«Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты Қазақстан Республикасының Президенті елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы


(1) Осы мақсатта жаңа 2013 жылдың өзінде ұлттық құқықтық жүйені жаңғыртудың



бет5/6
Дата26.08.2017
өлшемі0,91 Mb.
#28753
1   2   3   4   5   6

(1) Осы мақсатта жаңа 2013 жылдың өзінде ұлттық құқықтық жүйені жаңғыртудың кезекті кезеңін бастау керек.

Заңнама тек ұлттық мүдделерді ғана қорғап қана қоймай, қарқынды дамып отырған халықаралық құқықтық ортамен де үйлесуге тиіс. Үкіметке жария, сондай-ақ жеке құқықтың барлық базалық салаларында біздің құқық жүйеміздің бәсекелестігін арттыру жөнінде жүйелі шаралар қабылдауды тапсырамын.



(2) Үкіметке 2013 жылы менің Әкімшілігіммен бірлесіп атқаратын мынадай тапсырма беремін:

        Қылмыстық және Қылмыстық-іс жүргізу заңнамаларын реформалауды бастау керек. Ілгері ізгілендіруге, оның ішінде, экономикалық құқық бұзушылықты қылмыссыздандыруға маңыз беру керек;

        Парламентке 4 жаңа кодексті: Қылмыстық-іс жүргізу, Қылмыстық, Қылмыстық-орындаушылық және Әкімшілік құқық-бұзушылық туралы кодексті әзірлеп, енгізу керек.

Бұл өзекті заң актілерінің қабылдануы қылмыстық сот ісін жүргізуді және, ең алдымен, қылмысқа қарсы мемлекеттің күрес саясатын тұжырымдық тұрғыдан жаңғыртады, біздің құқықтарымызды қазіргі сын-қатерлерге өз дәрежесінде әрекет жасайтындай деңгейге көтереді.

 

Бесінші. Мемлекет тәртіпсіздікке мүлдем төзбеушілік принципін ұстануға тиіс.



Дамыған қоғам барлық жерде тәртіп пен реттілік орнатудан, жайлы подъезден, жинақы ауладан, таза көшеден және жарқын жүзді адамдардан басталады.

Біз ең ұсақ құқық бұзушылықпен, бұзақылықпен, мәдениетсіздікпен ымыраға келмеуіміз керек, өйткені, осының өзі қоғам тыныштығын бұзады, өмірдің сапасына селкеу түсіреді.

Тәртіпсіздік пен бетімен кетушілікті сезіну одан да елеулі қылмыстарға жол ашады.

Ұсақ құқық бұзушылыққа төзбеу ахуалы - қоғамдық тәртіпті нығайтуға, қылмыспен күреске бастайтын маңызды қадам.

Біз құқықтық нигилизмді жеңіп, қоғамды қоғамдық тәртіпті қорғау ісіне тартуымыз керек.

Біз әлеуметтік бүлдіргі пиғылды жұмысқа орналасу мәселесімен байланыста қарауымыз керек. Біз қоғамдық орындардағы бұзақылық әрекет үшін жеке іс қағазында және резюмеде міндетті түрде көрсетілетін және жұмысқа қабылдау, қызмет сатысы бойынша өсіру кезінде ескерілетін жаза қолдануды енгізуіміз керек.

Мұның бәрі қоғамдық өмірдің нормасы болуға тиіс.

 

Алтыншы. Мемлекет пен қоғам жемқорлыққа қарсы күресетін бір күш болуға тиіс.



Жемқорлық - жай құқық бұзушылық емес. Ол мемлекеттің тиімділігіне деген сенімді сетінетеді және ұлттық қауіпсіздікке төнген тікелей қатер болып саналады.

Біз түпкі мақсатымыз - жемқорлықты құбылыс ретінде жою үшін жемқорлыққа қарсы заңнамаларды жетілдіру арқылы жемқорлықпен күресті қатты күшейтуіміз керек.

 

Жетінші. Біз құқық қорғау органдары мен арнайы қызметтердің реформасын жалғастыруға тиіспіз. Онсыз біз тәртіпсіздікке мүлдем төзбеуді қалыптастыру және жемқорлықты түбірімен жою жөніндегі міндеттерді шеше алмаймыз.



(1) Соңғы үш жылда құқық қорғау органдары мен арнайы қызметтердің бірқатар маңызды реформалары жүргізілді. Бұл - мемлекеттікті нығайтудың маңызды қадамы. Олардың жұмысының құқықтық базасы жақсартылды. Функциялары нақты айқындалды. Қызметтің қайталануы жойылды. Қылмысқа қатысты саясат ізгілендірілді.

Барлық құқықтық құрылымдардың қызметкерлері түгелдей аттестаттаудан өткізілді. 100 мыңнан астам адамнан 12,5 мың адам аттестаттаудан өтпей қалды және органдардан босатылды.



(2) Біз бұл жұмысты одан әрі жалғастыра береміз.

Менің Әкімшілігім мен Қауіпсіздік Кеңесіне және Үкіметке бірлесіп атқаратын мынадай тапсырма беремін:

        Құқық қорғау органдары қызметкерлерін ақшалай қамтамасыз ету және зейнетақымен қамсыздандыру деңгейін арттыру жөніндегі іс-қимыл жоспарын дайындау керек.

Осы 2013 жылдан бастап арнайы атақтар үшін төленетін қосымша ақы мөлшерін әскери атақтар бойынша төленетін жалақы деңгейіне дейін көтеруді тапсырамын.

        Құқық қорғау органдарының Кадр саясаты тұжырымдамасын әзірлеу керек.

        Жоғары аттестаттау комиссиясы базасында құқық қорғау органдарындағы кадр саясаты жөніндегі тұрақты жұмыс істейтін құрылым құру керек.

        Құқық қорғау және арнайы органдар жетекшілерінің Президентік резервін қалыптастыру керек.

(3) Менің Әкімшілігіме, Қауіпсіздік Кеңесіне Үкіметпен бірлесіп, ведомствоаралық жұмыс тобын құруды және 2013 жылдың екінші тоқсанының аяғына дейін Құқық қорғау жүйесін одан әрі жаңғырту бағдарламасының жобасын әзірлеуді тапсырамын.

(4) Құқықтық саясаттың маңызды мәселесі азаматтардың Конституция кепілдік беретін сот арқылы қорғалу құқын жүзеге асыруы болып табылады.

Бұл үшін сот төрелігін жүзеге асыру процесін оңайлату, оны басы артық бюрократиялық рәсімдерден арылту керек. Жаңа ақпараттық технологияларды белсенді енгізген жағдайда мұны істеу қиын емес.

Сонымен бір мезгілде соттардың жұмысын жеңілдету мақсатында дауларды соттардан тыс реттеу институттарын дамытуды жалғастырған жөн. Болмашы мәселелер бойынша дауларды шешу соттардан тыс тәртіппен жүргізілетіндей тетіктер қарастыру қажет.

Сот билігінің беделі орындалмаған сот шешімдерінен төмендейді. Осыған байланысты, бұл жағдайды түбегейлі өзгерту жөніндегі шаралар қабылдануға тиіс.



(5) Шекара қызметінің ауқымды реформасын жүргізу керек. Міндет - оның тиімділігін түбегейлі арттыру, материалдық-техникалық базасын жаңғырту.

Бұл үшін Қауіпсіздік Кеңесіне менің Әкімшілігіммен және Үкіметпен бірлесіп, Шекара қызметін дамытудың және мемлекеттік шекараны орта мерзімді кезеңде орнықтырудың арнайы Кешенді жоспарын әзірлеуді тапсырамын.

 

 

6. ДӘЙЕКТІ ЖӘНЕ БОЛЖАМДЫ СЫРТҚЫ САЯСАТ - ҰЛТТЫҚ МҮДДЕЛЕРДІ ІЛГЕРІЛЕТУ МЕН АЙМАҚТЫҚ ЖӘНЕ ЖАҺАНДЫҚ ҚАУІПСІЗДІКТІ НЫҒАЙТУ



 

Қазақстан тәуелсіздік жылдарында халықаралық процестердің тең құқықты қатысушысы болып қалыптасты және біз қолайлы сыртқы ахуал құруға қол жеткіздік.

Біздің басымдықтарымыз өзгермейді - көршілеріміз - Ресеймен, Қытаймен, Орталық Азия елдерімен, сондай-ақ АҚШ-пен, Еуроодақпен, Азия елдерімен серіктестікті дамыту мәселесі болып табылады.

Біз Кеден одағын және Біртұтас экономикалық кеңістікті нығайтатын боламыз.

Біздің таяудағы мақсатымыз - Еуразиялық экономикалық одақ құру. Осыған орай біз мәселелердің консенсус арқылы шешілетінін нақты мәлімдейміз. Саяси егемендікке қысым көрсетілмейді.

Сыртқы саясатымызды теңдестіру әлемдік істерде елеулі рөл атқаратын және Қазақстан үшін практикалық қызығушылық туғызатын барлық мемлекеттермен достық және болжамды қарым-қатынастарды дамыту дегенді білдіреді.

Алайда халықаралық ахуал және геосаяси орта қарқынды өзгеруде және әрқашан жақсы жағына қарай ойыса бермейді. Солтүстік Африка мен Таяу Шығыстан Солтүстік-Шығыс Азияға дейін тұрақсыздықтың алып белдеуі созылып жатыр. Күштердің ара салмағы жаһандық деңгейде де, сонымен қатар, Жер шарының жекелеген аймақтарында да елеулі өзгерістерге ұшырауда. Соған сәйкес, БҰҰ, ЕҚЫҰ, НАТО, ҰҚШҰ, ШЫҰ, АӨСШК және басқа аймақтық қауіпсіздік тетіктерінің рөлі арта түседі. Орталық Азияда ұлттық қауіпсіздікке төнген жаңа қатерлер пайда болды.

Мұндай ахуалда Қазақстанның сыртқы саясаты ішкі саясаты сияқты жаңғыртылуға тиіс.

 

Сыртқы саясатты жаңғыртудың басымдықтары:



  • аймақтық және ұлттық қауіпсіздікті жан-жақты нығайту;

  • экономикалық және сауда дипломатиясын белсенді дамыту;

  • мәдени-гуманитарлық, ғылым-білім және басқа шектес салалардағы халықаралық ынтымақтастықты арттыру;

  • азаматтарымызды құқықтық қорғауды, олардың шетелдердегі жеке, отбасылық, іскерлік мүдделерін қорғауды күшейту.

 

Біріншіден, ұлттық мүдделерді сыртқы саясатта ілгерілету айрықша прагматикалық принциптерге негізделген.

Біздің міндеттеріміз: сыртқы саясатты әртараптандыру, ұлттық экономикалық және сауда мүдделерін ілгерілету үшін экономикалық және сауда дипломатиясын дамыту.

 

Екіншіден, біз әрі қарай да аймақтық қауіпсіздік үшін өз жауапкершілігімізді сезінуге және Орталық Азияны тұрақтандыруға өз үлесімізді қосуға тиіспіз.



Біздің міндетіміз - аймақтағы тартысты жағдайдың алғышарттарын жоюға барынша көмектесу.

        Орталық Азияны тұрақтандырудың озық тәсілі - аймақішілік бірігу. Нақ осы жолмен біз біздің аймақтың тартыстық әлеуетін төмендетіп, толғақты әлеуметтік-экономикалық проблемаларды шешіп, су-энергетикалық және басқа да қайшылықтардың түйіндерін жаза аламыз.

        Біздің дауысымыз барлық әлемге естіліп тұруға тиіс. Сондықтан мен Астана Экономикалық форумында өзіміз G-Global деп атаған диалогтың жаңа түрін ұсындым.

Әлемде бірде-бір ел бастан кешіп жатқан дәуірінің қатерлерін жалғыз өзі жеңе алмайды. Менің бастамамның мәні - әділ және қауіпсіз әлем орнықтыру үшін баршаның күшін біріктіру.

 

Үшіншіден, біздің еліміз халықаралық прогрессивті бастамаларды бәрін одан әрі қолдап, жаһандық қауіпсіздікке үлесін қоса беруі керек.



        Қазақстан барлық мүдделі серіктестермен және біздің көршілерімізбен бірге Ауғанстан мәселесін тезірек саяси реттеуге және қайта қалпына келтіруге қол жеткізетін болады.

        Қазақстан ИЫҰ-ның белсенді қатысушысы бола отырып, Таяу Шығысты реттеу процесінің бейбіт сипатына шын жүректен мүдделілік танытады. Араб-ислам әлеміндегі халықтық толқудан босаған күш-қуаттың жасампаздық арнаға бағытталып, аймақтың әлеуметтік-экономикалық проблемаларын шешуге қызмет етуі маңызды.

        Біз озық қарқынмен Азия-Тынық мұхиты аймағының елдерімен экономикалық тұрғыдан жақындасуға тиіспіз. Бұл бізге тек экономикалық дивиденд беріп қана қоймайды, сыртқы саясатымыздың теңгерімділігін де нығайта түседі.

 

Төртіншіден, Қазақстан өзінің қорғаныс қабілеті мен әскери доктринасын нығайтуға, түрлі қорғаныстық тежеу тетіктеріне қатысуға тиіс.



        Біз ұлттық қорғаныс моделін әзірлей отырып, түрлі елдермен және ұйымдармен ынтымақтасуға тиіспіз.

        Қазақстан ҰҚШҰ бойынша одақтастармен тығыз жұмыс істейтін және жедел қимылдайтын Ұжымдық күштердің әлеуеті мен жауынгерлік қабілетін арттыруға көмектесетін болады.

 

 

7. ЖАҢА ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ПАТРИОТИЗМ - БІЗДІҢ КӨПҰЛТТЫ ЖӘНЕ КӨПКОНФЕССИЯЛЫ ҚОҒАМЫМЫЗ ТАБЫСЫНЫҢ НЕГІЗІ



 

Біздің бұл бағыттағы басты мақсатымыз қарапайым және түсінікті: біз қоғамдық келісімді сақтауға және нығайтуға тиіспіз. Бұл - біздің мемлекет ретінде, қоғам ретінде, ұлт ретінде өмір сүруіміздің айнымас шарты.

Қазақстан патриотизмінің іргетасы - барлық азаматтардың тең құқылығы және олардың Отан намысы алдындағы жалпы жауапкершілігі.

Биыл Лондон Олимпиадасында біздің спортшыларымыз 205 ұлттық құрама арасынан 12-орын алды.

Біздің команда көпұлтты Қазақстанның, көптеген этностардың берік және ынтымақты шаңырағының біртұтас жасағы ретінде сайысқа түсті.

Олимпиададағы жеңіс салтанаты халқымызды одан әрі біріктіре түсті, патриотизмнің ұлы күшін танытты. Бұқаралық спорт және жоғары жетістіктерге жеткізетін спорт кешенді жүйелі тәсілді талап етеді. Тек саламатты ұлт қана бәсекелестікке қабілетті болмақ.

Үкіметке әлемдік озық тәжірибені есепке ала отырып, Бұқаралық спорт пен жоғары жетістікке жеткізетін спортты дамыту бағдарламасын әзірлеуді тапсырамын.

 

Бірінші. Жаңа қазақстандық патриотизм.



Болашаққа деген сенім болмаса, толыққанды мемлекет құруға болмайды. Мемлекет пен азаматтың мақсаттары барлық бағыттар бойынша сәйкес келуі өмірлік тұрғыдан маңызды. Мемлекеттің басты міндеті де осы.

Азаматтар мемлекетке болашақ бар болса, даму үшін, жеке және кәсіби тұрғыдан өсу үшін мүмкіндіктер болса ғана сенім артады.

Мемлекет және халық мұны сезініп, бірлесіп жұмыс істеуге тиіс.

Өз бойымызда және балаларымыздың бойында жаңа қазақстандық патриотизмді тәрбиелеуіміз керек. Бұл ең алдымен елге және оның игіліктеріне деген мақтаныш сезімін ұялатады.

Бірақ бүгінде қалыптасқан мемлекеттің жаңа даму кезеңінде бұл түсініктің өзі жеткіліксіз. Біз бұл мәселеге прагматикалық тұрғыдан қарауымыз керек.

Егер мемлекет әр азаматтың өмір сапасына, қауіпсіздігіне, тең мүмкіндіктеріне және болашағына кепілдік беретін болса, біз елімізді сүйеміз, онымен мақтанамыз.

Осындай тәсіл ғана патриотизмді және оны тәрбиелеу мәселесіне прагматикалық және шынайы көзқарасты оятады.

2050 жылға қарай біз Қазақстанның кез келген азаматы ертеңгі күнге, болашаққа өте сенімді болатындай саяси жүйе құруымыз керек.

Біздің балаларымыз бен немерелеріміз сырт елден гөрі Отанында өмір сүргенді артық көретіндей, өйткені, өз жерінде өзін жақсы сезінетіндей болуға тиіс. Біздің еліміздің әрбір азаматы өзін өз жерінің қожасы ретінде сезінуге тиіс.

 

Екінші. Барлық этностар азаматтары құқықтарының теңдігі.



Біз - бәріміз тең құқықты, тең мүмкіндіктерді иеленген қазақстандықтармыз.

Жаңа қазақстандық патриотизм барлық қоғамды, барлық этностық әркелкіліктерді біріктіруге тиіс.



Біз - көпұлтты қоғамбыз. Және де ұлтаралық қатынастар мәселесінде ешқандай қосарланған стандарттар болмауға тиіс.

Мемлекетте бәрі де тең болуға тиіс. Этностық немесе басқа да белгілер бойынша жақсы немесе жаман деген болмауға тиіс.

Бұл мәселе мен үшін декларативті емес. Егер біреуге этностық белгісі бойынша қысым жасалса, онда бүкіл қазақстандықтарға қысым жасалды деп есептеу керек.

Ешқандай этносқа ешқандай артықшылық болмайды және болмауға тиіс, барлығының құқықтары мен міндеттері бірдей.

Біз тең мүмкіндіктер қоғамын, бәрі заң алдында бірдей болатын қоғамды құрудамыз.

Біз ешқашан оқуға түсу, жұмысқа тұру және қызмет бабында өсу этностық белгі арқылы шешіледі дегенді ойға да алмауға тиіспіз.

Мен Үкімет пен әкімдердің еңбек саясатына тәртіп енгізуін талап етемін. Жұмысқа, әсіресе жергілікті билік органдарына этностық ерекшеліктеріне қарамастан, үздіктер алынуы керек. Өлшем біреу ғана - өте жоғары этика және кәсібилік. Министрліктер мен әкімдіктердің барлық буындарында кадр таңдауда байқалатын біржақтылықты түзеу керек.

Біздің қоғамымызда «артық» немесе «бөтен», «біздікі» немесе «біздікі емес» деген болмауға тиіс. Біз еліміздің бірде-бір азаматын сыртта қалдыра алмаймыз. Әрбір қазақстандық биліктің қолдайтынын және тірек екенін сезінуге тиіс.

Ұлттардың этносаралық келісіміне сына қағуға тырысатындардың барлығы да заңмен қудаланады.

Мұнда ерекше жауапкершілік біздерге, қазақтарға артылады.



Қазақстан - біздің қасиетті мекеніміз.

Кейінгі ұрпақ осынау қастерлі өлкеде өмір сүріп, өркен жаятын болады.

Қазақ жеріне тағдырдың жазуымен алуан түрлі ұлт өкілдері қоныс аударды.

Біз оларға құшағымызды ашып, қазақи қонақжайлылықпен қарсы алдық.

Олар біздің елімізде өсіп-өніп, бауырларымызға айналды.

Қазір біз көпұлтты сипаты бар, біртұтас елміз.

Жаһандану дәуірі - көпұлтты мемлекеттер дәуірі.

Бұл - әлемдік үрдіс.

Еліміздің дамуына барша ұлт пен ұлыс өкілдері бірге үлес қосты.

Ендеше, тәуелсіз қазақ елінің азаматтарын алалауға, бауырластығын бұзуға ешкімнің хақысы жоқ.

Барлық ұлт өкілдерімен тіл табысып, тату-тәтті, бейбітшілік пен келісімде өмір сүру - барша қазақтың басты қағидасы болуы шарт.

Өз халқын сүйетін адам, өз жұртына жақсылық тілеген жан өзге халықтарды ашындырмайды, өз ұлтын ешкімге қарсы қоймайды.

Біз ел иесі ретінде биік бола білсек, өзгелерге сыйлы боламыз.

Тіл туралы жауапкершілігі жоғары саясат біздің қоғамымызды одан әрі ұйыстыра түсетін басты фактор болуға тиіс.

Біз алдағы уақытта да мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыруды табандылықпен жалғастыра береміз.

Кез келген тіл өзге тілмен қарым-қатынасқа түскенде ғана өсіп, өркен жаятынын әрдайым есте сақтаған жөн.

Осы заманғы ғылыми терминологияның негізін латын тілінен енген сөздер құраса, ақпараттық технология дамыған қазіргі дәуірде күн сайын дерлік ағылшын тілі дүние жүзі халықтарының тілдеріне жаңа сөздер мен ұғымдар арқылы батыл ену үстінде. Бұл үдерістен біз де тыс қалмауымыз керек.

Қазақ тілінің осы заманның биік талабына сай, бай терминологиялық қорын жасаған соң оны рет-ретімен, кезең-кезеңімен қоғамдық өмірдің бар саласына батыл енгізуіміз керек.

Мемлекеттік тілмен қатар Қазақстанда тұратын барлық ұлттар мен ұлыстардың тілін, мәдениетін және салт-дәстүрін дамытуға барынша жағдай жасауды алдағы уақытта да жалғастыра беретін боламыз.

 

Үшінші. Қазақ тілі және тілдердің үштұғырлылығы.



Жауапкершілікті тіл саясаты қазақ ұлтын біріктіруші басты факторлардың бірі болып табылады.

(1) Қазақ тілі - біздің рухани негізіміз.

Біздің міндетіміз - оны барлық салада белсенді пайдалана отырып дамыту. Біз ұрпақтарымызға бабаларымыздың сандаған буынының тәжірибесінен өтіп, біздің де үйлесімді үлесімізбен толыға түсетін қазіргі тілді мұраға қалдыруға тиіспіз. Бұл - өзін қадірлейтін әрбір адам дербес шешуге тиіс міндет.

Мемлекет өз тарапынан мемлекеттік тілдің позициясын нығайту үшін көп жұмыс атқарып келеді. Қазақ тілін кеңінен қолдану жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыруды жалғастыру керек.

        Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл - ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз.

Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы - қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады.

        Біз қазақ тілін жаңғыртуды жүргізуге тиіспіз. Тілді заманға сай үйлестіріп, терминология мәселесінен консенсус іздеу керек. Сонымен қатар, әбден орныққан халықаралық және шет тілінен енген сөздерді қазақ тіліне аудару мәселесін біржола шешу қажет. Бұл мәселе оқшауланған қайраткерлердің ортасында шешілмеуге тиіс. Үкімет мұны реттегені жөн.

Бүкіл әлемде бірдей қабылданған терминдер бар. Олар кез келген тілді байытады. Біз өмірді өзіміз күрделендіре түсеміз, түсінбестікке бой алдырып, ақыл-ойды сапырылыстырамыз, көнерген сөздердің шырмауынан шықпаймыз. Мұндай мысалдар аз емес.

Мен қазіргі тілде жазылған кемінде жүздеген қазіргі кітаптардың тізімін жасап, қазақ тіліне қазіргіше аударуды ұсынамын. Бәлкім, жастар арасында конкурс жариялау керек шығар: өздеріне не нәрсе қызықты әрі пайдалы екенін олар да айтсын.

 

***

 

Қазақ тілін дамыту саясаты одан жерінуге, тіпті қазақтардың өздерінің бойды аулағырақ ұстауына ықпал етпеуі керек. Керісінше, тіл Қазақстан халқын біріктіруші болуға тиіс. Бұл үшін тіл саясатын сауатты және дәйекті, қазақстандықтар сөйлесетін бірде-бір тілге қысым жасамай жүргізу керек.



Сіздер біздің саясатымыз туралы - 2025 жылға қарай қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін білуге тиіс екендігін білесіздер.

Бұл үшін қазір барлық жағдай жасалған.

Қазірдің өзінде еліміздегі оқушылардың 60 пайыздан астамы мемлекеттік тілде оқиды. Мемлекеттік тіл барлық мектептерде оқытылады. Бұл - егер бала биыл мектепке барса, енді он-он екі жылдан соң жаппай қазақша білетін қазақстандықтардың жаңа ұрпағы қалыптасады деген сөз.

Қазақстанның болашағы - қазақ тілінде.

Қазақ тілі 2025 жылға қарай өмірдің барлық саласында үстемдік етіп, кез келген ортада күнделікті қатынас тіліне айналады.

Осылай тәуелсіздігіміз бүкіл ұлтты ұйыстыратын ең басты құндылығымыз - туған тіліміздің мерейін үстем ете түседі.

Тәуелсіздігін алған тұста еліміздегі қазақтың саны 6,8 миллион немесе 41% болса, қазір 11 миллионға жетіп, 65 %-дан асты.

Қазақтың саны 4 миллионға артты.

Егер әрбір қазақ ана тілінде сөйлеуге ұмтылса, тіліміз әлдеқашан Ата Заңымыздағы мәртебесіне лайық орнын иеленер еді.

Қазақ тілі туралы айтқанда, істі алдымен өзімізден бастауымыз керектігі ұмыт қалады.

Ұлттық мүддеге қызмет ету үшін әркім өзгені емес, алдымен өзін қамшылауы тиіс.

Тағы да қайталап айтайын: қазақ қазақпен қазақша сөйлессін.

Сонда ғана қазақ тілі барша қазақстандықтардың жаппай қолданыс тіліне айналады.

Тілге деген көзқарас, шындап келгенде, елге деген көзқарас екені даусыз.

Сондықтан оған бей-жай қарамайық.

Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәніндегі мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде, біз елімізді ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТІ деп атайтын боламыз.



(2) Қазір біз балаларымыз қазақ тілімен қатар орыс және ағылшын тілдерін де белсенді меңгеру үшін жағдай жасауға шаралар қабылдап жатырмыз.

Үштілділік мемлекеттік деңгейде ынталандырылуы керек.

Орыс тіліне және кириллицаға біз қазақ тіліне қандай қамқорлықпен қарасақ, сондай қамқорлықпен қарауымыз керек. Орыс тілін білу - біздің ұлтымыздың тарихи артықшылығы екені баршаға белгілі.

Дәл осы орыс тілі арқылы қазақстандықтар бірнеше ғасыр бойы қосымша білім алып, ел ішінде де, шет жерлерде де өз дүниетанымдары мен араласатын ортасын кеңейтіп келе жатқанын жоққа шығармауға тиіспіз.

Біз ағылшын тілін игеруде серпіліс жасауымыз керек. Қазіргі әлемнің осы «лингва франкасын» меңгеру біздің еліміздің әрбір азаматына өмірдегі шексіз жаңа мүмкіндіктерді ашады.

 

Төртінші. Мәдениет, дәстүр және даралық



Дәстүр мен мәдениет - ұлттың генетикалық коды.

Патшалықтың, төңкеріс дүмпуі мен тоталитаризмнің барлық ауыртпалығы мен қиыншылықтарына қарамастан, біздің еліміздің аумағында тұратын қазақтар және басқа да халықтардың өкілдері өздерінің мәдени ерекшеліктерін сақтай алды.

Тәуелсіздік жылдарында, жаһандану мен вестернденуге қарамастан, біздің мәдени іргетасымыз беки түсті.

Қазақстан - бірегей ел. Біздің қоғамда әртүрлі мәдени элементтер бір-бірімен біріккен және бірін-бірі толықтырып тұрады, біріне-бірі нәр беріп тұрады.



Біз өзіміздің ұлттық мәдениетіміз бен дәстүрлерімізді осы әралуандығымен және ұлылығымен қосып қорғауымыз керек, мәдени игілігімізді бөлшектеп болса да жинастыруымыз керек.

Бірлігі бар ел озады, бірлігі жоқ ел тозады.

Бұл - тарих заңы.

Сондықтан қазақтың бірлігі - елдігіміздің кілті, ең басты мәселесі.

Ел бірлігі - ең асыл қасиет.

Бірлік, ынтымақ, сабырлылық пен парасаттылық ең алдымен өзімізге - қазақтарға керек.

Қазақты ешуақытта сырттан жау алған емес.

Қазақ әлсіресе, алауыздықтан әлсіреген, күшейсе, бірліктен күшейген.

Үйдің берекесі қабырғасының қиюымен емес, теңінің жиюымен, отбасындағы сыйластықпен, татулықпен кіреді.

Мемлекет те солай.

Қазақстанның елдігі асқан, ерлігі тасқан, кемел де келісті елге айналуына бізден - қазақтардан артық мүдделі кім бар?!

Қазақтың ішкі тұтастығын бұзғысы келетін рушылдық, жершілдік әңгімемен ел бірлігін бүлдіргісі келетін күштердің пайда болуы Елбасы ретінде мені алаңдатпай қоймайды.

Ондай жымысқы ниеттілердің айқайына құлақ асып, айтағына ілескен жан әр атаның шежіресін әспеттеп, әр жаққа тартқанын аңдамай қалуы мүмкін.



Ру мен тайпаға бөліну - ұлттық тұтастықтан айырылудың өте қауіпті түрі.

Қазақ шежіресінің түпкі мәнін ұмытпау керек, алып дарақтың бұтақтары сияқты күллі рулардың түбін қуа келгенде, барлығы бір ғана ұлы тамырға - қазақ деген ұлтқа барып тіреледі.

Қай шежірені алып қарасаңыз да, ол қазақтың бірлігін, тұтастығын әйгілейді.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет