Қазақстан республикасы мәдениет және ақпарат



бет2/14
Дата23.10.2016
өлшемі3,8 Mb.
#60
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14

ЕКІНШІ ПЕРДЕ



Екінші сурет
«Қараадыр». Тігулі шатырлар. Перде ашылғанда жиылыс өтіп жатады.

Мақсот. ...Міне, жолдастар, біздің ғылымның негізі осы. Күші де осында. Біз табиғаттан рақым күтіп отыра алмаймыз. Керегімізді алу біздің міндетіміз дейді, Мичурин. Жаңа айтып кеттім. Біз академик Вильямстың жолымен осыдан үш жыл бұрын өткен еңбегіміздің нәтижесін көруге тиіспіз. Осы сеніммен іске кіріскелі отырмыз. Қара адыр алабынан мол өнім алу үшін күресеміз, жеңіспен, зор табыспен аяқталады деп сенем. Ол үшін Ұлы Отанымызды сүйген адам жүрегіміз куә. Адал еңбегімізбен айтқан сертке жетеміз. Іске сәт жолдастар.

Дауыстар. Бәрекелді. Рахмет. Іске сәт-ақ!

І- колхозшы. Ғылым, ғылым дегенше... осылай түсіндіру керек қой.

ІІ- колхозшы. Бәсе тіпті, көңіліме қонып кетті емес пе.

Қаратай. Ай, жолдастар, айтылмаған сөз де қалған жоқ. Ұқпаған құлақ та жоқ шығар. Тіпті естігіміз кеп жүрген кеңес еді. Басталғалы отырған ісіміздің негізгі тірегі де айқындалды білем. Отанға серт бергенде орындаймыз деп бергеміз. Айтылған серт – антымыз. Ол айқын нәрсе. Ал, енді Өндірбаев жолдасқа ренжігіміз де келеді...

Төкен. Ренжиміз. Тура айту керек. Екі жыл бойы құр агротехника, агротехника деген бос сөзден басқа не бітірді...

Қаратай. Тұра тұр, Төкен... Оның рас. Ол өз алдына нәрсе. Ол енді белгілі боп тұр. Ал, енді іске кірісеміз. Алты күнде орындау қолдан келеді деп білем жолдастар.

Дауыстар. Орындаймыз. Дау жоқ.

Төкен. Мәселе көңілде. Көңіл сеніп іске кірістік. Бітті шаруа. Не сөз бар. Прямо айту керек.

Қаратай. Жақсы жолдастар. Енді даярлыққа, іске кірісейік. Тракторда қазір жетпек. Жантасов жолдас айтып кетті ғой. Орындайды. Көмектеседі, Жантасов.

Әлімбаев. Мен Сейсеннің бригадасын жарысқа шақырам. Прямо айту керек. Бес күнде бітіреміз біз.

Қаратай. Ал, Сейсен сен не дейсің?

Сейсен. Сөзіңнің садағасы, мен дайын.

Мақсот. Жеке-жеке жарысқа түсеміз. Жарыстың шартын жазамыз, жолдастар.

Дауыстар. Қарсылық жоқ.

Қаратай. Ал, жолдастар іске сәт!

Іске сәт! Әншейінде болмаушы ең, көрсет өнеріңді. Асықпа іс көрсетеді, - десіп бір-бірімен әзілдесіп тарасып жатады.

Мақсот, Қаратай, Айбала, Зурә, Төкен, І-ІІ қыздар, Қадиша қалады.

Мақсот. /Блокнотын алып ашып/ Ал, Қареке енді істі өзіміз келіскен жоспар бойынша істейміз. График заң.

Қаратай. Сөз бар ма.

Мақсот. /Қыздарға/ Зурә, Айбала практика деген осы. Міндет қой белгілі.

Зурә. Әр гектарға 180 килограммнан тұқым себу... 6 сантиметр тереңдікке...

Айбала. 8-де.

Зурә. - Иә, иә 6-8.

Мақсот. Терең жыртуды да сендер бақылайсыңдар. Ә... газет шығарып тұруды да сендер ұйымдастырыңдар.

Зурә. Бәріне де жетісеміз.

Мақсот. Сендер... /Қаратайға/ тұқым келді ғой.

Қаратай. Келді, келді.

Мақсот. /Қыздарға/ Барып көріңдер онда.

Айбала. Өзің көрмейсің бе?

Мақсот. Мен де көрермін. Е, агроном емессіңдер ме, көріңдер, баға беріңдер.

Зурә. Сынағалы тұрсың ғой.

Айбала. Жүр, сынасын.

Мақсот. Сынаймын. Енді қалай деп едіңдер.

Зурә. Жақсы, жақсы. Жүріңдер қыздар.

Төртеуі кетеді. Ән салып бара жатады.

Мақсот. /блокнотына қарап/. Ал жолдас Төкен... /ауырсынып қабағын қатты шытынады/.

Төкен. /шошып қап/. О не, ағай.

Қаратай. Мақсот қарағым, немене?

Мақсот. /көзін қатты жұмып, ашып/ ештеңе емес...

Төкен. Майданның ескерткіші ғой ағай, ә?

Қаратай. Денсаулығың қалай еді, Мақсот?

Мақсот. Не деуге болады. Кезінде көрерміз...

Қаратай. Шырағым, аса көп қиналып, кейіп болай нетпе... Біз бармыз ғой.

Төкен. Бәрін де өзіміз орындаймыз. Мен де солдатпын.

Мақсот. Жақсы, рахмет сіздерге. Ештеңе етпес. /өзгеріп/ Ал, Төкен 700 гектар ғой, ә?

Төкен. Иә, 700.

Мақсот. Қаншадан деп ойлайсың.

Төкен. Қайдам Мақсот ағай. Прямо айту қиындау... Сізге аз боп кетеме 15-тен десем.

Қаратай. Қой, Төкен. 17-18-ге сал ауызды.

Мақсот. Кемі деңіз. Гектарынан 20 аламын деп кіріс.

Төкен. /күліп/. Артығы төбесінде деңіз. Аламыз, Мақсот аға. /Трактор дауысы естіледі/.

Қаратай. Ә... әне келді. Мен барып білейін. Кетеді.

Мақсот. Қай майданда болдың?

Төкен. Сталинградтан бастап, прямо Берлинге шейін бардым.

Мақсот. Денсаулық жақсы са?

Төкен. Госпитальға түскенде оң қолым жазылмайтындай /қолын бүгіп көрсетіп/ прямо осылай қатып қалған еді. Дәнеңе де еткен жоқ. /Қолын сілтеп көрсетіп/ Міне қазір.

Мақсот. Жақсы, жақсы. Кімің бар?

Төкен. Бір ағам майданнан қайтқан жоқ. Інім оқуда. Шешем бар. Сол кемпір прямо мазамды алып жүр.

Мақсот. /Таңырқап/ Е, не деп?

Төкен. Әй, ағай енді... Келін, келін дейді.

Мақсот. /Күліп/. Е, дұрыс қой онысы.

Төкен. Мен өзім прямой адаммын, Мақсот ағай. Әлгі қара қызды көрдіңіз ғой... Жаңағының ана... сұңғақтауы...

Мақсот. Қой қара емес қой. Қараторы де.

Төкен. Торы емес. Настоящий қап-қара ғой енді.

Мақсот. /Күліп/ Иә?

Төкен. Сол еді көңілімдегі... Ол өзі де солай.

Мақсот. Ә! Жаман бала емес қой.

Төкен. Тәп-тәуір енді былай... Өзі звено бастығы.

Мақсот. Солай ма? Мен қазір әңгімелесем ендеше.

Төкен. Өзіңіз біліңіз.

Мақсот. /күліп/ Жо... жұмыс жөнімен... Әй, Төкен.

Төкен. Осында бір жұмыс істемейтін ерке еркек бар. Сол қырындап...

Мақсот. Ондайларды мұндай қыздар менсінбейді. Аты кім?

Төкен. Аты, Қадиша. Өзім де солай ойлаймын.

Мақсот. Маған жіберші өзін.

Төкен. Қазір жіберейін.

Мақсот. Жақсы Төкен. Сен өзің солдатсың. Елге үлгі көрсет. Міндет ауыр. Жауапты. Биттей жерден мүлт кетпесін.

Төкен. Мен енді, Мақсот ағай, еңбек майданының үлгілі солдаты бола аламын. Майданда да жаман соғысқаным жоқ.

Мақсот. Жақсы, Төкен. Ал, кісілеріңе бар. Тойды бірге тойлаймыз.

Төкен. Как же, Мақсот ағай, тойлаймыз.

Кетеді. Мақсот жалғыз.

Мақсот. Бұндай адамдармен жұмыс істеуге болады. Жүрегі қандай таза... Өндірбаев... агроном... жиырма бес жыл. Жасарымды жасадым дейді ғой. Өз өмірі, өз басы /тұнжырап отырып қалады/. Арманым жоқ... Мақсот, Мақсот... Мақсот... бәріне бірдей жете бересің бе... /аз пауза/ Жас тілек. Анау Айбала... Жоқ. Үміт пен қауіптің таласында тұрған басты әуре етпе қазір, жас жүрек. /Басын ұстап ойланып отырып қалады/.

Әндетіп келе жатқан жігіттің дауысы, арбаның салдыры естіледі.

Ән. Айдай қыздар дегенге, айдай қыздар, қаздар-ай,

Алашолақ итіңді байла қыздар, Ару-ай.
Қараңғы үйдің ішінде қалбаңдаймын, қыздар-ай,

Салып қойған төсегің қайда, қыздар...

Қолында ұзын бишік, алдында алжапқыш алпамсадай жас жігіт шығады. Мақсот қолына блокнотын алып, ойға шомып отыра береді. Жігіт оны көрмейді.

Жігіт. - Біздің батырлар қайда, қарғам-ау. Сарбаздар... Еңбекке араласып та кеткен бе?! /Жан-жағына қарап/ Пәле, ойдайт дейсің, Қара адырдың алабын астаң-кестең етуге аттанған екен ғой сарбаздар... Біздің қарагер қыз қайда жүр екен десеңші. Қой барып көңілдерін көтерейін... Сусындатайын.

Әндетіп кете барады.

Мақсот. /Орнынан тұрып/ Ой артынан ой туады. Істелетін іс көп. Оған жететін күш те көп. /анадай тұрған шоқыға қарап, блокнотына үңіліп жаза тұрып сөйлейді/. Ым... ым сен шоқы жайсыз-ақ орныққан екенсің. Артым өзен, алдым шөл деп тұрсың ғой. Майданда мақсатты іске асыру үшін жолдағы бөгеттерді алып тастайтынбыз. Оңай-ақ алатынбыз. Қол батыр, көз қорқақ дейді.

Шоқыға қарай беттеп шығып кетеді. Сахна аз бос. Дабырласып сөйлесіп келе жатқан бір еркек, бір әйелдің дауысы естіледі. Еркек дауысы әндетіп: Ақау керім, бұраң белім... Әйел дауысы: қойсаңшы шырағым, ұят емес пе тіпті. Қадиша мен манағы алжапқышты жігіт шығады.

Жігіт. Сағынып келдім десе, қызықсың ғой өзің.

Қадиша. Сағымбай-ақ та, сарғаймай-ақ та қой. Ұят болар енді. Ұятты кісі бар.

Жігіт. Өзің қалай қыңыр қызсың осы. Тіпті бір болмайсың.

Қадиша. Сендей не істерін білмей ерігіп жүрген кісі жоқ. Қой енді жетер.

Жігіт. Ойбай, дертесінің шолағын қара.

Қадиша. Өзің арсыз болған соң, елдің бәрін солай деймісің. Бізде де тіл бар.

Жігіт. Ойдайт дейсің... жақсы көргенді білмей, онысы несі-ай. Қой енді. Ашуыңызды бас. /Құшақтамақ болады/.

Қадиша. Ферманың қара бұқасындай өңмеңдемей қой енді. Әрі жүр. Жұмыс істе онан да. Ұялсаңшы.

Жігіт. Мәссаған керек болса. Кетті ғой шырқап мына қыз.

Қадиша. Айтатын жерінде айтам, тұра тұр, жиылыс болсын. /Мақсотты іздеп алаңдайды/.

Жігіт. Жастықты ұмытып кеткеннен саумысың сен қыз. Әзілді білмей не болды саған, қалқашым-ау.

Қадиша. Мен сенің қалқашың емес. Жастықтың да орны бар. Әзілің жарасқан кісіңмен әзілдес.

Жігіт. Ойбой, қой енді, шөлдеп қалдың сусын іш. Кел татуласайық. /Қызды құшақтамақ болады, қыз жолатпайды/.

Қадиша. Аулақ әрі...

Осы кезде қолында блокноты Мақсот кіреді. Жігіт сасып қалады. Қыз ұялып қалады.

Мақсот. Ә, келген екенсің ғой.

Жігіт. /жылпылдап/ Сәлемәт есенсіз бе, жолдас? /қол беріп амандасады/. Күйлісіз бе? Қайырлы болсын, қуанып қалдық.

Мақсот. Жақсысыз ба? /Қадиша/ Иә, /блокнотын ашып/ сіздің звенода 25 гектар ғой?

Қадиша. Иә, 25.

Мақсот. Тазартылған тұқым аз сияқты ғой.

Қадиша. Ол былай ағай. Мен өз звено мүшелеріммен сапалы тұқымды қысты күні он күн ішінде тазартып, екі рет тиерден өткізіп, даярлаған болатынбыз.

Мақсот. Иә?

Қадиша. Лаборатория өнгіштігін 97 процент деп тапқан. Оңғарбай ағай, сенің звеноң биыл басқа звеномен қосылып істейді. 10 гектарға жететін тұқым болса жетеді деп тазартылған тұқымды басқа бригадаға бергізді.

Мақсот. /Іштей ренжіп/ Уақа емес. Бірақ, 25 гектарға жететін тұқым керек. Звенода 8 адам ғой?

Қадиша. 8 адам. Бәрі де комсомол.

Мақсот. Өте жақсы. Енді тұқым табу керек. Қанша керек деп ойлайсың?

Қадиша. /ойланып/. Екі жүзден астам керек болар. Қиын ғой енді. Қалай болады, ағай. /Қаратай, Зурә, Айбала келеді/.

Жігіт. Ассалаумағалейкум, Қареке. Амансыздар ма, қарындастар? /қол алысып амандасады/.

Қаратай. /жігітке/ Сен қашан келдің?

Жігіт. Ауылдан...

Мақсот. Қареке, мына звеноның тұқым мәселесін білесіз ғой?

Қаратай. Әлгі Өндірбаевтың істегені... апырмай енді.

Мақсот. Өткен іс өтті. Өкініштен пайда жоқ. Бұл звеноға тұқым табуымыз керек. Табамыз ғой. 300 центнер керек.

Қаратай. Тапқанда тазартуы бар ғой.

Мақсот. Көмектесеміз. /ойланып/ 3-4 күнде тазартып, трейрден өткізіп себу кондициясына жеткіземіз. Айбала, Зурә сендер мына жолдастарыңа көмектесіңдер. Амал бар ма сүйтеміз.

Айбала. Несі бар.

Зурә. Көмектесеміз.

Мақсот. /қызға/ Сүйт шырағым. Мол өнім аламыз ғой.

Қадиша. Қайдам ағай. Өзіміздің дайындағанды беріп қойып...

Мақсот. Ештеңе етпейді. Сендердей звено бастықтары, /Айбалаларды көрсетіп/ агрономдар бәріміз жабылсақ орындалмайтын іс жоқ.

Қадиша. Өзіміз даярлаған тұқым болғанда, нысанамыз 30 центнерден кем емес еді.

Мақсот. Соны іске асырамыз.

Зурә. Біз барлық звеноларда болдық. Тұқым өте жақсы. Бидайдан өзіңіз ұйғарған түрі.

Айбала. Ал, сұлыдан лоховский...

Зурә. Арпаның прикоцюс сорттары.

Айбала. Төкендердің тұқымы тіпті тамаша іріктелген.

Зурә. Себу кондициясына әбден жеткен.

Қаратай. Олар, мына Қадишалар қыстай тыным алған жоқ.

Мақсот. Солай болу керек, Қареке.

Қадиша. /шыдамсызданып/ Біз кеттік ендеше, Қареке.

Қаратай. Әлгідей шештік қой. Төкенге айт, шырағым.

Қадиша. /кетуге ыңғайланып/ Жақсы ағай.

Айбала. Жүр, біз бірге барамыз.

Зурә. Жүр.

Мақсот. Мен өзім де барармын.

Қыздар құшақтасып кетеді. Қадиша жігітке жаман көзімен қарап кетеді. Жігіт төмен қарайды.

Мақсот. /Жігітке/ Ал, жолдас, сіз де осы колхоздікі боласыз ба?

Жігіт. – (сасқалақтап). Иә, иә осы мына Қареқендердің...

Қаратай. Бұл жігіт бізде, әйтеуір жүр, ауру, сырқау...

Мақсот. Қай бригададасыз?

Жігіт. Бригада емес.

Мақсот. Не қызмет атқарасыз?

Жігіт. Міне, көрмейсіз бе... айранбозбын...

Мақсот. /түсінбей/ Айранбозбын! Айранбозы не?

Қаратай. Әй, шырағым-ай енді...

Мақсот. Кәсібің жақсы екен жігітім. Мына түріңмен, мына алпамсадай денемен «айранбоз» болып жүруге арланбаймысың. Азаматтық ар қайда, ұят қайда.

Жігіт. /сасып/ Дене дегенмен енді... білесіз ғой. Сырқат болған соң... тіпті жүрек, өкпе дегеннен түк жоқ.

Мақсот. Қайта тірі жүр екенсің.

Жігіт. Жұлын-тұта қозғалтпайды, жолдас. Амалсыздың күні ғой.

Мақсот. Ана жұртты көріп, титтей сезім болса ұялу керек қой, жігітім. Еңбек етпесең қайдан қозғалтады жұлын-тұтаң.

Жігіт. /қойнынан қағаз алып ұсынып/ Міне... мінекиіңіз дәрігер біледі ғой. /Мақсот алып оқып жатады/ Инвалидке өткелі жүрмін.

Мақсот. /қағазын қайта беріп/ Бұл болмайды, жолдас айранбоз. Соғыс уақытында білесіз бе, аяғынан айрылған ұшқыштар да, бомбовозбен аспаннан жау төбесіне жәй түсірген. /Қаратайға/ Мына қағаздан әкетіп бара жатқан ауруды көре алмай тұрмын.

Қаратай. /жігітке/ Енді маған өкпелеме, шырағым. Бір кісіні екі ете алмай отырғанда, бұның не! Дәрігер дегенге мен сеніп жүрсем.

Мақсот. Қағаз жазып ауданға жіберейік Қареке, қаралсын дәрігерге.

Қаратай. Өкініп жүрме, шырағым.

Жігіт. Апыр-ай енді сенбейсіңдер ғой... Мына елдің сусынын беріп барсым барайын.

Кетеді.


Мақсот. Адал жұмыс істейтін колхозшылардың еңбегіне мысал болып, колхозшы атын жамылып, елдің игілігімен пайдаланатын сұғанақтар осылар болады, Қареке.

Қаратай. Оның рас, Мақсот. Осы бір үлкен дерт...

Мақсот. Үлкен дерт. Жұқпалы дерт. Берекенің жауы. Күресу керек бұл дертпен.

Қаратай. Жиылысқа салу керек бұны. Қайдам дәрігер дегенге.

Мақсот. Тракторлар келді ғой барлығы.

Қаратай. Бір ХТЗ, бір СТЗ жіберіпті әзірге.

Мақсот. /Қатты кейіп/ Бұнысы не енді. Жантасовтың өзімен келістік емес пе? ЧТЗ-НАТИ болмаса бұл жерге жарамайды дегеніміз қайда. ХТЗ-ны неге жібереді. 25 сантиметр тереңдікке жеткізу шарт дегеніміз қайда?

Қаратай. ЧТЗ-ны Өндірбаев басқа учаскеге, тың жерге деп жіберіпті.

Мақсот. Жантасов біле ме екен мұны?

Қаратай. Біле алмадым. Ай, Абзал естімеген шығар-ау.

Мақсот. Өндірбаев менің аяғымнан шаламын дейді ғой. Мені мұқатпақ қой. Мансап іздеп келіппін бе мен... Мені мұқатуға ба болады, сүрінтер де... бірақ, қандай іске әрекет жасап жүргенін біле ме екен. Колхоз... қоғам ісі.

Қаратай. Мақсот қарағым күйінетін де жөнің бар... бірақ сабыр қылшы. Денсаулығың болса... мен барайын. Жеткізейін Жантасовқа. Бұл күндерде Абзал да ауданда отыра алады деймісің... табармын, колхоздарда болар.

Мақсот. Әрбір күн санаулы. Бос өтті күнің – ұтылдың. Көңілдегідей істей алмасаң – Мақсотқа жете алмадық деген сөз. Бұл қалай болды. Жантасов жаңылмаса керек еді ғой.

Ашулы асығып Төкен кіреді.

Төкен. Мақсот ағай, бұл қалай өзі? Прямо турасын айту керек. Биттей мүлт кетсе нәтиже жоқ дедік қой. Прямо айту керек. Ал ендеше кетіп жатыр. Айтқан тереңдікті ала алмайды мына тракторларың. Анау екі агроном қыз зыр жүгіріп өлшейді геп, өлшейді. Штожы, дұрыс емес деп ойбай салады. Немене, беп-белгілі.

Мақсот. Бұл болмайды, Қареке. Бастаған істі айтқандай етіп аяқтауымыз керек.

Төкен. Конечно, дұрыс сол. Қареке, прямо айту керек. Мен как парторгі тура айтам Жантасов жолдасқа: Жолдас Жантасов деймін. Нежолый, мүмкіндік жоқ деймін...

Мақсот. Жоқ Қареке, көлік даярлатыңыз мен де барам.

Қаратай. Бірталай жер ғой.

Мақсот. Уақа емес.

Қаратай. Ал, Төкен қимылда.

Төкен. Ол оңай ғой. Бұл сериозный шаруа. Жұмыс жүре бере ме?

Мақсот. Сол жерге біз де барамыз, кеңесіп шешеміз.

Төкен. Мақұл онда. /Кетеді/.

Мақсот. Қареке, сіздің шаруашылығыңыз көп. Өзім-ақ барып қайтайын.

Қаратай. Жұмысты тоқтата тұрамыз ба қалай?

Мақсот. /кейіп/. Қайта кейімессің...

Жүгіріп Төкен келеді.

Төкен. Бір машина прямо осылай ағызып келе жатыр. Жантасов-ақ болар.

Қаратай. Жақын ба?

Мақсот. Жантасов.

Төкен. Абзал-ақ болар. Соның машинасы. Міне өзі келіп қалды. Сонсоң қайттым. /Үшеуі де машина келе жатқан жаққа қарап асыға күтуде/. Айттым ғой, дәл өзі.

Қаратай. Абзал-ақ болды. Бәрекелді.

Жақындай келіп қалған машинаның дауысы естіледі.

Мақсот. Төкен, онда жұмысты тоқтата тұр.

Қаратай. Сүйт, Төкен.

Төкен жүгіріп кетеді. Аздан соң Абзал келіп кіреді. Қаратай, Мақсот қуанып қарсы алады.

Абзал. Аман жақсысыздар ма?

Қаратай. Аманбыз ғой.

Абзал. Мақсот денсаулық жақсы ма?

Мақсот. Жаман емес, жолдас Жантасов... Бірақ мәселе басқада боп тұр.

Қаратай. Тура сізге бармақ боп жатыр ек. Жақсы келдіңіз.

Абзал. Бәрін де білемін. Бүгін «Өрнек», «Комсомол» да болып, ауданға келе сала естідім. Өндірбаев мәселесін бюрода қарадық. Содан МТС-тен осында трактор жіберіп келдім. Ал, қалай?

Қаратай. - Бәсе.

Мақсот. - Біраз уақыттан ұтылдық.

Абзал. ЧТЗ-НАТИ-ден үшеуі келеді.

Мақсот. /қуанып/ Онда ұтылғамыз жоқ. Ұттық ендеше. Рахмет, жолдас Жантасов! /қолын алады/.

Қаратай. Бәсе тіпті ... Бәрекелді.

Абзал. Ал, Қареке, қазір жұмыс үсті ғой.

Қаратай. Доғара тұрып ек.

Абзал. Жақсы онда, жолдастармен біраз әңгімелесейік. Мындағы тракторларды «Егінді бұлаққа» жібертіңіз. Ана тракторлар ертемен шыққан /сағатына қарап/ қазір келіп қалады.

Қаратай. Дұрыс-ақ.

Кетеді.

Абзал. Денсаулық жаман емес қой, Мақсот?



Мақсот. Бүгін нашарлап тұр еді. Қазір түзелді.

Абзал. Ондай болады, Мақсот. Әлі істейтін жұмыстар көп. Бөгеттер де бар. Колхоздарда еңбекті дұрыс ұйымдастыру мәселесі ең басты міндет. Мүмкіншілік мол, күшіміз жетеді. Колхоз даласында 20 мыңдаған трактор істейді екен. Соларды дұрыс пайдаланып, негізгі жұмысты машинаға аударып, колхозшылардың еңбегін жеңілдетіп, мағыналы, жемісті іс істеуіміз керек. Солай Мақсот. Осы өлкені ну тоғайға айландыруға болмай ма. Өзендерді өз еркімізбен ағызуға болмай ма... Бәрі де болады, Мақсот.

Мақсот. Дұрыс айтасыз. /Блокнотын алып/. Мен соғыста сапёр батальонында болдым... Иә, мәселе онда емес. Мынау арада бір талай жұмыс істеліп барып аяқталмай қалған екен. Соғыстың алдында басталып еді. Мына шоқыға келіп тіреліпті. Әдейі барып көрдім.

Абзал. А... бұл мәселені қолға алу керек. /ойланып/. Қазір мүмкіншілік те туғалы тұр.

Мақсот. Бұл Тасжарған өзені осы шоқыдан /қолын сілтеп көрсетіп/ былай асып беттесе, Қара адыр алабын түгел сусындатады. Ана колхоз тұсын басып өтетін Суық бұлаққа осы алаптан барып қосылса, 80 киловаттық, тіпті одан да күшті су электр станциясын салуға әбден болады.

Абзал. Бұл қазір күн тәртібінде тұрған негізгі мәселе. Ал, бұл жердің көп жұмысы қалған жоқ.

Мақсот. Ұйымдасқан жұмыс күші болса, шоқыға дейін бір жұмалық, одан да аз жер қазу... онан соң мына шоқыны лақтырып тастау...

Абзал. Бұл өзенді бұрып алсақ, освы алаптағы 5 колхоздың жерін қанағаттандырады. Сөзді іске айналдыруымыз керек. Егісті аяқтаған колхоздардың артық күшін осыған жұмылдыра бастаймыз. Осы колхозды қамқорлығыңа алып отырған қалада екі үлкен комбинат бар. Болысады бізге. Облыс алдына қолма-қол мәселе қоямыз.

Дабырласып сөйлесіп келе жатқан кісілер: Зурә, Әлімбет «Ей, айрамбоз, айрамбоз. Сірә саған қайран боз» деп күлісіп келеді.

Әлімбет. /өлеңдетіп/. Абзал, Мақсот қарағым,

Қайырлы болсын талабың.

Еңбек-зейнет, елге ырыс,

Егіске толсын алабым. /амандасып жатады/.

Бәсе, Қара адырдың қабағы осылай жадырау керек қой. Ашқан екен қойынын ерлеріме.

Абзал. Жол болсын, Әлеке.

Әлімбет. Колхозды даламда еңбек майданы қызғанда, жата алар ма қарт тарлан. Ерлерімнің ортасында жүргенде емес пе қарағым-ау, Әлекеңнің жырдан мол өнім беретіні. Мақсот денің сау ма қалқам?

Мақсот. Жақсы Әлеке, жақсы.

Әлімбет. Бәрекелді.

Зурә. Әлекең жаңа бір тамаша өлең айтып берді. Жазып алдым газетімізге басамыз. Әлгі айранбоз туралы. /Күліседі/.

Әлімбет. Құждай болған неме, айранбозбын дейді:

Ей, айранбоз, айранбоз

Еңбектен қашқан енжар қу.

Сірә саған қайран боз... демегенде не деймін. Адал еңбек еткен ерлерімді асыл жырыммен алғаймын. Еңбектен қашқан қу аяқтарды түйреймін өткір сөзіммен.

Абзал. Дұрыс Әлеке. Ел тілегі де сол.

Әлімбет. Аралаймын елімді. Жыр етек ерімді. Көзіммен көрем, көңіліммен сенем. Шынын жыр етіп беремін.

Абзал. Қазір өзіммен бірге жүріңіз.

Әлімбет. Өзімде сүйтем.

Трактордың дүрілі естіледі. Әндетіп келе жатқан колхозшылар 3-4-тен топ-топ болып жиналып жатады.

Қаратай. /қуанышты/ Келді алыптар. Енді көнбей көрші, Қара адыр.

Төкен. Мақсот аға, келді тілеген тракторлар.

Дауыстар. Келеміз ғой.

Төкен. Әй, айранбоз, бас аяғыңды!

Мақсот. Айранбоздар да жөнге келер, Қара адыр да еңбектің жемісін берер, Төкен. Ел көңілді дабырласып келіп жатады.
Ш ы м ы л д ы қ .

ЕКІНШІ ПЕРДЕ


Үшінші сурет
Қараадыр. Таңертеңгі күн көтеріліп келе жатқан кез. Аулақта егіс даласында салған ән, тракторлардың дүрілі естіліп тұрады. Айбала ертерек тұрған, газет шығару даярлығымен шұғылданып жүреді. Газет жапсырылатын қалқанға газет материалдарын орналастырып жүр.

Айбала. Зурә, Зурә. /Зурәнің шатырдан «қазір, қазір» деген дауысы естіледі/. Болсаңшы енді. /Қолында қағазы бар Зурә шығады/.

Зурә. Міне, қарашы Айбала, суретші емеспім бе өзім?

Айбала. Қане, /қағазға қарасып жатады/ қойшы тіпті мұрнын қолағаштай етіп қойғаның не?

Зурә. Қойшы енді сен де. Өзінің мұрны да дәл осындай емес пе? Еркекке жәрәйді...

Күліседі.

Айбала. Қалжыңды қойшы. Басына не деп жазамыз?

Зурә. Мақсоттың мақаласының атын жазамыз.

Айбала. «Егіс даласы еңбекті сүйеді» деп пе?

Зурә. Сүйтейік. «Егіс даласы еңбекті сүйеді» деп пе? Мұнысы дұрыс.

Айбала. Иә, сонсоң.

Зурә. Сонсоң /ойланып тұрған боп әзілмен/ Айбала Мақсотты сүйеді, Мақсот Айбаланы сүйеді десе, тіпті жақсы боп шығар еді.

Айбала. /Күліп/. Зурә кімді сүйеді дейміз сонда...

Зурә. Оны Зурә өзі біледі.

Айбала. Қалжыңды қоя тұрайықшы. Мына газетті бітірейік те, егіс басына барайық.

Зурә. Сұра ендеше өзінен...

Айбала. Сен сұра. Редактор сенсің...

Зурә. Ұйықтап жатқан шығар сен бар. Мен сенің орныңда болсам. Аяғынан сүйреп тұрғызып сұрар ем.

Айбала. Жүр екеуіміз де барайық.

Зурә. Е, несі бар, жүр. Қойшы бірақ, ұйықтап жатса тимей-ақ қояйық. Өзін-өзі аямайтын не қылған адам осы. Күні-түні бір дамыл жоқ.

Айбала. Жаның ашып тұр ма...

Зурә. Қарайкөр өзін. Сенің жаның ашымай тұрған шығар. Ә... тұра тұр бәлем.

Айбала. Ақырын енді, естіп қояды.

Зурә. Жүр ендеше.

Екеуі Мақсоттың бос тұрған қосына ептеп келіп, баспалдақтап қарасады. Кейін қостың есігіне таяй бергенде алдындағы Айбаланы Зурә итеріп қалып, қаша жөнеледі. Айбала екпінімен сүрініп барып қостың ішіне еніп барып қалады.

Айбала. Қойшы Зурә, солай ойнай ма екен. Бар болса қайтер ең...

Зурә. Ә... солай ма екен. Жаның ашымайды екен. /шынымен/ Шынында да обал өзіне. Күн шықпай кеткен ғой тегі.

Айбала. Өзі де біткен бишара. Ауруын білдіртпеген болады. Бағыш тәтем айтып еді ғой... Тыңдады ма.

Зурә. Ештеңе етпес. Жұмыс та аяқталды деуге болады ғой енді. Бүгін бітірсек. Қалаға қайтып... Тойларың қашан осы. Жасырасың ба менен.

Айбала. Сенен немді жасырып көріп едім. Қызықсың Зурә сен.

Зурә. Е, несі қызық.

Айбала. Әуелі келгелі бір шүйіркелесіп сөйлестің бе десеңші. Білмеймін. Біртүрлі салқын... Аурулығы ма, әлде не ойы бар қайдам...

Зурә. Неге сұрамайсың?

Айбала. Не деймін мен оған.

Зурә. Не деймін. Неменесі бар тура айт. Сағынып күткендегім осы ма де... Рас әй, ты смотри, еркекті білесің ғой... ана Тұрдықұл туралы көңіліне бірдеме келіп қалып жүрмесін.

Айбала. Немене келуші еді. Өз көңілім ақ болса болды.

Зурә. Оны да қояйықшы, ауруын айтсаңшы... Ештеңе етпес бірақ, ә...

Айбала. Бағыш тәтем айтты ғой операция жасамай болмайды деп. Өзі оған болған жоқ. Егістен кейін бір-ақ жасатам... ештеңе етпейді деп қояды.


Каталог: repository -> history
history -> Рымғали Нұрғали СӨЗ Өнерінің эстетикасы а ң д а т у
history -> Қазақ Әдебиетінің алтын ғасыры. Зерттеу. Астана,
history -> Қазыналы биікте. Р. Нұрғалидің азаматтық, ұстаздық, ғалымдық келбеті. –Алматы,
history -> Тұрсын ЖҰртбай „Ұраным алаш!
history -> Халел досмұхамедов
history -> Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»
history -> Алматы: «Санат» баспасы, 2001. 480 бет
history -> ҚазақТЫҢ ЖҮз романы. Оқу құралы. Құрастырып, баспаға дайындаған академик Рымғали Нұрғали. –Астана: «Фолиант», 2004. 456 бет. «Қазақтың жүз романы»


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет