Қоршаған ортамен танысу
Мақсаты: коммуникативті-танымдық қызметін дамыту, қоршаған ортадағы заттар мен құбылыстарға қызығушылығын арттыру.
Міндеттері:
- балалардың қоршаған заттар, олардың сапасы мен қасиеті, қолданылуы туралы түсініктерін жүйелеу және қорытындылау;
- адамдардың қоғамдық өмірі мен қоршаған әлемнің тұтастығы туралы түсінігін, заттардың, оқиғалар мен құбылыстардың бір-бірімен байланысы мен тәуелділігін анықтай білу іскерлігін, эксперимент жасау дағдыларын қалыптастыру;
- балалардың танымдық белсенділігін, ақыл-ой қабілеттері мен білуге құштарлықтарын арттыру;
- өмірдегі қауіпсіздік ережелерінің негіздерімен таныстыру.
Мазмұны:
Бала, оның отбасы, үйі. Туыстық байланыс туралы түсінігін қалыптастыру, өз жасын, өзінің, ата-анасының толық аты-жөнін білу, басқа отбасы мүшелерін, балабақшасының (нөмері) және тобының атын, үйден балабақшаға келетін жолды айыру қабілеттерін қалыптастыру.
Отбасылық мерекелер, дәстүрлер, әдет-ғұрыптар, туып өскен жеріне деген құштарлығын қалыптастыру. Балаларды отбасылық мерекелер мен салтанаттарды ұйымдастыруға қатыстыру.
Өзінің ата тегін, ата-баба шежіресін білуге қызығушылығын арттыру. Ата-аналарымен, туысқандарымен сырт келбетіндегі ортақ ұқсастықтарын айыра білуге үйрету (көз, мұрын, шашының түсі, т.б.).
Жақындарына деген мейірімділік пен сыйластық сезіміне тәрбиелеу. Отбасындағы ерекше құрмет пен қамқорлық ата-әжелер мен отбасының ең кенжелеріне тиесілі екендігін ұғындыру.
Халықтық дәстүрге негізделген үлкендерді сыйлау адамгершілік тәрбиесін сақтауға үйрету.
Өзінің балалық шағының оқиғаларына, болашағына, осы шаққа бағасы, өзінің сезімін сөзбен жеткізу мен мәнін түсіну қызығушылықтарына ынталандыру.
Баланың сана-сезімін «мен және менің сенімім, әдептілік әліппесі туралы ұғым, мен және менің қоршаған ортаға қатысым (құқық және міндет) бағыттары бойынша қалыптастыру.
Заттар әлемін меңгеру, кеңістікті бағдарлау. Заттар, олардың белгілері мен ерекшеліктері туралы ұғымдарын қалыптастыру. Балаға таныс әртүрлі заттардың атауларын қайталау және қорытындылау, таныс емес заттар мен олардың атқаратын қызметін түсіндіру. Заттардың қандай материалдан жасалғандығын (қағаз, шыны, металл, тері, ағаш) анықтап, сипаттама беріп (мөлдір, қатты, жұмсақ, тегіс), оның сапасы мен ерекшелігін дұрыс анықтай білуге үйрету.
Айналадағы заттар, құрылыс материалдары арасындағы міндет пен байланысты, оның неден жасалғандығы туралы түсінік беру.
Заттарды түсіне, көлеміне, пішініне, міндетіне қарай салыстырып, топтастыра білуге үйрету.
Тұрмыстық техника, оның қызметі, қолдану ережесі туралы түсінік беру.
Бөлменің сәнді әрі қолайлы жабдықталғандығын көре, сезіне білуге, заттар мен олардың безендірілуіне талғаммен қарауға үйрету.
Кез-келген зат адамдардың еңбегімен келетіндігі туралы түсіндіріп, оларға ұқыптылықпен қарауға үйрету (ойыншықтар, жиһаздар және т.б.).
Балабақша жақын орналасқан шағын ауданда, балабақша ауласында (балабақша, дүкен, емхана, пошта, мектептің қайда орналасқанын) еркін бағыт-бағдар ұстай білу іскерліктерін жетілдіру.
Көлік, байланыс құралы. Көлік құралдарының көп түрлілігі жайлы түсінік беру (суару көлігі, жедел жәрдем, өрт сөндіретін көлік, қар тазалайтын көлік).
Көлік түрлерін ерекшеліктеріне қарай топтастырып (жерде, суда, ауада), атқаратын қызмет аясына қарай (арнайы, жүк таситын, адам таситын) салыстыра білуге үйрету.
Үйден балабақшаға, кинотеатрға, дүкенге қандай көлікпен баруға болатынын, ата-аналары қандай көлік түрін жүргізетіні туралы білімдерін бекіту.
Көлік құралдары, олардың қызметінің маңыздылығы, негізгі бөлшектерінің атқаратын қызметі (рулі, дөңгелегі, кузові) туралы ұғымдарын кеңейту.
Телефон, компьютер, теледидар, радионың қызметтерімен, оларды қолданудың бірнеше қарапайым ережесі туралы білімдерін бекіту.
Поштаның байланыс мекемесі екендігі, оның маңыздылығы (хат, телеграмма, бандерольдарды салып жіберу, оларды қабылдау, жеткізу), пошта қызметкерлерінің еңбегі, хабарларды жылдам жеткізуге арналған көлік туралы ұғымдарын қалыптастыру.
Адам өмірінде байланыс құралдарының қажеттілігін түсіндіру.
Үлкендердің еңбегі. Әр түрлі мамандық иелері мен олардың еңбегінің ерекшеліктері, маңызы туралы түсініктерін кеңейту.
Балабақша қызметкерлерінің еңбегі туралы (меңгеруші, шаруашылық меңгерушісі, тәрбиеші, бала күтуші, аспаз, аула сыпырушы, медбике, жүргізуші) ұғымдарын қалыптастыру. Адамдардың еңбектеріндегі өзара байланыстарды (жүргізуші азық-түлікті балабақшаға әкелді, шараушылық меңгерушісі оны қабылдап алып, асханаға берді, аспаз түскі асты дайындады, көмекші тамақты топқа әкеліп балаларды тамақтандырды) байқауға үйрету. Балабақша қызметкерлеріне құрметпен қарауға тәрбиелеу.
Айнала қоршаған заттар, ойыншықтар адамдардың еңбегімен жасалғандығы туралы, оған ұқыпты қарау керек екендігін түсіндіру.
Республикамыздағы өнеркәсіп орындарының жұмысы мен жұмысшылырының атқаратын жұмысы жайлы түсініктерін қалыптастыру (мысалы: шахтер, металлург, т.б.). Олардың еңбегін құрметтеуге үйрету.
Құрылыс және түрлі құрылыс мамандықтары (суретші-әрлеуші, ағаш шебері, кранда жұмыс істеуші, балташы) және құрылыс көліктерінің міндеттері туралы ұғымдарын қалыптастыру.
Ауылшаруашылық саласы мамандары (диқан, егінші, тракторшы, комбайншы, бағбан, қойшы, малшы, сауыншы және т.б.) еңбегімен таныстыру. Ауылшаруашылығына арналған көліктердің маңызы туралы түсінік беру.
Нанды дайындау сатыларымен таныстыру. Азық-түлік тағамдарын, нанды қадірлеуге, қастерлеуге тәрбиелеу.
Қала тұрғындары үшін ауылшаруашылық мамандары еңбегінің маңызды екендігін жеткізу (қала мен ауыл арасындағы байланыс).
Менің Отаным – Қазақстан, еліміздің рәміздері. Отан туралы, мемлекеттік және халықтық мерекелер туралы білімдерін кеңейту. Елбасы мен оның қызметі туралы түсінігін қалыптастыру.
Мемлекеттік рәміздер (Елтаңба, Ту, Әнұран) туралы білімдерін кеңейту. Оларды танып, құрметтеуге тәрбиелеу. Маңыздылығын түсіндіру. Әнұранды орындау барысында ережені (Әнұранды орындарынан тұрып, сол қолды жүректің тұсына қойып, ер кісілер бас киімін шешіп) сақтауға үйрету. Республика күні мерекесін тойлауға белсенді (әндер мен өлең-тақпақтар жаттау арқылы) қатысу.
Мемлекеттік және қоғамдық мерекелерге (Қазақстан Республикасы күні, Тәуелсіздік күні, 8 Наурыз, Наурыз, Қарулы күштер күні, Балаларды қорғау күні) ертеңгіліктер мен ойын-сауықтарда өлең-тақпақтар жаттату, би билеу арқылы белсенді араластыру.
Қазақстан халықтарының салт-дәстүрлерімен, әдет-ғұрыптарымен таныстыру. Туған елінің, қазақ халқының (орыс, татар, т.б.) тарихы, мәдениеті, тұрмысы туралы алған білімдерін байыту, тереңдету.
Қазақтан Республикасында тұратын басқа ұлт өкілдеріне құрметпен қарауға тәрбиелеу.
Елордамыз Астана қаласы, ондағы – Бәйтерек, Ақ Орда, Пирамида, океанариум, т.б. сияқты негізгі мәдени орындары туралы ұғымдарын қалыптастыру.
Өзі тұратын қала, елді мекен, аймақтарындағы мәдени орындар мен ескерткіштерді таныстыра отырып, туған жеріне деген мақтаныш сезімін ояту.
Қазақстанмен шекаралас жатқан мемлекеттермен, халқымен, олардың мәдениеті, әдет-ғұрпы, дәстүрімен таныстыру.
Республикамыздың табиғат байлықтары мен жеткен жетістіктері (тыңайған жерлерді игеру, табиғи тас көмір мен мұнай, темір кенінің көздері, Байқоңыр ғарыш айлағы және т.б.) туралы ұғымдарын қалыптастыру.
Өз еліне деген мақтаныш сезімін қалыптастыру.
Қазақстан Республикасы әскері. Ел қорғаудың қиын да, ардақты міндет екендігін түсіндіру арқылы Қазақстан Республикасы әскері туралы мәлімет беру. Әскер өмірінен, қызметінен түсінік беретін суреттер, альбомдар, басқа да материалдар көрсету.
Әскер сарбаздарының ержүрек, тапқыр, күшті, ақылды болатындығы туралы ұғым беру.
Сарбаздың, басқа да әскерилердің сырт бейнесі, киім үлгілері мен әскери техника туралы түсінік беру.
Ұлы Отан соғысы жылдарында ел қорғаған қазақстандық қаhарман батырларымыз – Б. Момышұлы, Ә. Молдағұлова, М. Мәметовалардың жасаған ерлігі жайлы түсінік беру.
Ұлттық әскерінің маңызын (Отан қорғау) түсіндіру.
Әскерлерге айбынды ерлігіне құрметпен қарау қызығушылықтарын дамыту.
Жолда жүру ережелері мен өмір қауіпсіздігі негіздері. Жолда жүру ережелері туралы алған білімдерін бекіту.
Қиылыс жол мен «Жолаушылар өтетін жол», «Қиылыс жол», «Тамақтану пункті», «Телефон», «Автомобиль тоқтайтын жер», «Медициналық көмек пункті» көрсетілген жол белгілерімен таныстыру.
Жолаушылар өтетін жол белгілерімен, көлікте өзін-өзі ұстау ережелерімен таныстыру:
- жолаушылар тек бір аяқ жолмен жүруге рұқсат етіледі; бір аяқ жолдың оң жағымен жүру, жолаушылар көшеден тек ала жолақ бар жерден немесе белгі қойылған жерден ғана өтуі тиіс;
- екі жақты жолдан өтетін кезде алдымен солға, жолдың ортасына жеткенде солға қарау керек, жолаушылар көлікті арнайы аялдамаларда күтеді;
- балалы жолаушылар көлікке алдыңғы алаңнан кіруіне болады, көлікте әркім өзін сабырлы ұстап, басқа жолаушыларға кедергі жасамау керек.
Қауіпсіздік ережелердің маңыздылығын түсінуін қалыптастыру. Техника қауіпсіздік ережелерін сақтау (үлкендердің рұқсатынсыз кесетін және үшкір заттарды ұстамау, электр құралдарын қолданбау, отпен ойнамау, таныс емес адамдарға есікті ашпау), қажет жағдайда «Жедел жәрдем», өрт сөндіру қызметі мен полиция телефондарының нөмерін тере білу іскерліктерін үйрету.
Серуен кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтау. Таныс емес адамдармен қарым-қатынас жасамау, бұралқы иттерден сақтану, суға шомылу ережелерін сақтау (үлкендердің рұқсатынсыз суға түспеуге, жағада шомылуға), орманда (үлкендерден алыс кетпеу, таныс емес жемістер мен саңырауқұлақтар термеу).
«ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ» БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫНЫҢ БАЗАЛЫҚ МАЗМҰНЫ
Мақсаты: мектепке дейінгі ересек жастағы балаларды өнер әлеміне баулу, эстетикалық талғамын, шығармашылық құзыреттілігі мен қиялдау қабілетін дамыту, жан құбылысын, сезімі мен ойын көркем түрде жеткізе білу талпынысын жетілдіру.
«Шығармашылық» білім беру саласының базалық мазмұны төмендегідей ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінің түрлері арқылы жүзеге асады:
- сурет салу;
- мүсіндеу;
- жапсыру;
- музыка.
Сурет салу
Мақсаты: мектепке дейінгі ересек жастағы балалардың шығармашылық құзыреттілігінің қалыптастыру міндеттеріне сәйкес бейнелеу өнерінің мазмұнын толықтыру, сурет салудың барлық түрлеріндегі іскерліктерін жетілдіру, бейнеленетін бейнелерді түсіну қабілеттерін тәрбиелеу мен эстетикалық сезімдерін қалыптастыру.
Міндеттері:
- заттар мен қоршаған ортадағы құбылыстарды түсінуі мен затқа қарап, пішінін, заттардың қатынасын, бөліктерінің орналасуы мен түсін бейнелу тәсілдеріне үйретуді жалғастыру;
- қиялын, байқағыштығы мен әлемді бейнелі қабылдауын дамыту;
- бейнелеу өнерінің техникаларын, іскерлігі мен дағдыларын қалыптастырып, сурет салу барысында дұрыс отыру, қылқаламмен және қарындашпен жұмыс істеу дағдыларын бекіту;
- бейнелеу өнерінің материалдары мен құралдарының қасиеттерімен таныстыру: гуашь және су бояулар, жай, түсті, көмір қарындаштары, ақ, түсті және боялған қағаздар;
- іс-әрекет мәдениетіне тәрбиелеу, ынтымақтастық дағдыларын қалыптастыру, ұжыммен жұмыс істеуге үйрету;
- балалардың аналитикалық-синтетикалық қабілеттері дамыту: қойылған міндеттерге сәйкес өз жұмысының нәтижесін бағалай білу іскерлігі.
Мазмұны:
Затқа қарап сурет салу
Балаларды елестету және заттарға қарап гүлдер, көкөністер, күрделі емес ойыншықтар сұлбасын өздеріне тән ерекшеліктерін сақтай отырып салуға үйрету.
Пішіндер (шеңбер, сопақша, тіктөртбұрыш) туралы білімдеріне сүйене отырып негізгі пішінін, заттар мен олардың бөліктерінің үйлесімділігін нақты беруге, бөліктердің салыстырмалы көлемі мен орналасуына, түстер туралы біліміне (қызыл, қызылсары, сары, жасыл, көк, күлгін, қоңыр, қара, ақ және олардың реңктері) сүйене отырып заттардың түстеріне, өз талғамымен түстерді таңдауға үйрету. Акварельмен жұмыс істеу тәртібімен, бояудың қажетті қоюлығын алу үшін акварель бояуын су тақтайшасында сумен араластыра білуге үйрету, бояуларды араластыруға, колоритті беру үшін бояулардың үйлесімділігі мен қағаздың түсін таңдаумен таныстыру, заттардың шынайы түстері мен бейнелетін затқа өзінің қарым-қатынасын қолдана білуге үйрету.
Бірнеше біркелкі заттардың мөлшеріндегі ерекшеліктерін (үлкен және кішкентай үйлер, ағаштар, көкөністер, жануарлар мен олардың төлдері және т.б.) жеткізе білу іскерліктерін қалыптастыру.
Түрлі жануарларға тән ерекшеліктерді байқау және олардың суреттерін сала білу іскерліктерін қалыптастыру. Жануарлардың бейнелерін жеңіл қозғалыстар мен қалыптарды бейнелеу арқылы мәнерлі бере білуге үйрету. Балаларға жүн мен қауырсынға тән бейнелерді келесі тәсілдер: түрлі штрихтар, түрлі басулар, қатты қылқаламмен, тушь арқылы сала білуге үйрету. Қажетті түсті алу үшін қарындашты әртүрлі басып қолдануға, қарындашпен жеңіл контурларды салуға үйрету.
Құстардың сыртқы бейнесі, барлық құстардың сыртқы ерекшеліктеріне қарамастан құрылымы жағынан ұқсастығы, пішіні мен бөліктерінің шамаларынан жалпы түсініктерін қалыптастыру. Суретте түрлі құстарға тән ерекшеліктерін бере білуге үйрету.
Суретте адамның қарапайым қимылдарын, қозғалу барысындағы қол мен аяқтарының қалыптарын бере білуге үйрету.
Серуен кезінде байқағандары бойынша ағаштарды, үйлерді, трамвай мен автобустарды және мереке күндерінен, қарапайым табиғат суреттерінен алған әсерлерін салғызу.
Ағаштардың бұтақтары (қызыл тал, шырша, мимоза, терек), жапырақты немесе гүлдеген бұталарға, кейбір дала және бақша гүлдеріне (түймедақ, бақбақ, қызғалдақ, лалагүл) қарап сурет салу.
Сәндік сурет салу
Қарапайым пішіндерде (шеңбер, сопақша, шаршы) өрнектерді құрастыра білу іскерліктерін бекіту. Дөңгелектерде, розеталарда, үшбұрыштар мен алтыбұрыштарда ортасы мен жиектерін көрсете отырып сәнді өрнектерді құрастыру. Пішіндері мен түстері әртүрлі 2-3 элементті алмастырып, ақ және түрлі-түсті фондарды қалауынша қолдану. Геометриялық пішіндер мен өсімдік элементтерінен өрнектерді ырғақпен орналастыруға үйрету (шеңберлер, үшбұрыштар, ирек сызықтар, жуан және жіңішке сызықтар, жағыстар, нүктелер, гүлдер, жидектер, жапырақтар және т.б.).
Балаларға түрлі материалдар: қарындаштарды (графитті және түсті), бояуларды (гуашь, акварель) қолдануды үйрету.
Қарындаштармен сурет салу барысында саусақтарға күш түсірмей, көлбеу ұстау қажет, штрихтарды біркелкі жеңіл қимылмен бір бағытта әрі-бері сызу. Сызықты контурдың сыртына шығаруға болмайды.
Бояумен сурет салу барысында қылқаламды бояуға жақсы сіңіру қажет. Қағазға жуан сызықтарды сызарда қылқаламды көлденең, ал жіңішке сызықтар мен нүктелерді сызу үшін тігінен ұстап, суреттерді бояғанда бір бағытта солдан оңға қарай, жоғарыдан төмен қарай, қиғашынан жүргізіледі, қылқаламмен қағазға басып салу тәсілдерін қолдануда (жапырақтар мен гүлдерді салу), қағаздың ортасын, бұрыштарын, жоғарғы, төменгі, оң және сол жақтарын ажыратуға үйрету.
Түрлі халықтардың қолданбалы өнеріне тән өрнектердің элементтерімен және түстердің үйлесімділіктерімен таныстыру. Қазақ мәдениетіндегі зергерлік, ағашты ойып, өрнектеу, киімге кестелеп және алтынмен тігу өнерлері туралы түсінік беру. Табиғат күйлері, гүлдер, қауыздар, төселіп жатқан өркендер мен дәндердің қазақтың әшекей өнеріндегі киіз басу, кілем тоқу, тоқыма заттарында кездесетінін атап өту.
Түзу сызықтардың түрлі байланыстарымен құрылған қазақтың «Ілгек», «Жұлдыз» өрнектерінің суретін салу. Элементтерді пішіндер мен сұлбалардың ортасы мен шеттеріне орналастыра білуге үйрету. Қазақтың оюларының көптүрлілігі туралы түсініктерін кеңейту, ерекшеліктері мен оларға тән элементтерін қолдана отырып құрастыра білу іскерліктерін дамыту. Қазақ оюларының элементтерін құрастыру: имек және доға пішіндерінен құрастырылған «Қызғалдақ гүлі», «Қойдың ізі», «Құс қанаты» өрнектерін сұлбаларға орналастыру. Қазақ оюларына тән түрлі түстердің үйлесіміне құрылған тапсырмаларды орындау, таныс элементтерден композициялар құрастыру, ұжымдық жұмыстарды орындау.
Орамалдарды, сулықтарды, сүлгілерді ұлттық сәнді маталардың желісімен суреттерді салу барысында іскерліктері мен шығармашылық қабілеттерін дамытуға мүмкіндіктер туғызу. Элементтерді кезектестіру арқылы маталарға өрнектер құрастыру (жолақша, торлы өрнек, ірі және кіші пішіндерді 2-3 элементті кезектестіру арқылы бүкіл парақты толықтыру) іскерліктерін дамыту.
Қазақ ою-өрнектерінің сипаты (арқар мүйіз, сонымен қатар, бес бейнелік пішіндер, қиықтар) мен оның үйлесімділігін бере отырып, жапсырылған және қатырма қағаздан жасалынған көлемді пішіндерді (қораптар, бокалдар және т.б.) безендіру. Заттарды балалардың ойынша безендіру.
Гжель ыдыстарымен таныстыру. Гжель суреттеріне тән жиектемелермен, гүлдермен және жапырақтармен шыны аяқтарды, табақтарды, шәйнектерді, қант салғыштарды (жапсырылған заттар немесе қағаздан қиылған сұлбалар) әшекейлеу.
Дымков ойыншықтарымен (аттар, лақтар, шелектер), ағаштағы ас тақтайшалары, панно, сәнді табақтарды городец көркем суретімен таныстыру. Ұжымда жұмыс істеуге, халық шеберлерінің еңбегін құрметтеуге тәрбиелеу.
Сюжетті сурет салу
Бір мазмұнға біріктіре отырып бірнеше заттардың суреттерін (табиғат суреттері, қоршаған ортадағы оқиғалар, мерекелер, адамдардың еңбегі, ертегі, әңгіме, өлең, әндер мен мазақтамалардың сюжеттері) бейнелей білуге үйрету.
Қазақ халқының өмірін, тұрмысын, еңбегін білдіретін қазақтың ертегілері мен аңыздарының желісімен суреттер салу («Қаңбақ шал», «Ақсақ құлан» және т.б.). Кейіпкерлердің өзара қарым-қатынастарын бейнелеуге үйрету. Кейіпкерлердің әрекеттерін бейнелеу. Қарапайым психологиялық сипаттамаларын құру, заттардың кеңістікте бір-біріне жақын, бірге және т.б. орналасуын бере білу.
Суреттегі түстік қатынастарды жеке шешуге: табиғат пен ұлттық өнердің орнын қарама-қарсы және үйлесімді байланыстарына еліктеп бояуларын таңдауға, жыл мезгілдерін, тәулік уақытын, әрекеттердің орнын түстермен бейнелеуде өзінің қатынасын бере білуге, бұлыңғыр немесе шуақты күнді, мерекелік от шашу, кешкі өзендегі жарығы жанған кеме және т.б. қағаздың түсіне сәйкес бояуларды таңдауға үйрету, түстердің қарама-қарсы және пастелді гаммаларын қолдану.
Бейнелерді бүкіл параққа, бір сызықтың бойына, жалпақ жолақшаға (жақын, алыс) орналастыру іскерліктерін қалыптастыру. Қағаздың төменгі жолақшасына жердегі заттарды, жоғарғы бөлігіне жоғарыдағы заттарды орналастырып кеңістіктік қатынасын бере білуге үйрету.
Ойдан салу және ұжымдық жұмыстарды қолдану.
Балаларды өнермен таныстыру
Балаларды бейнелеу өнер түрлерімен (кескіндеме, графика, мүсіндеу, сәнді-қолданбалы өнер) таныстыруды жалғастыру. Кескіндеме өнері туындыларымен (суреттер мен қазақ, орыс және кеңес дәуірі суретшілерінің өңдеген суреттері), портреттермен, пейзаждармен таныстыру. Суретшінің әр жыл мезгілінде (алтын күздің көп түстілігі мен көктемнің тұнықтығын) табиғат сұлулығын қалай көрсеткенін сезіне білуге үйрету. Шығарманың мазмұнын көріп, түсінумен қатар, суретшінің табиғатты суреттей отырып, нені жеткізгісі келгендігін (қуаныш, қайғы) қандай әсерлендіргіш құралдар пайдаланғандығын түсіне білуге үйрету. Портреттік кескіндемемен танысу барысында суретші адамның көңіл күйін қалай беріп тұрғандығына назар аудару. Балалардың шығармаларды қарау барысында бейнеленген құбылыстарды сезіну, суретшінің жеткізбек ойын түсіне білу қабілеттерін қалыптастыру. Мысалы, жазғы таңның сұлулығынан қуанышты көңіл күй сезіну (И. Шишкиннің «Қарағайлы ормандағы таң»), қоршаған орта мен жасампаз еңбек туралы (Ә. Қастеевтің «Қызыл үй»), қыздың ерке көңіл күйі (И. Репиннің «Инелік»), бұлтты аспан мен қураған шөптің мұңды көңіл күйі (В. Серовтың «Қазан»).
Аңдар бейнесін мейіріммен жылы қабылдауға үйрету (Е. Чарушиннің «Бұғының бұзауы», «Сәбізі бар қоян»). Бөлме ішінде өнер туындыларын орналастыру әсемдігіне көңіл бөлуге үйрету.
Қазақ халқының ұлттық өнер туындыларымен, әшекей бұйымдарымен, тұрмыстық заттарымен, ат әбзелдерімен, киім-кешегімен таныстыру. Ұлттық ойыншықтар мен әшекейлер туралы (тәрбиешінің қалауымен) түсінік беру. Шағын бейнелерді мүсіндеу (құстардың, балықтардың, жануарлар мен адамдардың) туралы түсініктерін кеңейтуді жалғастыру. Бейнені жасауда суретшінің қандай әсерлендіргіш құралдарын қолданғандығын көре білуге, бейненің мінез-құлқын анықтай білуге үйрету. Мүсінді тұғырда айналдырып, жан-жағынан анықтап қарауға үйрету. Әр түрлі материалдардан (фарфор, сүйек, керамика, ағаш, шойын, шыны, т.б.) жасалған мүсіндермен таныстырып, бұл мүсіншінің қолынан шыққан туынды екендігін әңгімелеу. Жұмыс үстіндегі мүсіншінің суретін көрсету. Мысалы: М.В. Нестеровтің «Мүсінші Вера Игнатьевна Мухинаның портреті». Мүсіндеу құралдарымен таныстыру: «Бүркіт» (ағаш), «Көжек» (фарфор). Көлемдік пішініне, қалыбына, ырғағы мен материалына көңіл аудару. Суретшінің мүсіндік портрет құралдарын қолдана отырып кейіпкердің мінез-құлқын түсінуге үйрету (даналық, ерлік, ананың қайсарлылығы). Ұлы Отан соғысының батыры Н. Әбдіровтың анасының бейнесімен таныстыру (Ю. Гуммельдің «Батыр анасы»). Ұлттық музыка аспаптары: домбыра, қобыз, жетіген, шаңқобыз, қылқобыз, т.б. таныстыру. Балаларды балаларға арналған кітаптарын безендіру құралдарымен таныстыру. (В. Конашевичтің балаларға арналған кітабына А.С.Пушкиннің «Балықшы мен балық туралы ертегісі», С.А. Михалковтың «Сізде не бар?» шығармасына А. Пахомованың иллюстрациялары. Балалар кітаптарының қазақстандық суретшілері: график К. Пак, суретші К. Каметов, қазақтың ұлттық эпосы мен ертегілерінің суретшісі Е. Сидоркин.)
Қауырсынмен, қарындашпен, акварельмен орындалған суреттердің айқындылығы мен кітапты безендірудің ерекшеліктерін (суреттердің мәтінге сәйкестілігі, мұқаба, титул парағы, басы, соңы) ескеруге үйрету.
Жапсыру
Мақсаты: мектепке дейінгі ересек жастағы балалардың эстетикалық талғамдарын, жапсырма бейнелерінің мәнерлілігін құру іскерліктеріне тәрбиелеу, балаларды безендіру және ою-өрнек қызметіне дайындау, қию тәсілдерін меңгеру барысында көру – қимыл үйлестірулерін дамыту.
Міндеттері:
- түрлі қию тәсілдерді қолданып, бірнеше бөліктерден заттар құрастыру және түрлі пішіндегі геометриялық және өсімдік элементтерінен құралған өрнектерді құрастыру іскерліктерін дамыту;
- көз алдына елестету арқылы бейнелерді құра білуді жалғастыру, затқа қарап жапсыру дағдыларын қалыптастыру;
- таныс техникаларды өз еріктерімен үйлестіру, өзінің бастамасымен бейнелеудегі түрлі тәсілдерді біріктіруде жаңа техникаларды меңгеру талаптарын қолдау;
- көркем қолөнер туралы түсініктерін қалыптастыру (ағашты ою және әшекейлеу, қыш-құмыра кәсібі, тоқымашылық, қол шеберлігі және т.б.), шеберлердің қандай материалдармен және құралдарды қолданатыны туралы түсінік беру;
- жапсыру барысында түсті мәнерлілік құралы ретінде қолдану іскерліктеріне тәрбиелеу, қағаздың түсі мен оның реңктерін жеке таңдау үдерісінде түстерді сезе білуін жетілдіру;
- ұлттық сәндік қолданбалы өнердің салдарын жапсыру барысында қолдануға үйрету, балаларды қазақтың ұлттық өнерімен, оның түрлерімен, ерекшеліктерімен, түс және композициялық құрылымымен таныстыру.
Мазмұны:
Заттық жапсыру
Заттың құрылымының негіздері туралы балалардың білімдерін жүйелеп тереңдету (барлық заттар бөліктерден құралады, тағайындалуына қарай бөлшектер бөлініп, төменгі бөлігінде әрқашан қомақты және ірі, қалғандар – ұсақ бөліктер болады), балалардың қайшыны қолдану іскерліктерін бекіту: жолақшаларды төртбұрыштарға, шаршыларды үшбұрыштарға, шаршы немесе төртбұрыштардың шеттерін қию арқылы дөңгелек пен сопақша пішіндерді қию. Симметриялық емес сұлбаларға салынған немесе ойдағы контурларымен қию дағдыларын қалыптастыру.
Қағазды қатпарлап екіге бүктеп түрлі бейнелерді қиюға үйрету (жапырақтар, гүлдердің күлтежапырақшаларын, көліктердің дөңгелектері).
Балаларды жырту тәсілімен жапсыруға, ғажайып құс, алтын балық, қызыл гүл бейнелерін жасауға үйрету.
Түзу сызықты және дөңгелек пішіндерден тұтас ойыншықтардың бейнелерін, қисық жыртылған қағаздардың бөліктерінен жұмсақ ойыншықтардың бейнелерін құрастыруға үйрету.
Қағаз бетіне әуелі ірі бөлшектерді өзіне тән ұсақ бөлшектермен толықтыра отырып жапсыру дағдыларын қалыптастыру.
Достарыңызбен бөлісу: |