Жобаның мақсаты-1925-1929 жылдар аралығында Қазақ АКСР Атқару комитеті кезіндегі атқарған қоғамдық-саяси қызметіне сай толық келбетін ашып көрсету
Жоба жұмысының деректік негізі- жоба жұмысында негізгі деректер мерзімді баспасөз мәліметтерінен, жарияланған құжаттар мен материалдар жинақтарынан, естеліктер ден және ғылыми зерттеулерде берілген ақпараттардан алынды.
І – ТАРАУ
ТАЛАНТЫМЕН ТАНЫЛҒАН ҚОҢЫРҚОЖА
Қожықовтар десе көпшілікке танылған «Қыз Жібектің» режиссері Сұлтан Қожықов түсуі мүмкін. Ал оның ата-анасы,әулеттің отағасы Қоңырқожа Қожықов жайлы білеміз бе?
Қоңырқожа Қожықов 1880 жылы Перовск уезінің «Хан ағашы» деген жерде, қазіргі Қызылорда облысы, Сырдария ауданы Қоғалы көл ауылындағы «Қожық» қыстауында дүниеге келген. Зерттеуші-этногроф Тынышбек Дайрабай «Қоңырқожаның нағашылары яғни, әкесі Қожық қожаның зайыбы кіші жүз ханы болған Әбілхайыр ханның ұрпағы Ерім төренің қызы, ал өзінің жолдасы Латифа атақты Лапиндер әулетінен шыққан» дейді. Ал, арғы тегі орта ғасырда Орта Азиямен қазақ даласына дін таратқан Қорасан қожадан бастау алады. Қорасаннан – Құрбан, одан Көшек. Көшектен Әзқожа, одан Алтайбек ахун – Қожық. Қожықтан Қоңырқожа болып өрбиді. Оның үлкен әкесінің Кенесары Қасымұлымен қызметтес болғаны, кейін Кенесары өлгеннен соң Сыр бойына қоныс аударғаны да баяндалған.
Ол, Ақмешіттегі 4 сыныптық орыс-бұратана мектебін, 1904 жылы Ташкенттегі мұғалімдер семинариясын бітірген. Ташкентте семинарияда оқып жүріп, саяси жұмыстарға белсене араласқан. Атап-айтқанда, Ресей империясындағы түркі-мұсылман халықтарын бірлікке үндеп, жадиттік қозғалыстың көшбасында тұрған И.Гаспринскийдің идеяларына қаныққан. Әсіресе, патша үкіметінің білім беру жүйесін орыстандыру саясатымен ұштастырғанын, әрі түркі-мұсылман халықтарының талап-тілектерін ескермеу бағытындағы ұстанымын өткір сынға алған И.Гаспринскийдің «Русское мусульманство» атты еңбегімен танысқан. Сонда революционер Георгий Вяткинмен танысып, алғаш рет «Искра» газетін оқыған. Семинарияны бітірген соң, сол жылы күзде Самарқан облысындағы Үргіт деген жердегі ауылға барып мұғалімдік қызметке орналасқан. Сөйтіп ол өмір жолын мұғалімдік қызметтен бастайды.
Мектептер мен медреселерде зайырлы ғылым негіздерін де оқыту мәселесі Қоңырқожаға үлкен ой салады. Содан ол өлкеде өрістеген жәдидшілер қозғалысын жақтайды. Соған орай бірінші кезекте медреселерде, ауылдардағы мешіттер мен мектептерде құранды үйретуге негізделген бағдарламаны қарастырып, қазақ балаларының сауат ашу тәжірибесін зерттейді. Зерттей келе, ағарту ісіндегі көп кемістіктің қазақ тілінде арнайы жазылған сауат ашу кітабы жоқтығына байланысты екеніне көзі әбден жетеді.Осы мақсатпен балаларға арналған тұңғыш «Әліппе» шығарған. Ол «Әліппе» кітабында араб-парсы әліпбиіндегі әріптермен әр қазақы дыбысты жеке әріппен белгілеу жолын ұсынады. Бір дыбысты бір әріппен таңбалау әдістерін мысалдармен, жүйелеп көрсетеді.Және ол іске аса бастайды.
«Әліппе» оқулығымен қатар, Романовтар әулетінің патшалық құруының 300 жылдығына орай тағы екі автор – Шәді Жәңгірұлы және Қалиасқар Қасымовпен бірігіп жазған «Русие патшалығында Романов нәсілінен хукимранлик қылған патшалардың тарихлары» («Историческая поэма царствования Дома Романовых на киргизском языке») атты дастаны жарық көрді.Сондай-ақ «Жаяу Қоңыр» деген бүркеншік атпен де мақалалар жазып жүрген екен.
Қоңырқожа Қожықов 1917 жылғы саяси өзгерістер тұсында да қоғамдық-саяси өмірге белсене атсалысып, Түркістан өлкесінің халқының мүддесін қорғау бағытында ұйымдастырылған іс-шараларға араласқан. Әсіресе, уақытша үкімет Қоңырқожа Қожықовты Әндіжан уезіндегі учаскелік комиссары қызметіне тағайындайды. 1917 жылы 17 маусымда Әндіжан қаласында Ферғана өңіріндегі қазақтар мен қырғыздар бас қосқан жиналыс кезінде «Иллиятия» (Көшпенді) атты ұйым құрылып оған жетекшілік етті.
Ұйымның мүшелері қатарында К.Достов, С.Келгенбаев, Б.Мейірбеков секілді жергілікті халық өкілдері кіреген.Көрнекті тарихшы Сәулебек Рүстемов Қ.Қожықов және түркі-мұсылман халықтарының азаттық қозғалысы тақырыбындағы зерттеу мақаласында «Уақытша үкімет жағдайында қалыптасқан ахуалға сай Қ.Қожықов төрағалық еткен «Иллиятия» ұйымы Ферғана өңіріндегі жергілікті халықтардың саяси белсенділігін арттыру, тұрғындарды Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына әзірлеу, азық-түлік және жер комитеттеріне өз өкілдерін енгізу арқылы жергілікті халықтың мүддесін қорғау бағытындағы іс-шараларды жүзеге асыруға тырысты» - деп жазды.
1917 жылы 21-26 шілдеде Орынборда өткен І жалпықазақ съезінде Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына депутаттыққа кандидат ретінде ұсынылды. Түркістан уақытша кеңесі 12 орыннан тұратын Түркістан автономиясының Уақытша үкіметін бекітті. Оның төрағасы және ішкі істер министрі Мұхамеджан Тынышбаев, сыртқы істер минситрі Мұстафа Шоқай, Ішкі істер министрінің орынбасары Әбдрахман Оразбаев, министрлер кеңесінің жауапты хатшысы болып Қоңырқожа Қожықов тағайындалды.
1924 жылғы сәуірде большевиктер партиясының Бас хатшысы Иосиф Сталинге көрнекті қазақ коммунистерінің бір Алаш-Орда туралы құпия баяндама бергені белгілі. Сондағы құпия тіркеменің 8-ші бабында мынандай мәліметтер айтылған:
«Қоңырқожа Қожықов. Қазақтың «қожа» деп аталатын ақсүйектерінен. Қоқан автономиялық үкіметінің бұрынғы мүшесі. Көрнекті алашордашы, Шоқаевтың көмекшісі. 1913 жылы, Романовтар үйінің тойы кезінде, патшалардың портретімен қазақ тілінде кітапша жазды. Ферғананың аудандарының бірінде Керенскийдің уақытша үкіметінің комиссары боп істеді. 1921 жылы Жер халкоматының мүшесі, содан соң Жер халкомының орынбасары болды, Жетісу облысында жер-су реформасын басқарды, жұрттың бәріне орыстарды «оңды соғудамыз» деп айтып жүрді. 1922 жылы жерге орналастыруды басқарды, қазір Жерге орналастыру басқармасында істейді. Қожықов Қожановпен бір пәтерде тұрады. Осы Қожықов, Қожанов, Асфендиаров, Тоқтыбаев – белгілі Лапиннің қыздарына үйленген, сөйтіп олар қазақ халқын ең алдымен осы туысқандық белгілері бойынша бірлесіп билеуде. Қазір тап осы Қожықов Қожановты билеп тұр. (Ол өте тәжірибелі адам). Қожановқа қызметкерлер келгенде, оларды ең алдымен осы Қожықовқа мәселелерді келісу үшін жіберіп алады, түрлі үкіметтік және тіпті партиялық хаттамалар да оған пікірін білу үшін жіберіліп жатады». Бұл құпия жазбадан байқалатыны сол, Қожықов кеңес өкіметі тұсында да ұлт коммунистерінің бірқатары ақыл-кеңес сұрап тұратын беделді қайраткер болған.
Достарыңызбен бөлісу: |