ПЛЕНАРЛЫҚ МӘЖІЛІС
ПЛЕНАРНОЕ ЗАСЕДАНИЕ
Мырзатай Жолдасбеков
Астана/Қазақстан
БҮГІНГІ ТҮРКОЛОГИЯНЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ
Ардақты ағайын!
Біз бүгін жалпы түрк дүниесі, оның тарихы, тілі, мәдениеті мен руханияты жайында келелі пікірлерді ортаға салып, қазіргі таңдағы түркологияның өзекті мәселелерін талқылау үшін жиналып отырмыз. Бүгінгі жиынға көрнекті мемлекет қайраткерлері, еліміздің, алыс-жақын шет елдердің ғалымдары, барша келген зиялы қауым қатысып отыр.
Ұлы даланы еркін жайлаған көне түрктер мемлекеттіліктің өзіндік үлгісін қалыптастырған. Қазақстан аумағында пайда болып, ірге көтерген байырғы түрк мемлекеттерінде отырықшы егіншілердің мәдениетімен ұштасқан көшпелі өркениетке тән ерекше саяси билік жүйесі орнықты, сан алуан дәстүрлер мен менталитетті тоғыстырған өзіндік, бірегей мәдениет қалыптасты.
Мәңгілік ел орнатамыз деп шарқ ұрған, заманының ұлы империясы – түрік қағанатын құрып, келешекке осыншама байтақ жерді, сарқылмайтын, таусылмайтын байлықты, тозбайтын дәстүрді қалдырып кеткен Бумын, Істемі, Құтлығ, Білге қағандар да, абыз Тоныкөк те, айбынды Күлтегін де – бәрі де бабаларымыз. Байырғы түрік даналары иелік еткен жер де, дәулет те, қалыптасқан дәстүр де, ой-сана да ең алдымен қазаққа мирас. Түрік қағанатының, исі түрік әлемінің алтын қазығы да, ата-жұрты да, тарихи тұрағы да, этникалық тұрғыдан да, географиялық тұрғыдан да, қазақ жері, ай ұйытқысы, мәйегі бүгінгі қазақ халқын құраған ру-тайпалар.
Қазақ жеріндегі тарихи мәнді нысандардың бәрі қазақтардың ежелгі заманнан-ақ біртұтас ұлт екендігінің қасиетті символдары, халықты ұйыстырушы қасиетті орындар болып табылады. Осы бір қасиетті жерлерді ұлықтау мен насихаттау арқылы біз мемлекеттігіміздің тарихын мыңдаған жылдарға тереңдете аламыз. Бұл нышандар болашақ ұрпақтың өз тарихын танып-білуінің басты тармағы болуы керек.
Жылдар жылжып, уақыт өткен сайын Тәуелсіздігіміздің мәні жарқырай ашылып, маңызы арта түсуде. Қол жеткен табыстар мен жеткен жетістіктер де баршылық. Олардың қатарында еліміздің рухани әлемінің дамуындағы бірден-бір үлес болып табылатын, ұлттық мәні зор «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының алатын орны ерекше. ЮНЕСКО тарапынан да, бұл – дүниеде сирек кездесетін жоба, басқа елдерге де өнеге болатын құжат деп белгіленді.
Бүгінгі таңда «Мәдени мұра» бағдарламасы біздің республикамыздың мәдени-тарихи қазынасына өзінің орасан зор үлесін қосып отыр. Бағдарлама аясында соңғы жылдары түркология саласына ерекше көңіл бөлініп, бірқатар игі істер атқарылды.
Бізді қуантатыны – кешегі түрік бабаларымыздың табаны тиген, ізі қалған, ерлігі мен өнегесі қалған Қазақстан бүгінде түркологияның орталығына айнала бастады.
Ежелгі заманнан бастап ұлан-ғайыр қазақ жері бүкіл еуразиялық кеңістіктің мәдени бесігі және рухани қазығы болып келді. Сондықтан да бүгін баршаңыз қатысып отырған түркологиялық симпозиумның Қазақстанда өткізілуі кездейсоқтық емес. Бүгінгі түркологиялық симпозиумның өзектілігіне келер болсақ:
– ғасырлар тоғысындағы түрк мәселесіне деген қызығушылықтың барған сайын арта түсуінде, өткен ғасырларда жинақталған бай тарихи дереккөздер мен археологиялық жәдігерлерге қарамастан Түрк кезеңіне қатысты тарихтың көптеген мәселелері әлі де терең зерттеуді қажет етеді әрі дүниежүзі ғалымдарының арасындағы көптеген пікірталастар әлі күнге шешімін тапқан жоқ;
– қазіргі адамзат өмірінің аса маңызды салаларындағы жаһандану мен интеграциялану үдерістері ұлттар мен халықтардың өзін өзі таныту, мәдениетін, тілін, тарихын сақтау мен дамыту мәселелері өткір тұр.
Бүгінгі жиынның негізгі өзегі бұл – Түрк әлемінің жалпы түрк мемлекеттерінің ішкі және сыртқы саясаты, экономикалық және әскери-стратегиялық экспансия арасындағы, түрк халықтарының тілдік және рулық-тайпалық бірлігі арасындағы үйлесімді тепе-теңдіктің бірегей үлгісі екендігі.
Симпозиум Түрк әлемі мен Қазақстан жеріндегі түрк халықтарының мемлекеттілігінің қалыптасуы мен дамуы барысын қайта қарау арқылы, дүниежүзі тарихында, сондай-ақ Еуразия халықтарының тарихымен өзара байланысы аясында Түрк халықтарының археологиялық, этнографиялық және архитектуралық ескерткіштері мен мәдени мұраларын теориялық және тәжірибелік тұрғыда қайта қалпына келтіруге бағытталған мәселелерді шешуде ғалымдар, түрлі мемлекеттердің жетекші мамандары арасында диалог орнату мен жаңа идеяларын іске асыруға мүмкіндік береді деп сенемін.
Достарыңызбен бөлісу: |