ҒҰМАР ҚАРАШТЫҢ ӨЛЕҢДЕРІ
Бірсыпыра ақындар өз шығармаларында қазақ халқын надандықта қалдырып келген не нәрсе деген сұраққа жауап іздеді, надандықтың шектен асқан сорақыкөріністерін суреттей отырып, олардың осы жолдан шығуының себебін өнер-білімнен іздеді. Соның бірі Ғұмар Қарашев.Қысқа ғұмырында надандықтың торын бұзып шығып, ауыл молдасынан қоғамқайраткері дәрежесіне көтерілген Ғұмар Қарашев - XX ғасырдың басындағытұлғалы қазақ ақындарының бірі. Қаламгерлердің біреуі оны зор ақын десе,екіншісі көрнекті қайраткер деген баға береді. Екі пікірдің де қисыны бар. Ғұмардың көптеген ақын жазушылардан ерекшелігі- өз заманының саясиқайраткері, ақыны, философы, педагогы болуында.Ақын өлеңдерінде Абай, Махамбет, Мұрат әсері мол болғандығын, Бұқар Дулат, Шәңгерей өнегесінің ізін жалғастырғанын көруге болады. Әсіресе, "Замана жайынан" толғауынан ежелгі жыраулық дәстүр айқын аңғарылады.
Асқар, асқар, асқар тау
Асқар таудан жоғары
Асып елдің ер қазақ.
Жортуылдай жорытып,
Ор қояндай орғытып,
Жер шетіне аяғың
Басып едің ер қазақ!
деп келетін шумақтар көз алдымызға көркем ауыз әдебиетінің үлгісін алып келмей ме? Өз бойындағы табиғи дарыны мен өзіне дейінгі ғұламалардың шығармаларынан сусындауы оның жақсы әдебиетші ретінде қалыптасуына жол ашты.
"Қазақ" газетін аса қуанышпен қабылдап, оның қазақ халқының ұлттық санасының оянуына және саяси мәселелерді бағалауда орасан рөл атқаратынына сеніммен қарап, бұл басылымның бүкіл қазақ жұртына идеология болатынына ерекше ілтипат білдірді. Осы мазмұнды саяси көзқарасын ол "Сүйінші" деп аталатын өлеңінде былайша білдіреді:
Киіз ойлы қазаққа –
"Қазақ" атты ұл туды.
Сүйінші, қазақ, сүйінші!
Ием тірек беріп тұр.
Ием берсе кем бермес,
Кем беруді жол көрмес
Мол бермесе ұл бермес,
Жүрек сезіп, сеніп тұр.
Ғұмар Қарашев, "Қазақстан" газетінде қызмет атқара жүріп, 1911-1913 жылдар аралығында Уфа, Қазан қалаларында "Өрнек", "Қарлығаш", "Бәдел қажы", "Тұрмыш", "Бала тұлпар" сияқты проза және өлең жинақтарын бастырып шығарады. 1914 жылы Орынборда оның "Аға тұлпар" деп аталатын өлеңдер жинағы жарық көреді.
Ойшыл-философ өзінің "Тұрымтай" деп аталатын кітабында көп адасқан ішкі күйзелісін халыққа жеткізіп, кешірім сұрайды:
Келгенде осы араға көзімді аштым,
Таба алмай түс жоруын көп адастым.
Қол сілтеп ақырында бұл қиялға,
Күйініп өз жолыма аяқ бастым,
Сөйтсе де кейбір "қиял" ақиқатпен
Іргелес қонатын – деп жұртқа шаштым.
Жас ұрпақты халыққа адал қызмет етуге үндеп, өз тілі мен мәдениетін сақтай отырып, ғылым, білімге ұмтылуға, мәдениетті елдерден үлгі алуға шақырды.
Достарыңызбен бөлісу: |