Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті
Алматы қаласы Тілдерді дамыту, мұрағаттар және құжаттама басқармасы
«Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы мемлекеттік тіл: қазіргі ахуалы және мәдениетаралық ықпалдастық мәселелері»
Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдары
29 наурыз 2013 жыл
Материалы международной научно-практической конференции
«Государственный язык в области образования Республики Казахстан: современное состояние и вопросы взаимодействия культур».
29 марта 2013 года
Тhe international scientific and practical conference
"The state language in education of the Republic of Kazakhstan: current state and questions of interaction of cultures".
29th of marсh 2013.
ББК
Л
«Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы мемлекеттік тіл: қазіргі ахуалы және мәдениетаралық ықпалдастық мәселелері». Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдарының жинағы. – Алматы: ҚазМемҚызПУ, 2013.
Материалы международной научно-практической конференции «Государственный язык в области образования Республики Казахстан: современное состояние и вопросы взаимодействия культур». Алматы: КазГосЖенПУ, 2013.
Тhe international scientific and practical conference " Тhe state language in the education of the Republic of Kazakhstan: current state and questions of interaction of cultures". Almaty, Kazakh state women pedagogical university, 2013.
ISBN
Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы мемлекеттік тіл: қазіргі ахуалы және мәдениетаралық ықпалдастық мәселелері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция ҚР Ұлттық ҒА-ның корреспондент мүшесі, Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Сейілбек Мұхамеджарұлы Исаевтың 75 жылдығына арналады. Жинаққа ғалымның ғылыми мұрасына талдау жасаған ғалымдардың мақалалары, қазіргі тілдік ахуал және Қазақстан мен әлемдегі тіл саясаты, тарихи-мәдени даму үдерісіндегі ұлттық тіл, латын графикасына көшу, оқу орындарында мемлекеттік тілде кәсіби білім берудің өзекті мәселелері, әлемдік рухани құндылықтар мен мәдениетаралық ықпалдастық мәселелеріне арналған ғылыми мақалалар енгізіліп отыр.
ББК
Редакция алқасы – Редакционная коллегия:
Д.Ж.Нөкетаева (бас редактор), А.Қ.Рысқалиева, А.Е.Бөкебаев (жауапты редактор) А.А.Сатбекова, Т.Н.Ермекова, Ж.К.Отарбекова, Г.А.Ескермесова, Н.А.Жаңабаева, С.Самархан.
ISBN
ҚазМемҚызПУ, 2013.
Д.Ж. Нөкетаева,
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық
университетінің ректоры
Алматы, Қазақстан
Қадірменді зиялы қауым!
Құрметті қонақтар, ұстаздар мен студенттер!
Филология ғылымдарының докторы, профессор Сейілбек Мұхамеджарұлы Исаевтың 75 жылдығына орай өткізіліп отырған «Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы мемлекеттік тіл: қазіргі ахуалы мен мәдениетаралық ықпалдастық мәселелері» атты ғылыми-тәжірибелік конференцияға қош келдіңіздер!
Конференцияны өткізудегі басты мақсат - ғалым рухына, оның өлмес мұрасына тағзым ету болса, сонымен қатар, халқымыздың асыл мұрасы – ана тілімізге жасалып отырған құрмет деп білерсіздер.
Профессор С.М.Исаев – қиядан қияң беретін терең де ұшқыр ойларын, өзіндік пікір-толғамдарын тіл білімінің қай саласында болса да көрсете білген ғалым.
Сейілбек Мұхамеджарұлы Исаев – 200-дей ғылыми, оқу-әдістемелік, көпшілікке арналған еңбектердің авторы. Оның ғылыми шығармашылығы сан алуан. Ол, ең алдымен, қазақ тілінің тарихы, қазақ әдеби тілінің мәселелері, қазіргі қазақ тілінің морфология, сөзжасам салаларымен, әдістемелік еңбектер, оқулықтар жазумен байланысты. Сейілбек Мұхамеджарұлы тіл білімінің келелі де ауқымды мәселелерін саналы түрде салмақтай отырып, салиқалы ой айтқан ғалымдардың бірі әрі бірегейі еді. Ғалым тіл білімінің қай саласына да көз жүгіртіп, көңіл елегінен өткізіп, тіл табиғатының сырын тани, аша білді. Сол тіл табиғатына негізделген зерттеулері мен пікірлері тек қазақ тіл білімі емес, түркология ғылымының дамуына қосылған зор үлес деп айтсақ артық емес.
Бар өмірін қазақ тіл білімінің дамуына арнаған, «тілім» деп өмір сүрген үлкен жүректі ғалым, ұлағатты ұстаз, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы ҰҒА-ның корреспондент мүшесі болған С.М. Исаев нағыз кемелденген шағында, 1999 жылы дүниеден озды. Содан беріде біздің университетте, алғаш іргесін қалаған Қайнар университетінде ғалымның туған күні еске алынбай қалған емес. 2000 жылы «Тілім деп өмір сүріп ем» атты естеліктер мен ғалымның биобиблиографиясы жарық көріп, республикалық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды. Жыл сайын Қыздар университеті мен «Қайнар» университеті «Исаев оқуларын», 65, 70 жылдығына орай республикалық, халықаралық конференциялар өткізді. Ғалымның 70 жылдығына орай ғалымның ұл-қыздары мен шәкірттері құнды-құнды еңбектерін, мақалалар жинағын, естеліктер жинағын жариялады.
Сейілбек Мұхамеджарұлы өмірінің соңына дейін өзі сүйген ғылымнан да, шәкірт тәрбиесінен де қол үзген жоқ. Жылдар бойы филология факультетін, қазақ тілі кафедрасын басқара жүріп, талай шәкірттерін ғылымға баулыды, қоғамдық жұмыстар атқарды. 10 жыл бойы институтты басқара отырып, оны ел экономикасында орын алған қиын жағдайдан алып шықты, ұлттық салт-дәстүр, отантану, сұлулықтану, этнопедагогика секілді жаңа курстар енгізіп, кадр дайындауға көп көңіл бөлді. Сөйтіп, қазақ қыздарының сүйікті ұстазы атанды.
Ғалымның құрметіне Қазақ тіл білімі кафедрасының жанынан ашылған дәрісхана, 2009 жылы Қыздар университетінде қазіргі қазақ тілінен өткен республикалық пәндік олимпиада да тіл білімінде ғалымның мектебі қалыптасқандығының айқын дәлелі болды. Күні кеше ғалымның туған күнінде, 13 наурызда қазақ тіл білімі кафедрасы факультет студенттері арасында қазіргі қазақ тілі бойынша зияткерлік олимпиада, дәстүрлі «Исаев оқуларын» өткізді.
Ғылымға бергені де, берері де мол, ұлтын сүйген ұлы ұстаз, ғылымда өз мектебі бар дара ғалым арамыздан ерте озды. Еңбегін бағалай білетін әріптестері мен ғылыми ой-тұжырымдарын келешекке жеткізуші шәкірттері Сейілбек Мұхамеджарұлының өнегелі өмірін үлгі етіп, ғылымдағы ізін жалғастыра бермек.
Алматы қаласы тілдері дамыту басқармасымен бірлесе өткізіп отырған халықаралық конференция жұмысына қатысуға келгендеріңіз үшін алғыс білдіре отырып, бүгінгі жиынымыз әрбіріміз үшін ғалымның ғибратты ғұмыры мен ғылымдағы жолы, қайраткерлік қызметі мен мемлекеттік тілді дамыту жолындағы ерен еңбегі, ұлттық тіл мәселесі мен ана тілімізде кәсіби білім берудің жай-күйі жөнінде тағылымы мол алқалы жиын болады деп ойлаймыз.
Тіл мүддесіне қызмет ету – баршамыздың қасиетті борышымыз
М. Ахетов,
Алматы қаласы Тілдерді дамыту,
мұрағаттар және құжаттама
басқармасының бастығы
Қазақ тіл білімі саласын терең зерттеу жолында елеулі еңбек еткен тұлғалардың бірі, филология ғылымдарының докторы, профессор Сейілбек Исаевтың есімі жұртшылыққа кеңінен таныс. Тіл маманының ғылыми-шығармашылық қызметі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті қабырғасындағы студенттік кезінен басталған еді. Болашақ ғалымның «Етіс жайында бірер сөз» атты мақаласы ғылым әлеміндегі тұсаукесер туындысы болды.
Сейілбек Исаевтың қаламынан шыққан қадау-қадау дүниелер қазақ әдеби тілі тарихының алтын қазынасына үстелген қомақты үлес болды. «1920 жылдардағы баспасөз тілі» атты кандидаттық диссертациясы, «Қазақ баспасөз тілінің қалыптасып дамуы» атты докторлық жұмысы қазақ тіл біліміне сүбелі еңбек болып қосылды. Терең танымды ғалым «Қазақ әдеби тілінің совет дәуірінде дамуы», «Қазақ әдеби тілінің қалыптасу, даму кезеңдері», «Қазақтың мерзімді баспасөз тілінің дамуы», «Қазақ әдеби тілінің тарихы» атты сындарлы еңбектерінде қазақ әдеби тілінің сипатын, қалыптасу жолдарын саралап, толғамды мәселелерге ғылыми тұрғыдан терең талдау жасады. «Қазіргі қазақ тіліндегі негізгі грамматикалық ұғымдар», «Тіл мәдениетінің негіздері» атты жұмыстары да тіл саласын зерттеген жас ғалымдар мен жоғары оқу орындарының студенттері үшін таптырмас көмекші құралға айналды.
Профессор Сейілбек Исаев Қыздар университетінде ұзақ жылдар бойы ұстаздық етіп, жауапты қызметтер атқарды. Оның тікелей басшылығымен оқу орнында бірқатар жаңа мамандықтар ашылғаны да мәлім. Институт жанынан кандидаттық диссертация қорғау жөнінде мамандандырылған кеңестің ұйымдастырылуы да білікті басшының жас ғалымдарға деген қамқорлығы болатын.
«Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы мемлекеттік тіл: қазіргі ахуалы және мәдениетаралық ықпалдастық мәселелері» тақырыбындағы осы халықаралық конференция Сейілбек Мұхамеджарұлының 75 жылдығы мен Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің 70 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылып отыр. Конференция барысында Қазақстан мен әлемдегі тіл саясаты, республикадағы тілдік ахуал, рухани құндылықтардың мәдениетаралық ықпалдастықтағы орны, тарихи-мәдени даму үдерісіндегі ұлттық тіл және латын графикасына көшу мәселелері қарастырылады.
Тіл мүддесіне қызмет ету – баршамыздың қасиетті борышымыз. Осы бағыттағы игі іс-шараның бірі болып табылатын конференцияның жұмысына табыс тілеймін!
Профессор С.М.ИСАЕВтың тіл және қоғам қайраткері
ретінде қалыптасуы
Өмірзақ Айтбайұлы,
ҚР ҰҒА-ның академигі,
филология ғылымының докторы, профессор
Алматы, Қазақстан
Бір қарағанда үкімет тарапынан мәртебеленген мемлекеттік тілге С.Исаевтың қандай қатысы бар еді деуге болады. Қанаты майрылып, еңсесі түскен тіліміздің еңкейіп барып ес жиюына септік жасап, тіл алаңында майдангерлік танытқан азаматтар бар. Бұл күндері оларды біреу білсе, біреу білмейді. Міне солардың қатарынан Сейілбекті ерекшелендіріп тұратын өзім куә болған екі-үш мәселені еске алғанды жөн көріп отырмын.
Ғылым академиясына жаңадан барған жас кезіміз. Студенттік дәуірде бір-бірімізді білгенмен, қоян-қолтық араласа қоймаған едік. Қазақ тілін зерттейтін әлемдегі жалғыз институтқа келгенімізді мақтан тұтып масаттанып жүрген шағымыз. Ол кездегі ғылыми ортаның жөні бөлектеу көрінетін. М.Әуезов, Қ.Сәтбаев қалыптастырып кеткен дәстүрді ары қарай ұластырғандай болып жүрген А.Жұбанов, Ә.Марғұлан, І.Кеңесбаев, М.Балақаев, Ғ.Мұсабаевтардың өзі біз үшін қол бірде жетіп, бірде жетпейтін ерен тұлғалар. Көбінесе не айтар екен деп солардың аузына қарап, елти тыңдап жүрген сарыауыз балапандаймыз. Міне осы кезде Сейілбектің ғылымға, тілге деген ұмтылысы байқала бастады. Біз сөйлеуге, мәселеге араласуға айбынып шегіншектеп отырғанда ол өз ойын ортаға салып, пікір додасына қойып кетіп отыратын. Ерте әрекеттеніп, ерте қорғады. Бұл өз алдына бөлек әңгіме.
Дәл осы кезде бізді жақындастыра түскен бір жағдай болды. Мен елден шешем мен 2-сыныпта оқитын інімді алып келіп соны орналастырар орын, қазақ мектебін таба алмай, әбден сарсаңға түсіп жүрген болатынмын. Ол кездегі жалғыз 12 қазақ орта мектебі жеті жылдық мектеп үйін сағалап өлместің күнін кешіп жатқандай екен. Інімді соған жайғастырып, мектеп күйіне көңілім толмай, балабақшаға бара бастаған өз балаларымның да болашақ тағдырын ойлап әр алуан ой ауданында жүретінмін. Біздің институттан бірнеше адам балаларын осы мектепке беріп оқытады екен. Солардың арасында С.Нұраханов, А.Қалыбаева т.б. болды. Мектеп жағдайы оларды да толғандырып жүрген. Сейітбек пен Сейілбек бір бөлімде істейтін. Солар бір күні мектепте ата-аналар бас қосатын болыпты деген хабар айтты. Бәріміз сонда бардық, бұл жиналыс ештеңе шешпегенімен, көп нәрсенің бетін ашып берді. Қ.Ахметов деген обком хатшысы келді де ай-шайға қарамастан жиналысты бастап кетті. Қорқытты, үркітті. Балаларын орысша оқытатынын мақтанышпен айтты. Қазақтардың шырқын бұзбайық, тыныштық керек дегенді баса айтты.
Міне осы уақыттан бастап біз ешкім тапсырмаған, негізгі міндетімізге ешқандай қатысы жоқ қанасалат жұмысқа жегілдік те кеттік. Ашыла қалса балабақшаға, мектепке беретін балалар тізімін жасау жұмысының бел ортасында Сейілбек жүрді. Бірден қарқындап бұлайша жұмысқа кірісіп кетуімізге шамасы сол жиналыста сөйлеген бір қарияның сөзі де қамшы болды ғой деймін. Оның сөзі әлі күнге дейін құлағымда тұрғандай. Оның жалпы нобайы былай болған еді. Еске түсіре кеткенді дұрыс көріп отырмын. Ол Ахметовтан кейін іле-шала төрге шықты да, шырағым, өзің бір сауатты жігіт екенсің, қызметің де жаман емес екен, жөн-ақ. Бұл қызметте қазақ болғандықтан жүргеніңді білемісің, айналайын. Білсең сол қазағыңа көрсеткен қызметің қайсы? Әрине балаңа қай тілде тәрбие берсең өз еркің екенінен біздің де ептеп хабарымыз бар. Ендеше, менің де сондай хақым бар емес пе? Мен, мәселен балаларымды, немерелерімді өзімнің ана тілімде оқытқым келсе, оның қандай айып-шамы болмақ. Мына мені сол мүмкіндіктен айырып отырған кім, мен осыған аң-таңмын. Сенің сөзіңе қарағанда алып-жұлып бара жатқан ештеңе де жоқ сияқты. Ал бірақ менің немерелерімді қазақша тәрбиелейтін, қазақша балабақша, қазақ мектебі жоқ? Біздің ешкімге зияны жоқ Үкіметтің жас ұрпақ тәрбиесіне байланысты талаптарымен ұштасып жатқан тілек-талабымыз неге біреулерге оғаш іс боп көрінеді? Сен сияқты халық үшін қызмет етемін деп арнайы айлық алып отырған азаматтарға күмәнім бар. Ұрпағымызды қазақша оқытып тәрбиелеу мүмкіндігінен айырып отырған сендер сияқтылар болмағанда кімдер болуы мүмкін, сонда. Әңгіме төркіні күрделеніп бара жатқан соң, жиналыс жабық деп жарияланды да жұрт тарқады. Алайда іс бітпегендей болғанмен ата-аналар үлкен ой үстінде кетті. Әркім өзінше толғанып, бұл мәселенің түйіні қайда жатуы мүмкін деген және «жыламаған балаға емшек бермейді» деген пікірді көкейлеріне түйіп кетті.
Сонымен санасына сәуле құйылғандай боп аталған жігіттер осы мәселені шешеді-ау деген мекеменің бәріне барып есік тоздыра бастады. Аудандық оқу бөлімінен басталған бұл шеру сол кездегі /Мәскеудегі/ Саяси Бюроға дейін бір толастаған жоқ. Бұл екі арада қалалық оқу бөлімі, Оқу министрлігі қалалық атқару комитеті, облыстық партия комитеті, орталық партия комитетін түгел аралап шықтық. Барлық тұста да Сейілбек оттай тұтанып жалындап жүрді. Кейде тіпті ол кездегі кедергінің көптігіне қарамастан мәселенің аяғына жетуіміз керек деп бізді де жігерлендіріп қоятын. Кімдердің алдында болмадық біздер, қала бастығы Е.Дүйсенова, облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Н.Дыхнов, хатшылар Кәкімжанов, Ахметов, орталық партия комитетінің хатшысы Н.Жанділдин т.б.
Қазір ойлап қарасақ, біздің кеудеміздегі ұлттық сананың тебіндеп көрінген алғашқы нышандары екен бұл. Әрине ұлттық мектептер мен балабақшалардың тағдырын ойлап күйзелген, әрекеттенген жалғыз топ осы болды десек ақиқаттан алшақтар едік. Бұл мәселені бізден де бұрын қозғаған азаматтар болды. Мәселен, «Қазақ әдебиеті» газетінің беттерінде белгілі ғалым, профессор Р.Бердібай бастаған бір топ әдебиетші ғалымдардың жаны күйіп жазған проблемалық мақалалары кезінде талай жүрекке от тастағаны мәлім. Белгілі сықақшы ақын Шона Смаханұлының шырылдаған үні де құлағымызда. Ал мына тұста мәселе нақтылау қойыла бастады. Яғни, қазақ тілінің дамымай жатуының негізгі себептері көрсетіліп, қандай шаралардың іске асырылуы керектігі нақты айтылды, қойылар мәселенің тәптіштелуі тұсында да Сейілбектің жігерін байқап отырдық.
Жоғарыда айтылған шерулердің қайсыбірі еске түседі. Өзінен-өзі оп-оңай шешім тауып жатуға тиісті бұл мәселелердің соншама қиындап, күрделене түскеніне таң қалудан басқа шарамыз қалмайтын. Қараңыз, бүкіл Алматы қаласы қазақтарының бала оқыту жөніндегі табиғи сұранысын өтеуге тиісті жалғыз 12 қазақ орта мектептің тағдырын осылайша мүсәпір халге жеткізу не деген сұмдық! Кімді кінәлайсың. Оқуға, білім алуға жол ашқан заманды ма? Жоқ ұлттық мүддеге селқос адамды ма? Егер әрбір лауазым иелері өзіне жүктелген міндетті мүлтіксіз орындап отырар болса біздің ел діттеген межеге әлдеқашан жеткен болар еді. Әйтеуір, сабыла жүріп, үлкенді-кішілі бастықтарды сарыла күткен шақтарымызда біздің көзіміз осыған жетті.
Бір жолы аудандық, қалалық оқу бөлімдері және оқу министрлігінен тынбаған шаруамыздың түйіні сол кездегі Алматы облыстық өнеркәсіп обкомына барып тірелді. Оның бірінші хатшысы Р.Дыхнов деген бұрынғы комсомол жетекшісі шовинистік пиғылы атқылап тұрған адам екеніне кездесу кезінде көзіміз әбден жетті. Бірақ оған кіру дегеніңіз Саяси Бюроға барудан оңай емес екен. Соның жолын қарастырып аңырып тұрған шағымызда Сейітбек пен Сейілбек мынадай ұсыныс айтты. Ол ұсыныс бойынша Дыхновтың таңертең жұмысқа келер жолын аңдитын болды. Сөйтсе, ол жұмысқа таңғы 8.45-те келеді екен.
Екі-үш күннен соң оны ата-аналар комитетінің алты-жеті жігіті, яғни біздер кабинетінің аузында тосып тұрдық. Ол ә дегенде шошып қалды. Біз мән жайымызды айтқан соң осқырынып, «ой, сендермен шұғылданып отыратын менің артық уақытым жоқ, не айтып отырсыңдар, өздерің» деп өктем сөйлей бастады. Тағы да сол Сейілбек, сосын Саламат және Сейітбек үшеуі үш жақтан сөйлеп, оған басқаларымыз қосылып Дыхновтың ары қарай бірдеңе деп сылтау айтуға мұршасын келтірмей қойдық. Амалсыздан «жарайды, ендеше 5-6 минут қана уақытым бар» деп кабинетінің есігін аша берді. Біз ілесе бірге кірдік. Бұл кездесу жарты сағатқа созылды. Біздің 12 қазақ орта мектеп жағдайымен келгенімізді білген соң, ол бізді бірден басып тастағысы келіп дауысын көтере өктемдікпен сөйлейді. Сондағы айтқаны, сендер қайдағы жоқты шығарып ортаға от тастап жүргендеріңді білемісіңдер. Қазақ балаларының, қазақ мектебінің жағдайы нашар деп кім айтты сендерге. Мына қылықтарыңмен орыс пен қазақтың бірін-біріне айдап салмақпысыңдар. Осы тектес сөздермен бізді біраз тықсырып алдым-ау дегендей қораздана қарай бергенде, біздің жігіттер соңғы кезекке қалдырып ұстап отырған сөзін нысанаға дәлелдегендей: «Сіз олай бізді қорқыта алмайсыз, ондай уақыт келмеске кеткен. Одан да 12-қазақ орта мектебіне христиан-баптистерге жасағандай қамқорлық сияқты көңіл бөлсеңіз етті», - деп әңгімені турасынан жіберді. Мұндай әңгімені күтпеген ол қатты тіксініп тосылып қалды да «жарайды шұғылданамыз» деп сөзді келтесінен қайырды.
Дыхнов біздің мәселемізді қаншама сөзбұйдаға салғысы келгенмен, біз алған беттен қайтпадық. Ақыры Саяси Бюро секретары Ильичевтен оралып қайтқан бұл мәселе осы Дыхнов басқарған облыстық партия комитетінің бюросында қаралып шешім тапты. Осы шешімнен соң С.Исаев сол кездегі Фрунзе аудандық оқу бөлімінде бір айдай отырып 204-қазақ балабақшасына бала қабылдап отырды. Мұның өзінің де тарихы бар.
Алматы қаласы атқару комитетінің төрағасы Е.Дүйсеновке барған бір жолы ол телефон трубкасын көтерді де: «Шахмардан сенің бітіп тұрған балабақшаң бар емес пе, соны азаматтық жаса да тіл, ел қамын ойлап шырылдап жүрген бір жастар бар еді, соларға қисаң қайтеді соны. Қаржың бар, тағы біреуін салып алуға шамаң келеді ғой. Иә, ...иә, дұрыс, о рахмет» деді де, трубканы орнына қойды да бізге қарап «жігіттер, жолдарың болды. Геология министрлігі анау бітіп тұрған балалар бақшасын берді, сендерге рахмет, ал енді қамдарыңды жасай беріңдер» деп қол қысты. Мәселені осылайша шешетін адамдар көбірек болсайшы деген риза көңілмен қоштастық та шығып кеткен едік. Сол балабақшаға Сейілбек қабылдаған балалар бұл күнде жоғары оқу орындарын бітіріп талай қызметтің басын ұстап отыр. Көбі мемлекеттік тіліміздің тірегіне айналды. С.Исаевтар араласқан алғашқы тіл жорығы міне осылайша бастау алған еді.
Сексенінші жылдардың екінші жартысында тіл майданы жаңаша қарқын ала басталды. Бұл кезде де ол тіл туралы пікір таластарынан тыс қалған жоқ, қақ ортасында болды. Негізінен ол тілдің ғылыми мәселелеріне ден қояды. Әсіресе оның назарына қазіргі тіл қолданысындағы түйінді мәселелер ілігеді. Ол қазақтың мерзімді баспасөз тілінің дамуы дейтін мәселені зерттей бастайды.
Сөйтіп ол бұл зерттеуін кандидаттық деңгейге жеткізді де қорғады. 80-жылдардың екінші жартысы мен 90-жылдарда жазылған еңбектеріне қарап отырсақ, оның мемлекеттік тіліміздің жекелеген нақты мәселелеріне тереңдей түскенін аңғару қиынға соқпайды. Ол әсіресе тілдің төркініне, этимологиялық сипатына тереңдеп, көптеген қазақ сөздерінің сырын ашады. Төркін сөзінің төркіні /«Қазақстан мектебі» журналы, 1964 /, Жаубүйрек сөзінің этимологиясы / ҚӘ газеті, 1966 /, Шарбақ сөзінің шығу төркіні / 1963 / т.т. толып жатқан сөздердің сырын біз осы Сейілбек зерттеулері арқылы аштық десек артық болмас. Сондай-ақ, ол бұл жылдары әдеби тіл тарихы, тіл мәдениеті, әдеби тіл нормалары және қазақ тіліндегі негізгі грамматикалық ұғымдар мәселесіне үңіледі. Ойға жетелейтін мазмұнды мақалаларын жазады. Тіліміздегі жекелеген сөздерді саралаумен ғана шектелмей оның эстетикалық проблемаларына да бойлайды. Қазақ тілінің мақал-мәтелдері, тұрақты тіркестері, фразеологизмдері мен идиома тәрізді ең шұрайлы, бейнелі, сырлы да нұрлы сөздері жайында өзіндік шымыр талдамаларын ұсынады. Міне бұл болашақ әйгілі тіл маманының мемлекеттік тіліміздің кеңірек қанат жайып, өріс ашуына тигізген өзіндік қолғабысы болатын. Мұның бәрі сөз жоқ, әсіресе ғажайып тіліміздің қыр-сырын әлі біле қоймаған жас ұрпақ үшін өте қажетті материалдар болып тасқа басылып қалды.
Профессор С.Исаевтың мемлекеттік тілімізге байланысты қызметін сөз еткенде, оның «Қазақ тілі» қоғамына қатысты тұстарын аттап өтуге болмайды. Өйткені баспасөзде, радио-телеарналарда, көптеген жиындар мен бас қосуларда қазақ тілі мемлекет тілі бола ала ма, жоқ па деген сауалдар төтесінен күн тәртібіне қойылып, елдің көбі сынға түсіп жатқанда ол қазақ елінде тек бір-ақ тіл, яғни қазақ тілі ғана мемлекеттік тіл болуға тиіс деген академик Ә.Қайдардың көп талас тудырған ұсынысын әуелден-ақ қолдап шыққандар қатарында болуының өзі біраз жайды аңғартады. Кімнің кім екені танылып жатқан сын сағаттарда ұлттық мүдде маңынан табылудың өзі де оңай шаруа емес еді. Қоғам құрылар алдында да, құрылғаннан кейін де бұл бұқаралық ұйымның күнделікті жұмысынан қол үзген жоқ. Бірінші аймақтық көшпелі жиындардың, республикалық конференция, Құрылтайлардың бірде-бірінен қалмай мемлекеттік тіліміздің өзекті мәселелері жөнінде тың ойлар айтып жалпы жұртшылықтың лингвистикалық сауатының ашыла түсуіне қолқабыс тигізіп келді. Әсіресе Ақмола, Семей, Жамбыл, Талдықорған, Торғай қалаларында өткен алқалы жиындар кезіндегі тіл үйрену мен игеруге байланысты айтқандары, тіл экологиясы туралы ойлары көкейден кетпейді. Тіпті академия, институт, қоғам т.б. жерлерде кездескен сайын әңгіменің негізі тіл мәселесі, оның қазіргі жайы, келешегі, шешуін күтіп тұрған проблемалық мәселелері, лингвист мамандар дайындау туралы нақты ой, тұжырымдарын айтып тауыса алмайтын.
Қыздар педагогтік институтының ректоры, бірнеше ғылыми кеңестердің мүшесі, «Қазақ тілі» қоғамы басқармасының мүшесі, ҚР ЖАК-тың сараптау комиссиясының мүшесі, бірнеше ғылыми журналдардың редакциялық алқа мүшесі т.б. жұмыстарды қосымша атқара жүріп ол мектептер мен жоғары оқу орындары үшін түрлі оқулықтар, оқу құралдарын түзді және қазақ тілінің небір күрделі де қызықты мәселелері туралы монографиялық еңбектер жазды. Мысал үшін «Қазақтың мерзімді баспасөз тілінің дамуы» /1983/, «Қазіргі қазақ тіліндегі негізгі грамматикалық ұғымдар» /1992/, «Қазақ тілі туралы ойлар» /1997/, «Қазақ әдеби тілінің тарихы» /1996/, сондай-ақ 6,7-сыныптарға, филология факультеті студенттеріне арналған оқулықтарды атауға болады. Осының бәрі сөз жоқ мемлекеттік тіліміздің мәртебелене, қалыптаса түсуіне қызмет етті.
Қысқасы, «Профессор С.Исаевтың тіл және қоғам қайраткері ретінде қалыптасуы» деген тақырып төңірегінде әзірге айтпағымыз осы еді. Оның еңбектерін жеке-жеке алып тарата талдау келесі кезектің әңгімесі деп білеміз.
С.М. ИСАЕВ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ТІЛ БІЛІМІНІҢ ТЕОРИЯЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ
Бағдан Момынова,
филология ғылымдарының докторы,
ҚазҰУ-дің профессоры
Алматы, Қазақстан
Қазақ тіл білімінің іргелі ғылым саласы атануы үшін бірнеше ұрпақ өкілдері тер төгіп келеді. Өз алдына үркердей боп бөлек тұрған бір шоғыр А.Байтұрсынов, Қ.Жұбанов, С.Аманжолов, Н.Сауранбаевтар сынды алыптардың соңын ала келесі ұрпақтың бетке ұстарлары өздерінің қазақ тіл білімін теориялық, практикалық жақтан кенелткен ой-пікірлерін айта келді. Қазақ тілі осы ұрпақ тұсында теориялық мәселелердің денімен толысып, толығып үлгерді. Олардың көрнекті өкілдерінің бірі Н.Сауранбаев айтқандай: «Шешілмеген, шешілуге тиісті мәселе жайында пікір тудыру үшін өз ойларын айтуды дұрыс көреді» (1,119). Бұл шоғыр сепкен ғұламалылық дәнінің құнарлы топыраққа түскені көп ұзамай-ақ байқалды. Алдыңғы ұрпақ салған сара жолмен І.Кеңесбаев, М.Балақаев, А.Ысқақов т.б. бастаған ғалымдар көші сәнін түзей берді. «Ел іші – алтын бесік» дегендей, ел аман болса, ұлттың ұлттығының бірден бір белгісі тіл тағдыры толғантпай қоймайтын зерделі жастардың әлі талай легінің аға буын бастап берген көш-керуенді тоқтатпайтындығына біздің сеніміміз кәміл.
Әр заман өзінің дарынды өкіліне өзіндік үнімен айрықшалануына мүмкіндік беріп отырады. Сондай заманының дара өкілдерінің бірі – тілшілер қауымында өз үні, өз пікірі, өз ұстанымымен өзгелерден алабөтен айрықшаланып тұрған профессор Сейілбек Мұхамеджарұлы Исаев. Өзі айтқандай, өзгелер ол туралы айтып жүргендей, Сейілбек аға «Тіл деп өмір сүрген...» ерекше тұлға еді.
***
Ғалымның қаншама монографиясы бар, оның қанша әдістемелік еңбектері мен қанша оқулықтар авторы екенін қайталап жатудың қажеті шамалы. Өйткені, мұндай мәліметтерді ғалымның ғылыми ғұмырын тәптіштеген «Библиографиялық көрсеткішінен» (2000 ж.) алуға болады. Проф. С.Исаевтың артында қалдырған мұрасы салмақты. Ал ғалымның көзі тірісінде ғылыми айналыста еркін қолданылған еңбектері оның ғылымдағы ғұмырын ұзарта береді.
***
Ғалымның зерттеулері қазақ тілі тарихы және қазақ тілінің грамматикасы мәселелерін қамтып екі бағытта жазылған, атап айтқанда, әдеби тіл тарихы мен оның стильдері туралы және қазақ тілінің грамматикасының (синтаксис пен морфологиядағы) түйткілді мәселелері жөнінде. Бұлардың қатарына оқу-әдістемелік еңбектерін де қосуды ұмытпағанымыз абзал.
С.Исаев ғылымның қасиетті босағасын қазақ газеттерінің тілін зерттеумен аттады. Алғашқы еңбегі – «1920 жылдардағы мерзімді баспасөз тілі» деп аталады. Озық интеллекті иесі, терең білім адамының газет тілін зерттеуі кездейсоқтық па деген сұрақ, адам ретінде, шәкірті ретінде мені біраз мазалады десем, жалған айтқандық болмас. Бірақ, барлап қарап, еңбектерін байыптап оқыған сайын, кездейсоқтықтан гөрі мақсатты түрде осы бағытты таңдағанына көзім жете түсті. Себебі, қазақ газеттерінің тілін зерттеу қазақ әдеби тілін зерттеу деген ұғыммен тепе-тең түсіп жатады. Өйткені қазақ газеттері бірнеше кезеңге (ғасырларға) созылған ұзақ уақыт бойына қазақ әдеби тілінің барлық стильдік тармақтарын төрт аяғынан тең бастырудың нағыз құралы болған. Осыны жіті аңғарған ғалым әдеби тілді меңгеру дегеніміз лексиканың барлық қат-қабат қабаттары мен грамматикасын, өзге де тілдік заңдылықтарын терең білу екенін жақсы ұғынған; әдеби тілдің қаңқасын құрайтын стиль атаулының әрқайсысының өзіне ғана тән типтік сөздік қоры, белгілі бір грамматикалық заңдылықтарының жиыны болатынына әбден көзі жеткен; әдеби тіл деген категорияның тіл дамуының ерекше бір сатысы екенін, ұлт тағдыры соның жетегіне телулі екенін де көрегендікпен сезген. Сондықтан ғалым басылымдар тіліне арналған алғашқы еңбектерінде-ақ кешенді зерттеуге ден қояды. Мысалы, «Қазақ мерзімді басылымдарының тілі» атты монографиясы – «Әдеби тіл және баспасөз тілі»; «Баспасөз тілі лексикалық құрамының дамуы және жаңа сөз жасау процесі»; «Баспасөз тілінің синтаксистік құрылысы» деген тарауларға бөлуі тегін емес. Көріп отырғанымыздай, тіл теориясының кейбір мәселелеріне тоқталып, лексика мен синтаксиске (қабыса байланысқан сөз тіркестері; айқындауыш мүше және оның қолданылу ерекшеліктері; меңгеріле байланысқан жаңа сөз тіркестері; сөйлем құрамындағы кейбір ерекшеліктер) байланысты сүбелі пікірлерін де айта алған. Осы еңбегінің екінші тарауын монографиясы жарыққа шыққан кезде енді-енді қолға алына бастаған сөз жасау проблемасына арналған. Кейінгі еңбегінде, атап айтқанда, 1998 жылғы «Қазақ сөздерінің грамматикалық сипатында» сөз жасау грамматикадан гөрі лексиканың мәселесі деуінің астарында тілдегі осы бір құбылыстың табиғатын терең түсінетін адамның пікірі сол кезде-ақ қалыптасып үлгергендігін байқатты. Айтып өткеніміздей, кешенді зерттеу деуіміздің бір себебі осында болса, екіншіден, лексикаға қатысты сөз қозғағанда, жекелеген сөздердің тарихына дейін дендеп бара алған. Жекелеген атаулардың этимологиясын ашуға тырысқан. Ондай әрекетке бару, әрине, ескерткіштерді жақсы білетін, мән-мағынасын еркін түсінген, тіл тарихына қатысты мол деректермен қаруланған, адамдардың ғана қолынан келетін үлкен шаруа.
Ондаған жылдар бойы, тіпті өмірінің ақырына дейін алғашқы кездерде жазылған еңбектерінен бастап, газет тілінің грамматикалық ерекшеліктерін жіліктеуі кейіннен грамматиканың келелі мәселелеріне тереңдеп барып, тосын ой тастауына ұласқанын ғалым шығармашылығымен танысқан адам бірден бағамдайды. Грамматикаға байланысты өзіндік көзқарастары бұрынғы айтылғандарды, алдыңғы әріптестерінің ойын қайталау емес, керісінше, тіл табиғатын терең түсінуден өзіне дейінгі айтылғандарға сын көзбен қараудан туындаған. Ол өзіне дейінгі қалыптасқан дәстүрлі пікірлердің сеңін бұзатын тың ойларын мектеп қабырғасынан бастап ұрпақ құлағына құю керектігін өте жақсы түсінген. Соның нәтижесі болар, мектеп оқулықтарының байқауына қатысып, 7-кластың қазақ тілі оқулығын жазу құқығын жеңіп алады. Ал ғылыми ойдың бағы жанатын, көпшілік игілігіне айналатын жері жоғары мектеп пен салиқалы да сабырлы академиялық ғылыми орта екені белгілі, сондықтан да филолог-мамандар, ғалымдар мен студенттер таныс бола берсін деген оймен ғалым грамматикаға байланысты ой-пікірлерін жинастырып, «Қазақ тілі жайлы ойлар», «Қазақ сөзінің грамматикалық сипаты» атты екі қомақты кітабын оқырман қолына табыстайды. Бұл – 1998 жыл еді.
Әдеби тіл ұғымы ұлт ұғымымен ұштасып жатыр. Ал әдеби тілді қалыптастырушы арналар туралы әрқилы көзқарастар бар. Ғалымдар айтып жүрген арналардан (фольклор, ауызекі тіл, жалпыхалықтық тіл, т.б.) әдеби тілдің айырмасы қандай? Ол жөнінде проф. С.Исаев былай деп ой тұжырымдады: «Тілдің әдебилігінің бірден-бір көрсеткіші – халықтың белгілі кезеңдегі қоғамдық рухани мәдениет өмірінің құралы бола алу, халықтың рухани байлығын, сөз өнерін жеткізудің мәдени талап-тілектің қоғамдық көрінісі, мәдениет туындыларының құралы мен оны іске асырудың амалы бола алуы. Сонда ғана ол жалпыхалықтық тіл деген ұғымнан өзінің жүйелілігімен, тұрақты нормалылығымен, сұрыпталып, өңделген қасиеттерімен, даму сатысының жоғары дәрежесімен, қоғамдық қызметінің айқындығымен, сан алуандығымен ерекшелене алады. Өзі қызмет ететін халықтың қоғамдық тарихымен, саяси-әлеуметтік, экономикалық, мәдени ерекшеліктерімен байланысты әр түрлі формада өмір сүруге икемделеді» (2).
Ал баспасөз тіліне арнаған еңбегін баспасөз тілі мен әдеби тілдің қарым-қатынасын ашып алудан бастайды. Оның себебін былайша түсіндіреді: «Ол жұмыстардың (өзіне дейінгі ғылыми еңбектер – Б.М.) қай-қайсысы да қазақ баспасөзі тілінің белгілі кезеңдегі статикалық күйін сипаттауға арналған көлемді еңбектер. Бірақ бұларда баспасөз тілі әдеби тілдің қалыптасып, дамуы жағдайында қаралмайды», - дейді (2,4). Ал жұмыс жазудағы мақсатын түсіндіруі де көңіл тоқтатарлық: «Бұл жұмыстың мақсаты – революциядан бұрынғы, совет дәуіріндегі мерзімді баспасөз тілін бір-бірімен байланыста зерттеу арқылы оның әр кезеңдегі лексикалық құрамы мен грамматикалық құрылысының өзіндік ерекшеліктерін, кейбір тілдік үлгілердің мерзімді баспасөз тілінде тұрақтану процесін көрсету, сол арқылы публицистика тілінің кейбір заңдылықтарын ашу, даму қарқынын көрсету, газет-журнал материалдары негізінде жазба әдеби тілімізде болған жаңалықтар мен өзгерістердің, кейбір көне тұлғалардың жандануындағы сырын түсіндіру» (2,5). Түсінген жанға, бұл пікірдің астарында жеке стиль түрі ретіндегі публицистикалық стильдің сипатты ерекшеліктерін қалай, қандай әдіс-тәсілдермен анықтау керегін нұсқаған қысқа ғана тезистер жатыр. Бұл еңбектегі әдеби тіл мен стильдерге қатысты теориялық тұжырымдары – маңызын жоймаған, тіл зерттеушілері әлі де ұстана беретін түйіндеулер. Ал баспасөз тілін зерттеушілер қазір жаңа, прагматикалық бағыт бойынша да жемісті жұмыс істеуде. Ал баспасөз тіліне арналған зерттеулердің өзге тіл салаларының біразына қарағанда алда келе жатуы, оның бастауында бүгінгі таңдағы айтулы ғалымдарымыз Б.Әбілқасымов, С.Исаев, Ө.Айтбаевтардың іргелі еңбектері тұруына, олардың өзгеше қарқынына, ғылыми қарымдылығына байланысты деп ойлаймыз.
Ғалым ретінде проф. С.Исаев ғылымдағы лебі сезіле бастаған жаңалық атаулының желін тез аңғаруымен ерекшеленеді. Ғалымның баспасөздің лексикалық құрамын анықтаудағы әдіс-тәсіліне қатысты осыны айтар едік. Айталық, ол байырғы сөздер, неологизмдер, кірме сөздердің қолданыс аясы мен мөлшерін анықтау үшін статистикалық талдауларға арқа сүйейді, машинаның еңбегін пайдаланады. Ал мынау ұшқыр ғасырда статистикалық талдаулар тіл тазалығының деңгейін анықтаудың лакмус қағазы екені сөзсіз. Өйткені, нақты тілдік жағдай бар болмысымен көз алдыңызға жайылып ала береді. Дегенмен де, орайы келгенде айта кету жөн, күні бүгінге дейін күнде дерлік жаңарып, толып, толысып, өзгеріп, құбылып бара жатқан мерзімді басылымдар тіліне нағыз жан-жақты ғылыми статистикалық талдаулар жүргізу әлі де зәру, қат күйінде қалып отыр.
Сондай-ақ қосымша морфемалардың, сөз таптарының қолданыс жиілігін анықтауда математикалық тәсілді еркін пайдаланады, тіпті формулалар ұсынған. Өйткені сонау өткен ғасырдың 70-жылдарының өзінде көреген ғалым тіл біліміне зерттеудің жаңа бағыттарын енгізу қажеттігін анық сезінген, себебі ғалым – жаңалық жаршысы, оның бар болмысы жаңалықтан тұрады. Әрі ғылымда шекара жоқ, өзгелердің тозығын емес, озығын ала білу де өнер екенін анық ұғынған, сөйтіп ғалым дүниежүзілік үрдістің жақсысы мен жағымдысын қазақ тілін зерттеуде пайдаланудың әбестігі жоқтығын, ондай әрекеттердің қазақ тілшілерінің қолынан келетінін дәлелдей алған.
Қазақ әдеби тілінің проблемалары аса ауқымды. Сондай-ақ кереғар, қайшылықты көзқарастар жетіп артылатын әдеби тіл мәселелерімен кез келген адам емес, теориялық білімі жан-жақты адамдар ғана айналыса алады. Өйткені, қазақтың әдеби тілінің тарихы – қазақ тілінің кешегісі, бүгіні, болашағы. Ғалым қазақ әдеби тілінің тарихына арнап екі монографиялық еңбек жазған. Олар – «Қазақ әдеби тілінің тарихы» (1989) және «Қазақ әдеби тілінің совет дәуірінде дамуы» (1973).
Ғалым аталмыш еңбектерінде әдеби тіл нормаларына байланысты келелі ой қозғайды. Ол ой-пікірлерінің жалпы сарыны мынаған саяды: нормалар- бір күннің, тіпті бір жылдың ғана жемісі емес, тілдің даму барысындағы көптеген ғасырлардың жемісі; сондай-ақ, тілдік құрылымның деңгейлері (қабаттары) тіл білімінде фонетикалық, лексикалық, морфологиялық, синтаксистік болып бөлінеді де, әрқайсысының өзіне тән тілдік элементтерінің жүйесі болады және ол тілдік элементтер сол жүйенің мүшелері ретінде ойға қатысты белгілі жүк көтеріп, өз ішінде әр алуан қызмет атқарады да, келесі жоғары дәрежедегі деңгейдің жүйесін құрауға ұйытқы болып отыратын-ды (2).
Оның әдеби тіл теориясында өзгеше танылуына – стильдік тармақтарға байланысты ойлары әсер еткен деп ойлаймыз.
Әдеби тілдің дамуы оның әлеуметтік-қоғамдық қызметінің, қолданыс аясыеың кеңуінен байқалады. Қолданыс аясының кеңуі жанрлық-стильдік тармақтарының саны артуына келіп тіреледі. Осы жерде әдеби тілдің стильдік тармақтары жөнінде ой айту қажеттілігі туындайды. Стильдік тармақтар туралы қазақ әдеби тілі теориясында қалыптасқан пікір болғанымен, профессор С.Исаевтың өзіндік көзқарасы бар. Ол: «Стильдердің түрлері сөз етілгенде, олардың бір-бірінен айырмашылығын көрсететін негізгі және басты айырым белгілер мен кездейсоқ немесе негізгі емес ерекшеліктер ажыратылып, сараланбай жүр. Сондай-ақ, әрбір стильдің тілдік ерекшелігі лексика, әсіресе терминдер шеңберінен әрі аспай қалады», - деген-ді (2, 20). Ондағы ойы терминдердің стильдерді топтастырудағы ролінің болмашы екенін айту еді. Оның пікірінше, стильдерді белгілейтін грамматикалық категориялар мен тұлғалар және олардың қолданыс өрісі. Әрине, бұл тұжырымның салмағы стильді таптастыруға байланысты көзқарастардың көбінен басым түсіп жатыр. Ғалым – жанр мен стильдің бір нәрсе емес екенін баса айтады. Расында да, кейде жанр санының өсуіне орай стильдік тармақтардың санын онға, тоғызға жеткізіп жүргеніміз рас. Ал ғалым С.Исаев үш стильді көрсетумен шектеледі, олар: көркем стиль, ресми стиль, бейтарап стиль. Бұлай бөлуінің мәнісін тағы да былайша аша түседі. «Әдеби тілдегі стильдерді жоғарыдағыдай үш түрге бөлгенде, стиль түрлерінің осындай әдебиет жанрларымен тығыз қарым-қатынаста бола тұрып, ол екеуі бір емес екендігін, сондай-ақ стильдік тармақтарды ажыратуда өзіндік ерекшеліктері бар тілдік элементтер жүйесінің қолданылу шеңберінен басқа тілдің жалпы қоғамдық қызметімен тікелей байланысты болатынын да ескеріледі» (2,20). Тағы бір себебі, «белгілі бір стильде жазылған жанрлық тексте басқа стильдердің элементтері қолданылып отыруы мүмкін». Ғалымның пікіріне ілтипатпен қарай отырып, оның бұл көзқарасы негізінен публицистика және көркем әдебиет стиліне қатысты айтылғаны орынды болар еді деп білеміз.
Өзгелерге ұқсамайтын, бірақ дәлелі мықты ойының бір ұшығы әдеби тіл және диалектілердің арақатынасына тіреледі: «Әрине, Қазақстанның орталық, солтүстік, солтүстік-шығыс аудандарында тұратын қазақтардың тілі әдеби тіл нормасына әлдеқайда жақын. С.Аманжоловтың әдеби тілдің қалыптасуы жөніндегі негізгі теориясына өзек болған да осындай факторлар ...Дегенмен қазақ әдеби тілінің негізгі бір диалект болды дегеннің бүгінде дәлелдеуге болмайтынын қанша назарға алсақ та, қазақ әдеби тілін қалыптастыруда белгілі бір тілдік диалектілердің әсері болғандығын мойындамасқа болмайды», - дейді.
Ғалымның әдеби тілге қатысты айтылған түйін-тұжырымдарының ғылыми ортада құны жоғары болса, газет тілінің ерекшеліктерін саралаған кейбір ойларында тезистік сарын басым, ал олардың көбі әлі толық қолға алына қоймаған. Оларды іліп алып, кеңейтіп әкетер жастар да табылатынына күмән жоқ.
***
С.М.Исаев қазақ тілі грамматикасына қатысты мәселелермен нағыз шығармашылығының апогейіне жетіп, толысқан шағынан өмірінің соңына дейін айналысты, артында қадау-қадау айрықша тұжырымдар қалдырды, жаңа түйіндер жасады, сондықтан бұл салаға байланысты қалдырған мұралары өз алдына жеке зерттеулердің нысанына айналады деп ойлаймыз.
“ҚАЗАҚСТАН- 2050” СТРАТЕГИЯСЫ:
Достарыңызбен бөлісу: |