|
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы
« »____________________ № 595 бұйрығына
1-қосымша
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы
30 қазандағы № 595 бұйрығына 1-қосымша
|
Мектепке дейiнгi ұйымдар қызметiнiң үлгілік қағидалары
1 -тарау. Жалпы ережелер
1. Мектепке дейінгі ұйымдар қызметiнiң үлгілік қағидалары (бұдан әрi – Қағидалар) «Бiлiм туралы» 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – «Білім туралы» Заң) сәйкес әзiрленген және «Назарбаев зияткерлік мектептері» Дербес білім беру ұйымдарының мектепке дейінгі ұйымдарын қоспағанда, түрлеріне, меншік нысаны мен ведомстволық бағыныстылығына қарамастан мектепке дейінгі білім беру ұйымдары (бұдан әрі – мектепке дейінгі ұйымдар) қызметінiң тәртiбiн айқындайды.
2. Мектепке дейінгі ұйымдардың міндеттері:
1) балалардың өмірін және денсаулығын қорғау;
2) тәрбиеленушілердің, оның ішінде ерекше білім беру қажеттілігі және жеке мүмкіндіктері бар тәрбиеленушілердің дене, зияткерлік және жеке тұлғалық дамуын қамтамасыз ететін оңтайлы жағдайлар жасау;
3) сапалы мектепалды даярлықты қамтамасыз ету;
4) баланың толыққанды дамуын қамтамасыз ету үшін отбасымен өзара іс-қимыл жасау;
5) ата-аналарға балаларды тәрбиелеу, оқыту, дамыту және денсаулығын қорғау бойынша консультативтік және әдістемелік көмек көрсету болып табылады.
3. Мектепке дейінгі ұйымның негізгі құрылымдық бірлігі топ болып табылады. Топтар жас ерекшелігі бір немесе жас ерекшелігі әртүрлі қағидаты бойынша жасақталады.
Мектепке дейінгі ұйымдар топтарының толымдылығы «Мектепке дейінгі ұйымдарға және сәбилер үйлеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2017 жылғы 17 тамыздағы № 615 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 15893 болып тіркелген) (бұдан әрі – Санитариялық қағидалар) сәйкес жүзеге асырылады.
Мектепке дейінгі ұйымдар Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2019 жылғы 23 қаңтардағы № 49 және Қазақстан Республикасы Білім беру және ғылым министрінің 2019 жылғы
23 қаңтардағы № 32 бірлескен бұйрығымен (Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2019 жылғы 25 қаңтарда № 18239 болып тіркелген) бекітілген «Мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарын бейнебақылау жүйелерімен жарақтауға стандарттар және оларға қойылатын талаптарға» сәйкес бейнебақылау жүйелерімен жабдықталады.
Мектепке дейінгі ұйымдарда ата-аналарының (заңды өкілдерінің) мүдделері ескеріле отырып, ерекше білім беруге қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеу мен оқыту төмендегідей қарастырылған:
1) мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасы, оның ішінде қысқартылған немесе жеке оқу бағдарламасы бойынша жас топтарында (үш баладан артық емес);
2) тәрбие мен оқытудың арнайы оқу бағдарламасы бойынша бұзылыс түрлері негізіндегі арнайы топтарда.
Топта ерекше білім беруге қажеттілігі бар балалар болған жағдайда топтарды жинақтау осындай бір балаға балалардың жалпы санын үшке кеміту есебінен жүзеге асырылады.
4. Мектепке дейінгі ұйымдарда ерекше білім беруге қажеттілігі бар балаларға көмек көрсету үшін психологиялық-педагогикалық қолдау (бұдан әрі - ППҚ) қызметі құрылады, оның құрамына арнайы педагог, психолог, логопед кіреді.
Топ тәрбиешісімен және ППҚ мамандарымен жүзеге асырылатын ерекше білім алу қажеттіліктерін бағалау негізінде ерекше білім беруге қажеттілігі бар балаларды оқытуға арнайы жағдайлар жасалады.
Ерекше білім алу қажеттіліктерін бағалау нәтижелері бойынша балалар тәрбиешінің жеке көмегін топта, ППҚ мамандарының көмегін жеке және топтық сабақтар нысанында алады.
Ерекше білім алу қажеттіліктерін терең бағалау және ұсынымдар алу қажет болған жағдайда ППҚ қызметі тәрбиеленушілерді психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияға жолдайды.
5. Мектепке дейінгі ұйымдар тәрбиеленушілердің болу уақыты бойынша бөлінеді және мынадай тәртіппен қызмет етеді:
1) толық күн болу;
2) жарты күн болу;
3) тәулік бойы болу.
6. Мектепке дейінгі ұйымдар өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының заңдарын, осы Қағидалар мен мектепке дейінгі ұйымдар жарғысын және Қазақстан Республикасының мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту жүйесін реттейтін өзге де нормативтік құқықтық актілерін басшылыққа алады.
7. Мектепке дейiнгi ұйымдар бiр жастан бастап мектеп жасына дейiн жеткенше тәрбиеленушілерді тәрбиелеу, оқыту, дамуындағы ауытқуды түзету және әлеуметтік бейімдеу, дамыту және медициналық бақылау, сондай-ақ қарау, бағу және сауықтыру бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысын, мемлекет қаржыландыратын қызмет көрсету көлемін қамтамасыз етеді.
8. Балаларды мектепке дейінгі ұйымдарға қабылдау «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту саласында жергілікті атқарушы органдар көрсететін мемлекеттік қызметтер стандарттарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы 7 сәуірдегі № 172 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10981 болып тіркелген) сәйкес жүзеге асырылады.
Балаларды тұрақты немесе уақытша орналасуға қабылдау онда бос орынның болуына қарай жыл бойы жүргізіледі.
9. Мектепке дейінгі ұйымдар өз қызметін мынадай кезеңдер бойынша ұйымдастырады:
1) 1 қыркүйек пен 31 мамыр аралығында – оқу жылы («Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі міндетін атқарушының 2016 жылғы 12 тамыздағы № 499 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14235 болып тіркелген) (бұдан әрі – Үлгілік бағдарлама) бағдарламаның мазмұнын меңгеру кезеңі;
2) 1 маусым мен 31 тамыз аралығында – жазғы сауықтыру кезеңі;
3) мектепалды тобы үшін 1-шілдеден бастап 1 тамызға дейін – мектепке даярлық;
4) мектеп жасына жеткен балаларды мектепке дейінгі ұйымнан босату жыл сайын 1 тамызға дейін жүзеге асырылады;
5) балаларды бір жас тобынан басқасына ауыстыру баланың ағымдағы жылы 1 қыркүйектегі толық жасын ескере отырып, ағымдағы жылғы 1-31 тамыз аралығында жүзеге асырылады.
Мектепалды даярлық сыныптарындағы оқу процесі ағымдағы жылғы 1 қыркүйек пен келесі жылғы 25 мамыр аралығында жүзеге асырылады. Оқу жылы ішінде каникулдар белгіленеді.
10. Мектепке дейінгі ұйымдарда баланың орны мынадай:
1) бала ауырып, денсаулық сақтау, білім беру және өзге де ұйымдарда емделген, сауықтырылған, денсаулығын түзеткен және оңалтылған (көрсетілімі бойынша анықтама және қорытынды ұсынған жағдайда);
2) баланың заңды өкілдері баланың жылына 2 айдан артық емес демалысына жазбаша өтініш ұсынған жағдайда сақталады.
11. Басшы баланы мектепке дейінгі ұйымдардан мынадай:
1) мектепке дейінгі ұйым мен баланың ата-анасының немесе өзге де заңды өкілінің арасындағы шарттың талаптары бұзылған;
2) бала бір айдан астам дәлелсіз себеппен және әкімшілікке ескертпей келмеген;
3) дәрігерлік консультациялық комиссия анықтамасының негізінде баланың келуiне кедергi болатын медициналық қарсы көрсетілімдер болған жағдайларда шығарылады.
12. Ата-аналардан немесе заңды өкілдерден алынатын ай сайынғы төлемақы мөлшері:
1) мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорындар ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған мемлекеттік мектепке дейiнгi ұйымдарда баланың жасына қарамастан тамақтануға кететін шығынның 100 пайызын құрайды;
2) ерекше білім беруге қажеттілігі бар балаларға арналған санаторийлік балабақшаларда, мектепке дейінгі ұйымдарда балаларды күтіп-бағу тегін негізде ұсынылады;
3) мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылғандарды қоспағанда, жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдарда мектепке дейінгі ұйымның құрылтайшысы белгілейді.
13. Түрлеріне, ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, білім беру ұйымдары, оның ішінде жаңадан құрылғандары, сондай-ақ мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдардың басшылары және педагогтар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен аттестаттаудан өтеді.
Достарыңызбен бөлісу: |