ҚР-ғы адвокатура азаматтардың құқықтарын, бостандықтарын сотта қорғауға және білікті заң көмегін алуға мемлекет кепілдік берген және ҚР Конституциясында баяндалған құқығын жүзегеасыруға жәрдемдесуге арналған. Адвокатура қылмыстық істер бойынша қорғау, азаматтық, әкімшілік, қылмыстық және т.б. істер бойынша өкілдік ету, сондай-ақ азаматтардың құқықтарын, бостандықтарын, заңды мүдделерін, сондай-ақ заңды тұлғалардың құқықтарымен заңды қорғау мен іске асыруға жәрдемдесу мақсатында заң көмегінің өзге де түрлерін көрсету жөнінде адвокаттардың қызметін ұйымдастырады. Адвокаттық қызмет шеңберінде адвокаттар көрсететін заң көмегі кәсіпкерлік қызмет болып табылмайды.
Адвокат – міндетті түрде адвокаттар алқасының мүшесі болып табылатын және заңмен реттелетін адвокаттық қызмет шеңберінде кәсіптік негізде заң көмегін көрсететін ҚР азаматы. Жоғары заң білімі бар және адвокаттық қызметті жүзеге асыру құқығына лицензия алған адам адвокат бола алады. Қасақана қылмыс жасағаны үшін сотталған, белгіленген тәртіппен әрекетке қабілетсіз немесе әрекетке қабілеттігі шектеулі деп танылған, адвокаттар алқасынан шығарылған, сондай-ақ босатылған күннен бастап бір жыл бойы – тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін құқық қорғау органынан босатылған адам адвокат бола алмайды.