СҰЛТАНМАХМҰТ ТОРАЙҒЫРОВ «АДАСҚАН ӨМІР» ПОЭМАСЫ Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Адасқан өмір» поэмасы 1918 жылдың аяқ кезінде жазылған. «Адасқан өмір» поэмасының негізгі сарыны – қоғамдағы әділетсіздіктің, теңсіздіктің себептерін ашу және теңдік жолын іздеуге талпыну. Сұлтанмахмұт бұл поэмасында жалпы қазақ ауылындағы әлеуметтік теңсіздіктің шеңберінен шығып, бүкіл капиталистік қоғамға тән әділетсіздік жайын толғайды. Азғындап бара жатқан қоғамның белгілерін танып, адам баласының теңдікке жетуін, өз еңбегімен күн көретін, өз өнерін халық игілігі жолына жұмсайтын кезін – бақытты өмірді аңсайды. «Адасқан өмір» поэмасы бес бөлімнен тұрады. Бұлардың бірі – адамның сәби шағын, екіншісі – жігіт шағын, үшіншісі – ұлғайған, тоқтаған кезін, төртіншісі – кәрілік кезін, бесіншісі – өлген мезгілін суреттейді. Адам өмірінің барлық кезеңін қамту арқылы ақын өзі өмір сүрген қоғамның шынайы бет-бейнесін танытады.
Поэма лирикалық кейіпкердің атынан баяндалады. Лирикалық кейіпкер арқылы бұл өмірдегі әділдік пен әділетсіздіктің жауабын іздей отырып, философиялық ой түйеді.
Адам өмірі жамандық атаулыдан бейхабар кіршіксіз таза сәбиліктен басталады. Сәби шақта алдау, арбау, қайғы, дос, қас, бай, кедей, күшті, әлсіз дегендердің ешқайсысын білмейді. Оның көзқарасын қалыптастырып, өмірге бейімдейтін орта – қоғам шындығы. Поэманың лирикалық кейіпкері жігіт болып ес жиған кезде өз ортасынан ыңғайлы кәсіп, өз мақсаты мен халық мүддесін қабыстыратын пайдалы еңбек жолын таба алмайды. Ол бай болуды да, әскер басы, ғалым болуды да таңдап, байқап көреді. Бірақ капиталистік қоғам жағдайында осының ешқайсысынан да өз басына қажет азаттық пен әділетті таппайды. Лирикалық кейіпкердің соңғы арманы – ғалым болу. Ол адам өмірі ұзақ болса, жастықтың құпиясын ашсам деп армандайды. Бірақ ол адамды адам қанайтын қоғамда ғылымның табысы халық игілігіне аспайтынын байқап, одан да безіп шығады. Лирикалық кейіпкер «негізгі іс» – әділдік іздеуге тоқталады. Бұған Сұлтанмахмұт «ар азығын» күшейту үшін ғылым мен білімді таратуды, елді ағартуды өзінің мақсат-мұраты деп жауап береді.
Поэманың соңғы бөлімдерінде («Мен тоқтадым», «Мен кәрі», «Мен өлік») ақын адам өмірінің осы кезеңдердегі ерекшеліктеріне, өмір ағымындағы орнына көңіл бөледі. Поэманың бұл бөлімдерінде Сұлтанмахмұт адамның қоғамнан «қартаймайтын, өлмейтін орын табуын» сөз етеді. Бұл адамның ғұмырын мағыналы кешуі, келешекке пайдалы іспен мұра қалдыру деген сөз. Ақын осы негізде қоғам мен адам арасындағы қайшылықты терең ашады. «Мен тоқтадым» деген бөлімінде адам өмірінің сан алуан тосқауылына жауап – әділет деп нақты қорытады.
Жалпы алғанда, «Адасқан өмір» – ескі құрылыс жағдайында іздеген бақытын таппаған адамның трагедиялық күйін шебер суреттеген, жарқын болашақтың қалай қалыптасу қажеттігін ашып көрсеткен мағыналы туынды. Ақын осы орайда адам өмірінің адасушылық себептерін, оның өмір сүріп отырған қоғамымен бітіспес қайшылыққа ұшырасуын ерекше ұтымдылықпен суреттейді. Романның көркемдік жүйесі де реализмге негізделген. Автор шығарманы оқиға мен тартысқа құрып, сол дәуірдің сырын, оның адамдарын тәп-тәуір суреттейді.