Скептицизм – объективтік дүниені танып-білу мүмкіндігіне сенбей, күдікке көп орын беретін философиялық ілім (Пиррон).
Релятивизм (лат relativus – относительно, салыстырмалы) – объективтік болмысты білу мүмкін емес, әрі барлық білімді болжам деп есептейтін философиялық ілім. Релятивизм негізін салушылар негізінен софистер мен скептиктер, ал Жаңа заманда ол позитивизмде дамыды. Олар барлық білімді салыстырмалы принципте түсіндіреді, яғни оның толық еместігін, шарттылығын көп айтады да, осының негізінде қандай да болса объективтік шындықты жоққа шығарды.
Философия ғылымының таным теориясында өзіндік төмендегідей ерекше ағымдар пайда болды.
Эмпиризм – танымның негізінде тек тәжірибе және сезімдік түйсіктер жатыр деп санайды. Оның негізін салған Ф.Бэкон: «білімнің қайнар көзі – тәжірибе», – деді.
Рационализм – (лат. Ratio– ақыл) танымның негізі ақыл деп санайтын философиялық ағым. Ол танымның басты қаруы, сонымен бірге ақиқаттың өлшемі. Болмыстың, танымның, моральдің де негізі – ақыл. Рационализмнің негізі – антикалық философияда (Парменид, Платон, т. б. жасалады, ал философиялық бағыт ретінде ол Жаңа Заманда қалыптасты. Оның өкілдері – Декарт, Спиноза, Лейбниц. Рационализмге иррационализм де, сенсуализм де (эмпиризмде) қарсы тұрады.
Сенсуализм (лат sensus- сезім) – танымның көзі сезім (түйсік), ол ақиқаттың өлшемі деп санайды. Сенсуализмнің негізі антикада (Демокрит, Эпикур) ерекше бағыт ретінде Жаңа Заман философиясында қалыптасты (материалистік сенсуализм – Гоббс, Локк, Дидро, т. б.) идеалистік сенсуализм – Беркли, Юм, т.б. Ағартушылық дәуірде рационализм мен сенсуализм философияда өте маңызды рөл атқарады.
Иррационализм (лат. irrationalis – ақылсыз, санасыз, ақыл жетпейтін) – философиядағы ағым, танымда ақыл күшін мойындамайды, оған тіпті шек қояды, сонымен болмыстың мәніне ақылдың жетпейтіндігін уағыздайды. Иррационализмге субъективтік-идеалистік ілім жатады, М: Өмір философиясы (Шопенгауэр, Ницше, Бергсон, Шпенглер), экзистенциализм (Сартр, Камю, Хайдеггер) және басқалар.