Құлымбетова Ә.
Астана/Қазақстан
ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ ЛЕКСИКАНЫҢ БАҒАЛАУЫШТЫҚ КАТЕГОРИЯСЫ
Қазіргі таңда тіл білімі ғылымының маңызды міндеттерінің бірі – адамзат қауымының әлеуметтік өмірінің, оның түрлі тарихи кезеңдері қызметінің көрінісі деп атауға болатын тілдің атқаратын қызметін зерттеу. Осы мәселені қарастыруда қоғамдық-саяси лексика төңірегіндегі материалдар қолайлы болып табылады. Тіл мен қоғам – егіз ұғымдар. Тіл мен қоғамның тығыз байланыстылығы тілдің лексика саласында өте анық сезіледі. Қоғамдық-саяси құбылыстар мен ұғымдарды атайтын, мағыналық ұқсастығы арқылы топтастырылған сөздердің жиынтығын қоғамдық-саяси лексикаға жатқызуға болады.
Бүгінгі күні еліміз халықаралық аренада саяси және экономикалық қарым-қатынастарын қарқынды түрде дамытуда. Алыс-жақын шетелдерде саяси қарым-қатынастағы Қазақстан ары қарай да өз беделін нығайту үстінде. Сол себепті шетел тілін саяси салада іс жүзінде қолдануға бағытталғандығы берілген тақырып өзектілігі болып табылады. Оның дәлелі ретінде елімізде өткен ЕҚЫҰ саммиті және 7 қысқы Азия ойындары бола алады. Осы орайда қоғамдық-саяси лексиканың кең көлемде зерттелуі өзекті мәселелердің бірі болып табылады.
Зерттеу жұмысының негізгі мақсаты қоғамдық-саяси мәтіндерде қолданылатын лексиканың құндылығын көрсететін қазақ және ағылшын тілдік санасының компоненттерін анықтау. Қазақ және ағылшын тілдеріндегі бейнелер мен мағыналардың ұқсастығы және айырмашылығын көрсету.
Бағалауыштық пен құндылықтар тұрғысынан зерттеу қазақ тіл білімінде көп таралмаған. Әлеуметтік бағалауыштық құбылысы сөз мағынасында болатын компоненттердің бірі. Дегенмен бүгінгі таңда сөздің семантикалық құрылымындағы бағалауыштықтың орны толық анықталмай отыр деп Б. Момынова өз еңбектерінде көрсетеді. Баға – адам баласына тән логикалық категория. Тіршілік иелері арасындағы басқа жанды-жансыз заттар ондай қасиеттен алыс. Бағалауыштық тек әлеуметтік категория ғана емес, бағалауыштық адам санасымен бірге пайда болатын психикалық құбылыстардың қатарынан орын алады. Сол себепті бағалау дегеніміз = тіл + ойлау + шындық немесе ақиқат (реальды өмір) трихотомиясының нәтижесі болса, ал бағалаудың семантикалық категориясына бағалауыштық жатады. Сондықтан да баға – адам санасында үнемі тоқтаусыз жүріп жататын процесс және ол адамның ойлау қабілеті арқылы іске асатын интеллектуалды-психикалық акт болып табылады.
Алғашқы рет қоғамдық-саяси лексикаға сипаттама берген Б.Әбілқасымов еді. Сонымен қатар Р.Барлыбаевтың «Қазіргі қазақ тіліндегі қоғамдық-саяси лексика» атты еңбегін осы зерттеулерге қосқан үлкен үлесі деп айтуға болады. Бағалауыштық тұрғысынан тіл білімінде ғылыми пікір З.К. Темиргазина қаламына тән және ол ойларын «Оценочные высказывания в русском языке» атты еңбегінде топтастырған. Аксиологияның теоретигі М.С. Каган «Философская теория оценки» атты қыл қалам туындысында бағаланатын қатынастың бағалаушы объектінің баға беру сипаты жайлы айтады.
Қоғамдық-саяси лексиканың дамуы тікелей халықтың тарихымен байланысты және халықтың күнделікті өмірінде орын алатын маңызды оқиғалардан ажырамас болып келеді. Әлеуметтік-идеологиялық бағаның қалыптасуында публицистикалық стильдің атқаратын рөлі мағызды, сол себепті бұл мәселе - өз алдына кеңінен қарастырылып, зерттелуге тұрарлық.
Достарыңызбен бөлісу: |