Конституцияның құрылымы мен мазмұны. Қазақстан Республикасының Конституциясы тоғыз бөлімнен, 98 баптан тұрады. “Жалпы ережелер деп аталған І бөлімде Қазақстан Республикасының саяси сипаттамасы, қызметінің түбегейлі ұстанымдары көрсетілген; президенттік басқару нысаны, құқықтың қолданылуы айқындалған; идеологиялық және саяси алуандылық, меншікке қатысты қағидалар тұжырымдалған. Қазақстан Республикасы Конституциясында *Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық” деп жарияланған.
Адамның құқықтары, бостандықтары мен міндеттері, азамат және азаматтыққа байланысты ережелер “Адам және азамат” деп аталған ІІ бөлімде жинақталып берілген. Қазақстан Республикасы Конституциясы бойынша заң мен сот алдында жұрттың бәрі бірдей; азаматтардың өмір сүруге, жеке бас бостандығына, еркін қоныс аударуына, саяси бірлесуге, еңбек етуге, меншік иесі болуына, денсаулығын сақтауға, ұждан бостандығына, білім алуға т.б. құқығы бар. Адамды қорлауға болмайды, ары қорғалады. Сонымен қоса, азамат өзіне тиісті конституциялық міндеттерін де абыроймен атқаруға тиісті.
ІІІ бөлімде Президенттің, ІV бөлімде Парламенттің, V бөлімде Үкімет құрамдарының жасақталуы, сайлану және тағайындалуы мерзімдері мен заңдары, өкілеттіктері, атқаратын қызметтері, түрлі саяси ахуалдағы әрекеттерінің бағыттары, өзге органдармен байланыстары, ел экономикасын дамыту бағытында атқаратын жұмыстары, ішкі-сыртқы саясатты айқындап жүргізуі т.б. баяндалған.
VI бөлімде Конституциялық Кеңестің құрылуы мен қызметінің бағыттары, VII бөлімде соттар мен сот төрелігінің жасақталуы, атқаратын қызметінің мазмұны мен реттілігі туралы айтылған. Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару ережелері VIII бөлімде тұжырымдалған. Соңғы IX бөлімде қорытынды және өтпелі ережелер берілген.
Конституцияның маңызды ерекшелігі – ол бір жағынан, мемлекеттің, ал екінші жағынан, қоғамның Негізгі заңы болып табылады. Мұның өзі мемлекеттік биліктің қайнар көзі ретіндегі және қоғамның әлеуметтік базасы ретіндегі халықтың мәртебесімен байланысты. Конституция мемлекетті оның барлық элементтерімен: аумағымен, жоғарғы өкімет билігімен, азаматтығымен, дербес заң шығарушылық қызметімен, т.б. қоса баянды етеді. Конституция мемлекеттің, мемлекеттік органдардың қоғаммен, қоғамдық институттармен өзара қарым-қатынастарының негіздерін қалайды. Ол қоғамдық құрылыстың экономикалық, ұйымдық, рухани және жеке тұлғалық негіздерін де анықтайды. Мемлекет қана емес, оның институттары да Конституцияның құқықтық ережелерін, идеяларын пайдаланады. Қоғамның құрамдас бөліктері де (бірлестіктер, ұйымдар) өз қызметтерін Конституцияға негіздеп құруға тиіс. Жекелеген заңдар белгілі бір қоғамдық институттардың – саяси партиялардың, діни, мәдени бірлестіктердің т.б. құрылуы мен қызметтерінің бағыттарын айқындайды. Өздерінің мақсаттары мен әрекеттері арқылы конституциялық құрылысты зорлықпен өзгертуге, республиканың тұтастығын бұзуға бағытталған қоғамдық ұйымдардың құрылуына және әрекет етуіне тыйым салатын Конституцияның норматив- тік ережелері тура және тікелей іске асырылады. Сондықтан құқық қорғау органдары Конституция нормаларының бұзылу жағдайына қатысты шаралар қолданғанда, Конституцияның өзін тікелей басшылыққа алады.
Достарыңызбен бөлісу: |