Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық



бет16/47
Дата22.05.2018
өлшемі9,62 Mb.
#40597
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   47

Әдебиеттер:

1 Якобсон Р.О. Лингвистика и поэтика. Москва: «Наука», 1978.

2 Байтугаева Г. Определительные конструкции казахского яхыка // Вопросы грамматики тюркских языков: Материалы координационного совещания по проблемам глагольного вида и сложноподчиненного предложения в тюркских языках, состоящегося 24-27 сентября 1956 года. – Алма-Ата: Изд. АН КазССР, 1958. – С. 176-190.

3 Ван Дейк Т.А. Язык. Познание. Коммуникация. – Москва: Прогресс, 1989.

4 Ермекова Т.Н. Құрмалас сөйлемдер жүйесі. Алматы, 2008.

5 Шмелев Д.Н. Синтаксическая членимость высказывания в современном русском языке. – Ленинград: Наука, 1976.



Резюме

В данной статье рассматриваются вопросы по коммуникативным актам и распространенным предложениям.


ФРАЗЕОЛОГИЗМДЕРДІ ТОПТАСТЫРУ ТҮРЛЕРІ
Жаңабаева Н.А.

Магистр-оқытушы,

ҚазМемҚызПУ

Тіл – ұлттың, халықтың ұрпақтан-ұрпаққа ғасырлар бойы үзіліссіз беріліп келе жатқан мұрасы. Халық тілінің байлығы, бейнесі оның тілдік жүйесінің ерекшеліктерінен көрінеді. Тіл білімінде фразеологизмдер деп аталып жүрген тіл бірліктері ұлт тілінің ерекшелігін көрсетуде айрықша рөл атқаратыны көпшілікке белгілі мәлімет. Фразеология - фразеологизмдердің лингвистикалық табиғатын, олардың қолданылу ерекшеліктерін қарастыратын тіл білімі саласы.

Фразеологияның басты мәселелерінің бірі фразеологизмдердің типтерін анықтау болып табылады. Фразеологизмдер құрамы жағынан әр түрлі, сөйлеу тіліндегі қызметі жағынан да түрлі сипатта. Осыған байланысты фразеологизмдерді зерттеуші ғалымдар арасында әртүрлі пікір қалыптасты. Мұның басты себебі фразеологизмдерді жіктеуде олардың табиғатын қарастыруда әртүрлі ұстанымдарға сүйенуі болып отыр. Фразеологизмдерге қатысты еңбектерді зерделеп және сараптама жасай келе тұрақты тіркестерді топтастыруда әлі де шешімін таппай жүрген мәселелер бар екені байқалды. Тіл білімінде лингвистикалық мәртебесі анықталмаған фразеологизмдер түрі- фразеоматикалық тіркестер туралы пікірлерге шолу жасап, оның лингвистикалық табиғатына көңіл аудартқымыз келіп отыр.

Фразеологияны зерттеудің қазіргі жайы мен ары қарай дамуы тіл білімінің когнитивтік бағытымен тығыз байланысты болып отыр. Осы бағыттың аясында фразеологизмдер жалпы адамзаттың және жеке адамның танымдық қабілеттерімен, тілді тұтынушылардың қарым-қатынастық интенцияларымен байланысатын ерекше құбылыстың белгілері ретінде қарастырылып келеді. Зерттеу мақалада ерекше ұлттық дүниетанымдық көзқарастар жөнінде ақпарат беруші, екіншілік атауға ие есебінде фразеоматикалық тіркестер айрықша назарға алынып отыр. Бұл тіркес түрінің зерттеуге арқау болуының алғышарты мына мәселелелер:



  • осы уақытқа дейін тіл жүйесінде фразеоматикалық тіркес типінің мәртебесі жөнінде бірізді пікірдің болмауы;

  • олардың ерекшеліктерін анықтайтын ғылыми ұстанымдар мен нақты критерийлердің жасалынбауы.

Бұл құбылыстың күрделілігі сонда – атаулы терминге әр ғалым тарапынан әр түрлі атау берілуінде: фразеологиялық тіркестер (В.В.Виноградов), аналитикалық құрылымдар (Р.Р.Асфендияров), рестриктивтер (С.Г.Гаврин), дәстүрлі тіркестер (А.И.Смирницкий), фразеолоидтер (Н.Н.Амосова), фразеоматикалық тіркестер (А.В.Кунин, В.Л.Дашевская, Л.А.Уралова).

Фразеологизмдердің түрлерін топтастыруда, оларға терминдік атау беруде тілші ғалымдар арасында бірізді пікір жоқ деп айтуға болады.

Орыс тіл біліміндегі фразеологияның негізін қалаған В.В.Виноградов фразеологизмдердің үш түрін көрсетеді:


  1. фразеологиялық тұтастық;

  2. фразеологиялық бірлік;

  3. фразеологиялық тізбек, яғни фразеологиялық тіркестер.

В.В.Виноградовтың бұл топтастыруындағы үшінші түрін ғалымдар Амосова, Смирницкий, Ларин мойындағысы келмеді, мұның себебін олардың неліктен тұрақтылығын түсіне алмағанынан көрсетеді.

Кейіннен фразеолог Шанский осы үш түрлі фразеологизмдерге фразеологиялық сөйлемшелер деген (фразеологические выражения) түрді енгізеді. Осылайша топтастыруда Шанский семантикалық үйлесімділік принципін ұстанады. Сонымен фразеологиялық тіркестер мен фразеологиялық сөйлемшелерді бір жаққа( құрамында еркін сөздер кездесуін тілге тиек етеді) – семантикалық мүшеленуге келетін деп, фразеологиялық тұтастық пен фразеологиялық бірлікті(құрамында сөздер десемантизацияланған бірліктер) - семантикалық тұтастыққа ие бірліктер деп бір жаққа біріктіреді.

Ғалым С.Г.Гаврин бұл топтастыруды жеткіліксіз деп санайды. Гаврин фразеологияны кең мағынада түсініп, қабылдағанды мақұлдайды. Ол фразеологияға функционалды-компликативтілік аспект арқылы ену керек дейді. Ғалым фразеологияның құрамына барлық тұрақты және ауыспалы-тұрақты сөз тіркесімділіктерін енгізеді. С.Г.Гаврин орыс тіліндегі құрылымды топтастыруды жасай білді, сонысымен еңбегі бағалы болып табылады.

Фразеологияның көлеміне қатысты пікір ғалымдар арасында әртүрлі. Мәселен, А.И.Смирницкий мен Н.Н.Амосованың қабылдануында фразеологияның көлемі тар мағынада, ал С.Г.Гавриннің көзқарасы бойынша фразеология кең көлемде, мағынада қарастырылуы тиіс деп табылды.

Фразеологияны кең мағынада қарастыру қазіргі таңда кеңінен етек алып келе жатқанын ғалым Кунин өз еңбегінде айтып кеткен болатын.

Орыс тіл білімінің фразеологиясының постклассикалық дәуірінде жаңадан топтастыру түрлері ұсынылды. Ғалымдар фразеологияны зерттеп білу үшін топтастыра–жүйелеу әдісінің жеткіліксіздігін мойындады. Телия көптеген ғалымдардың зерттеу жұмыстарына сілтеме бере отырып, фразеологизмдерді мынадай топтарға бөлуді қолдайды:



  1. Идиомалар;

  2. Фразеологиялық тіркестер;

  3. паремиялар;

  4. сөйлеу штамптары;

  5. клише;

  6. қанатты сөздер.

Ғалым-фразеолог Ісмет Кеңесбаев бастаған қазақ ғалымдары В.В.Виноградовтың топтастыруына сүйеніп, фразеологизмдерге тән үш қасиетті қарастыра келе қазақ тіліндегі фразеологизмдердің түрлерін үлкен екі топқа бөледі.

Ғалымдардың айтуы бойынша дәстүрлі термин атауларына сай фразеологиялық түйдекке идиом сипатындағы фразеологизмдер жатқызылады. Сонымен, фразеологиялық түйдекке мына тәрізді фразеологизмдер жатады: жаны күйді, ит арқасы қиянда, талғының биті бар, жүрегінің биті бар, жүрек жұтқан, т.б. Бұд типтегі ФЕ компоненттері әуел бастағы негізгі лексикалық мағынасынан айырылып, бәрі жиылып бір ұғымды түйдегімен бір-ақ білдіреді.

Ғалым І.Кеңесбаев фразеологизмдердің сыртқы тұрпаты жайлы айта келіп былай дейді: «өзінің сыртқы тұрпаты жағынан еркін тіркестерге ұқсайды, мәселен, атрибутты тіркестердегі(анықтауыш-анықталғыш) соңғы компонент өзінің негізгі мағынасын сақтап, тиянақты келетін болса, анықтауыш компонент ауыспалы мағынада қолданады: асқар тау, сүмбіл шаш, қолаң шаш, қынай бел; демек, адъективті тіркестердің анықтауыш компоненті осы ізбен жасалатындығы күмән тудырмайды: сасық бай, егіз қозылы, екі жүзді, бір қайнатым(шай), т.б.».

Шілде түскенде, түн баласына, таң сыз бергенде тәрізді адвербиалды тіркестер де жоғарыдағыдай бір сыңары(алғашқысы) негізгі мағынада жұмсалып, кейінгі компоненті(компоненттері) туынды мағынада тұрады.

Қалған тіркестердің бәрі де осы тәсілмен жасалады деуге болатыны жайлы ғалым өзінің осы еңбегінде айтып кетеді. Мақал-мәтелдер бір ұғымды тұспалдап білдіреді. Яғни мақал құрамындағы жеке сөздің берер мағынасы сөз емес, түгел бір мақалдың тұтас мәні сөз болып отырғанын айып отыр. Мақал-мәтелдердің барлығын фразеологизмдерге жатқыза алмаймыз деп айта тұра, ғалым өзінің сөздігінің бір бөлігіне енгізеді.

Фразеологизмдерді мағына жағынан классификациялау – ең қиын мәселелердің бірі. Қиындық нақты бір тілдегі сөз тудырушы тәсілдердің бірі болып табылатын осы категорияның өзіндік ерекшелігінен келіп шығады. Фразеологиялық түйдек және фразеологиялық тіркестердің едәуір бөлегін мағына жағынан топтастыру – тым қиын мәселе болғанмен, ол шешуге болмайтын тұйық жұмыс еместігін ғалым І.Кеңесбаев сөз етеді. Түрлі сыртқы факторлар, діни, ескі әдет-ғұрып, төрт түлік мал, мінез-құлық, т.б. өмір ағымына, ой-санаға сай фразеологизмдерді семантика, стиль, қолдану тәсілдері жақтарынан бажайлап талдау жасау- барлық филологтардың басты парызы екендігін ғалым осыдан біраз уақыт бұрын айтып кеткен болатын.

Тілдегі мақал-мәтелдерді фразеологизмге жатқызу да тартысты мәселе болып келеді. Бұл барынша тар мағынада алынатын ФЕ-лер мен мақал-мәтел арасында үлкен айырым барлығымен байланысты еді. Мақал мен мәтел ФЕ-ден өзінің сөз қолданыс, мағыналық жағынан ерекшеленіп тұрады. Ішкі мазмұны, сыртқы түрі жағынан яғни өздерінің семантикасы, грамматикалық құрылысы жағынан мақал-мәтелдің ФЕ-ден елеулі айырмашылығы бар. ФЕ-ге кейбір ұқсастықтары бола тұрса да, мақал-мәтел сөз саптаудың дербес түрі болып есептеледі. Демек, олардың өздеріне тән лексика-семантикалық, грамматика-стильдік ерекше белгілері бар деген сөз. Сол ФЕ-лердің бір саласы – фразеологиялық түйдекке тән белгілерді қысқаша былай тұжырымдауға болады: фразеологиялық түйдек құрамындағы элементтері іштей кірігіп, жеке компоненттердің өзінің негізгі лексикалық мағыналарынан айырылып қалу қасиеті бөлек.

Ә.Болғанбаев, Б.Қалиев, Б.Сағындықұлы сынды ғалымдар фразеологизмдерді мынадай топтарға бөліп көрсетеді:


ФРАЗЕОЛОГИЗМДЕР

ФРАЗЕОЛОГИЯЛЫҚ ТҰТАСТЫҚ



ФРАЗЕОЛОГИЯЛЫҚ БІРЛІК


ФРАЗЕОЛОГИЯЛЫҚ ТІЗБЕК

Ғалым Г.Смағұлова фразеологизмдердің түрлерін анықтауда ғалымдар арасында бірізді пікірдің жоқтығын айта келе мына мәселеге мән бергенді жөн санайды. Фразеологиялық бірлік пен фразеологиялық тізбектің аражігін ажырату керектігін айтады. Фразеологиялық бірліктер мен тұтастықтар өздерінің семантикалық табиғаты мен құрылым жағынан өзгешеленетінін айтады. Фразеологиялық тізбекте еркін мағынадағы сөз фразеологиялық қалпында, екі сөздің тіркесуінен жасалып, өзгеріссіз тізбек күйінде қолданылады. Мысалы, жанды сөз, қалың сор, жез таңдай, тас бауыр, қызыл кеңірдек, жат есік, суық қол, бұқа мойын, жалпақ шешей, теке сақал, жуан жұдырық, қолаң шаш, шикі өкпе, т.б.

Фразеологиялық тізбектердің құрамындағы сөздердің образды мағынада жұмсалуы олардың теңеу, салыстыру сияқты көркемдік мағынада айтылуына байланысты. Алайда ауыспалы мағынада аталған тұрақты сөз тіркестерінің бәрін бірдей фразеологиялық тізбекке жатқызуға болмайтынын ғалым айта келе, былай түсіндіреді: фразеологиялық тізбек – бүкіл тұтас тіркестің беретін мағынасы тұрғысынан қарағанда, фразеологиялық бірліктердей емес, өзінің құрамындағы сөздердің мағынасымен байланысты болады.

Қазіргі таңда В.В.Виноградовтың классификациясына сүйене отырып, қазақ тіл білімі де қазақ тіліндегі фразеологизм түрлерін үш түрге: фразеологиялық тұтастық(идиом), фразеологиялық бірлік, фразеологиялық тізбектер деп бөлді. Осы ұғымдарға төртінші түрі ретінде етіп қосқан Н.Шанскийдің фразеологиялық түсінік (К.Аханов «сөйлемше» деп аударған кейде «орамдар» деп те атайды) деген түріне қазақ зерттеушілерінің пікірі әр түрлі екендігін ғалым Г.Смағұлова да айтады: « ...І.Кеңесбаев фразеологияны тар ұғымда түсінуде мақал-мәтелдерді фразеологизмдерге қоспайды. Фразеологияның төртінші түрі фразеологиялық түсінікке мақал-мәтелдерді нақыл сөздерді қосатын Р.Сәрсенбаевтың пікіріне қосылатын болсақ, шынында да тілде бар құбылысты мақал-мәтелдердің фразеологиялық тұлғалардан елеулі айырмашылығын ескере отырып, біздіңше, тіліміздегі тұрақты сөз тіркестерінің құрамында, оның ішінде фразеологиялық түсінікке (выражение) қатысты етіп қарастырған жөн бе деп ойлаймыз» деп өзінің пікірін білдіреді.

Фразеологизмдердің топтастырылуына байланысты классификацияларға шолу жасау барысында Куниннің ұсынған классификациясына көңіл бөлуді жөн көрдік.



ФРАЗЕОЛОГИЗМДЕР

Идиоматикалық тіркестер



Идиофразеоматикалық тіркестер


Фразеоматикалық тіркестер

Бұл топтастыруда Виноградовтың классификациясын негізге алғандығын ғалымның өзі айтады. Тіл білімінде фразеологизмдердің түрлерін анықтау барысында ғалымдар біршама қиындықтарға кезіккендігін білеміз. Мұның өзі көптеген ізденістер жүргізілуіне себеп болды. Ал Куниннің фразеологияда жасаған қадамы тіл білімі тарихында ерекше маңызды қадам болып есептеліп отыр. Ол тіркестердің тұрақтылығына тиісті кешенді зерттеу жүргізу арқылы фразеологиялық деңгейдің әр түрлә аспектілерінің инварианттылығының көлемі ретінде фразеологиялық тұлғалардың тұрақтылығын анықтады, осы арқылы түрлі деңгейлік факторлар(семантикалық, лесикалық, грамматикалық, құрылымдық) қатарының мөлшері есебінде тұрақтылықты айқындады.

Фразеологиялық тұлға тұрақтылығы теориясын жасау олардың фразеологиялық сипатқа ие емес сөз орамдарымен шекарасын ажырату мүмкіндігін берді және соңғыларының тілдің атауыштық қолданыстар арасындағы орнын анықтау мақсатында тұрақтылығын жан-жақты зерттеуге көшуге жол ашты.

Фразеологиялық емес сипатқа ие тұрақты тіркестерге А.В.Кунин фразеоматикалық тіркестер деген атау беріп, арнайы фразеологияның фразеоматика деген саласын бөліп көрсетті. Бұл саланың мақсаты фразеологиялық емес сипаттағы тұрақты тіркестерді зерттеу болып табылады. Бұл тіркестердің ең басты айырым белгісі ретінде А.В.Кунин олардың жалпы беретін мағынасында ауыспалы мағынаның болмауын атап өтеді, ал бұл қасиет, яғни ауыспалы мағынаның қатысуы фразеологиялық бірліктерге тән басты қасиет екенін ескерген жөн.

Бұл құбылыстың күрделілігі сонда – атаулы терминге әр ғалым тарапынан әр түрлі атау берілуінде және бұл қабаттың толық зерттелмегенін көрсетеді: фразеологиялық тіркестер (В.В.Виноградов), аналитикалық құрылымдар (Р.Р.Асфендияров), рестриктивтер (С.Г.Гаврин), дәстүрлі тіркестер (А.И.Смирницкий), фразеолоидтер (Н.Н.Амосова), фразеоматикалық тіркестер (А.В.Кунин, В.Л.Дашевская, Л.А.Уралова).

Фразеоматикалық тіркестердің табиғатын анықтауға қатысты шетел ғалымдарының еңбектері жарық көріп жатқаны мәлім. Бұл тіркес түрін енгізу барысында А.В.Кунин ағылшын тілінің фразеологиялық табиғатының күрделілігі жайлы айтып кетеді, яғни В.В.Виноградовтың классификациясымен ғана шектелмейтіндігін айта келе ағылшын тіліндегі фразеоматикалық тіркестерге біршама сипаттама беруге тырысады. Және осы тіркеске қатысты өзіндік теориясын жасайды. Шетел ғалымдары: Уралова, Калимуллина, Нуриахметова, Батырова, т.б. ғалымдар фразеоматикалық тіркестердің өзекті мәселелеріне тоқтап, оларға өзіндік тұжырымдар келтіреді. А.Батырова өз зерттеуінде фразеоматиалық тіркестердің сипаттамасн анықтап беруде функционалдық және когнитивтік аспектіде қарастырып отырғандығын атап өтеді.

Фразеоматикалық тіркестердің негізгі және даулы мәселелерінің бірі олардың басқа ауыспалы тіркестерден және фразеологиялық тұлғалардан бөліп қарастыру және шегін анықтау болып табылады, себебі осы уақытқа дейін фразоматикалық тіркестер тобының шегі дұрыс анықтала қойған жоқ деп ғалым Уралова өз зерттеулерінде айтқан болатын.

Фразеоматикалық мағына – ауыспалы емес, алайда күрделенген мағынасы бар бөлекше ұйымдастырылған тіл бірліктерімен сипатталатын ақпараттық инвариант болып табылады.

Кунин фразеоматикалық мағынасы бар тілдік бірліктерге ауыспалы емес, байлаулы емес мағыналы сөз орамдарын, мысалы, ештен кеш жақсы дегенді, ауыспалы емес, алайда байлаулы мағынасы бар сөз орамдарын, мысалы, көңіл бөлу,т.б. дегенді жатқызады.



Әдебиеттер:

  1. Г.Смағұлова. Фразеологизмдердің варианттылығы. – Алматы: Санат, 1996. – 8-10б.

  2. Кунин А.В. Английская фразеология. М., 1970. – 13б.Маслова В.А. Лингвокультурология. Москва, 2001. 36-б.

  3. Маслова В.А. Лингвокультурология. Москва, 2001. 82-б.

  4. Кеңесбаев І. Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі. Алматы: Ғылым,1977. 20-б.



Рәбиға Сыздық зерттеулерінің психолингвистикалық және этнолингвистикалық қырлары

Ә.Исламова,

1-курс магистранты

ҚазМемҚызПУ, Алматы, Қазақстан
«Біз өзіміздің ұлттық жүйемізді, тарихи танымымызды, рухани мәдениетімізді барынша терең дамыта отырып, барлық салада рухани тәуелсіздікке жетуіміз керек»

Н.Ә.Назарбаев

Елбасымыз айтқандай, салааралық ғылымды дамытуда психолингвистика және этнолингвистика ғылымдарының зерттеу мәселелерін ашып, өзара байланысын қарастыру қазіргі таңда басым бағыттардың бірі. Психолингвистика саласындағы маңызды мәселенің бірі - ұлттық психологияның тіл ғылымындағы көрінісі. Ұлттық психологияның түп тамыры қазақ халқының тарихы, ортасы, материалдық және рухани мәдениеті, салт-дәстүрі, тілі мен дінінде жатыр деуге толық негіз бар.

Қазақ лингвистикасында ойып орын алатын айтулы тұлғалардың бірі – академик, ғалым – Рәбиға Сыздық. Зерделі ғылыми зерттеулер жүргізіп, қазақ лингвистикасында көркем мәтінді талдау, қазақ әдеби тіл тарихы мәселелері, қазақ прозасы тілінің көркемдік-эстетикалық белді сипаттарын талдап-танытуда «сөз құдіретін» түйіндеуде және т.б. өзекті мәселелерде Рәбиға Сыздықтың рөлі ерекше екенін айтып жатудың өзі артық болар.

Р.Сыздық зерттеулерінің психолингвистикалық және этнолингвистикалық қырларын 3 аспектіде талдауға болады:

1. «Сөз құдіреті» атты зерттеу еңбегіндегі психолингвистикалық, этнолингвистикалық сипаттар;

2. Тілші ғалым еңбектеріндегі ұлттық таным, ұлттық сана және зерттеулерінің ұлттұтастырушылық қызметі;

3. Академик Р.Сыздық зерттеулеріндегі эстетика, сезім мәселелері;

Р.Сыздық өзінің «Сөз құдіреті» атты зерттеу еңбегінде көркем сөздің сипатын талдап қана қоймай, шығарманың өн бойында кездесетін психологиялық құбылыстарға, ұлттық танымның көркем шығармада көрініс тапқан тұстарына тоқталып өтеді. Р.Сыздықтың пікірінше, жазушының көркемдік шеберлігі ұлттық танымына, ақыл-ойына тікелей байланысты қарастырылатын мәселе. Яғни, қазақ халқында ұлттық психологияны танытқан ойға көсем, тілге шешен кемеңгерлердің болғандығын дәлелді келтіріп кетеді. Мысалы, М.Әуезовтің шығармаларын зерделей отырып: «20 жылдардағы әңгімелерінде (М.Әуезовтің) «құдалық» сөйлесу, құда түсу, бас сүйіскен тәтті құда болу, қарғыбау беру, әруағы ырза болу, мойнына бұршағын салу, ақсарбас айту, өлген адамның орнын сақтау, сүйек жаңғырту деген тәрізді этнографизмдерді таңдап-тауып орнымен әдемі жұмсаған», [1,24] - деп ерекше атап көрсетті.

Ал, Шерхан Мұртазаның «Қызыл жебе», «Жүрекке әжім түспейді» деп аталатын туындыларын талдағанда, мақал-мәтелдерді, дәстүрлі фразеологизмдерді, күрделі экспрессоидтерді тұлғаларын бұзбай, дұрыс қолдануда Ш.Мұртазаны үлгі тұтатын жазушы екенін тілге тиек ете отырып, ұлттық психологияны танытудың маңызды компоненті ретінде ата-бабадан мұра болып келе жатқан халықтық мұраны алға тартады. Мұртаза шығармаларындағы «Көжеден басқа асым жоқ, Құдайдан басқа досым жоқ», «Жолың шыдыр болсын, Жолдасың Қыдыр болсын» т.б. сияқты мақал-мәтелдерді талдай отырып, ғалым халықтық мұраның ортақ үлгілерін өзгертпей қолдану қажет деген ұстанымды айқын аңғартады. Бұған дәлел ретінде академиктің: «Жазушының тілді осылай сезінуі оның көркем әдебиет сияқты өнер иесі болумен қатар ұлттық, халықтық мүддені діттейтін ақыл иесі екенін де танытады» [1,64], - деген көркем ойын, келісті пікірін алуға болады. Академик ғалымның ұлттық сана, ұлттық танымды насихаттап, болашақ ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеу мақсатын, бағытын ұстанғаны осы тұста айқын көрінбей ме?!

Асқар Сүлейменовтің «Бесін» повесін талдауда ғалым ұлттық сипат пен психологиялық құбылыстарға (бас кейіпкер мінезі, эмоциясы, ерік-жігері т.б.) назар аудара отырып, көркем шығармадағы автор қолданыстарын психология ғылымымен байланыста қарастырады. «Теңеу – таным нәтижесі. Сондықтан теңеулердің дені этнографиялық сипатта болады. Мысалы, Төрехан өз жасын саба түбі сарқындыға теңесе, орыс империясының төресін ширатылған су сынды қыл шылбырға балайды. Бұл теңеулердің барлығы да қазақ өмірінен, қазақ танымынан алынған. Демек, халқы үшін жан пида етіп отырған әке мен баланың көзімен баяндалған шығармада дүниетаным нағыз ұлттық, нағыз қазақтық болып ұсынылған» [1,150], - деп қазақ этнопсихологиясының тағы бір қырын ашып берді.

Демек, ғалым Р.Сыздықтың лингвистикалық зерттеулерінің басым көпшілігінде психологиялық сипат ерекше орын алады. Көркем шығарма тілін, оның қолданылу аясын, жазушылық жеке қолданыстарды талдауда, саралауда ғалым әрдайым танымдық, ұлттық тұрғыдан жаңаша қарастыруды басты бағыт ретінде ұстанғаны айқын. Бұған дәлел ретінде академиктің: «Соңғы он шақты жылда жаңа бағыттармен жұмыс істеу басталды. Тілді құрылымдық жағынан зерттеу деген болатын. Құрылымдықта мынау бастауыш, мынау баяндауыш деп зерттейді. Оны зерттесін. Ал енді тілді қолданатын адам ғой. Сол адамға тілдің қажеті қандай болды? Енді бағытты адамға бұрдық. Бұл – жаңа бағыт. Тілді зерттегенде адам тұрғысынан шығып зерттедік. Өзге ғылымдармен байланыстырып зерттеу, мысалы халықтың этнографиясымен байланыстыра зерттеу. Тұрмыс-күйі мен тілдің қатынасын анықтау» [5], - деген пікірі зерттеу бағыттарының салааралық сипатын байқатады.

Қазақ әдеби тілі, оған берілген сан түрлі анықтамалар, даму, қалыптасу дәуірлері, пайда болуына негіз болған аймақтары, түп-тамыры, ауқымы туралы қазақ лингвистикасында талас-тартыс, дау-дамай, ортақ ұстаным-пікірлерге келе алмаушылық орын алғаны белгілі. Ата-баба дәстүрімен келе жатқан халық ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетінің ара-жігін ажыратпақшы ғалымдарымызға қарсы ғылыми бағытын ұстанып, тайсалмай, дәлелді ойларымен Р.Сыздық күрес алаңына батыл шыға білді. Ешбір ғалымның пікіріне қарсы шықпай, жақтаспай, өзіндік бағытпен алға жылжыған батыл апайымыздың қазақ әдеби тілі жөніндегі пікірі әлі күнге дейін өз маңызын жоймақ емес. Қазақ сөзін халықпен тағдырлас деп қарап, сөз асылын іздеуден танбады. Сөздердің этимологиясына, мағыналық қырларына, қолданыстан шығып қалған тұстарына мән беріп, сөзді ұғымдық тұтастандыруға ұмтылды. Ғалым тек сөзді тұтастандыруға ғана емес, қазақ лексикасын зерттеу арқылы ұлттық танымымызды, санамызды, ойлауымызды дамытып, яғни ұлттұтастырушылық қызметті де бірге атқарды. Себебі, ол кезеңде А.Байтұрсынов секілді тіл білімінің негізін қалаушылардың өмірін, шығармашылығын зерттеп, ғылыми монография жазу – екінің бірінің қолынан келмейтін игілікті шаруа еді. Р.Сыздық – А.Байтұрсыновты тұңғыш зерттеуші ғалым ретінде, ұлттық санамыздың ояну тарихына үңілу, ұлттық ғылым қалыптасуының сара жолын ашу т.б. мәселелерді алға тартып, ұлттық сипатқа ерекше мән берді. Қазақ әдеби тілінің ауыз әдебиетінен бастау алатынын нақтылай келе, ғалым «Қазақ әдеби тілінің тарихы» атты қорытынды монографиясын жазды. Осы монография арқылы ұлттұтастырушылық қызметті айқын бастама етіп алып, ұлттық сананың айқын көрінісін ғылыми еңбектерінде ашып көрсете білді.

Ғалым енді бірде: «Тегінде Абай уайымшыл емес, өмірді сүйген, тамашалай білген, әр нәрсеге үмітпен қарай білген суреткер. Мүмкін, сондықтан да Абайда жақсы сөзі 130 рет, жаман сөзі 46 рет, жақсылық сөзі 33, жаманшылық сөзі 18 рет, дос сөзі 60, достық 28 рет қолданылса, дұшпан 18-ақ рет, өмір 113 рет, өлім 26 рет аузына үйірілген болар» [4,253], — деп ақын тіліндегі позитивті мағыналы сөздердің қолданыс жиілігін Абай оптимизмімен байланыстырады. Бұл – болашақ ұрпақты ұлттық қасиеттерге, ұлттық ойлау жүйесіне баулудың, адами қарым-қатынас ерекшеліктерін ұғындырудың бірден-бір жолы деп атасақ, қателеспеген болар едік.

Ұлттық қасиетті бойға сіңіртетін рухани бастауларға:


  • Тіл;

  • Ойлау қабілеті;

  • Салт-дәстүр;

  • Тәрбие;

  • Психология;

Бұл ұғымдар бір-біріне тәуелді. Тіл – ойды жүйелеуші, демеуші, жарыққа шығарушы болса, тәрбие – психологияны қалыптастырушы. Салт-дәстүр – ұлттық өмір сүру дағдысы, ұлттық психология – халықтың табиғи даралығы. Осы аталған тұтастықтардың барлығы Р.Сыздықтың лингвистикалық зерттеулерінде орын алып, өз маңызын жойған емес. Себебі, ғалымның әр зерттеуінің, әрбір ұлағатты сөзінің өн бойында ұлттық сананы, ұлттық ойлау жүйесін қалыптастыру, зерттеулеріне ұлт психологиясының құрамдас бөліктерін арқау ету басты назарына алған өзекті мәселелер екені айғақ.

«... Бірақ, тілегім бар. Тілге қызмет етіп отырғаннан кейін, тіл жөнінде айтсам деймін. Енді 100 жылдан кейін қазақ тілі өмір сүре берсе, рахметті бүгінгі ұрпаққа айтады. Жанын салып қорғап қалды дейді. Қазақ тілі жойылып кетсе сол уақытта, бізді қарғайды. Соншама айғайлап жүріп, не бітірді дейтін болады. Менің тілегім, ғалымымыз бар ма, басшымыз бар ма, қарапайым халық бар ма, жас жеткіншек ұрпақ бар ма, бәріміз бірігіп қазақ тілін жойылып кетуден сақтап қалсақ. Бойымыздағы бар күш-жігерімізді, ақылымызды осы тілге пайдалансақ деймін» [5], - деп болашаққа сенім арта отырып, ұлттық құндылықтарды сақтауға шақырады.

Қорыта айтқанда, Р.Сыздық зерттеулерінің басым көпшілігінде ұлттық және психологиялық сипатты анықтайтын бағыттар мен астарлар жиі ұшырасып жатады. Өнегелі де білімді, өнерлі де зерек жас ұрпақты тәрбиелеп, халық беделін көтеріп, әлемге танытуда ата-баба тәрбиесін, ұлағатын бойға сіңіруде ғалымның зерттеулері үлгі-өнеге, бағыт-бағдар бола беретіні баршамызды қуантады.



Әдебиеттер:

1 Сыздық Р. Сөз құдіреті. – Алматы. Санат, 1997. – 224 бет

2 Сыздық Р. Қазақ әдеби тілінің тарихы (XV-XIX ғ.). – Алматы, «Арыс» баспасы, 2004. -288 бет

3 Рәбиға Сыздықова. Ахметтану: бүгіні мен болашағы // «Қазақ әдебиеті» газеті, №46, 12 қараша, 1993 жыл, 6-7 б.

4 Сыздықова Р. Абай және қазақтың ұлттық әдеби тілі. – Алматы, «Арыс» баспасы, 2004. – 616 бет.

5 http://www.mtdi.kz/til-bilimi/soz-tarixy/1681-gylymda-jurgen-kazak-aielinin-jugi-oye-auyr




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   47




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет