2.6. Салт-дәстүрге, наным-сенімге байланысты қалыптасқан атаулар. Тілімізге салт-дәстүрмен байланысты әйел қолөнері бұйымдарының атаулары да ұшырасады. Ақсақал шапан – ауылдың ең үлкен ақсақалына құдалары жағынан кигізетін сый шапан. Жауырынша – жаңа түскен келіншектердің қайнысына тігіп беретін алғашқы кестелі көйлегі.
Бұлардан басқа қазақтың салтынан мәдени ақпарат беретін атауларға иткөйлек, тонның бас тон, ілім тон, қызыл тон, т.б. көптеген атауларды келтіруге болады. Мұндағы бас тон мен ілім тон – сый-сыяпатқа, киітке берілетін тон түрлері болса, қызыл тон – жаға-жеңі құндызбен жиектелген, екі өңірі мен етегі зермен көмкерілген, қыз жасауына берілетін, ұзатылған қызға кигізіп жіберетін тон.
Қысқасы, күнделікті тұрмыста, салт-дәстүрде берік орын алған бірсыпыра заттар мен нәрселер атқаратын қызметіне, белгілі бір наным-сенімге, эстетикалық талғамға, т.б. байланысты болып, атаулардың этномәдени уәжділігін айқындайды.
Достарыңызбен бөлісу: |