ойынды алып барушы оларды санап шығады. Әркім өз нөмерін есте сақтайды. Ойынды алып барушы белгі бергенде, оқушылар қатардан ысырап кетеді де, екінші белгі бергенде, өз орнына тұрады. Ойынның дұрыстығы балалардың өз номерін айтумен тексеріледі. Бұл ойын көп қайталанады. Әр қайталанғанда ойынды алып барушы, не балалардың өздері қатардағы балаларды әртүрлі ретпен қояды да, тез санап шығады. Осыдан екі команданың қайсысы өз нөмерлерін тез тауып қатар тұрса, сол жеңіп шығады.

«Тауып ал». Ойынның мақсаты: заттың атын айтуда балалардың белсенділігін арттыру. Ойынды жүргізуші сыныптан шығып кетеді де, осы кезде мұғалім өтілген жаңа сөз бойынша бір затты жасырады. Енді ойынды алып барушы бөлмеге кіріп, сол затты іздейді. Мысалы, ол зат «доп» делік. Балалар ойында алып барушы доптан алыс тұрғанда жайлап бәрі «доп, доп, доп» деп сыбырлайды, ал бала допқа жақындаған сайын балалар қаттырақ айта бастайды, ал бала допқа дәл жеткен кезде, одан да қаттырақ «доп» деп айқайлайды.

«Кім айтты?». Ойынның мақсаты – заттың атын қайталау. Мұғалім балаларға түрлі жануарлар мен ойыншықтардың т.б. суреттері салынған қағаздарды көрсетеді. Содан соң бәрін араластырып жібереді де, біреуін өзі көріп, артына жасырады. Балалар ол қай сурет екенін табады. Оны табу үшін балалар жаңа мұғалім көрсеткен суреттерді шетінен тауып болғанша айтып шығады. Ал тапқан бала ойынды ары қарай алып барады. Ескерту: қағазға тек сурет емес, сонымен бірге өтілген сабақтардың жаңа сөздері де жазылуы мүмкін. Бұл ойынның сөздікті қайталауда пайдасы зор.

«Жонглер». Ойынның мақсаты – дыбыстарды дұрыс айтуға үйрету. Балалар кезек-кезек шарды жоғары тастап, оны қағып алады. Шарды бір лақтырғанда «Қ» десе, бір лақтырғанда «Ғ» дейді, енді бір бала «Ы-І», «А-Ә», «О-Ө» деп айтып, дұрыс айтқан бала жеңіп шығады.

Бұл ойын әсіресе төменгі сыныптарда қазақ тіліне тән дыбыстарды игеру барысында пайдаланылады.



«Ұшты-ұшты». Ойынның мақсаты – жанды және заттардың атын қайталау, ажырата білуге үйрету, баланың ойлау қабілетін арттыру.

Балалар айнала отырады. Ортада ойын бастаушы:

– Мен қазір ұшып-қонып, ұшып отырамын. Ұша алатын жанды-жансыздардың аты аталғанда, бәрің қолдарыңды көтеріп, қанаттарыңды жая, алға бір рет ұмтыла беріп, қайта отырыңдар. Ал ұша алмайтын жанды-жансыздың аты аталғанда жай қалыңдар, – деп түсіндіреді.

Ойынды бастаушы:

– Ұшты, ұшты, қарға ұшты, - дегенде балалардың бәрі қолын көтереді.

– Ұшты-ұшты, арба ұшты, - дегенде балалар қолын көтермейді.

Ал байқаусыз қол көтеріп қалғандар «айыпқа» тартылады.

Ойынның тәртібі осы. Үлгі үшін келесі ұйқас сөздер беріледі: үйрек-бүйрек, ракета-аптека, көбелек-дөңбелек, қоңыз-доңыз, торғай-торай, жебе-кеме, қызғыш-сызғыш, үкі-түлкі, тарғақ-жарбақ т.б.



«Әріп таңдау». Ойынның мақсаты – балалардың белгілі әріпке сөз, не сөйлем құрау қабілетін арттыру. Ойнаушы балалар дөңгелене отырады. Бұлардың ішіндегі ересектеуі ойын басқарушы болады. Өзгелерге сұрақ беретін де сол. Не болмаса ойынды мұғалім алып барады.

Ойын былай ойналады: әркім өзіне бір әріпті, яғни, «А»-ны, немесе «Б»-ны таңдап алады.



  • Сен қандай әріпті алдың?

  • «А».

Ойыншы бала басқарушының одан әрі берген сұрақтарына «А» әрпімен басталатын сөздермен ғана жауап беруі керек. Сөздерді көп ойланып тұрмай, тез айтуы шарт.

  • Сенің атың кім?

  • Асан.

  • Фамилияң кім?

  • Ахметов.

  • Қайдан келдің?

  • Ауылдан.

  • Қайда барасың?

  • Алматыға.

  • Немен барасың?

  • Автобуспен.

  • Онда не өседі?

  • Алма.

  • Тағы не өседі?

  • Алмұрт, алша, асқабақ.

  • Сені Алматыда кім қарсы алды?

  • Айдар.

  • Оған сыйлыққа не әкелдің?

  • Альбом, атлас, алмас, аквариум т.б. Осындай «А» әрпімен басталатын сөздерді айтуы тиіс. Содан соң ойын бастаушы келесі балаға сұрақтар қояды, басқа әріптермен ойын жалғаса береді.

Сыныптан тыс уақытта қазақтың ұлттық ойындары да жүргізілуі мүмкін [6,7,8].

Сабақта ойын элементтерін пайдалану – сабақтың формалары мен әдістерін жетілдіру жолындағы ізденістердің маңызды бір бөлшегі. Ойын элементтерін оқу үдерісін пысықтау, жаңа сабақты қорытындылау кезеңдерінде, қайталау сабақтарында пайдаланған өте тиімді. Ойын элементтерінің материалдары сабақтың тақырыбы мен мазмұнына сәйкес таңдалынып алынса, оның берер пайдасы мен танымдық, тәрбиелік маңызын күшейте түсері анық. Оны тиімді қолдану мен іске асыру сабақтың әсерлілігін, тартымдылығын дамытып, оқушылардың сабаққа деген қызығушылықтарын арттырады [5].

Сабақтың формалары мен әдістерін, мазмұнын жетілдіру, танымдық, білімдік, тәрбиелік жағынан сапалық жаңа деңгейге көтеру, оқытудың тәрбиелік қызметі мен тәжірибелік бағытын нығайту осы ойынға қойылған мақсат-міндеттерден туындайды.

Ойын – тіл дамыту жұмысының нәтижесінде оқушының сөз байлығын молайтып, тілдің фонетикалық жүйесін, сөйлеу мәдениетін меңгертіп, қалыптастырады. Өйткені, сөздерді дұрыс айту, дұрыс жаза білу – тіл мәдениетінің негізгі талаптарының бірі.



Пайдаланылған әдебиеттер

1. Қ.Р. «Білім туралы» Заңы – Алматы, 1999

2. Маманов Ы. Орыс мектептерінде қазақ тілін оқыту – Алматы, 1977

3. Молдалиева Д.Ә. Қазақ тілін оқытуда ойын элементтерін пайдалану жолдары /Республикалық семинар жинағында. – Семей, 1988, қазан

4. Ысқақ Б. Қазақ тілінен сыныптан тыс жұмыстар – Алматы, 2000

5. Бекмұхамедова Н. Ойынды ұйымдастыру – сабақтың құндылығын арттырудың бір жолы – РЯКШ, 1986 №6

6. Тотекаева Б. Қазақтың ұлттық ойындары – Алматы, 1978

7. Ахметов С. Қуыр-қуыр қуырмаш – Алматы, 1993

8. Елеуова Н. Сөздік ойындар – РЯКШ, 1990 №2

БАСТАУЫШ МЕКТЕПТЕ ДИДАКТИКАЛЫҚ ОЙЫНДАРДЫ ҰЙЫМДАСТЫРУДЫҢ ПСИХОЛОГИЯ-ПЕДАГОГИКАЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ МЕН ПРИНЦИПТЕРІ

Сабирова Г.Е

С. Ерубаев атындағы №24 мектеп-лицейінің мұғалімі, санаты жоғары маман ОҚО, Шымкент қаласы



Резюме

В данной статье раскраваются психолого-педагогические основы и принципы дидактических игр в начальной школе.

Summary

In this article describes the psycho-pedagogical fundamentals and principles of didactic games in elementary school.
Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі, оны оқып үйрену – әр азаматтың міндеті. Бастауыш мектеп мұғалімдері қазақ тілін меңгертудің түрлі әдіс-тәсілдерін қолданып, оқушыларға оны оңай жолмен игерту амалдарын іздестереді. Сол жолдардың бірі – ойынды пайдалану арқылы оқушыларды әрі қызықтырып, әрі сабаққа белсенділігін арттырып, сабақты ойын барысында оңай жолмен түсіндіру.

К.Д.Ушинский: «Егер оқушыны қиын сабақтардан қаншама аластатсанда, ол соншама қиынға соғады, ал егер ол қиын сабақты оқушы үшін қызықты етіп берсеңіз – міне, бұл алғашқы оқыту сатысының міндеті болар еді»[1], - дейді. Демек, білім беруде ойын арқылы бірте-бірте оңайдан қиынға көшу керек.

Ойын – балалар үшін оқу, дос, әрі еңбек. Ойын айналадағы дүниені танудың ең негізгі де, тиімді тәсілі. Ойын арқылы баланың психологиясы, мінезі, болашағы қалыптасады.

А.С.Сухолинский: «Ойынсыз, музыкасыз, ертегісіз, творчествосыз, фантазиясыз толық мәніндегі ақыл-ой тәрбиесі болмайды»[2], - деп санайды.

Мектепке алғаш келген балалардың әлі мақсатқа бағытталған зейіні болмайды. Олар өздерінің зейінін негізінен өздерінен өздеріне тікелей қызықтығымен, ашықтығымен өзгешілігімен ерекшеленетін нәрселерге аударады, мектеп жұмысының шарттары алғашқы күннен бастап баладан сол кезде оны қызықтырмауы мүмкін пәндерді және мәліметтерді назардан тыс қалмауды қажет етеді.

Ойын әсіресе төменгі сынып оқушылары үшін негізгі даму қызметін атқарады. Оқушының ойын арқылы ойы дамып өрістейді, мінез-құлқы, өмірге көзқарасы қалыптасады.

Адамның психикасы ақыл, сезім және ерік қызметтерінің түрліше формаларынан көрінетіндіктен, оны психофизиологиялық процесс деп атайды. Дүние тануға қажет ақыл-ой қызметі үшін түйсік пен қабылдау, ес пен ойлау, сезім мен қиял, зейін мен еріктің үлкен мәні бар [3].

Баланың психикалық дамуы деген не? Баланың қуануы, шаттануы, қиялдауы, ренжуі, ашулануы, жылауы, сөйлеуі – осылардың бәрі баланың әлеуметтік өмір тіршілігіне байланысты ішкі дүниесін, психикасын сипаттайды. Баланың нәзік, ескелең табиғатына жарасымды әдептілік, адамгершілік, естілік т.б. с.с. қасиеттер оның өсетін ортасындағы тәлім-тәрбиенің арқасында және қайшылықтарды жеңу үстінде қалыптасады, өйткені психикалық дамудың өзі баланың ұмтылуы мен оған жету жолындағы мүмкіндіктердің арасындағы қайшылықтардың салдарынан туады.

Балаға қойылатын талап пен сол талапты орындай алу мүмкіншілігі арасында да көптеген қиындықтар, кедергілер мен қайшылықтар кездесетіні белгілі. Бала өзін ересек адам етіп көрсетуге тырысады, өзін асыра бағалайды, бірақ оның ақыл-ой өрісі, білімі немесе тәжірибесінің аздығы оған кедергі болады. Сонымен қатар бала ішкі қайшылықтырдан басқа сыртқы қайшылықтарға да кездеседі. Мысалы әлеуметтік орта баладан мәдениетті, әдепті, сыпайы мінез-құлықты талап етеді, ал олар мұндай мінез-құлыққа дағдыланып жетпеген. Осы қайшылықтарды жеңу жолында да оған көптеген қиындықтар кездеседі.

Адамның нерв жүйесі өзін қоршаған ортамен үздіксіз байланыс процесінде дамиды. Оқыту мен тәрбиеде мұғалімнің міндеті – баланың саналы қызметінің формалары мен даму заңдылықтарын білу және сол процеске, белгілі бағытта мақсат көздеп, әсер ету.

Сонымен психикалық даму дегеніміз, жалпы алғанда, адамның қалыптасуындағы сапалық және сандық өзгерістер, ал жекелеп алғанда, анатомиялық-физиологиялық есею, нерв жүйесінің жетілуі, білімінің артуы, сезім мен моральдік ұғымдардың пайда болуы, психикалық процестердің қайта құрылуы, дүниеге көзқарастың қалыптасуы, белгілі бір мінез-құлыққа дағдылану.

Адамның психикалық қабілеті сезім мүшелеріне сыртқы дүниенің ықпал етуі арқылы, сезім мүшелерін жаттықтыру арқылы дамиды.

Баланың өсу шағындағы айналаны толық, жан-жақты танып білуге ұмтылған, дүниеге құмарлығы ерекше болып келетін осы кезін ғылыми, тілде «сензитивті кезең» деп атайды. Оқушыларды алдымен тілді үйренуге қызықтыра білу керек. Сабақ сайын қазақ тіліндегі сөздік қорларының көбейіп келе жатқандығын оқушы өздігінен сезіп отырғанда ғана ол сөздерден сөйлем құрастырып, бір-бірімен сөйлесуге, тілдік қатынасқа түсуге ынталануы мүмкін. Мұғалім алдымен әр баланың есте сақтау, ойлау, зейін қоя тыңдау қабілеттерін жақсы біліп, тілді оқып-үйренудегі сөйлеу белсенділігіне назар аударып отыруы керек.

Сабақ сапасын арттырудың тиімді бір жолы – ойынды кеңірек пайдалану [4].

Төменгі сынып оқушыларының жан-жақты дамуы үшін ойынның рөлі ерекше. Ойын барысында балалардың айналадағы дүние жайында таным белсенділігі артады. Ойын арқылы оқушы білім алып қана қоймайды, сонымен бірге оның еңбекке деген ынтасы да артады. Ойынның түрлері көп: сөздік ойын, рөлдік ойын, тақырыптық ойын, ұлттық ойын т.б.

Балалардың жасы төмен болған сайын сабаққа ойынды көбірек пайдалану керек. Бағдарлама бойынша берілген барлық тақырыпқа байланысты ойындар жүргізу керек. Мысалы, төменгі сыныптарда «Үй жануарлары», «Үй құстары», «Адамның дене мүшелері» т.б. тақырыптардың бәріне де лайықты ойындар жүргізуге болады.

Төменгі сыныптарда әсіресе қимыл-әрекеті мен сөйлеу жұмыстары қатар жүретін ойындар оқушыларды еркін ойлап, дұрыс жауап беруге баулиды. Мұндай ойындар оқушыларды ізденімпаздыққа апарады.

Ойын арқылы білім алу мұғалім мен оқушының тілдік қарым-қатынас процесінде жүргізіледі. Ойынды тілді үйретуге пайдалану арқылы мұғалім оқушыларды тілдік қарым-қатынас процесінде айтылатын ойды, не болмаса рөлдік сөздерді дұрыс айтуға машықтандырады [5].

Бір ойынды бірнеше сыныптарда жүргізуге де болады. Бұл жағдайда сынып жоғарылаған сайын ойынды күрделендіре, қиындата түсу керек.

Дидактикалық ойындар оқушыларға бір саладан білім беріп қана қоймай, сонымен бірге олардың зеректілігін дамып қалыптасуына әсері тигізуі керек. Л.Н.Толстой: «Егер оқушыға бір ғылымнан білім беріп тәрбиелеймін десең, алдымен сол ғылымды өзің сүйіп, жақсы біл, ал егер де өзің оны жақсы көрмесең, басқаларға оны үйрете алмайсың» - дейді. Сондықтан мұғалім ең алдымен өзі тілге аса сүйіспеншілікпен қарап, оны оқушыларға жеткізу жолдарының түрлі әдіс-тәсілдерін қарастырғанда ғана мақсатқа жетеді. Ал ойынды пайдалануға келетін болсақ, мұғалім ең алдымен ойынды жүргізудің мақсатын, оның әдістемелік жолдарын, тиімділігін т.б. зерттеп оқушылардың жас ерекшеліктеріне, білім деңгейіне қарай топтастырады.

Ойын – оқу процесін ұйымдастыратын жұмыстың бір түрі. Оқытудың басқа түрлеріне қарағанда ойынның мынадай өзгешеліктері бар: біріншіден, ойынға барлық балалар бірдей қамтылады; екіншіден, ойын оқушыларды қызықтырып, сабақ үстінде әрі демалдырады, әрі ойын барысында оқушылар сайысқа түсіп, өзінің білімдерін практика жүзінде сынап көреді.

Ойын қашанда оқушыны жан-жақты дамытады. Бірақ сабақты түгел ойынға айналдырып жіберуге болмайды. Ойынды жүргізу әдісінің өзінің принциптері бар. Олар төмендегіше [6]:



  1. Қызығушылық принципі. Ойын қызығушылық принципі негізінде жүргізіледі. Қызықтырмайтын ойын болмайды. Оқушының әр ойынға деген өзіндік қызығушылығы бар.

  2. Жариялылық принципі. Ойынның мақсаты, жүргізу әдісі, оның нәтижесі ойнаушылардың бәріне жария, яғни белгілі болуы керек. Ойынның соңында оның жеңушісі мен жеңілушілері жарияланады.

  3. Көрнекілік принципі. Ойында көрнекі құралдар (ойыншықтар, карточкалар, маскалар, арнайы киімдер, жұлдызшалар, жалаулар, орамал, жүзік, асық, таяқ, кубиктер, шарлар т.б.) не болмаса ойынның барысын көрсетіп отыратын тақталар болады.

  4. Жас ерекшеліктеріне сайлылық принципі. Бұл принцип бойынша ойындар оқушылардың жас ерекшеліктеріне және сыныптарына сай топтастырылады.

  5. Тіл сабағында ойындар тақырыптық принциппен топтастырылып, ойын барысында білім мен тәрбие жұмысы ұштастырылады.

Қандай бір ойын болмасын ол келесі әдістемелік талаптарға сай ұйымдастырылуы керек:

  1. Ойынның тақырыбы, мақсаты, жүргізу әдісі, көрнекілігі және жеңімпаздары болады.

  2. Ойын сабақтың тақырыбына сай жүргізіледі. Мұғалім қалаған уақытта қалаған тақырыбына ойын ұйымдастырмайды. Әдетте ойын сабақтың екінші жартысында, не соңында қайталау, пысықтау, оқушыларды қызықтыру мақсатында 5-6 минут шеңберінде жүргізіледі.

  3. Оқытушы ойынның мақсатын белгілеп, ойын барысында қолданылатын лексикалық материалдары оқушылардың сынып және жас ерекшеліктеріне қарай топтастырады.

  4. Оқытушы ойынды бастамас бұрын оқушыларды жүргізу тәртібімен таныстырады.

  5. Ойынға оқытушылардың түгел қатысуын қамтамасыз ету керек. Ойынды не мұғалім жүргізеді, не оқушылардың ішінен кезек-кезек орын ауыстырылып отырылады.

  6. Ойын барысында оқушылардың ойлау қабілеті мен қимыл әрекеттерінің бірлесе жұмыс істеуін қамтамасыз ету керек.

  7. Ойын соңында жеңімпаздары белгілі болады. Сонымен бірге мұғалім ойынның мақсатына қарай сай жүргізілген жұмыстарды қорытындылайды. Мысалы, тақырыпқа байланысты сөздер игерілді ме? Қай оқушы ойын барысында білімін көрсете алды? Қандай оқушыға көбірек көңіл бөлу керек? Бұл ойынды дұрыс жүргізу үшін келесі жолы нені ескеру керек? т.б.

В.А.Сухомлинский: «Менің өмірімдегі ең басты нәрсе не болды? Ойланбай жауап беремін – балаларға деген сүйіспеншілік» [2] дегендей ойынды ұйымдастыруда оқушыларға деген сүйіспеншілік, оларға қазақ тілін үйретіп, қызығушылығын арттырамын деген ынта мұғалімге басшылық етеді.
Пайдаланылған әдебиеттер

  1. Ушинский К.Р. шығармалар жинағы 10т-м., 1950

  2. Сухомлинский А.С Мектептің жас директорымен кездесу. – Алматы, 1987

  3. Ысқақ Б. Тіл дамытудың ғылыми негіздері – Алматы, 1997

  4. Ысқақ Б. Бастауыш мектепте сыныптан тыс жұмыстар – Шымкент, 2003

  5. Ысқақ Б. Сауаттылыққа үйрету әдістемесі – Алматы, 1997

  6. Ысқақ Б. Қазақ тілінен сыныптан тыс жұмыстар – Алматы, 2000


12 ЖЫЛДЫҚ БІЛІМ БАҒДАРЛАМАСЫМЕН І-СЫНЫПТА САУАТ АШУДЫ ҰЙЫМДАСТЫРУ ЖОЛДАРЫ

Тәтенбекова А.Т.

С. Ерубаев атындағы №24 мектеп-лицей мұғалімі, ОҚО, Шымкент қаласы

Жоғары санатты маман

Резюме

В данной статье раскрываются приемы обучения грамоте в первом классе по 12 летней образовательной программе.

Summary

This article describes the techniques of teaching grammar in first grade for 12 year educational program.
Биылғы оқу жылында еліміздің барлық 1-сынып оқушылары 12 жылдық білім бағдарламасының табалдырығын аттады. 12 жылдық білім беруге көшу – бұл барлық ұлттық білім беру жүйесіндегі реформа; ол «жылдам дамушы ортада өмір сүруге қабілетті, өзіндік дамуға даяр, өзін таныта алатын және өзі үшін де, қоғам үшін де бар мүмкіндігін пайдаланатын жоғары білімді қалыптастыруды және дамытуды алдын ала болжайды» [1].

Ахмет Байтұрсынов «Қазақша оқу жайлы» атты еңбегінде: «Әуелі бізге елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастау керек, неге десек, болашақтан билік те, халық та оқумен түзеледі», - деген [2].

Ахмет Байтұрсынов «Мектеп керектеріне» деген еңбегінде: «Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектебі сондай болмақшы. Яғни, мұғалім білімді болса, білген білімін балаға үйрете білген болса, ол мектептің балалары көбірек білім алып шығады», - деген[3].

Бүгінгі күні 12 жылдық білім бағдарламасын негізге алып, жаңартылған әдіс-тәсілдерді қолданып, оқушыларға жан-жақты білім беру арқылы бұл жұмысқа үлкен жауапкершілікпен қарап күтілетін нәтижеге жетпекші.

12 жылдық білім бағдарламасымен жаңартылып шыққан «Сауат ашу» оқулығы [4] мазмұнды, әр көркем құрастырылған. Оқулық 6 негізгі тақырыптан тұрады. Олар: «Өзім туралы», «Менің мектебім», «Менің отбасым және достарым», «Бізді қоршаған әлем», «Саяхат», «Салт-дәстүр және ауыз әдебиеті». Бұл тақырыптардың әр қайсысы көптеген кіші тақырыптарды қамтиды және «Мен не үйрендім?» тақырыбымен жүргізілетін нәтиже сабақпен аяқталады. Әр тақырып бойынша тіл дамытуға арналған көптеген суреттерге оқушылар сұрақ қойып, шағын әңгіме құрастырады. Оқулықта сонымен бірге оқушыны ойландыратын, олардың патриоттық сезімін тудыратын сөйлемдер, әңгімелер, өлеңдер, мақал-мәтелдер, жаңылтпаштар, суреттер, ертегілер молынан берілген. Оқушылар диалогқа қатысуға, мәдениетті сөйлеуге үйренеді.

Бастауыш сыныпта қолданылатын педагогикалық тәсіл белсенді оқуды көздейтін сындарлы оқуға негізделеді [5].

Педагогиканың барлық аспектілері сындарлы оқыту теориясымен үйлеседі. Сындарлы оқыту тәсілдері білім берудің дәстүрлі әдістерімен салыстырғанда оқыту кезінде жоғары нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді [6]. Сындарлы оқыту тәсілдері оқушылардың алдыңғы білімдерімен ұштастыра отырып, жаңа білім алуы мен ұштастыра отырып, жаңа білім алуы туралы тұжырымдамаға негізделеді. Бұл жерде ең маңыздысы оқушылардың алдыңғы алған дағдылары жаңа дағдыларды меңгеруге үлкен ықпалын тигізеді, ал егер ол ескерілмесе, онда білім тереңге бармай, үстірт меңгеріледі.

Жалпы бағдарлама бойынша «Сауат ашу» пәнінде мынадай мақсаттар жүйесі берілген: «Сауат ашу» пәні жалпы білімнің негізін құрайтын аса маңызды пәндердің біріне жатады. «Сауат ашу» пәні – «Қазақ тілі», «Әдебиеттік оқу» пәндерінің құрамдас бөлігі, тіл және әдебиет туралы білім жүйесіне дайындық болып табылады.

Оқушыларды сауатты жазуға үйрету алғашқы күннен басталады.

Бастауыш сынып оқушылары х, в, э, ч, щ әріптері бар сөздерді оқуда, жазуда көп қиыншылықтарға кездеседі. Бұларды басқа айтылуы ұқсас дыбыстармен алмастырып айтып, жазуда қателеседі. Қате жібермеу үшін оқушылардың сезім мүшелеріне әсер ететін суреттер, кеспе қағаздарын пайдалану керек.

Сауатты жазуды үйретуде сөз, сөйлем құру жұмыстарының маңызы зор. Ол жұмыс түрлері мынадай болуы мүмкін [7]:


  1. От, шана, ара, алма сияқты таныс заттардың суретін көрсетіп, кеспе әріптен сөз құрастыру.

  2. Сөздің бірінші және соңғы әріптерін жазғызып, ортадағы әріптерді тапқыздыру.

  3. Әрбір жеке сөздердің бірінші буындарын тақтадан, не кестеден (сызбадан) көрсетіп, соңғы буындарын, оқушылардың өздеріне тапқызып, бүтін сөз құрастыру

  4. Жеке сөздердің соңғы буынын көрсетіп, алдыңғысын тапқызу.

  5. Сөздердің алдыңғы соңғы буындарын көрсетіп, ортаңғы буынын тапқызу т.б.

Өз ойларын түрлі әдістермен жеткізу, суреттер салып, өз беттерінше дәлелдемелер келтіру балалардың ынтасын арттырып, ынтымақтастық атмосферасын қалыптастырады.

«Сауат ашу» пәнінің міндеттерінің бірі – оқушылардың сөздік қорын байыту және белсендіру, байланыстыра сөйлеу, тілін дамыту.

А.И.Власенков: «Белсенді сөздін айтылған ойдың барлығын, бүкіл мәтінді, барлық деректерді және негізгі ойды мәнерлеп жеткізуді бағындыра отырып, сөздерді дұрыс байланыстыруға және өз ойын дұрыс жеткізуге үйретеді», - дейді [8].

Сабақ барысында бірін-бірі бағалауы әдісін пайдалану олардың сенімділіктерін арттыруға септігін тигізеді.

Бастауыш сыныпта мұғалім оқушылардың үлгерімін қадағалап қана қоймайды, сонымен бірге «белсенділендіргіш» рөл атқарады [9]. Оқушылар өз бетінше әрекет етуге үйренеді. Жаттығу жұмыстарын орындау барысында оқушылар белсенді жұмысқа тартылады. Жұмыстың бұл түріне топтық жұмыс жатады.

Оқушылардың топта, жұпта, үштікте жұмыс істеуі – өз ойларын дәлелдеуге үйретеді. Қазақ тілінің фонетикасы, лексикасы, грамматикасы мен пунктуациясы туралы бастапқы білім балалардың білім негіздерін игеруіне септігін тигізеді.

«Сауат ашу» пәнінің маңыздылығы – оқушылардың өмірінде жаңа пайда болған «жетекші әрекет» - оқу әрекетіне бейімдеу, тұрақты зейіні мен жадын, логикалық ойлауы мен білім алуға деген қызығушылығын қалыптастырып, ой-өрісін жетілдіру, сөздік қорын молайтып, байланыстыра сөйлеуге үйрету міндеттерін жүзеге асыруында. Сонымен бірге сөйлеу әрекетінің тыңдалым, айтылым, оқылым және жазылым түрлерін дамыту арқылы басқа пәндерді меңгеруге негіз болуында. «Сауат ашу» пәні арқылы оқушылар қазақ тілі мен әдебиетті меңгеріп, ана тілі мен туған халқының мәдениетін құрметтеуге, тілдік қарым-қатынасқа еркін түсіп, өз пікірін білдіруге дағдыланады.

«Сауат ашу» пәнінің мақсаты – оқу және жазу дағдылары қалыптасқан, алған білімін дәстүрлі жағдаяттарда қолдана алатын, ойын, пікірін түсінікті, жүйелі жеткізе алатын білім алуға ынталы жеке тұлғаның дамуына мүмкіндік туғызу.


Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> М. П. Ешимов ф.ғ. к., доцент, Р. С. Нұртілеуова аға оқытушы
publications -> Жаппарқұлова Анар Абусайылқызы ОҚмпи қазақ және әлем әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, ф.ғ. к. Шымкент қаласы. Майлықожа ақынның шығармашылық ықпалы
publications -> Білімнің биік ордасы. Высокий центр знании.)
publications -> Қазақ халқының шешендік өнері Абилбакиева Ғ. Т
publications -> 1903 жылы Санкт-Петербургте «Россия. Біздің Отанымыздың толық географиялық сипаттамасы» деп аталатын көп томдықтың XVІІ томы қазақ халқының тарихына арналып, «Киргизский край» (Қазақ өлкесі) деген атаумен шықты
publications -> Олжастанудың деректі көздері
publications -> Өмірде өнегелі із қалдырған, халықаралық қатынастар факультетінің тұңғыш деканы Гүлжауһар Шағатайқызы Жамбатырова
publications -> С. торайғыров мұрасының ТӘуелсіздік тұсында зерттелуі
publications -> Жамбыл жабаевтың арнау өЛЕҢдері сағынған Назерке Берікқызы
publications -> Ш.Құдайбердіұлы және М.Әуезов шығармашылығындағы тұтастық Нұрланова Әсем Нұрланқызы


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет