Дәріс №6.
Дәріс тақырыбы: «Он көлеміндегі сандар» тақырыбының мазмұны және оны оқытудың әдістемесі
Сан және цифр жайында түсінік қалыптастыру.
Есептік және реттік натурал сандар.
Сандарды салыстыру.
1. «Он көлеміндегі сандар» тақырыбын оқытып үйретудің ең басты міндеті – сан және цифр жайында түсінік қалыптастыру, осыған орай сандардың атауларын және олардың сәйкес цифрлармен белгіленетіндігін игерту, цифрларды жазу дағдысын қалыптастыру.
Оқушылар заттарды санауды және санау арқылы қанша?, нешінші? сұрақтарына жауап беруді білетіндіктен нақтылы заттарды немесе олардың бейнелерін, дыбыстарды, қозғалыстарды, геометриалық фигураларды, затық суретерді және т.б. санауға сүйеніп, бір таңбалы кез-келген санды шығарып алуға болады.
Сантиметрдің көмегімен кесіндінің ұзындығын өлшеудің нәтижесі ретінде әр санды шығарып алудың мүмкіндігі қоса қарастырылады. Шаманы өлшеу санаумен бір мезгілде енгізіледі, яғни санның ұзындықты өлшеудің нәтижесін сипаттайтынына назар аударылады.
Әр санды қосу және азайту амалдары арқылы шығарып алуға болатындығына әлде қайда басымырақ көңіл бөлінеді, яғни сан – арифметикалық амалдың нәтижесін сипаттайтынына да ерекше мән беріледі. Сандарды атау және цифрларды жазу қатар жүргізіледі. Сонымен қатар затқа санды және оған цифрды сәйкестендіре білу, цифрларды оқуды және жазуды үйрену жүзеге асырылады.
2. Цифрді жазуға машықтану дәптерде орындалатын жұмыс барысында жүзеге асырылады. Мұнда әсіресе цифрларды жазуға қажетті арнайы дайындық болып табылатын №1 математика дәптеріндегі беріліп отырған жұмыс жүйесін тиімді пайдалануға ерекше көңіл бөлінуі тиіс. Цифрді жазуға үйрету жұмысы нәтижелі болуы үшін мынадай ұсыныстарды басшылыққа алған жөн:
Цифрдің жазылу үлгісімен оқушыларды таныстыру, сондай-ақ оның әрбір элементін саусақтың қимылымен көрсету.
Оқушы сол көрсетілген қимылды қайталап, цифрді мұғалімнің көрсеткен үлгісіне орай ауада жазып көрсетуі тиіс.
Дәптерде берілген цифр үлгісін қаламмен бастырып, оны жазуға бейімдеу жөн.
Дәптерде арнайы көрсетілген жолдарға цифрді жазу арқылы оқушыларды машықтандыру керек.
Дәптердегі арнайы тапсырмаларды орындау арқылы цифрді жазуға дағдыландыру керек.
Ондық сандарды оқып-үйренгенде оқушылар нөл санымен танысады. Бастауыш курста нөл санына жиындар класының сандық сипаты ретінде түсініктеме беріледі.
3. Бір таңбалы сандардың қатарын түзу және олардың ретін анықтау әр санды оқытып – үйретумен тығыз байланыста жүзеге асырылады. Осыған орай:
санның тікелей алдында келетін санға 1- ді қосу және тікелей одан кейін келетін саннан 1- ді азайту арқылы сәйкес санды шығарып алу;
берілген санға 1- ді қосып келесі санды, ал берілген саннан 1- ді азайтып, алдыңғы санды шығарып алу;
10 көлеміндегі сандардың кез-келгенінен бастап тура және кері бағытта сандарды ретімен атап шығу;
әр санның қатардағы орнын анықтау;
сандарды көрнекілікке немесе қатардағы орнына қарай салыстыру арқылы үлкен немесе кіші екенін, сондай-ақ санның қандай да бір екі санның арасында, санның алдында және одан кейін орналасқандығын анықтау;
әрбір жаңа санды бұрыннан белгілі сандармен салыстыру;
ең кіші бір таңбалы және ең үлкен бір таңбалы санды анықтау және т.б. байланысты практикалық жұмыстар барысында сәйкес іс-әрекетке оқушыларды жеткілікті деңгейде машықтандыру көзделеді.
Санның нәтижесінде сандар қатары жайлы түсінік қалыптасып, әр санның сол қатардағы орнын анықтауды оқушылар меңгереді.
Сандарды салыстыру – көрнекілікке сүйеніп, қайсы топта заттардың артық, кем немесе сонша екенін тағайындаумен байланыстырылады және салыстырудың нәтижесі қатынас таңбаларының (=,>,<) көмегімен жазылып көрсетіледі, ал шыққан жазулар сәйкес «теңдік» немесе «теңсіздік» деп аталатыны айтылады.
Достарыңызбен бөлісу: |