Қосымша (жанама) тыныс шуылдары.
Бұларға сықыр, сырылдар, плевра үйкеліс шуылдары жатады. Сырылдар құрғақ жене ылғалды болып бөлінеді. Құрғақ сырылдар бронх ішінде пайда болады, ол тұтқыр секреттен немесе кілегей қабатының қабыну үдерісінің нәтижесінде бөртіп іскендіктен бронхтың ішкі мөлшері тарьлғанда шығады. Ауа бронхтың тарылған жерінен өткенде пайда болады. Құрғақ сырылдар сипат жағынан пайда болған ірі немесе ұсақ бронхтармен байланысты әр түрлі болуы мүмкін.
Ұсақ бронх ішінде туатын сырылдар ысқырыққа ұқсайды, жоғары болады. Ал ірі бронхтарда ызыңдаған төмен тембрлі сырылдар пайда болады. Сырылдар тыныс алу үдерісінің екі фазасында да естіледі.
Тыныс демікпесі кезінде бронхтардың тегіс бұлшық еттері жиырылады, оның іштерінде тұтқыр секрет жиналады, бұл жағдайда құрғақ сырылдар, әсіресе дем шығару фазасында жақсы естіледі, ол кей кезде науқас адамнан қашық тұрғанның өзінде де естіліп тұрады. Құрғақ сырылдарды анықтау бронхит ауруын зерттегенде өте маңызды. Бұл ауру кезінде құрғақ сырылдар бүкіл өкпе үстінен естіледі. Тембрі және биіктігі жағынан әр түрлі болуы мүмкін. Ол ауру үдерісінің фазасымен және бронхтардың жағдайымен тікелей байланысты болады. Ылғалды сырылдар кеңірдек, бронхтар ішінде пайда болады, егерде олардың ішінде сұйық секрет болса. Сұйық секреті бар кеңірдек, бронхтар, өкпе қуыстары арқылы өтіп жатқан ауада көпіршіктер туғызады, олар жарылғанда ылғалды сырыл деп аталатын дыбысты жағдайлар пайда болады.
Көпіршіктердің жарылу мөлшеріне байланысты ылғалды сырылдар: ірі көпіршікті, орта көпіршікті, ұсақ көпіршікті болып бөлінеді. Ол бронхтардың диаметріне тікелей байланысты болады.
Достарыңызбен бөлісу: |