Қазақстан республикасы мәдениет және ақпарат министрлігі меңдігүл шындалиева омбы өҢірі қазақтарының Әдеби шығармашылығЫ



бет11/14
Дата25.12.2016
өлшемі3,7 Mb.
#5222
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   14

МҰСА МЕН САҚҚҰЛАҚ ШЕШЕН
Бір көктемде Баянауыл дуанының аға сұлтаны Мұса Шорманов құс салуға Бала-Шідертіге келеді, одан төмендете отырып, Шідертіге жетеді. Шідертіден Өлеңтіні төмендете отырып, Бұқар жырау ортасынан шыққан қаржас руының алаторы атасының Өлеңті бойындағы бір ауылы – Ажыға келеді. Ағайын ауылында біраз күн жатып, ат тынықтырады.

Бір күні Мұса мырза Қызылтастан қасына ерген Ырысқұл батырға:

- Би ауылында бар ма екен деген сұрақ қояды. Ырысқұл батыр Бұқар жыраудан тарайтын адам болатын. Бөгенбай батыр мен Бұқар жырау аралығында болған сыйластық, татулық олардың көршілес қоныстанған ұрпақтары арасында да болған Ырысқұл Саққұлақ бидің сыйлас адамы екенін Мұса мырза жақсы білетін-ді.

Ырысқұл Саққұлақ аулына келіп, биге сәлем беріп, жайғасып отырған соң, Саққұлақ оған:

- Батыр, не ұзын хабарың бар? – деп дағдылы сұрақ қояды.

Ырысқұл:


- Аса үлкен хабар жоқ, би. Ажыға құс салып Мұса мырза келіп жатыр. Би ауылында бар ма екен деп, менен сұрағандай болды, - дегенді айтады. Ырысқұл ертеңгі шайдан кейін Ажыға кейін қайтады.

Келесі күні Саққұлақ ауылындағы ағайын-туыстарының үлкендерін жинап, Төлеген ауылының жанымен Қызылордаға қарай бет алады. Қаратөбенің бергі жағындағы жалпақ дөң үстіне жеткенде, бұлар аттарынан түсіп далада түскі намазға жүгінеді. Намаздан кейін сәл уақыт өткен соң Сары адырдың шығыс қапталынан бір топ аттылар көрінеді. Олар да аттан түсіп, Саққұлақ тобына қарай жүре келіп, екі топ түйіседі.

Мұса мырзы өз тобының алдына жете даралана шығып, Саққұлақ жақындай келе:

- Ассалаумағалейкум, арғынның ақсақалы! – деп қол созып сәлем береді. Сонда Саққұлақ:

- Уағалейкумассалам, орта жүздің шам-шырағы! – деп Мұсаның қолын алады. Сол минуттан бастап Сүйіндік пен Қанжығалы елдері арасында ежелгі татулық, ежелгі қарым-қатынас қайта тіріледі.

Мұсалар Шешен аулында біраз қонақ болып, аттанар алдында Мұса мырза Саққұлаққа:

- Би, манат деген не, жанат деген не, болат деген не, сағат деген не, қанат деген не, ағат деген не, санат деген не? – делінетін әйгілі жеті сұрағын қояды. Саққұлақ шешен оларға әйгілі жауабын екі есе етіп қайтарады. Ол жауап мынандай:
Алыстан қоңыр көрінсе,

Манат емей немене.

Көтеріліп ұшқан құс,

Қанат емей немене,

Тоқтышақтың терісі,

Тоңдырмаса суықтан,

Жанат емей немене.

Ауызыңдағы отыз тіс,

Болат емей немене.

Айтқан сөзің пұл болса,

Сағат емей немене.

Орынсыз өткен ісіңіз,

Орынсыз өткен ісіңіз,

Ағат емей немене.

Екі жақсы бас қосаа,

Санат емей немене.

Айтқан сөзге көнбесе,

Надан емей немене.

Ойлап тұрған қулығың,

Амал емей немене.

Қамшылатып жүрген ат,

Шабан емей немене.

Кісі ақысын көп жеген,

Арам емей немене.

Сұрағанды бермеген,

Сараң емей немене.

Имансыздарға мал бітсе,

Бекер емей немене.

Ықыласпен берген дәм,

Шекер емей немене, -


деген екен [4].

ДОМАҚ ШЕШЕН
(ХІХ-ХХ)
Керей Домақ шешен жиырма сегіз жасынан қолына қалам алып, іркілмей

сөйлейді. Оның сөздері көбінесе, шешендік толғаулар, шешімдер болып

келеді. Бұл шешенді Ресейдің Қорған, Түмен, Обы өңірлеріндегі көне көз ақсақалдар ішінде білмейтіндері кемде-кем. Көпшілік өз орталарынан шыққан Домақ шешеннің сөзін ұнатып жоғары бағалаған.

Домақ шешен ұлттық салт-сананы қатты ұстанған, ислам дініне адал болған адам. Өз заманындағы қазақ тарихын жақсы білгендігі, жалпы мұсылман халықтарының да ескілігіне қанық болғандығы шығармаларынан байқалады.

Шешен өлеңдерінің тілі ұғымды, қарапайым. Өлең түріндегі үлгі-өнегесі де баршылық. Төкпе жырдың, термелетудің шебері.

Домақ аз сөзге көп мағына сыйғыза білген шешен. Оның мақалға айналып кеткен қанатты сөздері мораль, этика, тәрбие мәселелерін көбірек қозғайды. Қоғамдық ортадан көріп-білген, сезгендерін елеп-екшеп, жақсы-жаманын ажырата отырып, келешекке үлгі-өнеге етеді.



ОҚУ, ӨНЕР, АДАЛДЫҚ
Оқу, өнер адалдық,

Майдағы маусым күнмен тең.

Қараңғылық, жамандық,

Бұлт басқан түнмен тең.

Жалқаулық пен надандық,

Жайылған бойға умен тең.

Ақылы бар қария,

Айтқан сөзі балмен тең.

Надан өскен қария,

Сахарадағы малмен тең.

Бірлігі бар ағайын,

Маңдайдағы көзбен тең.

Ала болса ағайын,

Езіп ішкен тұзбен тең.

Жақсы болса жалғызың,

Жеке басы жүзбен тең.

Жаман болса көп бала,

Панасы жоқ бозбен тең [6].


ЖАҚСЫ БОЛСА АЛҒАНЫҢ
Жақсы болса алғаның,

Жемісі піскен күзбен тең.

Жаман болса алғаның,

Астыңнан өткен сызбен тең [6].


ҮЙ ҚОЖАСЫ ОҢБАСА
Үй қожасы оңбаса,

Айтқаны қабыл қонбаса,

Жалқаулықты жастанса,

Болмашыға мастанса,

Шаруашылық бәрі кем.

Көк темір болып болатың,

Алтының болар жезбен тең.

Арам ойлы азамат,

Ақ сайтанның ағасы.

Жаман қатын, шабан ат,

Бәрінің бір бағасы.

Асыл пышақ қол кессе,

Тез жазылмас жарасы.

Жаман адам тілі ашты,

Ойдан кетпес наласы.

Тырнадан қойсаң жасауыл,

Айғай салып қиқулап,

Елдің кетер мазасы.

Қомағайдың ажалы,

Бір соғым ет жазасы.

Өлімтікке қарама,

Ақсұңқардың баласы.

Жақсы менен жаманның,

Жер мен көктей арасы.

Жақсыны жатқа санама,

Жазатайым іс болса,

Даяр тұрар табасы [6].

ЕСКІШЕ ЖАЗҒАН СӨЗДЕРІМ
Ескіше жазған сөздерім,

Шығара алмай өкіндім.

Ойға салып байқасам,

Асыл сөзге боялған,

Сөздің толқын бұлағы.

Миы қандай асылдан,

Әрбір сөзі қағида,

Ұсынған жинап адамға.

Бәріне ие бола алмай,

Жүрміз ғой тек далада.

Саясатпен байқасақ,

Тарихи жағын ойласақ,

Келмейтін жерлер кездесед.

Кінәлі емес ол бірақ,

Тарихқа әбден піспеген,

Бір ғылымға жетпеген,

Төрт-ақ класс білімі,

Шіркін-ай қайдан үйренген! [6].


ТОЛЫҚСЫҒАН ТОЛҚЫН СӨЗ
Толықсыған толқын сөз,

Естіген құлақ, көрген көз.

Жиырма сегізде алдым қаламды,

Кәрілік шіркін келген соң,

Көңілді ой бөлген соң.

Бола қойсын неғып тез,

Үш заманның өлшеуін,

Алайын деп мөлшерін,

Қалам, қағаз алдым кез.

Қазақ заман – хан заман,

Патша заман – бай заман.

Совет заман – заң жаман!

Жалған сөзді жаза алман,

Бәрі де отыр көзбе-көз [6].


ЖЕТПІС ҮШКЕ КЕЛГЕНДЕ
Жетпіс үшке келгенде,

Толықсыды толқын шер,

Кілтін ашып ішін көр.

Жолыменен желігіп,

Көңіл шіркін әлі де өр.

Өлім менен кәрілік,

Жас буынды азамат,

Қашан келер демеңдер,

Жолдан алыс алты айлық,

Мына тұрған есік-төр [6].


ЗАМАН ҮЛГІСІ АҒЫМ ТҰРМЫСТА
Заман кетіп барады ағындаған,

Дауасы тіршіліктің табылмаған.

Кәрілік өлімменен бір зеңгір тау,

Өзінің жүрісінен жаңылмаған.

Жаралған күллі мақұлық адам жаны,

Бар ма екен екеуіне бағынбаған.

Болса да тілің бұлбұл, аяқ дүлдүл,

Сұм заман қояр ма екен сағымданған.

Болған екен пәлен молда, пәлен қажы,

Нәпсіге кім бар екен бағынбаған.

Өнері кедейлердің босқа кетіп,

Тұлпардай ұлы топта шабылмаған.

Туған ел, өскен жерден бір кеткен соң,

Артына бір оралып қайрылмаған.

Тең болған аз бенен көп заман келді,

Пәлен жыл іздегенге табылмаған.

Тең деген кедей менен бай деген сөз,

Бұ дағы анығы әлі табылмаған.

Бір күні жанның бәрі таразыда,

Қайықтай толқындағы қалтылдаған.

Ақ жүрек, адал еңбек азамат бар,

Қарлығаш қанатындай жарқылдаған.

Ағайын алыс жүрсең иісің жұпар,

Жұпарды кім бар екен сағынбаған.

Әулие болсаң дағы ауыл қонсаң,

Басыңа өсек қалмас таңылмаған.

Дегендер: «Мен жақсымын», - толып жатыр,

Жақсылық өз басынан арылмаған.

Алаштың адамының бәрі малғұн,

Кім қалды таразыға тартылмаған.

Қаңқылдап сахарада көшкен қазақ,

Заманың енді келмес салқындаған.

Қанды көз, қасқыр жүрек, қасқыр мінез,

Жегенін үзіп-жұлып ар қылмаған.

Ақ көңілдің аты арып, тоны тозбас,

Жақсылық денесінен арылмаған.

Азамат, алаңғасар, әулекі бар,

Бар-жоғын шаруаның айырмаған.

Бетімен бейшара боп жүргендер бар,

Баласын жалғызым деп қайырмаған.

Бос белбеу, босаң туған бозбала бар,

Киіздей шала пісіп қарпылмаған.

Еңкілдеп ет аңдыған шалдар да бар,

Телміріп бір тойғанын ар қылмаған.

Ұрлықпен кісі өлтіріп мал жинаған,

Өкініп өткен күнге зар жылаған.

Еліріп елге симай жүргендер бар,

Үкімет әміріне кім шыдаған?

Бітсе де мың сан қара өзімшілге,

Өзінен өзге жанға қайырылмаған.

Қайырсыз неше түрлі байлар өтті,

Кісідей топ негізі жарылмаған.

Бай, кулак анық қойған ат шығып жүр,

Болса да кісілігі арылмаған.

Телміріп ағашына өнерпаздар,

Пышақ пен балта сапқа жарымаған.

Кедей кербез болатын кезі келді,

Кісілік өткен күнде дарымаған.

Дүние – көшіп жүрген бір керуен,

Қырманда малшы айдап табындаған.

Жалғанда мұңсыз, мінсіз кім бар екен?

Іздесең күн астынан табылмаған.

Тең келетін табиғаттың таразысы,

Бар ма екен топырақпен жабылмаған.

Көрген күн, өлшеген жыл аз өмірің,

Бір күні қалар сөніп жалындаған.

Тіріде парыз – уәжип, мін қылмаңыз,

Өлген соң оған дауа табылмаған.

Қосылған ер мен әйел тең болмаса,

Қырсығы маңдайынан арылмаған.

Алғаны азаматтың жаман болса,

Даусында тыным болмас дарылдаған.

Тигені әйелдердің тең болмаса,

Істелмей шаруасы арындаған.

Қосылса екі жаман ұя жасап,

Үйінде ыдыс қалмас жарылмаған.

Қосылған қосағымен тең болғандар,

Көңілі өл-өлгенше тарылмаған [6].


ОРТА ЖҮЗДІҢ ҚОНЫСЫ
Орта жүздің қонысы,

Сарыарқаның даласы.

Алтайдан шыққан жеті өзен,

Қоныс болды арасы.

Қазақ, қырғыз, тараншы,

Орыс, қалмақ, сарт, ноғай,

Жеті атаның баласы.

Ұзын аққан екі өзен,

Есіл, Ертіс саласы.

Төрт құбыласын айналған,

Арғын, найман мұнда көп,

Жеті арыстың баласы.

Алтай – күн шығыста – жер ортасы,

Ереймен – күн батыста – Көкшетауы.

Қостанайға тірелген,

Орта жүздің қонысы.

Оңтүстігі Сыр мен Шу,

Сол арада қосылар,

Үш атаның баласы.

Үйсін, Жаппас, Алшын көп,

Қазақ еді бабасы.

Қырымнан көшіп келгенде,

Еділ, Жайық, Астрахань,

Үш теңіздің жағасы.

Үш теңізге келгенде,

Барақ елдің ағасы.

Барақ бастап әкелген,

Көк майсалы құраққа,

Ағып жатқан бұлаққа,

Барақ елдің данасы.

Қоныс қылып жау қалмақ,

Ақтөбені жайлаған,

Соғыс қылып хан Барақ,

Қалмақты жеңіп айдаған.

Естек, ноғай, қалмаққа,

Қазақтың келді шамасы.

Өркендеп тұқым өскен соң,

Мал сиса да бақ симай,

Ерегісіп есіріп,

Көрместей болып көшкен соң,

Тар болды жердің шамасы.

Қуып өскен намысты,

Намыс жағар қамысты.

Бітті ме сөздің жарасы.

Бітпеген сөзге жан құмар,

Қазақ байдың баласы.

Жесір дауы, жер дауы,

Қашан бітер арасы.

Жер емес пе азамат,

Мал мен жанның арасы.

Отыз екі өлкелік,

Алпыс екі тоғайдың

Болмады бізге панасы.

Ұя жасау орнында,

Болмады онда жұмысы,

Қазақ байдың баласы.

Өнер деген ойда жоқ,

Ми бар, ақыл бойда жоқ,

Артын ойлау қазақтың,

Болды ма екен санасы?

Алтай менен Астрахань,

Алты жүз болар арасы.

Орта жүзге осының,

Тар болыпты шамасы.

Ерігіп жүрген есер жұрт,

Ойлағаны кесел жұрт,

Қолында емес тілінде,

Жыланша шағар шамасы.

Көшуге көңіл желігіп,

Көшпесе қатты ерігіп,

Жақын жерден жау шығып,

Мақұл сөзден дау шығып,

Ағайын деп аямас,

Келсе қазақ шамасы.

Өнер, оқу ойда жоқ,

Бірлік, білім бойда жоқ,

Ноғай, сарттан көрсе де,

Қазақ байдың баласы.

Ас берген мен той қылған,

Ет пен қымыз таласы,

Өнердің осы шамасы.

Көшуді біз қоймадық,

Көрген жерге тоймадық.

Жайлаудың болып таласы,

Елдің намыс арасы,

Ақырында не болдық?

Жақсы жер мен жақсы орын,

Бәрі орыстың қаласы.

Сортаң жер мен кержалақ,

Қалған жердің шамасы.

Енді көшер шамаң жоқ,

Отырсың-ау амал жоқ,

Жерің қайда баратын?

Қаздай ұшып қаңқылдап,

Сахарада салқындап,

Енді қайда барасың?


***

Солтүстігі Қара Ертіс,

Бидің суы Барнауыл,

Тары округ тарағы,

Ұшып өзен жаңа ауыл.

Тобыл, Семей арасы,

Қала басы қазақтан,

Отырықшы әр ауыл,

Арғын, қыпшақ, найман көп,

Қанжығалы, қарауыл,

Быт-шыт болып бытырап,

Кете барған қазақ қой.

Тасылмаған тарауы,

Жер ортасы сұрасаң,

Қорғалжын, Қопа, Айғыр жал,

Бетпақтың сары даласы,

Қаратаудың саласы.

Түркістан, Тәшкен, Самарқан,

Әулиеата, Шу бойы,

Жайлаған қазақ баласы.

Бармаған қазақ жері жоқ,

Қонбаған қоныс елі жоқ,

Мал мен жанның,

Бұл жүрісінен кемі жоқ.

Баянауыл, Қызылтау,

Хан ордасы – Шыңғыстау,

Қарқаралы Қызылқақ,

Шықшы қазақ жазылып,

Тоғыз өзен тоқырау.

Оны дағы жайлаған,

Орта жүздің баласы.

Есілден шыққан қырат бар,

Қырқадан шыққан жыра бар.

Атбасар мен Қорғалжын,

Сары су мен Терісаққан.

Бәрі орыс қаласы.

Қоянды мен Бақанас,

Арғын, ноғай баласы,

Алабота қалып ең,

Көк зеңгір мен Әлімбет,

Екі Қорай Ебейті,

Солтүстігі Жолдыөзек.

Қоныс қылып отырған,

Атығай мен қарауыл,

Қазақ көмген Қарыстай

Жайлап жүрген әр ауыл.

Иесіз қалды шіркін-ай!

Тайша көлдің базары,

Көшемін деп бұл қазақ,

Бола қалды жазалы.

Отырықшы болмаған,

О да өзінің сазайы.

Бестөбе мен Сілеті,

Қанжығалы, керейдің,

Қала түсіп оған да,

Орыс атаң көбейді.

Сары Оба, Шалқар, Сарыбас,

Ақтөбе мен Қарағаш,

Көкшетау боп айналған,

Қарағай, қайың жер емен,

Оңтүстігі бәрі тегіс,

Ағашы жоқ жалаңаш.

Теке теңіз қызық-ақ,

Жерден шыққан бір бұлақ.

Ортақ екен бұл жерге,

Қанжығалы, қарауыл,

Керей менен ер қыпшақ.

Бірдей екен жарнасы,

Тайқоңыр мен Жантайдың,

Бес жүз екен баласы [6].




БЕКТҰР БАТЫРҚОЖАҰЛЫ
(1866-1932)
Бектұр ақын 1866 жылы қазіргі Ақмола облысының Қорғалжың ауданында дүниеге келген. Әкесі Батырқожа кезіндегі арғын қуандықтағы темеш руынан. Сыпанға ол көп еңбек сіңірген деседі. Батырқожа өз еңбегіне тиесілі ақы ала алмай, күн көрісі нашарлағаннан кейін, 1897 жылдардың шамасында қоныс өзгертіп, Омбы жағындағы бір күйлі туысына көшіп барып паналайды. Күйлі туысқанының аты Бектас деседі. Осы кезде Бектұр ақын болып қалыптасқан шағы екен. Бектұр есейгенде әкесі қайтыс болады. Жоқтықтың зардабын көп тартады. Содан шешесі екеуі сол маңдағы Әйтен деген байдың малын бағып, шөбін шауып, тіршілік жасайды. Бектұр он беске келмей, сөз тапқыштығымен, суырып салма талантымен таныла бастайды. Қазіргі Омбы, Павлодар, Ақмола өңірлерінде Бектұр ақын айтты деген өлеңдер, шешендік сөздер көп тараған.

Ақын 1932 жылы 66 жасында Қазіргі Омбы облысындағы Балапанның Күнгейі деген жерде қайтыс болады.

Бектұрдан Сүлеймен (1898-1963), Әлі (1901-1982) деген екі ұл туған. Мұның екеуінен де өсіп-өнген ұрпақ бар. Сүлейменен Мәкен, Бикен атты ағайынды екеу туған. Мәкен Бектұров Сүлейменұлы бұрын Жезқазған педагогикалық институтының ректоры болған, профессор.


АЛ, ТЫҢДА, АҒАЙЫН!
Ал, тыңда, ағайын,

Бектұр ақын кеңесін.

Талай топқа көп созған,

Жасынан-ақ өңешін.

Қу домбыра тоздырды,

Тырнағының көбесін.

Елу жасқа келгенде,

Барып көрдім Темешін.

Жақсы адамның жарлығы,

Сөзі болар демесін.

Жаманмен дос болғанша,

Жақсының көр төбесін.

Екі дәуге жүгінсе-

Қабақ шытқан Сыбанның,

Ішуге атау кересін.

Ісің аппақ болса да,

Амалың не бересің.

....................................

....................................

Жақсы айғыр шаппайды,

Өзін туған енесін.

Жаман айғыр шығарар,

Көрінгенге немесін.

Сыпан да сөйтіп байыған,

Бірақ маған не десін?

Жаңа үкімет келгелі,

Қарғыс атып Сыпанның,

Ұрған екен енесін.

Сыйлады жүні жығылып,

Батырқожаңмын дегесін.

Бір топ жылқы айдатып,

«Құры қайтпа» деп келгесін.

Семсердей суырып бір сөзді,

Сыпаекеңе сонда өзім.

Қай момынның көз жасы?-

Дедім мына бергенің?! [15]



АҢСАҒАН ЕКЕН ДАУЫСЫН
Аңсаған екен дауысын,

Ақынның мына інісі.

Ағасына түскен соң,

Інісінің бір ісі.

Тас болса да жібісін,

Ағасының сірісі.

Келеді әлі тарланың,

Шабысынан жаңылмай.

Жайқалтып енді өлеңді,

Торғайдың қалың талындай.

Шұбыртайын сұрасаң,

Қарынбайдың малындай.

Нөсерлетіп төгейін,

Түнерген бұлтты жауындай.

Қас жаманнан шығады,

Адамның ақымақ сірісі.

Он бұрасаң үзілмес,

Қас жақсының терісі.

Болыс-бидің бөркінен,

Ақынның таза кебісі.

Бай мен паңның жиғаны,

Кедейдің еңбек жемісі.

Заман, зәкүн өзгеріп,

Кедейді байға теңгеріп,

Құлпырды жаңа ел іші [15].
ОСЫ КҮНГІ КЕЙ ЖІГІТ
Осы күнгі кей жігіт,

Қылғанымен ел үшін.

Іштен туған қартайып,

Болмаса да бойында от,

Білімдіден әрі боп,

Шіренеді шалқайып.

Қыз-бозбала бас қосса,

Ұя басқан үйректей,

Жылы орнынан тырп етпей,

Отырады аңқайып.

Керенау шаққа болып зар,

Қалар-ау ертең жантайып [15].

***

Бір жолғы жиында Бектұрдың бұл сөздері кейбір жігіттердің көңіліне келіп қалады. Соларға арнап ақын былай деген екен:


Мінезі кей жігіттің шал секілді,

Шырағым, кекірейме мал секілді.

Биыл үйің түскесін, миың түсті,

Құлаған ағын суға жар секілді.

Өңіріне Балапанның көз жүгіртсем,

Әр жерде сеңдей сері бар секілді.

Біздің сөз көкейіңе қона кетпес,

Кесіп жейтін жая мен жал секілді.

Жаманға бір сөз айтсаң желге ұшады,

Тасырға ақылды ұғу ар секілді.

Қуалап талдың түбін тышқан қаққан,

Сірә, ол, адам емес мал секілді.

Біраз сөйлеп алайын осындайда,

Біздің сөз саналыға тау секілді.

Біреудің бойы ұзын, біреу жуан,

Кейбіреу мыжырайған там секілді.

Тегінде ақыл айтсаң талаптыға айт,

Көтерген ауыр жүкті нар секілді.

Өлең дауылы келеді, жаңа бұрма,

Шіркінді боратайын қар секілді [15].


ЕР КҮТКЕН ТАЗА ҚАТЫН ЕРДЕН АРТЫҚ
Ер күткен таза қатын ерден артық,

Дін күткен таза молда пірден артық.

Мысырға патша болып жүрсең дағы,

Болмайды өсіп-өнген жерден артық.

Көңілің риза болса бардан артық,

Аса боран соққанда қорғалауға.

Үлкен томар көрінер жерден артық,

Малайың адал болса ұлдан артық.

Бір күн көрген қызығың жылдан артық,

Бір кез дәуіріңіз жүре қалса,

Ылғи өтірік айтсаң да шыннан артық.

Қыс болар кейбір жылы жаздан артық,

Кей адам қасқа болар таздан артық.

Жолдасың бір шүрегей атып берсе,

Бір үлкен көрінбей ме қаздан артық.

Өкімдік ағайынды жат қылады,

Құрбыға не жарасар наздан артық.

Қолынан қой жарысы келмейтұғын,

Жаманнан кестірілген азбан артық.

Атағы жоқ әкеңнен шешең артық,

Төрешіден даугердің шешімі артық.

Алтын алып жаманмен дос болғанша,

Пайдасы жоқ жақсының есені артық.

Ағайын жаман болса алаш артық,

От алмаған мылтықтан ағаш артық.

Өз басы қарадан хан болғанша,

Атадан кісі болған баласы артық.

Жаман ұлдан қадірлі қызың артық,

Жаман қыздан қақ тонның қызуы артық.

Біреуден бір нәрсені үміт қылсаң,

Бермесе де сөзінің түзуі артық.
ДҰҒА БЕРСЕҢ ҚАРҒЫСТАН КЕЙІН КӨРМЕС
Дұға берсең қарғыстан кейін көрмес,

Кейбіреу әдібі жоқ көргенісізге.

Қанша ақыл айтсаң да құлақ қоймас,

Алдыңда үлгісі жоқ өрнексізге.

Байда қадір, ұлықта ғаділдік жоқ,

Өзгергенін дүниенің көрмейсіз бе?

«Бір тосу қара суға» деген сөз бар,

Қанша жанып жүрсең де сөнбейсіз бе?

Құдай – бір, құран – шын, пайғамбар – қақ,

Тіліне бір тағаланың сенбейсіз бе? [16].




ТІЛЕУБЕРДІ БАТЫР
Бір кеңес тыңдасаңдар қолға алайын,

Кейінгі бозбалаға жол салайын.

Екі аяқ, екі қолым – жан барында,

Азырақ білгеннен соң жорғалайын.


Бар болса менде өлең зерделейін,

Сіздерге тіл келгенше термелейін.

«Тыңдасаң – сөз құлақтың құрышы» деген,

Батырдан Тілеуберді сөйле дейін.


Соғыстың талай шыққан қамалына,

Қараған көп нашардың қабағына.

Ер шыққан Түркістаннан Тілеуберді,

Кешегі хан Абылай заманында.


Жорыққа жалғыз өзі барады екен,

Жолдас қып екі жігіт алады екен.

Бір тайпа ел жылқысын түгел айдап,

Соңында жалғыз өзі қалады екен.


Қуғыншы екі жүз жан келсе дағы,

Ат-тонын бәрінің де алады екен.

Сыпырып бес қаруын алғаннан соң,

Жалаңаш жауы жаяу қалады екен.

Құдайым сонша өнер берген екен,

Соңынан талай адам ерген екен.

Көкте құс, жүгірген аң, адам түгіл,

Оқ жылан атып алған мерген екен.


Бір өзі мың кісіге салмақ екен,

Көңілі соққан жерге барған екен.

Бір перзент екі жардан көрмеген соң,

Екі қыз қалмақтан да алған екен.


Соғыста қайран қылған кең даланы,

Алладан қаза келсе жанды алады.

Екеуі қазақ, екеуі қалмақ екен,

Көрмедім төртеуінен бір баланы.


Көрмедім төртеуінен бір баланы,

Өзім өлсем артымда кім қалады?

Баласы Тілеуберді дейтіні жоқ,

Таниды далада кім қу моланы.


Сөз тыңда бұл батырдан құлақ құр да,

Балуан, бәйге мұныкі айт пен тойда.

Еш опа бұл жүргеннен көрмедім деп,

Былайша Тілеуберді түседі ойға.


Көремін қатындардан қанша пайда,

Дүниенің бәрі малда, көңіл жайда.

Бір күні ажал тағдыр келіп қалса,

Қатындар мен өлген соң тиер байға.


Ой түсті бұл батырға осылай-ды,

Жалғанда екі жақсы қосылмайды.

Қырғызды, шүршіт, қалмақ жолға салған,

Естиді Орта жүзде Абылайды.


Біледі жоқтан әуел бар болғанын,

Көңілге не жоқ болса зар болғанын.

Жасынан бір патшаға қызмет істеп,

Естиді ақырында хан болғанын.


Мен барып Абылайды көрейін де,

Біріндей батырының жүрейін де.

Өлсем – шәһит, өлтірсем қаза болып,

Соғыста, мұнда өлгенше өлейін де.


Бұйрықсыз қалың өрттен қау қалады,

Қазасыз қалың жаудан жан қалады.

Ізденіп, Абылайға жүрмек болып,

Азық-түлік пісіріп қамданады.


Аң етін керек болса жолдан алды,

Қасына екі кісі жолдас алды.

Тоқтамай бес-алты күн жүріс қылып,

Түбіне бір адырдың түсе қалды.


Далада елсіз-күнсіз жерге келді,

Бір биік адам шықпас белге келді.

Қоналқы ат шалдырып жататұғын,

Намазшам, намаздыгер кезге келді.


Үшеуі түсе қалды дөң басына,

Су ішер жақын түсті көл қасына.

Бұл жерде ұры қатты болады деп,

Айтады Тілеуберді жолдасына.


Бекініп, азығыңды пісіре бер,

Жер еді жаман ойлы кісі жүрер.

Келейін былай шығып жерді байқап,

Ұрылар бізді көрсе тауға кірер.


Анау көлден су әкел бетін шайқап,

Сақтықпен бекініңдер а құдайлап.

Бар ма екен бізді көрген ұры-қары,

Келейін әр адырдың астын байқап.


Жүгіріп шыға келді биік дөңге,

Өзі жүйрік сабаз, жүйрік жерге.

Жылқыдай иірілген қарауытқан,

Жетейін деп жете алмай қалды түнге.


Ұзай берген секілді шапса, желсе,

Жетпей қайтар ер емес көзі көрсе.

Жылқы деп иірілген қуған қара,

Там екен басқа емес, жақын келсе.


Ай қараңғы түн болды көрер көзге,

Адам ұлы келер ме бұдан өзге.

Күн шытырлап бір үлкен жауын келді,

Жуықтап таңға жақын келген кезде.


Бір талға іле салды атын енді,

Түнеуге ерулетіп осы жерге.

Отаудай жеті қанат бір зираттың,

Ішіне енейін деп жақын келді.


Бір үлкен қорқыныш жер жай адамға,

Өзі түн оңай дейсің қай кісіге.

Дұға оқып болғаннан соң мәйіттерге,

Сілкініп кіріп келді там ішіне.


Аралап өз ауылын жүргендей-ақ,

Бұл батыр сыр бермеді шытпай қабақ.

Қорғанбай там ішіне еніп кетті,

Өзінің ордасына кіргендей-ақ.


Бұл батыр кірген ісін аңғарғандай,

Әшкере бір үлкен там таң қалғандай.

Жайғасып там ішінде отырғанда,

Бір нәрсе бола берді қозғалғандай.


Бұл батыр шошынбады қалса да өліп,

Қорқар ме ер жігітке тәңірі серік.

Жарқ-жұрқ еткен жарықтың сәулесімен,

Жап-жалаңаш адамды қалды көріп.


Бұл батыр енді қалды масқараға-ай,

Бір үлкен таудай кісі аңғарадай.

Үстінде киімі жоқ жап-жалаңаш,

Тілеуберді батырға бас салардай.


Бұ дағы түрегелді қолын қойды,

Жуантық көрінеді ұзын бойлы.

Белінен Тілеуберді мықтап қысып,

Басынан айналдырып жалғыз қойды.


Жын да болсаң емессің менен күшті,

Мен бәлем көрсетейін тепірешті.

Қылышын тамағына тақады да,

Батырдың кеудесіне бір ой түсті.


Мен бұған көп салмайын салмағымды,

Батырсам да өлтірем бармағымды.

Зиратта жын-перімен алыс салып,

Кім көріпті құр басын алғанымды.


Мен мұны бұл арада өлтірмейін,

Алдыма өңгерейін тоқты бейім.

Адам ба, жау тонаған перизат па?

Апарып жігіттерге бір білейін.


Көтеріп жалаңашты қолына алды,

Атына тамнан шығып алып барды.

Далада екі арбаның арысындай,

Көлденең ер алдына салып алды.


Данышпан Тілеуберді өзі батыр,

Батыр жолдан таймайды әуелде ақыр.

Күндізден қараңғыны жарық көріп,

Кейінгі жолдасына келе жатыр.


Қылатын батыр еді жоқты бардай,

Күші бар ашуланса қара нардай.

Алақтап жан-жағына отырғанда,

Жостырып Тілеуберді жетіп барды-ай.


Шошиды жолдастары көнген сайын,

Мынаның түсі жаман қарамайын.

Адам ба, жау тонаған перизат па?

Я, батыр, тамам қылсын мұның жайын.


Сіздерге мен айтайын мұның жайын,

Сақтаса бәле бар ма бір құдайым.

Өзін дағы білмеймін кім екенін,

Кез болған жерін айтып қысқартайын.


Айтамын тамды мал деп барғанымды,

Мен түнде жатамын деп қалғанымды.

Бір үлкен там басында жауын келіп,

Қорғалап там ішінде қалғанымды.


Азырақ тыңдай отыр сөзімізді,

Бұл жалаңаш төрт қылды көзімізді.

Үстінде киімі жоқ, тыр жалаңаш,

Түрегеліп бас салды өзімізге.


Мен дағы тұра келдім қолым салып,

Қол тиген соң кешікпей қалды талып.

Адам ба, перизат па, жұмбақ маған,

Сіздерге білейін деп келдім алып.


Адам болса ас ішер, қалы кірер,

Пері болса, ас ішер көресіздер.

Адам болып ас ішсе, тілі шығар,

Біреуің тамақ беріп көріңіздер.


Бұл сөзден соң біреуі берді тамақ,

Берген сайын барады бәрін жалап.

Адам екен, көп берсең өліп қалар,

Ауық-ауық беріңдер аңдап-аңдап.


Мұның адам екенін білді дейді,

Жақсы киім, тамақты берді дейді.

Киім киіп, тамаққа тойғаннан соң,

Сөйлеуге әбден тілі келді дейді.


Далада жүрген неткен пенде дейді,

Порымың патша ұлынан кем бе дейді.

Жалаңаш там ішінде қайдан жүрсің?

Қанекей, енді жігіт сөйле дейді.


Жалаңаш там ішінде бір шоқ талдың,

Көлденең ер алдында салып алдың.

Әкем аты – Айдархан, анам – Торғын,

Жалғыз ұлы мен едім атым Арғын.


Айтайын мен жөнімді құлағың сал,

Атамда қисабы жоқ төрт түлік иал.

Бір өзім отыз жүйрік ұстаушы едім,

Жүйріктен ақырында көрдім залал.


Ұстадым жүйрік тұлпар, жүйрік тазы,

Мен едім бір жігіттің өнерпазы.

Қасыма отыз жігіт жолдас болып,

Сейілде жүруші едім қысы-жазы.


Ел-елді жастықпенен бағушы едім,

Мен де сын көрінгенге тағушы едім.

Бір үлкен ел шетіне дұшпан келсе,

Шошынбай жалғыз өзім шабушы едім.

Екі жүз дұшпан келіп толса дағы,

Алысып жалғыз өзім қалушы едім.


Мінуші ем Аққоян ат, шашақ құлақ,

Мал түгіл қайран жұртым қалды жылап.

Он үштен он төртіме қарағанда,

Қотаннан бергенім жоқ бір тышқақ лақ.


Қотаннан мал бермедім келген жауға,

Ешкімнен ұтылмадым және дауда.

Бір күні жау тиді деп мал мен жанға,

Деп халқым шуласып тұр, - Арғын қайда?


...................... алдыңда екен торы ат,

Кез болмай арам қатқыр Аққоян ат.

Түн екен ай қараңғы, өзі тұман,

Кетіппін келген жаудың алдың орай.


Қарусыз шыққан екенмін өзім жайдақ,

Тұрған соң сасқанымен жұрт айғайлап.

Мал бермейтін бар бәле осы екен деп,

Малменен ұстап алды қабат айдап.


Құтылатын амал жоқ соғыс салып,

Өкіндім: «Айқаспадым қаруланып».

Кісі екен жетпіс сегіз малға келген,

Мінгізді бір жайдақ атымды алып.

Екі қолым артымда таңулымын,

Жиырма екі күн айдады көзім таңып.


Бермесін менен басқа мұсылманға,

Денеме арқайсысы салды таңба.

Бар екен өзімдей бір өрім жігіт,

Жасырып ас береді анда-санда.


Осылай мен де бардым қорлық көріп,

Қорлықтан артық екен қалған өліп.

Ұрлап маған тамақты бермегенде,

Қалар ем әлде қашан аштан өліп.


Дұшпанның кеттім солай жетегінде,

Аяқ-қолым байлаулы кетемін бе?

Тоқтамай жиырма екі күн жүріс қылып,

Тоқтадым бір адырдың етегіне.


Құлын-тай сойғандары ертелі-кеш,

Өлсем де маған тамақ берер емес.

Тынығып бес-алты күн жатты дағы,

Жиылып жүрер күні қылды кеңес.


Біреуі айтты: «Қуырдақ жасайық» - деп,

Біреуі айтты: «Аспанға асайық»,

Манағы ұрлап тамақ берген жігіт:

«Өлтірмейік тірі тонап тастайық» - деп.


Біреу айтты: «Апарып ұл қылайық»,

Біреуі айтты: «Малға салып құл қылайық»,

Жиырма бес күн аш жүрген құлқы мынау,

Секілді көріне ме құлға лайық.


Біреу айтты: «Тастасақ, сол ұнайды»,

Өзі іздеп елін бұл таба алмайды.

Елді бұған көрсетіп, есін жиса,

Елімізде қояр ма жалғыз тайды.


Бір орынға жиналды бәрі қаптап,

Әкелген соң амал жоқ тәңірім бастап.

Басыма сірі тігіп, қолым байлап,

Киімімді кетті алып, тұлдыр тастап.


Жүрім-жұрқа жегенім күнде-күнде,

Шықпайды ышқынғанда дыбыс-үн де.

Әйтеуір өлдім ғой деп ойлап едім,

Қолымды шештім зорға өткен түнде.


Жазасын мен де тарттым жалаңаштың,

Енді жайы болмады ішер астың.

Екі қолды босатып алғаннан соң,

Басымнан сіріні алып көзімді аштым.


Ашсам-дағы дүниені көре алмадым,

Тышқан-жылан тамаққа деп ауладым.

Қайдан келіп, қай жақта жүргенімді,

Төрт бұрышын дүниенің біле алмадым.


Сонда да отырмадым түрегелдім,

Тіршілік амандықты тілей бердім.

Бір жығылған жерімде қалармын деп,

Қаңғырып бетімменен жүре бердім.


Көрінді тікірігім сары майдай,

Қуанам тышқан алсам семіз тайдай.

Жегелі адам етін көр ақтарып,

Оған да болған шығар бір-екі ай.


Құдай айдап көрсетті осы жайды,

Серік болып батар күн, атқан таңға.

Сонан соң там ішінде өзің келдің,

Қазасыз себеп болып шыбын жанға.


Жалаңаш келіп бұлардың дәмін татты,

Оны күтіп сол жерде үш күн жатты.

Ас ішіп, әлі аздан кіргеннен соң,

Былдырлап әр нәрсенің басын шатты.


Мұның адам екенін білді дейді,

Жақсы киім тамақты берді дейді.

Киім киіп, тамаққа тойғаннан соң,

Сөйлеуге тілі әбден келді дейді.


Тағы да Тілеуберді көп сұрайды,

Тәппіштен бастан-аяқ көп сұрайды.

Астыңа ат, үстіне киім берсек,

Еліңді табамысың деп сұрайды.


Қараңғы жарық қылды күнімізді,

Себеппен шығардыңыз тілімізді.

Қаңғыртпай айдалада енді бізді,

Еліне жеткізіңіз еріңізді.


Он екі ай мен шыққалы болған шығар,

Өлді деп берген шығар жылымызды.

Өлген деген кісісін тірі апарса,

Аларсыз аман болсақ құнымызды.


Бұрыннан есітуші едім әкең атын,

Анықтап білмеуші едім арғы затын.

Еліңе құдай үшін апарайын,

Иә, бала, дұрыс айтшы елің атын.


Айырылған сабағымнан мен бір қауын,

Мінәжат болушы едім елге сауын.

Бар шығар естуіңіз өзіңіздің,

Жайлайтын Баған едік Орал тауын.


Болды енді Тілеуберді сұрап сөзін,

Осындай кез келтірген жиһангезді.

Бар еді қос-қос аты, қос киіммен,

Жақсы киім кигізді, ат мінгізді.

Жақсы киім, жақсы ат мінгеннен соң,

Әдемі жігіт болды қызыл жүзді.


Жиырма күндік жол екен керуенге,

Бір таудың басын көрді тоғыз қонып.

Келеді енді Арғынның көңілі толып,

Бұрынғы көрген бейнет ұмыт болып.

Іздейік Орал тауын, табайық деп,

Үшеуі енді аттанды төртеу болып.


Жолшыбай айырады ішер асын,

Әр жерге домалатып аңның басын.

Алыстан мұнарланған тау көрінді,

Арғын енді байқасын жер шамасын.


Арғынның келе жатқан көңілі толып,

Манағы көрген бейнет ұмыт болып.

Ізденіп Орал тауын табайық деп,

Үшеуі енді аттанды төртеу болып.

Орал тауы аңғары секілді екен,

Суыт жүрсек жетерміз ара қонып.


Арғын ер жан-жағына көзін салды,

Қарай-қарай сол тауға көзі толды.

Ара күндік жер екен айтқанындай,

Суыт жүріп қасына келіп қалды.


Жасынан жүйрік еді жерді баққан,

Тілеуберді көрмеген елді тапқан.

Тау басында кез болды көп малшыға,

Қисапсыз қой, есепсіз түйе баққан.


Арғынжаным мен саған бір сөз айтам,

Болыңыз өз халқынды танымаған.

Өзіңді өзің танытсаң менен бұрын,

Дұрыстығымнан айырылып басыңды алам.


Бұл сөзді жақсы айтасыз батыр ағам,

Болайын ешбір жанды танымаған.

Өзімді өзім танытсам сізден бұрын,

Одан кейін борышсыз басым саған.


Малшыдан Тілеуберді бек сұрайды,

Асықпай сабырменен еп сұрайды.

Қимылдаған бәрі мал жер жүзінде,

Баққаның кімнің малы деп сұрайды.


Сұраса да біліп тұр ойыменен,

Арғын түсін бұзады бойыменен.

Әр адырдың астында бұдан да көп,

Айдарханның түйесі қойыменен.


- Мал иесі байыңның неше ұлы бар,

Аттандырып, ас берер тойыменен.

- Жалғыз ұлы Арғыннан айырылып,

Қайғысы Айдарханның сондай қатты.


Айдархан кедей емес, қаражатты,

Сауар сауын көп береді, ерге атты.

Жалғыз ұлы Арғыннан айырылып,

Бүкіл біздің тамаға қорған болған.


Бар еді жалғыз ұлы Арғын атты.

Дәулеті мол болса да басқа зары,

Ол түгіл бүкіл тама болды зарлы.

Жау тиіп елімізге былтырғы жыл,

Қапыда жау қолында кете барды.


Арғын десем көзімнен жас шығатын,

Өзі де батыр еді әшкере тым.

Әбден күдер үзген соң сауын айтып,

Ертең жылы, білемін ас беретін.


Бар жайды малшылардан біліп алды,

Ішіне бір туыстай кіріп алды.

«Таң атқан соң еліне барамын» деп,

Малшының бірі кетіп, бірі қалды.


Бұл батыр іс қылмайды біліп алмай,

Кім кетеді батырдың тілін алмай.

Таң атқан соң барамыз, ертең түсте,

Жанның бәрі жиылсын бірі қалмай.


Келеді талай жердің дәмін тартып,

Бір торсық қойшылардан алды қатық.

Төсі қыстау, төбесі жайлау болып,

Ел қарасын көрген соң қалды жатып.


Қатты ұйықтап сол арада қалған екен,

Қазасыз жан шығуы жалған екен.

Әбден ұйқы қанған соң түрегелсе,

Күн де түске жуықтап қалған екен.


Жолшыбай,

Қимылдаған бәрі мал жер жүзінде,

Мал түгіл бәрі таныс жер де өзіне.

Жинап ап аттың бәрін жаяулатып,

Ас берген келе жатыр өз еліне.
Жиылып қалған екен елдің бәрі,

Дауыс қып жатыр екен қатындары.

Дауыс қылған үйіне қара тігіп,

Шуласып жатыр екен жас пен кәрі.


Жиылған жанның бәрі көзі көрді,

Әкеле жатқаннан соң Арғын ерді.


Бәрінің де көз жасыңды тиярмын деп,

Қуанып келе жатыр Тілеуберді.


Біреуді біреу айтып білер емес,

Бәрі мұңды ешбір жан күлер емес.

Қаралы үйдің сыртынан келді дағы,

Айғайлап Тілеуберді қылды кеңес.
Арғынды әкелген соң тұғырына,

Май жанып лаулаған соң шырағында.

Батырдың айғайлаған қатты даусы,

Тиеді бәйбішенің құлағына.


Бәйбіше бұл сөзді айтып таң қалды-ай,

Елірген неткен жан деп ашуланды-ай.

Ас үйді, қаралы үйді көзі көрмей,

Жоғымды бұл кім еді бар қылғандай.


Кеп тұрған бұл немене Арғынжандай,

Еліріп айғай салған неткен пенде-ай.

Елірген не қылған жан сескенбеген,

Өзеуреп өшкенімді жандырғандай.


Дауысының күшінен ел көшкендей,

Жалғыздың айдарынан жел ескендей.

Жоғымды бар етердей екіленген,

Болмаса барымтадан көңлі өскендей.


Ағызып отырғанда қанды жасты,

Айрылып жалғызымнан алтын басты.

Кім де болса түсіріп алып келші,

Келемеж қылғаны ма мен қу басты.


Сүйдеген соң түсіріп алып келді,

Келген соң бәйбішені көзі көрді.

Төртеу қатар түзеп отырды да,

Шұбыртып бір дұғаны қоя берді.


Беттерін сипаса да бір дұға айтып,

Дұға айтқан соң ашуы кетті қайтып.

Бәйбіше балаң қашан өліп еді,

Отырды бәйбішеге көңіл айтып.


Бәйбіше жақындайды айтқан сайын,

Ағызып отырған соң тілдің майын.

«Тірідей жау қолында кетіп еді» - деп,

Бәйбіше сайрап отыр бала жайын.


Ат салып, көп қарадық төңіректен,

Мал айырған ел еді сансыз көптен.

Елге келген дұшпанның бәрі өш еді,

Өлді ғой деп ойлайсыз сол себептен.


Ұлықсатсыз кісі үйіне енбейтұғын,

Нәрсеге көзі көрмей сенбейтұғын.

Сонда да қу баспын деп зарламаңыз,

Алланың қазынасы кең дейтұғын.


Сырттан айғай салды деп қылма айып,

Бұл жалған қалқып жүрген бір жел қайық.

Қолыңнан топырағын салмаған соң,

Бәйбіше күдер үзбе тірі ғайып.


Мен дағы алты жылдай қолға түстім,

Жоғалтып қойған екен мені мүскін.

Жалғыз жылдың ішінде мұндай болып,

Бәйбіше асығыстау қылған ісің.

Не қиын деп ойлайсыз құдіретке,

Жөндесе қиын емес тәңірі ісін.


- Иә, балам, көптен озған дара екенсің,

Құдай артық жаратқан дана екенсің.

Құдайым айтқаныңды оң келтірсің,

Майда тіл, сөзің жақсы бала екенсің.

Ойыңа аманатымды ала жүрсең,

Менің де саған тиер шапағатым.


Ұлықсатсыз кісі үйіне енбеймін ғой,

Нәрсеге көзім көрмей сенбеймін ғой.

Мен сол едім демесе өзі айтып,

Порымы қандай екен білмеймін ғой.


Білмесем де жүрейін ойыма алып,

Көрмеген соң аламын қайдан танып.

Порымы дәл осындай секілді еді деп,

Біреуді болжау қылшы көзің салып.


Бәйбіше бұл батырдың тілін алды,

Айналды үй ішіне көзін салды.

Өзінің Арғын деген баласына,

Қайтадан көз айырмай қарай қалды.


Иә, балам, көзің сал деп айта бердің,

Айнала үйдің ішін байқап едім.

Бетіне кісі майы шапқан екен,

Әйтпесе Арғынжан деп айтар едім.


Иә, балам, айтып көрсет қол-басыңды,

Әлі көзім жеткен жоқ болмасымды.

Арғынжан деп айтуға әзер тұрмын,

Өзіңнен ең кейінгі жолдасыңды.


Ақсұңқар тұрағына қайта қонар,

Орталанған көңілің қайта толар.

Шыныменен танымай отырмысың,

Өзіңнің Арғынжаның болса болар.


Сүй деген соң анасы бас салады,

Жиылған халық көзге жас алады.

Асқан ет, тігілген үй, тартқан табақ,

Жанның бәрі жиылып бос қалады.


Анасы жылап жатыр Арғыным деп,

Жоғымды қайдан алла бар қылдың деп.

Көргенім өңім бе әлде түсім бе әлде,

Қарағым, бір көруге зар қылдың деп.


Айдархан келе жатыр ол айғайлап,

Рас па көрсеткенің, я құдайлап.

Қазір қазам жетсе де арманым жоқ,

Көрген түсім болмаса сорым қайнап.


Осылай деп жылайды,

Атасы мен анасы.

Қуанғаннан жылайды,

Кеудеден шығып санасы.

Құл да келді шайқалып,

Қойшы менен малшылар.

Иесіз қалып қорасы.

Қимылдаған жан болды,

Орал таудың даласы.

Арғынды аман көрген соң,

Айдарханның көңілі,

Жаңа бітті жарасы.


Мен де алладан сұрадым,

Жұмақтан болсың тұрағың,

Өлгенімді тірілтіп,

Өшкенімді жанғыздың.

Сенің де жансын шырағың,

Жүрегіңізді қуантып,

Қыдыр да болсын қонағым.
Жыласты ел-жұртымен судай тасып,

Болысты неше күндей амандасып.

Қайдан келіп, қай жақта жүрдің деді,

Отырды енді Арғыннан жөн сұрасып.


Көп екен деп дұшпаннан байқағаның,

Алланың мұндай жолға бастағанын.

Мал бермейтін қу бала осы ма деп,

Қамалып құрық салып ұстағанын.


Басына сірі тігіп, қолын байлап,

Далаға тыр жалаңаш тастағанын.

Талай таң зарлауменен отырғанын,

Қорек қып адам етін татырғанын.

Осы батыр кез болып там ішінде,

Тәмам қылды қалайша ақырғанын.


Соңынан үшеуінің ергендігін,

Осындай мехнатты көргендігін.

Астына ат, үстіне киім киіп,

Тәмам қылды қалайша келгендігін.


Әркімге өнер берген бір құдайым,

Ел тауып келгеннен соң шықты уайым.

Арғынның сөзін тамам қылғаннан соң,

Айдархан бастады енді тойдың жайын.


Жылқыдан ат, түйеден нар атады,

Адамды қатты қайғы қартайтады.

Манағы асқа сойған малдың етін,

Ғарып-ғасыр, жетімге бас тартады.


Қисапсыз сойып жатыр жылқы, қойын,

Бір үлкен нашарларға болды тойым.

Жер жүзінде сауықтың бәрін жиып,

Жібермей көрсетеді қырық күн ойын.


Қызыққа келген адам әмем батты,

Олар келіп бұлардың дәмін тартты.

Батырдың төбесіне құс ұшырмай,

Мереке көрсетті мұндай қатты.

Ел-елдің мырзасына ат мінгізді,

Кейінгі адамдарға шапан жапты.


- Біз келіп, сіздің елдің дәмін тартық,

Қызыққа келген соң әбден баттық.

Енді бай, ұрықсат бер қамданамыз,

Мас болып дәулетіңе қырық күн жаттық.


- Қуантқан мейман едің жүрегімізді,

Менің де берді құдай тілегімді.

Ер екенсің, жандырдың өшкенімді,

Қане, мейман, сұрай бер керегіңді.


Мыңнан алсаң серкенің оған бармын,

Беруге қайласы жоқ шыбын жанның.

Әр түлік, мал қадиыс, алтын, күміс,

Құнынан жететіндей ал Арғынжанның.


Батырдың дәулетіне көңілі толы,

Сиыр, жылқы, үйірлі түйе қойды.

Әр түлік мал үйіріп, құлыменен,

Әр қазынаның аузын ашып қойды.


Тағы да бір сөз айтты Тілеуберді,

- Басшы боп, ел көрсеттім Арғын ерге,

Балаңның тірі құнын алатұғын,

Мен бергем жоқ, Арғынды, құдай берді.


Өлсе дағы зауал жоқ жазасызға,

Таупық қылмай алланы табасыз ба?

Арғынды әкелдім деп бұлданбаймын,

Тәңірім қылған шығар жазасызға.


Топтан таңдап мінерге үш-ақ ат бер,

Алда көп, әлі жүрер барар жер.

Мен дағы бастан кедей адам едім,

Сонан соң батаңды айтып қолыңды көтер.


Үш ат әкел өзім мен жалдасыма,

Жөні келмес «жүрек жарды» алмасыма.

Тегін олжа деп бірақ қызықпайиын,

Дүние табылғандай бір басыма.


Топтан таңдап бір-бірден жүйрік берді,

Әкелген сүйіншің деп Арғын ерді.

Басыңа перзент құты орнасын деп,

Айдархан сақал сипап дұға берді.

Қайырлы Айдарханның дұғасымен,

Ақыры Тілеуберді үш ұл көрді.


Жөнелді амандасып тегіс елі,

Бетін түзей жөнелді өңшең сері.

Қазасыз Арғын елін тауып,

Кеңесі бұл батырдың болған жері.


Бір құдай өнер берген тілімізге,

............. сөйлейтұғын тілімізде.

Қате болса қатесін алла кешірсін,

Әлеумет риза бол енді бізге.


Шығарушы бұл дастанды Бектұр ақын,

Білуші ем Қуандықтан арғы затын.

Тұрағы ол кезінде Дүйсен аулы,

Ішінде учаскінің Омбы жақын.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   14




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет