Абайдың қарасөздері-жасампаздықтың мол мұрасы
Мынау тұрған Абайдың суреті ме?
Өлең сөздің ұқсаған құдіретіне.
Ақыл, қайрат, білімді тең ұстаған,
Өр Абайдың төтеген кім бетіне.
Ж.Жабаев
Гуманистік психологияның көрнекті өкілдерінің бірі Абрахам Маслоу:
-креативтілік пен өзін-өзі танытудың арақатынасын зерттеуде креативтілік тұлғаның жетістігін емес, ол тұлғаның өзін сипаттайды,- деген.
Жалпы Р.Холлменн былай деді: «Креативтілік жаңа тәсілмен жүзеге асырылған қабылдау ағыны», Лассуэль: «жаңалықтар ашуға және оларды білуге қабілеті», Тейлор: «жаңа ұғымға тәжірибені көшіру». Роджерс: «Адам бойындағы креативтілік тек қиялмен ғана емес,адамгершілікпен де өлшенеді»
Көптеген зерттеушілер креативтіліктің анықтамасында тұлғаның ерекшелігіне немесе қасиетіне басты назар аударады. Иә, креативтілік ұғымы әлемде кеңінен таралған. Әлемдік деңгейдегі шетел философтары креативтілік ұғымының майын ішіп, жілігін шағып зерттеген. Шетел философтарының еңбектерін оқи отырып, ана тілімізде жазылған қазақ ойшылдарының еңбектерінен креативтілікті іздедім. Қазақтың бас ақыны Абай Құнанбаевтың шығармалары креативтіліктің нағыз ұлттық нұсқасы екеніне көз жеткіздім. Абай айтқан «толық» адам болу деген тұжырымы дәл қазіргі тілмен айтар болсақ «креативті тұлға» Философиялық ойларға тұнып тұрған Абай қара сөздерінің креативті жақтарын алып қарастырайық:
Қара сөздерді алғаш жазуға отырғанда,ақын: «....ойыма келген нәрселерді жаза берейін...., кімде-кім ішінен керекті сөз тапса жазып алсын, я оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі, дедім де,ақыры осыған байладым»,- деп қаншалықты қарапайымдық білдірсе де бұл жазбалар ғылыми танымдық және әдеби-көркемдік мәні өте зор, ақынның жалпы ақыл – ой өрісін, дүниеге көзқарасын танытуда баға жетпес мағлұмат беретін аса құнды қазына болып табылады. [3,4б]
Абайдың он жетінші сөзі қайрат, ақыл, жүрекке арналады. Осы үшеуі ғылымға келіп,әрқайсысы адамға керек екенін дәлелдеуге тырысады. Сонымен қатар, өздерін бірінші орынға қоюды сұрап, ғылымға төрелікке жүгінеді. Ғылым үшеуінің де жақсы да, жаман да қасиеттерін дәлме-дәл айта отырып, әділ төрелік жасайды. Ғылым үшеуінің кемшіл тұсы- алалығы екенін айта отырып, билікті жүрекке беруге мақұлдасады.
Абайтанушы Мекемтас «Абайға күрескер болмады деген кінә қою жөнсіз. Ол заманда қылыш асынып жауға шабудың кезі өтіп кеткен болатын. Сондықтан, Абай идеялық күрес жүргізді, халқын жаңа жолға қарай бастады»дейді. Абайтанудың білгірі айтқан бұл сөз қазіргі «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен тікелей үндесіп жатыр. Елбасы Н.Назарбаев та «Көненің көзіндей болып жеткен осындай асыл қазыналар халық игілігіне жаратылып, жаңа заманның адамдарын тәрбиелеуге қызмет етуі қажет» деп атап көрсеткен болатын. Сондықтан, бүгінгі ұлттық болмысы мен дүниетанымы өзгеріп, тіпті бұзылып бара жатқан қазақ қоғамын рухани, моральдық сауықтырудың бірден бір жолы – Абай іліміне оралу. Өйткені, ұлы ойшылдың бүкіл шығармашылық қызметінің басты нысанасы – адам. Патша отаршылдығының бүтін ұлтты ыдыратып, бөлшектеп жойып жіберуді көздеген жымысқы саясатының салдары мен қауіп-қатерін көзімен көрген ақынның басты мақсаты – арлы, адамгершілік қасиеті жоғары, еңбекқор, білімді, сабырлы, иманды, қанағат пен ұятты білетін, танымға құштар, игі жүректі адам тәрбиелеу болды. Ол өз халқын осыған шақырды. Бұл идея ақынның бүкіл шығармашылығына үзілмес желі болып тартылған.
Қазіргі біздің қоғам ең алдымен осындай адами ізгі қасиеттерге мұқтаж екені хақ. Жетпіс жылғы кеңестік езгі тұсындағы дініміз бен ділімізге нұқсан келуі, ана тіліміздің шеттетілуі, ұлттық болмысымыз бен мінез-құлқымыздың өзгеруі, т.с.с. рухани нәубетпен қоса, жаңа мыңжылдықпен бірге келген жаһанданудың, оның ішінде бұқаралық мәдениеттің ең теріс жақтарын тоқтаусыз бойымызға сіңіріп жатырмыз. Адамшылық жағыңды дамыту, ақылды, білімді адамды жоғары бағалау, адам болып өмір сүру, халыққа, қоғамға пайдаңды тигізу, адамды құрметтеу, адам мен табиғат бірлігі – бүгінгі таңдағы басты мәселе. Яғни, бұл заманда «іші алтын, сырты күміс» Абай сөздерінің қажеттілігі арта түседі. Мұның барлығы ойшылдың «Адам бол» қағидасының мазмұнын құрайды. Сондықтан, Абайдың сарқылмас мол мұрасын бүгінгі күн тұрғысынан зерттеу заман талабы. Бұл ретте Мекемтас ағамыз бастаған абайтанушы ғалымдар Абайдың «Толық адам» ілімі – халқымыздың рухани тазару жолындағы теңдесі жоқ құралы деп санайды..
Абай жүректі, яғни адам-адамды сүю, адам үшін қызмет етуді бірінші орынға қояды. Бұл біздің қазіргі басты мәселеміз болып отыр. Себебі, соғыстан да,аурудан да қашу жолы-бейбітшілік. Ал бейбітшілік үшін алдымен өзіңді,оны және келесі біреуді жақсы көре білуің шарт. Солай ғана адамдар арасында ортақ келісім орнайды. Елдердің бейбіт достастығы әлемді құлдыраудан қорғайды, қорғап қана қоймай, гүлденуіне көмек береді.
Осыған ұқсайтын тағы бір үлкен ұят-намыс мәселесін қозғайтын қара сөзі – отыз алтыншы қара сөзі. Қара сөз – ұят туралы. Өз кезегінде ұяттан,ардан безгендерді сыни тұрғыда сөз ете келіп, ұят және ұяттың түрлері туралы айтады. Ұяттың бір түрі-адамның балалық дәуірінде болатын табиғи құбылыста, ал келесі түрі- жасықтық, ынжықтықпен байланысты. Қазақ менталитетіне сай «ұят болады» ұғымына қарсы пікір білдіре отырып, «ұялмас нәрседен ұялған ұялу- ақымақтық әрі надандық болып саналады»- деген. Сонымен қатар, «ұят» ұғымы «креативтілікке» қарсы ұғым ретінде жүреді. Себебі, креативті ойлай білуші ойлардың шекарасынан аттап, қиял жетегінде ұят ұғымын сызып тастауы тиіс. Адам жаман қылықтарынан ұялу керек, ал бойындағы тамаша қасиеттерін ашып, өзін жаңа қырынанкөрсетуге ұялу – бұл жасампаздыққа барар жолынан жаңылуы. Менталитеттің «ұят» сөзін қалдыра алмаса, ойлаушының қиял шекаралары біртіндеп кеми бастайды. Мұндай ойлаушы креативтілікті бойына сіңіре алмайды. Себебі, адам креативті ойын жүзеге асыру үшін батылдық, тез шешім қабылдай алатын қасиет керек.
Достарыңызбен бөлісу: |