Дәріс №5.
Дәріс тақырыбы: «Қарапайым түсініктер» тақырыбының мазмұны және оны оқытудың әдістемесі.
Әртүрлі заттарды санауды үйрену және соларға жаттығу.
Заттардың екі тобын салыстыру.
Заттардың екі тобын біріктіру және топтан бірнеше затты бөліп алу мен фигураны бөліктерге бөлу және оны бөліктерден құрастыру.
Заттарды әр түрлі белгілеріне (түсіне, өлшеміне, пішініне) қарай салыстыру.
1. Әр түрлі заттарды санауға үйрену және оларға жаттығу. Соның нәтижесінде Қанша? (неше?, нешеу?) деген сұраққа жауап беру үшін оқушылар кез-келген ретте заттарды санауды меңгереді. Ал нешінші? Деген сұраққа жауап беру үшін заттарды көрсетіп, берілген ретте санау қажеттігін игереді. Сонымен бірге осы сұрақтарға жауап беру үшін ұйымдастырылатын әралуан практикалық жаттығуларды орындау барысында оқушылар зат пен санды сәйкестендіруді үйренеді, сандар қатарының ретін түсінеді.
2. Көптеген практикалық жұмыстарды орындаудың нәтижесінде заттардың екі тобын салыстыруды, қайсы топта заттың артық (кем) екенін, немесе бір топта қанша зат болса, екіншісіндеде сонша екенін анықтауды үйрену. Оқушылар заттардың екі тобын салыстырудың әр түрлі тәсілдерімен нақтылы іс-әрекет үстінде танысады. Екі топты теңестіру тәсілдерін де кездестіреді. Қорытынды нәтиже: артық, кем, сонша сөздерін игеру және салыстыру кезінде нақты практикалық іс-әрекеттер орындауға жаттығу.
3. Затардың екі тобын біріктіру және топтан бірнеше затты бөліп алу мен фигураны бөліктерге бөлу және оны бөліктерден құрастыру мәселелері мазмұндық тұрғыдан алғанда өте ұқсас және жақын. Заттың екі тобынан бір ғана топ құрастыру, заттың тобынан қандай да белгісіне қарай бірнеше затты ажыратып, топтан бөліп алу ілгеріде қосу және азайту амалдарының мән-мағынасын ашу кезінде қолданылатын тірек білімнің қатарына жатады.
4. Заттарды әр түрлі белгілеріне (түсіне, өлшеміне, пішініне) қарай салыстыру жайындағы қарапайым практикалық дағдылардың үлгілерімен танысу. Сонда қандай да бір мәнді белгілеріне қарай салыстыру, бақылауды ұйымдастыру барысында жүргізілетін жүйелі жұмыстың бастама кезіндегі іс-әрекеттің үлгісі көрсетіледі. Қорытынды нәтиже: салыстырудың қорытындысын білдіретін «бірдей», «әртүлі» сөздерін игеру және «түстері бірдей», «өлшемдері бірдей», «өлшемдері бірдей», «түстері әртүрлі», «пішіндері әртүрлі» сияқты сөз тіркестерінің мағынасын түсіну, сондай-ақ «дөңгелек», «үшбұрыш», «ұзын-қысқа», «биік-аласа», «қалың-жұқа», «үлкен-кіші» сөздерімен танысу.
Қарапайым түсініктер негізінен оқулықта берілген жаттығулар арқылы қалыптасытырылады. Ал, сол түсініктердің практикалық сипаттағы қырларын таңдау математикалық дәптерлердегі тапсырмаларды орындау кезінде жүзеге асырылады.
Достарыңызбен бөлісу: |