53
ХИЛОН СПАРТАНСКИЙ
(шамамен б.д.д. VI – ғасырдың бірінші
жартысында, б.д.д. 556/5ж.ж.)
— көне грек ойшылы әрі мемлекет
қайраткері, әйгілі жеті данышпанның бірі
атанып, өз заманында адамзат ақыл-ойының
заңғарына көтерілген асқақ тұлға.
Лакедомондық
атақты
Дамагета
әулетінде дүниеге келіп, ерте бастан
мемлекет ісіне араласады. Ұзақ жыл
Спартадағы
жоғарғы
биліктің
бел
ортасында
жүріп,
басқару
жүйесінде
әділдік,
адамгершілік
қағидаларының
қалыптасуына зор ықпал етеді. Евфидем
патшаның тұсында Хилон Спартадағы жоғарғы билік алқасының мүшесі,
яғни эфор болады. Туған ағасы оған сен эфор болдың, мен неге болмаймын
деп ренжігенде Хилон: «Мен қиянатқа төзе білемін» деп жауап беріпті.
Замандастары Хилонның биік парасатына, кісілігіне қылау түсірмеген
бекзаттығына үнемі тәнті болған. Мансаптың бас айналдырар биігінде жүрсе
де, мемлекеттік тәртіп пен ізгілік тізгінін тең ұстаған. Қартайған кезінде
Хилонның өзі де: «Осы өмірімде заңға қайшы келген жерім жоқ» деп
шүкіршілік еткен екен. Тек өзінің бір ғана әрекетіне шүбә келтіріпті. Бір
жолы қылмысты болған бір досын өзі заң бойынша жазаға тартыпты да
артынша екінші бір жолдасына жалынып, оны ақтаттырып жіберіпті. Сөйтіп
ол заңның да ала жібін аттамаған, достыққа да адалдығын сақтап қалған.
Философиялық шығармалары:
Хилонның сан қырлы дарын иесі болғаны тарихи деректерден мәлім.
Диоген Лаэрцийдің мәліметіне жүгінсек, оның өз заманында әйгілі ақын
болғанын көреміз. Түрлі тақырыпта көптеген өлең жазған. Екі жүз жолдан
астам элегиялық жыры сақталып кейінгі ұрпаққа жеткен.
Ал атақты Геродот оның аруақ қонған көріпкелділік қасиетін мысалға
келтіреді. Көне грек жеріндегі діни наным бойынша Гиппократ Олимпия
тауына апарып құрбан шалғанда, оның қазаны өз-өзінен қайнап кетіпті. Соны
көрген Хилон Гиппократқа «үйленбе, үйленген болсаң, әйеліңді таста,
балаларыңнан бас тарт» деп кеңес беріпті. Бұл жерде данышпан Хилон тарих
Писистрат сияқты жауызға толғатып жатқанын күні бұрын болжап білген
болса керек. Айтқанындай, Гиппократтың кіндігінен жаралған Писистраттың
кейін патша болып, Афинаға шексіз үстемдік жүргізгені, грек
демократиясының атасы атанған кемеңгер Солонның өзін қуғынға
ұшыратып, ізгілік мұраттарын аяусыз таптағаны тарихтан мәлім.
Сондай-ақ тағы бір мысал ретінде оның Кифер аралы туралы айтқан
сәуегейлігін атауға болады. Лакедондықтардың иелігіндегі Кифер аралын
көргенде Хилон: «Бұл аралдың болғанынан болмағаны жақсы еді, су астына
54
батып неге кетпейді!» деп басын шайқап күңіреніп қоя беріпті. Айтқаны
айдай келіп, күндердің күнінде Кифер аралы Грекияның сорына айналады.
Қуғында жүрген Спарта патшасы Демарат парсылар гректерге қарсы соғыс
ашқан кезде Ксеркспен ымыраласып, оған әскерді Кифер аралына түсіруге
кеңес береді. Парсы патшасы бұл ақылды тыңдағанда, Грекия жау табанында
тапталары сөзсіз еді. Кейін Афинаның билеушісі Никий Пелопоннес соғысы
кезінде Кифер аралын тартып алып, ұзақ уақыт онда өз бақылауын орнатып
лакедомандықтарға қатты қысымшылық жасайды.
Гермиптің айтуынша, Хилон әбден жасы жетіп, қартайған шағында
қайтыс болған. Писа қаласында жұдырықтасу сайысынан олимпия
жеңімпазы атанған ұлын құттықтап тұрып, қартайған әлсіз жүрек зор
қуанышқа шыдай алмай, көз жұмыпты. Олимпия салтанатына жиналған қара-
құрым халық данышпанды құрметпен ең соңғы сапарға шығарып салады.
Осы оқиғаға атақты Диоген Лаэрций мынадай өлең жолдарын арнаған:
Баһадүрлік бұл сайыста Хилон ұлы жеңіпті,
Соны көріп бақытты әке қуаныштан өліпті.
Қайғы жұтып өкінудің бар ма бұған керегі?
Тағдыр мұндай өлім берсе, арманым жоқ дер едім!
Хилонның қабіріндегі құлыптасқа былай деп қашалып жазылыпты:
Көк найзалы Спарта ұл өсірді қайырлы,
Даналардың данасы боп даңқы әлемге жайылды.
Философиялық афоризмдері:
Хилоннан не нәрсе қиын деп сұрағанда: «Құпияны ішіңе сақтау қиын;
бос уақытты орнымен жұмсау қиын; қиянатқа төзу қиын» деп жауап
беріпті.
Өзіңді-өзің таны, сонда Құдайды да, Дүниені де танып-білу оңай.
Тіліңмен ақылдың алдын орама.
Ашуыңды ауыздықтай біл.
Басқаның қасіретіне күлме.
Досыңның бар қасына,
Іс түскенде басына.
Некеңді қи, даңғаза той жасама,
Одан сенің берік болмас босағаң.
Аруаққа ғайбат айтпа.
Әлің келмеске әлектенбе.
Уақытты бағалай біл.
Жол үстінде асықпа.
Кәрінің ал батасын,
Сен де кәрі боласың.
Көп сөйлеп қадіріңді қашырма,
Әсіресе дастарқанның басында.
Айбат шегіп, бос даурықпа, жалынам,
Келеді ондай қатынның да қолынан.
Жақыныңды жамандама, өзің болып тым адал,
Ол да сенің қоқысыңды тіміскілеп шығарар.
55
Заңға мойын ұсын.
Өзіңді-өзің сақта.
Қолын сермеп сөйлейді екен кей кісі,
Бұл – әдепсіз есерліктің белгісі.
Әуелі өз үйіңе дұрыс билік құрып үйрен.
Өзі күшті адам өзгеге қайырымды болады.
Жұрт сенен қорықпасын, қадір тұтып сыйласын.
Арам пайдадан адал шығын артық:
Ондай шығыннан бір-ақ рет өкінерсің;
Ал арам пайдадан қадіріңді біржолата кетірерсің.
Әдебиет:
1. Диоген Лаэртский. О жизни, учениях и изречениях знаменитых
философов. /Пер. М.Л.Гаспарова; Ред.тома и авт. вступ. ст.
А.Ф.Лосев; АН СССР, Ин-т философии. — 2-е изд., испр. «Мысль»,
— Москва: 1986. С.75-77.
2. Сәукетаев Т. Көне дүние кемеңгерлері/ Хилон. «Аударма» —,Астана:
2007. 118-119 беттер
56
АНАХАРСИС СКИФСКИЙ
( б.д.д. VI-ғасыр, шамамен 605 – 545 ж.ж.)
— ақын, көне скифтер арасынан шыққан
грек ойшылы, ақыл-парасатымен дүниеге
даңқы шыққан данышпан.
Орталық Азия мен қазіргі Қазақ Елін
мекендеген скифтердің шығыстан батысқа
қоныс аударуы нәтижесінде Қара теңіздің
солтүстік өңіріндегі скифтер мемлекеті
пайда болды. Ал Қара теңіз жағалауы
скифтері өз замандастары гректермен тығыз
қарым-қатынас жасаған. Бұл аймақтағы
тарихи байланыстар жөнінде бірсыпыра
анық мәлімет беретін «Тарихта» Геродот
Скиф даласынан шыққан ғұлама Анахарсис туралы маңызды дерек
қалдырған. Анахарсис Скиф жерінен Эллада еліне біздің заманымызға дейін
594 жылы келеді. Оның шыққан тегі туралы алғашқы деректі Геродот
былайша береді: «Ариапифаның сенімді кісісі, тыңшысы Тимнен естуім
бойынша, Анахарсис әке жағынан Скиф патшасы Идантирстің ағасы болып
келеді. Спаргапифтен Лик, Ликтен Гнур, одан Анахарсис туған».
Анахарсистің басты мақсаты – Эллада еліне барып, мемлекет ісін, философия
ғылымын игеру еді.
Анахарсис өз Отанында тамаша тәрбие алып, ана тілін жетік
меңгергендігімен қатар грек тілін де жақсы білген. Ол өзінің скиф және
эллин халықтарының өмір-тіршілігі, салт-санасы, әдет-ғұрпы, кәсібі туралы
800-ден астам еңбектері бар. Анахарсис Солон арқылы афиналықтардың
салт-дәстүрімен, заңымен, мемлекет құрылысымен тереңірек танысады.
Скиф данасы көне грек ойшылдарын, грек мәдениеті мен өнерін біліп қана
қоймай, оларға сын көзбен қараған. Оның көзқарастарынан далалықтардың
дәстүрлі дүниетанымы байқалады. Анахарсистің даналық сөздерінің болмыс
бітімі қазақтың белгілі шешен-билерінің сөздерімен қабысып жатыр. Эллин
жерінде жүрсе де, тұрмыста скифтерше өмір сүреді.
Плутархтың
«Жеті данышпанның сауығы» деген әңгімесінен
Анахарсистің эллиндер елінде өзінің ақылымен, адамгершілігімен, терең
білімімен үлкен құрметке ие болғаны байқалады. Геродоттың баяндауына
қарағанда, Анахарсис Эллада елінде оқып, білім алып, мемлекет ісіне
үйреніп, еліне қайтады. Анахарсис туған Отанында оны көре
алмаушылардың қолынан қаза табады. Геродот Анахарсистің қайғылы
өлімінің себебін скифтердің әдет-ғұрпымен байланыстырады. Афины
билеушісі, Атақты реформатор Солонның төмендегі жалынды сөздері ұлы
скиф данышпаны Анахарсиске арналады: «Афиналықтар, мен сендер үшін
әділетті заң жасадым, оны өздерің үшін де, мемлекет үшін де өте пайдалы
деп есептеймін. Ал мына жателдік азамат ... скиф бола тұра ақылға бай, дана.
57
Ол менің көзімді ашты, ойымды байытты, көптеген пікірлерімді басқаша
байыптауға көмектесті, толып жатқан кеңес беріп, білім мен пайдалы іске
үйретті. Сондықтан да бұл азаматты ел үшін де, мемлекет үшін де құтты деп
санап, оның мүсінін мыстан құйып, ең бір құрметті жерге қалаулыларының
мүсіндерімен қатар қойыңдар!».
Анахарсис – озық ақылымен өз ортасына өгей болған қасіретті тұлға.
Оның қабірінің басындағы құлыптасқа «тіліңді, нәпсіңді, құлқыңды тый!»
деп жазылған.
Философиялық афоризмдері:
Бұл Элладада сайысқа нағыз майталмандар қатысып, ал оларға май
басып шайқалғандар төрелік ететіні ғажап екен!.
Маскүнем болмау үшін не істеу керек деп сұрағанда: «Маскүнемнің
жиіркенішті бейнесі көз алдында тұрсын!» деп жауап беріпті.
Элладалықтардың қатыгездікке қарсы заң шығарып, ал сайыскерлерді
бірін-бірі қан қылғаны үшін марапаттайтыны қызық!.
Элладалықтардың тойдың басында шарапты кішкентай тостағанмен
ішіп, лықа тойып алған соң үлкен ыдыспен сіміретініне қайранмын!.
Кеме тақтайының қалыңдығы төрт елі екенін біліп ол: «кемедегілер
ажалдан төрт елі жерде жүр» депті.
Тірі көп пе, өлі көп пе деп сұрағанда: «Кемеде жүргендерді қайсысына
жатқызамыз?» деп сауал қойыпты.
Қандай кеме қауіпсіз деп сұрағанда: «Жағада тұрған кеме» деп жауап
беріпті.
«Көргенімнің ішіндегі ең ғажабы – элладалықтардың түтінді тауға
қалдырып, отынды қалаға алып кететіні!» депті (көмір туралы).
Элладалықтар сыбызғы тарту үшін әуелі шарап ішіп мас боп алады
екен. Біреу скифтерде сыбызғы бар ма деп сұрағанда: «сыбызғы түгілі
жүзім де жоқ!» депті.
Афиндік біреу оны скиф деп кемсіткенде: «мен Отаным үшін ұяламын,
ал сен үшін Отаның ұялады!» депті.
Базар – бірін-бірі алдап, тонау үшін әдейі жасалынған жер.
Әдебиет:
1. Диоген Лаэртский. О жизни, учениях и изречениях знаменитых
философов/ Пер. М.Л.Гаспарова; Ред.тома и авт. вступ. ст.
А.Ф.Лосев; АН СССР, Ин-т философии. — 2-е изд., испр. «Мысль»,
— Москва: 1986. стр. 75-77.
2. Сәукетаев Т. Көне дүние кемеңгерлері/ Анахарсис. «Аударма», —
Астана: 2007. 16-18 беттер
58
АНАКСИМАНДР МИЛЕТСКИЙ
(б.д.д.610 – 547/540ж.ж.)
— көнегрек философы, Милеттегі
натурфилософия
мектебінің
өкілі,
Фалестің шәкірті. Проза түрінде жазылған
алғашқы грек ғылыми шығармаларының
авторы.
Философиялық шығармалары:
«Табиғат туралы», б.д.д.547ж., «Жер
картасы», «Глобус» және т.б.
«Заң»
терминін
алғаш
рет
қолданған ойшыл, табиғат және қоршаған
ортаға деген қоғамдық тәжірибие ұғымын
ұсынды. Алғашқы бастама, дүниенің негізі
– топырақ («апейрон») мәңгі өлшеусіз, шексіз субстанция, барлығы одан
пайда болады, оған айналады.
Философиялық көзқарастары:
Оның пікірінше дүние негізі су, немесе басқа бір зат емес, белгісіз,
байыпталмайтын бастама – апейрон. Дүние пайда болып, жойылып жатады.
Мәңгі өзгермейтін, жойылмайтын тек апейрон. Анаксимандр әлемнің түрлері
көп болатынын болжамдады. Оның апейрон туралы пікірі қазіргі материяны
философиялық тұрғыдан пайымдауға жақын келеді.
Анаксимандр Фалестің шәкірті ретінде ілімін одан әрі қарай
жалғастырды. Симпликийдің айтуынша, Анаксимандрдың апейроны
генетикалық бастама ретінде де, түпнегіз ретінде де таусылмайтын шексіз
және төрт дүлей күштің (Жер, Су, Ауа және От) бір-бірімен араласып, ауысу
процесінің негізі. Бірақ апейрон кеңістікте шексіз емес, сол төрт дүлей
күштің негізі ретінде шексіз, көмескі және мәңгі. Ол ешуақытта
қартаймайды, өлмейді және жойылмайды. Ол мәңгі белсенділіктежәне
қозғалыста болады. Ол өзінің осы қасиетінің арқасында өзінен қарама-қарсы
құбылыстар – ылғал мен құрғақтық, салқындық пен жылылық шығарады.
Олар екі-екіден қосылып, Жер (құрғақтық пен салқындық), Су (ылғалдық пен
салқындық), Ауа (ылғалдық пен жылылық), От (құрғақтық пен жылылық)
түзейді. Осы төртеуі арақатынасқа түсіп, олардың ортасында ең ауыр Жер
орналасады да, қалғандары оны Сумен, Ауамен, Жарықпен (От) қоршайды.
Аспан Отының әсерімен судың біраз бөлігі буланады да, мұхиттардан Жер
көріне бастайды, сөйтіп, құрлықтар пайда болады. Демек, апейрон
Космостың генетикалық бастамасы ретінде ондағы денелерді дүниеге
әкеледі. Аспан әлемі соғыс арбасы дөңгелегінің шеңбері сияқты үш
сақинадан (шығыршық) тұрады. Бұл сақиналар көзге көрінбейді. Төменгі
сақинаның көптеген тесіктері бар, сол тесіктер арқылы Аспандағы Оттар
көрініп тұрады. Ортадағы сақинада бір ғана тесік бар, ол – Ай. Жоғары
сақинада да бір тесік бар, ол – Күн. Тесіктер толық немесе аздап бітелулері
59
мүмкін, онда Күн мен Ай тұтылады. Сақиналар Жерді айналып жүреді,
олармен қоса тесіктер де қозғалыста болады. Анаксимандр осылай
жұлдыздардың, Күннің, Айдың қозғалыстарын түсіндіреді.
Анаксимандр ілімінше, тіршілік теңіз бен құрлықтың шекарасы
Айда, аспан отының әсерімен пайда болды. Алғашқы тірі жәндіктер теңізде
өмір сүреді, кейін олардың кейбіреулері өздерінің қабыршықтарын тастап,
құрлыққа шығып, тіршілік етті, сөйтіп, жануарлар пайда болды. Ал адам
теңіз жануарларының бір түрінің ішінде өсіп, өрбіп, ер жеткеннен кейін
құрлыққа шығып өмір сүреді.
Анаксимандр ілімінің аңғалдығына қарамастан, онда табиғаттың
даму заңдылықтарын табиғаттың өз логикасымен түсіндіру табиғаттану
диалектикасының алғашқы қадамдары болды.
Философиялық афоризмдері:
Бөлшек өзгереді. Бүтін өзгеріссіз қалады.
Несі бар, балалар үшін әнді жақсы айтып үйренуге тура келеді.
Әдебиет:
1. Лебедев А.В. Геометрический стиль и космология Анаксимандра //
Культура и искусство античного мира. Материалы научной
конференции, 1979. — Москва: 1980. — С. 104—113.
2. Алтай Ж., Қасабек А., Мұхамбетәлі К. Философия тарихы/ Антикалық
философия, «Раритет», — Алматы: 2006. 20-21 беттер.
3. Асмус В. Ф. Античная философия. ВШ,— Москва: 1998, с. 11.
4. Житомирский С.В. Античная астрономия и орфизм. «Янус-К», —
Москва: 2001.
5. Идлис Г.М. Революции в астрономии, физике и космологии. «Наука»,—
Москва: 1985.
6. Сәукетаев Т. Көне дүние кемеңгерлері/ Анаксимандр. «Аударма», —
Астана: 2007. 15-16 беттер
7. Лосев А. Ф. История античной эстетики, Ранняя классика,
«Ладомир», —Москва: 1994. — с. 312—317.
8. Чайковский Ю.В. Доплатонова астрономия и Коперник// Историко-
астрономические исследования, вып. XXX. «Наука», — Москва: 2005.
— с. 159—200.
60
АНАКСИМЕН
(б.д.д. 585/560 – 525/502 ж.ж.)
—
көнегрек
философы,
Милеттегі натурфилософия мектебінің
өкілі, сақ-скиф арасынан шыққан,
Гнур патшаның баласы, Савлия және
Кадуит патшаларының ағасы болып
келеді.
Анахарсистің
шәкірті.
Анаксимандр
ілімін
ары
қарай
жалғастырушы. Алғашқы бастама –
ауа деп білген.
Философиялық көзқарастары:
Ауа – шексіз (апейрон). Сөйтіп,
оның апейроны түпнегізден Ауаның
қасиетіне
айналды.
Ауа
үнемі
қозғалыста болады да, бірде қоюланып, бірде сұйылып, алуан түрлі заттар
мен құбылыстарды түзеді. Ауа сұйылғанда алдымен Отқа, содан кейін
эфирге айналса, қоюланғанда – желге, бұлтқа, Суға, Жерге және тасқа
айналады. Ауаның сұйылуы жылылыққа байланысты да, қоюлануы салқынға
байланысты.
Оның ілімінше, Жер және басқа аспан денелері Ауада қалқып жүреді.
Жер қозғалмайды, ал басқа денелер Ауаның әсерінен ылғи да қозғалыста
болады. Күн де – Жер, бірақ өзінің жылдам қозғалуының себебінен ыстық
шоққа айналған.
Ауа тек қана денелердің бастамасы емес, сонымен бірге жанның да
бастамасы. Ал жан болса, ол – бізді біріктіретін бастама. Анаксимен
құдайларды да Ауадан пайда болды деген пікір айтады. Басқаша айтқанда,
құдайлар Ауаны жаратқан жоқ, керісінше, Ауа құдайларды жаратты. Олай
болса, құдайлар материалдық түпнегіздің модификациясы ғана.
Қорыта айтқанда, Милет мектебінің өкілдері Фалес, Анаксимандр,
Анаксимен барлық заттардың, денелердің генетикалық бастамасын,
түпнегізін құдайлардың құдіретінен іздемейді, олардың өзіндік ішкі
мазмұнынан іздейді. Генетикалық бастаманың, түпнегіздің табиғаты, бір
жағынан, зат тәріздес болса, екінші жағынан, ақыл-ойдан да қашық емес,
сондықтан ол құдайлармен пара-пар құбылыс.
Әдебиет:
1. Асмус В. Ф. Античная философия. «ВШ»,— Москва: 1998. 11—12.
2. Алтай Ж., Қасабек А., Мұхамбетәлі К. Философия тарихы/ Антикалық
философия, «Раритет», —Алматы: 2006. 22-бет.
3. Фрагменты ранних греческих философов, т. 1. «Наука»,—Москва:
1989. 129—135.
61
ГЕРАКЛИТ ЭФЕССКИЙ
(б.д.д.544 – 483 ж.ж.)
— көнегрек сократқа дейінгі
кезеңдегі философ, Милет мектебінде
қалыптасқан философиялық дәстүрді
ілгері дамытушы, Эфес қаласынан
шыққан саяси қайраткер, ғұлама
ойшыл.
Оны ілімдегі терең ойлары үшін
«Тұңғиық» (немесе «Күңгірт») деп
атаған. Алғаш рет диалектиканың
тарихи немесе алғашқы бастамалық
формасының негізін қалаушы. Диоген
Лаэрцийдың айтуынша, Гераклит өзі
әйгілі патшалар тұқымынан болса да
(Эфес қаласының іргетасын қалаған
әйгілі Андрокльдің тікелей ұрпағы), отандастарына заң жазып беруден бас
тартқан. Мемлекеттік істерден барған сайын қол үзе берген ол, өзіне тиіс
тақты інісіне ұсынып, бос уақытында балалармен асық ойнауды ұнатқан.
Ақыры, бүкіл адамзат атаулыдан безініп, биік тауларға шығып, тауда өсетін
өсімдіктерді қорек етіп, жалғыз өмір кешкен. Міне, осындай қиын өмірді
таңдап, Гераклит алпыс жасында шемен (жалпақ тілмен айтқанда, сары су)
ауруынан қайтыс болады.
Философиялық шығармалары:
«Табиғат туралы» деп келетін шығармасы бар (бұл еңбектің тек 130-дай
фрагменттері сақталып, бізге жетті). Шығарма «Барлығы туралы»,
«Мемлекет туралы», «Құдайлар туралы» деп келетін үш бөлімнен тұрады.
Аңыз бойынша, Гераклит оны Эфес қаласының қорғаушысы Артемида
ана-құдайының храмына сыйлаған. Бұл шығарма кейін көшіріп алудың
арқасында бүкіл Элладаға кеңінен тарайды. Афинада оны Еврипид Сократқа
оқытқан деген дерек бар. Гераклиттің көрегендігі жұртты таң қалдырған.
Оны алмастай өткір сөздері жұмбаққа және терең ойларға толы.
Философиялық көзқарастары:
Гераклит заттардың түпнегіздік-генетикалық бастамасын От деп
есептеген. От мәңгі және Құдай тектес. Әлемді Құдай да, адам да жаратқан
жоқ, ол өз заңдылығымен бірде лапылдап жанып, бірде сөніп тұратын, әр
уақытта болған, бар және болатын тірі От. Оттан Ғарыштың пайда болуын
Гераклит Оттың жетіспеушілігінен болатын төмен қарай жол десе, Оттың
молдығынан Ғарыштың кері Отқа айналуын, өзінің түпнегізіне қайтіп келуін
жоғары қарай жоқ деп атаған. Сөйтіп, төмен-жоғары қарай мәңгі
қозғалыстың нәтижесінде жалқыдан барлық заттар, керісінше, заттардан
жалқы жаратылады. Әлемнің өзгеру тәртібі мен өлшемі, оның обьективті
заңы – логосқа байланысты. Логостың өзі От сияқты. Бірақ сезім үшін – От
62
сияқты болып көрінсе, ақыл-ой үшін, ол – Логос, обьективті заңдылық. Логос
тек қана Ғарышқа ғана тән заңдылық емес, ол адам жанына да тән. Адамның
жанына тән Логос ылғалдың булануынан пайда болады, ал керісінше, жан
өлгенде, ол суға айналады. Жан тек ылғалды ғана емес, сонымен бірге құрғақ
та болуы мүмкін. Сонымен, жан қарама-қарсы екі құбылысты – ылғалды
және құрғақ жаннан тұрады. Ылғалдық жаман жандарға тән. Мысалы,
ылғалды жан маскүнемдерге, ауруларға, күнделікті ләззат іздеген адамдарда
кездеседі. Ал құрғақ жан данышпан, ақылды адамдарда кездеседі. Жанның
құрғақтығы – оның логосы. Мұндай логос Ғарышты билейтін обьективтік
логос сияқты шексіз, терең келеді. Сондықтан жанның шегіне жетемін деп
талпынсақ, жан логостың тереңдігі соншама – оған жете алмайсың.
Қарама-қарсы құбылыстар тек жан логикасына ғана тән емес, ол
жалпы ғарыштық құбылыс. Мысалы, теңіз суы балықтар үшін таза болса,
адамдар үшін – арам, сондықтан балықтар ол сумен қоректеніп өмір сүрсе,
адам оны ішсе, ауруға шалдығады. Сол сияқты, ең әдемі деген маймыл
адаммен салыстырғанда ұсқынсыз болып келеді. Гераклиттің салқын
жылынады, ыстық салқындайды немесе денсаулықтың қадірін ауырғанда
білерсің деген пікірлері, жоғарыда көрсетілгендей, заттардың қарама-
қарсылықта және үздіксіз өзгерісте болып тұратындығын көрсетеді. Осыдан
келіп, ол барлық денелер өзен сияқты ағып жатады, ал бір өзенге екі рет
түсуге болмайды деген қорытынды жасайды.
Гераклиттің пікірінше, қарама-қайшылықтар тепе-тең жағдайда
болады, бірақ ол тепе-теңдік қарама-қарсылықтардың күресі арқылы
бұзылады да, дүниеге жаңа заттардың пайда болуына мүмкіндік туады.
Қарама-қарсылықтардың күресі – әлемде өзгерістердің болуының негізгі
заңдылығы. Күрес – жалпыға бірдей, барлығы күрестің және қажеттіліктің
арқасында пайда болады.
Осындай қарама-қарсылықтардың күресін Гераклит үндестік ретінде
қарастырады. Бірақ мұндай үндестік көрінбейді, айқын емес, онысымен де ол
өте күшті және әлемдегі барлық денелерге тән. Осындай үндестікте
жамандық, ұсқынсыздық сияқты келеңсіз құбылыстар тұрақсыз келеді де,
жақсылық, көркемдік сияқты абсолютті құбылыстармен араласып, жойылып
кетеді. Бірақ бұларды көру мүмкін емес, оларды көру тек құдайларға тән.
Сондықтан да адамдардың мынау әділеттілік, мынау әділетсіздік, мынау
жаман, мынау жақсы дейтіндерінің бәрі құдай үшін әділетті, жақсы, көркем.
Осыдан келіп, Гераклит адамдар логоспен күнде кездесіп жатса да,
оны танып біле алмайды деген қорытындыға келеді. Оның себептері әртүрлі.
Бір жағынан, табиғаттың өзі сырын көп аша бермейді, екіншіден,
адамдардың көпшілігі әбден тойынған, сондықтан олар табиғат сырын
түсінуге талпынбайды. Оған қоса, осы көпшіліктің талап-мүддесін
қорғаштаған халық ақындары да, ұстаздар да (Гомер, Гесиод, т.б.) табиғат
сырын түсінуге мүмкіндік бермейді, себебі олардың жырлары, ілімдері
логосты түсінуге бағытталмаған. Үшіншіден, көп білгендік те логосты
түсінетіндей ақылға ақыл қоспайды. Данышпандықтың белгісі – дүниенің
63
бірлігін мойындап, логосты танып-білуге кедергі құбылыстардан өзін алшақ
ұстап, сол дүниенің даму заңдылықтарына бағынуы.
Гераклит адамдар табиғатынан бір-бірімен тең десе де, шын мәнінде
олардың тең еместігін мойындайды. Олардың теңсіздігі – талғам-
мүдделерінің әртүрлілігінің салдары. Көп адамдар логос заңымен өмір
сүрмейді, өз түсінігімен өмір сүреді. Ондай адамдар өз ынтызарлығының
билігінде болады. Бірақ олар бір нәрсені түсінбейді. Мысалы, олардың
барлық тілектері орындалса да, жағдайлары соншалықты жақсармас еді.
Жалпы, адам мемлекеттік құрылымның да, табиғаттың да негізін қалайтын
логос заңына мойынұсыну арқасында өз заңын тыныштыққа бөлеп,
айқындайды, сөйтіп, бақытқа кенеледі.
Гераклиттің ілімі ежелгі грек, әсіресе стоиктер философиясына үлкен
әсер етті, солардың арқасында бүкіл Батысқа тарады. Гегель, Лассаль, Ницше
сияқты ғұламалардың еңбектерінде Гераклиттің көптеген идеялары одан әрі
дамытылып, жалғастырылды. Гераклиттің іліміне марксистер де көп көңіл
бөлді.
Философиялық афоризмдері:
Саулықтың қадірін ауырғанда білетініміз сияқты, жақсылықты
жамандық арқылы да, дем алуды шаршау арқылы білеміз.
Халық заңды өзінің тірегі, өзін күзететін қабырға – дуал ретінде
қорғауға тиіс.
Өзара әңгімені әркім одан көп пайда көріп, көп білім алатындай етіп
жүргізу керек.
Шындық суайттар мен жалған куәгерлерді мұрттай ұшырады.
Өзара әңгімені әркім одан көп пайда көріп, көп білім алатындай етіп
жүргізу керек.
Даналық, әдемілік, тағы басқа тұрғыдан алғанда ең данышпан адамның
өзі құдаймен салыстырғанда маймылдай-ақ боп көрінеді.
Өркөкіректіктің алауын өрттен бұрын өшір.
Дананың ойы – баланың ойыны.
Оттың өлгені – ауаның туғаны, ауаның өлгені – судың туғаны. Жердің
өлгенінен су, судың өлгенінен – ауа, ауаның өлгенінен от пайда болады
және керісінше.
Мен ешкімнен дәріс алған емеспін, өзімді өзім зерттедім, өзімнен өзім
үйрендім.
Ашуды ауыздықтау қиын: ырқына көнгенің – ажалыңнан бұрын
өлгенің.
Көруге, естуге, дәмін татуға болатын нәрсені мәнді деп есептеймін.
Даналықтың жалғыз-ақ мәні – барлық жерде бәрі мойындайтын дәйекті
ойды танып-білу.
Даналық, әдемілік, тағы басқа тұрғыдан алғанда ең данышпан адамның
өзі құдаймен салыстырғанда маймылдай-ақ боп көрінеді.
Қалай қақсап, бұл жұртқа қайтып ұрсам –
Анық сөзді ұқпайды айтып тұрсаң!.
Өзіміз тірі кезде, жанымыз – өлі, өзіміз өлгенде жанымыз тіріледі.
64
Көп нәрсенің сырына жетіктер ғана философиямен айналыссын.
Дана Биант бір қалыптан аспаған,
Сөзі асыл болсадағы басқадан.
Күллі нәрсенің, бар болмыстың әкесі – соғыс.
Эллиндіктердің бәрінен ақылды боп саналатын Гомер сияқты, жұрт
көріп тұрғанын тани алмай шатасады. Гомерді бит сығып отырған
балалар: ұстағанымызды жерге тастап жатырмыз, ұстамағанымыз өз
үстімізде қалды деп алдаған ғой!.
Даналықтың жалғыз-ақ мәні – барлық жерде бәрі мойындайтын дәйекті
ойды танып-білу.
Соқырдан көру деген немене деп сұрасаң, соқырлық деп жауап берер
еді.
Тыңдап отырып ұқпайтындар саңырау тақылеттес, оларды қасыңда
отырса да жоқ деп есептеуге болады.
Ой-сана – адамзаттың ұлы жетістігі, даналықтың мәні – ақиқатты айту
һәм табиғаттың үніне құлақ түріп, соған сәйкес әрекет ету.
Өзгергені – өлгені ...... .
Өзін-өзі танып-білу, ойлау, адам атаулының бәріне тән қасиет.
Маңызды мәселеде шалағай тұжырым жасама.
Нәпсіні тыю – ашуды жеңуден де қиын.
Достарыңызбен бөлісу: |