Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық



бет14/47
Дата22.05.2018
өлшемі9,62 Mb.
#40597
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   47

Әдебиеттер:

1. Жолшаева М. Қазақ тіліндегі аспектуалды семантика: форма және мазмұн // ф.ғ.д. дисс... – Алматы, 2009ж.

2. Байтұрсынұлы А. Тіл тағылымы. – Алматы: Ана тілі, 1992. – 444б.

3. Жұбаева О. Қ.Кемеңгерұлының тілтанымдық мұрасы мен лингвистикалық тқжырымдары // ф.ғ.к дисс...- Алматы, 2007ж.

4. Оралбаева Н. Қазақ тіліндегі етістіктің аналитикалық формантының құрылысы және мағынасы. – Алматы. Ғалым, 1979, - 195 б.

5. Жұбанов Қ. "Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер". - Алматы: "Ғылым", 1999. -471б.

6. Маманов Ы. Қазіргі қазақ тілі. Етістік. Мектеп, 1966, - 155б.

7. Ұйықбаев И.Қ. Қазіргі қазақ тіліндегі етістіктің көрінісі . - Алматы, 1958, - 82б.



Резюме

В статье рассматривается языковая категория способов протекания действия. А также проводится обзор по этому вопросу начиная с 20-х годов прошлого века.



ДИНАМИКАЛЫҚ СТЕРЕОТИП, ХАБАР АЛМАСУ МАҚСАТЫНДАҒЫ АЙТЫЛАТЫН ӨСЕК - СӨЗ ӨНЕРІ

Ж.Б.Бұғыбаева,

Абай атындағы ҚазҰПУ МжДИ

лингвистика мамандығының

1 курс PhD докторанты
Адамзат баласы тілдің өзіне тән болмыс-қасиетін зерттеуге сан ғасырлардан бері ұмтылып келе жатса да, оның бүгінгі күн талабынан зерттеуді қажет етіп жатқан тұстары әлі де көп. Тіл жалпы және абстрактілі құбылыс ретінде әралуан акт қолданыстары мен түрлерінің жүзеге асуы арқылы, белгілі бір нақты жағдаяттардың орындалуы арқылы көрініс табады. Яғни сөйлеу әрекеті тіл арқылы жарыққа шығады. Тіл адамның қарым-қатынас құралы болғандықтан, ол адам баласы сөйлеу әрекетінің арқауы. Cөйлеу әрекетінсіз адамдардың өмір сүруі, қоғамдасып еңбек етуі мүмкін емес, қашанда сөйлеу әрекеті мен дағдысының арқасында ғана ойлау, қарым-қатынас жетіледі, қалыптасады. Сөйлеу әрекеті дегеніміз - үздіксіз үрдіс, және ол сөйлеу үрдісі мен тыңдаудан тұрады». [1]

Қоғамда адамдардың бір-бірімен қарым-қатынас жағдайында сөйлеу дағдыларының түрі көп. Солардың ішінде динамикалық стереотип үлгісінде жүретін хабар алмасу кезіндегі айтылатын өсек сөз. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде өсек сөз «бipеудi сыpтынан даттап, кiнәлап айтқан жалған сөз» деп беріледі. [2] Яғни, ол арнайы мақсатта, бұрмаланып айтылған сөз. Өсек сөз – түрлі тіршілік, тұрмыс ықпалымен сөйлеу дағдысы арқылы әңгіме-дүкен құрудағы естіген хабарды өсіріп айту, тіпті өтірік те жатады.

Қоғамда өсектің атқаратын маңызды қызметі - әлеуметтік-психологиялық қызметі; бұл нақты, тактикалық қызмет. Олай дейтініміздің себебі, өсекті адамдар қарсыластарына қоғамдық сенімді түсіру үшін, көпшілікке жеккөрінішті қылу үшін «саяси қару» ретінде де қолданады. Ондай өсек өз кезегінде қарсыласының беделіне кері ықпал етуге қызмет етеді және жағымсыз әсер етеді. Мұндай әсер ету, негізінен, адамдарға деген сенім деңгейін түсіру, жанама ақпараттар беру, жағымсыз көңіл-күйлерді (эмоцияларды) қоздыру, жағымсыз қарым-қатынастар тудыру тәсілдері арқылы беріледі.

Өсек жалпыға мәлім, жария етілуі қалыпты, бұл оның ақпараттық танымдық қызметі. Әдетте өсек жалпыға қолжетімді ақпаратқа қосымша ақпарат ретінде жүреді. Белгілі бір оқиғаға қатысты тараған ақпарат бір қалыптылығымен «ерекшеленсе», өсек оның бейне бояуы іспетті. Оқиғаның ішкі қалтарысында жатқан құпияларын паш етіп, оқиғаның өңін аша түседі. Бұл туралы польша ғалымы С. Ендржевский: «Эмоциональное, заинтересованное отношение к событиям, сам способ коммуникации, в ходе которого накладываются друг на друга, пусть даже не преднамеренные, дезинформации сообщающих и принимающих, ведут к тому, что информация становится малоправдоподобной. Сплетня не ликвидирует дефицит информации, но может возбудить определенные настроения или поддерживать их. В этом и прелесть сплетни: камуфляж информативности способствует ее распространению, хотя результат оказывается дезинформационным.» [3] - деп атап көрсеткен.



«Ыдырыстың баласының көзі – иелі көрінеді. Былтыр далада соғып кетіпті. – деп ауыл арасы күңк-күңк әңгіме ете бастады.» (Өткен күндер белгісі пов.428 б.) немесе «...Ол қандай әңгіме? Қандай әңгіме болсын. Өсек сөз... Осы өткен айда бір келіншекпен кішкене сөйлесіп, әмпей-жәмпей бола бастап ем, әңгіме гу-у ете түсті. «Ойбай, несін айтасың, ол екеуі ашына екен» деп. Ашына болған түгіміз де жоқ. Жәй, сыр бөлісу...» (Жел сөз әңгімесі 2 б.). Бұл жерде гу-у әңгіме, өсек сөз, күңк-күңк әңгіме деген сөздер хабарды, ақпаратты асыра сілтеу арқылы әңгіменің қыза түскені, оқиғаның осы әңгімелер арқылы түрлі түске боялып айтылғаны көрініп тұр.

Өсектің қандай да бір түрі болмасын, тіпті айтылған өсектің өзегінде шынайы ақпараттар болған күннің өзінде, бұл «ойдан құралған» ақпарат, яғни, бұл ақпаратты ұйымның хабарламасы емес, ауызша айту жанрындағы көркем шығармашылыққа тән болып келеді. «Көркем шығармашылық» деуіміздің себебі жалған ақпаратты бейнелі, көркем образбен жеткізу және қажет болса өз пайдасына қолдана білу кез келген адамның қолынан келе бермейтін іс: «Ана кішкентайларды жетімсіретпейік, жат жұрттың қолына қаратып жүдетпейік деген болулары керек, - деп Қарасай әңгімені алыстан орағытып, бықсытып отырды да, әлден уақытта барып лап еткізді.» Өзінің «көркемдік» қаситетіне қарай, өсектер түрлі аңыздар мен мифтардың айтылмай қалуына немесе олардың сақталып қалуларына өз әсерін тигізеді, яғни, оларды нақтылайтын деректерді көрсете біледі және олардың нақты көркемдігіне де қарайды.

Өсек пен сөз іштей синоним ретінде ауысып, қолданыста параллель жүреді. Себебі сөзден өсек тарайды. Мысалы, қаңқу сөз, сыпсың сөз, суық сөз, қауесет хабар, алып қашпа әңгіме, т.б. сөздерде мәлімет бұрмаланып, шындыққа жанаспайтындығы көрінеді.[4,97 б.]

Сөйлеу дағдысының көп сөйлеу, өсіріп айту, өтірік айту сяқты жағымсыз мәндегі мағыналастар қатарында соңғы өсіріп айту мен өтірік айту ұғымындағы түсініктер бір-бірін семантикалық жағынан толықтырып отырады. «...Ақ түстен қара түс бұрын көзге түскіш, өйткені өмірде ақ көп те, қара аз. Сол сияқты ақ ниеттен, адал пиғылдан гөрі біреудің қара ниеті, арам пиғылы тез көрінеді. Бірақ ниет,пиғыл бетке жаққан күйе емес, іштегі жасырын дүние. Оны көру бар да, көзді жеткізе білу бар. Көзің жетпей тұрып көрдім десең, жаңылғаның, шын адалды арамға шығарсаң, кешпес күнә арқалағаның...» Бұл арада біреудің артынан өсек тарату, өтірік жала жабу жаман қылық, үлкен күнә екендігі туралы айтылады.

Жалпы өтірік айту мен өсіріп айтуды бір доминантпен де қосып қарастыруға болады. Мәселен, өтірік айту: аузы-мұрны қисаймау, бет-аузы бүлк етпеу, жүзі жанбау, өтірікті судай сапыру; өсіріп айту: құрыққа сырық жалғау, көптіріп сөйлеу, өтірікті судай, ақсақты тыңдай етіп айту, қара аспанды төндіру, түймедейді түйедей ету, қырық саққа жүгірту, өңін айналдыру деген тіркестерді көркем әдебиеттерде жиі кездестіруге болады. «Ауылнайлыққа сайланбай тұрып-ақ көрінген жерде тілі мен жағына сүйеніп, сары масаша ызыңдаған нағыз заржақ белсендінің өзі еді... » немесе «Әйтсе де есіңізде болсын, жүйткіген жүрек болмаса, желікпеген жел көңілге жеңгетай бола алмаймын, - деп жұмбақтаған бала оқыс тебініп қалып шаба жөнелді» Келтірілген бұл мысалдарда тілі мен жағына сүйенген, заржақ, жеңгетайлардың мағынасы көп сөйлегіш, өсекші, өсек тасушы кейіпкерлерді суреттейтін сөздер қазіргі кезде ауызекі сөйлеуде де кеңінен қолданылып жүргені бар. Оның ішінде басқа да сөз қыдырту, сөз келтіру, сөз ерту, күңкіл қылу, құйрығына қоңырау байлау, артына сөз ілестіру, ағаш аттың басына мінгізу, т.б. өсекті білдіретін тіркестерді байқауға болады. Әрі қарай тіркестердің сыңары өсек сөзімен: өсек басты болу, өсек жайылу, өсек ету, өсекке шалыну, өсекті қарша борату, өсек-аяңға үйір болу. Бұлар ішкі мағыналық дифференцияция ұғымды қабылдаудағы образдылықтың түрлері арқылы мағыналас тіркестердің пайда болуына ықпал етеді.

Сонымен, жоғарыда айтылғандарды қорыта келе айтатынымыз яғни, өсек деген сенімді емес ақпараттың қызметінің ерекше түрі, немесе қандай да бір ақпараттың бұрмалануы. Әлеуметтік-психологиялық көзқарас тұрғысынан бұл, көркемделген эмоциалды бұрмаланған ақпарат алмасудағы тұлғааралық топтық құбылыс. Негізінде, әңгімелер адамдарға өзекті мәселелер бойынша толық және дұрыс ақпараттардың болмағандығынан туындайды. Бұл тұлғааралық қарым-қатынастың арнайы түрі, яғни бұл үрдіс барысында оқиға кең көлемді аралас аудиторияның игілігіне айналады. Өсектер –– өтірік немесе шынайы, тексерілген немесе тексеруге жатпайтын, бірақ та үнемі толық емес, қызықты, негізінде шындыққа сәйкес ақпараттар кейбір жайттарды жекелей қарастыратын, бірақ кең көлемде әлеуметтік пікірі бар, тұйықталған, танымал әлеуметтік топтар өмірлерінің жабық жақтарына әсер ететін құбылыс.



Әдебиеттер:

1. Щерба Л.В. Языковая система и речевая деятельность. Л., 1974

2. Бұралқыұлы М. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі Алматы: «Мектеп», 2008 ж.

3. Ольшанский Д. В. Политическая психология, М. 2002 г.

4. Смағұлова Г. Мағыналас фразеологизмдердің ұлттық-мәдени аспектілері, Алматы: «Елтаным баспасы», 2010.- 244 б.

5. Смағұлова Г. Мағыналас фразеологизмдер сөздігі, Алматы: «Елтаным баспасы», 2010.- 252 б.



Аннотация

Сплетни —это специфический вид коммуникации, в ходе которой сюжет, до известной степени отражающий реальные или вымышленные события, становится достоянием обширной диффузной аудитории, массы. Это «придуманная» информация — не сообщение информационного агентства, а почти художественное творчество в жанре устного рассказа.



Summary

The article considered about the features of gossips. Gossiping as a way of speaking takes a main role in social communication. It is an invented information of fiction in the genre of oral communication.


Ж. БАЛАСАҒҰННЫҢ “ҚҰТТЫ БІЛІК” ШЫҒАРМАСЫ ТІЛІНДЕГІ “ТІЛ” КОНЦЕПТІЛІ МЕТАФОРАСЫ

З.Даулетиярова,

ҚазМемҚызПУ 1- курс магистранты.

Алматы, Қазақстан

Когнитивті лингвистика, метафораның когнитивті теориясы – ғаламның тілдік бейнесінің концепциялары тұрғысынан тіл білімін жүйелеу мен құрудың құралы. Метафора ғылым тілінде бейнелілік немесе таза экспрессивтілік қызмет атқармайды, ең алдымен когнитивті (интерпретация, түсіндіру, вербалдану), концептуалдық (танымдық) қызмет атқарады.

Метафора когнитивтік семантикада шындықты құрудың құралы ретінде қолданылады. Метафораның когнитивтік теориясы тұрғысынан қарағанда сөздің метафоралық мағынасы оның тура мағынасынан ауыспайды, оған сай концептуальды құрылымдардан (фрейм, сценарий т.с.с) қайта құру көмегі арқылы шығады. Әр жаңа мағына туылуы алғашқы таным кезінде ескерусіз, қалтарыста қалған ұғымдардың ойлау арқылы тірілуінде, немесе ерекше қырынан көрінуінде әр деңгейлі, әр сипатты, әр текті семантикалық аймақтардың санада теңдестірілуінде, адам білімінің жаңа мазмұндық мәнді иеленуінде ғана мүмкін. Ол процесс әр адамның когнитивтік ойлау деңгейіне тәуелді.

Ғылым тіліндегі метафораның жаңа термин, номинация жасау қызметімен байланысты бөлінуі концептуальдық метафора деп беріліп жүр. Метафораның қай түрі де, адам танымынсыз, ойлау процесінің заңдылықтарынсыз жүзеге асуы мүмкін емес. Сондықтан өзге метафораларды концептуальдықтан шектету қайшылыққа әкеледі.

Концептуалдық метафора термині шет ел ғалымдары еңбектерінде, орыс тілшілері Е.О.Опарина, В.Н. Телия, Н.Д. Арутюнова зерттеулерінде танымдық, жаңа ұғым жасау мағыналарында қолданылады [1].

Орыс тіліндегі метафоралардың концептуалдық қызметін арнайы зерттеген ғалым Е.О. Опарина. Е.О.Опарина еңбегінде концептуалдық метафораның жасалуына, танымдық қырларына, оның мағыналық ерекшеліктері, түрлері мен тілдегі қызметтеріне, ғылым тіліндегі концептуалдық қызметіне, лингвистикалық, педагогикалық метафораларға тоқталады. Ол зерттеу жұмысын субстантивті (заттанған) метафоралар материалы негізінде жүргізеді. Ғалымға орыс және ағылшын тілдерінің материалдарын салыстырып талдау – әр түрлі тілдердегі метафоралық номинацияларға тән ортақ заңдылықтарды анықтауға мүмкіндік берді. Е.О. Опарина метафора теориясына қатысты зерттеу жұмыстарына сүйене отырып, метафораның табиғатын түсіндіруде үш бағыттың:



  • ауыстыру теориясы (теория замещения);

  • теңеудің қысқарған түрі ретіндегі метафора теориясы (теория метафоры как имплицитного сравнения;

  • интеракция (тілдік қарым-қатынас) теориясы бар екендігін айтады.

Ғалым метафора туралы былай деп жазады: «метафора – это такое средство, точнее, процесс, с помощью которого одна сущность, или состояние описываются в терминах, которые изначально были предназначены для описания других вещей», - десе, ал оның концептуалдық қызметі туралы былай деп жазады:

«Концептуальная метафора функционирует как средство получения нового знания на основе уже имеющегося знания о предметном мире. Поэтому ее можно рассматривать как инструмент познания. Эта функция проявляется особенно ярко в языке науки, где при посредстве концептуальной метафоры происходит выделение научных категорий и где она может служить в качестве гипотетической модели, предсказывая ряд свойств исследуемого обьекта» [2].

Метафора тілде адамның танымдық үдерісіне байланысты туындайды, сондықтан метафораның жасалу механизмін концептуалдық метафораны зерттеу арқылы біліп, түсінуге болады.

Біз «концептуалдық метафора» лингвистикалық терминін «танымдық», «жаңа ұғымға атау беретін» метафора мағынасында қолдандық.

Концептуалдық метафора – адам танымында аналогия, ассоциация сияқты ойлау процесі заңдылықтарының нәтижесінде туындаған деректі, дерексіз ұғымдардың атауы, жаңа лексикалық мағына.

Концептуалдық метафора жаңа ұғым (концепт) жасауды мақсат ететін метафоралық үдерістің нәтижесінен туындайды. Ол заттық емес ұғымдардың ассоциациялануының негізінде адам ойының қабылдау, қорыту, санада тұрақтандыру және өз көзқарасымен өңдеп, жарыққа шығару үдерістерімен іске асады. Барлық метафоралар сияқты концептуалдық метафора да бейнелілік кезеңінен өтеді, ол тілдік қолданыстың ішкі қалпына ауысып, дайын атауға айналғанда метафоралық қасиетін жоғалтады.

Концептуалдық метафора бар заттық әлемнің негізінде тілде сол туралы жаңа түсінік, білім алу құралы ретінде қызмет етеді. Концептуалдық метафораның бұл қызметі, әсіресе ғылым тілінде айқын әрі жарқын көрінеді.

Ол тілде абстрактілі мағынаны қалыптастыруда, айрықша белсенді қызмет атқарады. Мұндай метафоралардың танымдық маңызы ерекше. Концептуалдық метафора заттық дүниені белгілеу құралы ғана емес, ол сонымен қатар абстрактілі болмыстарды табу, оларға сай келетін немесе тілдік ұғымдарды «концептілерді) қалыптастыру құралы болып табылады.

Концептуалдық метафора басқа метафора сияқты сөйлеушінің санасында негізгі екі компоненттің: аталатын және ұқсату құралының бір-біріне әсер етуінен, ассоциациялануы негізінде жасалады. Концептуалдық метафора жаңа ұғымды атауға ғана емес, ойлауға да қызмет етеді, ол жаңа ұғымды айтушы адамның ақыл-санасына, басқа адамдарға түсінікті болуы қажет. Метафора құрамындағы екі компоненттің өзара әрекеті біртұтас бейнелі-ассоциативтік жүйенің қалыптасуы арқылы жүзеге асады. Бұл жүйе белгілердің санына (немесе бір белгісіне) негізделіп, жаңа ұғым мен жаңа тілдік мағынаның іргетасына айналады.

Абстрактілі (дерексіз) категорияларды анықтап, тілдік белгіге (оязыковление) айналдыру қызметі метафораның интерактивті (коммуникативті лингвистика) теориясы негізінде ғана мүмкін екендігін байқаймыз.

Интеракция теориясы (негізін А.А. Ричардсом мен М.Блэк қалаған) метафораны белгілі мақсаты, бастапқы пункті, жүзеге асыру тәсілі және нәтижесі бар процесс ретінде талдауға мүмкіндік береді.

Әлемдік тіл білімінде метафораның лингвистикалық теориялары біршама қалыптасқан. Бұл теорияны қалыптастырушылар екі бағытқа бөлінеді. «Дуалистік» теориядағылар сөздер метафоралық қолданысында өзінің кәдімгі референциясын (атаудың болмыс обьектілеріне қатыстылығы) сақтайды, сонымен бірге қосымша арнайы (метафоралық) қызметтегі референцияны ала жүреді деп есептесе, «монистикалық» теориядағылар сөздер метафоралық қолданыс сәттерінде өзінің кәдімгі референциясын жоғалтып, жаңа сапаға ие болатындығын айтады.

Блэк моделінде метафора динамикалық процесс ретінде қарастырылады. Оның моделінде метафоралануға ұшырайтын негізгі және көмекші екі субьект немесе референт аталып айтылады. Блэк моделі бойынша, негізгі және көмекші субьектілердің кейбір қасиеттерінің ұқсастықтары көмекші субьектінің жаңа қасиеттерінің негізгіге қосылуына тірек болатындығы метафоризация процесінің болмысын құрайды.

Концептуалды метафора көп жағдайда сөйлеушінің белгілі бір ой үзіндісін дәл жеткізу мен обьектілерді, дүниені танып – түсіну ерекшеліктерін көрсетудің тілдегі бірден-бір жолы, өзі білмейтін, атайтын обьектісі туралы басқа тілдік тәсілдермен жеткізілмейтін дерек, хабар, түсінік береді.

Кез келген метафораның мағынасы тілдік-ой контексінде (байланыс, жалғастық) ғана ашылады. Жаңа тілдік мағыналар жеке сөздер емес, сөздердің бір-бірімен контекстік арақатынасының негізінде пайда болады. Концептуалдық метафораның мағынасы тек контексте, оның құрамындағы сөздердің мағыналарына байланысты ашылып, түсінікті болады.

Концептуалдық метафора – тілдің ұғымдық және семантикалық аппаратын байыту құралы, оның қатысуымен бір уақытта жаңа мағыналық қабаттар жасалып, тілдік атауларға ие болады.

Концептуалдық метафорадан автор стилінің өзіндік ерекшелігіне байланысты бейнелілігін байқау қиын емес. Бейнелілік тек атаулық, танымдық қызмет атқаратын метафоралардан байқалады. Бірақ мұндай метафоралардың бәрін бейнелі деп айтуға болмайды. Ал терминдік мәндегі метафоралар бейнелілігінен толық ажырайды.

Тіл сөзінің қатысуымен кеңінен метафоралар жасалады. Мәселен, ақыл, білім тілмашы – тіл, ақыл көркі - тіл метафоралары Ж.Баласағұнның «Құтты білік» шығармасында берілген:



Ақыл, білім, тілмашы – тіл, бұл кепіл,

Жарық төгіп, елжіретер тіл деп біл (ҚБ 160).


Ақыл көркі – тіл, тілдің көркі – сөз,

Кісі көркі – жүз, жүздің көркі – көз!» (ҚБ 270).

Ж. Баласағұн тілді кейде арыстанға ұқсатады:

Тіл – арыстан есік баққан ашулы,

Сақ болмасаң жұтар, ерім, басыңды! (ҚБ 160).

Ер тілін шеріге балайды:

Турашыл ер тілі – шері, тыңдалық,

Түгел сөздің түп атасы – туралық! (ҚБ 920).

Тілсізді өлікке ұқсатады:

Елік айтты: - Ұқтым, түгел түсіндім,

«Тілсіз – өлік» дегенді еске түсіргін! (ҚБ 965).



Көңіл – тілдің иесі метафорасы кездеседі:

Көңіл – тілдің иесі, сүйенеді сөз тілге,

Сөз – күйресе, күйгені көңіл мен тіл, көркің де (ҚБ 1020).

Ж. Баласағұнның «Құтты білік» шығармасы тілінде метафоралық оралымдар да кездеседі: тілін білім билеген,тілді буып алмасын, тілмен ішіп қаныңды т.б.

Білікті жан – тілін білім билеген,

Түкті сезбес текке тілін білеген!... (ҚБ 1015).
Бектер сөзі тілді буып алмасын,

Текті сөздің тек әділін арнасын... (ҚБ 1310).

«Сөзбен сөксе – тілмен ішіп қаныңды,

Сүйек сыздап, жалын қабар жаныңды (ҚБ 2575).

Қазіргі тілімізде қолданып жүрген сөз мәйегінің төркінін осы ескерткіштен іздесек қателеспеген болар едік. Мәселен, тіл туралы нақыл сөздер мол.

Кішіг тил ағырлар булур

Кішіг тил ужузлар йарыр ер басы (ҚБ 69)

(Тіл кісіні қадірлі етеді, бақ болады немесе қор қылар, басын кесер) деп тілдің қадір-қасиетін көрсетеді.

«Құтты біліктің» 162-ші бәйіті:

Мәни емгетур тил еди өг телим

Башым кәсмәсүни кәсәйин тилим.

(Мені тіл аса көп азапқа салды,

Басым кесілмес үшін тілімді кесейін).

«Құтты біліктің» 174-ші бәйіті:

Тил арслан турур көр ешиңди йатур,

Айы – евлуг арсың башуңны йейүр

(Тіл – арыстан, көрмейсіз бе, есігіңде жатыр,

Ей, үйде отырмын деп алданушы, басыңды жейді).

деген жолдарда тілді «арыстанға» балап, терең философиялық ой толғайды.

«Тіліңді күзет (бақ) тісің сынбасын» деген жол 176-шы бәйітте кездеседі:

Сөзіңні күдәзгіл башың бармасун,

Тіліңні күдәзгіл тішің сынмасын.

(Сөзіңді бақ, басың кесіп алмасын,

Тіліңді бақ, тісің сынып қалмасын).

«Тілді бақсаң бастың аман қалатынын» мына жолдарда түсіндіреді:

Тіліг кәд күдәзгіл құдәзілді бас,

Сөзүңні қысурқыл узатылды эйаш (176)

(Тіліңді бақ, басың аман қалады,

Сөзді қысқарт, жасың ұзақ болады).

Бұл орайда, ел ішінде бағзыдан мәлім «басқа пәле тілден», «Аңдамай сөйлеген ауырмай өлер» деген асыл сөздің төркінін аңғарудың еш қиындығы жоқ. Осы ой 2692 бәйітте: «Қызыл тіл қара башқа йавлақ йағы» - деп тағы да кездескенде, пікірімізді растай бекіте түсті.

Қазақтың «Басқа пәле тілден» мақалының төркіні мына жолдарда көрініс тапқан сияқты:

Білер болсаң, мен айтайын ашығын,

Тіл кесілсе – кесілгені басының.

Басыңды ая. Басқа пәле тілінен,

Бірі – есірсе, ес кетеді бірінен (ҚБ 593 б.).

Ж. Баласағұнның «Құтты білік» шығармасы тілінде «тіл» концептілі метафоралары мол кездеседі. Ол орта ғасырдағы құнды мұра тілінде көркем ойлау жүйесінің жоғары болғандығын байқатады. Философиялық толғамдарымен де, поэтикалық ойлау ерекшелігімен де шеберліктің ең үздігі ретінде бұл ауқымды дастан сол дәуірдегі өнер өресін, көркемдік таным мен ой-сананың биігін аңғартады.



Әдебиеттер:

1. Арутюнова Н.Д. Образ (опыт концептуального анализа) // Референция и проблемы тестооброзования. – Москва: Наука, 1998. С.198.

2. Опарина Е.О. Концептуальная метафора / Е.О. Опарина // Метафора в языке и тексте/отв. Ед. В.Н. Телия. – Москва:Наука, 1998. – с.65-77.

3. Юсуф Х.Х. Қүтадғу билиг (Хаюм Каримов аудармасы). - Ташкент, 1972.

4. Жүсіп Баласағұн Құтты білік / Көне түркі тілінен аударған А. Егеубаев. – Алматы: Жазушы, 1986. – 616 б.

Резюме

В этой статье рассматривается концептуальная метафора «Язык» в произведении Ж. Баласагуна.



Resume

In this article is examined conceptual metaphor «Language» in work Zh.Balasaguna



ҮСТЕУДІҢ ЗАТТАНУ ҚҰБЫЛЫСЫ

Ә.Т.Думшебаева,

Қазақ- Америка университеті

қазақ тілі пәнінің оқытушысы
Тілдегі құбылыстар үнемі даму үстінде болады. Сондықтан онда әртүрлі өзгерістер болып тұрады. Қазіргі әдеби тіліміздің даму барысында басқа сөз таптары секілді үстеу сөздер де біршама жаңа құбылыстарға ие болды. Жалпы тіл білімінде, соның ішінде қазақ тіл білімінде де үстеулердің негізгі белгісі, оның өзгермейтіндігі немесе аз өзгеретіндігі деп айтылады. Тіпті кейбір грамматикалық оқулықтарда үстеудің морфологиялық жағынан өзгеріске ұшырамайды деген пікірлер де жоқ емес. Соған қарамастан үстеулердің заттануын ешкім жоққа шығармайды. Дегенмен де, үстеулердің түрлі морфологиялық өзгеріске ұшырайтынын айтып кеткен зерттеушілерге тоқталатын болсақ, мәселен, А.Д.Шукюров «түбір үстеулердің туынды үстеулерден өзгешелігі - олар септеледі, көптеледі, тіпті кейде жіктеле да алады» - деп көрсетеді [1,199б]. С.А.Гочияева да осы пікірді қолдап, оны толықтыра түседі: «қарашай-балқар тіліндегі үстеулердің біршама сөзөзгерім тұлғалары бар, мысалы: септік жалғаулар, жіктік жалғаулар, көптік жалғаулар, салыстыру шырайлары. Барлық үстеулер бірдей өзгере бермейді. Дегенмен, төмендегі туынды үстеулер септік жалғауларын қабылдайды: быйыл, былтыр, бюгюн, тамбла (завтра), бюрсюкюн, тюнен (вчера). Кеңістік септіктерді қабылдаған бұл үстеулер субстантивтенеді: былтырдан, бюгюнден, бурундан және т/б» [2,97б]. Ал Н. К. Дмитриев түрік тіліндегі мекен үстеулердің сілтеу есімдіктерінен әлі де толық ажыратылмағанын, үстеулердің сілтеу есімдіктерімен бірігіп өзінше есімді –зат есім (местойменное существительное) жасайтынын, бұл есімдікті –зат есімнің септелетіні жайлы айтады. Мысалы: ора-м (там у меня), ора –н (там у тебя), ора-сы ( там у него), буралар-а (сюда), буралар-да (здесь), буралар –дан(отсюда). Автор мұндай үстеулерді азербайжан, гагауыз, түрік тілдерінде кездесетін жаңа үстеулер деп есептейді [3,41-42б].

Үстеулердің түрлі тұлғаларға ие болып, біршама өзгерістерге ұшырайтынын қолдайтын пікірлер қазақ тілін зерттеуші ғалымдардың еңбектерінен де кездестіреміз. Мәселен, профессор Қ.Жұбанов үстеулерді морфологиялық жағынан септелетіндер (былтыр, бүгін) мен септелмейтіндер (енді, мана) деп екіге бөліп қарастырса [11,346б.], С.Аманжолов қазақ тіліндегі үстеулердің көбі септеледі, көптеледі, тәуелденеді деп көрсетеді. Мысалы: 1.Ертеңге, ертеңнің, ертеңіне т/б. 2. Ертеде, кешке, күнде [4.94б]. сондай-ақ, академик Сауранбаев та мезгіл үстеулерінің көптелетінін (кешке-кешелер) және септелетінін (кешенің, кешеге, кешеден) айтады [5,142-143бб].

Қазақ тіліндегі түрленбейтін немесе аз түрленетін сөз таптарының бірі үстеу сөздер. Үстеулердің сөзжасам жүйесі біршама зерттелгенімен, олардың басқа сөз таптарына өту үдерісі осы күнге дейін назардан тыс қалып келеді. «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» үстеу сөздерден жасалып реестр сөз дәрежесіне берілген екі жүзге жуық сөз бар. Соның ішінде заттануға бейім үстеулерді алып қарастыруға болады. Үстеулердің туынды зат есім жасаудағы ролі ерекше. –лық,/-лік, -дық/-дік,-тық/ -тік сөзжасам қосымшалары үстеуден туынды зат есім жасайтын ең өнімді тұлғалар. Мұндай жасалымдардың тілімізде қолданылуын ғалымдарымыз ертеден-ақ байқаған. Мәселен, ғалым Ә.Төлеуов –лық қосымшасының кейбір мезгіл және қимыл үстеулеріне жалғанып туынды зат есім жасайтынын көрсетіп, оған мынандай мысалдар келтіреді: жылдамдық, жеделдік, теңдік, шапшаңдық [12,203б]. «Қазіргі қазақ тілінің сөзжасам жүйесінде» осы тұлғада жасалған естелік, күнделік сөздерінің сөзжасамдық мағынасы нақтылы зат атауларын білдіретіні көрсетілген. Мұндай үдерісті татар тілінен де байқаймыз. Ф.Ганиев бұл жұрнақтардың кейбір үстеулерге жалғанып қасиеттің немесе белгінің атын білдіретін абстракциялық мағыналы зат есім жасайтынын айтады [9,80б].

Үстеулердің сөзөзгерім қосымшаларына көптік, септік, тәуелдік, жіктік жалғауларды және шырай жұрнақтарын жатқызуға болады. Тіліміздегі көптік жалғаулардың атқаратын қызметі сан алуан. Соған орай әртүрлі стильдік қызметте атқарады. Көптік жалғау зат есімге тән категория. Оның бірден-бір грамматикалық көрсеткіші –лар, -лер, -дар ,-дер, -тар, -тер.

Ғалымдарымыздың көпшілігі үстеулердің жалғау арқылы заттанып сөйлемде бастауыштың қызметін атқаратынын мақұлдайтын болса, ал көптік жалғауы туралы олай емес. Көптік жалғау басқа сөз таптарына жалғанып заттану қызметін атқарғанмен, үстеуде ондай қызмет атқара алмайды деген түсінік қалыптасқан. Дегенмен А.К.Боровков «Көптік жалғаулардың сын есім, есімше, сан есім және есімдікті былай қойғанда, тіпті үстеулерге жалғанып, оны заттандырып «зат есімнің мағынасына ауыстыратынын»,-айтады [6,92б]. Бұл пікірді М.А.Хабичев те қостап: «Кейбір сын есім, сан есім және үстеулер –ла,-ле көптік жалғауын қабылдап заттанады»,-дейді [8,106б].

Көптік жалғаудың басты грамматикалық мағынасы –заттың көптігін білдіру. Сонымен қатар, олар түрлі стильдік қызметте әр жақты мағынада қолданыла береді. Сондай қызметтерінің бірі - зат есімнен басқа сөз таптарына жалғанып, оларға заттық мағына үстеп, субстантивтендіру қызметі. Профессор С.Исаев көптік жалғаудың бұл қызметін былай түсіндіреді: « көптік жалғаудың бұл жердегі қызметі (яғни басқа сөз таптарына жалғанып оны заттандыру) – жұрнақ қызметі мен бара-бар дерлік» деу жалпы жалғаудың табиғатына терең үңілмегендіктен болып отыр. Біріншіден, басқа сөз таптарын заттандыру қасиеті тек көптік жалғауда ғана емес, септік тәуелдік жалғауда да жиі кездесіп отырады: еріншектің ертеңі таусылмас, Білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез (Абай). Екіншіден, көптік, тәуелдік және септік жалғауларының мұндай қызметі, басқа сөз таптарына жалғанғанда, оларды заттандырып жіберу қасиеті бұл тұлғалардың зат есімге тән түрлену жүйесі екендігін дәлелдейді [13,68б]. Үстеулердің көптелуі көркем әдебиетте бұрын онша көп кездесе бермейтін. Ондай құбылыс көбіне тек соңғы кездің жемісі. Түркі тілдеріндегі үстеулердің көптік жалғауын қабылдауына байланысты түрлі көзқарастар бар. Мәселен, С.Фузаилов «өзбек тілінде көптік жалғаудың үстеулерге созылыңқылық пен белгісіздік мағына беретін (илгирлар- когда-то, аллақачондар –когда-то) және тәуелдік жалғаудың 3 жағының тек көптік жалғауымен бірге қолданылатыны жайлы айтады (игарилари, аллақачонлари)» [7,14б].

Қазіргі кезде көркем әдебиет пен баспасөз беттеріндегі тілдік қолданыстарда көптік жалғаудың үстеулерге байланысты қызметі байқалып жүр. Көптік жалғаудың негізгі қызметтерінің бірі –сын есім, сан есім, есімшелерге жалғанып заттық мағына беру, сөйлемде бастауыш қызметінде жұмсалуы. Көптік жалғаудың бұл қызметін түркі тіл білімінде М.А.Хабичев пен «Азербайжан тілі грамматикасының» авторлары көрсеткен болатын. Ал қазақ тіл білімінде үстеулер көптік жалғау арқылы заттанбайды деген пікір қалыптасқан. Алайда қазіргі тілдік фактілер мұндай пікірдің терістігін дәлелдеп отыр. Соңғы кездері тілімізде кейбір мөлшер, мекен үстеулерінің көптік жалғау арқылы заттанып, зат есімге тән қызмет атқару үдерісі кездесіп қалады. Мысалы: Бізден соң бірталайлар айтысты. Иә, әлі талайлар қызықтайды, мүсіркейді .Біз тәрбиелеген адамдардың арасында санасы әлі де төмендер бар екен . Өзінен жоғарылар сөз айтпаса мүмкін тыңдайды да, өзінен төмендермен санаспайды. Бұл сөйлемдерде талай, бірталай, төмен және жоғары үстеулері көптік жалғау арқылы заттанып сөйлемде бастауыш болып тұр.

Мұнда мөлшер, мекен үстеулері көптік жалғауды қабылдап, біріншіден заттық мағынаға ие болса, екіншіден көптік мағынаны білдіріп тұр. Соған орай, олардың семантикасы да өзгеріске ұшырайды. Бұрын іс-әрекеттің мөлшерін, мекенін білдіріп тұрған сөздер, енді басқа мағына, заттық атауды білдіріп, көптік мағына беріп тұр. Үстеулердің бойындағы мұндай тұлғалық және семантикалық өзгерістер олардың байланысу формасы мен синтаксистік қызметіне де өз әсерін тигізбей қоймайды. Жоғарыдағы сөйлемдердегі бірталайлар, талайлар, төмендер, жоғарылар үстеулері сөйлемде бастауыш қызметін атқарып, предикаттық қатынасқа түсіп тұр. Үстеулердегі бұл өзгеріс тіліміздегі үнемдеу заңына байланысты болса керек. Аталмыш сөйлемдердегі бірталайлар, талайлар, төмендер, жоғарылар бір кезде бірталай адамдар, талай адамдар, санасы төмен адамдар, жоғары адамдар болып айтылғаны анық. Қолданыла келе, бұл сөз тіркестеріндегі зат есімдер түсіп қалып, анықтауыш қызметінде тұрған үстеулер енді әрі затық және сол заттың бойындағы көптік мағынаны қабылдауына тура келген. Осыдан келіп үстеулердің көптік жалғаулар арқылы заттану үдерісі қалыптасты.

Ал көптік жалғауын қабылдай отырып, өз мағынасында қалып қоятын үстеулерге келіп тоқталатын болсақ, ол - мезгіл үстеуі. Мезгіл үстеулерінің көптелуінде, біріншіден ешқандай заттану үдерісі жоқ, олар қаншалықты көптік жалғау тұлғасында тұрғанымен, сол өзінің бұрынғы мезгілдік мағынасынан күшейту, айқындап нақтылай түсу дәрежесін ие болған. Мысалы үшін төмендегі сөйлемдерді алып қарайтын болсақ, әнеукүндері әжесі қонаққа шақырған, бүгіндері бүкіл ел таныған даңқты ұлын олар да мақтаныш етіп «шүкіршілік» деп отырады («Қазақ әдебиеті»). Литвада бұрындары елеусіз болып келген архивші мамандығы бүгінде ең қадірлі де пайдалы жұмысқа айналды («Арай»). Мұндағы әнеукүндері, бұрындары, бүгіндері үстеулері көптелумен қатар тәуелденіп те жұмсалып тұрғаны белгілі. Сонда бір сөздің өзінде екі түрлі субстантивтендіретін қосымшалар, яғни көптік әрі тәуелдік жалғау жалғанған. Соған қарамастан, бұл сөздер ешқандай заттық мағына теріп тұрған жоқ. Мұндағы бар мағыналық өзгеріс, бұрын қимылдың нақты, белгілі мезгілін білдіріп тұрған сөздер, енді іс-әрекеттің мезгілін болжаммен, мөлшермен білдіріп тұр. Екіншіден, бұл қызметте көптік жалғау жеке тұрса да, тәуелдік жалғаудың ІІІ жағымен бірігіп тұрса да, үстеулердің басқа сөз таптарымен байланысу формаларына өзіндік әсер ете алмайды. Жоғарыда берілген әнеукүндері, бұрындары бүгіндері сөздері өзі қатысты сөздермен предикаттық қатынасқа түсіп тұр деп айтуға болмайды. Бұл арада біз олардың тұлғалық ерекшелігінен гөрі мағыналық жағына назар аударудың нәтижесінде қабыса байланысқан сөз тіркестерінің қатарында қарастырамыз. Сондай-ақ олар сөйлемде үнемі пысықтауыштық қызмет атқарып тұрады. Сонымен, мезгіл үстеулері қаншалықты көптеліп келгенімен, олар семантикалық мағынасы жағынан да, байланысу формасы жағынан да, синтаксистік қызметі жағынан да үстеулік қалпынан алшақтап кете алмайды.

Тіліміздегі үстеулердің сөзөзгерім қосымшаларының бірі-тәуелдік жалғаулар. Егер үстеулердің көптелуі туралы пікірді академик Н.Сауранбаев пен А.Ысқақовтан ғана кездестіретін болсақ, ал олардың тәуелденуі туралы қазақ тілі оқулықтарының көбінде айтылады. Онда үстеулердің тәуелдік жалғау арқылы (онда да ІІІ жағы) субстантивтенуден арыға бара алмайды. Ондағы келтірілген мысалдардың барлығы бірдей дерлік: «Еріншектің ертеңі бітпес» деген сөздің аясында.

Қазіргі әдеби тілімізде үстеудің тәуелдік жалғаудың үш жағымен де заттану аясының кеңейгенін көруге болады. Оған көркем әдебиеттен, баспасөз беттерінен, көптеген мысалдар ұшырасады. Бүгіні-байлық, ертеңі-берекет. Сонда ертеңіміз не болады. Осы тұрғыдан алғанда болашақты ойлағанда бүгініміз ұмыт қалмаса екен дейсіз. Бұл сөйлемдерде үстеудің заттанып бастауыш қызметін атқарып тұрғаны анық. Осындай мезгіл үстеулермен қатар кейбір мөлшер және қимыл-сын үстеулерінің де тәуелдік жалғауы арқылы заттанғанын кездестіруге болады. Мысалы: Бірталайы ойына ешнәрсе алмай бірге ішіп жібереді. Біразы үйіне қайтты, енді қалғандары қызу айтыс-тартысты ары-қарай жалғастырады. «Ағылшын тілін меңгерген» министрдің қазақшасы қатып тұрған жоқ.

Сөзге заттық мағына беретін қосымшалардың бірі-септік жалғаулар. «Сөйлемде сөздердің арасындағы алуан түрлі синтаксистік қатынастарды көрсетіп, өзі жалғанған сөзге әртүрлі грамматикалық мағына үстеп, сөз бен сөзді байланыстыруда үлкен орын алатын зат есімнің парадигмалық түрлену жүйесінің бірі – септік жалғау». Ал септік жалғау дегеніміз «зат пен оның іс-әрекеті (қимылы), я зат пен заттың (сынның) арасындағы субьектілік, обьектілік, меншіктілік-қатыстық, мекендік, мезгілдік, көлемдік, амал-құралдық, себеп-мақсаттық сияқты қатынастарды білдіріп, заттық мән үстеп тұратын түрлену тұлғасы» [10,75]. Септік жалғаулар негізінен зат есімге тән грамматикалық категория. Дегенмен, сөздің септелуі заттанған сын есімдер мен сан есімдерде, есімдік, тіпті етістік атауларында да бола береді. Осы сияқты үстеулердің де септелу үлгілері кездеседі.

Сонымен, тiліміздегі заттанған үстеулерді уақытша контесті заттану тобына жатқызуға болады. Өйткені, қазіргі сөз қолданысымызда толық заттанып жаңа мағынаға ие болған, реестрлік сөз дәрежесіне жеткен үстеулер байқалады. Ал уақытша заттанған сөздер қазіргі көркем әдебиет тілі мен баспасөз беттерінде кең қолдынысқа ие болып отыр. Мұның басты себептері тіліміздің дамуымен бірге жетіліп отыратын, жоғарыда айтылған, тілдік үнем заңы мен үстеу мағыналарының дифференцияланып анықтауыштық қатынасқа көшуі деп білеміз.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   47




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет