Адам және қоғам туралы iлiм. Адам және адамзат қоғамы, табиғаттың бiр бөлiгi, болғандықтан, олардың дамуын да Дао шешедi. Бұл жолға түскендердiң мiндетi, Даоны түсiну және өмiрi оған сай болуы керек. Осыған сай Дао этикасының негiзге алған принципі: адамда жоғарғы Дэнiң болуы әрекетсiз және енжарлықты iске асыру, ол “iзгiлiктi iс жасауға ұмытылмайды, сондықтан – рақымшыл”. Шынайы дана билеушi даосистердiң пiкiрiнше, өзiнiң қол астындағыларға табиғи жолмен (Дао жолымен) жүруге мүмкiндiк бередi. Ондай билеушiлер ештеңеге араласпайды. Олардың бар екенiн халық естiгенi болмаса, бiлмейдi, онымен тiкелей байланыспай, әрқайсысы өз жолдарымен жүредi. Сондықтан да даоистер дао жолымен жүргендердi заң арқылы шектеуге қарсы болды.
Легистер (заңгерлер – лат. Legis – iлiк септiгi, lex – заң). Легизм б. з. д. VI– II ғ. пайда болып қалыптасты. Легизм заңгерлер мектебiнiң iлiмi, адам, қоғам және мемлекет туралы саяси-этикалық концепциялар жасады. Негiзгi өкiлдерi: Шан ян, Шэнь Бухай, Шэнь Дао және оның ең көрнектi өкiлi – Хань Фэй.
Легизмнiң қалыптасуы ертедегi конфуцийшылармен өте өткiр күресте өттi. Конфуцийшылар мемлекеттi әдептiлiкке негiзделген заңдар арқылы билеудi жақтаса, легистер – тек таза заңға сүйенiп билеудi қоштайды. Легистердің ұғымы бойынша адамгершiлiк негiзiнде билеу қылмыстың көп болуына мүмкiндiк бередi. Ал елде тәртiпсiздiк болмас үшiн билеушi – мақтаудан гөрi, жазалуды көбiрек қолдануы керек. Қандай да болмасын жазалау арқылы халық арасында үрей мен сенiмсiздiк тудыру қажет. Мемлекеттi билеу және оның дамуы iзгi тiлектiң негiзiнде емес, жердi өңдеу, әскердi нығайту жолдарымен дамиды. Сонымен бiрге, халықты ақымақ ету арқылы iске асады. Легистердiң концепциясы – деспоттық мемлекеттiң теориясы.
Моистер мектебi оның негiзiн салған Мо-цзы атымен аталды (шамамен б. з. д. 475-395 жж). Жас кезiнде Моцзы Конфуцийдiң шәкiртi болды, кейiн оның мектебiн тастап, өз мектебiн, оған қарама-қарсы бағыттағы – моизмдi құрды.
Моизм философиялық тұжырымдаманың негiзгi қағидасы: жалпыға бiрдей махаббат және адамшылық мемлекетте барлық адам үшiн мiндеттi болуы керек және барлығы да өзара пайдаға қамқорлық жасау керек. Адамды сүю және олардың алып келетiн олжасының бiрлiкте болуы жөнiнен олар Конфуциймен ажырасады. Пайданы –мазмұн, адамды сүю және борыш ретiнде қарайды. Мо-цзы утилитаризм (жақсылық – бақыт орнататын, пайда келтiретiн адамгершiлiк деген уағызбен тап қайшылығын бүркемелеушi, жекешiл iлiм) тұжырымдамасын дамытады, ал Конфуций үшiн ең алдымен борыш, гуманизм болды.
Моц-зы әлеуметтiк этикаға аса көп көңiл бөлдi, оны мемлекет басшысының деспоттық билiгiмен, қатал мекемелермен байланыстырады. Мо Конфуцийға: “Теориямен айналысу – пайдасыз әрекет, ең бастысы прагматикалық мақсат болу керек”,– деп қарсы шығады. Мо-цзы Конфуцийдың “аспан еркi” тұжырымдамасының орнына “аспан еркiн терiстеу” теориясын ұсынады. Конфуцийше, кедейлiк пен байлық, тыныштық пен қатер, билiктiң бейбiтшiлiгi мен бүлiктiң болмауы, аспанның еркiне байлынысты, бұған ештеңенi алуға да, қосуға да болмайды. Бұл пiкiр консерваторлық (кертартпа), адамның iс-әрекетiн аспан еркiне бағындырады. Мо-цзы керiсiнше адам белсендiлiгiн, қоғамдық тәртiптi өзгертуге ұмытылуын қолдайды. Бiрақ, сол замандағы Қытайда мұндай пiкiрдi бүлiк пен толқудың себебi болады деп есептеген.
Ежелгi Қытайдың өзiндiк тарихи ерекшiлiгiне байланысты, оның ойшылары әлеуметтiк этикалық және саяси мәселелерге ерекше көңiл аударды.