ТҰРМАҒАМБЕТ ІЗТІЛЕУҰЛЫ ШЫНДЫҚ ҮШІН ШЫРЫЛДАУШЫ Шығыс жұлдызы атанған Т.Ізтілеуовтың өмірі мен шығармашылық жолы өткен ғасырдың отызыншы жылдарында-ақ бүкіл қазақ халқына таныла бастады. Өлең-толғаулары түрлі басылымдарда жарияланып тұрды. Әсіресе, Тұрекеңді бүкіл қазақ халқына танытқан Фирдаусидің «Шаһнама» шығармасын қазақша сөйлеткені. Бұл сол кездегі аса маңызды оқиға десе де болғандай. Өйткені 1934 жылы Әбілқасым Фирдаусидің (934-1040) туғанына мың жыл толған мерекесін дүниежүзі атап өткен болатын. КСРО елі де бұған кең көлемде кірісті. Осы кезде «Шаһнаманы» қазақ тіліне аудару ісін қолға алды. Оған себеп Т.Ізтілеуовтың шығыс тілдерін жетік білетіні болса керек. Ақын өзінің бір өлеңінде: «...О баста оқыған соң парсы, араб, Жазушы ем роман-жыр оған қарап. Ұнатып оларымды, оқығандар, Ішкендей есіруші еді шарап» деп өзінің шығыс халықтарының көптеген тілдерін жетік білетінін хабардар еткен.
Жалпы Т.Ізтілеуов өмірінде үш рет – Ақмешіт, Қармақшы, Қазалы, Шымкент, Алматы қалаларындағы түрмелерде отырған. Ең алғашқы түрмеге қамалуы 1916 жыл. Қанаушыларға, болыс, байларға қарсы сөздері және болыстың писарын ұрғаны үшін түрмеге қамалып, одан 1917 жылғы ақпан төңкерісі кезінде босатылған.
«Тар замана» өлеңінде:
(Тұтқында отырып Мақан Шынәлиевқа)
Ей, Мақа, сау ма денің, уақытың хош па?
Арзумын жолығуға сіздей досқа!
Уаләкін үстімізден қарайтындар,
Жібермейд жалынғанмен бір дем босқа.
Екінші бір қамалуының себебі Алматыдағы достары: «Елде не жаңалық бар?» деп сұрағанда, Тұрмағамбет ақын:
«...Төрткөлдің көлі кетті де, шөлі қалды,
Төренің төресі кетті де төбеті қалды.
Алымның алымы кетті де, залымы қалды.
Мал дегенде есек қалды,
Үй дегеннен кесек қалды», – деп кеңестік езеңнің кейбір кемшіліктерін ашып салады. «Отыз тістен шыққан сөз, отыз рулы елге тарайды» демекші, бұл сықақ НКВД-лардың құлағына жетіп, Алматыда жүргенде қамауға алынады. Бұл қапастан сол тұста жоғары лауазымды қызмет атқаратын Темірбек Жүргенов пен Сүлеймен Есқараевтар босатқан деген бүгінге дейін ел аузында әңгіме бар. Мүмкін шындық болар. Үшінші рет ақын «Шаһнаманы» бітіргеннен кейін тағы да қамауға алынып Шымкенттің түрмесінде жазғаны:
«...Ақырда босқа кетіп еткен еңбек,
Отырмын қараңғы үйде босқа шерлеп.
Дамолла данышпаның Тұрмағамбет,
Түрмеде отырған соң жазған бүй деп.
Дүниеден өтіп кетті асыл затың,
Дұға ет рухына «аумин», – деп, өзін өлгенге санап ашына жазады. Түрмеден арып-ашып 1939 жылы елге келіп, осы жылдың 15 мамырында өмірден өтеді. Шындық үшін шырылдаған Тұрекең сот соңғы сөзіңді айт дегенде:
«Ей, сотым, кетіп тұр екенсің қотқа,
Шекең күйген екен отқа.
Молда деп, мол кестің,
Молданікін пісіріп же шоққа» – депті.
Ақынның соңына ерген шәкірттері-інілері Үбісұлтан Аяпов, Тілеу Жұбаев, Әлімбай Әлиасқаровтар Тұрекеңнің асқан білімді, батыл адам болғанын өз естеліктерінде жазған. Ал, жақын інісі Т.Жұбаев 1925 жылдың жазында «Теріс өзекте» отырғанда Тұрмағамбеттің үйіне Сәкен Сейфуллиннің келгенін жыр етіп айтатын.