Хунну мемлекеті
Б.з.б. І-мыңжылдықта қазіргі Моңғолия оңтүстігіндегі Ордостан Каспий маңына дейінгі Орталық Азияның ұлан-байтақ кеңістігін шығу тегі мен этникалық құрамы жөнінен әр түрлі тайпалар мекендеген.
Шаруашылықтың біртіндеп дамуы, тұрмыстың біршама ортақтығы, этникалық жақындық, саяси тәртіп факторлары Орталық Азияда бірқатар мемлекеттер мен бірлестіктердің құрылуына алып келді. Солардың бірі Хунну мемлекеті болды. Б.з.б. ІІІ ғасыр соңындағы қытай дереккөздерінде пайда болған Хунну (сюнну) атауы шығу тегі әртүрлі тайпаларды біріктірген және оқтын-оқтын өз билігін Тынық мұхиты мен Солтүстік Қытайдан Алтай мен Жетісуға дейін, ал кейінірек одан әрі батысқа да ара-тұра таралып отырған саяси құрылымға қатысты болды.
Хунну (сюнну) этнонимінің мазмұны мен нақты қалай айтылатыны әзірше айқын емес. Зерттеулердің көрсетіп отырғанындай, оның ежелгі қытайлық транскрипциясы гректер мен ертедегі орыс жылнамаларының фруна (труна) түріне тіреліп жатыр. Трун және ғұн терминдері түрлі аудандарда болған бір этносаяси бірлестіктерге қатысты қолданылды.
Хуннулардың жоғарғы билеушісін қытай авторлары шаньюй деп атайды. Б.з.б. 206 жылы ғұн тайпаларының басшылығына Мөде шаньюй келді. Мөде билік еткен алғашқы жылдардың өзінде-ақ Қытайдың шекаралық аудандарына жорықтар жасап оған күйрете соққы берді. Кескілескен күресте Мөде әскери-саяси қуаты басым Хань әулетін сюнну-ғұндардың Ордостағы көшіп жүретін жерлерінен дәме етуден бас тартуға мәжбүр етті. Хань императоры Гаоцзу Мөденің алдында бас иіп, онымен «бейбітшілік пен туыстық туралы келісім-шартқа» қол қоюға мәжбүр болды, бұл шарт бойынша шаньюйге өз үйінің ханшасын әйелдікке беруге және жыл сайын «сыйлық» түрінде салық төлеп тұруға міндеттенді, кейіннен ол салықты үнемі төлеп тұрды.
Шығыста хуннулар «шығыс ху» тайпаларын бағындырды, ал оның құрамына, шамамен алғанда Керулен мен Онон алқаптарында мекендеген құрамына сяньби және ухуань тайпалары кіретін еді. Батыс пен солтүстік-батыста хуннулар юеди (юеджи, юечжи, иозы, ұлы ружы) тайпаларына қауіп төндірді. Хунну шаньюйінің қол астына қазіргі Кореядан Батыс Қытайға дейінгі аумақ бағынды, солтүстіктегі Хунну конфедерациясына кірген тайпалар Байкалдың сыртындағы оңтүстік аудандарға дейінгі жерлерді алып жатты.
Дереккөздерінде хунну жорығының алтайлық бағыты туралы айтылады. Шежіреші б.з.б. 201 жылы хуннулар солтүстікке және солтүстік-батысқа қарай жылжи отырып, Хуньюй, Цюйшэ, Динлин, Гэкунь және Синьли елдерін бағындырғандығын хабарлайды. Мәтінге берілген түсініктемеде әлгі аталған бес елдің хуннулардан солтүстікке қарай орналасқандығы айтылады, сірә, ол батысында Кем (Енисей) өзенінен Іле алқабына дейін созылып жатса керек.
Одан кейінгі онжылдықтарда хунну тайпалары күшейіп, батыста да белсенді қимыл көрсете бастайды. Б.з.б. 177 жылы Мөде көршілеріне қарсы өз бетінше қимыл жасады деген сылтаумен өзінің батыстағы түктерін (кнәздерін) юедилерге қарсы жорыққа аттандырады. Хунну атты әскері, Чжанье-Ганьчжоу ауданы маңында юечжилерге күйрете соққы берді және сонымен бірге жаңадан қалыптасып келе жатқан хунну коалициясының шетінде бірнеше ұлыстарды бағындырды.
Хунну қоғамы б.з.б. І ғасыр ортасынды өзінің вассалдық иеліктерінен айрылып қана қоймай, Хуханье шанюй басқарған оңтүстік және Чжи Чжи шаньюй қол астындағы солтүстік топтарға бөлініп кетті. Оңтүстік хуннулар Ордос аумағын мекендеп қалды, ал солтүстік хуннулар өз тайпаластарының қысымымен Саян мен Байкал көлі маңына қарай ығысады.
Хуннулар өмірінде мал шаруашылығы басты рөл атқарған. Бұл жөнінде Сыма Цянь былай деп жазады: «Қытайдың солтүстігінің сырт жағын мекендей жүріп, олар өздерінің малымен бір жайылымнан екінші жайылымға көшеді. Үй малынан жылқы, ірі қара және қой-ешкі өсіреді; біразы түйе, есек ұстайды. Шөптің қалың, судың мол болуына қарай бір жерден екінші жерге көшіп жүреді... Шонжарларынан бастап бәрі де үй малының етімен тамақтанады, олардың терісін киім қылады, жүн мен аң терісін жамылады». Әчіресе хуннулардың өмірінде жылқы ерекше маңызды рөл атқарды. Ал қой еті, тері, жүні кеңінен пайдаланды. Қой терісі мен жүнінен киім, аяқ киім жасады, жүннен киіз басты.
Малының бәрі дерлік бүкіл жыл бойына жайып бағылды.
Хуннулар отырықшылық пен егіншілікті де білген. Дереккөздерінде «солтүстік жерлерде суық ерте түседі, тары себуге қолайсыз болса да, хуннулар жерінде тары себіледі» деп айтылады. Байкал сыртындағы Нижне-Иволгинское қала жұртын қазған кезде еденді сылаған балшық арасынан туралған сабан шықты. Нақ осы жерден қысқы, тұрақты жартылай жертөлелер табылды, олар кан (кәң) жүйесімен жылытылған. Қазба кезінде тары дәндері, шойын түрендер, темір орақ, тас дәнүккіштер пен астық сақтайтын ұралар аршып алынған. Бір шетінен, қайтыс болған адам жерленген ағаш қималары да хуннуларда отырықшылық болғандығын дәлелдейді.
Аңшылық та хуннулар өмірінде маңызды рөл атқарды. Бұл жөнінде дереккөздерінде былай делінген: «... балалар қойға мініп, садақ тарта алады және құстар мен тышқандарды ата біледі; біраз өскен соң олар түлкілерді және тамақ жейтін қояндарды атады... Олардың арасында орнаған ғұрып бойынша, тыныштық кезде мал бағып, оған қоса құс пен аң аулайды, сөйтіп тіршілік етеді». Хунну қабірлерін қазған кезде киік (антилопа), қабан, құлан, жабайы бұғы, елік, қоян, түлкі, т.б. түз тағыларының сүйектері көптеп табылған.
Қабірлерде керамика – құмыралар, көзелер, саптаяқтар аз емес, олар қолдан жапсырып және құмырашы ұршықшасында дайындалған, мұның өзі қыш-құмырашылықтың дамығанын дәлелдейді. Басқа жақтан әкелінген жібек маталар, әшекей бұйымдар, айналар, нефриттен жасалған заттар да жиі ұшырасады.
Хунну әскерінің негізін жылдам қозғалатын атты әскер құрады. Атқа мінген сарбаз садақ пен жебемен қаруланды. Қазба материалдарына қарағанда, садақтар екі үлгіде жасалды. Ертедегі садақтар ағаштан иілді, ал оның адырнасы тарамыстан жасалды. Садақтың жан-жағы сүйек қаптырмалармен қапталды (барлығы жетеуге дейін), екі ұшында адырнаны байлайтын кертпеші бар екі қаптырма, ортасына – жебе атылатын жеріне трапеция тәрізді қаптырма орнатылды. Осылайша садақтың иілгіштігі күшейтілді. Садақтың ұзындығы 70-80 см-ге жетті. Жебеге үш қырлы темір ұш салынды. Мұндай садақтар мен жебелер сауыт киген жауды атуға арналған еді. Ғұн жауынгері дөңгелек және сопақша пішінді, шыбықтардан тіреу орнатылған ағаш жақтаулы қалқанды да пайдаланған.
Дереккөздерінде хуннулар 24 руға бөлінді деп айтылған. Бұл қазақстандық көптеген оқулықтарға еніп кеткен мәлімет. Алайда мұны соңғы кездері кейбір мамандар уақытында дұрыс аударылмаған мәтін деп те есептейді. Сондықтан да хуннуларда өзек болған негізгі рулар қанша екендігі белгісіз. Деректемелерде кейбір рулардың аттары айтылады. Қалай болғанда да, олардың басында ақсақалдар тұрғандығы анық. Сонымен қатар, ақсақалдар кеңесі мен халық жиналысы (құрылтай) секілді рулық құрылыс институттары да сақталды. Дерекөздері «ғұндардың жыл сайын үш рет Лунциде бас қосатын әдеті бар еді, онда жылдың бірінші, бесінші және тоғызыншы айында «сюй» деп аталатын күні көк рухына құрбан шалынады... осындай жиналыстарда рубасылары мемлекеттік істерді талқылайды, ат бәйгесі мен түйе жарысын тамашалайды» деп хабарлайды.
Қабірлерден алынған материалдар хунну қоғамында мүліктік теңсіздік жайын айқын сипаттайды. Хуннуларда әскери тұтқындар мен қол астындағы өңірлердің тұрғындарынан құралған құлдар болды. Олар үй қызметшілері, бақташылар, қолөнершілер және жер жыртушылар ретінде пайдаланылды.
Елді шаньюй басқарды, оның қолында шексіз дерлік билік болды. Одан кейін түменбасы аталған бекзадалар (кнәздер) тұрды. Олар шаньюйдің ұлдары, бауырлары немесе жақын туыстары болатын. Олардың әрқайсысы өздеріне тиісті аудандарда көшіп-қонып жүрді. Түменбасылар өз иеліктерінде мыңбасы, жүзбасыларды тағайындай алатын еді. Алайда шаньюй өзіне бағынбаған немесе жазықты болған түменбасылардың жерін қайтарып алатын, өз кезегінде түменбасылар да жүзбасыларға, онбасыларға қатысты нақ сондай құқық иемденді. Лауазымдар мен жоғарғы шендер мұрагерлік жолмен беріліп отырды. Хуннулар түрік тілді халық болды.
Хунну қоғамы секілді бірлестікке тән нәрсе - әкімшілігі мен күштеу аппараттары бар мемлекеттіліктің қалыптасуы еді, ішінара ру-тайпалық құрылысты алмастырған органдар жаңа жағдайларға бейімделіп, ішінара олармен астасып та жатты.
Достарыңызбен бөлісу: |