Қазақстан ислам мәдениеті мұсылмандары мен білімін діни басқармасы қолдау қоры тәлімгер тағылымы



бет2/14
Дата23.01.2020
өлшемі395,81 Kb.
#56379
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14
Байланысты:
ТӘЛІМГЕР ТАҒЫЛЫМЫ

Алғы сөз


Әлемді адамзат баласының игілігіне жаратқан Алла тағалаға сансыз мадақ-мақтаулар болсын! Сол әлемде бақытқа кенелетін жолды нұсқаған хазреті Мұхаммед пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауаттар болсын!

Құрметті оқырман! Міне, Ханафи мазһабының көрнекті ғұламасы, танымал имам Бұрһан әд-Дин Әбу Хасан Әли бин Әбу Бәкір әл-Фарғани әл-Марғинанидің (1117-1196) шәкірті, Отырар алқабындағы Зернұқ, Зарнұдж шаһарының перзенті, жерлесіміз имам Бурһан әл-Ислам аз-Зарнужидің «Тағлим әл-мутағаллим» – «Тәлімгер тағлымы» атты еңбегі Алланың қалауымен қазақ тілінде оқырманға жол тартты. Бұл шығарма көне медреселер оқу жүйесінде міндетті түрде оқылатын кітаптар қатарына енгізілген оқулық. Қысқа да нұсқа жазылған аталмыш кітап – білім жолына түскен жас шәкіртке баға жетпес көмекші құрал. Ол білімнің даңғыл жолына аяқ басқалы тұрған шәкіртке білім мен фиқһтың мән-мағынасы мен артықшылығы; білім алу кезіндегі ниет, ұстаз бен серікті таңдау, сондай-ақ, білім іздеудегі табандылық, білімді және білім жолындағы барлық нәрсені құрмет ету; салмақтылық, ұдайылық, өмірдегі үлкен дәрісті бастау, оның реті мен мөлшері; білім алу кезіндегі тәуекел; білімді пайдаланудағы мейірімділік пен кеңес (насихат); білім алудағы тақуалық; есте сақтау қабілетін күшейтетін және ұмытшақтықты тудыратын нәрселер, ризық несібені шақыратын, оны бөгейтін және көбейтетін және ғұмырды ұзартатын себептерін және қыр-сырын үйретеді.

Білім атты сара жолға түскен тәлім алушыға бағытбағдарын анықтау аса маңызды. Бұл мәселеде аталмыш кітап баға жетпес нұсқаулық. Қазіргі таңда да өз құндылығын сақтаған оқулық еліміздің әсіресе діни оқу орындарында білім алып жүрген шәкірттер кәдесіне жарары хақ. «Шәкіртке тәлім алу жолын үйрету» деп аты айтып тұрғандай білімге құштар шәкіртке пайдалы кеңестер мен бағыт-бағдар көрсетпек.

Ендеше, Алла тағала бұл еңбекті барша оқырман мен әрбір білім алушы шәкірт қолынан түспейтін кітабына айналсын деп тілеймін!



Орта Азия мүфтилер кеңесі мен

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти,

Шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі

بسم الله الرحمن الرحيم

Барлық мақтау адам баласын жаратылыс атаулыдан білім мен амал арқылы үстем еткен Алла тағалаға арналады. Адамзаттың мырзасы Мұхаммедке, оның отбасына және ғылым мен даналық қайнары болған ізбасар сахабаларына Алланың сәлемі және амандығы болғай!

Күнімізде көптеген талапкердің ілім жолына түсіп, бірақ білімге қол жеткізе алмай жүргендерін көрдім. Олар білімнің пайдалары мен жемісінен құр қалып жатыр. Өйткені олар білімге апаратын жолда қателікке бой алдырып, кейбір шарттарын орындамай жүр. Бұл өз кезегінде шәкіртті адастырмай қоймайды. Ал адасқан шәкірт мақсатына жете алмақ емес.

Сол шәкірттерге өзімнің кітаптардан көрген және білімді де дана ұстаздарымнан естіген тәсілмен тәлім алу жолын баяндауды жөн көрдім. Кітапты білімге құштар әрі ықыласты шәкірттердің есеп күні менің амандығымды және Алланың мейіріміне ие болуымды сұрап дұға етер деген үмітпен жаздым. Жазбас бұрын Алла тағалаға мінәжат жасап, истихара еттім. Еңбегімді «Таълимул мутаъаллим тариқат таъаллум» деп атадым.

Және оны мынадай бөлімдерге бөлдім:



  1. Білім мен фиқһтың мәні мен ерекшелігі;

  2. Білім алудағы ниет;

  3. Айналысатын білім саласын және ұстаз бен жолдас таңдау. Білім алудағы табандылық;

  4. Білімді және білім жолындағы барлық нәрсені құрмет ету;

  5. Салмақтылық, ұдайылық және үлкен мақсат;

  6. Дәрісті бастау. Дәрістің реті мен мөлшері;

  7. Білім алу кезіндегі тәуекел;

  8. Білімді пайдаланудағы кеңес пен насихат, мейірімділік;

  9. Білім алу барысындағы тақуалық;

  10. Есте сақтау қабілетін күшейтетін және ұмытшақтықты тудыратын нәрселер;

  11. Ризық-несібені шақыратын, оны бөгейтін, көбейтетін және ғұмырды ұзартатын нәрселер.

Арқа сүйерім жалғыз Алла тағала. Соған ғана тәуекел етемін және Соған ғана жалбарынамын!

Білім мен фиқһтың мәні және ерекшелігі


«Білім алу әрбір мұсылманға парыз» дейді пайғамбарымыз (с.ғ.с.). Алла расулының осы сынды бірқатар сөздерінен білім алу барлық адамға парыз, бірақ адамдардың барлығына білімнің барлық түрін алу парыз емес деген қорытынды шығара аламыз. Кез келген мұсылманның жағдай мен уақыт талабына сай өмірінде аса қажетті иман шарттары, құлшылық пен қарым-қатынас үкімдері, тұрмыс қағидалары сынды қарапайым ережелерді біліп жүруі керек. Мұсылман болу үшін дін негіздерінен иманға жеткізетіндей білім алу парыз. Ал Алла тағала парыз еткен амалдарды тану және оның шегін білу үшін фиқһ іліміне ден қою қажет. Ислам дінінің мақсаты адам баласын бұл дүние және ақыретте бақытқа жеткізу. Алла тағала Құранда:

فَإِذَا قُضِيَتِ الصَّهلَةُ فَانْتَشِرُوا فِي الَْرْضِ وَابْتَغُوا مِنْ فَضْلِ اللَّههِ

وَاذْكُرُوا اللَّههَ كَثِيرًا لَعَلَّهكُمْ تُفْلِحُونَ

«Намаз өтелген кезде жер жүзіне таралыңдар да,

Алланың кеңшілігінен несібе іздеңдер. Және де Алланы көбірек зікір етіңдер. Әрине, құтыласыңдар» («Жұма» сүресі, 10-аят), – дейді. Ал Байһақи риуаят еткен хадисте: «Тектеріңді жақын туыстарыңа барып тірелетінге дейін үйреніңдер, сосын доғарыңдар. Араб тілін Алланың кітабын түсінетіндей үйреніңдер, сосын доғарыңдар. Жұлдыздарды жер мен суда адаспастай етіп үйреніңдер, сосын доғарыңдар», – деп айтылған екен.

Білімнің абзалы ғылымхал, амалдың абзалы соны сақтау. Қандай жағдайда болсын мұсылманға өзінің қал-қадірінше білім алуы парыз. Егер намаз оқу кісінің парызы болса, намаздың парызын өтейтіндей ілім үйренуі парыз, уәжібін өтейтіндей ілім үйренуі уәжіп. Өйткені намаз парызын орындауға себеп болатын нәрсе парыз, ал уәжібін орындауға себеп болатын нәрсе уәжіп саналады. Сол секілді ораза, қажылық пен зекет те осылай болмақ. Сауда-саттықты кәсіп етер адамдарға сауда ісінің Ислам шеңберінде жүргізілуін үйренуі парыз.

Әбу Юсуфтың шәкірті, бір жағынан Әбу Ханифаға туыс болып келетін Мұхаммед ибн Хасанға «Тақуалық жайлы кітап жазбайсыз ба?» дейтін көрінеді айналасындағылар. Сонда ибн Хасан: «Сауда-саттық жайында кітап жаздым», – деп жауап береді екен. Мұның мәнісі кісінің шын тақуалығы сауда-саттықта, дүниемен бетпе-бет келгенде көрініс береді. Құдайдан қорқатын құл сауда ісінде мәкрүһ, шүбәлі нәрселерден өзін аулақ ұстайды. Тек саудада ғана емес, кәсіптің кез келген саласында кісі алдымен өзін харамнан қорғай білуі қажет. Бұл барлық кәсіп иесінің бірінші парызы.

Ілім Алла тағаланың тек адам баласына ғана берген бірден бір сыйлығы. Адамзаттың өзге жаратылыстан артықшылығы да осынау таным деген түсінікте жатыр.

Раббымыздың періштелерге Адам (а.с.) алдында сәжде ет1 деп бұйырған себебі де осы білімді бергенінде жатыр. Мұны кітабымыз Құран былай баяндайды:

وَعَلَّهمَ آَدَمَ الَْسْمَاءَ كُلَّههَا ثُمَّه عَرَضَهُمْ عَلَى الْمَلَئِكَةِ فَقَالَ أَنْبِئُونِي

بِأَسْمَاءِ هَؤُلَءِ إِنْ كُنْتُمْ صَادِقِينَ

«Алла Адамға (ғ.с.) біртұтас атауларды үйретті де, сонан соң оларды періштелерге көрсетіп: «Айтқандарың рас болса, Маған осы нәрселердің аттарын айтып беріңдер» деді». (Бақара сүресі, 31-аят). وَإِذْ قُلْنَا للِْمَلَئِكَةِ اسْجُدُوا لَِدَمَ فَسَجَدُوا إِلَّه إِبْلِيسَ

«Сол уақытта періштелерге: «Адамға сәжде қылыңдар дедік. Сонда олар дереу сәжде қылды. Бірақ Ібіліс бас тартып, дандайсып қарсы келушілерден болды» (Бақара сүресі, 34-аят).

Білімнің құны сонда, адам баласын тақуалыққа жеткізер бірден бір жол осы білім алу. Ал тақуалық адамды Алла тағала құзырында абыройлы етіп, мәңгілік бақытқа лайықты етеді. Мұхаммед ибн Хасан ибн Абдулланың (Алла оған рақым етсін) мынадай ғибратты өлеңі бар:

Білім ал, иесінің көркі болар,

Мақтауға лайық заттың төркіні олар. Әр күні көп білімнен пайдалан да,

Пайдалы теңіздің жүз айдынында.

Фиқһ үйрен, жолбасшы ғой бар уақытта.

Жеткізер ізгілік пен тақуалыққа.

Ең әділ, хақ сүннетке жол бастайды,

Ол барлық қиындықтан қорғаштайды.

Расында, фиқһ ғалымы тақуа жалғыз,

Шайтанға мың қауіпті болар нағыз

Сондай-ақ жомарттық пен сараңдық, қорқақтық пен батылдық, тәкаппарлық пен кішіпейілдік, сынды қасиеттердің парқына барып қай жақсысын бойға сіңірген жөн. Тәкаппарлық, сараңдық, қорқақтық, ысырапшылдық сынды Алла тағаланың сүймейтін қасиеттері бізге харам. Мұндай жат мінездерден тек оларды танып-білумен және қарама-қайшы тұсын үйренумен ғана сақтануға болады. Сол үшін әрбір мұсылманға бұларды білу парыз. Мырза имам Насыраддин Әбу Қасым ахлақ жөнінде кітап жазып шықты. Еңбек тамаша жазылған, оны әрбір мұсылман жаттап алғаны жөн.

Ал, сақтауға келсек, кей жағдайларда (ілімді жоғалып кетуден) сақтау парыз кифая болып табылады. Кифая парыз – қаланың кей тұрғындары орындаса, қалғандарының мойнынан түсетін амал. Ал, ешкім де орындамаса, барлық тұрғындар күнәға ортақ болады. Сондықтан қала басшысы (имам) тұрғындарды сол парыз кифаяны орындауға бұйыруы, керек десеңіз, міндеттеуі тиіс. Адам баласы үшін өзінің діни әрі дүниелік міндеттерін орындауына тікелей себепкер болатын аса қажет ілім түрлері бар. Бұл адамның бойын тік ұстап, қорек болатын күнделікті ішіп-жеуге мұқтаждығы іспетті. Мұндай білімді әрбір адамның үйренуі жеке басына парыз. Және де белгілі бір уақытта ғана мұқтаж болатын білім түрлері бар. Ол науқас адамның дәрі-дәрмек пен дәрігерге мұқтаждығындай. Білімнің бұл түрін барлық адамның алуы шарт емес. Тек бұқараның сұранысын қанағаттандыра алатындай кісілердің осындай білімді игерулері керек. Ал жұлдыз ілімі дерт секілді. Оны үйренуге тыйым салынған. Өйткені одан келер пайда жоқ, керісінше зиянды. Себебі Алла тағаланың тағдырынан қашып құтылу мүмкін емес2. Сондықтан жұлдыз ілімін құбыланы анықтау және намаз уақытын анықтау сынды нәрселер үшін ғана үйренбек керек.

Ал медицина ілімін үйренген жөн. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) да ем-дом қабылдаған. Имам Шафиғидың (р.а.) мына бір сөзі бар: «Білім екеу: фиқһ ғылымы дін үшін, дәрігерлік тән үшін. Ал бұдан басқасын әңгіме үстінде



2 (Мұнда автор «Алла тағаланың тағдырынан қашып құтылу мүмкін емес» дегенде, «жұлдыз білімі» деп астрономияны айтып тұрмағаны белгілі. Өйткені астрономия ғылымы Алла тағаланың тағдырынан қашуды зерттемейді. Ол аспан денелерін, олардың жылжу жүйелерін, бір-біріне тартылу күшін, олардың шығу және бату уақыттары сияқты дүниелік және діни мәселелерде қажетті тұстарын зерттейтін ғылым. Кімде-кім астрономдардың нәзік зерттеулеріне назар салатын болса, таңғала отырып бұл әлемнің Раббысына сәжде етеді. Алла тағала: إِنَّه فِي خَلْقِ السَّهمَاوَاتِ وَالْرَْضِ وَاخْتِلَفِ اللَّهيْلِ وَالنَّههَارِ لََيَاتٍ لِوُلِي الْلَْبَابِ «Шәксіз көктердің және жердің жаратылуында, түннің және күндіздің өзгеруінде әлбетте ақыл иелері үшін дәлелдер бар» (Әли Ғимран, 190-аят). Пайғамбар (с.ғ.с.): «Сендер тектеріңді туысқандарыңа барып тірелетінге дейін үйреніңдер, сосын доғарыңдар. Араб тілін Алланың кітабын түсінетіндей үйреніңдер, сосын доғарыңдар. Жұлдыздарды жер мен суда жол табатындай дәрежеде үйреніңдер, сосын доғарыңдар», – деген.

Әрбір мұсылман үнемі Алла тағаланы зікір етуі, дұға жасауы, мінәжат етуі, Құран оқып, пәлені қайтаратын садақа жасауы, Алла тағаладан бұл дүние мен ақыретте амандық пен кешірім сұрауы және Алла тағаладан апаттар мен пәлекеттерден қорғауын сұрауы тиіс. Өйткені Алла тағала кімге дұға етуді нәсіп еткен болса, дұғаның жауабынан да мақұрым қалдырмайды. Егер пәлекет тағдырда болса, әлбетте ол кісіге келеді. Алайда, дұғаның берекетімен Алла тағала пәлені жеңілдетіп, пендеге сабырлық беріледі.

үйренуге де болады». Бірақ бұл жерден аталмыш екі ғылымнан басқасының түк пайдасы жоқ деп түсінбеу керек. Мұның мағынасы: әрбір адам діні дұрыс болатындай және құлшылығын қатесіз жасайтындай фиқһты үйренуі нақты парыз. Медицинаны аурулардың алдын алу үшін үйрену парыз. Ал бұдан басқа ілім түрі кифая парыздар қатарына кіреді.

Білім кісі бағасын арттырып, дәрежесін жоғарылататын қасиет. Фиқһ дегеніміз, білімнің нәзік тұстарын тану және оның себебін түсіндіру. Әбу Ханифа (р.а.) фиқһқа «адамзатты және оның құқығы мен міндетін тану» деп анықтама берген. Білімді тек қана біліп қою бар да, онымен амал ету бар. Білім тек амал етілгенде ғана қадірлі. Ал амал кісінің ертеңгі күні үшін өзінің бүгінгі істейтін ісі. Адам баласы дүние мен ақыретте ненің пайдалы, ненің зиянды екенін білуі керек. Ертең ақыретте азабының артып, күнәсінің көбеймеуі үшін адам баласы білімнің тек пайдалысын үйреніп, зияндысынан алыс жүргені абзал. Алла тағаланың қаһары мен жазасының алдында қауқарсызбыз, тек Соның Өзінен ғана пана сұраймыз.

Білімнің қасиеті мен артықшылығы жайлы көптеген аят-хадис бар. Соның екі-үшеуін келтіре кетейік: «Зумар» сүресінің 9-аятында:

قُلْ هَلْ يَسْتَوِي الذَّهِينَ يَعْلَمُونَ وَالذَّهِينَ لَ يَعْلَمُونَ إِنَّهمَا يَتَذَكَّهرُ

أُولُو الَْلْبَابِ



Мағынасы: «(Мұхаммед (с.ғ.с.) оларға) Білгендер мен білмегендер тең бола ма? - де. Шын мәнінде ақыл иелері ғана үгіт ала алады».

«Мужадала» сүресінің 11-аятында:

يَرْفَعِ اللَّههُ الَّهذِينَ آَمَنُوا مِنْكُمْ وَالذَّهِينَ أُوتُوا الْعِلْمَ دَرَجَاتٍ وَاللَّههُ بِمَا

تَعْمَلُونَ خَبِيرٌ



Мағынасы: «Алла тағала сендерден иман келтіргендердің, ғылым берілгендердің дәрежелерін көтереді. Істегендеріңді толық біледі».

«Бақара» сүресінің 269-аятында:

يُؤْتِي الْحِكْمَةَ مَنْ يَشَاءُ وَمَنْ يُؤْتَ الْحِكْمَةَ فَقَدْ أُوتِيَ خَيْرًا كَثِيرًا

وَمَا يَذَّهكَّهرُ إِلَّه أُولُو الَْلْبَابِ



Мағынасы: «Алла тағала хикметті (терең білімді) қалаған құлына береді. Ал кімге білім берілсе, оған көптеген игілік беріледі. Бұны ақыл иелері ғана түсіне алады».

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) да бір хадисінде: «Алла тағала кімге жақсылық қаласа, дінін үйретеді. Бұл дүние мен ақырет жақсылығы біліммен болмақ. Бұл дүние мен ақыреттің жамандығы надандық салдарынан», – дейді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет