Қазақстан республикасы білім және ғылым



бет14/79
Дата06.09.2022
өлшемі462,66 Kb.
#148809
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   79
Байланысты:
ibraimova-kazak-otbasy

Қыз бала тәрбиесі.


Қазақ халқы әдептілікке тәрбиелеуді ең алдымен қыздың тәрбиесінен бастаған. Өйткені, бүгінгі бармақтай бала ертең бой жетеді, бүрсігүні ана болады. Адамзатты осы анадан деп түсінген қазақ әдепті ана арқылы қыздан бастаған. Қазақ ұлдың оннан асқан жасын – «қозы жасы» деп шаруашылыққа, еңбекке баули бастаса, қыздың сол шағын –
«қонақ жасы» дескен. Жат жұртқа жаратылған баланың оң жақта енді бірнеше жыл ғана болатыны алдымен анаға аян. Осы бір қарбалас кезде қайран ананың жүгі қапталынан ғой. Бұл үшін ең алдымен қызын әдепке қалыптастырса, қалғаны жеңіл. Бұрынғы аналар, «қызым әдепті болсын» деп мыналарды істеді:

  1. Бала алдында әкені Алатаудай ете білді. Оның атын атамады. Айтқанын орындады. Сонан соң қыз бала бұл ғаламда әкемнен артық адам жоқ деуді бара-бара мойындады. Бұл опасыз пәниде, бірде жоқтық, бірде бүтін тіршілікте жоқшылық пен барлығы құрғырдың есіртетіні де, кейітетіні де жиі кезігеді емес пе, осындай да қызын әдептілікке апарғысы келген ақылды әке сыр, мінез білдірмейді.

  2. Қыз балиғатқа толысымен оның айналасы жауға толады. Біреу

«үкілеуге» ұмтылады. Біреу «кетік алма» етіп кеткісі келеді. Осындайда бұрынғы аналардың екі көзі төрт, ұйқысы аз. Ол есік алдындағы ит үрсе де, біреу келе жатса да, үйіне қонақ қонса да, қызы көзінен таса болса да секем алады. Себебі, көгеніндегі марқасы марқайды. Мұндайда ана сорлы қызының мінезіндегі өзгерісті, денесіндегі байқала бастайтын белгілерді сәт сайын абайлаған.

  1. Қызы әжетке жарасымен ол кездегі ақылды аналар бұрынғыдай бөлек жатқызуды, бей-берекет қыдыртуды шектеп не өзінің, не әжесінің іргесіне жатқызады. Далаға жіберсе-бейбастақ бала, төрге жатқызса- ынсапсыз қонақ, жеңгеге ілестірсе-«қызды жеңге, жеңгені теңге бұзады» деп өзінен өзгеге мүлдем сенбеген.

  2. Қызының ойын, уақытын бөлуге мұрша бермеу үшін қозы қосақтатқызған, үйдің күйбеңінен бас алғызбаған. Еңбекке машықтандырып, тіл алғызуға қалыптастыру да қазақта әдепке апаратын бір жол болған.

  3. Ана қызының табиғатындағы талантты алдымен аңғарады, егер ол іскерлікке, балбармақтылыкқа, өнерге бейім болса, баласына осы жөнінде мүмкіндік жасайды. Бұл да – әдептілікке, желдеп кетпеуге қарсы тұратын екінші жол.

  4. «Қызың жақсы болсын десең, қызы жақсымен көрші бол» дегенді ежелден білетін ана бәрінен бұрын қызын кейбір «көргенде қашып кететіндердің» маңына жолатпайды. Бұл үшін ана маңындағы қызы құралпыларды жете білуді, тегін тексеруді, олардың әдепсіздігін қызының құлағына жиіркенте жиі-жиі айтуды ескерген.

  5. Ертедегі қазақта бастаңғы, қызойнақ, қой күзеті, тоқымқағу, алтыбақан, ақсүйек деген сияқты жастардың бас қосатын кездері жиі болған. Бұған мүшелінен асқан–бойжете бастаған қыздар баруға болады. Мұндайда ақылды аналар қызын сенімді адамға қосқан,ерте қайтуды тапсырған. Келген соң қәдімгідей жүрген-тұрғанын тексеріп отырған. Қазіргідей туған күнді, мектеп бітіргенді, әскерге шығарып салуды, бір жақтан келуді қарсы алуды күнді- түнге, түнді-күнге ұластырып тойлатуға тізгін-шылбырсыз жіберу ол кездегі аналарда кемде-кем болған.

  6. Сұмдыққа ұрынған, қолды болған қызын ертедегі аналар келісімен не түрінен, не құбылысынан, не уақытынан, не бірге болған адамынан абайлауды, тексеруді ұмытпаған. Ананың бұл сәуегейлігінен жасқанатын қыз көп жағдайда сақтанған.

  7. Қызы ел көзіне түсе бастасымен оған анасы көсемсіп сөйлемеуді, кісіге тіке қарамауды, ұяң болуды, өз жанынан ұзамауды, қыдырмауды, жұртқа сүйкімсіздерге жоламауды, босқа күлмеуді, ата-ана мен аға бауырдан басқаның жаны пәлендей ашымайтынын жалықпай айтқан.

  8. Жеті атаға дейінгілердің бірін – ағасы, бірін – бауыры деп таныстырған. Мұнысы – қыз алысуға болмайтындығын түсіндіргені.

  9. «Әкенің ең жақсысы жездедей» дегенді қазақ көп айтқанымен, сақ аналар қызын «жезде» деуден гөрі – «аға» деп сыйласатын шекара жасаған.

  10. Қызының ерте ме, кеш пе әйтеуір кететініне іштей бейімделіп жүретін ақылды аналар өзі білетін өңірдегі күн шалған шаңырақты,

көргенді ата-ананы, әдепті бала-шағаны біліп алып, оны қызына сөз сыралғысы ретінде дәріптеп, көргенсіздерді күні бұрын білдіртпей жамандап қызына өз сыңайын сөз арасында ептеп ескертіп отырған. Баласы осылардың қайсысына назар аударғанын астыртын қадағалаған.

  1. Қызды шешеден бұрын сөйлемеуге тәрбиелеген.

  2. «Ит жүгіреді, иттің артынан қыз жүгіреді» деу - қыз кемеліне келгенде кезігеді. Бұл «қыздың ойы – кету, жолаушының мақсаты – жетуден» шығады. Осыған байланысты бұрынғылар қызын сыртқа шығудан шектеген. Ара-тұра ғана аса аяулы адамды, сенімдіні аттандыруға үйде ешқім болмағанда ғана белдеуге, не мамағашқа дейін шығаруға өзі жұмсаған. Жұмсамаса, қыздың оны аттандыруға рұқсаты жоқ. Себебі – оны кез қелген кісімен кезіктіру қазақы әдептің салтында жоқ.

  3. Қызды көргенді ету үшін алдымен ана өзіне шек қойған. Қызы бойжетіп ел көзіне түсе бастасымен, ол бұрынғы қыдыруын, баласын оңаша тастауды қысқартады, азайтады, не өзімен ерте жүреді. «Шешесі қыдырмашыл болса, қызы бастанғышыл болатыннан» сақтанады.

  4. Қызына ауыл-үйдің бозбалаларын иектетпеу үшін ана бұрынғы алаңсыз ұйқыны азайтқан. Ол үйінде жатып сырттағы беймезгіл үрген итте де гәп барына алаңдаған, кімнің төңіректегенін де мөлшерлеп, өзінің ояу екенін аңғартқан. Мұндайда анаға ең сенімді серігі-енесі. Ол іргесіне алып жатқан немересіне мықты күзетші. «Кемпірі бар үйдің кәпірі бар» деудің бір жағын жастар осы аңдудың мықтылығына бола шығарса керек.

  5. Үй ішінде қыздың тәртіпті болуда сөзін тыңдайтыны әке мен шеше, сескенетіні, сыйлайтыны–аға, сырласатыны–жеңге, ұялатыны ауыл, ру. Бұлар –тұтасымен ойламай от басып алмауға қорған...

  6. Шеше міндетті түрде өзі білетін өнерін – тігіншілік, не іскерлік, не кісі сыйлап қонақ күте білу, астың бабы, дастарқанның мәзірі сияқтылардың бәрін қызына үйретуге міндетті. «Шешесін көріп қызын ал, аяғын көріп асын іш» деген осыдан шыққан. Анасы аяулы, әкесі ардақты бала әдепсіздікке бара қоймайды. Әке мен шеше бұл биікке бір жағынан баласының қамына бола ұмтылады. Бұл да қызды әдептілікке қалыптастырудағы бір жол, өнегелі орта.

Жоғарыдағыдай қазақы тәлім-тәрбие қыздарды адамгершілікке, махаббат ғаламында баяндылыққа, шынайы ғашықтыққа, арлылыққа апарған. Опасыздыққа, махаббаттың желдеген лағы болмауға баулыған. Тарихтағы Шұғаның сүйіспеншіліктің өртіне өртеніп өлуі,
«Қорғансыздың күніндегі» қаршадай қыздың жауыздыққа душар болған шіркеулі бетімен пәк жерді басқысы келмей үсіп өлуі ертедегі ата- ананың баласын адалдыққа, кіршіксіздікке тәрбиелей алғанына, әдепке әу бастан үйреткеніне мысал.
Ол кезде де қазақ қыздары көргенсіздіктен, қайыру бермей кетуден құлан таза деу артықтау. Бірақ дәл қазіргідей әйел алуды қөрпе ауыстырғандай көру, көпшіліктің көзінше қыздың жігітке жабысып тұруы, көпе-көрнеу сүйісуі, бүгін тиіп, ертең ажырасу, келген келін мен қайынсіңілі арасындағы қеліспеу ол кезде жоқ еді. Кейбірі бар болса да тым сирек болатын.
Қазақта әсемдіктің әр алуаны бар. Соның бірі – қыз көркі. Қызға тән әсемдікті бұрынғылар қалай пайдаланғанына аялдасақ, олар мыналар:
Қазақ баланы кішкене кезінде «қыз» деп көп атамайды. «Қыз» деп көп айту ұзатылған соң, онда да балалы болғанда, егде тартқанда, тіпті кемпір болғанда. Мұнда әсіресе төркіндегілер, өте-мөте жеңгелер айтады. Кейбіреулер «Қыз екенін сен біледі екенсің» деп шамданады. Бұнысы –қыз баланы қаршадайынан қызғызша қорғағаны. Қызға деген қызыл көзден күні бұрын қорыққаны. Келешекте кешікпей толысатын қыз бойындағы әсемдікті сұқтың көзінен тасалағаны. Сондықтан да өсе бастаған қыз балаға ана көз тимесін деп алдымен екі ырым жасайды. Бірі – күртесіне қара шұбар маржан тағу, екіншісі бала өте реңді болса, сыртқа шығарарында бетіне, маңдайына күйе жағу.
Анасы қолына түскен қызылды, теңге-моншақты, сақина, сырғаны, шолпыны қызының үстіне жапсырып, оны күлтелеу, қыз баланың тазалығына ерекше көңіл бөлу. Бетін жұпар сабынмен, шашын бұзаушыкпен жуындыру, бұрымын тарау-кішкене кезінде анасына міндет. Бойжете келе өзі істейді.
Қазақ қыз бала мүшел жасқа таясымен: «Ұлдың ұяты – әкеде, қыздың ұяты – шешеде» деп баланы әке мен ана өз қарауларына бөліп алады. Мұның себебі екеу: бірі – осыған дейін сыртта да, үйде де бірге ойнайтын қыз өз-өзінен ұлдардан бөлініп, шешеге бейімделеді. Бірі – қазақта қыз балаға әкенің ақырмауы, қол тигізбеуі – жылжымайтын, бұзылмайтын заң. Ұл мен қыз «әкесін көріп оқ жонуға, шешесін көріп тон пішуге» әдет алатыны да осы кез.
Міне, осыдан бастап «ұлдың қызығы түзде, қыздың қылығы үйде» ана баса қарайды. Әйелінің бұл міндетінен ағат кетпеуін отбасы бақылайды. Егер баланы анасы дұрыс тәрбиелемесе, өткен қателік үшін әке қызды емес, әйелінің құлағын ыңғырлауға, алда-жалда бала көргенсіз бола бастаса, жетелі күйеу кер қамшыны керегеден жұлып ап әйелінің басында ойнатуға әбден ақылы. Бұл үшін ең алдымен ерлі- зайыптылар сыйласымды, салауатты болуы шарт. Бұлардың өзі жаза басса, баланың «үйренгенім үйімдегіге» жалт етуі оп-оңай. Бұл үшін алдымен керегі мыналар:
- Бала алдында әйел күйеуін құрметтеп, оның айтқанын әмір деп түсінуден ешқашан жаңылмай, ол ілтипатын күлшедей қызына ұдайы көрсетіп отыруы керек.

  • Қыз осы мөлшерге келісімен әке де шаңырақтағы ең беделді, өнегелі адам екендігін көрсетіп, бұрынғы артық-ауысуынан ада-гүде қол үзбесе болмайды. Бұл өзінен бұрын бала алдындағы парызы, көрсететін әкелік өнегесі.

  • Мүшеліне келген қызға үйдегі өзінен үлкенді де, кішіні де сыйлау, сыйлата білуге дағдыландыру, қосымша ат қойғызу.

  • Балаға осы бастан маңайдағылардың өзі құралпы балаларындағы көргенділікті ұдайы құлағына құйып отырған артық емес. Сонда олар сол баладай болуға тырысады, еліктейді.

Қазақ қызы көбіне жастай ұзатылатындықтан, төсінің томпаюын, бөксесінің толуын жұрт көзіне көрсетпеуді шешесі қадағалаған. Бұл былай қарағанда көз сүрінетін әсемдік болғанымен, бұрынғылар үшін оның керісіншесі әсемдікке жатқан. Өйткені, қазақ халқы қыздың нәзіктігін, ұяңдығын әсемдік деп түсінген. Бұл – мұқым шығыс халқына ортақ көз. Омыраудың өсе бастағанын көрсетпеу үшін көп ана қызына кең кеудеше кигізген. Көйлекті кең және ұзын ғып кигізуде бөксенің тола бастағанын жасыру. Бұл да – қазақы әсемдік. «Анасыздың емшегі, әкесіздің аузы үлкен» деген осы әсемдікті сақтамағанда айтқан.
Қазақ қыздарындағы әсемдіктің ең құдіреттісінің бірі – мінез-құлық. Ата-ана баласын өзіміз сөз етіп отырған аржақ-бержағында биязылыққа, өте-мөте ұяңдыққа, нәзіктікке баса тәрбиелеген. Қазақ қызындағы ұяңдылықтың өзі әсемдіктің бір кереметі. Ішкі дүниесіндегі арпалысты аз сөзбен, дәл тауып қана, езіле, егіле айтып, әдеп сақтауының өзі байланысты адамын мұрат ететін құдырет болған. Сондықтан «қазақ қыздары махаббат» дегенді, «сүйгенім» дегенді бадырайтып айтуға ауыздары бармай, «қуатым», «қалқам», «қарғам», «құрбым» деп сыпайы айтқан. Мұны да көп айта бермей қысылтаяңда, бастарына күн туғанда, айырылысарда, боздап тұрып айтуға ауыздары әзер барған. Міне, өстудің өзінде қаншама әсемдік жатыр десеңізші.
Жігіттің қалыңдығына қашан ұрын барғанша жолай алмауының өзі бір әсемдік болған. Қазіргідей бүгін танысып, ертеңіне бас салу бұрын болмаған. Ұлы сөздің ұяттығы жоқ, қазіргі кейбір жастар неке аманатын күні бұрын атқарып тастап, тойға құрсақты болып келетіндер де жоқ емес. Бірен-сарандарымыз біреудің етегінен ұстағанша талаймен әлекей-шүлекей болып үлгіреді емес пе. Біз баста сөз еткен аналар осындай сұмдықты болдырмау үшін, қыз әсемдігін ақы иесіне аман тапсыру үшін қызын балиғатқа толысымен бақылады ғой. Бұл арада бұрынғылардың әдепті де, әсемдікті де бүлдірмеу үшін күрескенін, тәрбиелей білгенін мойындаған жөн. Қызға қырық жерден аңдушы болатыны да осы әсемдіктен айырылмаудың бір әдісі.
Қыз баланы бақылауына, баулуына алған ананың әсемдік жөніндегі бір бастамасы – кестеге үйрету. Кестені қыз алғашында шытқа, онан соң
ержете келе түскиізге, тақияға, сандыққапқа тігіп, оған қосымша сырмақтың, дөдегенің, бұйымдардың оюларымен жалғастырады. Былайша айтқанда, қазақтағы әсемдіктің қақ жартысы әйелдердің қолынан шыққан.
Қазақ қызының сөйлеуінде де, күлуінде де, еркелеуінде де, тіпті ренжуінде де, ас ішіп, ас әперуінде де, отырысыңда да сұлулық, әсемдік, басқалық болған. Бұны қызға үйрететін алдымен ана, онан соң ауыл- аймақ, қалыптасқан салт-сана. Бұрынғы қыздар көптің көзінше күлуді, көсемсіп сөйлеуді, алдыда жүруді, қомағайлықты жұрт көзіне көрсетпеген.
Жалпы қорыта келгенде, бұрынғы қазақ қыздары мектеп пен медреседе этика мен эстетиканы мұғалімнен дәріс ретінде оқымағанымен, үйде олардың қазақы қасиетін анасы мен ауылынан жеріне жеткізе тоқыған. Сондықтан да олар әдепті, әсем болды.
«Ұлдың ұяты әкеге, қыздың ұяты шешеге» деп қараған халқымыз ұл баланы тәрбиелеуді аталар мен әкелер өз қолына алса, ал қыз баланы тәрбиелеуді әжелер мен аналардың ісі болып саналған.
Халқымыз қыз психологиясының ерекшелігін жақсы түсіне білген. Әрбір отбасы әке-шеше, аға-жеңге бойжеткен баласын ылғи да жібектей мінезімен, уыздай тәтті қылығымен, іскерлік ұқыптылығымен, сыпайы салмақтылығымен, әдетті-ізеттілігімен, иманды-инабаттылығымен, күміс күлкісімен көргісі келген. Оларды кішкентайынан көздің қарашығындай сақтап, әлпештеп, мәпелеп жаны мен арының таза, мінезінің жайсаң болуын қадағалап отырған, жасөспірім шақтағы олардың балқыған, шалқыған, еліктегін қасиеттерін ескеріп, оған
«Қырық үйден тыю» салу керектігін де үнемі еске алған.
Қыз болып қылтия бастағаннан «ақ отауға» енгенге дейін қызды қаншама сынақ күтіп тұрады. Оларды ең алдымен алып-ұшпа сезімді тежей білуге дағдыландырады. Бұл, әрине, оп-оңай жүзеге аса қоймайды. Сондықтан да ол үлкен сын.
Халықтың дәстүрі қыз бала тәрбиесінде ереже ұсынбайды, тек бағыт-бағдар береді, өнеге көрсетіп, әдептілік жөн-жосығын нұсқайды. Оның барлық сыры мен сынына әдебі мен мінезіне, тілі мен дініне, әні мен күйіне, мінезі мен құлқына орай өрілген төрт ұғым төңірегінде топтасады. Ол адал мен арам, обал мен сауап. Адам үшін ең қымбат түсінік те, жұмбақ түсінік те жанмен сезіну, ойлану, толғану, әсерлену, әрекеттену. Мұның алғы шартын бақылай білу, кісінің ішкі сырын танып ұғыну арқылы өзін-өзі түсініп, имандылық пен өнегені бойына сіңіріп, шама-шарқына қарай оны жүзеге асыра алу. Бүгінгі бойжеткен ертеңгі отбасы ұйытқысы, болашақтағы асыл жар, аяулы ана, ел ардағы ақылман әже. Олай болса, халық танымындағы бойжеткенге қажетті сипат-имандылық, инабаттылық, ізеттілік, әдептілік, ісмерлік,
биязылық, мейірімділік. Бала тәрбиелейтін адамның бойына дарыта алатын болашақ ұрпағымызды ақылды, артына бір рулы елін ерткен асыл қадірлі адам етіп тәрбиелейтін де осы қыздар, болашақ аналар, әйел заты болғандықтан жақсы мінез-құлыққа баулып өсіреді. «Қызға қырық үйден тыю, қала берді есіктегі күңнен де тыю» дейді халқымыз. Бұл да қыз балалардың отбасындағы тәрбиесі, өмірге бейімділігі, әдептілігі, сезімтал да саналылығы биік болсын деген ойдан туған.
Қырықтың біріншісі – бесігің, үйің алтын босағаң. Олай болса қыз баланың тәрбиесі де осылардан басталады. Ол ең алдымен анаға байланысты. «Шешесін көріп қызын ал, аяғын көріп асын іш» деген мақал тегін айтылмаған. Әулеттен әулетке қалған мұра имандылық пен инабаттылық болса «Жігіттің жақсысын – қыздай, қыздың жақсысын – уыздай» деп айтуда да терең мән жатыр. Жол жөнекей өнер сайысына сөзбен сынасуларына, әзіл-айтыстарға қымсынбай араласуларына еркіндік берген. Халқымыздың өз ұрпағының ақыл-ой тәрбиесінде ауыз әдебиетіміздің айтыс жанры, оның ішінде жұмбақ айтысы ерекше рөл атқарады. Жұмбақ айтыстарында жігіттерден гөрі қыз баланың жауабы өте ұтымды, ойлау қабілеттерінің өте ұшқырлықтарын көрсетіп отырған. Қыздың көркіне ақыл-ойы, мінез-құлқы сай болуын қалаған, оны сүйкімділікке, сыпайылыққа, нәзіктікке, жұмсақтыққа тәрбиелеген. Оларды ауылдың көркіне елдің анасына балаған, қадір-қасиет тұтқан, ұстамды, тұрақты, ақылды болуын талап еткен. Соған қарамастан еркелетіп еркіндік берген. «Гүл өссе – жердің көркі, қыз өссе – елдің көркі» деп әйелді отбасының қадір-қасиеті тұтқан. Отбасының тірегі де, ұйытқысы да әйел заты деп уағыздаған.
Қыз балаға, яғни әйел затына табиғи жылылық, сезімталдық, тұрақтылық, кешірімділік, ұқыптылық, адалдық сияқты қасиеттер тән деп санады. Ананың жылы лебін, ақыл-ойын, аялы алақанын, шаруақорлығын жүрегімен сезіп, көзімен көрген бала әдепті, адамгершілігі мол, дені сау болып өсетінін жақсы білді. «Қыз – жағадағы құндыз, жігіт – аспандағы жұлдыз», «Қыз кетсе-қызық кетер»,
«Қыз қылығымен сүйкімді», «Ырыс алды – қыз», «Қарағым-шырағым, ауыл көркі – ақ лағым», «Қызы бар үйдің – қызығы бар» – деп оларға үлкен сеніммен үміт артады. Болашақ ана ретінде қадірлеп, «Ер адамның алдында ашылатын есігі болсын, әйел адамның алдында тербететін бесігі болсын» деп зор міндет жүктейді.
Сонымен, халқымыздың қыз бала тәрбиесі бойынша салт- дәстүрлерін саралай келе, «Қазақтың қыз бала тәрбиесінің» үлгісі төмендегі 2-суретте ұсынылған .

Ұлттық әдеттер арқылы тәрбиелеу



Ана тәрбиесі










Әже тәрбиесі










Жеңге тәрбиесі










Ұлттық салт- дәстүрлер арқылы тәрбиелеу

Ұлттық әдет- ғұрыптар арқылы тәрбиелеу
Енді бүгінгі қыздарымыз қандай деген сұраққа келгенде татымды жауап таба алмай, күмілжіп қаламыз. Өйткені, бүгінгі ұрпақ тәрбиесінде, соның ішінде қыз баланың тәрбиесінде біраз мәселелердің күн тәртібіне күрделеніп шыққан жайы бар. Бүгінгі бойжеткендеріміздің бойынан нәзік жаратылыс, аяулы мінез-құлық, айнадай тазалық пен айнымас адалдық сияқты қазақ қыздарына ғана тән асыл қасиеттерді табу оңай емес. Олар қазір байсалды болудың орнына тарпаң, ибалы, ізетті болудың орнына қытымыр, нысапты болудың орнына ашкөз болып бара жатқандай. Неге олай? Біздіңше, оның себебінің тамыры тереңде жатыр. Біріншіден, коғам, әсіресе, кешегі Кеңестер кезінде әйелдердің мойнына үлкен жүк артты. Сондықтан, олар бала тәрбиесіне, онын ішінде әсіресе, қыз балаға деген ерекше тәрбиеге ықтиятты көңіл бөле алмады. Олардың санасына сәби кезінен бастап жаңағы жоғарыда айтқанымыздай қасиеттерді сіңіре алған жоқ.
Мәселен, Жапония дүниежүзінде ұлттық салт-дәстүрін ең берік сақтаған ел. Ол елдің өз ұлтының ежелгі табиғатын қаймағын бұзбай тұтастай сақтауының басты себебі онда бала ес біле бастаған шағынан оған үлкенді сыйлауды, ізетті, ибалы болуды үйретіп, өз ұлтына тән басқа да қасиеттерді санасына сіңіре береді. Яғни, бала тәрбиесіне үлкен жауапкершілікпен қарап, ұлттық тәлім-тәрбиенің адам бойында қалыптасуына игі ықпал етеді екен.
Ал, біз өз ұлтымыздың қанымен келе жатқан салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарына, мәдениетіне, әдебиетіне, өнеріне немқұрайлы, тіпті менсінбей қарадық. Керісінше, өзге ұлттардың мәдениеті мен әдебиетіне, өнеріне қызығушылық, көрсеқызарлық пайда болды. Соларға еліктедік, солардан үйренуге тырыстық, басқалардікі өзіміздікінен артық көрінді.
Бүгінде біздің сахнамызды, радиотолқындарымызды Батыстың жауыздыққа, әдепсіздікке, ойсыздыққа тәрбиелейтін қоқыр-соқыр
дүниелері жаулап алды. Оның жастар санасына жағымсыз жақтары, ар- ұяттан бездіретін келеңсіз көріністері көп екенін біле тұра, оған мән беріп, көңіл бөлмей келеміз. Ал, бізге керегі әлемдік мәдениеттің озық үлгілері. Оларды игеру үшін алдымен қыздарымыздың әлемдік мәдениеттің адами ізгі қасиеттерін игеруге, озық үлгілерін үйренуге және оның тұнығынан сусындай білуге баулуымыз керек. Сонда ғана ертеңгі күні ана болып, бала тәрбиелейтін олар ұлтымыздың кешегі өткен ата-бабаларымыздан келе жатқан болмысына лайықты ұрпак өсіре алады.
Тегінде, қыздар ер балаларға карағанда сезімтал, демек, еліктегіш келеді. Ал, қазіргі кезде олар еліктейтін дүниелер тым-тым көп. Әсіресе, Батыстан жеткен жабайы «қызықтар мен тамашалар» қаланы да, даланы да жайлап барады. Сол қызықтардың ортасында, соларға ынты- шынтысымен еліктеп, біздің «мәпелеп өсіріп» отырған ұлдарымыз бен қыздарымыз жүр. Бүгінгі қазақ қыздары Батыс салттарына көп еліктейді. Соның салдарынан қазір ешкімнен именбей-ақ темекі тартатын, көшеде жүріп келе жатып сыраны шишаның аузынан да сыңғыта беретін өрімдей жас қыздар көбейіп келеді. Олар киіну үлгісімен де сол батыстықтарға ұқсауға тырысып, көшеде жартылай жалаңаштанып, кіндіктерін көрсетіп жүре береді.
Бүгінгі таңда қызғалдақтай мәпелеп өсіріп отырған қызыңызды:
«Сенің ертеңгі негізгі орның – отбасының айналасы, ошақтың қасы» – деп қана үгіттеуге, әрине, болмайды. Бірақ, көрінгенге көп еліктеп, тым еркін жүріп, бейпіл сөйлеуден түбінде опық жеуі мүмкін екенін (ондайлар қазір аз ба?) ұрпағымызға ұғындыра берсек құба-құп болар еді.
Біз дербес мемлекет ретінде жас ұрпақ әсіресе, қыз балалар тәрбиесінің өткенмен үндестігін, сабақтастығын одан әрі тереңдете түсуіміз керек. Қазақ қызының бойына ұлттық ерекшеліктерді орнықтыру, жүректерінде ұлттық намыс отын маздату ел болудың басты талаптарының бірі. Қыздарымыз елін, жерін сүйетін, ұлтымыздың болашағын ойлайтын азаматша болып өссін десек, бәрінен бұрын ата-бабаларымыздың уақыт тезінен сүрінбей өткен дәстүрлі тәлім-тәрбиесін жаңа заманмен ұштастыра, қайта жаңғыртуымыз керек. Сонда ғана шын мәнісінде өмірдің қызғалдағындай қыз өсіре аламыз.
Грек ойшылы Платонның «Ұл тәрбиелей отырып, жер иесін тәрбиелейміз, қызды тәрбиелей отырып, ұлтты тәрбиелейміз» деген қанатты сөзіне біздің халық қаншалықты лайық болғандығын айқындайды.
Тегіне көз салған ата-бабамыз «жақсы болсын тегі, заты, тұқымы, пәк ұяты болсын жанның тұнығы» деп орта ғасырлық ғұлама Жүсіп Баласағұн айтқандай, қыз бойындағы пәктік, тазалық,
тәрбиелік, ар-ұяттың мөлдірлігі басты қасиет екендігін таразылай- мыз.
«Елден – елді аралап, Тектіден – текті саралап,
Нұсқасын байқап шамалап» – деп, Ақтанберді жырау жырлағандай, немесе,
«Көріп алсаң көріктіні, Таңдап алсаң тектіні Сонда көңіл толмай ма?» –
деп, Абай айтқандай, немесе халықтық түсінікте қалыптасқан
«Тегіне қарап қызын ал, соғуына қарап қару ал», «Көріп алған көріктіден, көрмей алған текті артық», «Шешеге қарап қыз өсер» – деп, мақал сөздердегідей, болашақ жарының тәрбиелі, көргенді болуы қазақ дәстүрінде басты талап болғандығын түсіндіреміз.
«Қыз кезінде бәрі жақсы, жаман әйел қайдан шығады» дегендей, бой жеткеннің ақылдылығы, зерделілігі, парасаттылығы таразыға түсіп отырған. Бұл жөнінде:

Ақылды әйел ізде десең сен егер,


Есті болса,төрт құбылаң теңелер
(Жұсіп Баласағұн);



Әйел алсаң көріп ал ақылдысын, Ол – сенің ақыреттік жақын кісің
(Шал ақын);


«Жасаулы деп, малды деп байдан алма, Кедей қызы арзан деп құмарланба.
Ары бар, ұяты бар, ақылы бар, Ата-ананың қызынан қапыл қалма»
(Абай) –

деп, даналар жырлағандай, бойжеткеннің ақыл-зердесі бағаланып,
«Алған жарың жақсы болса, барлық бақыт бастан кетпес деп түйгендігін зерделейміз .«Өнерсіз қыздан без, өнегесіз ұлдан без» деп, ата-бабамыз тектен тек айтпаса керек. Болашақ ошақ иесінің іскер, еңбексүйгіш, шебер, отбасына ұйытқы бола білуі, ерін күте білу, қонақты қарсы алу, бала тәрбиелеу, туысқа қамқорлық, аналық борышын орындау, іс тігу, тамақ даярлау т.б. қазіргі заманға сай отбасы тіршілігіне бейімділігі – әр бойжеткеннің басты талабы. Қай ата-ананы алсақ та қызының ертең барған жерінде «балдай батып,

судай сіңіп» кетуін, жақсы жар, әдепті келін, аяулы ана болуын армандайды.
Қасиетті ана қызының тәрбиелі жан болып өсуі үшін жасынан-ақ үлкендердің алдынан аттатпай өсіреді. Халқымыз «Келіннің аяғынан, қойшының таяғынан» дегендей, жаңа отаудың береке құтын ағайын-туыс, ауыл арасындағы беделін болашақ ұрпағына дұрыс тәлім тәрбие беруін келіннің жақсы-жаман қасиеттерімен өлшеген.
Абай қыз балалардың жұбайлық өмірге ертерек баулынуы керектігіне ата-аналар назарын аударады. Қыз күнінде сырттай әжептеуір болып жүріп, үй болғанда берекесі кетіп, азып-тозып, салақ әйел атануы жастайынан үй іші тірлігіне ерте бауланбағанынан деп ескертеді. Сондықтан да Абай ата-аналарға қыз бала тәрбиесіндегі халық дәстүрін басшылыққа алуды ұсынған. Соның айғағындай, абзал аналардың аялы алақанында алаңсыз есіріп келе жатқан қыз балаларын өз алдына үй болғанда көптеген шаруалар күтіп тұратынын әр уақытта естен шығармай, сол жұмыстарға баули берген. Сонымен бірге адамгершілік қарым- қатынастың жай-жапсарын бойларына сіңіріп, өз қыздарын жақын жеңгелерімен сырлас болуға баулып, көбінесе сол үлгілі, өнегелі жеңгелерінің іс-әрекетіне еліктете бастаған.
«Келінім саған айтам, қызым сен тыңда» деп, жаңа түскен келінге ақыл айтып, талап қоя жүріп, өз қыздарының да осы шаруадан хабардар болуын естен шығармаған.
Тәлімгер аналар ес біле бастағаннан үй шаруасына жарап қалған қыз балаларына іс тіктіріп, үй күттіріп, барған үйіне жағымды, сыйлы адам болуы үшін үй тіршілігінің еңбек әрекетіне осылайша баулып отырған.
Бізге жеткен тәлім-тәрбие осы бір, қыздар жайлы айтылған арнаулы атаулар-сөздер осы мәселенің даяр оқулығы іспетті. Мысалы: «Қызың өссе, қызы жақсымен ауылдас бол», «Жібекті күте білмеген жүн қылады, қызды күте білмеген күң қылады» т.б. көптеген мақал-мәтелдер халық тәрбиесінің осы қырларын аша түседі
Қандай заманда болсын қыз бала қиын жерде жол тауып, өз намысын қорғайтын, елге пана болатын дәрежеге ақылымен, сабырымен тапқырлығымен, нәзік жүректігімен, ақыл-парасатымен жеткен. «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» деп отбасының, қоғамның тәрбиесі анаға байланысты екеніне ерекше мән берілген.
Ежелгі қазақ тіршілігінде ақылы асқан дана қыздардың, әйелдердің рулы ел басқарғанын, рудың әйел атымен аталуының
мысалдары толып жатыр және мұның өзі сол дәуірде ерекше бір құбылыс емес – қалыпты нәрсе саналуының өзі – халқымыздың қыз балаға деген көзқарасының соншалықты озықтығының бір айғағы.
«Астың дәмін тұз келтірер, елдің сәнін қыз келтірер» деген дана халқымыз қыз баланы сондықтан мәпелеп, аялап өсірген.
Қазақ халқының аңыз, ертегі, дастан жырларында ердің сенімді серігі, анасы, ғашығы, жары, аяулы қарындасы ретінде әйел, қыз бала бейнесі келтірілмеген шығарма табу қиын. Осылардың көпшілігі халық ауыз әдебиетінде аңызға айналған. Кейбірі дала төсінде, желдің өтінде ескерткіштерге айналса, кейбір көркем кейіпкерлер ретінде халық жадында сақталған. Мысалы, ежелгі Оғыз елін басқарған тоғыз батырдың сенімді серіктері бола білген батыр аруларға қойылған тоғыз ескерткіштің жетеуі Қазақстан жерінде болуы, Домалақ ене, Айша бибі, Бабаджа әйел мазарлары арқылы ақын Сара, ақылды Айман, күйші Дина, Нұрғаным, Зере, Айғаным бейнелері – соның дәлелі.
Қазақ жырларындағы ару бейнелері–Құртқа, Қыз Жібек, Баян, Аймандар даналығымен ақыл-парасат биіктігімен, қандай қиын сәттерде ұстамдылығымен, тапқырлығымен танылды. Солардан халқымыздың қыз бала тәрбиесімен жан-жақты айналысқанын көреміз.
Мұндағы:

    1. Ұлттық әдеттер: тазалық сақтау, адамгершілік, мәдени әдет- тер, еңбек әдеттері т.б.

    2. Ұлттық әдет-ғүрыптар: ырымдар, жоралғылар, рәсімдер, салтанаттар т.б.

    3. Ұлттық салт-дәстүрлер: қыз бала тәрбиесіне байланысты салттар мен дәстүрлер.

Көбінесе жұрт әлдебіреудің іс-әрекет, мінез-құлығы көңіліне жақса, «Көргені бар екен!» – деп сүйсініп, ұнатпаса «Көргенсіз екен» – деп күстәналап жатады. Ондай «көргенділік» пен
«көргенсіздіктің» адам бойында қалыптасуы алдымен отбасынан бастау алатыны да белгілі. Ал, біздің халқымыздың ежелден қалыптасып келе жатқан тәрбиелік дәстүрлерінде тәлімі мол үлгілер мен салттар аз емес.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   79




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет