Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі «мектепке дейінгі балалық шақ» республикалық орталығЫ



бет3/7
Дата15.12.2016
өлшемі1,2 Mb.
#3855
1   2   3   4   5   6   7

«Қатынас» білім беру саласының

базалық мазмұны
Мақсаты: ана тілінің базалық құндылықтарын меңгерген, мемлекеттік және басқа да тілдерде мәдени-әлеуметтік өзара қатынасқа дайын, айналасындағылармен тілдесу арқылы қарым-қатынас жасауға қабілетті мектеп жасына дейінгі көптілді тұлғаны тәрбиелеу.

Мектепке дейінгі ересек жаста «Қатынас» білім беру саласының базалық мазмұны төмендегідей ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінің түрлері арқылы жүзеге асады:

- тіл дамыту;

- көркем әдебиет;

- сауат ашу және жазу негіздері;

- мемлекеттік, орыс және басқа тілдерді үйрету.


Тіл дамыту

Мақсаты: мектепке дейінгі ересек жастағы балалардың жас ерекшелігіне байланысты ана тілінің ережелері мен базалық нормаларын игеруі, оларды нақты жағдайларда қолдана білу іскерлігін қалыптастыру, негізгі коммуникативті қабілеттерді меңгерту.

Міндеттері:

- мектепке дейінгі ересек жастағы балалардың активті және пассивті сөздік қорын қалыптастыру (тілді түсіну және сөйлеу);

- дыбыстарды дыбысталу, тілдік естілу артикуляциясын сақтап айту мен сөздерге дыбыстық талдау жасау біліктілігін дамыту;

- сөйлеу барысында тілдің грамматикасын сақтауға үйрету;

- әңгімелеу (монологтік тіл) және сөйлеу (диалогтік) тілін қалыптастыру;

- дыбыстың айтылуын дұрыс есту қабілетін дамыту мен дыбысты айту барысында дұрыс тыныс алу тәртібін сақтау;

- тілдің мәнерлілігін арттыратын ырғақтық құралдарын қолдану іскерлігін арттыру;

- көркем әдебиетпен таныстыру;

- балаларды сауат ашуға және жазуға дайындау.
Мазмұны:

Тілдің дыбысталу мәдениетін тәрбиелеу. Тілдің дыбысталу мәдениетінің барлық қырын жетілдіру. Дыбыстардың айқын артикуляциясын әзірлеу. Дыбыстарды дұрыс айтуға үйрету. Тілдік естуін дамыту (тілдегі дауысты және дауыссыз дыбыстарды ажырата білу іскерлігі, дыбыстың сөздегі орнын анықтау, сөздегі дауысты дыбыстарды ажырату, сөздегі буын саны мен сөйлемдегі сөздер санын анықтау). Берілген дыбысқа сай сөздерді айтылуына қарай салыстыру іскерлігін жаттықтыру. Сөзге дыбыстық талдау жасау дағдыларына үйрету.

Сөздік жұмыс. Мектепке дейінгі ересек жастағы балалардың сөздік қорын қоршаған орта туралы білімдерін қалыптастыру барысында дамыту. Тілін зат есім, етістік, сын есім, сан есім, есімдіктер, үстеулер, демеуліктер, салалас және бағыныңқылы шылаулармен толықтыру.

Үйрету. Жалпылауыш сөздерді қолдана білуге үйрету (киімдер, аяқ киімдер, бас киімдер, ыдыс-аяқ, жиһаз, электр құралдары, спорт жабдықтары, музыкалық аспаптар, көкөністер, жемістер, жидектер, гүлдер, ағаштар, саңырауқұлақтар, құстар, балықтар, жануарлар, жәндіктер және т.б.). Түрлі заттарды атай білу, синоним, антоним сөздерін таба білу, белгілі бір заттың белгілерін білу іскерлігі. Қажетті сөздерді дұрыс түсіну және қолдануын қалыптастыру, оларды өз тәжірибесінде белсенді қолдану. Сөзге қызығушылығы мен зейінін арттыру.

Тілдің грамматикалық құрылысын қалыптастыру. Тілдің грамматикалық дұрыстығын қалыптастыру. Жай, салалас және сабақтас құрмалас сөйлемдерді қолдана білуге жаттықтыру. Дауыс ырғағына қарай сөйлем түрлерін ажырата білу іскерлігін дамыту (хабарлы, сұраулы, лепті), оларды тілінде қолдану.

Бала тілін морфологиялық қырынан қалыптастыру. Етістіктерді дұрыс қолдана білу, сөздерді септіктер мен шақтарда үйлестіріп, кеңістіккеі қатынасын білдіретін cөздерді дұрыс қолдана білу іскерліктерін бекіту. Балаларды зат есім, сын есім, етістіктердің күрделі түрлерін жасауға жаттықтыру.

Түбірлес сөздерді (бақша, бақшашы, бақшада), етістіктерден (бардым, барамын, барғым келеді) жасауға және қолдануға жаттықтыру.

Сөздердегі дұрыс емес дауыс ырғағы мен дауыссыздардың кезектесуіндегі қателерді байқауға үйрету.

Жаңа сөз түрлерінің пайда болуына, қызығушылығы мен сыни қатынасына, дұрыс сөйлеуге талпынысын арттыру, қателерін жөндеу іскерлігі мен грамматикалық нормаларын білу қажеттілігіне тәрбиелеу.

Әңгімелеуге үйрету (монологтік тіл). Негізгі ойды дұрыс жеткізе білу, монологтік мәтіндерді байланыстырып айту, мәтін мазмұнын дұрыс, рет-ретімен айту, белгілі бір түсінікті сипаттап, хабарлы сөйлем түрінде жеткізе білу шеберлігін қалыптастыру.

Сөйлеу мәдениетіне үйрету. Таныс емес ортада, көпшілік алдында сөйлей білуге, өнер көрсетуге үйрету (мерекелерде, өзге топ балаларының және ата-аналардың алдында).



Сөйлеу тілінің қалыптасуы (диалогтік). Өзіне қаратылып айтылған сөздерді тыңдап түсінуге, әңгімені қолдауға, сұрақтарға жауап беруге және сұрауға, әңгімелесу кезінде өзін мәдениетті, әдепті, байсалды ұстау іскерліктерін дамыту. Өзге балалардың әңгімесінің маңыздылығына әсер етіп, бір-бірінен жаңалықты білуге ықыласын арттыру.

Шығармашылықпен әңгімелеу. Тәрбиешінің ұсынған «Күз», «Менің досым» тақырыптары бойынша әңгіменің жалғасы мен аяғын ойлап табу іскерліктерін үйрету.

Тәрбиешінің ұсынған тақырыптарын («Қыс қызығы», «Менің сүйікті күшігім», «Қыс келбеті», «Менің атам», «Жарқын жаз» және т.б.) бір-бірімен байланысқан сюжет бойынша суреттеу мен әңгімелер ойлап табуға, сөйлемдеріне бейнелеу сөздерін, эпитеттер, салыстырулар қолдануға үйрету.

Өмірден («Менің анам», «Наурыз – көктем мерекесі», бақылау бойынша («Көңілді тамшылар»), сурет бойынша (Ә. Қастеевтің «Дала») әңгімелер құрастыру іскерліктеріне үйрету.
Көркем әдебиет

Мақсаты: мектепке дейінгі ересек жастағы балалардың әдебиетке өнердің бір саласы ретінде қызығушылығын қалыптастырып, сауатты оқырман тәрбиелеу.

Міндеттері:

- балаларды көркем әдебиетінің халық ауыз әдебиеті жанрымен және шығармаларымен таныстыру;

- баланың шығарма мазмұнын меңгеріп, оларды дұрыс түсінуін қамтамасыз ету;

- көркем сөздерді дамытудың негізгі тәсілдерін үйрету.


Мазмұны:

Балаға жеткілікті деңгейде мәтінді талдау, шығарманың ерекшелігі туралы түсінік беру арқылы әдебиет теориясының кейбір қарапайым ұғымдарын жеткізе отырып, әдебиетке қызығушылығын ояту.

Көркем шығармаларды қалай қабылдайтынын, оларға қалай әсер ететіндігін байқап, шығарма туралы балалардың пікірін ескеріп, қажет болғанда түзетулер енгізіп, баланың адамгершілік әлеуетін қалыптастыру.

Шығармалардың жанрларын анықтай білуге (өлең, әңгіме, ертегі), тілдің көрнекті бейнелілігінің үлгілерін (айқындау, теңеу және т.б.) байқауға үйрету.

Бағдарламада берілген шығармалардан үзінділер жаттау (өлеңдер, шағын ауыз әдебиетінің жанрлары), тақырыпқа сай шығарманы таңдай білуге (түсінік айту) үйрету.

Заманауи көркем шығармаларды енгізу есебінен балалар оқуының шеңберін кеңейту.

Ұлттық әдеби шығармалармен, жазушылардың, ұлттық тілді жақтаушылардың немесе нақты аймақтың жазушыларының шығармаларымен таныстыру.

Бірігіп тыңдау дағдыларын, сұрақтарға ұйымдасқан түрде жауап беруге және оқығаны туралы сұрауға, талқылауға, суреттерді мұқият қарап, таныс мәтіндермен сәйкестендіруге тәрбиелеу.

Көркем тілдік және театрландырылған ойын әрекеттері арқылы балалардың дербестігін қалыптастыру, олардың шығармашылық қабілеттерін дамыту.

Әдеби сюжеттер бойынша драмалық-ойындарын сахналаудағы рөлдерді орындау тәсілдеріне үйрету.

Көркем әдебиеттің күнделікті өмірге қажеттілігін сезіндіріп, көркем шығармаларды іріктеуге, кітаптар әлемінде өзіне қажет көркем шығарманы таңдай білуге дағдыландыру.

Кітапқа ұқыптылықпен және құнттылықпен қарауға дағдыландыру. Кітапты құрметтеуге үйретіп, оның адам өміріндегі рөлін түсіндіру.


Сауат ашу және жазу негіздері

Мақсаты: мектепке дейінгі ересек жастағы балаларға сауат ашу негіздері мен алғашқы оқу дағдыларын меңгерту, жазуға дайындау.

Міндеттері:

- тілдің негізгі бірліктері туралы түсінік беру (дыбыс, буын, сөз, сөйлем);

- қоршаған ортадағы дыбыстардың түрлілігін айтылған сөз арқылы таныстыру;

- қатаң, ұяң дауыссыз дыбыстарды есту арқылы ажырата білуге жаттықтыру;

- баспа әріптерімен таныстыру.
Мазмұны:

Алғашқы оқу дағдыларын қалыптастыру. «Сөз» және «дыбыс» «буын», «жуан және жіңішке дауысты дыбыс» туралы алғашқы түсінік беру.

Тілдегі дауысты және дауыссыз дыбыстардың негізгі ерекшеліктерімен таныстыру.

Балаларға сөздегі дыбыстардың бірізділігін құра білуге үйрету.

Қатаң және ұяң дауыссыз дыбыстарды ажырата білу іскерліктерін жаттықтыру.

Дыбыстық құрылымы әртүрлі үш-төрт сөзге дыбыстық талдау жасауға үйрету, дыбыстардың айтылу ерекшеліктерін (еріннің, тіл мен жақтың қатысына қарай) талдау.

Әріптердің таңбалануымен (баспа әріп) таныстыру.

Буындарды оқудың негізгі механизмі туралы практикалық түсінік беру, яғни, оқу барысында буындағы дауысты дыбысқа сүйену арқылы жаттықтыру.

Жай сөйлемдерден буындарды және жеке сөздерді оқуға жаттықтыру.

Сөйлем туралы алғашқы түсініктерін қалыптастыру (жалаң және жайылма сөйлемдер құру, оларды дұрыс әрі нақты айта білуге, сөйлесу барысында жеке сөйлемдерді ажырата білу, сөйлемді сөздерге бөліп, олардың санын анықтай білуге жаттықтыру).

Жазуға дайындық. Дәптерді, қолды, қарындашты үстел үстіне қою және жазу кезіндегі ережелермен таныстыру.

Қарындашты дұрыс ұстауға үйрету.

Ұзын-қысқа таяқшалар мен ирек сызықтарды сызу арқылы ұсақ қол қимылдарын дамыту.

Сызбалар (штрих) жасауға үйрету.

Кеңістікті анықтай білу және қағаз бетінің жазықтығын бағдарлай білу іскерліктерін (графикалық диктант) үйрету.

Сурет салу арқылы әріп элементтерін құрайтын ырғақты қарапайым жиектерді сала білуге үйрету.

Жазу барысында қол қозғалысының ырғақтылығын сақтай білуге жаттықтыру.

Әріптердің таңбалары туралы білімдерін қалыптастыруды жалғастыру, дыбыстарды әріптермен сәйкестендіру іскерліктерін дамыту.


«ТАНЫМ» БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫНЫҢ

БАЗАЛЫҚ МАЗМҰНЫ
Мақсаты: жас ерекшелігіне сай танымдық іс-әрекет дағдыларын меңгерген, әлемнің тұтас бейнесін түсінуге, ақпаратты күнделікті өмірлік мәселелерді шешуде қолдануға қабілетті тұлғаны қалыптастыру.

Мектепке дейінгі ересек жаста «Таным» білім беру саласының базалық мазмұны төмендегідей ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінің түрлері арқылы жүзеге асады:

- қарапайым математикалық ұғымдарды қалыптастыру;

- қоршаған ортамен таныстыру;

- экология негіздері;

- құрастыру.


Қарапайым математикалық ұғымдарды қалыптастыру

Мақсаты: мектепке дейінгі ересек жастағы балалардың көңілін заттардың саны мен қоршаған орта құбылыстарына аударту негізінде математикалық ойлауын қалыптастыру.

Міндеттері:

- зейін, ес, түйсік, шығармашылық қабілеттерін, қиялын, ойлау вариативтілігі сияқты танымдық үдерістерін дамыту;

- танымдық қызығушылықтарын дамыту барысында белсенді оқу іс-әрекеттерін қалыптастыру;

- ақыл-ой әрекетінің (талдау, жинақтау, салыстыру, қорыту, топтастыру, үлгі жасау, құрастыру, байланыстың себеп-салдарын орнату) тәсілдерін үйрету;

- мектеп жасына дейінгі баланың сөздік қорына математикалық атауларды енгізу, сабақта алған білімдері мен іскерліктерін күнделікті өмірде қолдану;

- заттардың әр түрлі топтарын санау, оның саны мен сапасын анықтау дағдысын үйрету, олардың бір-бірімен арақатынасын анықтау;

- кеңістікті, уақытты қағаз бетінде бағдарлау дағдыларын дамыту;

- геометриялық пішіндер мен денелер, өлшемдер туралы түсініктерін қалыптастыру.


Мазмұны:

Көп. Санның белгілі бір заттың өлшемін көрсететін көрсеткіш екендігі жайлы түсінігін қалыптастыру.

Көп элемент бір заттан, сонымен қатар, тұтас топтан құралатыны туралы түсініктерін дамыту.

«Көп», «аз», «біреу» деген ұғымдармен таныстыру. «Бір» деген ұғымның бір ғана заттың санын ғана емес, сонымен қатар бүтін бір топтың жиынтығын да білдіретіндігін ұғындыру.

Көп заттың ішінен белгілі бір ерекшеліктеріне қарай заттарды іріктеп алып топтастыру қабілетін дамыту.

Көп және оның құрамы арасындағы қатынастарды орнату іскерліктерін жаттықтыру. Бүтін өзінің бөліктерінен үлкен екендігін, бірдей сандардың өзара бірыңғай сәйкес екендігі туралы түсінік беру.

Сан және санау. 10 саны көлеміндегі сан мен цифр туралы ұғымдарын қалыптастыру. Оларды танып және атау іскерліктеріне үйрету.

Көрнекі негізінде 10 санының пайда болуымен таныстыру.

10 көлеміндегі санды тура және кері санауға үйрету.

Сөздік қорына математикалық атауларды енгізіп, «Қанша?», «Қандай?», «Нешінші?» сұрақтарына дұрыс жауап беру іскерліктерін қалыптастыру.

10 көлеміндегі сандарды қасында тұрған сандармен салыстыруға, теңсіздіктен теңдік алуға (теңдіктен теңсіздік алуға), саны азға бір затты қосу, ал көп заттан бір затты шегеру арқылы («6 саны 7-ден кіші, егер 6-ға 1 затты қосса, онда екеуі тең болады», «7 саны 6-дан артық, егер 7-ден – затты шегерсе, онда екеуі тең болады») үйрету.

Қарапайым мысалдар мен тапсырмаларды орындауға жаттықтыру.

Теңдік туралы ұғымдарын қалыптастыру. Топтағы әр түрлі заттардың тең мөлшерін анықтау іскерліктеріне үйрету. Санау мен салыстыру арқылы санның мағынасын дұрыс қорыту («Мұнда барлық ойыншыққа теңдей алты сәбіз, алты қоян, алты тәрелке»).

Сан заттың көлеміне, ара қашықтығына, орналасу кеңістігіне және санау бағытына (оңнан солға, солдан оңға) байланысты емес екендігін түсіндіру.

Заттарды (алма, парақ қағаз, дөңгелек және т.б.) бірнеше бірдей бөлікке бөлуге болатыны туралы түсінік беру, бұл бөліктерді атап, бүтін мен бөліктерді салыстыруға үйрету. Бөліктен бүтін үлкен, ал бөлік бүтіннен кіші.

Қарапайым мысалдар мен тапсырмаларды орындауға жаттықтыру.



Көлем. Заттардың (5 және одан артық) ұзындығын, биіктігін, ені мен жуандығын белгілеу іскерлігіне үйрету. Заттарды көлеміне қарай өсу және кему ретімен орналастыру.

Заттардың көлемдерінің бір-бірінен айырмашылықтарын математикалық терминдерді қолдана отырып анықтап айту шеберлігін қалыптастыру. Мысалы, («Жасыл матрешка – ең биігі, қызыл – аласалау, сары одан аласа, бірақ көктен биігірек, ал қызғылт сары бәрінен де аласа және т.б.).

Шартты өлшемнің көмегімен екі заттың көлемін (ұзындығы, ені, биіктігі) салыстыруға үйрету.

Шартты өлшеммен өлшеуде заттың бөлігін бөліп көрсетуге үйрету, өлшенетін нысанда шартты өлшем қанша рет орналасатынын анықтау.

Шартты өлшеуіштің көмегімен заттың көлемін (ұзындығын, енін, биіктігін) салыстыру дағдыларын бекіту.

Арнайы ұйымдастырылған жағдайда заттардың ұзынырақ (қысқа), жоғары (төмен), кең (тар), қалың (жұқа) үлгісінде және оларға тең екендігін табу іскерлігіне үйрету. Баланың көзбен өлшеуін дамыту.



Геометриялық пішіндер. Геометриялық денелер – куб, шар туралы білімдерін кеңейту. Пирамида мен көпбұрыштарпен таныстыру.

Геометриялық пішіндер (дөңгелек, сопақша, үшбұрыш, шаршы, тіктөртбұрыш, төртбұрыш) мен денелерді (шар, куб, цилиндр, пирамида) дұрыс атап оларды бір-бірінен ажырату іскерліктеріне жаттықтыру.

Шаршы мен тіктөртбұрыш төртбұрыштың түріне жататындығы туралы түсіндіру.

Айналасына қарап геометриялық пішіндерді табу, олардың пішіндеріне талдау жасау іскерліктерін қалыптастыру. Геометриялық пішіндер мен денелерді атап, ажыратуға жаттықтыру.



Кеңістікті бағдарлау. Кеңістікті бағдарлау (оң жақта, сол жақта, жоғарыда, төменде, алдында, артында, алыс, жақын, арасында, қасында) туралы білімдерін бекіту.

Қағаз бетінде (ортасында, оң жақтағы жоғарғы бұрышта, сол жақтағы жоғарғы бұрышта, оң жақтағы төмен бұрыш, сол жақтағы төменгі бұрыш, төменде, жоғарыда, оң жақта, сол жақта) бағдарлай білу дағдыларын қалыптастыру.

Заттың қай жерде, қалай, өзіне немесе қай затқа жақын орналасқандығын ауызша жеткізе білу шеберлігін қалыптастыру.

Белгілі бір бағытта келе жатып, белгі бойынша бағытын өзгерте білуге жаттықтыру.



Уақытты бағдарлау. Уақытты бағдарлау (күн, таңертең, сәске түс, бесін, ақшам, ымырт, бүгін, кеше, ертең, бүрсігүні) туралы білімдерін бекіту.

Таңертең, күн, кеш, түн мезгілдері тәулікті құрайтыны туралы ұғымдарын қалыптастыру.

Кеше қай күн болғаны, бүгін қай күн екенін, ертең қай күн болатынын анықтап, бұрын не болғанын, одан кейін не болатыны, аптаның қай күні екені туралы түрлі жағдайларды ретімен орналастыра білуге үйрету.

Жыл 12 айдан тұратынын, оларды ретімен дұрыс айта білу шеберлігін қалыптастыру.



Заттың салмағын анықтау. Зат өлшемін анықтай білу сезімдерін дамыту («салмақ сезімі»).

Заттардың салмағын өлшеміне қарай тең және тең еместігін алақанына салып өлшеп, анықтауға үйрету.

Заттың салмағы оның көлеміне байланысты емес екендігін түсіндіру.

Заттарды салмағына қарай анықтай білу, оларды өлшемдеріне қарай орналастыру шеберлігін дамыту.

Заттың салмағын таразының көмегімен өлшеу дәлірек болатынын түсіндіру.

Дүкенде қолданылатын таразы туралы ұғымдарын қалыптастыру. Заттың салмағын өлшеуге қызықтыру.


Құрастыру

Мақсаты: қағаздан, құрастыру бөлшектерінен, құрылыс және табиғи материалдардан әртүрлі заттарды құрастыру дағдыларын қалыптастыру арқылы мектепке дейінгі ересек балалардың қисынды ойлауын дамыту.

Міндеттері:

- құрылыс материалдарынан, конструктор бөліктерінен, табиғи және қалдық материалдардан құрастыруға үйрету;

- өзі жоспарлаған құрылыстың құрастыру кезеңдерін жоспарлап, құрастырушылық шешім қабылдай білу іскерлігін қалыптастыру;

- қажетті бөлшекті таңдап алу, оларды тиісті орнына дұрыс қою, бір бөлшекті екінші бөлшекпен ауыстыру шеберліктерін қалыптастыру (тығыз, қасына, қашығырақ);

- желіммен, қайшымен жұмыс істеу дағдыларын жетілдіру;

- құрастырған затын безендіруге үйрету арқылы ұқыптылыққа, әдемілікке баулу;

- шығармашылық қиялы мен көркемдік талғамын дамыту.
Мазмұны:

Құрылыс материалдары мен конструктор бөлшектерінен құрастыру. Әр түрлі пішіні мен көлемі бойынша пластинаның, қырлы бөрененің, цилиндрдің (ұзын, қысқа, жалпақ, жіңішке, шаршы және үшбұрыш) жаңа бөлшектерімен, олардың ерекшеліктерімен таныстыру.

Құрылыс жиынтығының элементтерін атау, олардың міндеттері мен құрастыру қасиеттері бойынша бір бөлігін басқа бөліктермен ауыстыру іскерліктеріне үйрету.

Конструктордың бөлшектеріне тән және негізгі бөліктерін атауға, оларға талдау жасауға, оның құрастыру нысанының реттілігін сақтауға үйрету.

Үлкен емес жазықтықты үлкен етіп біріктіру, кірпіштердің, қырлы бөренелердің араларын бірін-біріне жиі қойып құрылысты берік ету, биіктігі қиын құрылысты бөлу сияқты құрастырудың жаңа әдістерін меңгерту.

Құрастырудың жаңа әдістерін меңгерте отырып, үлкен емес жазықтықты үлкен бір майда бөліктерді біріктіріп үлкен және берік етіп жасау шеберлігін қалыптастыру.

Ұйымшылдықпен жұмыс істеу, құрылыстарын ортақ оймен біріктіру, құрбыларымен жұмысты бөліп алып орындау іскерліктерін бекіту.

Ойдан шығарып, шығармашылық ынта білдіру, ауызша суреттеу, берілген тақырып бойынша, талапқа байланысты, сурет, фотосурет бойынша құрылыс салуға үйрету.

Қағаздан құрастыру. Қағазды ортасынан, төртке бөліп бүктеу, түрлі бағытта, тегістеп бүктеу іскерліктеріне үйрету.

16 бірдей бөлікке қиғаштай бөлінген (бұрыштарының басын дәл қосу) ұсақ-түйектерді дайындауда шаршы қағазын бүктеу іскерліктерін қалыптастыру.

Қағазды қатпарлап бүктеуге және симметриялық пішіндерді кесуге, қағаздан құрастыру әдістерін (конусты жартылай айналдырып бұрау, тіктөрбұрышты цилиндрге, шаршыны кубке өзгерту, шырмау) қолданып көлемді формадағы жазық материалды өзгерту іскерліктерін бекіту.

Ұжымдық сюжеттік құрастыру сезімдерін ояту.

Дайын пішілген кескіндермен жұмыс жасау, күрделі емес сызба сызу, қайшымен нұсқаны тілік етіп кесу мен ойып алу іскерліктерін қалыптастыру.

Шығармашылық ойлау мен қиялын дамыту.



Табиғи және қалдық материалдардан құрастыру. Табиғи және қалдық материалдардың түрлерімен және пенопласт, поролон, сым темір, пластиканың қасиеттерімен таныстыру.

Ұсақ-түйек заттар мен сіріңкенің қораптарынан әртүрлі үйлестіру жолдары арқылы құрастыру іскерліктерін қалыптастыру.

Желімнің, сіріңкенің, ермексаздың көмегімен жеке бөлшектерді жалғау дағдыларын қалыптастыру.

Түрлі ұсақ-түйектер дайындауда табиғи материалдарды орынды қолдану іскерліктерін қалыптастыру.

Шығармашылық қиялын, ұсақ-түйек заттар жасауды көрнекіліктерді қолдану арқылы және ойдан шығару, өзінің көз алдына елестету арқылы жасау іскерлігін дамыту.
Экология

Мақсаты: бала санасына экологиялық түсініктер мен адам – табиғаттың бір бөлігі екендігін жеткізу. Адамның өмірі оның жеке басының жағдайы мен қоршаған әлеммен үйлесімді байланысында екендігін түсінетіндей құндылықтар жүйесін қалыптастыру.

Міндеттері:

- мектеп жасына дейінгі балалардың қабылдауына сай келетін қарапайым экологиялық білім беру;

- табиғат әлеміне танымдық қызығушылығын арттыру;

- табиғи нысаналар мен құбылыстарды бақылау дағдыларын қалыптастыру;

- табиғат аясында өзін-өзі ұстаудың қарапайым жолдары мен күнделікті өмірде табиғатты жүйелі түрде пайдалану дағдыларын дамыту;

- өзінің табиғатқа қарсы жасаған іс-әрекетінің аяғы немен аяқталатынын көру, сезіну дағдыларын қалыптастыру;

- табиғат әлеміне адамгершілікпен және қамқорлықпен қарауға тәрбиелеу.
Мазмұны:

Өлі табиғат заттары мен құбылыстары. «Өлі және тірі табиғат» туралы түсінік беру.

Өлі табиғат заттарын адам қолымен жасалған заттардан ажырата білуге үйрету.

Тұман, найзағай, бұршақ, шық, қырау, тамшы, кемпірқосақ және т.б. табиғи құбылыстар туралы білімдерін кеңейту.

Судың қатты, сұйық, газ тәрізді үш күйде болатындығымен таныстыру.

Өлі табиғаттың түрлері: көмір, құм, балшық, мұнай, гранит туралы және олардың қасиеттері мен қажеттіліктері туралы білім беру. Оларды ажыратып, атай білуге үйрету.

Табиғаттағы маусымдық өзгерістер. Табиғаттағы маусымдық күз мезгіліндегі өзгерістерді (күн қысқарды, түн ұзарды, жапырақтар түсу, тұман, қырау, жаңбыр, жел, шыбын-шіркейлердің біртіндеп жоғалуы, жыл құстарының жылы жаққа ұшып кетуі, кейбір жануарлардың ұйқыға кетуі, астық жинау, қысқа жеміс-жидектерді дайындау), қыс мезгіліндегі маусымдық өзгерістерді (күн қысқарып, түн ұзарады, аяз, қар жауу, өзендер мен су қоймаларына мұз қату, қарлы жер, жапырақсыз ағаштар мен бұталар, қалалар мен елді мекендер көшелерін қардан тазалау, жабайы аңдар мен қыстап қалған құстарды қоректендіру), көктемдегі маусымдық өзгерістерді (күн ұзарып, түн қысқара бастайды, ағаштар бүршік жарады, алғашқы шөптер, бәйшешек шығады, жыл құстары ұшып келеді, жәндіктер пайда бола бастайды, кейбір жабайы аңдар қысқы ұйқыдан оянады, жан-жануарлар төлдейді, дәнді дақылдар мен көкөністерді сеуіп, көшеттерін отырғызады), жаздағы маусымдық өзгерістерді (күн өте ұзын, түн қысқа, күннің ысуы, өсімдіктердің қаптап өсуі, жануарлардың, жәндіктердің, құстардың белсенді тіршілігі, бақшадағы мәдени өсімдіктерді күтіп-баптау) бақылап, ерекшеліктерін ажыратып айта білу дағдыларын қалыптастыру.

Өсімдіктер әлемі. Ағаштар, бұталар, шөптер туралы ұғымдарын қалыптастыру. Қыс мезгіліндегі өсімдіктер тіршілігімен таныстыру.

Ағаштар мен бұталардың бірнеше түрін ерекшеліктеріне қарай (жапырағына, жемістеріне, діңіне) ажыратып, атай білуге үйрету.

Жемістер мен көкөністер туралы түсініктерін кеңейту. Оларды ажыратып, жемістерді бөлек, көкөністерді бөлек топтастыруға, аттарын дұрыс атай білуге үйрету.

Өсімдіктердің тірі табиғатқа жататындығын, оған да басқа тірі денелер сияқты өсіп-жетілуі үшін арнайы жағдайлар (топырақ, жарық, жылу, су) керек екендігін түсіндіру. Өсімдіктердің адам өміріндегі маңызын түсіндіру.

Бөлме өсімдіктері туралы білімдерін кеңейту. Оларды ерекшеліктеріне қарай ажыратып, атауларын дұрыс айтуға үйрету.

Өсімдіктің көбею жолдарымен (тұқым, қиынды бұтақшалары, түйін, т.б.), өсімдіктердің дұрыс жетілуіне кері әсер ететін жағдайлармен (жарықтың, жылудың, ылғалдылықтың, тыңайтқыштардың жетіспеушілігі, т.б.) таныстыру. Өсімдіктердің өсіп-жетілу жолдарымен (тұқым, бүршік жару, жапырақтары мен сабағы, гүл), өсіру тәсілдерімен және оларды күтіп-баптау (жерге отырғызу, суару, жерді қопсыту, отау, құнарландыру) түрлерімен таныстыру.

Өсімдіктердің әр алуан жерлерде (айдала, шалғын, орман, бау-бақ және т.б.) өсетіні туралы түсініктерін қалыптастыру. Кейбір дәрілік өсімдіктер түрлерімен (жолжелкен, өгей шөп, мыңжылдық, түймедақ) және олардың емдік қасиеттерімен таныстыру. Аймақтың табиғат ерекшеліктеріне тән өсімдіктері (түйетабан, сексеуіл, бетеге, құмды қараған, ебелек (қаңбақ), жүзгін) туралы түсініктерін қалыптастыру.

Қызыл кітапқа енген өсімдіктермен таныстыру, олардың қандай жерде өсетіндігі жайлы түсінік беру.

Жеуге жарайтын (қозықұйрық, опята, ақ саңырауқұлақ, қайыққұлақ, қызғылт сары саңырауқұлақ, вешенка) және улы (мухомор, поганка) саңырауқұлақтардың кейбір түрлері туралы түсінік беру.

Өсімдіктер әлеміне ұқыпты қарауға, өсімдіктерсіз тірі тіршілік атаулы өмір сүре алмайтындығы туралы түсінік беру.



Жануарлар әлемі. Жабайы аңдардың тіршілігі туралы түсініктерін кеңейту.

Күз-қыс, көктем-жаз мезгілдерінде аңдардың сыртқы келбеті мен тіршілігінің ерекшеліктерін сипаттап (мекендейтін жері, түсі, азығы, қысқа дайындығы, кейбір аңдардың қысқы ұйқыдан тұруы, түлеуі, ұя салу, көбеюі), атай білуге үйрету.

Қазақстанда мекендейтін жабайы аңдармен (құлақты кірпі, саршұнақ, қарсақ, даладағы тасбақа, қосаяқ, құлан), олардың сыртқы келбетімен, мекендейтін жерімен, Қазақстандағы Қызыл кітапқа енген жануарлармен (арқар, киік, барыс, қарақұйрық) таныстыру, оларды сыртқы келбетіне қарап ажырата білуге үйрету.

Қазақстанда қыстап қалатын (бозторғай, сауысқан, қарға, сары шымшық, кептер) және жыл құстары (көкек, қаратамақ, қарлығаш, қараторғай, ұзақ) туралы ұғымдарын қалыптастыру. Оларды белгілеріне қарай ажыратып, атай білуге үйрету.

Тірі табиғат бұрышындағы жануарлар тіршілігімен, ондағы тірі объектілерге қажетті құралдармен таныстыру.

Балалармен бірге табиғатты бақылау күнделігін толтыру.

Үй жануарлары мен үй құстарының негізгі түрлерімен, олардың ерекшеліктерімен таныстыру. Мысалы, түйе, қой, жылқы, сиыр, ешкі, тауық, қаз, күрке тауық және т.б. Үй жануарларының адам өміріне қажеттілігін, оларды өсірудің маңыздылығын түсіндіру.

Қазақстанның өзен-көлдері, ондағы балықтар (жайын, тыран, алабұға, көксерке, сазан) туралы түсініктерін қалыптастыру, оларды ерекшеліктеріне, тіршілігіне қарай ажырата білуге үйрету.

Кейбір жәндіктердің түрлері мен тіршілігі, олардың мекендейтін жерлері туралы түсініктерін қалыптастыру.

Бүкіл тіршілік атаулының бір-бірімен тығыз байланысы мен «азық тізбегі» туралы түсінік беру.

Жануарлар әлемінің адам өміріндегі маңызын түсіндіру.

Балалармен бірге табиғатты бақылау күнделігін жүргізу.



Табиғат аясында өзін-өзі ұстау ережесі. Жануарлар мен өсімдіктердің барлық түрлерін сақтаудың қажеттілігінің себептерін түсіндіру.

Тірі табиғат бұрышындағы жануарлар мен өсімдіктерді күту ережелерімен таныстыру. Оларға қамқорлықпен ұқыпты қарауға дағдыландыру.

Саңырауқұлақ теру ережесі мен кейбір жеміс түрлерімен таныстыру.

Табиғат аясында өзін-өзі ұстаудың қарапайым ережелерін (ағаштардың жапырақтарын, гүлді жұлмау, гүлзарларды таптамау, ұяларды бұзбау, қоқыс тастамау және т.б.) сақтауды үйрету.

Табиғатты шамасы келгенше (табиғат аясындағы демалыстан кейін қоқыстарды жинау, бұлақтың көзін ашу, өсімдіктер мен жануарларға қамқорлықпен қарау, тірі табиғат бұрышындағы тірі объектілерді күтіп-баптау, қыстап қалатын құстарға көмек беру және т.б.) қорғау, оны сүю сезімдерін ояту.

Табиғат аясындағы демалыста, еңбек ету барысында қоршаған ортаға өзінің іс-әрекеті арқылы әсер ететіндігі туралы түсінік беру.


Каталог: content
content -> 1 фантастика жанрыныњ типологиясы
content -> Замандастар көзімен
content -> БАҒдарламасы алматы 2012 Емтихан тақырыптарының тізімі
content -> Ғылыми-Әдістемелік Кеңес мәжілісінде бекітілді
content -> Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Ғылыми-әдістемелік кеңесінің 2016 ж
content -> «6D021400 – Әдебиеттану» мамандығы бойынша докторантураның Қабылдау емтиханына дайындалуға арналған бағдарлама «Әдебиеттану – 6D021400»
content -> Өлкетану әдебиеттері бөлімі Отдел краеведческой литературы Қазақ өлеңінің жырдариясы
content -> Оқулық Алматы 2011 Пікір жазғандар: Филология ғылымдарының докторы, профессор Т. С. Тебегенов
content -> «Бір ел-бір кітап» акциясы аясында Батыс Қазақстан облысы кітапханаларында өткізілген шаралар туралы ақпарат. Биылғы жылы Қр мәдениет және ақпарат министірлігі
content -> Ілияс Есенберлин (1915 — 1983 жж.)


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет