5. Арнайы білім беру ұйымы дербес заңды тұлға болып табылады және «Бiлiм туралы» Заңның 6-бабының 6) тармақшасына сәйкес құрылады.
6. Интеллектісі сақталған балалар оқитын арнайы орта білім беру ұйымдарының сыныптарында білім беру қызметін бейін бойынша педагогикалық білімі бар педагогтар жүзеге асырады.
Интеллектуалды жеткіліксіздігі бар балалар оқитын сыныптарда білім беру қызметін арнайы педагогикалық білімі бар мұғалімдер жүзеге асырады.
Түзету компонентінің барлық сабақтарын «Бiлiм туралы» Заңның 51-бабы 3-тармағының 6) тармақшасына сәйкес аттестаттаудан өтетін арнайы педагогикалық білімі бар педагогтар жүргізеді.
Интернат үлгісіндегі арнайы білім беру ұйымдары тәрбиешілерінің педагогикалық білімі болады.
7. Арнайы білім беру ұйымдарының (топтардың) білім беру қызметі арнайы білім беру ұйымдарына арналған үлгілік арнайы оқу бағдарламалары мен үлгілік оқу жоспарлары негізінде жүзеге асырылады.
8. Үлгілік арнайы оқу бағдарламалары мен оқу жоспарлары негізінде әрбір ұйымда «Бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім берудің үлгілік оқу жоспарларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы 8 қарашадағы № 500 бұйрығына сәйкес (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8170 болып тіркелген) ПМПК ұсынымдарын ескере отырып айқындалатын арнайы білім беру ұйымының жұмыс ерекшелігін, сондай-ақ білім алушылар мен тәрбиеленушілердің даму ерекшеліктерін ескере отырып, жұмыс жоспарлары мен бағдарламалары әзірленеді.
Оқу жұмыс, жеке немесе қысқартылған жоспарлар мен бағдарламалар педагогикалық кеңесте қаралады және білім беруді басқару органының келісімі бойынша ұйымның басшысы бекітеді.
9. Білім беру процесін ұйымдастыру оқу жоспарына, арнайы оқу бағдарламаларына сәйкес жүзеге асырылады және жылдық күнтізбелік оқу жоспарымен және сабақ кестесімен регламенттеледі.
Білім алушының қажеттіліктері мен мүмкіндіктерін ескере отырып, арнайы және жалпы білім беретін оқу бағдарламалары арнайы ұйымдар мен орта білім беру ұйымдарында қашықтықтан оқыту нысанында, сондай-ақ облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы берген рұқсатымен экстернат нысанында игеріледі.
Үйде оқытуды, еркін қатысуды, білім алудың жеке нысандарын үйлестіруге рұқсат етіледі.
10. Арнайы білім беру ұйымдарының педагогтары қажет болғанда каникул кезінде балаларды дамыту мен оқыту мәселелері бойынша заңды өкілдер үшін консультациялар өткізеді.
11. Мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарында арнайы психологиялық-педагогикалық көмек көрсету үшін психологиялық-педагогикалық қолдау (бұдан әрі - ППҚ) қызметі құрылады.
12. Топ тәрбиешілерімен/мұғалімдермен және ППҚ қызметі мамандарымен жүзеге асырылатын ерекше білім алу қажеттіліктерін бағалау негізінде балалар оқу-тәрбие процесінде тәрбиешінің/мұғалімнің жеке көмегін және арнайы білім беру ұйымдарының үлгілік оқу жоспарларына сәйкес жеке, шағын топтық және топтық сабақтар нысанында қолдау қызметі мамандарының (психологтың, логопедтің, арнайы педагогтың) көмегін алады.
Оқушыларды/тәрбиеленушілерді өзге білім беру ұйымдарына ауыстыру қажет болған жағдайда ППҚ қызметі қорытынды (оқушының мінездемесін) құрастырады және ПМПК-ға жолдайды.
13. Білім алушыларды өзге арнайы немесе жалпы білім беру ұйымдарына ауыстыру ПМПК-ның қорытындысы мен ұсынымының негізінде ата-аналарының (заңды өкілдерінің) келісімімен жүзеге асырылады.
14. Әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлау бойынша факультативтік сабақтарды өткізу кезінде сынып екі топқа бөлінеді.
Қоғамдық пайдалы өндірістік еңбекті ұйымдастыру кезінде 5 сыныптан бастап сынып оқушылардың еңбек дайындығының бейіндерін есепке ала отырып топтарға бөлінеді.
Бесінші сыныптан бастап кәсіптік-еңбекке баулу бойынша, ал ақыл-есі кеміс балалар үшін төртінші сыныптан бастап білім алушылар екі топқа бөлінеді.
Еңбек түрлері бойынша топтарды жасақтау дәрігердің ұсынымдары негізінде оқушылардың психофизикалық жай-күйі мен мүмкіндіктерін ескере отырып жүзеге асырылады.
15. Сабақ кестесін әкімшілік әзірлейді және арнайы білім беру ұйымының басшысы бекітеді.
16. Сабақ кестесінде оқу және жеке түзету сабақтарының күн сайынғы саны, ұзақтығы және реттілігі көрсетіледі.
Сабақтардың ұзақтығы белгіленген нормаларға сәйкес келеді және сағат 8-ден кейін басталады.
17. Оқу-тәрбие процесі баланы психологиялық-медициналық-педагогикалық және клиникалық зерттеу деректерімен негізделген сараланған және жеке көзқарас қағидаттары негізінде жүзеге асырылады.
Балалардың сөйлеу ерекшеліктерін, зейінін, жұмысқа қабілеттілігін, олардың даму динамикасын, оқушылардың нақты білімін, олардың оқу материалын меңгеру мүмкіндіктері мен ерекшеліктерін жүйелі түрде зерделеу оқушының даму перспективасын анықтау және түзету жұмысының құралдарын таңдау үшін жүргізіледі.
18. Оқу аптасының ұзақтығын тиісті білім беруді басқару органымен келісім бойынша педагогикалық кеңес белгілейді және жарғыда бекітіледі.
19. Дамуындағы ауытқушылықтарды жеңу мақсатында арнайы ұйымда білім алушылар (тәрбиеленушілер) үшін топтық және жеке түзету сабақтары (дефектолог, логопед, олигофренопедагог, тифлопедагог және сурдопедагог) өткізіледі.
20. Арнайы оқу бағдарламаларды іске асыратын арнайы білім беру ұйымының педагогикалық кеңесі жеке және қысқартылған оқу жоспарлар мен бағдарламаларды бекітеді.
21. Арнайы оқу бағдарламаларды іске асыратын арнайы білім беру ұйымында еңбекке баулу жұмысшы кадрларға қажеттілікке бағдарланған өңірлік, жергілікті жағдайларды ескере отырып және тәрбиеленушілердің психофизикалық дамуының, денсаулығының жеке ерекшеліктерін, мүмкіндіктерін, сондай-ақ олардың заңды өкілдерінің мүдделерін ескере отырып, жеке еңбек қызметі үшін білім алушыны (тәрбиеленушіні) даярлауды қамтитын еңбек бейінін таңдау негізінде жүзеге асырылады.
22. Ақау құрылымы күрделі білім алушыларға (тәрбиеленушілерге) арналған сыныптар (топтар) оқу-тәрбие процесі жағдайларында психологиялық-медициналық-педагогикалық бақылау барысында осындай білім алушылардың (тәрбиеленушілердің) анықталуына қарай арнайы білім беру ұйымында жасақталады.
23. Арнайы оқу бағдарламаларды іске асыратын арнайы білім беру ұйымдарының оқу бағдарламаларын игеру кезінде ерекше табыстарға қол жеткізген түлектерге үздік білім туралы құжаттар беріледі.
Интеллектуалды бұзушылықтары бар түлектерге «Білім туралы мемлекеттік үлгідегі құжаттардың түрлері мен нысандарын және оларды беру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы 28 қаңтардағы № 39 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10348 болып тіркелген) Білім туралы мемлекеттік үлгідегі құжаттың түрлері мен нысандарына және оларды беру қағидаларына сәйкес тиісті білім деңгейі туралы құжат беріледі.
24. Арнайы білім беру ұйымы персоналын жасақтау тәртібі оның жарғысымен және «Мемлекеттік білім беру ұйымдары қызметкерлерінің лауазымдарының тізбесін, педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғалардың штаттарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 30 қаңтардағы № 77 қаулысына сәйкес регламенттеледі.
25. Арнайы білім беру ұйымдарының педагогтарына арналған нормативтік оқу жүктемесі:
бастауыш, негізгі және жалпы орта білім беру деңгейлері аптасына 18 сағатты, тәрбиешілер үшін 25 сағатты құрайды;
мектепке дейінгі ұйымдар мен мектепалды сыныптар аптасына 24 сағатты құрайды;
психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеттері, оңалту орталықтары – 18 сағат;
мектепке дейінгі ұйымдар мен мектепалды сыныптар, ПМПК аптасына 24 сағатты; ПМПК басшылары мен медициналық статистері үшін 30 сағатты құрайды.
Педагогтар үшін ағымдағы жылы белгіленген оқу жүктемесінің көлемі осы жылдың соңына дейін әкімшіліктің бастамасы бойынша өзгермейді.
26. Арнайы білім беру ұйымында медициналық қамтамасыз етуді штаттық медициналық қызметкерлер жүзеге асырады, олар арнайы ұйымның әкімшілігімен бірлесіп, білім алушылардың (тәрбиеленушілердің) денсаулығын сақтауға және олардың психофизикалық жай-күйін нығайтуға, диспансерлеуге, профилактикалық іс-шараларды жүргізуге жауап береді және санитариялық-гигиеналық және эпидемияға қарсы режимнің сақталуын, дене тәрбиесі мен шынықтыру, тамақтану, оның ішінде диеталық тамақтанудың ұйымдастырылуын бақылайды.
27. Медициналық қызметкерлер педагогтарға білім алушылардың (тәрбиеленушілердің) денсаулығы мен даму ерекшеліктерін ескере отырып, оларға жеке және сараланған қатынасты ұйымдастыруда көмек көрсетеді, медициналық-педагогикалық түзету, еңбекке баулу бейінін іріктеу, кәсіптік бағдарлау, жұмысқа орналастыру, заңды өкілдерге аурулардың алдын алу мақсатында үй жағдайында қорғау режимін сақтау қажеттілігі туралы ұсынымдар береді.
28. Арнайы білім беру ұйымдарында дәрі-дәрмекпен және физиотерапевтік емдеу, климаттық емдеу және шынықтыру, емдік дене шынықтыру, массаж және психотерапия жүргізіледі.
29. Білім беру ұйымының басшысы «Бiлiм туралы» Заңның 44-бабының 3) тармақшасына сәйкес лауазымға тағайындалады және лауазымнан босатылады.
30. Білім беру ұйымы басшысының жауапкершілігі «Бiлiм туралы» Заңның 45-бабының 3) тармақшасына сәйкес жүзеге асырылады.
31. Білім беру ұйымдарында алқалы басқару органдары құрылады. Педагогикалық, қамқоршылық және әдістемелік кеңестер білім беру ұйымын алқалық басқару нысандары болып табылады.
32. Арнаулы білім беру ұйымдары «Бiлiм туралы» Заңның 43-бабында белгіленген нормалар шегінде оқу-тәрбие процесін жүзеге асыруда, кадрларды іріктеу мен орналастыруда, ғылыми, қаржы-шаруашылық және өзге де қызметте дербес болады.
33. Арнайы білім беру ұйымдарын қаржыландыру «Бiлiм туралы» Заңның 62-бабына сәйкес жүзеге асырылады.
34. Арнайы білім беру ұйымдары жергілікті жағдайларға қарай қосалқы шаруашылықтар, оқу-тәжірибе учаскелерін, оқу-өндірістік шеберханалар құрады.
35. Арнайы білім беру ұйымын құру, қайта ұйымдастыру және тарату «Бiлiм туралы» Заңның 6-бабының 6) тармақшасына сәйкес жүзеге асырылады.