Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық



бет29/47
Дата22.05.2018
өлшемі9,62 Mb.
#40597
1   ...   25   26   27   28   29   30   31   32   ...   47

Әдебиеттер:

1.Қазақтан Республикасы жалпы білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттары. Алматы, 2002-360 б.

2.К.Ж.Қожахметова. 12 жылдық білім беру жүйесіндегі тәрбие мәселесі және оны маман даярлау барысында жүзеге асыру// 12 жылдық білім беру-№3, 2008

3.ҚР білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы



Резюме

В статье рассматривается разные контрольные задание и развивающие материалы по разделу лексика и фразеология казахского языка.



Summary

The article deals with the control tasks and materials section vocabulary and phraseology of the Kazakh language.



4-СЕКЦИЯ.

Әлемдік рухани құндылықтар – мәдениетаралық ықпалдастықтың негізгі көзі


БАҚ және тіл мәдениеті

Бауыржан Омарұлы,

Қазақстан ҰҒА корреспондент-мүшесі,

филология ғылымдарының докторы, профессор

Л.Н.Гумилев атындағы

Еуразия ұлттық университеті, Астана, Қазақстан

Бүгінгі бұқаралық ақпарат құралдарында сөз өнерінің қолданылу ерекшеліктерін «Тілдің міндеті – ақылдың аңдауын аңдағанынша, қиялдың меңзеуін меңзегенінше, көңілдің түюін түйгенінше айтуға жарау» [1,343], – деген Ахмет Байтұрсынов тұжырымына сай зерделесек, біраз жайтқа қанығар едік. Себебі, бұл – қазір кезеңдегі ең түйткілі көп мәселенің бірі.

Мемлекеттік тілдің дамуы мен қолданылу аясын кеңейтуге айтарлықтай үлес қосатын БАҚ тілінің қазіргі жағдайы қандай? БАҚ тілін эталон ретінде қабылдайтын оқырман мен тыңдарман талабы қаншалықты қанағаттандырылуда? Осы және БАҚ-тағы мемлекеттік тілдің қолданысы мен журналистердің сөз мәдениетіне қатысты мәселелерге назар аударғым келеді.

Телерналар мен радиоарналарға қарағанда газет-журналдарда тілдік-стильдік қателіктер салыстырмалы түрде азырақ кездеседі. Өйткені олардың дайындалу тәсілі басқаша. Жалпы, газетке ұсынылатын ақпараттың жөні бөлек. Оны басылымға әзірлеу барысында оқымайтын адам жоқ. Алдымен тілшінің өзі оқиды. Содан соң бөлім бастығы зер салады. Жауапты хатшының орынбасары макетке түсетін өлшемін алу үшін және бетке лайық мазмұнын білу мақсатымен бір шолады. Одан кейін жауапты хатшының өзі шұқшияды. Бас редактордың орынбасары сүзіп шығады. Соңғы рет бас редактор қарайды. Әрине, әрқайсысының да қаламы тиеді. Онымен де тынбайды. Бет қатталып жатқанда корректор асқан жауапкершілікпен тағы бір оқиды. Егер ол газетте ілгерідегідей «тың көз» деген қызметкер болса, тілшінің титімдей мақаласын тағы бір оқытып алуға мүмкіндік туады. Олар артық-ауыс кемшіліктерді жібермейді. Міне, осыдан соң тілшінің өнімі бірнеше темір станогінен жонылып шыққан бұйымдай болып жұтынып тұрады. Ең болмағанда біраз олпы-солпылығынан арылып қалады. Бұл, әрине, тек қана пайдалы. Бірақ қанша пайдалы болғанымен бүйтіп ырғалып-жырғалуды электронды ақпарат құралдары көтере алмайды. Өйткені олар газеттен әлдеқайда жылдам. Алайда сол жылдамдық кейде материалдың сапасын күйретіп кетеді. Телевизияның жеделдігі жас журналистерден ақпаратты тез әрі сапалы дайындауға бейімделуді талап етеді. Сондықтан тележурналистикаға газетте кемінде бір-екі жыл қызмет істеген жастарды тартқан жөн болар еді. «Мерзімді баспасөз беттерінде туған қазақ тілінің қоғамдық-публицистикалық стилін онда жарияланған әлеуметтік, мәдени, экономикалық мәселелерге байланысты материалдар танытады» [2,203], – деп академик Рәбиға Сыздық айтқандай, сөз мәдениетін қалыптастыруға басылымдардың қосатын үлесі мол.

Басылымдардың қызметін жоғары бағалап, «Қазақ әдеби тілінің әлеуметтік қызметінің кеңейіп, оның грамматикалық құрылысының жетіліп, сөздік құрамының толығуына баспа әдебиеттің, әсіресе, мерзімді баспасөздің атқарған қызметі айрықша» [3,322], – дей тұрсақ та, БАҚ өкілдері ішінде тележурналистердің көпшілікке танымал болу мүмкіндігі артығырақ. Себебі, олар басқа әріптестеріне қарағанда елдің назарында көбірек болады. Сондықтан жетістіктері жарқырап, кемшіліктері бадырайып көрініп тұрады. Телекөрермендер тікелей эфирде өздерін өте сенімді ұстайтын, тілдің қадірін білетін журналистер жүргізетін бағдарламаларды үзбей көреді. Бағдарламаның сапасы және журналистің біліктілігі деген ұғымдар бір-бірінен соншалықты алшақ емес. Хабардың сапасын арттыратын да сол журналистің өзі. Осы тұрғыдан алғанда тікелей эфирде өздерін еркін ұстайтын, артық-ауыс кемшіліктерін байқата қоймайтын, байыпты сөйлеп, байсалды пікір айтатын ұлттық тележурналистиканың танымал өкілдері баршылық.

Қазақ тележурналистикасындағы сөзі салиқалы, өзі ұстамды, байсалды хабар жүргізушілер қазақ тілінің мүмкіндіктерін барынша пайдаланады. Олар тілдің әуезділігін, құнарлылығын көрсете алады. Әрі толғауы тоқсан қызыл тілді эфир арқылы насихаттайды. Сөз қадірін білетін журналистер ақпарат құралдарында көптеп қызмет істесе, «Телевизия сөзді түзеуге емес, бұзуға қызмет етіп жатыр» деген әңгіме көп айтылмас еді. Өкінішке орай, қазір кезде телехабарларда сөзді қалай болса солай қолдануға әбден бой үйретіп алдық.

Кейбір тәуір деген телеарналардың да тілшілері қиналып сөйледі. Сөзді орнымен қолданбайтыны былай тұрсын, тілдің қарапайым заңдылықтарының өзін түсінбейді. Қазір мынадай тіркестер теледидардың тіл қолданысына еніп кетті: «Бағасы көтерілді» (дұрысы – «қымбаттады»). «Өрт орын алды» (дұрысы – «өрт шықты» немесе «өртенді»). «Оқиға орын алды» (дұрысы – «оқиға болды»). «Ағымдағы жылы» (Дұрысы – «Биыл»). «Сұрақтар қаралды» (дұрысы – «мәселелер қаралды». Сауатсыз журналистерге қарап сауатына сенімсіз шенеуніктер «сұрақтарды қарап жатырмыз» деп сөйлетін болды.

Сонымен, қазақ телевизиясында қолданылуы жағынан барлық тіркестің алдына шығып тұрған осындай үш-төрт дүмбілез тіркес бар. Әсіресе, көбіне-көп төтенше оқиғаларға байланысты «орын алды» деген тіркес өте көп айтылады. Егер «кемшіліктер орын алды», «олқылықтар орын алды» десе, тұрпайылығы онша білініңкіремес еді. Ал өрттің, жарылыстардың, тайфунның, тағы басқа зауалдардың «орын алуы» – ақылға сыймайтын жәйт. Тілші-ғалымдар маман ретінде тележурналистерге ескертуден кенде емес, бірақ олар көбіне құлақ аса қоймайды. Не сөз білмеуді кемшілік санамайды, не газет қарамайды. Шындығында, ешкімнің ештеңесі кетпейді. Тек журналист өзінің сөз сабақтай білмейтінін эфир арқылы ел-жұртқа өзі насихаттайтыны болмаса.

Телебағдарламар тілді дамытуға да, оны шұбарландыруға да өз үлесін қосып келеді. Орысша оралымға орайласып тұрған «сұрақтар қаралды», «ойларымен бөлісті», «жабық есік жағдайында өтті», «күдіктіні құрықтады» деген тіркестер жанарымызды жаңылдыратын болды. Тіпті мал ауруы жөнінде мәлімдеп отырған жас журналистің «күдікті сиыр қамауға алынды» деп көсемсігенін де көрдік. Сонымен қатар, мүлде орашолақ құрылған «Президентпен бекітілген», «бастықпен қол қойылған», «полициямен қуғындалған», «қылмыс Челахпен жасалған» деген сыңайдағы тіркестер де эфирден өте бастады. Бұл сөздер – «Президент бекіткен», «бастық қол қойған», «полиция қуғындаған», «Челах жасаған қылмыс» деген тіркестердің осы заманғы «қазақшасының» түрі. Орысша ойлап отырып аударылған дүниелер. Ал қазір осындай тіркестерге әбден еті үйренген мамандар тележурналистиканың әр түрлі тетіктерін ұстап отыр.

Қазіргі бірқатар телерналардағы бағдарламалардың тілден ақсайтыны кім-кімге де таңсық емес. Тіпті осыған жұрттың құлағы үйреніп кеткендей әсер қалдырады. Техникалық мүмкіндігі мол кейбір арналардың журналистері сөзді дұрыс қолдана білмегендіктен көрерменнің көңілін суытып алып жүрген сияқты. Әрине, сөздің мәнін түсінетін, мәйегін ала білетін жастар баршылық. Кейде солардың бағдарламаларын көріп, мерейің өсіп қалады, ал кейде оралымға келмейтін орашолақ тіркестер мен шалағай сөйлемдер әдемі әсеріңнің ұйқы-тұйқысын шығарады. «Бір қызымнан бір қызым сорақы» дегендей, орысша ойлап отырып тіркес қолдану жағынан бір арна бір арнадан асып түседі. Ілгеріде мұндай кемшілікті рабайда біреу жіберетін. Қазір сәт сайын, сағат сайын сылтып басатын сөйлемдер эфирден тоқтаусыз өтіп жатыр. Осындай құбылыс жаппай етек алып кеткен соң, бағдарламалардың редакторлары мәтінді жөндеуден әбден титықтап шаршаған сияқты. Бір ғажабы, тікелей эфирде мәтін оқып отырған жүргізушілер сөйлемдерінің ойқы-шойқы екеніне тіпті қысылмайды. Айызы қанып, рахаттанып тұрып баяндайды. Бірақ осы арқылы қалың елге қаптаған қатені күштеп таратып жатқанын білмейді.

Телехабарларда қылмысқа қатысты «құрықталды» деген сөз үнемі қолданылып келеді. Ал құрықтай қойсын. Бірақ «қолға түсірді», «ұстады», «тұтқындады», «жолын кесті», «адымын аштырмады» деген тіркеске сұранып тұратын ұғымның бәрін «құрықтады» дей салғаннан не ұтамыз?

Жол апаты туралы баяндаған бір телеарнаның жүргізушісі «екі темір тұлпарды соққан» деп әрлеп сөйлемекке талпыныс танытты. Әр сөздің қолданылатын орны болады. Егер «темір тұлпарды сыйға тартты» десе, жарасар еді. Ал көшеде көлік соғысып жатқанда «темір тұлпар» деп әспеттеудің қажеті жоқ.

Сондай-ақ осы бағдарламада «Жиырма алты пилоттық жобалар» деген тіркес қолданылды. Орысшадан тікелей әрі ешқандай бас ауыртпай аударылған «пилоттық жоба» дегеніміз «алғаш рет ұсынылып отырған жоба» немесе «байқап көру үшін ұсынылып отырған жоба» деген мағынаны білдіреді. Жұртқа ұнаса, әрі қарай жалғасатын дүние дегенді аңғартады. Оны журналистер ұзыннан-шұбақ етіп айтуға ерінсе, «байқау жобасы» немесе «таныстырылым жобасы» деп атауға да болады. Содан соң алдында «жиырма алты» деген сан тұрған соң «жобалар» деп көпше түрде қолданудың жөні жоқ.

Бірқатар журналистер «Осы туралы ойларыңызбен бөлісіңізші» деп эфирдің мейманына қиылып отырады. «Ойларыңызбен бөлісіңізші» деген – орысша оралымнан қазақшаға тікелей аударылған тіркес. Тоқсаныншы жылдарда бірді-екілі журналист сөз білмегендіктен осылай қолданатын. Қазір жастар арасында бұл ұғым жаппай сипат алып кетті. Қазақ қашан бір-біріне «Ойларыңызбен бөлісіңіз, пікірлеріңізбен бөлісіңіз», – деп қолқа салып еді? Дұрысы: «Осыған орай өз ойыңызды айтыңызшы», немесе «Қандай пікір айтасыз?». Ең қазақы нұсқасы: «Не ойлағаныңыз бар, не айтасыз?». Сонда осыны қолдан бұрмалап, неге әуре болып жүрміз? Қазақтың атам заманнан қалыптасқан өзі тілін неге қолданбаймыз?

Бір журналист қарындасымыз «ливандықтарға көңіл айтты» деген тіркесті «ливандықтарға көңіл білдірді» деп қолданды. Не айтып, не қойып отырғанын өзі де білмейді. «Пәленше түгеншеге ұтылды», – деп толғайды спорт комментаторлары. Бұл – орысша ойлағаннан туған тіркес. Анығырақ айтсақ, орысша ойлап сөйлейтіндердің енгізген ұғымы. Неге екенін білмейміз, әйтеуір осы дүмбілез тіркес комментаторлардың жанына жағады. «Пәленше түгеншеден ұтылып қалды» деген тіпті қателесетін де жөні жоқ ап-айқын ұғым емес пе!? Ендеше, өңкей қазақ мектебін бітірген спорт комментаторларына осыны жөндеп айта алмайтындай не көрінді?

Қазақ тілінде «місе тұтпады» деген тұрақты сөз тіркесі бар. Бұл сөз тіркесі «менсінбеді», «қанағат қылмады», «бойына шақ көрмеді», «лайық көрмеді», «көңілі толмады» деген мағынаны білдіреді. Комментаторлар осының өңін айналдырып, «қанағат тұтты», немесе «қанағат қылды» дегеннің орнына «місе тұтты» деп қолданады. Тұрақты сөз тіркестерінің ешқашан өзгермейтінін, яғни басқалай қолдануға болмайтынын белгілі спорт журналистері ұға бермейді.

Тележурналистер адамның жасы туралы айтқанда тағы да тілден сүрінеді. «Қырық сегіз жасар дәрігер», «Сексен бір жасар ақсақал» деп таныстырады оларды. Қазақтың тілінде «жасар» сөзі сәбилік, балалық шақты бейнелеу үшін ғана айтылса керек-ті. Бес жасар, он жасар, он бес жасар... Ал жиырмадан асып кеткеннен кейін «жасарды» қосақтаған үйлесімді болмайды. «Бұл кісінің жасы сексен бірде» не болмаса «Қырық сегіз жастағы дәрігер» десең жетіп жатыр ғой.

Соңғы жылдарда теледидардан қазақша ән шырқалып жатқанда эфирге SMS жүйесі арқылы хабарлама беріп отыру үрдісі қалыптаса бастады. Әдеттегі дағды бойынша Ресейдің, басқа да шет мемлекеттердің телеарналарынан айна-қатесіз көшіріліп алынған бұл тәсіл қазақы қалпымызға онша қолайлы болмай тұр. Себебі, SMS жүйесі бойынша берілетін хабарламалардың тілі әлі қазақшаға көшкен жоқ. Сондықтан шала қазақ шенеуніктердің тілі секілді қойыртпақ бірдеңелер эфирден тоқтаусыз өтіп жатыр.

Қаптаған ақпараттар тасқынының кесірінен қазақша кітаптан аулақтап қалудың ақыры хаттарды қатеге толтырып жазуға әкеп соқтырды. Жастар тыныс белгіге мән бермейді. Соның салқыны SMS жүйесі арқылы хат-хабар жолдағанда да көрініп тұрады. Бас әріп, үтір, нүкте, леп белгісі дегендер емге табылмайды. Мәтін жолдаушы хабарламаның мазмұнын ұқтырса, жетіп жатыр. Өйткені SMS жүйесі арқылы телефонмен хат-хабар жіберушіде өз жазғанына деген жауапкершілік сезімі бола бермейді. Тіпті орыс тіліндегі осындай мәтіндерді жолдаушылардың өзі грамматикалық қателерге пысқырып та қарамайды.

Біздің пікірімізше, теледидар титрынан SMS жүйесі арқылы қазақша жазылған мәтіндерді өткізуге әлі ертерек. Өйткені телефондағы орыс әліпбиінің мәтінін пайдаланып, жазылатын қазақша мәтіндер тұрмыстық қажеттілікті ғана өтей алатындай дәрежеде ғана. Теледидар – миллиондаған көрерменнің аудиториясы. Оларға күлдібадам мәтінді ұсыну – үлгі етіп көрсететін нәрсе емес. Оңы мен солын әлі танымаған жас өскін соған қарап тіл ұстартып жүрсе қайтеміз? Тележурналистиканы зерттеуші ғалым Құдайберген Тұрсыновтың «Тіл ұшына іліне қалған сөзді айта салмай, саралай келіп, салиқалы да сабырлы сөзге дес берсек» [4,64], – деген талабын осы тұрғыдан түсінуіміз керек.

Осыған орай бірқатар ұсыныстарды ортаға салғанды жөн көрдік.

Телеарналарда тілді дұрыс қолдану мектебін қалыптастыру керек. Телекомпанияда бірнеше ұрпақтың өкілі қатар қызмет істеген жағдайда эфирде орнымен сөйлеу, дұрыс айту дәстүрі сақталады. Айтары бар аға буын, олардың ізін басқан орта буын, кейінгі жас буын қатар қызмет істегені жөн. Сонда мамандар арасындағы сабақтастық сақталады. Барлық буынның бір-біріне үйрету үрдісі ұмытылмайды.

Мерзімді басылымда біраз уақыт қызмет істеген жастарды телеарналарға көбірек тарту тәжірибесін енгізген дұрыс. Олардың тілдің қолданыстарында селкеулік бола бермейді.

Теларналардағы стилист-редакторлардың жұмысын жетілдіру керек. Олар апта сайын шолу жасап, кемшіліктерді көрсетіп тұруға тиіс. Мысалы, ілгеріде «ң» әрпіне тілі келмейтін журналистер де телевизияда қызмет істеген кезі болды. Бірақ олар «ң» кездеспейтін сөздерден мәтін құрап, бағдарлама жүргізе алатын. Шындап қолдана білсең, шеберліктің шегі болмайды. Стилист-редакторлар осындай ірі олқылықтардың да орнын толтыратын.

Қорыта айтсақ, қалың жұрттың «көзі мен құлағы» болып отырған бұқаралық ақпарат құралдарының тіл бұзудың емес, тілді түзеудің мінберіне айналуына бәріміз де үлес қосқанымыз абзал.

Әдебиеттер:

1. Байтұрсынов А. Ақ жол. Алматы: Жалын, 1991.

2. Сыздық Р. Қазақ әдеби тілінің тарихы. Алматы: Арыс, 2004.

3. ХХ ғасырдағы қазақ әдеби тілі (Жауапты редактор – Б.Әбілқасымов). Астана: Елорда, 2000.

4. Тұрсынов Қ. Көгілдір экран құпиясы. Алматы: Қазақ университеті, 1998.

Резюме

В данной статье рассматриваются вопросы культуры речи в современных средствах массовой информации: анализируются проблемы культурно-речевого уровня использования языка в СМИ, предлагаются пути их решения.


Summary

This article is about the culture of speech in current mass media: there is an analysis of problems of cultural level of speech in mass media. There are ways to solve this problem.




ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ «ДИАЛОГ ЕУРАЗИЯ»:

МӘДЕНИ ЫҚПАЛДАСТЫҚ ПЕН СҰХБАТ

Дихан Қамзабекұлы,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ проректоры,

ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі,

филология ғылымдарының докторы, профессор

Астана. Қазақстан
Қазақстан – рухани кемелдікке мүдделі және сол үшін аянбай тер төгіп келе жатқан ел. Ата-бабамыз ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап қалған біздің жер – біраз дүниенің орталығы. Мысалы, түрік дүниесінің орталығы, Еуразияның орталығы, діни-рухани парасаттың орталығы, береке-бірліктің орталығы.

«Түрік балалары енші алып тарасқанда, қазаққа қара шаңырақ қалған жоқ па?!» деп айтқан ақын Мағжан. «Қазақстан – жаңарған Еуразиялық қауымдастықтың орталығы болады» деп айтқан Елбасы Н.Ә.Назарбаев. «Қазақ елінің тарих қатпарынан талай діннің жұрнағын табасыз. Бүгін мұнда 71 пайыз мұсылман тұрады. Сөйте тұра әлемдік діндердің жиынын тұрақты өткізіп тұратын бірден-бір ел – Қазақстан» деп айтқан діни қайраткерлер. «Біз біргеміз, сөгілмесін іргеміз!» деп айтқан Қазақстан халқы Ассамблеясы.

Осы тұрақтылық пен ынтымаққа тек қана қуануымыз керек. Өйткені, Қазақ елінің құшағы досқа – кең, дұшпанға – сабақ. Сабақ деуімізге себеп, қазақта әдемі сөз бар: «Таспен ұрғанды аспен ұр» деген. Мұның мағынасы да – достық пен татулық.

Жалпы қазақ халқы дос тапқанды жақсы көреді. Сондықтан оның нақыл сөздерінің көбі осы мақсатта айтылады. Мәселен, «Жолдасы көптің қолдасы көп», «Пайданың зоры – дос үшін шеккен зиян», «Достың ескісі жақсы, киімнің жаңасы жақсы» т.б.

Бізде тағы да мынандай тағылымды сөз бар:

Әйеліңмен дос бол – берекең кіреді,

Азаматпен дос бол – қадіріңді біледі,

Білімдімен дос бол – ақыл-кеңес береді.

Біз халық нақылын неге осыншама көп айтып отырмыз? Айтып отырған себебіміз, 21 жылдық тәуелсіздігіміздің тарихында елімізге дос көңілімен келіп, ортақ мәдени-рухани жұмыстарымызды бірлесе көтеруге септесіп жүрген «Диалог Ауразия» («Диалог Еуразия», «Еуразия сұхбаты») платформасының Қазақстандағы нәтижелі еңбегі арнайы сөз етуге тұрарлық дер едік. Тіпті мұны (арнайы сөз етуімізді) «Дос көңіл деген қандай-ды?» деп қазақыландырып қойсақ та артық болмас.

Әлемдік достастық пен бірлік айдынында 1998 жылы ақ желкенін көтерген «Диалог Еуразия» «DА» платформасының Қазақстан бөлімшесі немесе комитеті біздің елімізде 2000 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оның негізгі миссиясы – бейбіт қатар өмір сүру мен рухани үйлесімділікті насихаттау, осы бағытта шараларды жүзеге асыру, әлемдік құндылықтардың маңызын түсіндіру, байыптау.

Қазір Қазақстан Республикасының мәдени-рухани саласында «Диалог Еуразия» платформасын білмейтін адам кемде-кем. Өйткені бұл халықаралық ұйым тәуелсіздіктің ең жауапты жылдарында «бірлесе көтерген жүк жеңіл» дегендей істерді атқарды. «DА»-ның Қазақстандағы шағын жұмыс тобы еліміздің орталық қалаларында ғана жұмыс істемей, облыс орталықтарымен де тығыз байланыс орнатып елдік шаралардың негізгілерінен шет қалмады.

Бұл шараларды біз үш топқа жіктеп қарастырамыз. Бірінші – ел зиялыларының еңбектерін республика мен әлемге насихаттау. Екінші – заманның аса көкейкесті тақырыптарына арналған форум, конференция, дөңгелек үстел, семинар т.б. шаралар ұйымдастыру. Үшінші – рухани-имандылық шараларына зайырлылық сипат беру.

Қазақ халқында: «Барған жеріңнің биігіне шық, үлкенімен жолық» деген тағылымды сөз бар. Әр ұлттың биік тұлғалы зиялы азаматтары – сол ұлттың бет-бейнесі, парасаты. Осы тұрғыдан келгенде, «Диалог Еуразия» платформасының Қазақстан бөлімшесі 2002 жылдан бастап Халық жазушысы, Еңбек ері Ә.Кекілбайұлының, Халық жазушысы Ш.Мұртазаның, әлемге белгілі ақын, қайраткер О.Сүлейменовтің, әлемге белгілі жазушы Ш.Айтматов пен танымал ақын М.Шахановтың (бірігіп жазған еңбектерін), Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Н.Оразалиннің, академик-сенатор Ғ.Есімнің таңдаулы шығармаларын түрік тіліне аударып, оның тұсаукесерін өткізуге ұйытқы болғаны – айта кетерліктей фактілер. Тіпті мұны «мәдени-рухани елшіліктің алтын көпірі» деп атасақ та жарасады.

Сондай-ақ «ДА» бүкіл түркі жұрты ғана емес дүниежүзіне танымал ойшыл, қайраткер Фетхуллаһ Гүленнің бірнеше жинағын қазақ тіліне аударуға себепші болып, оның тұсаукесер шарасын ғылым-біліми, зайырлы сипатта өткізгенін айта кеткен жөн. Бұл ретте 2009 жылы Алматы және Астана қалаларында өткен «Фетхуллаһ Гүлен және бүгінгі әлем» атты танымдық-шығармашылық кешті ерекше атаймыз. Осындай достық ықылас пен мәдени ынтымақтастықтың арқасында 2010 жылы Ф.Гүлен тұлғасы мен шығармашылығына арналған қазақ зиялыларының (ғалым, ақын-жазушы, журналист, дінтанушы т.б.) «Сана сәулеткері» атты мақалалар жинағы жарық көрді.

«Диалог Еуразия» платформасының Қазақстан бөлімшесі ұйымдастырып жүрген ғылыми-біліми, көпшілік-танымдық шараларды екі топқа бөлуге болады. Біріншісі – Қазақстанда өткізген шаралары. Екіншісі – Түркия немесе өзге де елдерде өткізілген шараларға атсалысуы. Бұл жерде шараның аты мен заты ғана емес, мәдениеттанушылық, руханияттанушылық салмағы айрықша болғанын айта кеткен лазым. Енді соның бірнешеуін атап өтейік: «Ұлттық мәдениеттердің тарихи сабақтастығы» (Алматы: қалалық әкімдік, 2003), «ХХІ ғасырдағы халықтардың келісім мен бір қатар өмір сүру мәдениеті» (Алматы: ҚР Парламенті, 2005), «Еуразия: ұрпақтар мен мәдениеттер сұхбаты» (Астана, 2010) атты халықаралық форумдар мен «Ұлттық ақпарат құралдары жаһандану жағдайында» (Алматы: ҚазҰУ, 2006), «Мәулана және бүгінгі әлем» (Алматы: Жастар театры, 2007), «Өзара әдеби ықпалдастық» (Алматы: Жазушылар одағы, 2010), «Отбасы және қоғам: дәстүр, құндылық, мұрат» (Астана: ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия, 2010) атты ғылыми-практикалық конференциялар.

Ал, Түркия мен басқа да шетелдерде өткізілген шаралардың ауқымы мен маңызын да ерекше атауға болады. Мысалы, ҚР Парламенті Мәжілісінің бір топ депутаттарының қатысуымен Стамбұл-Анкара-Кония қалаларында өткен «Мәдениет, білім, сенім еркіндігі және бейбіт қатар өмір сүру» атты шарасы (2009), ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қ-Ж.Тоқаевтың қолдауымен Стамбұл-Мардин-Урфа қалаларында өткен Қазақстан дінтанушылары мен діни жетекшілерінің «Рухани түсіністік пен келісім» шарасы (2009). Сонымен бірге «DА» өткізген мынандай халықаралық форумдарға Қазақстан делегациясы қатысты: «Жастар форумы» (Анталья, 2009), «Орталық Азия – сұхбат пен ынтымақтастық өңірі» (Бішкек, 2010), «Отбасы және әлем» (Анталья, 2011), «Қазіргі әлемдегі мұғалімнің миссиясы» (Одесса, 2012), «Әлемдік экономикалық жүйені байыптау» (Анталья, 2012), т.б.

«Диалог Еуразия» платформасының Қазақстан бөлімшесі жыл сайын рамазан айында өтетін «ауызашар» имандылық шарасына да мәдени-біліми сипат беруге тырысады. Бұл ретте Астана, Алматы қалалары мен облыс орталықтарында «Сүйіспеншілік және бейбіт өмір сүру мәдениеті» деген атпен ифтар өткізіледі. Мұнда зиялы қауым мен қарапайым адамдар рухани келісім мен бейбіт қатар өмір сүрудің ислам діні аясындағы құндылықтарын байыптайды.

Біздің байқап жүргеніміздей, «DА» әлемдік халықтық мейрамдарды діни және ресми деп бөлмейді. Бұл ұйым мейрам-мерекелердің елді біріктіретін философиясы мен парасатына, практикалық мәніне жиі назар аударады. Осы орайда «Диалог Еуразия» платформасының Қазақстан бөлімшесі жиі қатысып жүрген «Наурыз мейрамы» мен «1 мамыр - Қазақстан халқының бірлігі күні» мерекесін атап кеткен орынды. Аталған мерекелерге «DА» үлкен даярлықпен келіп, Астана және Алматы қалаларында орайлы мәдени шаралар, кездесулер, рухани сұхбаттар өткізіп жүр.

«DА»-ның басым бағытының бірі – жастардың рухани кемелдігі мәселесі. Осы орайда ұйым Астана мен Алматы қалаларындағы жетекші университеттердің талапты жастарын зерделік-зияткерлік байқауларға, ғылыми-мәдени шараларға тартып жүргенін байқаймыз. Мысалы, бұған Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өткен «Әлемдік бейбітшілік пен ұрпақтар сабақтастығын сақтаудың жаңа бағыттары» атты дебат-сайысты (Астана, 2008), Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өткен «Жастар болашағы және мәдени сұхбат» атты кешті (Алматы, 2009) ұйымдастырғаны дәлел болады.

Қай елде болсын қарапайым халық пен зиялылар тоғысатын елеулі орын – жазушылар қауымдастығы. Себебі, халық өз ой мен сезімін ақын-жазушыларға жеткізгісі келеді, ал қаламгерлер елдің мінбері ретінде жұрттың ойын қоғамға жеткізеді. Осы ретте «Диалог Еуразия» платформасының тұңғыш төрағасы заманымыздың заңғар жазушысы марқұм Шыңғыс Айтматов болғанын айта кеткен абзал. 2009 жылы төраға лауазымына ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Н.Оразалин сайланды. «DА» мен Жазушылар одағының ықпалдастығы, ынтымақтастығы түрік дүниесі мен әлем үшін олжа болды. 2010 жылы Жазушылар одағының 75 жылдық мерейтойын атап өтуге «DА» ұйымдастыруымен Еуразия елдері Жазушылар одағы басшыларының келуі мерекенің халықаралық сипатын, маңызын арттырды. Ал, 2011-2012 жылдары төрағалық міндеті Украина зиялыларына өтіп, аталған қызметті әйгілі голодомор ақиқатының белсенді зерттеушісі, Киев мемлекеттік университетінің профессоры Владимир Сергейчук атқарды. Аталған ғалым бірнеше мәрте Қазақстанға келіп, «Қазақ елі көшбасшысының парасатына, ұлт зиялыларының отаншылдығына ризашылығын» жеткізгені есімізде. 2012 жылы 1 желтоқсанда «DА» төрағалығы Беларусь зиялыларына бұйырды. Енді оны 2 жыл Беларусь мемлекеттік Өнер академиясының проекторы, өнертанушы-профессор Светлана Винокурова басқаратын болады.

Қазақстан Республикасының Парламентінің екі палатасы да мәдениет, руханият, қоғамдық келісім мәселесін орынымен шешуге мүдделі. «Диалог Еуразия» платформасының Қазақстан бөлімшесі, оның бұрынғы координаторлары Әли Челикбаш, Салих Акчай мырзалар Қазақстанның депутаттар корпусымен тығыз байланыста жұмыс істеді. Сонымен бірге «DА» платформасы Қазақстандағы Ұлттық комитетінің жетекшісі академик, сенатор Ғарифолла Есім болғаны халықаралық мәдени-рухани шаралардың жандануына, мәселелердің шешімін табуына ықпал етіп отыр. Бұл ретте «Диалог Еуразия» платформасы жұмысына кезінде Қ.-Ж.К.Тоқаев, О.Б.Мұхамеджанов сынды қайраткерлердің жоғары баға бергенін жақсы білеміз. Қазіргі «DА» координаторы Садреттин Челик - Елбасымыз негізін қалаған «Нұр Орда» қазақ-түрік лицейінде директор болған азамат. Сондықтан ол да басталған жұмысты мәдениет пен білім бағытында салаландыруды көздейтінін айтады.

«Диалог Еуразия» платформасының Қазақстан бөлімшесі Елбасымыз негізін қалаған Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетімен де тығыз қарым-қатынаста. Әсіресе, екі ұйымның да салиқалы еуразиялық миссиясы, мәдени-ғылыми қызметі әлемдік парасатты еңбектің мысалы болып отыр. Бұл ретте 2010 жыл 28-30 сәуірде Астана қаласында өткен «Еуразия: ұрпақтар мен мәдениеттер сұхбаты» атты халықаралық жастар форумының елеулі шаралары аталған университетте жүргізілгені де белгілі.

«DА-Қазақстан» платформасы жаңа форматтағы ізденістерімен де айрықшаланады. Мысалы, ол 2010 жылы «Астана мінбері» атты танымдық-ақпараттық шараны бастады. Оның алғашқы тақырыбы: «Нахчыван Декларациясы: түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығының жаңа кезеңі» деп аталды. Бас баяндаманы сол кездегі Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі, Төтенше және өкілетті елші Қайрат Шораұлы Сарыбай жасады. Жиынға мәжіліс және сенат депутаттары, ғалымдар, ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері, журналистер қатысты.

«Диалог Еуразия» платформасы БАҚ немесе масс-медиа бағытында да біраз жүйелі жұмыстар атқарды. Қазақстанның ақпарат кеңістігіне 2005 жылдан халықаралық «DА» журналының «da Қазақстан» қосымшасы шыға бастады. Мұнда мәдениет, руханият, білім, ғылым, сұхбаттастық, келісім т.б. маңызды бағыттар бойынша қазақ тіліндегі материалдар жарияланып тұрады. «da Қазақстан» оқырманы – елдің қалың қауымы, оның ішінде зиялылар да, қарапайым еңбеккерлер де бар.

2009 жылы «DА» Қазақстан комитеті өз жұмысын жүйелендіріп, салаландырып, Алматы және Астана ұлттық комитеттерін құрды. Алматы комитетінің төрағасы болып белгілі әдебиеттанушы, филология ғылымдарының докторы, әл-Фабари атындағы ҚазҰУ филология факультетінің деканы Қансейіт Әбдезұлы, Астана комитетінің төрағасы болып осы жолдардың авторы сайланды.

Ал, енді «Диалог Еуразия» платформасы бүгінгі Қазақстанның экономикалық, әлеуметтік-мәдени және саяси жедел жаңғыру жолымен орнықты дамып, әлемдік үйлесімділікке елеулі үлесін қосып келе жатқанына қалай қарайды?» деген сұрақ төңірегінде бірсырыпа әңгіме қозғауға болады. Мәселен, «DА» Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық жөніндегі ұйымға посткеңестік республикалар ішінен бірінші болып Қазақстанның төрағалық етуін – аса айрықша оқиға балады. Бір айта кетерлік жайт, бұл оқиғадан дәл 11 жыл бұрын ЕҚЫҰ төрағалығын Түркия Республикасы атқарған-ды.

«DА» айтып-жазып жүргендей, Отанымыздың түрлі саладағы табысын сырттан келген лауазы жоғары мәртебелі қонақтар өз көзімен көріп, лайықты бағалап та отыр. Ішкі өніміміздің саны мен сапасының артқаны, өндірістік-инновациялық стратегиямыздың дәйекті жүзеге асып жатқаны – ертеңіміздің баянды кепілі. Мәселен, тәуелсіздік алғалы бері Қазақстан экономикасына қомақты инвестиция келгені мемлекетіміздің беделі мен берекесін айқындайды. Отандастарымыздың әл-ауқаты артты. Тұрғын-үй мәселесі де орайлы шешіліп келеді. Саяси және құқықтық реформалар да өз жемісін бере бастады. Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы мен республикамыздың білім саласындағы модернизация шаралары рухани, білімдік-біліктік және ғылыми бағдарда өрістеуімізге мол мүмкіндік ашты.

Қазақстанның 17 миллион халқы мүддесі мен арманы ортақ, айрандай ұйыған бір отбасыдай тіршілік кешіп келеді.

Еліміздің сыртқы саясаты да байыпты. Бұл саясаттың басым бағытын – ХХІ ғасырдың күллі зәруліктеріне жауап беру, ұзақ мерзімге арналған ұлттық мүдденің қажетін қамтамасыз ету, жан-жақтылық пен тепе-теңдікті қатар ұстау құрайды. Азат Қазақстан Шанхай ынтымақтастығы ұйымын, ТМД аясындағы реформаларды, Еуразиялық экономикалық қауымдастық пен Бірыңғай экономикалық кеңістікті қалыптастыруды дамытатын аймақтық ықпалдасуға көп көңіл бөледі.

«DА» Қазақстан комитетінің пікірінше, осынау әлем мен ұлтымыздың олжасына айналған іс-шаралардың ұйытқысы әрі ізашары – жалпыұлттық көшбасшымыз, Еуразиялық одақ тұжырымдамасының авторы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев.

Былтырғы еліміздің Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық жөніндегі ұйымға төрағалық еткен лайықты іскерлігінің бір бастауын осыдан он жеті жыл бұрын Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Еуразиялық Одақ» жобасын тарихи жария етуімен де байланыстыруға болды.

Жалпы еуразияшылдық - тарихнамаға тағзым ету емес, осы көзқарастың негізін қалаған зиялылардың идеяларын жай ғана ретроспективті талдау емес, сондай-ақ дана тарихшы Лев Гумилевтің мұрасына деген сүйіспеншілік пен қызығушылық та емес. Бүгінгі еуразияшылдық - жаңа кезеңнен болашаққа тартылған өзіндік тарихы бар өзекті және жаңашыл құбылыс. Еуразияшылдықтың мән-мағынасын аз сөзге сыйдырсақ: ол – мәдени және еларалық тұтастықты сақтау негізіндегі әлеуметтік жаңару, экономикалық даму.

Қазіргі еуразияшылдықтың айрықша өзекті жайы Президент Н.Ә. Назарбаевтың «Сындарлы он жыл» кітабында жете сөз болады. Жаһандану – аса күрделі құбылыс. Бір жағынан, ол технологиялық дамуға, экономикалық жаңаруға, динамикалық өсуге жол ашады. Сөйте тұра бұл даму тұтастықты жоғалту үдерісі арқылы жүзеге асады, мәдениетке, тарихи өзіндік ерекшелікке, конфессиялық және этникалық бірегейлікке кері әсерін тигізеді. Жаһандануға сыни көзбен қарай алмаған қоғам өзіндік бет-бейнесін жоғалтады, стандартты және ұлттық кескінсіз қоғамға айналады. Жаһандануды қабылдамайтын «жабық қоғамды» қолдайтын елдер де бар. Олар осылай өзінің тұтастығын сақтауға тырысады. Бұл жартылай ғана іске асады: тоқырау басталады, әлеуметтік серпін жойылады, жүйе біртіндеп ыдырайды. «Жабық қоғам» - тұйықтан шығудың жолы емес.

Қазіргі кезеңдегі еуразияшылдық «үшінші жолды» - дәстүр мен консерватизмді ескеретін серпінділік пен ашықтықтың үйлесімін ұсынады.

Бүгінгі еуразияшылдық – тұтас алғанда жаңа құбылыс. Ол белгілі бір дәрежеге дейін демократиялы, сауатты, ашық, экономикалық дамуға айрықша мән беретін прагматикалық қоғамды жасақтайды.

Әр халықтың өзіндік ерекшелігі мен дәстүрі бар. Жер шарының адамдары көршісінің рухани ерекшелігіне ыждаһатпен қарағанда ғана бірін-бірі түсінісе алады. Осылай ғана халықтар мен мемлекеттер шын мәнінде өзара жақындаса алады.

Қазіргі еуразияшылдық осыдан 18 жыл бұрын Н.Ә.Назарбаевтың М.Ломоносов атындағы ММУ мінберінен «Еуразиялық Одақ» туралы айтқан тарихи сөзінен кейін қалыптасты. Қайраткер алғаш рет еуразияшылдықты ірі ауқымда теориялық тұрғыдан ғана емес, сонымен бірге практикалық саясаттың тармағы ретінде де белгіледі. Бұл еуразияшылдық ойдың тарихындағы маңызды бір белес еді.

Еуразияшылдық Қазақстанға не берді немесе не беріп жатыр? Бұл жөнінде де «DА» Қазақстан комитетінің өзіндік байламы бар.

Біріншіден, еуразияшылдық – қоғамның тарихи тұрақтылығын, жаңаруын, дәстүрін сақтайтын қарқынды даму үйлесімі. Мұның рәмізі ретінде Астана құрылысы мен мәдениетін алсақ та жеткілікті.

Екіншіден, еуразияшылдық – Еуразиялық Одаққа, посткеңестік кеңістіктің ықпалдасуына бағдар жасау. Еуразиялық ықпалдасу -экономикалық даму талаптарын басшылыққа ала отырып, егемендік пен демократияны сақтау мен нығайту қағидасы.

Үшіншіден, еуразияшылдық – Еуроодақ пен әлемдік игілікті қауымдастыққа ықпалдасуға орайласқан бағыт. Бұл – ТМД және Орталық Азия елдерімен, Қытаймен, сондай-ақ Түркиямен, араб әлемімен өңірлік серіктестіктің дамуы.

Еуразияшылдықтың осы үш бағдары қазіргі Қазақстан басшылығының практикалық саясатында көрініс тапқан. Бұл – тарихи жоспардың жүзеге аса бастауы және қазақ тарихының нақтылануы.

Біз бүгін жаңа әлемде өмір сүріп жатырмыз. Оның бір ұстыны саналатын еуразия әлемі - әдемі ой ғана емес, сонымен бірге шынайы, іс-қимыл факторы. Еуразияшылдық – жаңашыл заман арқауы. Бұл арқау - өте нәзік құбылыс. Дүниетаным тірі ағзаның қалыптасуы сияқты пайда болады: есейеді, дамиды және нақты өмірге енеді. «Диалог Еуразия» платформасы және «DА» Қазақстан комитеті осы мәселені жиі айтады.

Біз сеніммен мәлімдейміз: Қазақстанның еуразияшылдық мұраты – ел мұратының үлкен саясаттағы өрісі мен табысы. Бұл – бұратартушылыққа қарсы жұмылған Қазақ елінің мүддесі.

ТМД-ның бір қанаты ретінде неғұрлым тығыз ықпалдасу аймағы және жаңа стратегиялық еуразиялық құрылымның өзегі болып саналатын Еуразиялық экономикалық қауымдастықтың (ЕурАзЭҚ) бүгінгі беталысы да тарихтың соны парағын ашып жатқандай. Өзгеше бағдарды ұстаған Грузия, Өзбекстан, Украина, Әзірбайжан және Молдова (ГӨУӘМ) стратегиялық бірлестігі де ЕурАзЭҚ-ті белгілі дәрежеде шыңдады. Бұдан да кең ықпалдастық ауқымындағы бірлестік – Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) – бірігуге лайықталмаған кеңістіктерді ынтымақтастыруға бағыт алып, өңірлерге жаңа серпін берді.

Әрине, кей елдерде Еуразия ұғымымен КСРО-ны еске түсіру, байырғы таптаурын сезіммен бүгінгі Еуразиялық Одақтың шындығын қорыта алмау үдерісі жүріп жатқанын да жасырмаймыз.

Бұрын көп жұртқа ықпалын жүргізіп дағдыланған елдер заман жаңарған шақта саяси элитасы бас болып әлі де толқу үстінде: яғни «Ыдырау жалғаса ма? Әлде ұлттық ықшам мемлекет құрған дұрыс па?». Алаң ой басым.

Бір топ ТМД елдерімен байланыстарды үзу бағытын жандандыра түседі. Екінші топ ТМД елдерін қысқа мерзімде Мәскеу мүддесіне сай етіп құруға мәжбүрлеу үшін экономикалық, саяси және әскери қысым көрсетуге бейім. Үшінші топ еуразиялық ықпалдасуды қолдайды.

Батыста мемлекеттік бірегейліктің ауысу үдерісі шұғыл жүріп жатыр. «Ұлы жаһандану» бағытының белсенділігі артып келеді. АҚШ әлемде жалғыз жаһандастырушы болуға ұмтыла отырып, барлығына өзінің қамқорлығын ұсынады. Бұл ұлттық мемлекеттер біртіндеп жоғары саяси сатылардың - әлемдік метрополиялардың АҚШ пайдасына қарай өзгереді дегенді білдіреді. Американың қазіргі стратегиялық доктринасы бұл істі тұжырымды және құжаттамалық негізде бекітіп отыр. Бұл американдық-жаһандану факторы ықпал етудің тұрақты және тұжырымды қалыптасқан ұғымына айналып, бұрынғы кеңестік елдердің әрқайсысына жаһандануға бірігудің айрықша сценарийін енгізе бастады.

Мұнымен қатарласа жаһанданудың өзгеше нұсқасы Батыс Еуропада толық іске асып жатыр: өңірлік жаһандану, «үлкен кеңістіктің» біртұтас саяси-экономикалық қалыптасуы. Бұл ұлттық мемлекетті сақтау үлгісі де емес, сонымен бірге әлемдік империяға кіру де емес. Бұл – өңірлік күштерді біріктіру.

Жаһанданудың осы екі түрінің шарттары 20 жылдық жаңа достастық тарихы бар ТМД елдерінің күн тәртібіне елеулі ықпал етіп отыр. «DА» Қазақстан комитеті пайымынша, бүгінгі іс-қимылдың мәнді сатысы – Қазақстан көшбасшысының теория мен тәжірибені ұйыстырған еуразияшылдық идеясы бола алады. Бұл жағдайда үлгі ретінде өңірлік жаһанданудың нұсқасы түрінде ешқандай қарама-қарсы емес, соншалықты бірегей де емес «Еуроодақ» алынды. Қазақстан ұсынған еуразияшылықта ТМД елдерінің ұлттық мемлекеттілігі құндылық ретінде қарастырылды. Алайда бұл құндылықты сақтау, оның үйлесімді дамуын қамтамасыз ету – тарихи, мәдени, өркениеттік ерекшеліктерімен жақын басқа елдермен ықпалдасу әрекеттерін жасау барысында ғана жүзеге аспақ. Елбасымыздың аса байыпты саясатының айрықшылығы мынада: ол ТМД елдері басшыларының ішінде бірінші болып өз мемлекетінің барлық тәуекелшілдігін, екіұдай транзиттік қалпын жете түсініп, бұл жағдайдан шығудың оңтайлы шешімін ұсынды, өңірлік яки еуразиялық ықпалдасу – жаһандануға сіңіп кету қаупі алдындағы қазақстандық бірегейлікті сақтау әрі нығайту кепілі еді.

Н.Ә.Назарбаевтың еуразияшылдығында КСРО-дан ТМД арқылы көп полярлы әлемге сындарлы және демократиялық құрылым ретіндегі Еуразиялық одаққа өтудің айқын және баянды жолы байыпталған. Сөйтіп, Елбасымыздың бұл саладағы әрі теориясында, әрі практикасында ТМД-ның мәні-мазмұны нақтыланған: бұл құрылым жаңа геосаяси сипат алады, ұжымдық қорғаныс пен егемендік құндылықтарының жаңа полюсі жасалады. Сөйтіп, өңірдегі мемлекеттер өзіндік бірегейлігін, тарихи «менін», қоғамдық-парасаттық жолын сақтай отырып, жаңа заманға ілеседі. Еуразиялық үйлесім мен келісім пайда болады.

Қазақстан – өркениетті дамуға жанкүйер мемлекет. Елбасы айқындаған жедел жаңару, әлемдік қауымдастықтан бастамашыл легінде жүру – қоғамымыздың басым бағыты болып қалмақ. Осы орайда, бейнелеп айтқанда, әрбір ұйым, мекеме, кәсіпорын, шаруашылық, оқу орны жедел жаңару ғимаратының кірпіші. Елбасы негізін қалаған Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті де бұл жолдағы жауапкершілігін, әсіресе еуразиялық миссиясын жақсы сезінеді. Бізге жаңа заманға лайық білім беру, ғылымды салаландыру және Президентіміз көтерген Еуразия идеясын дамыту міндеті жүктеліп отыр. Мемлекет басшысының: «Қазақстан бүгін Еуропа мен Азия арасындағы коммуникациялар легінің түйіскен тұсында тұр. Біздің міндет – осынау бірегей геосаяси жағдайымызды өз еліміз бен халықаралық қоғамдастықтың мүддесі үшін ұтымды пайдалану» деген пікірі де қоғамымызға, оның ішіндегі білім-ғылым саласына айрықша қозғау салады деп санаймыз.

Еуропа мен Азияның, кең мағынадағы Еуразия мен шарттылау ТМД-ның қауіпсіздігі мен ынтымақтастығы сөз болған жерде Қазақстанның ұстанымы мен беделі айтылатын дәрежеге жеттік. Бұл жауапкершілік ел абыройын көздің қарашығындай сақтауға міндеттейді.

Нақты «Диалог Еуразия» платформасы Қазақстан комитетінің іс-шаралар жоспары еліміздің халықаралық саясат пен ішкі саясаттағы тұрақтылықты, үйлесімділікті сақтау жолындағы басым бағыттарымен үйлеседі.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   25   26   27   28   29   30   31   32   ...   47




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет