Шалкиіз Тіленшіұлы (1465-1560) ─ барлық қазақ жырауының атасы деуге де болады. Ол ел билеушінің опасыздығын, қара басының қамы үшін бүкіл халықты сатып жіберуге баратынын бетіне айтып, сені хан көтерген халық еді, асып-таспа, халықтан қол үзбе, «көп қорқытады, терең батырады» – деген өзекті ақыл кеңестер айтты.
Шалкиіз шығармаларында философиялық толғау көбірек орын алған. Қиынан қиыстыру, нақтылық, сонымен қатар ойларындағы тереңдік оның шығармаларына тән. «Көп түкірсе ─ көл» деп жауға айбар, елге қорған болатын бірлікке шақырады
ХІХ ғасырда қазақ жеріндегі феодалдар, дін иелері халықтың санасын революция идеологиясынан алшақ ұстады. Қазақ жерінде прогрессивтік қоғамдық-саяси, философиялық ой-пікірлер, осы идеологияға қарсы күресте туып, шынығып қалыптасты. ХІХ ғасырдың екінші жартысында қазақ жерінде болған үлкен өзгеріс, қазақ ханы Абылхайырдың қазақ елін Ресейге қосуы, сол кезде Ресейде болған оқиғалармен тығыз байланысты. Олар:
1861 жылы басыбайлылық хұқығы жойылғанынан кейін, Патша өкіметінің Ресей шаруаларын қазақтың жеріне орналастыра бастауы.
Ресей отаршылық саясатының арқасында Батыс Еуропа секілді империализм сатысына көшуі.
Ресейдің орталық аймақтарындағы революциялық қозғалыстары шет аймақтардағы ұлт-азаттық қозғалыстардың пайда болуына себеп болуы.
Қазақ жеріндегі қоғамдық объективті жағдайлар, алдыңғы қатарлы ойшыл ақындар мен қоғам қайраткерлерінің шығуына алып келді.
Орыстың отаршылдық саясатына ашық наразылық білдірушілер «Зар заман» ақындары деп аталды. Олар: Дулат Бабатайұлы (1802-1871), Шортанбай Канайұлы (1818-1881), МұратМөңкеұлы (1843-1906). Бұлар өз өлеңдерінде Қазақ елінің Ресейге қосылуы нәтижесінде болған жаңалықтарды қабылдамай, өткен заманды «алтын заман» деп атады. Өз заманындағы кейбір жексұрын мінездерді, бай мен болмыстың, қожа мен молданың озбырлықтарын, кедей шаруаның ауыр халін реалистік тұрғыдан суреттеді.