Қазақстан ислам мәдениеті мұсылмандары мен білімін діни басқармасы қолдау қоры тәлімгер тағылымы



бет3/14
Дата23.01.2020
өлшемі395,81 Kb.
#56379
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14
Байланысты:
ТӘЛІМГЕР ТАҒЫЛЫМЫ

Білім алудағы ниет


Шәкірт білім жолында ниетті болуы шарт. Өйткені ниет барлық істің бастауы. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Расында амалдар ниетке сай..2, – деген. «Қаншама іс дүниелік болып көрінеді, бірақ ізгі ниеттің арқасында ақырет амалына айналады. Сол сияқты қаншама амал ақырет ісі болып көрініп, жаман ниет кесірінен дүние ісі болып қалады», – дейді тағы бірде. Шәкірт білім алу кезінде Алла тағаланың разылығы, ақыреттік жағдайы, өзі мен халықты ағарту, дінге қызмет ету, Исламды сақтау ниетінде болуы қажет. Исламды сақтау тек біліммен іске асады. Сондай-ақ надандықтың дағы санадан сүртілмей тұрып тақуалық пен зуһд (жамандықтан сақтану) жүрекке қонақтамайды. Ұстазым шейх Бұрханаддин кейбіреулерге қаратып: Мәнсіз ғалым болар үлкен жамандық, Одан жаман тақуа, бірақ надандық.

Оны үлгі тұтса пенде дінінде,

Дүниеде бүлік болар түбінде, – дегені бар.

Сонымен қатар шәкірт Алланың берген ақылы мен денсаулығына шүкіршілік қылуды ниет етеді. Бірақ адамдардың көңілін, дүниенің қызылы мен жасылын, бай мен бағланның сыйлығын ойына да алмауы керек. Мұхаммед ибн Хасан (р.а.): «Егер адам баласының барлығы менің құлым болса, оларды азат етіп, қожасы болудан бас тартар едім», – деген екен. Шынымен де, кімде-кім білім мен ізгі амалдың ләззатын татса, кісі қолындағы дүниеге деген қызығушылығы пышақ кесті тыйылар еді.

Шейх, ұлық имам, ұстаз Қиуамаддин Хаммад ибн Ибраһим ибн Исмаил әс-Саффар әл-Әнсари Әбу Ханифаға (р.а.) бір өлең жолын жаздырып: Ақыретке кімде-кім білім алса, Фазилетпен ашылар тура жол да.

Нендей шығын, білімді өзгелердің

Ықыласы болсын деп алар болса, – деген екен.

Алла тағалаға мәлім, егер пенде жұртты жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыйып, ақиқатты жүзеге асырып, дінді қадірлі ету үшін ғана мансап қажетсінсе және мұнысына өзінің дүниелік бақай есебі мен нәпсісі араласпаса, жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыю шамасынша рұқсат етіледі. Ниет жайын шәкірт мұқият ойлануы қажет. Себебі білім алу үлкен төзім мен қиындықты талап етеді. Сондықтан шәкірттің есілдертін өткінші, болмашы, құнсыз дүниелер мазаламауы тиіс.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Дүниеден сақ болыңдар. Мұхаммедтің жанын уысында ұстаған Алламен ант етейін, дүние Һарут пен Маруттың сиқырынан да күшті», – деп ескерткен.

Бұл дүние сарқылар аз дүние, Оны сүйсе, қор қылар баз дүние.

Сиқырымен керең ғып, көр етеді,

Жолбасшысыз қалдырып қор етеді, – дейді.

Білім жолына түскен адам жөнсіз жерде дәметіп, өз қадірін түсірмеуі керек. Білімнің бағасын түсіріп, ғалымдардың атына кір келтіретін жерлерге жоламауы керек. Ғалымға жарасары кішіпейілдік. Кішіпейілдік тәкаппарлық пен қорлық және пәктік арасындағы ұғым. Ахлақ кітаптарында бұған арнайы анықтама да берілген.

Адиб Мұхтар атымен танымал шейх, ұлы имам, Рукнаддин (р.а.) бір өлең жолында былай деген екен: Кішіпейілдік мінез расында, Тақуада ғана болады.

Сонымен жетер асуға, Білместер қайран қалады.

Білмеушілер өмірі қалай өтерін,

Бақытты ма, не бақытсыз екенін,

Ертең жаны өрлейді ме жоғары, Әлде төмен құлап құздан кетерін. Тәкаппарлық Раббымыздың сипаты, Сақтан одан, таста тірлік бекерін.

Әбу Ханифа (р.а.) жолдастарына сәлделеріңіз үлкен, жеңдеріңіз кең болсын дейді екен3. Әбу Ханифа демекші, ғалымның Юнус ибн Халид әс-Самтиге (р.а.) жазған «әл-Уасыя» кітабы білім жолына түскен кез келген шәкіртке ауадай қажет. «Ұстазымыз шейх Бурһанул әимма Әли ибн Әбу Бәкір (қ.а.с.) маған қайтарда оны жазуды тапсырған еді. Мен оны сол жолы жаздым», – дейді Әбу Ханифа (р.а.) аталмыш кітап туралы. Бұл ұстазға және пәтуа берушіге адамдармен қарымқатынаста аса қажет.

АйНАЛЫСАТЫН БІЛІМ САЛАСЫН, ҰСТАЗЫН жӘНЕ жОЛДАС ТАңДАУ

Білім алудағы табандылық


Білім іздеуші ілімнің ең жақсысын (білімнің ең жақсысы талас-тартыс пен қарама-қайшылықтан ада болғаны) және өзіне қажет болған діни мәселені оқуы керек. Сосын дүниелік істерде қажетті мәселесінің жөнін үйренгені дұрыс. Таухид пен мағрифатты бірінші кезекте оқуы керек. Алла тағаланы дәлелді түрде тануы керек. Өйткені муқаллидтің иманы бізде, әһли сүннетте дұрыс болғанымен, дәлел іздемегені үшін күнәһар болады. Таухидтегі дәлелдердің ең жақсысы табиғи әрі қарапайым дәлелдер. Бұл дала арабының батыл да анық түрде «жатқан тезек түйенің барын көрсетеді, із жолаушыны көрсетеді. Ал кең жер мен жұлдызды аспан ше, Құдіретті Ұлы затты көрсетпей ме?!» – деген сөзіндей болса жеткілікті. Білім алушы ескіні таңдап, жаңадан сақтануы қажет. Мұндағы ескі дегеніміз – бірауыздан дұрыстығына кесімді дәлелмен құпталған жайт. Ал жаңа дегеніміз – әлі күнге дейін қарама-қайшы пікір тудырып, бірінің дәлелін екіншісі жоққа шығарып жүрген жайттар. Ғалымдар «Ескіге берік болыңдар, жаңадан сақтаныңдар» дейді. Сондай-ақ үлкен ғалымдар кеткеннен кейін пайда болған пікірталастан да аулақ болған жөн. Өйткені ол шәкіртті фиқһтан алыстатып, ғұмырын зая етіп, арада жабайылық пен дұшпандықты тудырады. Ал бұл дегеніңіз ақырзаман белгілерінің бірі. Адамдар арасынан білім мен фиқһтың кетуі, хадисте осылай келтірілген. Дайлами Ибн Масғудтан (р.а.) риуаят етеді: «Білім жоғалмай жатып үйреніңдер. Өйткені сендер оған қашан мұқтаж болатындарыңды білмейсіңдер. Білімді берік ұстаңдар, ал қатыгездіктен, жаңа нәрселерден, қазбалаудан сақ болыңдар, ескіге берік болыңдар».

Ұстаз таңдағанда да ең білімді, аса тақуа және жасы үлкен ұстазға бару қажет. Әбу Ханифа (р.а.) ұстазы Хаммад ибн Сулайманға (р.а.) барарда көп ойланып барып бір-ақ таңдаған. Имам Ағзам өз ұстазы жайлы: «Мен оның жасы үлкен, салмақты, жұмсақ әрі сабырлы екенін көрдім. Ақырында сол кісінің тәрбиесімен ер жеттім», – дейді. Пайғамбардан (с.ғ.с.) асқан парасатты жан жоқ болғанына қарамастан Алла тағала о елшісіне де кеңесуді әмір еткен. Сондықтан Расулаллаһ өз сахабаларымен барлық істе, тіпті отбасы мәселесінде де кеңесуші еді. Әли (р.а.): «Кеңескен кісі кемімейді», – деген екен.

Адамдар кемел кісі, жарты кісі және жоқ кісі болып үшке бөлінеді. Кемел адам – өзінің дұрыс ойы бар және жұртпен де кеңесетін адам. Жарты адам – дұрыс ойы бар, бірақ кеңеспейтін адам. Ал жоқ кісі – өзінің дұрыс ойы да жоқ және ешкіммен кеңеспейтін адам.

Жағфар Садық (р.а.) Суфиян Сауриге: «Барлық ісінде Алла тағаладан қорқатын кісілермен кеңес», – деп өсиет еткен екен. Ал білім алу – амалдардың ең үлкені әрі жауаптысы. Сондықтан бұл мәселеде кеңесу өте маңызды. Хәкім: «Егер Бұхараға барсаң, әр имамдарды (ұстаздарды) мазалауға асықпа! Екі ай күтіп, нақты бір ұстазды таңдағанша ойлан. Егер сен бір ғалымға барып, сабақ бастасаң, саған оның дәрісі ұнамай қалуы мүмкін. Сосын оны тастап, басқа бір ұстаздың қолына барасың, бірақ саған бұлай ұстаз ауыстыра беру береке бермейді. Ұстаз таңдауда екі ай ойлан және кеңес. Сонда ұстазды тәрк етуге және басқаға кетуге мәжбүр болмайсың. Осылай етсең, оқуың берекелі болып, біліміңнен көп пайдаланасың. Сабырлық пен табандылық барлық істің үлкен негізі екенін білгенің жөн», – деген екен.

Әр биікке ұмтылуға әрекет керек екен, болсын десең берекет.

Адам үшін табандылық қиын ғой,

Табансыздық қашан-дағы пәлекет, – деп айтылғандай, білім жолы оңай емес.

«Батылдық – бір сәттік сабырлық» деген сөз бар. Сондықтан білім алушы бір ұстаздың қолында сабырлық пен табандылық көрсетіп, кітапты аяқсыз қалдырмай, бірінші пәнді толық тәмамдамай екінші пәнмен айналыспауы керек. Сондай-ақ оқып жүрген қаласынан екінші қалаға қажетсіз көшпеуі тиіс. Мұның барлығы істің ара-жігін ажыратып, ақыл ойды мазалап, уақытты босқа өткізіп, мұғалімнің көңілін қалдырады. Сондықтан шәкірт нәпсі мен құмарлық қалауына қарсы сабырлық танытуы шарт.

Расында құмарлық – қорлықтың бір мәні,

Құмарлық құрбаны – қорлықтың құрбаны, – деген екен бір ақын.

Шәкірт бар қиындыққа төзімді болуы керек. «Арман қазынасы – қиыншылық дорбасында» деген сөз бар.

Расында ілімге алты жол жетелер, Жеткізіп айтайын, жолбасшы ете гөр:

Зеректік, құмарлық, азық пен сабырлық,

Ұстаздың нұсқауы, уақыт, бәрін де ұқ, – деген өлеңді кейбіреулер Әли ибн Әбу Талибтің өлеңі деп жүр.

Енді оқудағы жолдасты таңдауға келейік. Білімдегі серік еңбекқор, тақуа әрі жөні түзу адам болуы қажет. Жалқау, мылжың, бұзық шәкіртке көп жоламаған дұрыс.

Кісі жайлы сұрама, серігіне қарағын, Әр адамның сипатын жолдасына балағын.

Жаман болса серігі, көп күттірмей қаш одан,

Жақсы болса, жақын тұт, жол тапқызар Жасаған, – деген екен тағы бір ақын. Келесі бір өлең жолдарында: Жалқауларды жолдас етпе ешқашан, Қаншама ізгі содан келіп бұзылған.

Табандыға ақымақ дерті тез өтер,

Күлге қойған шоқтай болып тез сөнер, – делінген.

Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Әрбір туылған нәресте Ислам болмысымен туылады. Бірақ кейіннен атаанасы оны яхуди етеді немесе насара етеді немесе мажуси етеді», – деген. Ал парсы даналығында: «Заты пәк Аллаға қасам! Жаман дос сені жаһаннамға жетелер, жақсы досты ұста! Жаннатты табасың», – делінеді.

Білімді иесінен алмақ болсаң,

Кісі жайлы жоқ кезде айтпақ болсаң,

Жерлерді өз атына балап-дағы,

Кісіні жолдасына қарап таны, – деген тағы бір сөз бар екен.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет