Қызметкерлердің өндірістегі жазатайым оқиғалар мен денсаулығына өзге де зақым келушіліктердің, (бұдан әрі – жазатайым оқиғалар) ақиқатты, толық, әділ және уақытылы тексерілуі, есепке алынуы мен тіркелуі үшін зардап шегушілермен еңбек қатынасында тұратын (тұрған) жұмыс беруші жауап береді.
Жазатайым оқиғалардың дұрыс, уақытылы тексерілуі мен есепке алынуын бақылауды азаматтардың арыздарын, өтініштерін, шағымдарын тексеру арқылы, тәртіп бұзушылық анықталған жағдайда, анықталған бұзушылықты жою туралы меншік нысанына қарамастан, барлық ұйымдар үшін орындалуы міндетті нұсқама беретін еңбек жөніндегі уәкілеттік органның мемлекеттік енбек инспекторлары жүзеге асырады.
Мемлекеттік еңбек инспекторларының әрекеттеріне заңнамада белгіленген тәртіппен шағым берілуі мүмкін Шағым берілуі нұсқамалардың орындалуын тоқтатпайды.
Комиссияның еңбек меминспекторының қатысуынсыз жүргізген тексеру актісі материалдарында осы Ереже талаптарын немесе еңбек заңнамасын бұзушылық анықталған немесе жазатайым оқиғаны жасыру фактісі анықталған жағдайда, еңбек меминспекторы қосымша тексеру тағайындауға немесе тиісінше қорытынды әзірлеуге құқылы.
Зардап шегуші оның сенімді өкілі немесе өзге де мүдделі адам жазатайым оқиғаны тексерудің барлық материалдарымен танысуға және қажетті көшірмелерді жүзеге асыруға құқығы бар. Олардың жазатайым оқиғаны тексеру, рәсімдеу немесе тіркеу мәселелері бойынша келіспеген жағдайда, бағыныштылық ретіне қарай еңбек жөніндегі аумақтық уәкілетті органға немесе сотқа шағым беруге құқылы.