1.2 Қазіргі студент –жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеудің
ерекшеліктері
Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғаннан бері балалардың, жасөспірімдердің оқу-тәрбие ісіне ұдайы көңіл бөлініп келеді. Оқу - тәрбие ісінде назар аударып отырған, тәрбие салаларының бірі – отансүйгіштік тәрбие. Қазақстан Республикасы – көп ұлтты іргелі ел.
Жаңа қоғамның дамуындағы ең маңызды нәтиже – оның барысында қалыптасқан жаңа адам бостандықты жеңіп алып, оны ауыр күрестерде қорғай білген, барлық сын-сынақтардан өтіп, өзі адам танымастай болып өзгерген. Өзінің бұрынғы қасиеттеріне саяси мұраттылықты қосып, өмір сүрудің тәжірибелерінен қуат алып, өзінің жеке басының мәдениетін, білімін кәдеге жаратып, мәреден көріне білетін адам.
Ұлттық дәстүрге берік, елін, жерін сүйетін азамат тәрбиелеу, оқушылардың бойына қазақстандық отансүйгіштік қасиетті қалыптастыру өскелең өмір талабынан туындап отыр.
Қазіргі кезеңде «қазақстандық отансүйгіштік» ұғымына зор мән берілуде. Көп ұлтты Қазақстан халқының отансүйгіштік сезімін қалыптастыратын – азаматтық келісім, ұлттық бірлік. Егемен еліміздің тәуелсіздігін сақтау ұлтты келісім, ішкі үндесім барша халқымыздың ынтымағы мен өзара жарасымдылығында [99; 100; 101; 102].
Туған жер, табиғат, оның байлықтары, тіл, дәстүр, тарихи ескерткіштер. Туған өлкедегі тамаша киелі орындар – жалпы ұлттық құндылықтар ешкімді де бейтарап қалдыра алмайды. Олар сөзсіз адам көкірегінде жылылық, жақындық, туыстық сезімдерді ұялатып жатады. Бір сөзбен айтқанда, отансүйгіштік қасиетті ұғым.
Қазақстандық отансүйгіштікке келсек, ол тек қазақтардың ғана өз отанына сүйіспеншілігі емес, онда мекендейтін бүкіл ұлт пен ұлыс өкілдерінің бәріне қатысты дүние. Бұл сезімнің мағынасы терең, аумағы кең, құдіреті күшті. Ол өз мазмұны, өз аясы бар, құдіретті күшке кездей-соқтықтан айналмайды, бұл сезімнің оянып, бірте-бірте күш алып, саналы өзіндік мәні, өлшемі, мағынасы бар біртұтас сезімге ұласуы объективті шарттылықтарды қажет етеді.
Отанын адамның өзі тануы тиіс. Оны жете біліп, қадір-қасиетін ұққанда, тарихын, өткен жолын, қиындық мехнаттарын, рухын, тар жол, тайғақ кешулерін көз алдынан өткізіп, жанымен сезе білгенде, елдің басын біріктірген, жат жұрттықтардан жерін, суын, даласын, тауын, қанын төгіп қайсарлықпен қорғап алған ерліктерін сезіп білгенде ғана, соған деген мақтаныш сезімі оянады.
Отаншылдық сезім – ұлт рухының деңгейінің айнасы, өлшемі. Елбасы өзінің халыққа Жолдауында азаматтардың отаншылдық сезімі мен өз еліне деген сүйіспеншілігін дамытуды ұлттық қауіпсіздікті сақтаудың негізгі элементтерінің бірі ретінде таниды.
Халықтың отаншылдық сезімін қалыптастыру үшін алғы шарттар пісіп жетілуі керек. Сол алғы шарттардың пісіп жетілуімен сабақтаса адамдардың сана-сезімі артып, жаңа құндылықтарды, оның ішінде отаншылдық сезімді бойына молырақ сезінетін болады.
Отансүйгіштік сана-сезім болса, ол – отан құндылығы көрінісінің нәтижесі, өткендегі өмір сүрген ата-баба санасының қажеттілігі мен ұитылысына, құлшынысынан туған елдік салт-дәстүрлерді адамдардың санасындағы қажеттілігі мен қызығушылығы арқылы қабылдау.
Адам қауымдасып өмір сүргеннен бастап, қандай ғылым болмасын адамзаттың ақыл-ойынан, өмірден, іс-тәжірибеден туындайтыны аян. Адам өмірімен тікелей байланысты тәлім-тәрбиелік тұжырымдамалар халық тәрбиесі мен ғылыми ойдың ажырамас туындысы. Ал, халықтық тәлім-тәрбие әр ұлттың ғасырдан-ғасырға жалғасқан мұрасы. Сондықтан да этнопедагогика педагогиканың негізгі, нәр беретін тамыры болмақ.
Зерттеу барысында біз «жастар» ұғымының тікелей «студент жастар» ұғымымен талдаймыз. Өйткені бұл екі ұғым адамның бір жас кезеңін ашады. Жастар-қоғамның, халықтың болашағы. «Жанды болашақ» бүгін, біздің айналамызда, елдің дамуымен бірге, қоғамдық өмірдің бар сферасында қалыптасады. Жастарды оқып зерттеу мәселесінің методалогиялық қағидасы төмендегідей бекітіледі.
жастар әлеуметтік-демографиялық ерекше топ түсінігі;
жастардың әлеуметтік-саяси бір тұтастылығы, сол ортадағы тамырлас топ өзгешеліктері, жастардың жалпы белсенділігі, қызығушылық әрекеттері арқылы анықталып, бағдарлама жасалуы;
жастар мәселесінің үстемдік етер қоғаммен қатынасы, қоғамдағы өзгермелі әлуметтік саяси , экономикалық базасында ғана олардың шешілу мүмкіндігі;
жастар қозғалысына нақты тарихи тұрғыда жағдай жасалуы. Олар әрдайым үлкендерді, өткен тарихты өздеріне көшіре салмайды. Олардың әлеуметтік мәселені шешудегі өз тәсілдері, нысандары бар екенін есепке алу қажеттілігі [104, 192].
Арнайы әдебиеттер талдауынан жас шекарасына байланысты кеңірек түсініктерге ие боламыз. Оның негізінде психологиялық, биологиялық, демографиялық әртүрлі критерийлер алынған. Біздің көзқарасымыз бойынша, жас шекарасын анықтауда әлеуметтік уақыт есебі, бөзбала, бойжеткен дамуына арналған кеңістік, еңбек өтімі, біліктілік, әскери міндеттен өту, төл құжат алу, азамат құқығын қолдану құқығына ие болу т.б. бірден-бір маңызды болып есептеледі.
«Жастар» ұғымының зерттеудің айрықша белгісі жас және әлеуметтік шекараны анықтау болмақ С.Н.Иконникова: «16-дан 30 жасқа дейінгі жас адамдар тұратын қоғамның ерекше тап тобы: олардың қоғамдағы орны мен рөлі, құнды бағдары, дүниетанымы, әлеуметтік-психологиялық сипаты әлеуметтік-саяси қатарымен, қоғамдық қатынаспен, тарихи жағдайымен негізделген», - деп жастар тұралы анықтама берді [104, 193].
Жастар жағдайы қоғамның әлеуметтік құрылымындағы өндіріс жүйесімен, әлеуметтік-кәсіпқой бағдар орнымен байланысты (Текучев В.В., Сыргабекова Ш.Т., Шевченко В.П., Крещенко И.Н., Загайтова Л.Я., Жук О.Л., Богар И.В., Бескровная О.В. т.б.)
Зерттеушілер жастардың әлеуметтік құрамын талдап, топтастырған С.И.Иконникованың өз еңбегінде бұл мәселені нақты топтастырып көрсеткен:
а) еңбек жастары;
б) ауыл жастары;
в) жоғары оқу орын студенттері;
г) жас қызметкерлер мен интеллегенциялылар [104, 193].
Жастар – белгілі жас мөлшерімен, өмір тәжірибесімен шектелген, ерекше әлеуметтік мінездемесі, әлеуметтік-психологиялық өзгешелігі бар қоғамның бір бөлігі. Олар белгілі қызығушылықтар, талпыныстар, мінез-құлық, мәдениет дүниетаным деңгейлерімен ерекшеленеді.
Қазіргі қоғамда жастар туралы ғылымды студент жастарынсыз ашу мүмкін емес.
Студенттік кезең-адамдармен қатынастың кеңею кезеңі. Осыдан үлкендермен қатынастың жаңа қатарлары өрби түседі, өйткенмен, оның дәстүрлік түсінігінде «Әке мен баланың» мәселесі емес.
Студент жастың осы ерекшелігіне байланысты маңызды педагогикалық мәселе шешілу керек. Бірінші курстан бастап барлық студенттер оқу-зерттеу мен ғылыми-зерттеу жұмыстарына жұмылдырылады.
Студенттік жас – ақыл қабілетінің дамуы және тоериялық білімнің нығайып практикаға ұласу кезеңі. Студенттерде жалпы ой-өріс, парасаттың өсіп-қарқындауы 19,22,24-26 жастарда көрініс береді.
Ой-өрістің дамуы оқу мен тәрбиені нысанаға алған студенттің шығармашылық қабилетінің дамуымен тығыз байланысты. Бұл жаста тек ғана дене-бітімі емес, психологиялық процестер (қабылдау, зейін, ес, ойлау, сөз, сезім) өзінің даму максимумына жетеді. А.К. Калимолдаева осы кезеңді оқу және кәсіпқой дайындық үшін өте қолайлы деп тұжырымдайды. Сондай-ақ, жеке стиль туындап қалыптасады [100, 19].
Анатомиялық-физиологиялық ерекшелік тұдырысынан қарағанда, бұл кезең – тұрақталу және психологиялық, физиологиялық процесс сатысы. Бұл- физикалық жақтан, бойсалмақтың баяу дамитын кезеңі. Мінез-құлық нығайып адамгершілік қасиеттері қалыптасады. Бұл кезеңде жоғарғы сыныптарда толық көрінбеген-өз мақсатына талпыну, табандылық, ұйытқы болу, өз-өзін ұстай білу сыңды қасиеттер беки түседі. Адамгершілік, ізгілік мәселелеріне ықылас ауады (мақсатқа, өмірге, борыш-міндетке, махаббатқа, адалдыққа т.б.).
Студенттік кезең әлеуметтенудің мән-маңызын ашуға ұйытқы болар адамзат өмірінің белгілі кезеңі. Периодизация сатысы немесе әлеуметтену кезеңіне байланысты әр түрлі ынғайлы түрлер кездеседі. Мәселен, көпшілік авторлар [86; 87; 92; 98] және т.б. мына үш сатыны алға тартады: еңбекке дейінгі, еңбек, еңбектен кейінгі. Мұнымен қатар, бір сатыда тұрмыс жағдайы мен әлеуметтенуі әр түрлі адамдар кездесіп те жатады: еңбекке дейінгі, мектепке дейінгі және жоғары сынып оқушылары, еңбек сатысында-жиырмадан елуге дейін.
Студенттер өмірге деген бірдей көзқарас тұрғысынан, не болмаса психологиялық бірлесу жағынан құрдас тобына бірігеді. Құрдас тобында бірдей жастардың болуы міндетті емес. Ол жас шамаларында едәуір айырмасы бар, бірақ белгілі ортақ құндылықтарға ие, өзгелерден жекенудің белгілі бір қағидаларымен ерекшеленетін қатынас жүйесінің бірігуі болып есептеледі .
Әлеуметтендіру процесінде құрдас тобының маңызы балалық шақтан жастық шаққа қарай тұрақты өседі, кейіннен жас келе төмендей түскенмен, кәрілік-қарттықта жоғалып кетпейді (керісінше, кәрілік кезеңінде құрдас тобының маңызы қайтадан мәнді бола алады).
Топ құрамының мінездемесі мына белгілерді есепке алады: жас (мектеп сыныбы – бір жастағы, стихиялы топтар-әр түрлі жаста болуы жиірек); жыныс (көбінесе бір жіністі кіші жеткіншек топтары, бөзбала мен үлкендер – аралас әлеуметтік құрам), тек оқушылар, тен қана инжинерлер немесе т.б.
Ғылыми әдебиеттерде «Құрдас топтар» түсінігі келесі мазмұнмен қарастырылады: әлеуметтік жүйеде құрдас топтар заңды статусы мен орнына қарай ресми болып бөлінеді, яғни, қоғам таныған, қандай да бір мемлекеттік немесе қоғамдық ұйыммен байланысты, біршама ұйымдастыру құрылымына, мүшелікке және өзіндік өмір сүретін ресми еместікке ие. Олар әлеуметтік-психологиялық статусына қарай тән болу тобына бөлінеді. Онда адамдар нақты (мектеп сыныбы, спорт секциялары немесе достық топтары) және референт топтардан тұрады. Адам оған жатпайды, тән емес, бірақ ойша бағдар жасайды, соның пікірімен өзінің мінез-құлқын, өз бағасын сәйкестендіреді. Топтар тұрақтылық, ұзақтылық деңгейі бойынша тұрақты және уақытша ситуациялы бола алады [87, 97].
Кеңшілік оқшаулығы бойынша олар белгілі бір мекеме аясында қызмет ете алатын аулалы, кварталды және бірлескен (яғни, бір-бірінен алыс тұратын адамдарды біріктіру) топтар болады.
Жетекшілік және басшылық түрі бойынша демократиялы немесе авторитарлы бола алады.
Жеткіншектер мен бөзбалалар бір уақытта формализмге, не үстірт, түрлі формалдылыққа жол беріп әр түрлі айырмашылықтармен көрінеді. Формализм тобы (сынып, университет, колледж, лицейлердің оқу тобы, спорт лекциялары т.б.) жеткіншектер мен бөзбалалар әлеуметтенуінде олардың өмір қызметінің мазмұнына, қалыптасқан өзіндік көзқарасына, мүшелері үшін маңыз деңгейіне тәуелді бола отырып, әр түрлі рөл атқарады. Егер топта әрекет өзара мағыналы болса, жеткіншектер мен бозбалалар тек тең қатарда ғана емес, тағы достар табылып жатса, бұл жағымды маңызға ие болады [92, 120-127].
Белгілі жас ерекшеліктеріне ие бола отырып, әлеуметтену процесінде құрдас топ қызметі былай анықталады:
берілген қоғам мәдениетіне ондағы нормаларға жақын болу. Әрбір жасты мінез-құлық рөліне бейімдеу (белгілі жастағы әрбір жыныс өкілін үлгі ете, мінез-құлқын ұсынып, талқылау арқылы);
топ мүшелерінің этникалық, діни, аймақтық, әлеуметтік, кәсіпқой жарағына сай әрекеттерді ігеру;
топ мүшелеріне өзіндік сананы, өзін-өзі анықтауды, өзін-өзі бекітуді дамыту үшін шарттар тудыру [104, 193].
Жоғарыда жазылған қызметтер тиімділік деңгейі және мазмұнды бағыттылығымен мыналарға тәуелді болып, іске асады: топ мүшелерінің жыныс, жасынан және олардың жеке-дара ерекшеліктерінен; топ құрамының кәсіпқойлығынан; топтың бағыттылығынан және оның басқа мазмұндарындан; топ өмір сүретін этникалық, аймақтың, әлеуметті мәдениет шарттарынан.
Студенттік кезеңде әлеуметтік байланыс, қоғамдық қатынас аясы кеңи түседі. Жастар әлеуметтік белсенділікнің субъектісіне айналады.
Әлеуметтік-саяси белсенділіктің субъектісі ретінде студент жастарды қалыптастыру, дамыту процесі екі жақты. Бірінші жақ әлеуметтік процесімен байланысты, екінші жақта әлеуметтендірумен жастар қалыптасады, қоғамдық өмірде субъект ретінде әрекет жасайды. Бұл ішкі белсенділік студенттің сана деңгейімен, олардың құнды нұсқауларымен, идеалдарымен, мүдделерімен анықталады.
Еңбекті қоғамды бөлуде айқын детерминацияның болмауына студентті кезеңнің өзіндік жас психологиясы жоғары эмоциясымен, өзін көрсетуге ұмтылумен, басқалардың пікіріне шыдамсыздық танытумен түсініледі. ТМД елдерінің саяси және экономикалық жүйесінде, тіпті күнделікті өмірдің көптеген саласында әлеуметтендірудің қоғамдық шартының өзгерістері ұрпақтар арасындағы өзгешелікті көбейте түсуде.
Кейбір ғалымдардың (Сибирев В.А., Золовкин Н.А.) зерттеулері 90-жылдардағы жастарға арналған. Салыстырмалы талдау, қоғамдағы және ондағы олардың алатын орнын бағалауда студент жастардың көп ортақтастығы бар. ТМД елдеріндегі қоғамдық саяси жағдайлар бойынша құрылған материалдар тізбесінен студенттердің қоғамдағы атқаратын рөлі ерекше екендігі көрсетілген [104, 194].
Патриоттық сана – сезім Отан атрибуттарының санада бейнеленуінің нәтижесі ретінде қалыптасады. Отан жеке адам, адамдар топтары, тұтас алғанда халық үшін олардың қажетсінулері мен мүдделері тұрғысынан
қоғамдық тұрмыстың елеулі мәні бар элементтерін қамтиды.
Патриоттық сана – сезім Отанға деген қарым-қатынаспен байланысты идеялар көзқарастардың күрделі басқарылатын жүйесі, индивидтердің, әлеуметтік топтардың, ұлттық қоғамдастықтардың Отанды дамыту мен қорғауға бағытталған сезімі мен көңіл-күйі.
Ол өзіне үш элементті: ұлттық-этикалық, жалпыадамзаттық, әлеуметтік топтық элементтерді қамтиды. Ұлттық-этикалық элементтер дегеніміз-ұлттық мақтаныш сезімі, Отанға, ұлттық мәдениетке, тілге және т.б. деген сүйіспеншілік. Қазақстан сияқты көпұлтты мемлекетте мұнда тұратын ұлттар мен ұлыстардың жалпы мемлекеттік және ұлттық - өзіндік мүдделері жарасымды үйлесіп жатуы тиіс [101, 10-11].
Отансүйгіштік сана халықты топтастырушы рухани күш бола тұра, халықтың күш-жігерін тәуелсіздікті нығайтуға бағыттайды. Сондықтан елдегі тәлім-тәрбие идеологиясы мен ақпарат жүйесі халықтың бойында өзін республикасының төл азаматты ретінде сезінетіндей көңіл-күй қалыптастыруы тиіс. Отаншылдық, елжандылық туған отбасына, туып-өскен ортаға, туған топрағы мен табиғатына деген құрметтен басталады. Демек, отансүйгіштіктің қайнар көзі адамгершілік қасиеттері болмақ. Отансүйгіштіктің іргетасы-ұлтжандылық. Өз ұлтын сүйіп оның мұңын мұндап, жоғын жоқтайтын азамат қана отаншыл болады. Отансүйгіштікті рухани құбылыс ретінде зорлықпен, нұсқаумен, биліктің басқаруымен енгізу мүмкін емес. Тәрбиеге қатысы бар барлық білім беру жүйесіндегі мекемелер мақсатты, әрі нәтижелі жұмыс істегенде ғана отансүйгіштік қасиеті санаға сіңеді.
Ғылыми әдебиеттерде «Отан» ұғымының мән - мағынасына бірқатар анықтамалар берілген. Бұл анықтамаларда жеке адамның Отанға түрлі көзқарастарына баса назар аударылады. Әйтсе де бұл көзқарастарды тек адамгершілік сезімдерге ғана жатқызуға болмайтыны белгілі. Олардың мағынасы неғұрлым кең және өзіне жеке адамның тиісті қажеттілік-себептілік, қыр-сырын, оның патриоттық сана-сезімі мен мінез – құлықын қамтиды, олар болашақта өзінің бірлігінде патриотизмді моральдық қасиет ретінде сипаттайды. Олай болса, патриотизмді адамның Отанға бірілгендігі сүйіспеншілігін білдіретін, Отанның құдіретін, өзінің онымен рухани байланысын қажеттігін сезінетін, қандай жағдайда болмасын елін қорғаудағы даярлығын көрсететін адамгершілік қасиеті ретінде айқындау қажет [104; 105].
Отансүйгіштік қасиетті қалыптастыруға мынадай факторлар әсер етеді: Ұлттық сезім, ұлттық мақтаныш, ұлттық сана, ұлттық игі дәстүрлер, ұлттық парыз, бірлік және міндет. Б.Момышұлының «Соғыс психологиясы» деген еңбегінде аталған қасиеттерге жан-жақты сипаттама беріледі. Солардың ішінде автор әсересе ұлттық парыз ұғымына аса мән береді. Оның пайымдауынша, ұлттық парыз – Отанға деген сүйіспеншілік, сыртқы жаулардан елін, жерін аман сақтап, ата-баба дәстүріне өте сезімталдықпен, жауапкершілікпен қарау. Парыз сезімі қиындықтан қаймықпай, қарсы келген
дұшпанмен тайсалмай шайқасып, Отан үшін ақтық демі біткенше қызмет етуге даяр болу сезімінен туады, нәтижесінде бұл тікелей ерлік істерге интермелейді, «Ерлік, Б.Момышұлының сөзімен айтқанда,- табиғат сыйы емес, ең алдымен, өзіңнің ар-намысыңды және азаматтық абыройыңды ұятқа қалу, опасыздық пен масқара болу сезімінен қорғай отырып, адамның ең ұлы сезімін, азаматтық парызын орындау үшін осындай адамгершілік теңдікте өзіңмен сайысқа түсе отырып, тұтас коллектив өмірінің игілігін ғана емес, қауып-қатерін де бөлісіп, жауды барынша жою, жанға-жан, қанға-қан аяусыз деп кек алу жолымен жеке басыңды және отандастарыңды қауіпсіз етуге ұмтылу, саналы түрде қауіп-қатерге бас тігу» [106, 100].
Ерлікті бұлай түсіну оның патриотизммен байланысты сипатын айқындауға мүмкіндік береді. Осы түсініккі сәйкес ерлік жеке адамның жоғары патриоттық сана-сезіміне, патриоттық сенімдеріне, Отанға қызмет етудегі жоғары патриоттық қажеттілігіне сай келетін мінез-құлық әдісі болып табылады.
Адамның ерлігі өзінің бұрын иеленген ең таңдаулы патриоттық қасиеттерін, батырлық жасауға өзінің әзірлігін іс жүзінде ашу қажет болған жағдайларда пайда болады. Демек, адамның ерлігі оның патриотизмінен туады, сондықтан ерлік патриотизмнің жоғарғы сатасы болып табылады. Егер адам бойында патриоттық сезімдер болмаса, ерлік қылық та болуы мүмкін емес.
Ғылыми әдебиеттерде «ерлік» ұғымы мен «батырлық» ұғымы қатар жүреді, олар сан қырынан қарастырылады: «Батырлық-айбындылық, даңқты ерлік, жанкештілік; «Батырлық-ерлік, батылдық, өжеттілік, асқан ержүректілік»; «Ерлік-даңқтылық, батырлық, жан аямас батылдық, айбындылық» [101; 107; 108; 109].
Бұл арада «батыр» сөзі түрліше мағынады көрініс бергенімен, оның негізіндегі ержүректік, айбындылық, батылдық, табандылық қасиеттері орын алады. Тіл мен әдебиетте бұл сөздер адамның немесе адамдар тобының жауынгерлік әрекеттер немесе басқа маңызды тапсырмалар орындаған кездегі ең маңызды істерін атап көрсету қажет болған жағдайда қолданылады. Бір сөзбен айтқанда, «батыр» сөзі және осы мағынадын туындайтын басқа да сөздер «жанқиярлық», «батылдық», «айбындылық», «қайтпас қайсарлық», «табандылық», «төзімділік», «адалдық» секілді патриотизм санаттарымен үйлесімді саналы түрде қолданылады.
Сонымен, патриотизм мен ерлік бір-бірімен жымдаса өріле отырып, ерлік-патриоттық сана мен ерлік іс-әрекеттің қорытпасы болып табылатын жеке адамның күрделі біртұтас қасиеті ретінде көрініс алады.
Патриотизм ұғымы әр жылдардағы саясат пен идеалогияға байланысты түрлі мән-мағынаға ие болады. Мәселен, кеңестік кезеңде «советтік патриотизм» деген ұғым елеулі рөл атқарды. Бұл ұғым туралы көптеген ғылыми еңбектер жарияланып, өте көп тұжырымдар жасалған. Мысалы, патриотизмнің тәрбиелік мүмкіндіктері туралы көптеген құнды идеялары
революционер-демократтар да, орыс педагогикасының атасы К.Д. Ушинский де көрнекті мемлекет қайраткерлері (М.И. Калинин, Н.К. Крупская, А.В. Луначарский) мен педагогтар да (А.С. Макаренко, В.А.Сухомлинский) ұсынады. Олардың пайымдауынша, патриотизм тәрбиенің маңызды міндеті ғана емес, оның қуатты педагогикалық құралы болып табылады, өйткені адам жеткіншек жаста өзін таниды, өзінің қадр-қасиетін орнықтырды, патриоттық сезімдер мен моральдық ерік-жігер қасиеттері күйзеліс, толғаныс арқылы тәрбиеленеді [14; 15; 16; 62].
Егер, Кеңес Одағы құрамында болған халықтардың саяси тарихына назар салсақ, әрі оған объективті баға беруге ұмтылсақ, советтік патриотизмнің саяси-әлеуметтік санат, ұғым ретінде адамдардың санасынан, психологиялық күйінен өз орнын алғанын әсте жоққа шығаруға болмайды. Кеңестік ресми саясаттың мақсаты-жеке адам бойындағы ұлттық патриотизмді емес, коммунистік догмаларға негізделген, жалпыодақтық, жалпыкеңестік патриотизмді тәрбиелеу болады. Коммунистік идеология «советтік патриотизмді» ортақ, біртұтас адамдардың жаңа әлеуметтік қауымы-кеңес халқын қалыптастыруда негізгі құралы етуге тырысты. Негізгі табиғаты жасампаздық пен жақсылыққа бағытталған патриотизм ұғымы кеңестік қоғам жағдайында Компартия идеологиясының құрбанына айналды. Барлық халықтарды, еңбекшілерді біріктіретін «советтік патриотизм» ұраны негізінен жекелеген ұлттар мен ұлыстардың ұлттық мүдделері мен мақсаттары аяқ асты етілді. Мысалы, кезінде қазақ ұлтының табиғи мақсат-мүддесін айшықтайтын шығармаларға «советтік патриотизмге» зиянды, ұлтшылдық рухтағы шағармалар деген айып тағылды. Бұл ретте Ә.Әлімжановтың, О.Сүлейменовтің, Б.Нұржекеевтің және т.б. кітаптарына тағылған айыптарды еске алса да жеткілікті. Мұндай жағдайда «советтік патриотизм» кеңестік құрылыстың рухани терегінің бірі, көп ұлттық мемлекетті топтастырушы идея болғаны белгілі. Бүкіл кеңестік саяси жүйенің, саяси сананың дағдарысқа ұшырауы оның құрамдас бөлшегі болып табылатын «советтік патриотизм» идеясын да дағдарысқа ұшыратпай қоймады. Сөйтіп, советтік патриотизм өзінің игілікті, жасампаздық, біріктірушілік қабилеттерінен айрыла бастады. Себебі, кейінгі тоқырау жылдарында ол ұлттық даму мүдделеріне қайшы келетін, ұлттық сананы, ұлттық саяси оянуды тұмшалайтын, жалпы ұлттық өркениетке бөгет, кертартпа құбылысқа айналды. Өйткені кеңес халықтарының келешегі енді ортақ кеңестік тағдарға емес, әр ұлттың жеке тағдырына, жауапкершілігіне байланысты болатын тарихи-әлеуметтік жағдай қалыптасты. Дегенмен жаңа тарихи-әлеуметтік жағдайда патриотизм ұғымы жоғалып кетті деуге болмайды.
Егемендік пен тәуелсіздікке ие болу жағдайында Қазақстан қоғамында «ұлттық патриотизм», «жалпыұлттық патриотизм», «қазақстандық патриотизм» ұғымдары жиі пайдаланылады. Ұлттық патриотизм әдетте өз ұлтына, оның мәдениетіне, тіліне, дәстүрлеріне деген сүйіспеншілік пен
жанашырлық, осы жерде туылғаныңды түсіну ұғымымен байланысты болса, жалпыұлттық патриотизм өзін мемлекет халқының бір бөлігі ретінде сезінуді білдіреді, яғни түрлі ұлт қауымдастықтары өкілдері үшін біртұтас Отанына сүйіспеншілігі мен адалдығының шегі неғұрлым кеңи түседі. Қазақстандық патриотизм дегеніміз – Қазақстан мұнда тұрып жатқан барлық ұлттардың ұлттық Отаны деген іргелі негізге сүйінген ұлттық патриотизмдердің синтезі [9; 10; 60; 100; 101].
Сонымен, «патриотизм», «советтік патриотизм», «ұлттық патриотизм», «жалпыұлттық патриотизм», «қазақстандық патриотизм» ұғымдары мазмұны олардың бір-бірімен аса тығыз байланысты екенін, мазмұнының әр жылдардағы саясат пен идеологияға байланысты жетілдіріліп отыратынын, әлеуметтік орта мен ұжымның ықпалында, патриоттық тәрбиенің негізінде қалыптасатынын дәлелдейді.
Біз осының бәрін ескере отырып, өз зерттеуімізде патриоттық тәрбиеге және оның жүйелік сипатына түсінік береміз.
Патриоттық тәрбие педагогика, этнопедагогика, психология, этнонсихология, әскери ғылымдардың ғылыми теориясына сүйенеді, олар жеке адамның патриоттық тәрбиелілігінің мінсіз үлгісін және оған қажетті қасиетті қалыптастырудағы негізгі принциптерді, нысандар мен әдістерді айқындауға мүмкіндік береді. Патриоттық тәрбиенің құралдары болып халықтың, нақты ұлттың және оның қарулы күштерінің еңбек, ұлттық дәстүрлері табылады. Патриоттық тәрбие процесінде идеялық сенімділік, өз Отанына, ана тіліне, еліне, жеріне, мәдениеті мен салт-дәстүріне деген сүйіспеншілік, жалпы ұлттық мақтаныш, өз халқының тағдыры үшін жоғары жауапкершілік, туған Отанның экономикалық, ғылыми, моральдық-саяси және әскери әлеуеттерін дамытуға ұмтылыс, оны идеологиялық және саяси жағынан қорғауға даярлық қалыптасады.
Соңғы уақыттарда басылым беттерінде «патриоттық тәрбие», «азаматтық тәрбие» ұғымдары қатар қолданылып келеді [95, 235-240]. Біздің көзқарасымызша, «азаматтық тәрбие» мен «патриоттық тәрбие» ұғымдары бір-біріне қайшы келмейді, керісінше, бірін-бірі толықтырады. «Патриоттық тәрбие», «азаматтық тәрбиенің» бір бөлігі болып табылып, оны нақтылай және тереңдете түседі, жеке тұлғаның Отанды сүю, өз халқының өткеніне сыйластықпен қарау сияқты, азаматтың адамгершілік негізін құрайтын қоғамдық мәнді қасиеттерінің қалыптасуына себептігін тигізеді. Патриоттық тәрбие ұрпақтар сабақтастығының жалғасуына ықпал тигізуде де үлкен мәнге ие. Бұл бірінші кезекте жеке тұлғаның әлеуметтенуіне көмектеседі және әлеуметтік тұрғыдағы қабілеттіктерінің дамуына да тигізер ықпалы мол.Патриотизмның адамгершілік жақтарын борыш, саналылық, жауапкершілік сезімдері құрайды. Бұл-азаматтық қоғамның құқықтық мәдениетінің маңызды компоненттері. Қазақстанда азаматтық қоғамның қалыптасуы жағдайында жеке тұлғаның құқықтық мәдениеті үлкен мәнге ие, ол азаматтық және патриоттық тәрбиенің өзара байланысының нәтижесі болуы тіс. «Азаматтық тәрбие» де, «патриоттық тәрбие» де жеке тұлғаның
қызығушылықтарын жүзеге асыру және олардың талап-сұраныстары мен мүмкіндіктері негізінде құрылуы қажет. Біз «азаматтық» және «патриоттық тәрбие» ұғымдары біріктірілуі тиіс деп санаймыз.
Патриоттық тәрбиенің жүйелілік сипатына келетін болсақ, ол ең алдымен, тәрбие мен патриоттық сана-сезімнің жүйесі арқылы айқындалады.
Жүйелі патриоттық сана тұрғысынан алғанда, патриоттық тәрбие тәрбиенің идеялық-саяси, адамгершілік, құқықтық, эстетикалық және т.б. элементтерінсіз өмір сүре алмайды, патриоттық сана Отанды өркендету мен қорғауға ішкі даярлық пен қабілетті қалыптастыруға білгілі бір әлеуметтік- саяси бағыт береді. Сөйтіп, патриоттық тәрбие басқа тәрбиенің барлық негізгі бағыттарымен бірге жүзеге асырылады. Патриоттық тәрбиенің соңғы нәтижесі ретінде патриоттық сана өз Отанын өркендету жолындағы күресте, оны нығайту және қорғау жолындағы қызметті көрініп, өлшенеді, сөйтіп, сол арқылы тиісті ерлік, жауынгерлік және ұлттық дәстүрлер түзе отырып, олар кейіннен тәрбиелеуші факторға айналады.
Патриоттық тәрбиенің жүйелілігі, біріншіден тәрбие объектісі-жеке адамның біртұтастығынан; екіншіден, отбасында, ұжымда, еңбек және әскери ұжымдарда патриоттық тәрбиенің сабақтастығы мен бірмәнді бағыттылығын талап ететін қоғамдық өмірдің барлық салаларының өзара байланысынан; үшіншіден, тәрбиенің негізгі принциптері мен жалпы заңдылықтарынан және төртіншіден, негізгі мұраты жеке адамды жарасымды және жан-жақты тәрбиелеу болып табылатын тәрбиенің неғұрлым жалпы жүйесіне патриоттық тәрбиенің ықпалдасуынан туындап жатады.
Патриоттық тәрбие қоғамдық-саяси қызметтің күрделі, салыстырмалы дербес жүйелерінің барлық белгілеріне ие болады. Біріншіден, ол өзара байланысты құндылықтардың белгілі бір құрылымын иеленеді. Патриоттық тәрбие жүйесі кез-келген әлеуметтік жүйенің төрт негізгі топтарын қамтиды: материалдық, іс-әрекеттік, рухани, адами құндылықтар [101, 16-18]. Осы құндылықтардың болуы және олардың өзара байланысы жүйенің біртұтастығын және жаңа сапалық айқындылықты белгілейтін оның құрамдас бөліктерінің өзара іс-әрекеттестігінің әдісі ретінде, патриоттық тәрбие жүйесінің салыстырмалы түрде алғанда тұрақты құрылымының дербестігін айқындайды. Екіншіден, патриоттық тәрбие жүйесіне оның міндеттерінен көрінетін өзіндік белсенділік тән. Үшіншіден, патриоттық тәрбие дегеніміз - өзіне тән басқару тетігі, субъектісі мен объектісі, басшылық құралдары мен әдістері бар, өзін-өзі басқаратын жүйе. Саналы басқару – бұл жүйенің өзіне тән әрі қажетті сипаттама. Төртіншіден, патриоттық тәрбие дегеніміз – уақыт пен кеңістікте дамытып отыратын жүйе, оның өз тарихы және өзіне тән заңмен белгіленетін қалыптасу, қызмет атқару мен даму процестері бар. Кез келген жүйедегі сияқты патриоттық тәрбиеде де әрдайым өткеннің қалдығы, бүгінгі күннің негіздері және болашақтың нышандары болатыны жалпыға мәлім. Жүйенің негізгі
функциясы жастарды ұлт-азаттық майданға, жауынгерлікке, қоғамдағы,
халық дәстүрлеріндегі ескі қалдықтармен күресуге, жаңа Отанды құруға даярлау болып табылады.
Патриоттық тәрбие жүйесі қазақ жерінде болған әрбір ұлт-азаттық қозғалыстан кейін айтарлықтай күрделеніп, бірқатар жаңа құндылықтарға жетіп, өзінің тұтастығын сақтап отырған. Оның негізгі функциясы бұқара халықты Отанның қол жеткізген барлық құндылықтарын қорғауға және дамытуға даярлау болып есептеледі.
Қазіргі жағдайда қазақ халқының патриоттық тәрбиесі жақсы қалыптасқан және біртұтас болып табылады, оның өзі жүйенің жаңа құндылықтарының, ішкі және сыртқы байланыстарын өзгеруі мен пайда болуы, атқарылатын міндеттер ауқымының кеңеюі арқылы үнемі жетіліп отырады.
Бесіншіден, патриоттық тәрбие жүйесі оқшау емес, әлеуметтік тұрғыдан алғанда да, табиғи жағынан келгенде де басқа жүйелермен тығыз байланыста өмір сүреді. Мәселен, қоғам патриоттық тәрбиенің қызмет атқару мен даму процесіне елеулі ықпал жасай отырып, оның тәрбиелік жүйесін жаңғарту және толықтыру көзі болып табылады. Мұнсыз патриоттық тәрбие ойдағыдай дамып, қызмет атқара алмайды.
Патриоттық тәрбие басқа қоғамдық жүйелермен тығыз байланыста болады. Оның жүзеге асуына макроорта мен микроортаның әсері мол. Яғни, патриоттық тәрбие оқшау өмір сүре алмайды. Ол күрделі, салыстырмалы түрде алғанда дербес, біртұтас, өзін-өзі басқарып отыратын, белсенді де дамушы жүйе болып табылады және тәрбиенің барлық негізгі бағыттарында жүзеге асырыла отырып, оны ұйымдастыруға кешенді тәсілді талап етеді.
Кешенді тәсілдің негізгі идеясы - жеке адамның патриоттық қасиеттерінің барлық жиынтығын және патриоттық тәрбие ішінде де (мақсаттары, принциптері, бағыттары, құралдары, нысандары, әдістері және т.б.), сондай-ақ сыртқы жүйелерде де (тәрбие, экономика, саясат, идеология және т.б.) тәрбие процесінің өзара әрекеттестіктегі барлық элементтерінің нысаналы бірлігін қалыптастыруды қамтамасыз ету болып табылады [110; 111].
Қазіргі жағдайларда патриоттық тәрбиенің кешенді тәсілі материалистік диалектиканың әдіснамалық талаптарына негізделеді және тәрбие процесінің барлық объективті жағдайлары мен субъективтік факторларын келісімді түрде іске асыру негізінде патриоттық тәрбие жүйесін жан-жақты дамытуды, Отан қорғаушысына қажетті барлық қасиеттер жиынтығын жеке адам бойында бір мезгілде қалыптастыру үшін неғұрлым тиімді жолдарды, құралдар мен әдістерді таңдауды қамтамасыз ету болып табылады (Сурет-1).
Патриоттық тәрбиедегі кешенді тәсіл оның негізгі ұйымдастырушылық-басқарушылық, мазмұндық және әдістемелік принциптерін практикада жүзеге асыруды білдіреді. Патриоттық тәрбие сәйкестендіріліп құрылатын принциптер қатарында мынадай принциптерді атауға болады:
Жалпыға бірдей принциптер, бұл әр түрлі практикалық-теориялық іс-
әрекеттер үшін қажетті (жан-жақтылық, халықтық, тарихнамалық және т.б. принциптер);
Жалпы принциптер, бұл жалпы тәрбие процесіне арналады (мақсаткерлік, ұжымды тәрбиелеу, еңбекте тәрбиелеу, жекелеп және даралап қарау және т.б. принциптер);
Ерекше принциптер, бұл патриоттық тәрбие процесінде ғана қолданылады (патриоттық пен адагершілік тербиені сабақтастыру, тәрбиешінің жеке басы үлгісі, эмоциялық тұрғыда ықпал жасау және т.б. принциптер) [112, 69 ].
Патриоттық тәрбиені
ұйымдастыру (және басқару)
Тәрбиені жоспарлаудағы мақсатты тәсіл
Қалыптастырушы Тәрбиеленушілердің өмірі
факторлардың (макро, микро мен іс-әрекетінің барлық
факторлар) келісімді ықпал саласын қамту
жасауы
Тәрбие мазмұны Тәрбие әдістемесі
Дәстүрлерде Патриотизмге және Патриоттық тәрбиенің
тәрбиелеу (ұлттық, ұлтаралық мазмұнына
еңбек, жауынгерлік, қатынасқа формалардың,
революциялық) тәрбиелеу әдістері мен
құралдардың
сәйкестілігі
Патриоттық тәрбие Формалардың
мазмұнын нақты әдістер мен
тарихи жағдайларды құралдардың Жеке және дербес
ескере отырып тәрбиелік тәсіл
анықтау ықпалының бірлігі,
келісімділігі,
сабақтастығы
Іс-шаралардың және сабақ пен
сабақтан тыс мерзімдегі тәрбие
құралының мақсатты бірлігі
Достарыңызбен бөлісу: |