ҚОРЫТЫНДЫ
XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың бас кезі қазақ тарихындағы күрделі кезеңдердің бірінен саналады. Ресей империясының отаршылдық саясатының, ұлттық езгісінің ауыр тауқыметін тартып жатқан қазақ халқы сол тарихи кезеңде қалыптасқан мұндай ахуалдан шығудың жолдарын іздестіре бастаған-ды. Бұл процестің басында қазақ қоғамында жаңадан қалыптасып келе жатқан қазақ интеллигенциясы тұрды.Сол интеллигенцияның құрамында Қ.Қожықов та бар еді.
Патша өкіметінің 1907 жылғы 3 маусымдағы жарлығына сәйкес, қазақтар мен Түркістан өлкесінің өзге де жергілікті халықтарының Мемлекеттік Дума жұмысынан шеттетілуін нағыз әділетсіздік деп бағалап, ол жарлықтың күшін жою жолында ұйымдастырылған іс-шараларға қатысты, 1917 жылғы Ақпан революциясынан кейін Ферғана өңіріндегі қазақтардың мүддесін қорғайтын "Көшпенді" атты ұйым құрып, оған жетекшілік еткен.
1917 жылы тамызда өткен Түркістан өлкесі қазақтарының съезінде бүкілресейлік құрылтай жиналысына депутаттыққа кандидат ретінде ұсынылған. Осы автономияның Уақытша кеңесінің мүшесі болып сайланды. Кеңес өкіметі орнағаннан кейінгі кезеңде Мұстафа Шоқай сияқты қайраткерлермен астыртын байланыста болған.
Басында ірі қоғам қайраткері, ұстаз, ғалым Қоңырқожа Қожықұлы тұрған отбасы қазақ мәдениеті мен өнері тарихында өзіндік орыны бар ерекше әулетке айналды. Осы әулеттің елге сіңірген еңбегін лайықты бағалай білу ләзім. Бұған қазіргі таңдағы жаңа һәм жасампаз «Рухани жаңғыру» бағдарламасы да міндеттейді. Қожықовтар әулетін ардақтау, әулет мүшелерінің қалдырған мұраларын жете танып, есімдерін есте қалдыру шараларын кеңейте түсуді ойластырған жөн. Осы ретте Қожықовтар әулеті атымен мәдениет институты секілді оқу орындарының бірін, жалпы білім беретін мектептерді атау, мұражайлардан арнайы залдар, бұрыштар ашу, қалалар мен елді мекендерден көше аттарын беру, басқа да ұлықтау жолдарын жүзеге асырған орынды болар еді. Мұның бәрі ұрпақ тәрбиесіне қажет. Қожықовтар әулетін мейлінше терең тану, сөз жоқ, бүгінде елімізде басымдыққа ие болып тұрған «Мәңгілік ел» идеясын баянды етуге де риясыз қызмет етеді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қоңырқожа Қожықовты әлі де толыққанды зерттеуді қажет етеді.
ҰСЫНЫСТАР
● Қызылорда қаласында Қ.Қожықов жайлы танылым мұражайын ұйымдастыру
● Туған жеріне топырағын әкеліп,басына құлыптас қою
Достарыңызбен бөлісу: |