3. Қазақ хандығының басқару жүйесін кесте бойынша толтырыңыз және оның маңызын түсіндіріңіз.
1.Ауылдық басқару. Бұл қазақ халқының ең бірінші қоғамдық басқару жүйесі болып табылады. Бұл ұйым туыстас жақын адамдардың бірнеше отбасынан құралады. Ауылды басқаратын адамды ауылнай немесе ауылбасы деп атаған. Ондай адамның ауыл ішінде беделі күшті білгір, тәжірибелі және ауқатты адам болуы керек. Оның атқаратын басты міндеттері: ауылдастарының шаруашылықтарын басқару, көші-қон уақытын белгілеу, ауыл ішіндегі дау-жанжалдарды әділ шешіп отыру.
2. Ата-аймақ. Қазақ хандығының бұл ұйымы бір атадан тараған, жеті атаға дейінгі бірнеше ауылдан құралады. Ата аймақты басқаратын адамды “ақсақал” деп атады. Ауылбасылары «ақсақалмен» кеңесіп, оның шешімін мүлтіксіз орындап отырды. Ақсақал ата-аймақ ішіндегі неке мен отбасы, мұрагерлік пен енші т.б. мәселелерді шешуге құқылы болды. Жеті ата арасындағы дау-жанжалды реттеп, кінәлі жағын жазалады.
3.Рулық басқару. Ру он немесе он бес аймақтан құралатын болған. Руды басқаратын басшыны ру биі немесе рубасы деп атады. Руға өз қасиетімен,не аталарынан мұрагерлікпен жеткен адам билік етті. Рубасы ақсақалдарын жиып алып, оларға ақыл-кеңес берді, жоғарыдан келген жарлықтар мен бұйрықтарды орындатып отырды. Өзінің рулық аймағында кездесетін даулар болса, оны әділдікпен шеше білді. Рубасы көпті көрген білікті, тәжірибелі адам болды. Сондықтан да рудың тағдыры рубасының тапқырлығы мен қабілетіне тікелей байланысты болған.
4.Ұлыстық билік. Ұлыс бірнеше рудан құралды. Әр ұлыс өз жерінен жаугершілік жағдайда он мыңдық жасақ шығара алды. Ұлыстың бас билігі, сыртқы саясаты және әлеуметтік өмірге басшылық, ұлыс сұлтанның немесе ханның қолында болған. Ұлыс басы хан немесе сұлтандар, билер кеңесіне сүйенген. Билер ірі-ірі кеңестерде не жиындарда ұлыстың намысын қорғады. Ұлыс билеушісіне елдің ішкі-сыртқы жағдайына қатысты қабырғалы ақыл кеңес беріп отырған. Сұлтандар әдетте хандар мен ақсүйектер әулетінен шықты. Көбінесе хандар өздерінің ұлдарын және туыстарын ұлыстарға сұлтан етіп тағайындайтын болған.
5.Жүздік билік. Жүз бірнеше ұлыстардан құралды. Сондықтан жүздің басшысы, қызметі би атағының ең биік деңгейі. Қазақ жүздері шамамен алғанда XV-XVI ғасырларда тайпалардың одағы негізінде жер жағдайына байланысты қалыптасты. Қазақтың бұл үш жүзі бүгінгі таңдағы алып жатқан кең-байтақ жерімізді сыртқы жаудан қорғап, бізге қалдырды. Біздің қасиетті борышымыз сол жерді өз қалпында сақтап, Отанымыздың ұлтжанды азаматы болу. Үш жүздің билері мемлекеттік мәселелерді шешуде ханға көмектесіп, ақыл-кеңес беріп отырған. Жүздің биін орда би деп атаған.
6.Хандық билік. Хандық үш жүзден құралды. Қазақ хандығының билігі Ұлы ханның қолында болды (Түркі дәуірінде оны қаған деп атаған). Хан елдің сыртқы саясатын өз қалауымен жүргізді. Ал елдің ішкі өмірінде билер шешпеген даулар мен ұлы сұлтандары арасындағы жанжал бойынша ғана хан алдына барып жүгінетін. Кез келген дауға хан қатынасса да, қатынаспаса да жауапкердің есебінен кесілген мал мен мүліктің он пайызы ханға тиесілі болған. Басқа елдермен арадағы елшілік, құдандалық (қыз беру, алу), жауапкершілікпен бітім тікелей ханның, не ұлыс сұлтанының басшылығымен жасалған төре тұқымының ішкі әулеттік даулары хан алдында шешілген. Ал қара қазақ баласының дауын кез келген төре шеше алған.
7.Құрылтай (немесе Мәслихат ). Бүкіл қазақ ұлтының бас қосқан кеңесі. Ел басына ауыр күн туғанда күрделі мәселелерді талқылауға үш жүздің баскөтеретін азаматтары түгел қатынасады. Мұндай кезде “Жарғының” талабы бойынша азматтардың бесқаруы сай болу керек. Құрылтайдың немесе мәслихаттың кеңесінде көрші елдермен соғысу немесе одақ құру т.б. бойынша шешімді бекітпеу мәселесі қаралған.