ҚАЗАҚ ФРАЗЕОЛОГИЗМДЕРІНДЕГІ ҚҰРАН АЛЛЮЗИЯЛАРЫ МЕН РЕМИНИСЦЕНЦИЯЛАРЫ
Қазақ тілінде Құран идеяларына құрылғанмен, араб тілінде соған сәйкес келетін фразеоқұрылым, яғни дәл сондай құрылымдағы этимоны тіркелмеген тұрақты тіркестер бар. Мұндай тіркестер Құран идеяларын еске салатын реминисценциялар мен аллюзиялар түрінде келеді.
Діннің жандануы қоғамда исламға, оның қасиетті кітаптары Құран мен хадистерді білуге деген зор қызығушылықты туғызды, руханият тақырыбындағы дискурстарда арабтың аманат пен қиянат сөздері жиі қайталанып, қазақ тілінде фразеологизмдер құрамында да, жеке лексемалар ретінде де пәрменді түрде қолданылатын сөздерге айналды, сонымен бірге дінге қатысты емес басқа да салаларда қолданыла бастады. Қазіргі күні аманат сөзі банк саласының термині ретінде де қалыптасты.
Исламдағы аманат концептісі дін (діни сенім мен ғибадат), әлеуметтік (от басына қамқорлық, әлеуметтік қарым қатынастар), экономикалық (біреудің тапсырған дүние мүлкін, ақшасын сақтау), ғылым (ақпараттарды жинау, жұмысты орындау, жазу мен құрастыру, тарату) салаларын қамтиды. Аманат ұғымының Алла мен Алланың елшісінен кейін тұруының өзі оның концепт дәрежесіне көтерілген ұғым екенін көрсетеді.
Бұл өмірдегі адам баласының ең жақсы көретін нәрселерін Құран زهرة الحياة الدنيا заһрату л-хайāти д-дунйā (сөзбе-сөз аударғанда «бұ дүниедегі тіршіліктің гүлі») деп атайды. Құран арқылы келген бұл образ мұсылман дінінен мол хабары болған қазақ жыраулары мен ақындарының қолданысында да мол. Құран арқылы келген бұл символ бүтіннің бір бөлігін емес, бүтіннің өзінің образды атауына айналған. Жалпы, өмірдегі ең жақсыны гүлге теңеу идеясының Құран арқылы исламмен бірге келгені туралы пікірді тарихшылар да, өнертанушылар, мәдениеттанушылар да айтады. Гүлдің ең жақсы, таңдаулы нәрселердің символы ретінде концептуалдануы ислам арқылы келгенін, араб, парсы мәдениеттерінің әсерінен пайда болып, орын алғанын айту керек.
Құраннан бастау алатын қазақ тіліндегі тұрақты тіркестердің астарында жатқан ақпараттарды, образдарды, символдарды, түсініктерді анықтауға, ана тілімізді, осы кезге дейін «мұсылмандығы шамалы» деп есептеліп келген халқымыздың шын мәніндегі концептуалдық дүниесін тануға мүмкіндік беретін мәдени код деп айтуға болады. Қазіргі қазақ тіліндегі исламға байланысты, оның қасиетті кітаптары Құран мен хадистер арқылы қабылданған кірме фразеологизмдер қабатын зерттеу халықтың дүниетанымына тереңірек бойлауға мүмкіндік беретін қызық та керекті жұмыс.
Достарыңызбен бөлісу: |