Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі



бет5/6
Дата07.11.2016
өлшемі1,88 Mb.
#1252
1   2   3   4   5   6

* * *

Қазіргі шақта қазақ тілінің ахуалы қазақ ұлты мен мемлекеттілігінің болу-болмауы туралы проблемамен беттесіп отыр.

... Қазақстандағы аралас мектептердің әлі күнге дейін өмір сүруі – білім беру саласындағы қылмыс деп есептеймін.

... Қазақстандағы қаптаған балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан балалардың негізінен орыс тілінде тәрбиеленуі – сол балалар үшін тағдырдың екінші соққысы болумен бірге, адам құқығының аяққа тапталуы деп білемін.



Ақселеу Сейдімбек,

ғалым.

* * *


… Башқұртстанда 16 мың қазақ, ал Уфаның бір өзінде 4 мың қазақ отбасы бар. Олар, негізінен, өз ана тілінде жақсы сөйлейді, әсіресе, ересектер жағы. Осы орайда Ресейде тұратын қазақтар үшін орыс тілінде Қазақстан жаңалықтары (ең болмағанда жарты сағаттық, аптасына екі рет) жеткізетін радиостанция жүйесі болса… Мұны айтып отырғаным, ондағыларға сол жаңалық-хабарларды тыңдап, соңында 5-10 минуттық қазақ тілін үйрету сабағы қамтылса… мәселен, Лондондағы (Би-Би-Си-де солай ғой) орыс тілінде жаңалықтарын айтып келіп, соңынан ағылшын тілін үйрете жөнеледі. Мұның өзі Ресейде тұратын қазақтарға, әсіресе, жастар жағына көп әсер етіп, пайдалы болар еді. Олардың туған тіліне деген ынта-ықыласы артар еді.
Дәулет Мұхамеджанұлы Шейх-Әли (Тынышпаев),

техника ғылымының докторы, Ресей.
* * *
Менің қазақстандық қандастарым әлі де ұлыдержавалық сезім құшағынан шыға алмай жүр, сол себепті қазақ тілін үйренуге құлқы болмайды. Әрі олардың қазақ халқының тарихы мен мәдениетін жеткіліксіз білетіні де бөгет жасайды.
Е.И.Григорьев,

философия ғылымдарының докторы, Шығыс Қазақстан

мемлекеттік техникалық университетінің профессоры.
* * *
... Ауылдан қалаға келген бала арбасын сүйретіп жүріп те қазақша сөйлемейді ғой! Тілін бұрап орысша сөйлейді.
Асылы Осман,

ғалым.
* * *
... Біздегі отбасы екі түрлі. Бірі ауылда, екіншісі қалада. Бұлардың екеуі де ұл-қызымыз қазақ тілін емес, бұрын орыс тілін, енді ағылшын тілін білсе, өлмейді деген байламға бекіп алған. Осыдан келіп қазақ тілінің болашағы шынында да жоқ па деген үрей туады. Ең алдымен, халықты осы үрейден құтқаруымыз керек. Қалай құтқарамыз, оның бір ғана жолы бар. Қазақ тілі қажеттілікке айналуы тиіс.
Өмірзақ Айтбайұлы,

академик.
* * *
... Елді мекендердің, көшелердің, алаңдардың, сондай-ақ басқа да физикалық-географиялық объектілердің дәстүрлі, тарихи қалыптасқан қазақша атаулары басқа тілдерде транслитерация ережелеріне сәйкес берілуі тиіс. Бірлескен, шетелдік ұйымдардың атаулары мемлекеттік тілде және орыс тілінде транслитерация арқылы жазылады деп Тіл туралы заңның 19-бабында анық айтылғанымен, еліміздің ірі қалаларын қазақтың емес, шет жұрттың қаласы ма дегендей де әсерде қаласың...

... Қазір қажетті заңдық негіздің бәрі бар. Тіл туралы заң ережелері бұзылуының әрбір фактісі талданып, орын алған кемшіліктер жойылуы қажет. Әділет органдарының өздері заңды бұзуына жол беруге болмайды.


Бауыржан Мұхамеджанов,

ҚР Әділет министрі

(«Егемен Қазақстан», 11.07.98).
* * *
Қазіргі таңда қазақ қауымының үлкен бөлігін ертең ұлт болып қала аламыз ба деген күдік орап алған...

Қалың көпшілікпен жұмыс істейтін жауапты қызметтерге мемлекеттік тілді мүлде білмейтін, тіпті білуге талпынбайтын адамдардың жиі жоғарылатылуы қалай? Әлде бұл мемлекеттік тілдің өрісін тарылтып, тасын өрге өрлетпеудің ойлап табылған жаңа амалы ма?


Зейнолла Алшымбаев,

Мәжіліс депутаты.
* * *
... Біз, рухани ізбасарлар, яғни ұлты қазақ азаматын емес, «анатомиялық» мұрагерлер, қаттырақ айтсақ, әшейін тірі көкіректер бағып, өсіруге көштік... Ұлттық дәстүр, ұлттық мәдениет, ұлттық мінез-құлық сіңбеген, не орыс емес, не қазақ емес дүбәра ұрпақ келді өмірге. Менің көзім жеткен бір нәрсе – кез келген басы жұмыр пенде әйтеуір бір ұлттық дәстүрде тәрбиеленуі керек, екен, әйтпесе, ол тасқа өскен қынадай рухани тамыр тартпайтын көрінеді. Не орыс халқының дәстүрлі ұлттық құндылықтарын, не қазақ халқының дәстүрлі ұлттық құндылықтарын бойға сіңірмегесін, сонау ғасырлардан жалғасып жеткен киелі ұғымдарды шыбын қаққаннан да оңай мансұқ ете салатын түрі бар. Ал ондай түсінік адам бойына тек тіл арқылы ғана сіңеді...
Марал Ысқақбай,

жазушы.
* * *
Көптеген қазақ мектептерінің оқу-тәрбие жұмысын ұйымдастыруда елеулі кемшіліктер орын алуда. Соның салдарынан кейбір ата-аналар балаларын қазақ мектебінен алып, орыс мектебіне апарып жатады. Бұл, әрине, балаға оңай соқпайды.

Қазақ-орыс тілді аралас мектептерде таза қазақ тілді орта жоқ. Мұның да зардабын шегетіндер – қазақ сыныптары оқушылары...


Сайраш Әбішқызы,

М.Сералин атындағы сыйлықтың иегері.
* * *
... Алматыда тұратын қазақ балалары, барлығы дерлік, бір-бірімен тек орыс тілінде сөйлеседі десем, артық айтқандық бола қоймас. Тіпті сол балалардың ата-аналары да өз балаларымен орысша сөйлесіп жүргенін көргенде, мен «бүгінгі қазақтарда ешқандай ұлттық намыс, ұлттық сезім қалмаған ба?» деп ойлаймын. Өз тілімізді өзіміз қадірлемесек, онда біздің өз ұлтымызды қадірлемегеніміз ғой. Осыны да түсінбегені ме?
Асқарбек Құсайынов,

Педагогикалық ғылымдар академиясының президенті.
Сауалнама
Міне, әйтпесе!
Дмитрий Иванов, Алматы құрылыс комбинатының жұмысшысы:

- Қазақ тілі маған әлі ауылдың ғана тілі секілді көрінеді. Онда да жергілікті ұлт басым тұратын ауылдарда. Мемлекеттік тіл екен, енді оны қалаға, өндіріс орындарына емін-еркін араластырмайсыздар ма? Тілдің де, басқаның да тізгіні өз қолдарыңызда емес пе?
Виктор Яковлев, Алматы құрылыс комбинатының бөлім меңгерушісі:

- Рас, Конституцияда қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесі көрсетілген. Арнайы заң, бағдарлама бар екенін де білеміз. Енді соны іске асыруға Үкімет міндетті емес пе? Үйренуімізге жағдай жасалуы, қажеттілік тууы керек қой деп ойлаймын.
Анатолий Максимов, Волков геологиясы АҚ қызметкері:

- Меніңше, мемлекеттік тілді үйренуді сөзбұйдаға салып жүрген қазақтардың өздері. Өзге ұлт өкілдері тарапынан ынта жетіспей жатқаны да шындық. Тілді үйрену қызмет барысындағы қатаң талапқа айналса құба-құп.
Мақпал Жанболатқызы, Алматы:

Айтайын дегенім, мемлекеттік тіл – қазақ тілінің іс жүзінде мемлекеттік органдарда енгізіле бастағаны және ең қызық жағдай – өзіміздің қазақ бауырларымызға қарағанада, орыс ағайындарымыздың қазақ тілін үйренуге деген ұмтылысы. Мысқылдап, жас мұғалімді мұқатып, сынайтын да, өзіміздің ана тілін жеткілікті меңгермеген қазақ бауырларымыз...
«Ана тілі», 21.02.02.

Дос Көшім, саясаткер:



Ұлтсыздық идеологиясы



Космополиттік не орыстілділік бағыттағы идеологияның бүгінгі таңдағы негізгі дәйектемелері мыналар:

А) Қазақ тілін тірілтудің қажеті жоқ. Себебі бұл тілдің болашағы жоқ. Қандай тіл болса да, әйтеуір түсіністіктің, қатынас құралының рөлін атқарса болды.

Сол дәйектемені, өз сенімдерін бүркемелеу үшін келтіретін дәлелдері: Қазір ағылшын тілін білу шарт. Қазақтың тіл байлығы жетімсіз. Компьютерге түсіруге келмейді. Қазақ тілінің ғылыми саласы қалыптаспаған, жоғары оқу орындарындағы қазақ тілінің базасы жасалмаған. Тілдік пуризмнің салдарынан қазақ тілінің жаңа сөздері мүлдем түсініксіз болып кетті.

Солай деп ойлауларының шын себебі: Қазақ тілін білмейді, не толық меңгермеген, сондықтан қазақ тілі өмірдің барлық саласына енсе, бір тілді ғана білетін өздерінің екі тілді меңгерген басқа азаматтармен бәсекелесе алмай қалуынан қорқады. Далада қалатындарын сезеді.

Олардың дәлелдеріне уәж: Пікірталас кезінде ең көп қолданылатын тәсіл – сенің айтпаған сөзіңді, ойламаған ойыңды – айтты, ойлады етіп көрсету. Ешкім де «қазақ тілін білсін де ағылшын тілін білмесін» деген ұран көтерген жоқ. Қазір ағылшын тілін меңгеруде де қазақтілділер алда келеді. Себебі екі тілді меңгерген адам үшінші тілді де тезірек қабылдайтын талассыз шындық бар. Ағылшын тілін меңгеру қажеттіліктен туады.

Қазақ тілін түсінбейтіндер, білмейтіндер немесе жете меңгермеген жандардың қазақтың тіл байлығы туралы, оның мүмкіндіктері туралы баға берулері – соңғы кезде жиі кездесіп жүрген, бірақ «ғылымда әлі күнге дейін дәлелденбеген» құбылыс.

… Тілдік пуризмге түрлі көзқарас бар. Бұл - әлеуметтік не саяси мәселе емес, таза лингвистикалық проблема. Әрине барлық шет тілінен кірген сөздерді толық қазақ тіліне аудару – өте қиын және көп уақытты талап ететін жұмыс… Бірақ біздің оппоненттеріміздің осы мәселені көтергендегі көздеген мақсаты біреу ғана – қазақ тілінің сөздік қорының «кедейлігін» және қазақ тілі ғылымының «тайыз» деңгейін көрсету.

Қазақ тілінің ғылым тілі не жоғары оқу орнының тілі болу мәселесі қозғалғанда есіме Ресей тарихы түседі. 18-ғасырдың ортасында Ресейдің бірде-бір жоғары оқу орындарында орыс тілінде дәріс өтпегені белгілі. Сабақтар француз не неміс тілінде өтілетін. М.Ломоносов осы жағдайды өзгертіп, «орыс тілін ғылым тілі, университет тілінің дәрежесіне көтеремін» дегенде талайлар мысқылдай күлген. 20-30 жылдың ішінде оның да арманы жүзеге асты. Қазақ тілінің жағдайы оған қарағанда көш ілгері. Мемлекеттік қолдау болып, нақты бағдарлама қабылдап, жұмыс істесек, 10 жылға жетпей-ақ барлық оқулықтардың қазақ тілінде жазылуында сөз жоқ.

Ә) Қазақ тілі әлсіз. Орыс тілімен салыстырғанда деңгейі төмен.

Сол дәйектемені, өз сенімдерін бүркемелеу үшін келтіретін дәлелдері: Қазақ тіліндегі бұқаралық ақпарат құралдары орыс тілінің деңгейіне ешқашан жете алмайды. Қазақ тілі мен орыс тіліндегі мектептерді салыстырғанда орыс тіліндегі мектептің деңгейі жоғары, сондықтан сол мектепке балаларды көбірек береді.

Солай деп ойлауларының шын себебі: Қазақ тілін білмегеннен кейін өздерінің орыс тілінде сөйлеулерін сол тілдің «жоғары деңгейімен» дәлелдеу. Үйренгісі келмегендеріне ақталу.

Олардың дәлелдеріне қарсы уәж: Жоғарыдағы дәлелдер – империялық орыстандыру саясатының әлі күнге дейін қалмай келе жатқан әсері. Екі тіл тең дәрежеде бәсекелесіп, табиғи түрде орыс тілі өзінің бүгінгі орнын жеңіп алды дегенге ешқандай негіз жоқ. Кеңес одағы кезінде барлық ұлттық тілдерді біртіндеп жоюға және тек орыс тілін қалдыруға бағытталған, арнайы ойластырылған мемлкеттік саясат жүргізілгенін көпшілігіміз біле де бермейміз. Оны «тілдік жоспарлау», «тілдік саясат» деп атады. Осы саясаттың салдарынан қазақ тілінің қолдану аясын әдейілеп тарылтты және орыс тіліне деген қажеттілік қолдан жасалды. Естеріңізде болса, Қазақ даласына алғашқыда келген қоныс аударушы ұлттардың барлығы бір жылға жетпей-ақ қазақша сөйлеген. Бұл – өмірдің өзінің талабынан шыққан табиғи таңдау. Ал жұмысқа тұру үшін жазылған өтініштің орыс тілінде болуын талап етуден бастап, кандидаттық диссертацияның мәтінін орыс тіліне аудару шартын қою, почта, телеграфтардағы аппараттарды тек орыс тілінде жұмыс істету, барлық бланкілерді, ресми атауларды орыс тілінде ғана жазу, т.б. жасанды түрде бір тілге қажеттілік туғызу.

Барлық тілдердің деңгейі бірдей. Әңгіме сол тілді қолданатын адамдардың санында. Осыдан 150 жыл бұрын қазіргі еврей мемлекетінің ресми тілі ивритті екі адам ғана білген…

Орыс тіліндегі мектептердің деңгейі жоғары деген пікір, өкінішке қарай, қазақ тілділердің арасында да кең тараған. Ақылға сыймайтын бұл пікірдің өміршеңдігінің бірнеше сыры бар. Біріншіден, жоғарғы лауазымды жандардың көпшілігі өздерінің балаларын орыс тіліндегі мектепке береді. Олар кейін әке-шешелерінің көмегімен жақсы орындарға отырса, бұл да мектеп тілімен байланыстырылады. Екіншіден, орыс тіліндегі мектептерде еркіндік басым, оларды бітірген адамдар ашық сөйлеп, «сайрап» тұрады. Кейбіреулер бұл еркіндікті – білімділік деп те түсінеді, ал қазақтардың ұяңдығы, бойкүйездігін – білімсіздік деп түсінеді. Үшіншіден, орыс тіліндегі ақпарат ағыны мен көлемін қазақ тіліндегі ақпарат ағынымен салыстыруға болмайды. Төртіншіден, қазақ мектептеріндегі жұмысқа маман алудың жағдайын өзіміз білеміз… Бірақ, ең бастысы – Қазақстандағы педагогикалық мамандардың дайындығы бірдей, олардың барлығы бір бағдарламамен оқиды, оқулықтар да бірдей, оларды оқытатын оқушылар да бір. Сонда орыстардың милары жақсы жұмыс істейді, ал қазақтардың бастарында бірдеме жетіспейді деген ой шығады емес пе? Міне, біздің оппоненттердің де негізгі айтпақ ойы да – орыс тіліндегі мектептердің артықшылығы емес, қазақтардың ойлау қабілетінің, білімінің төмендігі деп түсінелік…
«Жас Алаш», 08.10.02.

______________________




Смағұл Елубай, жазушы:
Ұлтымыздың сорына біткен он сорақылық
1-сорақылық. 300 жыл бойы мойнымызға ілінген отарлық қамыт мойнымыздан түссе де .., миымыздан түспепті. Сол отарлық қамыт санамызда әлі де салпақтап тұр. Саяси отарсыздану рухани отарсыздануға ұласпады.

2-сорақылық. 2 миллиондай қазақтың өз Отанында отырып орыстануы.

3-сорақылық. Орыстілді сол 2 миллион қазақтың есебінен Республикадағы орыстілділердің саны көбейіп, бүгінде 7,5 миллионға жетуі, қазақтілділер санының азайып, 7,5 миллионға төмендеуі. Бұл деген сөз – қазақ және орыстілділер қазір таразының екі басында теңесіп тұр деген сөз. Ертең бірер жылда таразының орыстілділер жағы басқан күні тіл үшін күрестің де мезгілі өтеді деген сөз. Сорақылықтың көкесі – осыны ұқпау.

4-сорақылық. Тіл заңының қабылданғанына 16 жыл өтсе де, жалған қазақтардың қазақша 16 сөз үйренбеуі. Және олардың қонжиып мемлекеттік қызметтерде отыруы.

5-сорақылық. «Тіл туралы» Заңды қабылдаған Парламент, ол Заңды іске асыруға тиіс Үкімет және осылардың бәріне басшылық етуші Президент аппаратының әлі күнге шейін өздері дайындаған осы Заңды орындамай отырғаны.

6-сорақылық. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл болып жарияланғанына 16 жыл өтсе де, 4100 мың қазақ баласының мектептерде өз тілінде емес, өзге тілде дәріс алып жатуы.

7-сорақылық. Бір Алматының өзінде 369 балабақшаның тек 30-ы ғана қазақ балабақшасы. Бұл – барлық деңгейдегі биліктің кешегі жекешелендіру тұсында ұлт болашағын ойламағандығынан болған сорақылық. Алматыдағы 369 балабақшаның ең болмағанда жартысы бүлдіршіндерге мемлекеттік тілде тәрбие беруі керек еді. Астана мен Алматы қашанғы ұлттық нигилизм, орыстанудың ордасы болып келген. Әлі сол дәстүр бұзылған жоқ. Бұл жағдай қашан өзгереді? Тіл майданында Астана мен Алматы өзгермей, Қазақстан өзгермейді.

8-сорақылық. Онсыз да қоғамдық өмірден оңбай шеттетілген қазақ тілін қорғаудың орнына кейбір жалған қазақ бауырларымыз шындықтың өңін айналдырып, Қазақстандағы онсыз да үстем тіл – орыс тілін қорғау керек деп айқай салып жүр. Байбалам салып жүр. Бұларды кешегі зұлымдық империясының бүгінгі итаршысы демегенде… кім дейміз?!


9-сорақылық. Қазақстан ақпарат құралдарында, әсіресе, телеарналарда мемлекеттік тіл салтанат құра алмай отыр. Кейбір жағдайларда мүшкіл күй кешуде.

10-сорақылық. Жеке басты сорақылық. Қазақ қауымының осынау асқынған ұлтсыздықты үйреншікті қалып деп қарауы, «норма» деп қабылдауы. Сорақылықтың сойқаны осы.

Жоғарыда айтылған 10 сорақылықты жою жолындағы 10 ұсыныс:

1. Солқылдақ Тіл Заңы мемлекеттік тіл мәселесін шешпек тұрмақ, оған тұсау болып отыр. Ендігі үміт: «Тіл туралы» Заңда мемлекеттік тілді өзге тілмен теңестірмей, оған басы ашық үстемдік беру керек. Сонда ғана мемлекеттік тіл басымдығын жұрт заң жүзінде мойындамақ. Демек, Тіл туралы Заң қайта қаралуы керек.

2. «Тіл туралы» Заң және «Тілдерді дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын» қадағалайтын тіл инспекциясы керек.

3. «Тіл туралы» Заңға сәйкес еліміздің үш жетекші мекемесі – Президент аппараты, Парламент, Үкімет мемлекеттік тілге биылдан бастап көшіп, қалғандарға үлгі көрсетуі керек.

4. Төрт министрлік – Сыртқы істер министрлігі, Білім беру министрлігі, Ауылшаруашылық министрлігі және Ішкі істер министрлігі мемлекеттік тілге биыл көшуі керек.

5. Алматы, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстары мемлекеттік тілге биыл көшеді деп жарияланды. Бұл шараға мемлекеттік мән беріліп, қатаң қадағалануы керек.

6. Осындай шараларға мемлекеттік бақылау жасайтын Тіл комитеті Президент құзырына қаратылуы қажет-ақ…

7. Мемлекеттік тілді білу талабы қойылатын мемлекеттік қызметтер тізімі жасалуы керек.Ондай қызметтерді иеленіп отырған азаматтарға мемлекеттік тілді білу үшін тағы бір жыл мерзім беріліп, келесі жылдан бастап олар мемлекеттік тілден сынақ тапсыруы керек…

8. Жоғары оқу орындарына түскен студенттерге гранттар беруде мемлекеттік тілде іс жүргізе алатын болашақ мамандарға гранттың 70 пайызы бөлінуі керек. Бұл – мемлекеттік тілге деген басты қамқорлық болмақ.

9. Осы саясат еліміздегі бұқаралық ақпарат құралдарына лот үлестіру тұсында да қаперге алынуы қажет. Лоттардың 70 пайызы қазақ тілді БАҚ-тың үлесіне тиюі керек. Мемлекеттік тіл БАҚ-та жеңіске жетпей, оның бағы ашылмайды.

10. Үкіметтің жылдық бюджетінде мемлекеттік тілді дамытуға арналған бап болуы керек. Мемлекеттік тілді қолдауға мемлекет қомақты қаржы бөлуі керек.
* * *
«Обрусевший национал хуже всего, он всегда пересаливает…» (Ленин). Қорықсаң да осыдан қорық!

Мына «ұсақ-түйекке» кім назар аударады…

1. Қазақ тілінде сауатты баса алатын машинисткалар жоқ. Қазақ тілінде машинистка-стенографистка даярлайтын курстар жабылып қалған. Іс қағаздарын қазақ тілінде жүргізе алатын кітапханашылар жоқ…

2. Жоғары оқу орындарында (астанамызда да, Қазақстанның өзге ірі қалаларында да) қазақша дәріс жоқтың қасы.

3. Қазақстанның астанасы Алматыда қазақ тілінде бір ғана орта мектеп бар.

4. Шопандарға арналған республикалық мәжілісте қазақ шопандары орысша сөйлеуге мәжбүр болды.

5. Барлық мекемелерде (тіпті, қазақ баспаларында да) іс қағаздары орысша жүргізіледі…

6. Алматыдағы қазақтардың саны осы қаладағы бүкіл тұрғындардың тек 5%...


Хамза Есенжанов,

жазушы

(«Қазақ әдебиеті», 13.04.01).
* * *
Біз, ең алдымен, «қазақтың тілі жоғалса, қазақ деген ұлт жоғалады» деген идеяны ұстануға тиіспіз. Тілдердің жоғалуы – кешегі күні де жүрген, бүгінгі күнде де адамзат тарихында жүріп жатқан аяусыз да табиғи процесс. Өзіңді өзің қорғамасаң, ешкім сені аямайды, өзіңе өзің мықты бол, қоңсыңды ұры тұтпа. Сарапшылар «осы ғасыр ішінде бүгінгі бар тілдің сексен пайызға жуығы жойылады» деп жорамал жасап отыр. Дұшпанды көрмей тұрып қорық. Егер тілімізді сақтап қала алатын мемлекет болмаса, онда мемлекет құрып несіне әуре боламыз? Ендеше, билікке таласы бар әр қазақтың бойында «халқымды жоғалтып алмайын» деген ұлттық намыс болуы керек. Ондай намысы жоқ адам биліктің маңайына жолатылмауы тиіс. Намысы барлықтың бірінші көрінісі қазақ тілін қорғау болып табылады.

Жағда Бабалықұлы,

этнограф.

* * *
... Давос экономикалық қоғамдастығы немесе Бүкіләлемдік сауда ұйымы талаптарына сәйкес халықаралық стандарт бойынша мемлекет дамуының негізгі белгілерінің бірі – елдегі мемлекеттік тілдің толыққанды қызмет етуін қамтамасыз ету.

Мемлекеттік тіл тек қазақ ұлтының ғана тілі деген пікірден арылуымыз керек. Ол барлық Қазақстан азаматтарының ортақ тіліне, қазақтар үшін ана тілі бола тұра, өзге ұлт өкілдерінің екінші ана тіліне айналуы тиіс.
Ерден Қажыбек,

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі

Тіл комитетінің төрағасы
* * *
... Тілге деген төрт түрлі көзқарас бар.

Біріншісі, бойында ұлттың қаны бар, рухани өресі биік – шын жанашырлар;

екіншісі, қасиетті қазақ тілінің өркені өсіп, өрісі кеңісе деген тілекшілер;

үшіншісі, екі ортада қалып, яғни қай тіл бел алса, соның «сойылын» соғуға әзір жүргендер;

төртіншісі, сенің тіліңнен мүлде хабарсыздар.

Осы төрт топ бір мүддеде бас қосқан күн туса, қазақ тілінің бағы жанады.


* * *
Кейбір облыстар мынадай жағдайды алға тартады. «Қазақша жазған хат-қағаздарымыз орталық органдарда сол қазақша болғаны үшін көбірек жатып қалады. Сондықтан ресми тілде жіберуге мәжбүрміз» дейді.

Премьер-министр кеңсесі жетекшісінің нұсқауына сәйкес мемлекеттік тілге көшкен облыстарға мемлекеттік тілден өзге тілде құжат дайындауға болмайды. Кейбір әкім-қаралар жоғарғы лауазым иесінің осы нұсқауының өзін орындамай отыр.

… Заңның 9-бабы бойынша барлық құжаттар, ең алдымен, мемлекеттік тілде әзірленіп барып, орысшаға аударылуы керек. Біз керісінше жасап жүрміз. Сондай-ақ 27-бапта халықаралық кездесулер, шетелдік қонақтармен жүздесулер мемлекеттік тілде өтуге тиіс екендігі жазылған. Солай жасалып жатыр ма? Әрине, жоқ.

Бауыржан Омаров,

профессор.
* * *
Бүгінгі жоғары білімді қазақ жастарының елеулі бөлігі ағылшын, француз, неміс, қытай, жапон сияқты әлемдік немесе дамыған елдердің тілдерін біледі. Ал сонда олар неліктен әлем мәдениетіне орыс тілі деген «жалғыз көпір» арқылы өтуге тиіс.
* * *
Мемлекеттік тілді білмейтін адамды мемлекеттік қызметке алу дегеннің өзі ақылға сыймайтын нәрсе. Өз мемлекетінің тілін білмейтін, оны сыйламайтын адам қалай сол елге қызмет ете алады? Тілді оқытуда да, мемлекеттік қызметке қабылдауда да өзімізді өзіміз алдауды тоқтату керек.

Шерубай Құрманбайұлы,

профессор.
* * *
Жалпы, бізде екі әлем бар: қазақ әлемі және орыс әлемі. Қазақ әлемі – қазақ баспасөзі, теледидары. Ал орыс баспасөзінде мүлде басқа мәселелер айтылады, жазылады. Бір қоғамда екі әлем қатар өмір сүре алмайды. Болашақта орыс әлемін қазақ әлемі өзіне сіңіріп алады. Немесе орыс әлемі бір облысқа бекінуі мүмкін. Билік осыған жол бермеуі тиіс.

… Ұлтшылдарды және билікті әлі күнге дейін орыстілділер бақылайды. Бұлар ұлтшылдардан қорқады. Ұлтшыл қайраткерлерді халыққа жағымсыз адам ретінде көрсетіп отыр. Бірақ бұл процесс ұзаққа бармайды. Бір күні халық ұлтшылдықты өзі талап ететін болады. Сол кезде кім тумен шықса, сол лидер болады.


Әзімбай Ғали,

саясаттанушы.
* * *
Ел кімдікі, жер кімдікі болса – мекен атаулары да сол ұлттың тілінде, сол жұрттың салт-ғұрыптық өнегесінде болуы керек. Бұл – елге иеліктің белгісі. Егер өз атамекеніңнің атауы жаттілдік болса, онда сенің ол жерде орнықты отырмағаның, уақытша бір тұрғын есептісің. Біздің, қазақ ұлтының, өз мекеніндегі қазіргі жағдайы нақ осындай. Бейне біреудің елінде сияқтымыз.
Сабыржан Шүкірұлы,

журналист.
* * *
Нотариаттағылардың бірде-бірі қазақша білмейді. Әділет министрлігі олардан мемлекеттік тілді білуін талап етпейді.
Оразкүл Асанғазы,

Астана қалалық тіл басқармасының бастығы

(«Эра ТВ», 02.06.06).
* * *
Қазақ басылымдары түгелдей дерлік қазақ тілінің, дінінің, ділінің зарын зарлап-ақ келе жатыр. Бірақ шенеуніктер олардың мақалаларын оқымайды. Олар үшін сөйледің не, сөйлемедің не, бәрібір.

... Шенеуніктер қазақ тілін жек көріп жүрсе, несіне Қазақстан Республикасының аяулы шенеунік атауын иеленіп жүр? Олар қазақ елінен басқа еш жерге керек те емес екенін неге түсінбейді?


* * *
Ұлтшылдар жанкешті болған жағдайда әрі саяси билік пен буржуазияда ұлттық элементтер күшейіп, ұлттық ядро құрылса, өмірдің барлық саласында қазақтың тілін, ділін менсінбейтіндер тәубесіне келер еді. Бірақ қазір барлық тетіктер орыс тілділердің пайдасына жұмыс істеп тұр.
Ислам Жеменей,

шығыстанушы.
* * *
Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін шын мағынасында орнықтыру үшін жан беріп, жан алысып жатқан қазіргі шақта Білім және ғылым министрлігіндегі басшылар айды аспаннан шығарыпты. Олар биылғы оқу жылынан бастап жоғары оқу орындарында Қазақстан тарихы пәнінен мемлекеттік емтихан қабылдауды қажетсіз санап, оны ағымдағы емтиханмен алмастырыпты…
Ханкелді Әбжанов,

тарих ғылымдарының докторы

(«Егемен Қазақстан», 14.09.06).
* * *

Француз тілі үстемдік құрғанда Ресейдің ақсүйектері орыс тілін «шаруа тілі» деп кемсітті, келеке етті. Даль, Пушкиндер шықты күреске. Біздің тағдырымыз да осыған ұқсас. Әнеугіні бір топ қалалық қазақтың балаларын көрдім. Өзара орысша сөйлеседі. Олардың ойынша, қазақ тілі апа-аталарымен әңгімелесуге керек екен. «Біз – өркениеттіміз, біз – крутоймыз», сондықтан орысша сөйлейміз» дейді олар. Бірақ көп қазақтың жаны ауырып жүр. «Бәрібір» деп қолды сілтейтіндер аз.

Қазақстандағы кез келген ұлт өкілін отырғызып қойып, білетін қазақ сөздерін жаздырсаңыз, таңғалар едіңіз. Бірақ сол сөздердің басын құрап сөйлей алмайды. Біле-білсеңіз, тілді үйренуге халық дайын тұр. Орыс мектептеріндегі ата-аналар жиналысында ешкім «Қазақ тілі не үшін қажет?» деген әңгіме айтпайды қазір. Сана өзгеруде. Сана өзгерсе, бәрі де өзгереді. 30 жылдан кейін ел басқаратын әлгі «крутой» балаларға тілдің қадірін ұқтыруымыз керек. Әйтпесе тіл ауылда ғана қалады.
Гүлнәр Нұрпейісова,

«Казахстанская правданың» тілшісі

(«Ана тілі», 12.08.04).
* * *
Петропавлда тұңғыш қазақ сыныбы 1989 жылы ашылды. Тіл жанашырларының үй-үйді аралап, әзер дегенде жинаған 15 «қарадомалағы» мен «сарыдомалағы» орыс мектебінің босағасында «Әліппенің» бетін ашты. Қызылжарлық ағайындар жүрек түкпіріндегі «Өз қолымыз қашан өз аузымызға жетер екен» деген үлкен арманына ел тәуелсіздігінен кейін ғана қол жеткізді. Бас-аяғы 4 жылдың ішінде 4 қазақ мектебі шаңырақ көтерді. 3 мыңға жуық балғын шәкірт ұлттық тәлім-тәрбие, білім алып жатыр.

Алайда, мектептердің тарлығы және типтік үлгіде салынбауы салдарынан оқушылар сыймай барады. Мұның өзі ата-аналар тарапынан алаңдаушылық тудырып отыр. Шынында да солай. 320 орынды классикалық гимназиядағы оқушылардың саны 950-ге жуықтап қалды. Былтыр 1-сыныпқа 100 бала барса, биыл кемі төрт сынып болатын түрі бар. Жағдай осылай күрделене берсе, үш ауысымда оқыту мәселесінің күн тәртібіне қойылуы ғажап емес.


Өмір Есқали,

(«Егемен Қазақстан», 29.08.06).
Ұрымтал сөз:
Абай мен Шәкәрімнің отанында қазақ тілінде тәрбие беретін балабақша жоқ екен. Бұл не деген сұмдық?! Әкімдер, осы мәселеге жауапты шенеуніктер ай қарап отыр ма? Егер міндеттерін дұрыс атқара алмайтын болса, бұларды жұмыстан шығару керек!
Мағзом Баяндаров,

Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары

(«Жас Алаш», 05.08.06).
* * *
... Мен қатысып жүрген облыстық, қалалық жиындар көп жағдайда орыс тілінде жүргізіледі. Сол жиындарға қатысып отырған жандардың ең болмаса біреуі орыс болса екен...

Не деген бейшаралық десеші!

Тараз қаласының іргесінде тұрған не мемлекеті, не мектебі жоқ дүнген халқынан өнеге, өсиет алатын кез келді-ау деймін. Кейінгі кезде мен өзімді осындай өжет халықтың ұрпағы болсам деп армандаймын...
Таңсықбай Әбдіралиев,

«Мемлекеттік тіл» қоғамдық қозғалысы

Жамбыл облыстық филиалының төрағасы.

_________________



Жеңіс Жомарт, шығыстанушы
«Мәңгүрт» деген немене, «мәмбет» деген немене?
... Ру-тайпалық тұрғыдан үш топқа, тілдік бағдары жөнінен екі топқа бөлініп жататын қазақ жамағаты, енді дүниетанымдық және ділдік сапасы жағынан «мәңгүрт» пен «мәмбет» болып тағы да жіктеле бастапты. Қазақтың бірлігіне мүдделі емес үшінші бір күштер осылайша ат төбеліндей қазақты одан әрі майдалап, аздырып, тұқымымызды құртуға шындап кіріскен сыңайлы.

Үшінші күштердің қазақты «мәңгүрт» пен «мәмбет» деп екіге бөлгендегі мақсаты не?.. Үшінші күштердің мақсаты – өздерінің алысты көздеген жымысқы саясаттарының орындалуына кедергі келтіреді-ау деген қазақтардың бойына дүниедегі жиіркенішті мінез-құлықтың барлығын жапсырып, «міне, мынау – «мәмбет» деп көрсету арқылы қазақтарды нағыз қазақтардан қашыру. Бұл – «бөліп ал да билей бер» деген саясатты өте епетейлі түрде іске асырған алпауыт елдердің ежелден қолданып келе жатқан айла-амалы.

Мысалы, Иранды саны жағынан өзге ұлттардан басым екі халық – парсылар мен түркілер мекендейді. Екеуі де мәдениеті, қабілет-қарымы және әл-ауқаты жағынан шамалас халықтар. Бірақ соңғы 20-30 жылда Иранда түркілердің өз ұлттарынан жеруі қатты асқынып тұр. Жастар «түркіміз» деп айтуға қысылады, ұялады. Неге?

... Олардың ұлттық сана-сезімінің осыншалықты дағдарысқа ұшырауының себебі – бар болғаны түркілер жайлы айтылатын анекдоттар мен түркілерге ирандықтардың қойған жағымсыз лақап аттары екен. Бұл анекдоттарда Иранның сауда саласының басым көпшілігін қолдарына шоғырландырып отырған түркілер дүниедегі ең ақымақ, ең ашқарақ, дүниеқоңыз, сауатсыз адамдар ретінде бейнеленеді.

... Осы бір лас технологияны қолдану арқылы парсылар қантөгіссіз, у-шусыз тұтас бір халықты жоқ етуге таяды. Ресейдегі аз халықтар туралы да осыны айтуға болады.

... Бізге жағымсыз ат қою арқылы олар бізді онан әрі өз тамырымыздан, өз тегімізден қашықтата, алыстата түсуді көздейді. Біріншіден, олар қасиетті дініміздің ұлы пайғамбарының мүбарак есімін жасанды түрде жағымсыз атқа («мамбет») айналдырып, бізді діннен алыстатуды қаласа, екіншіден, ұлттық дәстүрді берік ұстанған қазақтың бойына барлық жиіркенішті мінез-құлықты үйіп-төгіп, оның, яғни өзін «нағыз қазақпын!» деп есептейтін азаматтың жағымсыз тұлғасын жасауға күш салады. Бұл ретте бүкіл амал-тәсілді қолданады...

Жасырын күштер дәл осындай жолмен, қазақтың өз ұлтынан, өз құндылықтарынан жиіркендіріп, «мәңгүрттерге» айналдырмақ. Бұл орайда олар бірталай нәтижелерге қол жеткізді де. Қазір қазақ арасында «біздің қазақ осы ғой...», «өйтпесек қазақ боламыз ба...», «қазақ – жүрген жерің азап...», «қазақ десең өзіңе тиеді...», «қазақы бала бала емес...», «қазақтың қай тірлігі оңушы еді?!» деген керітартпа сөздердің жиі естілуі қаупімізді қоюлата түскендей.

Осы орайда, әлемде дәл біздегідей ахуалды бастан кешіріп, ақыр соңында халық ретінде жер бетінен жоғалған халықтардың тарихына тереңірек үңіліп, одан сабақ алғанның артықтығы жоқ сияқты.

Испан билігінен құтылған соң үндістер өздері ең тығыз орналасқан Латын Америкасының Перу елінде мемлекет жариялап, этникалық және нәсілдік ерекшеліктеріне қарамастан, барлық Перу халқы: кечуалар (Перудің титулды халқы), креолдар (испандықтар), метистер (перулік мәңгүрттер) өздерін «перуліктерміз» (біздің «қазақстандықтар» дегеніміз сияқты) деп атады. Тәуелсіздік алған соң отаршылықтың қорлығы өткен үндістер, тіпті дәстүрлі инк мемлекеттілігі – Тауантинсуйді қайта қалпына келтіріп, Инк империясын жаңғырту идеясын да ұсынды.

... Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бәрі дұрыс-ақ басталған сияқты еді. Бірақ бірте-бірте ұрандар мен шындықтың арасында алшақтықтар пайда бола бастады. Қоғамдағы билік ел халқының 5 пайызын ғана құрайтын креолдарда болды. Ал халықтың 95 пайызы кечуа үндістері еді...

Перудегі ұлттық процеске Перу қоғамындағы мәдени бөлектенушілер де өз ықпалын тигізбей қоймады. Елдің негізгі халқы үндістер өз жерлерінде меңіреу тұрмыс кешті, саяси оқиғаларға сирек араласты. Халық ұлттық дәстүрге қатысты мәселеде екіге жарылды. Кечуа мәдениетін... жақтаушылар мен «Испания-Аша» мұрасын (испан тілі, католик діні) жақтаушы креолдар арасында бәсекелестік етек алды. Бұл екі өркениеттің қақтығысуы метис мәдениетінің көтерілуіне ықпал етті. Осы сапырылысулар нәтижесінде креол мәдениеті үстем жағдайда қалды да, метистер испан мәдениетін қабылдады. Үндісше сөйлеу «артта қалғандық» болып есептеліп, үндіс мәдениеті тек адам аяғы баспас аймақтарда ғана сақталды.

Кечуалықтың бүкіл тірлігі, іс-әрекеті «артта қалғандық» болып саналғандықтан, үлкен қалаларға келген үндіс өзін «метиспін» деп таныстыратын жағдайға жетті.

Метистер испан тілі диалектісімен сөйледі. Олардың тек тұрмысында, киімінде, жүріс-тұрысында ғана аздаған үндістік сипаттар болды... Креолдар мен креолданған метистер перуан ұлтының саяси және этникалық аспектідегі шынайы өкілдері болды. Содан кейін бұл елге түрлі саяси-экономикалық жағдайларға байланысты қытайлар, үндістандықтар, көрші Латын Америкасынан басқа ұлт өкілдері көшіп келіп, метистердің санын көбейтіп, кечуа құндылықтарының онан әрі аяққа тапталуына, ығысуына «өз үлестерін қосты».

Соңғы жылдары біздің елімізге де дүниенің түкпір-түкпірінен түрлі себептермен қилы ұлт өкілдері келіп, қоныстанып жатыр. Бірақ осылардан келе салып, қазақтың сойылын соғып, жоғын жоқтайтынына күмәндіміз. Күнкөрісті мақсат еткен олар өздеріне ең тиімді жолды таңдап, тілі басым топтың қатарына қосылары анық.

90-жылдардың басында... Иран елінде болғанымызда, Қазақстанмен іскерлік байланыс орнатуды көздеген ирандық кәсіпкерлер ... қазақ халқы туралы, елімізде іс тілінің қай тіл екенін сұраған-ды. Біз оларға бұрын орыс тілінің үстем болғанын, енді қазақ тілінің мемлекеттік мәртебе алғанын айтып, ... қазақ тілін үйренуге кеңес бергенбіз. Олар болса, жатпай-тұрмай қазақ тілін үйреніп, ақшаларын қалталарына салып, тауарларын арқалап, Қазақстанға сапар шеккен. Бір жылдан соң әлгілерді Алматыда жолықтырғанда, олар бізбен орысша амандасып, «бұл жақта ешкім қазақша сөйлемейді екен ғой» деп өзімізді жерге қаратқан. Қазір базар-базарда өріп жүрген тәжік, ауған қытайларың да орыстілділердің санын көбейтіп жүр.

Қазақша шетелдіктерден тек тәжік диуаналары ғана сөйлейді, өйткені олардың негізгі садақа берушілері – қазақтар.

Сол Перуде онан әрі жүрген этникалық процестер нәтижесінде «чоло» деген топ пайда болды. Үндіс құндылықтарының тезірек жер бетінен жойылуын тілеген көптеген идеологтар мен зерттеушілер үнділік тектен ажыраған, үндіс мәдениетіне жиіркенішпен қарайтын «чолоны» идеал ретінде қарап, оларды Перу халқының болашағы, ұлттық рухы» деп санады.

... Осылайша айналасы жүз жылдың ішінде көне өркениеті бар, өз территориясы бар халық өз тәуелсіздігін алған тұста тұқымы тұздай құрып, бірі – метиске, бірі – чолоға айналып, жоқ болып құрып кетті. Байыппен қараған кісі еліміздегі этникалық процестің дәл Перудегідей сценаримен дамып бара жатқанын байқауына әбден болады. Қазірдің өзінде біздің өз «чололарымыз», «метистеріміз», тіпті «креолдарымыз» да бар.

Керек кезінде өзімізді қамшылап, қайрап, сынап отырсақ, мұның берері де көп. Кезінде «темір канцлер» атанған Бисмарктің «біз өзімізді өзіміз сынайық, бірақ басқалардың табасына қалмайық» дегені бар.

Қазақтың дұшпаны – ең алдымен, «жамандар». «Жаман» болғанда да Бұхар жыраудың, Махамбеттің, Абайдың шығармаларындағы «жамандар». Бұлар айтқан «жамандар» біздің заманымызға да жетіп, тұтас халықтың атына кір келтіріп, арамызда алшаңдай басып жүр.

Егер өзіміз осы «жамандардың» бет-бейнесін ашып көрсетіп, ажырата білсек, басқалардың да тұтас қазаққа күйе жағуға да дәті бармас еді.

Жалпы, «жамандардың» автобустың ішінде түкіре салатын, көшеде кетіп бара жатқан қыз-келіншектерге себепсіз жабысатын, ішіне жүз грамм түскенде «біздерде мынадай бар, мынадай бар» деп бөсетін майда-шүйде қылықтарын санамалағанда, олардың негізгі «қасиеттері» төмендегідей болады.

Олар, біріншіден, имансыз болады. Яғни олар Тәңірінің барлығына, О дүниеге, О дүниеде Тәңірі тарапынан болатын сұрауға сенбейді. Сондықтан да ол Алладан қорықпайды. Осындай имансыздықтың салдарынан ол өтірікші, жағымпаз, қорқақ, дүниеқоңыз, лас болады.

Қазіргі заманның «жамандары» қазақша сөйлегенмен, қазақтың тілін, мәдениетін, дәстүрін сыйламайды. Оларды өзінше жамандап, «ескінің көзі» деп қарайды. Орысша сөйлегеннің түйірдей мақтанышы болмаса да, өзінің орысша білетінін көрсеткісі келіп, орысша-қазақша араластырып сөйлегенді ұнатады. Жиын-тойда араларында бірді-екілі басқа ұлт өкілі отырса, тілін бұрап орысша сөйлеуге тырысады. «Оның не?» десең, «оларға түсінікті тілде сөйлеген жөн ғой» деп «әдемі» жауап тауып кетеді. «Балаларым тәуелсіздік алған тұста ана тілінде оқысын» деудің орнына, балаларын орыс мектебіне береді.

Қазіргі заманның «жамандары» адамды киіміне, байлығына, жылтыр сөзіне, дүниесіне қарап сыйлайды. Сөйлесіп отырған адамның ішкі рухани дүниесіне пысқырып та қарамайды. Ақылды, парасатты, білімді адамнан гөрі бай, мақтаншақ, жылтыраққа құмар адамды жоғары қояды. Рухы берік Иран, Араб елдері, Қытай, Жапония халқынан гөрі Батыстың даңғазасын жақын көреді.

Қазіргі заманның «жамандары» рушыл, жүзшіл болады. Өзінің үйінің жанындағы туысы аштан бұратылып жатса да, оның жағдайын сұрауға бұрылмайды. Есесіне, өзі өмірі түрін көрмеген тайпаласын, егер ол құзырлы қызмет істесе немесе өзіне қолдау керек болса, жердің түбінен болса да тауып алып, оған туысқан екенін дәлелдеп, туыс болып алады. Өз руын басқа рулардан биік деп санайды.

... Қазіргі заманның «жамандары» мансапты ұлтына, халқына қызмет ету үшін емес, тек баю үшін істейді. Егер мұғалім «жаман» болса, оқушылардан ақша алады, ал полиция қызметкері «жаман» болса, көшедегі қаңғыбастан ақша алады. Қысқасы, қазақтың дұшпандарының «мамбет» деп жүргендері – осылар.

Бізден басқа көрші-қолаң ұлттар мен ұлыстарда, мәселен, «мәңгүрт өзбек» немесе «мәңгүрт орыс» дегендер бар ма? Әрине, көпшілік болған соң болары анық. Бірақ оларда бұл мәселе дәл біздегідей көкейтесті емес. Көшеде, батпақта аунап жатқан орыс маскүнемінің өзі ешқашан да өз ұлтынан, өз құндылығынан жерімейді. Жеріген де емес. Оның көкірегі әрдайым орыстық мақтанышқа толы.

Үстіне жыртық шапан киген өзбектің өзі Ташкент базарында қазақша сөйлесең, жорта түсінбеген болып, жауап бермейді. Өйткені ол Өзбекстанда жүрген әрбір адамның, мейлі оның ұлты кім болса да, өзбекше сөйлегенін қалап тұрады.

Сонымен, «нағыз қазақ» деген кім? «Жаман қазақ» деген кім? «Мамбет» деген кім? «Мәңгүрт» деген кім? Біз осыларды шартты түрде болса да нақтылай кету үшін арнайы тест дайындадық. Енді осы тестке назар салыңыз.


Сіздің қай топқа («мәңгүрт», «мамбет», «нағыз қазақ»,

«жаман қазақ») жататыныңызды анықтайтын

Т Е С Т
1. Сіз дінге, өлімнен кейінгі өмірге, О дүниеде болатын сұрауға сенесіз бе?

А) Жоқ (1).

Ә) Сенемін (2).

Б) Сенемін, сондықтан да имандылыққа ерекше ден қоямын (3).

2. «Малым – жанымның, жаным – арымның садағасы» деген тәмсілге қалай қарайсыз?

А) Мен қазақтың мақалдарын түсінбеймін (1).

Ә) Жан керек болса малымды да, арымды да аямаймын (2).

Б) Бұл мақал – менің өмірімнің мәні (3).

3. Егер «Иегова куәгерлері» ұйымы «Әрбір екі айда бір қазақты біздің ұйымға кіргізсең, айына 300 АҚШ доллары көлемінде жалақы беремін десе, келісесіз бе?

А) Иә (1).

Ә) Жоқ (2).

Б) Бүйткенше өлгенім жақсы (3).

4. Туған аулыңыздан уран кеніші табылып, өндіріс орнына айналып жатса, қуанасыз ба?

А) Иә (1).

Ә) Иә, өйткені жаңа жұмыс орны ашылды ғой (2).

Б) Жоқ, өйткені бұл аулымыздың ғана емес, еліміздің де экологиялық жағдайына кері әсерін тигізеді (3).

5. Сіз күздегі болатын Парламент сайлауына кандидаттардың қазақ тіліне деген көзқарасының оң болғанын қалайсыз ба?

А) Маған бәрібір (1).

Ә) Иә (2).

Б) Міндетті түрде мен дауыс берген депутат кейін өз уәдесіне сатқындық жасаса, оның депутаттықтан кетуін талап етемін (3).

6. Сіз қатысатын жиында, тойда қатысушылардың жартысынан азы басқа ұлттың өкілі болса, қай тілде сөйлейсіз?

А) Орысша (1).

Ә) Ыңғайына қараймын (2).

Б) Тек қазақша сөйлеймін,. Өйткені олар мемлекеттік тілді білуі тиіс (3).

7. Бір мекемеге немесе дүкенге барғанда бірінші қай тілде үн қатасыз?

А) Тек орысша (1).

Ә) Егер сатушы басқа ұлт өкілі болса, онда ұлтаралық тілде тіл қатамын (2).

Б) Бірінші оған қазақша тіл қатамын. Егер ол қазақша білмейтінін айтса, онда орысша айтамын (3).

8. Сіз қазақ болып туғаныңызға өкінбейсіз бе? Қазақ халқы басқа халықтармен салыстырғанда қандай?

А) Кейде өкінемін (1).

Ә) Өкінбеймін. Бірақ біздің халық жалқау халық (2).

Б) Қуанамын. Біздің халықтың еңбекқорлығын, білімділігін мақтан тұтамын. Біздің халық – ұлы халық (3).

9. Қазақша әуендерді ұнатасыз ба?

А) Жоқ (1).

Ә) Маған әуеннің бәрі ұнайды (2).

Б) Қазақша әуендерді ерекше ұнатамын (3).

10. Сіздің қарамағыңыздағы, айналаңыздағы адамдардың немесе туысқандарыңыздың қазақша білгенін қалайсыз ба?

А) Жоқ (1).

Ә) Маған бәрібір (2).

Б) Мен олардың қазақша білгенін қалаймын және оған жағдай жасауға тырысамын (3).

11. Бастығыңыздың немесе қарамағыңыздағылардың өз руыңыздан болғанын қалайсыз ба?

А) Иә (1).

Ә) Жоқ (2).

Б) Жоқ. Мен руға бөлінуді күні өткен нәрсе деп санаймын (3).

12. Жаһандану қазақтар үшін қатерлі ме?

А) Жоқ (1).

Ә) Қатерлі (2).

Б) Өте қатерлі. Өйткені мәдениетіміздің, ұлтымыздың жұтылып кетуі мүмкін (3).


Қорытынды: Егер сіз 36 ұпай жинасаңыз, құттықтаймыз, сіз – нағыз қазақсыз.

Егер сіз 12-19 ұпай жинасаңыз, сіз «мәңгүрттер» қатарындасыз.

Егер 20-30 ұпай жинасаңыз, сіз «жаман қазақтар» қатарындасыз. Тіпті, көп ұзамай «мәңгүрттер» дәрежесіне төмендеуіңіз де әбден мүмкін...

(«Жас Алаш», 29.04.04).


______________




Қап, әттеген-ай…

Биліктің тілі де – орыс тілі, тілдің де билігі орыста болғаны рас. Егер бір апта барлық ақпарат құралдары, кеңселердегі іс қағаздар, басқа тірліктер тек қазақ тілінде жүргізілсе, еліміздің төрттен үш тұрғыны өзін шет мемлекетте жүргендей сезінер еді.


А.Айталы,

Мәжіліс депутаты.
* * *
Паспортында «ұлты қазақ» деп жазылғанымен, өз ұлтының тілін білмейтін «шалақазақтардың» отаны жоқ, өйткені олар белгісіз кеңістіктің адамдары.
Сұлтанғали Садырбаев,

профессор
* * *
1952 жылы халық санағы жүргенде бүкіл Шыңжан өлкесінде 300 мың қытай бар еді. Қазір 30 миллионнан асты. Кейінгі он жылда қазақ мектептерінде қытайшаның үлесі жыл санап өсіп келе жатты да, енді өткен жылдан бастап, барлық пән тек қытай тіліне көшірілді. Қазақ тілінде тек қазақ тілі мен әдебиеті пәні ғана қалды.
Жағда Бабалықұлы,

этнограф.
* * *
... Егер қазақ тілі мен ұлты қалыпқа келмесе, онда қазақ ұлты да қалыпқа келмегені. Күреспесе, ұлт өздігінен қалыпқа келмейді. Өйткені оның 300 жылдық ойран болған тарихы бар.

... Ұрпақтарымыз күндердің күнінде қазақ елінің бүгінгі саяси элитасынан елін де, тілін де, дінін де сұрайды. Сол кезде қарғыс емес, алғыс алуға тырысуымыз керек.

... Қазақстан өкіметінің негізгі лауазым иелерінің қазақ тілін білмеуі, білсе де бұл тілде жұмыс жүргізбеуі – қазақ ұлтының, мемлекетінің басты стратегиясына, керек десеңіз, Конституцияға да мүлдем қайшы жайт.

Смағұл Елубай,

жазушы.
* * *
Немерем оқитын Алматыда ашылған лицейге барсам, кәріс кластары бар екен. Тілдері мемлекеттік статус алмай-ақ, у-шусыз барлық пән кәріс тілінде жүреді екен. Ал қасындағы қазақ балалары оқитын жерден, өкінішке қарай, өзіміздің тілдегі жазуды көрмедім.
Шот-Аман Уәлиханов.
* * *
... Солтүстік облыстарға бара қалсаңыз, Ресейдің қалаларының біріне келгендей боласыз. Осының басты себептері неде?

Біріншіден, қазақтың «Онда тұрған не бар?» деген сөзінде...

... Екінші себеп - «... Барлығы бір күннің ішінде жасалмайды. Біртіндеп жасаймыз ғой»...

... Үшінші сөз – «Қазақстан көп ұлтты мемлекет, бізде 130 ұлт өмір сүреді»...


Дос Көшім,

саясаткер.
* * *
Францияға келген шетел азаматтары француздың, Германияға келгендер немістің, Ресейге келгендер орыстың тілін меңгеріп кетеді. Ал Қазақстанға келгендер қазақ тілінде емес, тіптен тіліміз жақын түріктердің өзі орысша сөйлейді. Олар біздегі орыс тілді халықтың санын көбейтуде. Бұл мәселеге шектеу қою мемлекеттің қолында.

... Грузин халқы орысша жақсы білгенімен, бір-бірімен орысша сөйлесуге намыстанса, қазақ бір-бірімен қазақша сөйлесуге арланады.


Бүркіт Аяған,

саясаттанушы.
* * *
Шындыққа сүйенсек, қазіргі уақытта мемлекеттік тілдің нақты жағдайы, аймақтардан келетін есептік құжаттардың сапалы әрі мазмұнды «көрсеткіштеріне» қарамастан, әзірше айтарлықтай мәз емес.
Ерден Қажыбек,

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі

Тіл комитетінің төрағасы
* * *
Былтыр мынадай қызық болды. Тіл фестивалі аясында Астанада өзге халықтар өкілдері арасында «Мемлекеттік тіл – менің тілім» атты бәйге өткіздік. Бәйгеге қатысатын жиырма-шақты қыз-жігітті қаланың бір қонақ үйіне орналастырдық. Шетінен қазақшаға судай. Ағып тұр. Солардың қонақүйдің дәлізін басына көтеріп, қазақ тілінде сайрап жүргенін көру қандай ғажап. Бұл бір мемлекеттік тілге толық көшкен болашақ Қазақстанның кіші-гірім моделі сияқты әсер етті. Кірген-шыққан кісілердің бәрі ауыздарын ашып, тек соларға қызығып қарады да тұрды. Мұның әдемі әсерін көруге тек көз керек. Тек соларға қонақүйдің кезекші қыздарының ана тілінде жауап бере алмай, қатты қиналғанын көріп, көңіл құлазыды.
Бауыржан Омаров,

профессор.
* * *
2001 жылы Адам Мискевич атындағы Позин университетінің Шығыстану институтының («директорының» – Д.Д.) орынбасары, түркология бөлімінің меңгерушісі, профессор Кенрик Инковскиймен Варшава қаласында кездестік. Сонда ол кісі бір сөзінде: - Мен Позин университетінде түркі бөлімін аштым, енді өзбек тілін ашпақшымын, - деді. Мен: - Неғыласыз өзбек тілін ашып? – деп шошып түстім. Ол аз күмілжіп: - Енді 22 млн. өзбек бар, халық саны бойынша түркі халықтарының ішінде түріктерден кейінгі екінші орында тұр, - деді.

- Сіз егер өзбек тілін ашсаңыз, оны тек өзбек қана түсінеді. Ал егер қазақ тілін ашсаңыз, сізді қарақалпақ, қырғыз, ноғай, татар, башқұрт сияқты түркі халықтарының 50 пайызы түсінетін болады. Оның үстіне Қазақстан экономикасы қарыштап дамып барады. Сондықтан сізге өзбек тілінен гөрі қазақ тілі тиімдірек, - деп сол жолы дегеніме жетіп, қазақ бөлімін ашқызып келдім.

Үстіміздегі жылдың (2005 жыл – Д.Д.) қыркүйек айында ол кісімен тағы да жүздестік. Сонда: «Біз қазақ бөлімін жаппақ болып жатырмыз, - деді. – Неге десеңіз, біздің балалар іс-тәжірибесін өткізуге Түркия мен Қазақстанға барады. Поляк балалары (қазақ бөлімінде оқитын) түрікше де, қазақша да өте жақсы сөйлейді. Түркияда олармен бәрі түрікше сөйлеседі екен де, Қазақстанда бірде бір қазақ қазақша сөйлемейді, орысша сөйлейді екен. Сөйтіп Қазақстанға барған біздің балалар: - Ол жақта бізге қазақ тілі керек емес, ендеше неге үйренеміз?.. Одан да орыс тілін үйренгеніміз жақсы екен, бәрібір орысша сөйлейді ол жақта, - деп ренжіп қайтты».

Мен не айтарға білмей састым. Мұның бәрі – 54 пайыз қазақ баласының қазақ тілінде оқымағанының кесірі. Қазақ баласының ұғымында түрі қазақша болмаса, орысша сөйле деген психобейне мықтап қалыптасып қалған.

Енді екінші жағдай: Мичиган мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі, ғылым докторы Дэвид Преста бірде маған мынадай әңгіме айтты: - Бізде (Мичиган мемлекеттік университетінде) қазақстандық 120 магистрант, аспирант, докторант оқиды. Бәрінің де ұлты қазақ. Біздің университетте қазақ, өзбек, түрік, ұйғыр тілін оқитын әрқилы топтар бар. Соған бізге мұғалім керек болып, әлгі 120 магистрант, докторантпен сөйлесіп көрдік. «Сендер әр жерде даяшы, күзетші болып жұмыс істегенше, осы жерде қазақ тілінен сабақ беріп ақша тапсаңдаршы» дедік. 120-ның бәрімен сұхбаттастық, біреуі де қазақ тілінде сабақ беремін деп айта алмады. Содан кейін бәрінің құжатын тексеріп көріп едік, ... бәрі қазақша, аттары да қазақша, ұлттары қазақ, бірақ қазақ тілінде сабақ беруге келіспейді... Сөйтіп бұл күнде Мичиган мемлекеттік университетінде қазақ тілінен Ташкент облысындағы бір қазақ аулынан шыққан, қазақ филологиясын бітірген өзбек қызы сабақ беріп жүр.

Үшінші жағдай: Ресейдің Сыртқы істер министрі немесе Премьер-министрі шетелде жүрсе орысша сөйлейді. Өзбектікі өзбекше, поляктікі полякша. Ал Қазақстаннан барған елші қазақ тілінде емес, орысша сөйлейді. Мен бірде шыдай алмай: «неге өйтесің?» деп сұрағанымда қазақ елшісі беті шімірікпестен:

- Бізде халықаралық жағдайда қазақ тілін қолдану керек деген заң жоқ, - деді.

Бір елдің сенім артқан білдей өкілі шетелде орысша құйқылжып, туған тілін армен емес, заңмен өлшеп тұрса, онда ол елшінің осалдығы емес, сол елдің осалдығы.


Махамбет Жүсіпұлы,

Өзбек мемлекеттік әлем тілдері

университетінің кафедра меңгерушісі.

* * *
Орыстар өздері тұратын елдегі негізгі халықтың тілін меңгерудің қажет екенін сезінбейінше, оларда проблемалар болып тұрады.


Татьяна Кривощекова,

Еуразия университеті орыс әдебиеті

кафедрасының меңгерушісі.
* * *
Қазақтар – мейірімді, қонақжай халық. Мен өзім жұмыс бабымен әлемнің 141 елін шарлаған адаммын. Бірақ мен… өз мемлекетінде отырып, өз тілінде өмір сүре алмай отырған қазақтай бейшара халықты жер бетінде көрген емеспін.
Каспарини Ринальдо,

итальяндық «Ренко» фирмасының директоры

(«Қазақ әдебиеті», 03.06.05).
* * *
Бесіктен беліміз шықпай жатып «орыс тілі - әдеби, дамыған, ал қазақ тілі – отбасы, ошақ қасынан аспайтын қарабайыр, тұрмыстық тіл, сондықтан оны үйренудің қажеті шамалы» деген түсінікті құлағымызға құйып, санамызға сіңіріп тастаған. Бұған қоса ересектер жағы «ендігі қалған өміріме орыс тілі де жетіп-артылады, мені бәрі түсінеді, бәрін мен түсінем, ендеше қазақшаны малданып қайтемін» деп кергиді.
Людмила Куликовская,

орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

(«Алматы ақшамы», 23.09.06).
* * *
Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Атырау, Маңғыстау, Қызылорда облыстарында іс қағаздары мемлекеттік тілге көшірілгені белгілі. Алайда «Ана тілі» газетінің биылғы 4-нөмірінде жарияланған мақалаға қарасақ, қазағы қалың Оңтүстік Қазақстан облысының өзінде әкімдікке түскен 364 құжаттың тек 51-і ғана мемлекеттік тілде болса, ал әкімдіктен министрліктер мен агенттіктерге жолданған 399 шығыс құжаттарының 76-сы ғана қазақ тілінде.
Әбдіжәлел Бәкір,

Мәжіліс аппаратының бас сарапшысы

(«Егемен Қазақстан», 19.04.05).
* * *
Мемлекеттік тілдің Парламент аясында… менсінбеушілікке ұшырауы қылмысқа пара-пар іс деп білемін. Міне осындай жағдайдан кейін ресейлік Жириновский деген әріптесіміз: «Я же вам сказал, у казахов своего государственного языка нет, поэтому ихние депутаты пишут письмо мне на русском языке, значить на российском государственном языке» демегенде, не десін?!

Мұхтар Шаханов,

Мәжіліс депутаты.
* * *
… Орыс отандастарымыздың өздері «қазақша үйренбейін деп отырған біздер жоқ, тек қазақ тілін шын мәнінде мемлекеттік тілге айналдырмай отырған қазақтардың өздері ғой» дейді.

Өте дұрыс айтады! Барлық бәле біздің санасы құлдық сезіммен уланған қандастарымызда! … Олар үшін әлемде теңдесі жоқ қазақ тілі, мәдениеті, салт-дәстүрі, өнері – бәрі-бәрі жойылса жойыла берсін, тек қана өздерінің үйреншікті өмірінен айырылмаса болғаны! Ал біз болсақ, солардың көңілін қимай: «есі кірер, үйірін табар» деп, жалтақтап, өз сабын өзі кесе алмайтын пышақтың күйін кешіп отырмыз.


Бекболат Тілеухан,

Мәжіліс депутаты

(«Евразия kz», 02.09.05).
Ұрымтал сөз
Қатаң талап керек
Бізден, орыстардан және басқа орыстілділерден, мемлекеттік тілді үйренуді қатаң талап етіп отырған билік пен үкімет бар ма?

… Қазақ тілін үйренуді қатаң талап етпегендіктен, алдымен өздері соған онша мән бермей, құлықсыз жүргендіктен, орыстілділер мемлекеттік тілді меңгеруге құлшынбайды. Осыдан барып, дүрдараздық туып отыр…

Қазақ тілін, яғни мемлекеттік тілді, меңгерудің бұлтарғысыз нақты мемлекеттік бағдарламасы болуы керек. Сондай бағдарлама осыдан 10 жыл бұрын жасалғанда, ендігі біз мемлекеттік тілде сайрап жүретін едік…

… Орыстар да, басқалар да қазақ тілін үйренуден бас тартып отырған жоқ, басым көпшілігі үйренгілері, меңгергілері келеді. Билік мұны саяси ойынға айналдырмай, елдің ынтасын түсірмей, мемлекеттік тілді үйренушілерге қол ұшын беруі керек.
Владимир Козлов

(«Азат» газеті, 25.05.05).
* * *
…Кірме сөздерді аударып алуға ұмтылмадық. Соның кесірінен терминологиялық-лексикалық байлығымыздың 70%-ы бөтен атаулармен шұбарланды. Тілдің 10-15%-дан артығын шетел сөздері құраса, ол тіл өзіндік қасиетін жоғалта бастайды. Қазақ тілі де сол деңгейге түсіп құлдырады.
Әбдуәли Қайдари,

академик.
* * *
… Тіл үйрену деген, басқаны айтпайық, қазақ үшін онша қиын емес екен. Осы он жылда ағылшынға жетігіп алды… Қазақ тілінен хабары жоқ біраз балаларымыз, тіпті, арнайы барып оқымаған, тек бизнес төңірегіндегі кейбір жігіттер мен бойжеткендердің өзі түрік тілінде сайрап кетті.

Мұхтар Мағауин,

жазушысы.

* * *
… Біздің елде мемлекеттік тілді білмейтіндер емес, керісінше, ол тілге жетіктер қиналып жүр. Мұндай сорақылық еш елде жоқ шығар. Бұл адам құқығының бұзылуы емей не сонда?


Бекет Тұрғараев,

Солтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы.
* * *
Ұрпақ тәрбиесі, ең әуелі, балабақшадан басталады. Биыл елімізде қазақша 300 балабақша істейді, мұнда 24412 бүлдіршін тәрбие алады екен, ал орыс тілінде 447 балабақша бар, мұнда 56939 бала тәрбиеленеді. Қазақ тілдіден орыс тілді екі есе көп. Осы таңда орысша балабақшаға барып жүрген 56939 бүлдіршінге енді келіп аралас тілде тәрбие беретін 415 балабақшадағы дәп осы мөлшердегі бүлдіршінді қосыңыз. Сайып келгенде, орташа мөлшері 114 мыңдай бүлдіршін күні ертең барып орысша мектептің есігін ашады…
Дүкенбай Досжан,

жазушы

(«Ана тілі», 24.07.03).
* * *
… Тіл заңының 23-бабына байланысты заң жобасын Үкімет биылғы жылғы мемлекеттік бағдарламадан алып тастады. Ондағы келтірген дәлелдері – жасалған заң жобасын Әділет министрлігі қабылдамаған, сөйтсе, бұл адам құқығын бұзу болып табылады екен, мұндай заң ел ішіндегі тыныштыққа зиянын тигізеді деп шешкен екен. Сонымен арада 5 жыл өтті, енді бұл заңды бекіту үшін ерекше саяси жігер керек.
Төлен Әбдікұлы,

жазушы

(«Егемен Қазақстан», 29.10.05).
* * *
Қазақ халқын көзге ілмей саясат жасаймын деу – үлкен қателік.

… Конституция талабы бойынша орыс тілін қазақ тілімен деңгейлес қолдану керек... Міне, бізде осы талап орындалмай отыр. Қазақ тілі орыс тілінің шаңына ілесе алмай қалды. Бұл – Конституцияны таза бұрмалау. Қазақ тілі тек көз бен көңілді аулайтын, декоративті тілге айналып барады, айналып барады емес, айналып кетті. Бұл – қатер.


Темірхан Медетбек,

жазушы.
* * *
Кейінгі кездері ағылшын тіліне деген ұмтылыстың қарқын алғаны соншалық, жұрттың үлкен-кішісі оны ары кеткенде бір жылдың ішінде игеріп алуда. Яғни ағылшын тілі орыс тілін де ығыстырып, бірінші сатыға көтеріле бастады. Ал қазақ тілі енді орыс тілінің емес, ағылшын тілінің көлеңкесінде қалмаса жарады.
Өмірзақ Айтбайұлы,

академик.
* * *
…Орыстілді қазақтармен жұмыс істемейінше тіл жағдайы алға баспайды. Өйткені қазақ тілінің кең қанат жаюына қарсы болып келе жатқан сол орыстілді қазақтар. … Облыс орталығында (Ақтау қаласы – Д.Д.) 2003 жылы мемлекеттік тілге көшу жайлы өткен бір үлкен жиында залда отырған орыстардың «кто вам мешает?» деген сөзін жалғыз мен емес, біраз адам естіді.
Зиядолла Қоңыр

(«Ана тілі», 13.10.05).
* * *
Кеңес заманында орыс тілін үйрену үшін Үкімет тарапынан көк тиын қаржы шығындалған жоқ еді ғой. Онда бір ғана талап – кадр таңдағанда орыс тілін білу талабы ғана қойылды. Демек қазақ тілін үйрену үшін қаржы керек деп алақан жаю да – далбасалық.
Қуанбек Боқаев,

(«Қазақ әдебиеті», 26.09.03).
* * *
… Теледидарды қосып қалсақ, журналист орысша сөйлеп тұрған қазақтың сөзін қазақшаға аударып әлек. Көкек екеш көкек те өзге ұяда өссе де, өз тілінше шырылдайды. Сонда біз көкек құрлы болмағанымыз ба?
Нұрислам Құспанғалиұлы

(«Жас Алаш», 13.11.03).
Бала тілі...
Қазақша оқығым келеді
Менің атымды Жәнібек деп атам қойыпты. Әкем де, атам да, әжем де бар. Аяжан деген қарындасымыз екеуіміз қазір орысша тәрбиеленіп жатырмыз. Аяжан балалар бақшасында, мен орыс мектебінде оқимын.

Менің қазақша оқығым келеді. Мен бұрын үшінші сыныпқа дейін қазақша оқығам. Онда сабағым кілең «бес» еді…

Менің ол мектебім Көктөбе ауылында. Атам мен әжем тұратын жерде. Әжем мен атам мұғалім еді. Атам жақында қайтыс болды.

Анам ғой, Ақтауға көшуді шығарған. Мені ата-әжеме қалдырып кетсе де болушы еді. «Орысша, ағылшынша білмесең қор боласың» деп өзінің айтқанын істеді. Әкем көп сөйлемейді, бәрін анам шеше салады.

Әйтеуір, әкемнің қазақша сөйлейтініне ризамын. Екеуміз рахаттанып ауылды, бұрынғы қызықтарды айтамыз.

Бала үлкендерді тыңдайды ғой. Біздің сыныптағы 28 оқушының 25-і – қазақтың балалары. Бәрі орысша оқиды. Олар да айтады: «ата-анамыз виноват» деп. Олардың көбісі қазақша оқығысы келеді…
Жәнібек Ермеков

(«Жас Алаш», 21.10.03).
* * *
… Неліктен республика азаматтары мемлекеттік тілді жетік білсе де, өзге тілді білмегені үшін мемлекеттік қызметке қабылданбауы тиіс? Неліктен Қазақстанда тарихи Отанына оралған оралман-қазақ мемлекеттік тілді жетік білсе де, орыс тілін білмегені үшін мемлекеттік қызметке қабылданбайды? Бұл Қазақстан Республикасы азаматтарының конституциялық құқын тіл белгісі бойынша шектеу емес пе?
Алтынбек Сағындықұлы

(«Ана тілі», 08.09.05).
* * *
… Қазіргі орысша оқу бітіріп, қазақша білемін деп жүрген адамдардың бәріне болмаса да, біразына күмәнім бар. Себебі олар қазақ сөздерінің негізіне түсінбейді. Және орысша оқыған адамның ойлауы да орысша.


Қанат Жойқынбектегі,
жазушы.

* * *
Өткен жылы «Жас Алаш» газеті «жылдың ең ақымақ сөзі» деп бір классик ағамыздың сөзін келтірді. Ағамыз өз баласына «Сен қазақша оқыма, орысша оқы, сонда ғана адам боласың» деп үйретеді екен. Мұны «жылдың ең ақымақ сөзі» дегеннен гөрі, бір дәуірдің «шындық сөзі» десе, дәлірек болар еді. Өйткені осындай екіжүзді саясатты қазақ мықтыларының басым көпшілігі ұстанды… Былайғы жұртқа – көзден жас парлататын жыр, жалынды да қызыл сөз, өз баласына – шын сөз!

Жақында «қазақ деген – мен!» деп көкірегін соққыш бір классиктің баласымен сөйлестім. «Бір балам Америкада, бір балам Францияда, бір балам Англияда, ағылшынша, французша сайрап тұр» деп мақтанды. Атасының «мен – қазақпын» дегеніне қалай қарайтынын сұрап едім түсінбеді. Сөйтсем, пәтшағар, әкесінің шығармаларын аудармада да оқымаған екен. Өз баласы оқымайтын шығармаларды жаттап жүрген шын ақымақ өзім екенмін-ау деген ойда қалдым.

Осы күні қазақ тіліне, дініне, шыққан тегіне, тарихына әкесінің құны қалғандай өршелене қарсы шығушылар кімдер? Ең алдымен, қазақтың ығайы мен сығайының балалары. Қазақ болғаны үшін адам болып, партия мен кеңес қызметкерлері санатына кіріп, қазақтығы арқасында балаларына еуропалық білім алу мүмкіндігіне ие болған адамдардың балалары.


Асқар Жұмаділдаев,

физика-математика ғылымдарының докторы

(«Жас Алаш», 25.10.03).
* * *
… Биліктің барлық құзырлы органдары орыс тілін ресми қатынас тілі ретінде танитындықтан, қазақтілділер олардың дегеніне амалсыз көнуге мәжбүр. Өйткені билік солардың қолында. Бір қызығы, мемлекеттік тілдің мәртебесін ең әуелі биліктің өзі мойындамай отырғандықтан, қазақ тілінің жағдайы парадокске толы.

Соңғы 10-15 жыл ішінде тоқыраған (кез келген субъект дами бастамаса, міндетті түрде тоқырайтынын ескеріңіз) қазақ тілі қатынас құралы ретінде бұрынғы тұрмыстық деңгейден көтерілген жоқ және оның дамуына мемлекет тарапынан нақты қадам жасалған емес.


Серік Ерғали

(«Жас Алаш», 29.03.05).
* * *
Бүкіл әлемде орыс тіліне дәл Қазақстандағыдай жағдай жасап отырған бірде-бір тәуелсіз мемлекет жоқ. Орыс тілінің қолданылу аясына мемлекеттік қазынадан жұмсалатын қаржыны шотқа салып есептесеңіз, мемлекеттік тілге жұмсалатын қаражаттан ондаған есе артық екендігіне көз жеткізу қиын емес. Ал мемлекеттік емес ұйымдардың бұл іске жұмсалып жатқан қаражатында есеп жоқ.

Арыға бармай-ақ, қазіргі ақпарат таратудың теңдессіз құралдары радио-теледидарлар мен интернет сайттарына көз жүгіртіңізші, жаныңыз түршігеді. Жоғарыдағы лақаптарды (бұл жерде сөз орыс тіліне жасалған қысым туралы болып отыр – Д.Д.) таратып отырған да солар. Ал сол кемеліне келіп, толысып тұрған тілге Ресей Үкіметі мен мемлекеттік емес ұйымдары жанын сала жәрдемдесуде. Олардың тұрғысынан бұл, әрине, дұрыс, бірақ олар басқа тілдердің дамуына іштарлық жасамауы керек. Ақиқаты солай.


Кенжехан Матыжанов,

Алматы қаласы Тілдерді дамыту

басқармасының бастығы.
Өзге де болса, өзіне тартады
Слово «русский» относится сегодня не только к государству Россия, но к большому русскому миру – миру созданному на основе русского языка и культуры, относящемуся к русской политической традиции. Это и обитатели пространства, перестающего ныне быть «постсоветским» (но остающегося русско-культурным), и русская эмиграция, и все, кто учился на русском языке в университетах, чтобы затем ехать в свою Африку или Азию строить справедливое общество – так, как понимали это русские.
«Известия», 08.06.06.
* * *
Нағыз орыс адамы қашан да өзге ұлттардың тіліне, мәдениетіне, рухани байлығына үлкен құрметпен қараудан танған емес. Біз де сол орыс және отандық гуманистеріміздің ізімен республикамыздағы барлық ұлт өкілдерінің өз ана тілінде білім алуына жағдай туғызуымыз керек. Мәселен, еліміздегі өзбек ұлтының 102 мың жас өскінінің 80 пайыздан астамы өз ана тілінде оқып, тәрбиеленіп жатыр. Өзбек тілінде – 75, ұйғыр тілінде – 15, тәжік тілінде 3 мектеп жұмыс істейді... Еліміздегі орыс тілінің рөлі мүлде бөлек.

Биылғы 5 сәуірде Қазақстан Республикасының Президенті Ресей Мемлекеттік думасында жасаған баяндамасында былай деді: «Русский язык – обязательный предмет в общеобразовательных школах Казахстана. Более того свыше 40 процентов всех учащихся Казахстана обучаются в школах исключительно русским языком обучения. Это при 26-ти процентном представительстве этнических русских в многонациональном Казахстане. Смею утверждать, что подобной заботы о русской культуре о русском языке нет ни в одном государстве СНГ...»

2005-06 оқу жылының қорытындысы бойынша, бірыңғай орыс мектептерінің саны – 2004, аралас мектептердің саны – 2073. Жалпы саны – 4077. Қазақ мектептері – 3716 және оның да 86 пайызы тек ауылдық жерлерде орналасқан. Бұған 400 мыңға жуық қазақ баласының орыс мектептерінде оқып жатқанын және бүгінгі таңда қазақ халқының тең жарымына жуығының орыстілді екенін, яғни өз ана тілінде оқып, жаза алмайтынын қосыңыз.

Ал Ресей Федерациясында біздің 800 мыңнан астам қандасымыз тұрады. «Осыншама халыққа өз ана тілінде қанша мектеп бар екен?» деген заңды сұрақ туындайды. Бірақ сұрап әуреленбеңіз. Бұрын болған. Қазір сол қандастарымызға өз ана тілінде дәріс беретін оқу орны жоқ, мектептер түгел жабылған. Тым құрыса көршілес Қазақстан Республикасының көңілі үшін бір мектепті қалдыруды жөн деп таппаған...


Мұхтар Шаханов,

Мәжіліс депутаты.

__________________





Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет