Тәуелсіз мемлекет құру, яғни Патшаның қазақ жерін өз меншігіне айналдырудан арылу.
Тарихи жер-су аттарын өзгертуге, оларды орысша атауға қарсылық.
Отаршылықтың тағы бір түрі ─ халық намысына тию, яғни қазақтарды «киргиз» немесе бұратана, тіпті дала адамы (степняк) деп, халықты біржолата өз атынан айырмақ болуына қарсы тұру.
Жергілікті халық екі түрлі қыспақта болды: отаршылық пен жергілікті үстем тап езгісін тоқтатуға ат салысу.
Сол себепті, көп уақыт бойы олардың аттары аталмай, шығармалары тарих бетінен алынып тасталды, олар Ресейге қарсы болған кертартпа идеология деп қаралды. Тікелей осының әсерінен, қазақ жерінде, әр кезде, жер-жерде ұлт азаттық көтерілістер болып жатты. Оларды: Сырым Датов, Исатай Тайманов, Кенесары Қасымов, Жанқожа Нұрмұхамедов, т.б. басқарды. Бұл көтерілістерді патша өкіметі арнайы әскер жіберіп басып тастап отырды. Патша өкіметі оларды қарақшылар деп атаса, жергілікті халық «батыр» деп дәріптеді. Кеңес өкіметі қазақ халқының отаршылыққа қарсы күресін орыс халқына қарсы күрес, реакцияшыл (кертартпа) қозғалыс деп, дұрыс баға бере алмады. Тек қазақтың тәуелсіз мемлекет болуына байланысты кеткен қателіктер жөнделе бастады.
Ресейдің басқа ұлт аймақтарында сияқты қазақ жерінде де білімге, прогреске ұмытылған алдыңғы қатарлы ойшылдар болды. Бұлар: Шоқан Уәлиханов (1835-1865), Ыбырай Алтынсарин (1841-1889), Абай Құнанбаев (1845-1904), т.б. Оларды революционер-демократ, утопист деуге болмайды. Оның себебі: олар өмірді өзгерту үшін революция жасауға шақырған жоқ, социализм орнатуды армандамады. Осының нәтижесінде, олар ағартушы-демократ ретінде тарихтан орын алды.
Қазақ жеріндегі ХІХ ғ. қоғамдық-саяси және философиялық ой-пікірдің өкілі – қазақтың тұңғыш ресми ғалымы, көрнекті ұлы Ш.Уәлиханов (шын аты Мұхаммед – Ханафия), ағартушы-демократ. Ол: ориенталист (шығыстың тілі мен мәдениетін зерттеуші ғалым), этнограф (қоғамдық ғылымның тайпалар мен халықтарды зерттейтін саласы), фольклорист (халық ауыз әдебиетін зерттеуші, жинаушы), географ және тарихшы. Абылай ханның Шыңғыс деген ұлының баласы. Шыңғыс Құсмұрында (Көкшетеу облысы, Воладар ауданы) аға сұлтан болған, Шоқан осы жерде туған. Алғашқы білімін қазақ мектебінде алып, арабша хат таныды. 1847 жылы Омбыдағы Кадет корпусына түсіп, оны 1853 жылы бітірді. Ол өзімен бірге оқитын Потанинмен достығының арқасында прогресшіл тұлғалармен танысты, солардың ықпалымен ой-өрісі кеңіп дамыды. 1854 жылы Батыс Сібір мен Қазақстанның Солтүстік-батыс аймағын басқарған Генерал Г. Х. Гасфорттың адъютанты болды. Ол сол кезден бастап ғылыми-зерттеу жұмысымен айналысты.
1855 жылдан бастап Семей, Іле, Ыстық көл, Жетісу жерлерін зерттеген әскери-ғылыми экспедицияның құрамында болды. Онда осы өлкелердің өсімдіктер мен жануарлар дүниесін, халықтың тарихын, әдет-ғұрпын, ауыз әдебиетін зерттеді. Әрбір халықтың ерекшелігін бейнелейтін суреттер салды. «Ыстық көл сапарының күнделігі» деген ғылыми еңбегін шығарады. 1856 жылы Қытайдағы Құлжа қаласына жасаған 3 айлық сапардың нәтижесінде «Құлжа қаласы» деген еңбек жазды. 1857 жылы 27 ақпанында «Орыс географиялық қоғамының» толық мүшесі болып сайланды.
1858 жылғы 1 қазаннан 1859 жылғы 11 наурызға дейін «Әлімбай» деген жасырын атпен Шығысты зерттеу үшін ұйымдастырылған сауда керуенімен Қашқарияға (Қытай) аттанды. Онда елдің саяси құрылымын, табиғатын, халықтың кәсібін, әдет-ғұрпын зерттеген материалдар жинады. Бұл еңбектері үшін Омбыдан Петербургке шақырылды. 1861 жылы ол науқасы меңдеп, елге қайтты. 1864 жылы Ресейге қосу үшін Ташкентке бағыталған М. Г. Черняевтың әскери отрядына шақырылды. Бұл жорықта Әулие–Ата, Шымкент маңындағы жергілікті бейбіт халықтың қанын төгіп, үйлерін қиратып өртегеніне наразылық білдіріп, армияны тастап кетті. Алматы облысындағы Алтынемел жотасының етегіндегі Тезек төренің еліне барады. Осы жерде 1865 жылы дүние салды.
Қоғамдық өмірді түсіндіруде ол идеалистік көзқараста болды. Ғылым мен ағартудың арқасында қоғамды өзгертіп, прогреске жетуге болатынына сенді. Әлеуметтік бақытсыздықтың себебін жаппай сауатсыздықтан іздеді, «Әділетті басшы» идеясын жақтады. Мәдениет дәрежесінің экономикаға тәуелділігі жайлы ойлары болғанымен, ағартушылық позициясын ұстанды. Адамның көзқарасы, мінезі, әдет-ғұрпы, сыртқы ортаға, әлеуметтік және географиялық (табиғи) жағдайларға, климатқа, топыраққа байланысты деп, қоғам өміріндегі географиялық ортаның рөлін бағалады.
Оның дүниетанымдық көзқарасы көп жағдайда, материалистік көзқарасқа жақын келеді. Материя мен сананың арақатысын материалистік тұрғыдан шешті. Мәңгілік, шексіздік идеяларының негіздерін дамытты. Дін түрлерінің ішінде ислам мен христандыққа қарағанда буддизмді «гуманистік ілім» деп бағалады. «Даладағы мұсылмандық туралы» деген еңбегінде Исламды «Қазақтың ойы мен сезіміне кедергі жасайды, орта ғасырлық қараңғылықты уағыздайды, орыс мәдениетінен бездіреді» - деп жазды. Қазақ халқының прогреске жетуі үшін ислам дінін таратушы татар молдалардан құтылу, ислам дінінің ықпалынан халықты босату, қазақ жерінде орыс мектептерін ашып, қазақтарды оқытуды ұсынды. Жалпы алғанда, оның дүниетанымы, шығармашылық мұрасы мен практикалық іс-әрекеті Орта Азия мен Қазақстанның рухани қалыптасуы жолындағы үлкен белес болып табылады.