Қазақша сценарий: 16 Желтоқсан - Тәуелсіздік күні (Тәуелсіздік деп соғады жүрегіміз!)
Кештің тақырыбы: «Тәуелсіздік деп соғады жүрегіміз»
Кештің барысы: «Көк тудың желбірегені» әні.
1 - жүргізуші: Армысыздар, құрметті ұстаздар, оқушылар және қадірменді қонақтар! Бүгінгі Тәуелсіздігіміздің 31 жылдығына арналған «Тәуелсіздік деп соғады жүрегіміз» атты мерекелік кешімізге қош келдіңіздер!
2 – жүргізуші: Тәуелсіздік - ең басты құндылығымыз. Тәуелсіздікке қантөгіссіз, бейбіт түрде қол жеткізгеннен кейін ғана елімізді әлемнің өркениетті мемлекеттерінің қатарына қоса алдық. 31 жыл ішінде тәуелсіз Қазақ елін қалыптастырып, нарықтың қиын өткелектерінен аман өткізіп келеміз. Осы кезеңде Қазақстанды дүние дидарындағы ең мықты мемлекеттер танитындай, сыйлайтындай деңгейге жеткізген тұңғыш президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтай көреген саясаткердің ерен еңбегін дәл бүгін және әрқашанда айтып өтеміз.
Тәуелсіздік күні еліміздің барлық азаматтары үшін орны ерекше мереке деп білеміз, себебі, осынау жүрекжарды қуанышқа толы күнді ата - бабаларымыз ғасырлар бойы армандап, күтумен өтті.
2 - жүргізуші: Құттықтау сөз кезегі мектебіміздің директоры Кенжебкеова Самал Тишбекқызына беріледі.
1 - жүргізуші:
Армандарды жақындатып тым алыс,
Біздің жаққа жеткен екен жылы ағыс.
Егемендік - ел бақыты, ертеңі,
О, халайық! Құтты болсын қуаныш!
Азат өлкем күндей күлген шығыстан,
Асыл елім жан - жүректі ұғысқан.
Ата бабам аңсап өткен бақытым,
Айналайын, Қазақстан - Гүлстан!
7-9 сынып оқушыларының көркемөнерпаздарының шағын концерттік бағдарламасын қабыл алыңыздар.
Аружан
Алтыныңды айырбастап қолаға,
Отаныңды айналдырса молаға.
Өз тіліңді босағаға лақтырып,
Өз еліңде күн кешуге бола ма?!
Сол кешегі желтоқсанның аспанын,
Дүр сілкінтті жалын жұтқан жастарым.
Үнсіз қалса намыс өлер еді ғой,
Намыс өлсе керегі не басқаның.
Сен қазағым шыныменен ұлысың,
Ертең жайнап шығатұғын күн үшін.
Ұл – қызыңның қаны судай шашылды,
Бас алаңда басын тігіп тіл үшін.
Шұға
Сүйемін аспанын да, Күнін де мен.
Шаттығы бал жүзінен түрілмеген.
Қазақпыз – Тәуелсіздік таңы атқан.
Жастарымыз көңілді күлімдеген.
Болған ғой қазаққа осы далам нәсіп.
Еліме емірене болам ғашық.
Тәуелсіз, тағылымды ұлы Отаным
Барады келешекке қадам басып…
Мирас
Ие боп жасампаздық жарасымға,
Айналды Елбасымыз дара шыңға.
Қалықтап ұя салды бейбіт құсы,
Астана ақ ордалы қаласында.
Сарылып күткеніміз ақ таң екен.
Тәуелсіз қазағымды мақтан етем.
Елтаңба, Көк туымды биік ұстап.
Әнұранды бас иіп жаттап өтем!
Олжас
Қазақпын, еңселі елмін егеменді,
Кеңейттім кең әлемге керегемді.
Мұхиттың ар жағында жатқан жұрттар
Таныды тепе - тең деп тереземді.
Қазақпын, қойнауы - құт, жері - дархан,
Әнімді бес құрлықтың бәрінде айтам.
Ақмарал
Талайдан келген еді жан алқымда,
Жүрдік біз Мәскеу-бидің дәл артында.
Еліміз еңсе тіктеп, болды бүгін
Қаймықпай келешекке қарар Тұлға!
Ақбұлақ жарып шықты ақ тақырдан,
Халықпыз жылы биік тақта тұрған.
Тарылып Кремльдің тас құшағы,
«Құдай…!» деп құтылдық-ау қақпақылдан
Өткен күн өкініші ол батпандай,
Тынбадық ел намысын қорғап қалмай.
Туды ғой Тәуелсіздік тар құрсақтан,
Толықсып тоқсан әйел толғатқандай.
1-жүргізуші
Сол күндер ғой жүректің аңсағаны,
Соған шөлдеп, шөліркеп тамсанады,
Өкініш пе, білмеймін қуаныш па
Өз - өзінен жүрегім ән салады.
Ән: «Мен қазақпын»
Әмина
Жүректе намыс оты лапылдаған,
Күш-жігері жастардың сарқылмаған.
Отан үшін олар шығып алаңға
Қарсы ағып өзендей тасқындаған.
Болмасам да сол кезде мен сеземін
Жүректе намыс оты сөнбегенін,
Ызғарына аяздың төзгендерін,
Бұл күннің оңайлықпен келмегенін.
Ибраһим
Құтты болсын тәуелсіздік мерекесі,
Мықты болсын елімнің керегесі.
Татту-тәтті боп халқымыз әрқашан,
Кетпесін туған жердің берекесі.
Достарыңызбен бөлісу: |