Қазақстан аумағындағы ортағасырлық мемлекеттер Халықтардың ұлы қоныс аудару дәуірі (II-V ғасырлар) Казақстан мен Орта Азияның және Шығыс Еуропаның этникалық және саяси картасын едәуір мөлшерде өзгертті. V ғасырда түріктілді тайпалардың қисапсыз көп топтары Солтүстік Моңғолиядан бастап, Шығыс Еуропаға дейінгі ұланғайыр далаға кең жайылып қоныстанады, оңтүстікте олардың қоныс-өрісі Әмударияның жоғарғы ағысына дейін жетеді.
552 жылы түріктердің бастаушысы Бумын өздерінің билеушісі аварларға (жуань-жуаньдарға) қарсы шығып, оларды ойсырата жеңеді. Осы мемлекеттің ойрандалған орнында түріктер Түрік қағанатын құрады.
Түріктер қарауындағы жерлері Каспий теңізінен Солтүстік Үндістан мен Шығыс Түркістанға дейін созылып жатқан эфталиттермен кездеседі. Түріктер Иранмен эфталиттерге қарсы одақ құрады. 564 жылы Иранның шахы Хосроу Ануширван эфталиттерден аса маңызды стратегиялық Тохарстан облысын тартып алады.
Орта Азияны жаулап алғаннан кейін түріктер Батыс пен Шығысты жалғастырып тұрған Жібек жолы бойындағы саудаға толық қожалық етті. Мемлекет мейлінше күшейген кезде батыстағы аумағы Шығыс Еуропаның бір бөлігіне дейін жетті.
Түрік қағанаты – әлем тарихындағы ең бірінші еуразиялық мемлекет еді.
Батыс түрік және Түргеш қағанаттары. Түрік қағанатындағы Естеми-қаған мен оның ұлы Түрксанф тұсындағы өзара қырқыстар әлеуметтік қайшылықтарды күшейтіп, қағанатты әлсіретті. Нәтижесінде 603 ж. Батыс түрік қағанатының бөлініп шығуымен аяқталады, Шығыс Түркістанның көгалды аймақтарынан бастап Әмударияға, Еділ өңірі мен Солтүстік Кавказ далаларына дейін созылып жатқан байтақ жер осынау Кағанат карауына көшеді.
Қағанаттың этникалық саяси өзегі «он тайпа» (он оқ будун) болды, олар Қаратау баурайынан Жоңғарияға дейінгі аралықта жатқан ежелгі үйсін жерін жайлайды. Шу өзенінің шығыс жағында дулының бес тайпасы, ал оның батыс жағында бес тайпалы нушебилер тұрып жатты. Суяб қаласы (Қырғызстандағы Тоқмақ қаласы маңында) елдің астанасы болды.
Қағанаттағы бірінші тұлга жоғарғы билеуші-басқарушы, әскери қолбасшы, күллі жердің қожасы – қаған болған еді.
Қағанаттағы жоғарғы лауазымдар – жабғы, шад және елтебер — қаған әулетіне ғана тән атақ болатын. Сот қызметтерін бұйұрықтар мен тархандар атқарды. Қағанаттың негізгі халқы мал өсіретін ерікті ұсақ қауым мүшелері («қара будун») болған еді. Әлеуметтік жағынан тайпалар — ақ сүйек және вассал (бағынышты) тайпалар болып бөлінген.
Қарауындағы халықтар мен тайпаларды ұдайы бағынышты етіп ұстап отыруға Батыс түрік қағанаты Орталық үкіметінің әскери-саяси күштері жетіспейтін болып шықты. Қағанат ішінде өзара тартыс үздіксіз жүріп, билеушілер жиі-жиі ауысып жатты, бұл ыдыраушылықты асқындырып жіберді.
Нәтижесінде қағанат құлады. 704 жылы Жетісуда түргештер билікке келді. Билеуші әулетінің атасы Үш-Елік қаған (699-706) болған еді. Түргеш мемлекеті араб шапқыншылығына қарсы тұрды, олармен ондаған жылдар бойы күрес жүргізді. Қағанаттың негізгі тарихы араб шапқыншылығымен тығыз байланысты болды.
Оның басқару институттары мен өзге де құрылымдары Батыс түрік қағанатына ұқсас еді.
Алайда ішкі өзара қырқыстар мен арабтармен болған соғыстар Түргеш мемлекетінің негізін шайқалтты. 756 жылы бұл мемлекет түрік тілді қарлұқтардың қысымымен құлады.