АНАКСИМАНДР МИЛЕТТІК (Άναξίμανδρος, шамамен б.д.д. 610–
547 / 540 жж.) – ежелгі грек жаратылыстанушысы, милеттік мектептің екінші өкілі, географ және натурфилософ, доксографтар бойынша, Фалестің
«шәкірті», «туысы», «жолдасы». 547/546 ж. Прозаикалық «Табиғат туралы» трактатын жарыққа шығарған. Оның негізгі мазмұны – космогония, космография, метеорологиялық феномендердің этиологиясы. Трактаттың бір ғана үзіндісі сақталған, онда космостың пайда болуынан бастап, тірі жаратылыстардың және адамның пайда болуына дейін сипатталған. Әлем олимпиялық құдайлардың қатысынсыз, өздігінен дамиды. Барлық заттың негізі бір нәрсе ғана емес, ол шексіз бастаудан (апейрон) тұрады, оған үз- діксіз қозғалыс тән. Апейрон құйын тәріздес процестің нәтижесінде ыстық пен суықтың, ылғал мен құрғақтың т. б. физикалық қарама-қарсылығына айналады, олардың өзара әсерлесуі шар тәрізді космосты тудырады, кос- мостың ортасында қатты және суық бөлшектерден пайда болған цилиндр түріндегі Жер тұр, ал жеңіл және ыстық бөлшектерден аспан мен жұлдыздар пайда болған.
А. әлемді тірі жаратылысқа теңейді. Ол қартаймайтын уақытқа қарағанда, пайда болады, өседі, қартаяды, өледі, содан соң қайта пайда болады. Яғни, әлем мәңгі емес, ол жоғалады, оның орнына апейроннан басқа әлем пайда болып отырады. Алғашқы бастаулардың тіршілік ету күйлері туралы айта келіп, А. материалды күйлердің паритеті туралы идеяны ұсынды. Ылғалды кебеді, құрғақ ылғалданады және т. б. Қарама- қарсы күйлер ортақ негізге ие, олар ортақ бірлікке шоғырланады, содан бөлініп шығады. Бұл принцип Гераклиттің «қарама қарсылықтардың бір- лігі мен күресі» ілімінің тууына жол ашты.
Әдебиет: Лосев А.Ф. История античной эстетики, Ранняя классика. – М., Ладомир, 1994. – С. 312–317; Лебедев А.В. TO APEIRON: не Анаксимандр, а Платон и Аристотель // Вестник древней истории. 1978. № 1–2.
АНАКСИМЕН МИЛЕТТІК (Άναξιμένης, б.д.д. 585/560 – 525/502).
– ежелгі грек философы, милеттік натурфилософия мектебінің өкілі, Анаксимандрдың шәкірті. А. милеттік мектептің соңғы өкілі, ол құбылыстар мен заттардың табиғи себебін іздеу – стихиялық материализм қарқынын күшейтіп, аяқтады. Оның «Табиғат туралы» трактаты сақталмаған, оның пәні – космогония, космография және метеорологиялық феномендердің этиологиясы. Фалес пен Анаксимандр сияқты әлемнің алғашқы бастауы ретінде белгілі бір материяны алған. Ол материя – шектеусіз, шексіз, формасыз ауа, басқа заттың барлығы ауадан пайда болады. А. ауасы мөлдір және көзге көрінбейтін субстанция. Сонымен қатар, ауа – белгілі бір сапалық қасиеттерге ие бастау, жалпы стихиялықтың жалпыланған-абстрактілі, универсалды мазмұнға ие бейнесі болып табылады. А. бойынша, әлем
«шектеусіз» ауадан пайда болады, заттардың әр түрлілігі ауаның әр түрлі күйіне байланысты. Ауаның сұйылуына (қыздырылуына) байланысты ауадан от, ал қоюлануына (салқындатуына) байланысты жел, бұлттар, су, топырақ, тастар пайда болады. Сұйылған ауа отты табиғаты бар аспан шырақтарын тудырады. А. тұжырымының маңызды аспектісі: сұйылу мен қоюлану негізгі, өзара қарама-қарсы, бірақ тең функционалды, материяның әртүрлі күйлерін құрауға қатысатын процестер.
А. негізінен метеорология және астрономия қызықтырған. Метеоролог ретінде, А. ойынша, бұршақ бұлттан шыққан судың қатуынан пайда
болады; егер осы қатқан суға ауа араласса, онда қар пайда болады. Жел – тығыздалған ауа. Ауа райының күйлерін А. Күннің белсенділігімен байланыстырған.
А. ойынша, Күн – Жер мен Айға ұқсас дене, ол қатты қозғалыстың әсерінен қызған. Жер мен аспан денелері ауада қалықтап тұрады. Жер қозғалмайды, басқа шырақтар мен планеталар космостық желдердің әсерінен қозғалыста болады.
Достарыңызбен бөлісу: |