ШӘКӘРІМНІҢ ИСЛАМ ТУРАЛЫ ӨЛЕҢДЕРІ
Алаштың абзалы Шәкәрім Құдайбердіұлы атамыз өзінің тағылым тұнған туындыларында Алланың ақ жолын барынша насихаттап, ұлтымыздың әділет ұранына айналдырды. Ол өзінің бай мұраларында қасиетті Құранды және Пайғамбарымыздың (с.а.с.) хадистерін баяндай отырып, ұрпақты қазақтың ата танымынан, тарих тамырынан ажырамауға үндейді. Ойшыл өзінің «Шошыма, ойым, шошыма» атты өлеңінде былай пайымдайды:
Шошыма, ойым, шошыма,
Келмейді жындар қасыма.
Таһараты жоқ сайтан,
Жоламас менің қасыма.
Қажыма, ойым, қажыма,
Қарама тозған жасыма.
Бұл өлең жолдарында имандылық пен тән және жан тазалығының адам өміріндегі маңыздылығын айқындай келе, діні таза, жаны пәк, иманды жаннан қандай жағдайда да Алланың нұры жауып, бақытқа кенелетіндігіне сенімін білдірді. Осы жолдарда діндегі адамның өз ажалымен бақилық болу мен өзіне қол жұмсау мәселесін көтеріп, адам өмірінде қиындыққа ұшырасқанда барлығын сабырға жеңдіріп, ақ жолдан таймаған жағдайда ғана бақыттың төрі алыс емес екендігін тағы да көрсетеді. «Тəңір жолы - ақ жүрек, сайтан деген - қиянат» - деп қиянат жасауды сайтанмен теңейді. Шəкəрім осы «қиянат» ұғымы арқылы сайтанды ұғындырып отыр. Сайтанды бір көріністерден іздемей-ақ осы қиянатшыл адамдардан-ақ көруге болады. «Ешкімге зиян тигізбей, сайтанға беттен сүйгізбей, ғаріптің көңілін күйгізбей, жүрегіңді нұрмен жу» - дегенде де ойшыл адамға зиян келтіруді сайтанға беттен сүйгізумен теңеп отыр емес пе.
Ақын көп діндер туралы: «Дін» атты өлеңінде:
Жер жүзінде қарасам,
Неше түрлі халық бар,
Дін, иманын санасам,
Мыңнан артық анық бар.
Бұл қалай деп ойласам,
Мұның да бір сыры бар,
Терең ойға бойласам,
Дәл мынадай түрі бар:
Жардың шашы сансыз көп
Ол санауға келмей тұр.
Анық нұры осы деп,
Әркім бір тал ұстап жүр.
Жаратқанның киесін, - деп адамзат баласының әртүрлі дінге табынып жүргендігін айта келе, адаспауға шақырады.
Қорыта айтқанда, Алаштың абызы Шәкірім атамыз исламның Хақ жолын өз еңбектерінде терең зерделеп өткен. Ақынның ислам дініне, жаратушы Аллаға сенімі, оның ойшылдығымен жалғасып, дүниеге көзқарасындағы бірлік, біртұтастықты танытады. Шәкәрім дүниедегі «сансыз кереметті кім жаратса - тәуірі сол» - дейді. Тәңіріні іздеу, жаратқан Аллаға сену - ақиқатты іздеу, сол арқылы «ең түпкі жаратушы - мінсіз ие» - деп түйіндеуінен айқын аңғара аламыз. Адам Атадан бастап жер бетіне келіп-кеткен барлық пайғамбарлар Ұлы Жаратушының барлығы мен ақыреттің еш күмәнсіз хақ екендігін жар салса, жүрегі нұрланған күллі ғалымдар мен ұлы ойшылдар бұл сенімге бекем иланып, мына жалған уақытша өмірлерінің ағысын сол бір мәңгі өмірге қарай реттеп, бағыт түзеп ғұмыр кешкен.
Достарыңызбен бөлісу: |