Қазақстан республикасы мәдениет және ақпарат


ТӨРТІНШІ АКТ Сегізінші картина



бет8/14
Дата23.10.2016
өлшемі3,8 Mb.
#60
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   14

ТӨРТІНШІ АКТ




Сегізінші картина



Жаролла байдың ауылы. Қазақ үйлер. Аулақта дала көрінісі, сары дала, адыр, төбелер. Алыста Ақшатау көрінеді.

Сахнаның оң жағында кедей шаруаларының қазақ үйінің ішкі көрінісі. Ол үйде қол - аяқтары байлаулы, жаралы Сабыржан, Әлімқан, Шалтай. Сахнаның сол жағынба байлардың үйінің сыртқы көрінісі. Күн таудан асып батқалы бара жатқан кешке таманғы мезгіл. Жаролла, Құмар үй сыртында сөйлесіп отыр.

Жаролла. Ал, Құмар, Сабыржан қолға түсті. Аумалы-төкпелі заман боп кетті. Арты не болар екен.

Құмар. Мықтыбай да хабарды жеткізген болар. Ақтардың қолына береміз де алла деп отырамыз. Сабыржан болшебек. Болшебек бізге дос емес екеніне алланың өзі куә.

Жаролла. Ақ патша тағынан тайып, жығыса жығылған ақтар ғой. Аякөз үстінен өткіншідей өте шығып, тағы қызыл пәлесі қылт ете түссе, күніміз не болады сонда біздің...

Құмар. Аруақ-құдай бар болса, қызылықның қыры кетті білем. Алда-жалда, жаман айтпай жақсы жоқ, қызыл келе қалса: Сабыржан ауылымызды шапты, сон соң халық ұстап өкімет қолына берді... аржағын біз білмейміз. Сөз осы.

Жаролла. Ақ орнығып қалса, ақ түйенің қарны жарылады. Сабыржанға бүйрегім бұрып отырған мен жоқ. Артын ойлап, амал етейік.

Құмар. Қол көтердік, торға түсірдік. Ата жауды аяма. Тісің барда тас шайна.

Жаролла. Мәслихат. Пәле - жаласы өзімен кетсін. Арылған болайық. Сабыржанның өзінен болды десін ел.

Мықтыбай келеді.

Мықтыбай. Ассалаумағалейкум!

Құмар. Жалғызбысың?

Мақтыбай. Ғинаш бастаған 20 қазақ орыс келе жатыр. Жақыпбек ауылында түстеніп қалды. Мен озып кеттім.

Құмар. Аякөзің не боп жатыр?

Мықтыбай. Пәленің басы, Сабыржанның серіктері түгел дерлік қолға түсіпті.

Жаролла. Ақтар әбден орныққан ғой.

Мықтыбай. Әй, білмейім-ау.

Құмар. Иә?!

Мықтыбай. Көр қолы Үржар, Мақаншыға суыт аттаныпты. Жетісу, Семей жақтан қызылдар қаптап келеді деп ел дүңк-дүңк етеді.

Шаруа келе жатады.

Жаролла. /Мықтыбайға/. Қоя тұр. Жүр үйге кіріп сөйлесейік.

Жаролла, Құмар, Мықтыбай кетеді.

Әлімқан. Ой жалған дүние, арманда кеттің-ау, қарағым.

Сабыржан. Әлеке, дүние жалған емес, дүниені жалған деп түсіндіретін зұлымдар жалған. Шындық, адам баласының бақыты, бостандық үшін алысып өлген арман емес.

Әлімқан. Сенің жаның қалса, мен садаға, Сабыржан.

Сабыржан. Мен күрескен ісімнің әділдігіне көзім жеткен, көңілім сенген. Қызығын көрмедім деп арман етпеймін Әлеке. Сіздер көрсеңіз етті.

Әлімқан. Ер туса – елге ырыс, сен елдің ері едің, Сабыржан.

Шаруа келеді.

Шаруа. Сабыржан қарағым, Аякөзге жіберген кісісі келді.

Әлімқан. Не деп келді?

Шаруа. Не десін... не дейін...

Сабыржан. Белгілі ғой, Әлеке.

Шаруа. 20 казак-орыс келе жатыр.

Әлімқан. Жендеттер десеңші.

Шаруа. Қанатымен су сепкен қарлығаш құрлы болмадым, қарақтарым. Қайтейін.

Жылайды.

Сабыржан. Біз сізге ризамыз. Көзіңнің адал жасы – сепкен суың сол.

Шаруа. Не істе дейсіңдер. Айтыңдаршы, қарақтарым.

Сабыржан. Шамаң келсе хат жазуға қолымды босат. Болмаса, өкпе жоқ.

Әлімқан. Балаң қайда? Балаң...

Шаруа. Жылқыда ғой ол сорлы. Іші қазандай қайнап, не істерін білмей жүр. Кәзір, Сабыржан қалам, байқап келейін.

Сабыржан. Он жолдасым не күйде? Жасымасын. Мен айтты де.

Шаруа. Қазір.

Шаруа шығып кетеді.

Әлімқан. Қалың кедейден ат тізгінін беретін жан шықпағаны ма!

Сабыржан. Жасиын дедің бе, Әлеке.

Әлімқан. Сен сау қалсаң арманда кеттім демес ем.

Жаролла, Құмар келеді.

Жаролла. Сабыржан, мұсылманның баласы едің. Алдыңа келсе атаңның құнын кеш дейді қазақ...

Сабыржан. Мен сенің алдыңа келгенім жоқ. Құрған торыңа түстім.

Құмар. Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң.

Сабыржан. Мен адасқам жоқ. Табатын үйірім сендер емессіңдер. Арбамаңдар. Аулақ!

Жаролла. Әлі де кеш емес.

Сабыржан. Маған кеш емес. Сендерге кеш. Кер заманның керауыздары. Жаным үшін жау алдында да жалбарына алмаймын. Пітіне болып, шатылғанша, азамат бол да атыл.

Жаролла. Жан күйінгенде адам не демейді...

Құмар. Мұсылмандық қарызымыздан құтылайық дегеніміз емес пе.

Сабыржан. /ойланып/. Ә, солай ма! Олай болса менің қасымдағы адамдарды түгел босатыңдар. Бұлардың сендерге жазығы жоқ. Мені жендеттеріңнің қолына беріп абырой алыңдар.

Құмар. Өз басыңды ойла, Сабыржан.

Жаролла. Аяз әліңді біл... саған сөз қалған жоқ.

Әлімқан. Бөрі жеген бөксем бар, иттен несін аяйын... О, жауыздар...

Құмар. Тарт тіліңді!

Жаролла. Біз сені Сабыржан деп, Ғарапшаның баласы деп келсек... Әлі большевикше сөйлейсің ғой.

Сабыржан. Большевикпін! Жаңа түсіндіңдер ме большевиктің кім екенін. Боьшевик большевикше өледі. Жауыздыққа бас имейді. Ертең тіпті жақсы түсінесіңдер, большевиктің әрбір тамшы қанын халық қалай бағалайтынын, қалай жоқтап ала алатынын.

Құмар. Қой, Жаролла, пәледен аулақ... Кеттік.

Сабыржан. Сендер, тірі аруақсыңдар. Әлдеқашан кеткенсіңдер. Кетіңдер!

Жаролла. Ә, солай ма!

Сабыржан. Солай!

Жаролла, Құмар шығып кетеді. Шаруа кіреді, Сабыржанның қолын шешеді.

Шаруа. Ал қарағым, жалғызымды қостым жаныңа. Ат даярлап күтіп тұр.

Сабыржан. Рахмет сізге, дән ризамын!

Шаруа. Қарағым, Сабыржан, Жаролланың тортөбелін дайындап қойдым. Ана қызыл шілікте балам күтіп тұр. Жалғызымды өзіңмен бірге ерте кет. Айтпақшы Аякөзді қызылдар алыпты.

Әлімқан. Иә, құдай!

Шалтай. /басын көтеріп/. Рас па, ата, рас па?

Сабыржан. Кім айтты, анық па?

Шаруа. Әлгі біздің ұл. Анық дейді, рас дейді.

Сабыржан. Қарай тұрыңыз, олай болса.

Шаруа. Қимылда, қарағым.

Шығып кетеді. Үй сыртынан бағып тұрады.

Әлімқан. Жолың болсын, жөнел Сабыржан!

Шалтай. Тез кетіңіз, Сабыржан аға, тез!

Сабыржан. Сабыр керек. Ақыл керек. Асығыс түбі - өкініш. Менің атқа мінер халім жоқ.

Әлімқан. Не дейсің, қарағым-ау!

Шалтай. Енді қайттік...

Сабыржан. Шыдаңдар кішкене. /хат жазып жатады/. Қадірлі жарым, Мәкіш! Мен қолға түсіп қалдым. Өмірден үмітім үзілді.

Әлімқан. /өз-өзіне/. Не дейді!

Сабыржан. /Жаза береді/ ... Мен саған дән ризамын. Ендігі ерік өзіңде. Жалғызымды жақсы тәрбиеле. Оқыт. Большевиктер жеңгенде менің қанымды мына залымдардын сұрарсыңдар: Жаролла, Құмар, Мықтыбай... Қош, бақыл бол, жолдасым, жарым, уақыт тар... Ескіше 11 июль 1918 жыл. /Әлімқанның қолын босатып хатты береді/ Мә, Әлеке аға, жөнел...

Әлімқан. Қарағым-ау, бұның не?!

Шалтай. Сабыржан аға...

Сабыржан. Жаман айтпай жақсы жоқ. Тірі қалсақ бәрі ұмыт. Аякөзді біздің большевиктер алғаны рас болса, тез жетіңіз. Хабар етіңіз. Олай-бұлай боп кетсек, бар істің куәсі боласыз. Аман көрсеңіз, Байсұңқарымды мен үшін сүйіңіз. Болды. Жөнеліңіз! Берік болыңыз!

Әлімқан. Не дейді, Сабыржан... Көріскенше күн жақсы. Сақта құдай, бар болсаң. Аққа жақ!

Сабыржан. Қош жақсы аға, жан жолдас, ризамын!

Әлімқан. Шалтай бауырым, жақсы інім... қош!

Шалтай. Кешіңіз, әз аға, қош!

Әлімқан кетеді. Үй сыртында шаруа Әлімқанға жол сілтеп жібереді. Түн. Жым-жырт.

Сабыржан. /Шалтайдың қолын шешеді/. Сен тыңсың, аяғың сау «Балта шапқанша, дөңбек жал табады». Түн жамылып, бас сауғаласаң деймін.

Шалтай. Айта көрмеңіз. Сіз не болсаңыз, мен де сол. Іштей берген сертім бар. Ердің екі сөйлегені - өлгені. Бір кемеге мінгенбіз... Сізден тәнім ғана бөлек. Шыбын жаным бір, Сабыржан аға. Аяңыз мені!

Сабыржан. Жау келсе жастығымызды ала өлетін болдық. Алысып өлетін болдық.

Аз тым-тырыс. Бозарып таң атып келе жатқан кез. Аттың дүбірі, ауыл иттерінің үргені естіледі. Қасында солдаттары Ғинаш келеді. Ол Жаролланың үйінің сыртында, солдаттарына бұйрық беріп тұр. Асығыс Адъютанты келеді.

Адъютант /Ғинашқа/. Господин полковник, ауыл қоршалды.

Ғинаш. Тірі жан шашу шықпасын. Ана дөң бастарына жан-жақтан қарауыл қойылсын!

Басқа солдаттар кетеді. Ғинаш Адъютантымен қалады.

Үйден Жаролла, Құмар шығады.

Жаролла. Ассалаумағалейкум, Ғинаш мырза!

Құмар. Ассалаумағалейкөм!

Жаролла. Оң сапар болсын! Қуаныш қайырлы болсын!

Ғинаш. Бірге болсын, қадірлі ел ағалары. Ғаббасов қайда. Комиссар... большевик...

Жаролла. Жауыңызды байлап, сый-сыбағаңызды сайлап отырмыз, мырза. /Үйді нұсқап/ рақым етіңіз!

Құмар. Алдияр, қош келдіңіз!

Ғинаш, Жаролла, Құмар үйге кіреді. Адъютант сыртта қалады. Сабыржандар жатқан үйге шаруа келеді.

Шаруа. Келді жендеттер.

Сабыржан. Қанша адам?

Шаруа. Ауылды қоршап алды әйтеуір, бастығы бір жандарал... мұсылман, әйтеуір. Құдай қуатын берсін, қарақтарым.

Шаруа асығыс кетеді.

Сабыржан. Бастығы мұсылман дейді. Кім екен. /Шалтайға/ Берік бол. Қолыңның бос екенін сездірме. Менің сол жағымда бол. Сүйеніш бол. Басқа қимылды ретіне қарай көреміз.

Шалтай. Мақұл, Сабыржан аға.

Жаролланың үйінің сыртында тұрған Ғинаштың Адъютантына асығыс бір солдат келіп, хабар айтады.

Солдат. Бір топ қару-жарақты аттылар келіп қалды. Көп өздері. Жақындап қалды. Қызылдар сияқты.

Адъютант. Кімдер екенін анықта, бар!

Солдат кетеді. Адъютант Жаролланікіне кіреді. Аздан соң Ғинаш, Адъютант, Жаролла, Құмарлар шығады.

Ғинаш. /Жароллаға/. Ғаббасов қайда? Тез алып шығыңдар!

Құмар. Тиыштық па, тақсыр?

Ғинаш. /Жауап бермей/. Жылдам!

Жаролла. Мақұл.

Жаролла Сабыржандар жатқан үйге кіреді. Сабыржан, Шалтай қолдарын артына ұстап тұрады.

Сабыржан. Қожаларың келіп қуанып жатырмысың!

Жаролла. Шақырды, жүр!

Сабыржан. Кім шақырды?

Жаролла. Полковник Ғинаш мырза.

Сабыржан. Ә... Ғинаш па. Өзі келсін, бар айт!

Жаролла, бұл қай қайсарлық?

Сабыржан. Бұл большевиктік қайсарлық!

Жаролла. Сол большевиктігің жетеді ғой түбіңе.

Сабыржан. Большевик сендердің түбіңе жетеді. Есіңе сақта. Сабыржан сияқты бір большевик өлсе, оның орнына жүз большевик шығады.

Жаролла шығып кетеді.

Ғинаш. Немене?

Жаролла. Дау болмас мынаған. Өзі келсін дейді.

Ғинаш мылтығын қолына алып, Сабыржандар жатқан үйге кіреді.

Ғинаш. Ә! Сабыржан, мырза!

Сабыржан. Мен мырза емеспін. Ол сенің атығың. Мен большевикпін.

Ғинаш. Большевикпен сөйлесіп тұрар уақытым жоқ.

Сабыржан. Білем. Сендердің уақыттарың өткен. Сен әлде қашан өлімге бұйырылған жаралы жыртқышсың.

Ғинаш. Кім жыртқыш? /Мылтығын көздеп/. Пйт иманыңды!

Сабыржан. Сен жыртқыш. Тұтқындағы адамға мылтық кезеп қоқандайсың... қоян жүрек! Пасық! Қорқақ!

Даладағы Жаролла, Құмар үрейленген. Асығыс үйлеріне кіріп кетеді. Адъютант есіктен Ғинашқа: «Тездетіңіз, полковник, тақсыр» дейді. Алыстан аттың дүбірі, айғай-шу естіледі. Ғинаш Сабыржанды атып жібереді. Оқ араға түскен Шалтайға тиеді. Тез шегініп үйден шыға бере Сабыржанды тағы атады. Далада айғай-шу күшейеді. Ақтың отряды «Қызылдар», «Большевиктер» деп үрейленіп қашып жатады. Ақтың солдаттары Ғинаштың: «Тоқта, бассыздар!» деген сөзіне қарамай қашып жатады. Ғинаш жаралы Сабыржанға бірнеше оқ атып кете барады. Сабыржан сахнаның ортасында жер тіреп жанбастап жатады.

Олжабай отряды келген. Ақтарды қуып барады. Олжабай мен Мұқаметша келеді.

Мұқаметша /Сабыржанға/. Бауырым-ай тірімісің...

Олжабай. О, ардагерім, азаматым, ерім!

Сабыржан. Жеткен екенсің ғой, Олжеке... Ризамын... жақсы аға, жан достар...

Шаруа келіп, Сабыржанды сүйеді.

Сабыржан. /шаруаға/. Таныдым... білдім, халқым, қамқорым...

Әлімқан, Мәкіш келеді.

Мәкіш. Сабыржан! Жаным, тірімісің...

Әлімқан. Кеш, қарағым, осы болды жеткенім...

Сабыржан. Мәкіш, аяулы... жолдасым, тірімін... Енді менде арман жоқ... Маған әлім жоқ.

Мәкіш. /қуанғандай/. Естіртші осындай жақсы лебізіңді.

Сабыржан. /шығып келе жатқан күнді нұсқап/. Ана көтеріліп келе жатқан қызыл арай күн... бақыт күні... Ленин тудырған күн. Бақытты ұрпақ!

Музыка.


Ш ы м ы л д ы қ .
Семей 1957 - 1980 ж.ж.

ЕР БІЛІСАЙ

Екі бөлімді тарихи драма

Қатысушылар:

Білісай


Мырзағали – оның ері

Сымағұл – ақтардың қол шоқпары

Тоқтар – жылқышы

Михаил Беспалов – большевик-революционер

Жұмағұл Ағадаев – большевик-революционер

Мұса – шаруа

Құсайын – ауыл адамы

Мұқыш – шаруа

Зылиха – кемпір

Офицер


Солдат

Ауыл адамдары, малшылар, ақтың солдаттары.


Оқиға 1919 жылы Семей облысының Жарма ауданының жерінде болған.

БІРІНШІ СУРЕТ


1919 жыл. Семей қаласын тастап, қашып шыққан атаман Анненковтың ақ бандаларының бір үлкен тобы, жолдарындағы бейбіт елді қырып-жойып, Георгиевка селосы мен Ақжал кенін бетке алып келе жатқан кез.

Жау жолында отырған ауылдардың бірі – Байғара ауылы. Білісай осы ауылдың адамы.

Шымылдық ашылғанда қазақ үйде Білісай жалғыз. Ол қатты толғанып, тебіренуде.

Білісай. Ел басына қара түнек тағы да төнді ғой... Үһ, заманымыз не болар екен... /біраз тұнжырап отырып, мұңды сарынмен өлең айтады/.

Жау қаптап келе жатыр Семей жақтан,

Қан ішер өңшең жендет жалаң қаққан.

Басыңа қатер төнді қайран елім,

Ер қайда елін бастап жауға шапқан.

Қайран елім!

Мырзағали кіреді.

Мырзағали. /таңырқап/ Білісай-ау, неңе жетісіп әндетіп отырсың?!

Білісай. Жетісіп отыр деймісің, өзекті өртеген мұң мен шер, кеудені кернеген ыза мен кек емес пе?

Мырзағали. Білем ғой Білісай, білем ғой... Мына келе жатқан ақтардың беттері жаман көрінеді әйтеуір...

Білісай. /сөзін бөліп/ Беттері жаман екенін көрмей, білмей отырмыз ба. Олардың беттері де, ниеттері де жаман. Оның несін айтып отырсың?

Мырзағали. Апыр-ай, сенің осы мінезің-ай... Мынадай аумалы-төкпелі заманда ең болмаса аузымызды бағайық та.

Білісай. Үндемеген үйдей пәледен құтылады, демексің ғой? Жауға жалбарынғанмен жаның қалмайды.

Мырзағали. Жалбарын деп отырған кім бар саған. Жай отыруға болады ғой...

Білісай. Жау еліңді шауып, ер-азаматыңды қанға бояп, қатыныңды зорлап, қорлап жатса, отыра бермек екенсің ғой. Өйткен еркектігіңе болайын!

Мырзағали. Саған бір жөн сөз айтса, адуыңдай ала жөнелесің. Басқа пәле қызыл тілден демей ме, отырмағанда не істемек едің. Қатын қайраттанса қазан қайнатады, демеуші ме еді?

Білісай. Сен жөн сөз айтып отырған жоқсың, айтып отырғаның ердің сөзі емес, қайтсем жаным қалады деген қорқақтың сөзі. Қорыққанмен жан қалмайды, Мырзағали.

Мырзағали. Білісай, сен өз байыңды өзің қорқақ деп қорлама. Қорқақ болсам ана ел сияқты мен де бас сауғалап кетпес пе едім. Не көрсем де сенімен бірге көрем деп отыр емеспін бе? Ақыл салып айтқанымды теріске бұрма сен.

Білісай. Е, бәсе, сен де сөйтіп, еркек болып қайратыңа мінсейші! /күледі/ Былтыр ақтар кескілеп өлтіріп кеткен Айғыз апамның не арманы бар? Қандай ерден кем қайрат көрсетті? Биыл Айғыз марқұмның аты ел аузында өлең-жыр болып жүр емес пе? «Қатын қайраттанса қазан қайнатады» деген еркексінген ездердің шығарған сөзі. Әншейін шатылған сөз.

Асып-сасып, осы ауылдың жылқышысы Тоқтар кіреді.

Тоқтар. Ассалаумағалейкум! Ойпырмай, бір-екі салт атты келе жатыр.

Мырзағали. Қай жақтан?

Тоқтар. Ақжал жақтан. Жүрістері суыт.

Білісай. Егер ақтар болса, ат-көлік керек ететін шығар. Көлік бермейміз.

Мырзағали. Ойбай-ау қайтіп бермейсің?

Білісай. Олар осында келетін шығар, үйде біз сөзге алдандыра береміз, Тоқтар, сен мінуге жарайтын жылқыны терең сайға айдап таста.

Тоқтар. Мақұл, Білісай апа.

Тоқтар кетеді. Сыртта салт аттылардың дүбірі естіледі. Жұмағұл Ағадаев пен Михаил Беспалов келеді.

Жұмағұл. Ассалаумағалейкум!

Беспалов. Аман-есенсіздер ме?

Мырзағали. Уағалейкумассалам!

Білісай. Сәлеметсіздер ме? Сіздер екенсіздер ғой, жоғары шығыңыздар.

Мырзағали. Жұмағұл, ауыл-аймақ аман ба?

Жұмағұл. Әзірге аманшылық. Тиыштық қайдан болсын.

Беспалов. Естіп жатқан шығарсыздар, атаман Анненковтың қан ішерлері қаптап келе жатыр емес пе?

Білісай. Оны естіп-біліп отырмыз ғой.

Мырзағали. Бұл иттердің көздеген бет алысы қай жақ?

Беспалов. Олардың біздің қызыл жауынгерге тұмсыққа ұрған иттей етіп, Семейден айдап шықты емес пе...

Жұмағұл. Қанқұйлылардың қашып келе жатқан беті емес пе.

Білісай. Әттең, иттерді бір жола құртып жібермеген екен...

Мырзағали. Ойбай-ау, аянды десің бе, жау да оңай жан бере ме екен... Ал, Білісай қонақтарға ас қамдап жібер.

Жұмағұл. Әуре болмаңыздар. Асқа қарайтын уақыт жоқ. Рахмет! Сіздер мына Михаил Беспалов жолдасты білесіздер ғой. Бұл кісі он жетінші жылдан большевик...

Білісай. /сөзін бөліп/ Жұмағұл-ау, сізге не болған. Мехаилді неге білмейік. Осымен үшінші рет көріп отырмыз.

Беспалов. Мен Білісайды тіпті жақсы білем. Былтыр әлгі Ақпан ауылындағы тойда нар түйеден палуан жігітті қалпақтай ұшырып, жауырынын жерге тигізген Білісай емес пе.

Мырзағали. Апырай сіз де ұмытпайды екенсіз.

Беспалов. Неге ұмытайын. Ұмытатын нәрсе ме екен. Әйелдердің ер палуанмен күрескенін көргенім сол. Және қандай еркек. Таудай еді ғой өзі...

Білісай. Сіз асыра мақтап жібердіңіз-ау... Еркектер қипақтап, күресуге шықпай қойған соң намыстанып кеткенім ғой...

Беспалов. Сіз күреске түсетін үлкен той әлі алда. Ал қазір, әрбір сағат санаулы. Біз жедел қайта қайтуымыз керек. Аннаенковтың бандалары жолындағы ел-жұртты өрттей жайпап кетіп барады. Олар сіздердің ауылға соқпай кетпейді.

Жұмағұл. Иттердің дәл жолында отыр ғой бұл ауыл.

Беспалов. Георгиевкада Тимошенко, Даушкин сияқты большевиктер, мына Жұмағұл Ағадаевтар бастаған отряд құрылды. Ақжалда біз, Серікбаев, Нұртазин, Омаров бәріміз елді қаруландырып, жауға қарсы ұрысқа әзірленіп жатырмыз.

Білісай. Біз не істеуіміз керек? Ауылдың басты адамдары дейтіндер өз бастарын сауғалап кетті. Ауылда шал-кемпір, кедей-кепшік, өңшең малшылар, бала-шаға қалды.

Жұмағұл. Білісай, мұндайда осы ауылға бас-көз болатын өзің ғой. Мына Мырзағали бар...

Білісай. Е, біз не істейміз...

Беспалов. Берік болыңыздар. Жаудан ешбір жақсылық күтуге болмайды. Георгиевкамен, Ақжалмен хабарласып тұратын болыңыздар. Мүмкін болса, ауылды солай қарай түгел көшіру керек.

Білісай. Көшіру керек! Ең дұрыс ақыл осы.

Мырзағали. Біз көш дегенге көше қоя ма.

Білісай. Жан керек болса, көшеді. Осы сен-ақ кежегеңнен кейін тартасың да отырасың.

Мырзағали. Кейін тартып отырғам жоқ. Жөппелдемеде көше қою оңай ма. Көшіп жатқанда келіп басса қайтесің.

Беспалов. Білісай, Мырзағали, біздің келген шаруамыз осы ғана. Көшуге мұршаларың келмей, жау қолында қалып қойсаңдар, бізге хабар жеткізіңдер. Шама келгенше көмектесеміз. Ал енді аман-сау болыңыздар! Біз жүріп кетейік. Ана ауылдарға хабарласа кетуіміз керек.

Білісай. Қазірден бастап көшудің қамына кірісеміз. Не көрсек бір көргеніміз дұрыс қой. Қош болыңыздар! Рахмет сіздерге!

Мырзағали. Жолдарыңыз болсын!

Жұмағұл. Ат байлап, әзір отырсаңдаршы. Аман-сау көріселік.

Беспалов. Ақжал мына тиіп тұрған жер емес пе. Ауыл адамдарымен ақылдасып, тез көшкен дұрыс.

Беспалов, Жұмағұл кетеді.

Білісай. /Мырзағалиға/ Ал енді не отыратыны бар, ауылға хабарла. Қазір қолма-қол көшсін. Ақжалға көшсін. Қару-жарағымен даярланып отырған елмен бірге болайық та.

Мырзағали. Әй, бұл ауыл ошарылып көшкенше...

Білісай. Ошарылатыны жоқ. Боқтық-соқтықтарын тастасын. Азық-түлікті ғана алып, малдарын айдап жөнелсін. Бар! Мен өзіміздің көлікті әзірлей берейін.

Мырзағали. Ал мен кеттім, Білісай. Өзің дайындала бер.

Білісай. Ауылды жылдамдат. Маған қарама.

Мырзағали кетеді. Білісай жалғыз.

Білісай. Қас батырдың қайратын беріп, қатын қылып қойған жаратқаным-ай... Сенен де әділдік жоқ-ау, сірә! Жаны күйген тәңірісін қарғайды да, қайтейін... /аулақта атылған мылтық дауысы естіледі/ Ойпырмай, тағы не сұмдық...

Үрейленген Мырзағали келеді.

Білісай. Тағы не боп қалды?

Мырзағали. Ауылға ат ойнатып, Сымағұл қанішер келе жатыр. Ана айдалада мылтық атып келе жатқан сол.

Білісай. Жалғыз ба?

Мырзағали. Бір-екі салт атты арғы ауылға қарай кетті. Ақтың солдаттары-ау деймін. Қорқақтап шапқандары соларға ұқсайды.

Білісай. Сымағұл сұмырай өмір бойы болыстың шабарманы болып, бастарыңа талай әңгір таяқ ойнатып еді ғой. Былтыр қызылдар келгенде ай қарап қалдыңдар ма. Айтпап па едім түбінде не көрсеңдер осы Сымағұл сұрқиядан көресіңдер деп.

Мырзағали. Ойбай-ау, онда бетегеден биік, жусаннан аласа бола қалды емес пе.

Білісай. Жүзі қара, қаныпезер сүйтпегенде қайтушы еді. Енді көрсетер ол сендерге көресілеріңді. Бар, Мырзағали, сен оның көзіне түспей-ақ қой.

Мырзағали. Білісай-ау, ол ит сені көрсе онан сайын ерегесіп кетеді ғой. Онан да көрінбе оған. Өзім ебін тауып алдап-сулап жіберейін.

Білісай. Ол алдап-сулап жіберетін бала емес. Қара жүрек жау. Ақтардың жендеті. Онымен өзім сөйлесем.

Мырзағали. Әйтеуір ерегестірмей, еппен сөйлес. Сұрағанын берейік. Басымыздың садағасы. Мерт қып кетіп жүрмесін. Байқа, Білісай, байқа!

Білісай. Бар енді, сен көрінбе, не болса да өзім көріп алайын. Қатынға не қылушы еді ол көксоққан.

Мырзағали кетеді. Шауып келіп есік алдына тоқтаған Сымағұл.

Сымағұл. /Айғайлап/ Бол, жылдам, тез шығып сөйлесіңдер! Кім бар үйде? Уа, Мырзағали, тірімісің? Асығыспын!

Білісай. Кім керек саған? Не боп қалып еді?

Қолында винтовкасы бар, қылыш, наган асынған Сымағұл кіріп келеді.

Сымағұл. Неге тез шығып сөйлеспейсіңдер? Бұл қайдан келген кекірлік сендерге?

Білісай. Немене, соншама арсыл да гүрсіл. Амандық жоқ, сәлем жоқ...

Сымағұл. Е, қатынға сәлем беруші ме едік? Байың қайда?

Білісай. Қатынға сәлем бермесең үйге сәлем бермеймісің? Не құдай атты сені, соншама ата-бабаңның салтын ұмытып.

Сымағұл. Салтшылын мына қатынның! Байың қайда? Уақыт жоқ сенімен бос көйітіп тұратын, атаманның бұйрығы бар.

Білісай. Ендеше халқымның салтынан садаға кет! Ендігі құдайың ақтың атаманы болған екен ғой. Сиынған құдайың не бұйырар еді. Маған айта бер. Байым үйде жоқ.

Сымағұл. Білісай сен, атаманға тіл тигізбе, сүйір тіліңді тартып сөйле. Атаманның бұйрығын құдайдың бұйрығындай орындаттырам. Ауылыңда тігерге тұяқ қалдырмаймын. Әскерне ат-көлік керек. Қазір айдап кетем.

Білісай. Айдап кете алмайсың, Сымағұл. Иесіз жатқан мал жоқ. Ауылымның ар-намысын сен сияқты ақтың итаршыларына таптата алмаймын.

Сымағұл. Ойбай-ау, мына қатын не деп шатып тұр... Е... қызылдармен ауыз жаласқандарыңды білем. Осы ауылға келіп жел беріп жүрген большевиктердің кім екенін де жақсы білем. Әзәзілдің тіліне еріп, азар болған екенсіңдер. Адасып жүрген шығар, түсінер, қайтейін деп жаным ашып, аяушы едім, сендерді. Нағыз найсап екенсіңдер.

Білісай. Иә, мен қатынмын, қазақтың қатынымын, халықтың қызымын. Анамын мен! Нағыз найсып сенсің, халқын сатқан жүзі қара, азғын! Нағыз малғұнсың сен!

Сымағұл. Тарт тіліңді!

Білісай. Тартпаймын, тартқыза алмайсың тілімді. Ақтардың итаяғынан жуынды ішіп, жаудың артын жалап жүрген сұғанақ итсің сен!

Сымағұл. Мына қаншықтың ызасы-ай. Көрсетейін мен саған итті!

Сымағұл Білісайды винтовканың дүмімен ұрып жібермек боп ұмтылады. Білісай оның винтовкасын қолынан жұлып алып, лақтырып жіберіп, алыса кетеді.

Білісай. Тарт қанды қолыңды, жауыз!

Білісай мен Сымағұл алысып жүр.

Сымағұл. Иә, ата-бабамның аруағы қолдай көр, аһуп!

Білісай. Сені қолдайтын әруақ, жоқ, аһуп!

Білісай Сымағұлды алып ұрып, тізерлеп жаныштап жатыр.

Білісай. Мә саған қатын, мә саған қаншық!

Сымағұл. Алла! Алла! Бүйірім! Тізерлемеші, өлдім-ау!

Білісай. Әлі өлген жоқсың. Өлетін жеріңе енді келдің.

Сымағұл. /қарқылдап/ Қылқындырмашы, шықты ғой шыбыным. Білісай, кешір, кешір...

Білісай. Ә солай ма екен!

Сымағұл. Апатай... Әкетай... жаздым-жаңылдым... Екі дүниеде көк есегің болайын... алла, алла!

Білісай. Көк есектен садаға кет сен! Есектің еті арам, күші адал. Сен иттің етің де, күшің де, ниетің де, өзің де арам! Есектен садаға кет, садаға кеткір! Аллашылын өзінің. Атаман де онан да!

Сымағұл. Уһ, уһ... атаманы да, ағы да құрысын, шыбын жаным-ай, уһ!

Білісай Сымағұлды әбден езгілеп, әлсіретіп, қару-жарағын түгел сыпырып алып, қолын артына қайырып байлап тастайды.

Білісай. Мына мылтықты ұстап, мына алты атар, мына қылышты асынып, елге қоқаңдадың-ау, сен арсыз, пасық!

Сымағұл. Кеш Білісай, кеш! Уһ, адастым ғой мен сорлы.

Білісай. Сен сорлы емессің, сен елдің сорысың!

Сымағұл. Қолымды неге байлайсың, Білісай, әкетайым-ау!

Білісай. Қол-аяғыңды байлап, құрбанға шалам сені. Әй сыртта қайсың барсың? Тоқтар-ау, Тоқтар!

Жүгіріп Тоқтар кіреді.

Тоқтар. О не, Білісай апа?

Білісай. Көрмеймісің. Міне, бір қорқау қасқыр қолға түсті.

Тоқтар. /шошынып/ Ойпыр-ай... иә, иә, қорқау, қорқау.

Білісай. Мына мылтық-сайманның бәрін апарып тық. Жылқыдан жүген-құрық тимеген бір асауды тез ұстап әкел. Елге хабарла. Мына жауызды аттың құйрығына тағып өлтіреміз.

Тоқтар. Сөйтеміз бе, Білісай апа-ау!

Білісай. Сөйтеміз, Тоқтар, халықты сатқан қанішердің жазасы - өлім!

Тоқтар. Қазір елге хабарлайын.

Тоқтар кетеді.

Сымағұл. Білісай-ау, өлім деген жаман сөзді неге аузыңа алдың, аллам-ау, өз қазағың, өз қаның емес пе едім...

Білісай. Сен қаным да емессің, қазағым да емессің – зымиянсың. Еркек емессің, ер емессің. Ер болсаң қатын алып соғып, кеудеңе аттай мініп отырғанда, құсадан өліп кетер едің ғой. Сен ер емессің, езсің. Бір шіріген жұмыртқасың.

Сымағұл. /өз-өзіне/ Мұндайда алып қатын болады екен. Шын тажалдың тырнағына ілінген екенмін ғой. Сақта, құдай, сақта! Қайдасың қаны бір қазақ ағайын!

Мырзағали, ауыл адамдары келеді.

Мырзағали. /шошынып/ Білісай-ау, саған не болған!

Білісай. Не болғанын көрмей тұрмысың? Қанды ауыз қасқыр ауылға шапты да қақпанға түсті.

Сымағұл. Уа, ата-ана, үлкен аға, кіші іні, қаны бір ағайын-туыстарым, Білісайға қояр кінәм жоқ, кінә, жазық менде... Жаздым, жаңылдым, ағайын!

Білісай. Сымағұлдың жаздым, жаңылдым дегеніне сенбеңіздер. Ол жауыздың жолынан жаңылушы ма еді.

Сымағұл. Күнім үшін істеген күнәм болса да, дінімді сатқан жоқ едім ғой.

Құсайын. Барын айтып отыр ғой, ит болса да өз туысымыз емес пе? Кешіріңдер, қайтесіңдер.

Зылиқа. Иә, Білісай келін, сенің де тілеуің алдыңда. Бұның да бала-шағасы бар...

Білісай. Сымағұл қайсымызды мүсіркеп еді. Қолынан келсе де әлі де аямайды. Ана қанішерлеріне барып қосылса, көрерсіңдер не істегенін.

Сымағұл. Енді ақтардың маңынан жүрсем, ата-бабамның аруағы атсын!

Білісай. Сенбеймін сенің сөзіңе. Өлтіру керек ел болмайтын жауызды.

Мұқыш. Ағайынның азары болса да, безері жоқ деген, Білісай шырағым. Өкпеге қисақ та, өлімге қайтіп қиямыз.

Сымағұл. Ағайын, айтқан антымнан тансам міне, құдай, міне, құран. Құдай төбемнен ұрсын! Бала-шағамның игілігін көрмейін! Жолдарыңа жаным құрбан!

Мырзағали. Білісай, Сымағұлдың жанын беріп, айтып отырған сөзін естіп отырмыз. Ағайынның қан төкпейік дегені мақұл ғой. Алдыңа келсе атаңның құнын кеш деген, ағайын-туғанның айтқанынан ауа жайылып, біз қайда барамыз. Азат етейік Сымағұлды. Күнәсін мойындап, құдай, құранды, әруақты аузына алып ант етіп отыр ғой.

Сымағұл. Айтқанымнан тансам ант атар мені... Білісай, осының өзі маған өлімнен де ауыр жаза ғой.

Білісай. Әй, Мырзағали, құдай қосқан қосағым едің, қайран ел-жұртым, не дейін енді сендерге. Не дейін! Жау аяған жаралы дегенді көрерсіңдер әлі.

Сымағұл. Қателесесің, Білісай, ер екі сөйлеуші ме еді.

Білісай. Енді тағы ер бола қалдың ба? Көрерміз! Тоқтар, мынаның қару-жарағын алып кел! /Бәрі шулап, е, бәсе бәрекелді деп жатады/.

Тоқтар. Сымағұлдың винтовкасын, наганын, қылышын алып келеді.

Білісай. /Смағұлға/ Мә, қылышың, міне, асықты-жілігің, алты атарың, ал мына ұзын мылтығың берілмейді.

Сымағұл. Рахмет, Білісай, енді құдай мені сенімен жағаластыруға жазбасын! Рахмет ағайын, жақсылықтарыңды ақтармын! Мен енді аттанайын, аман барған соң, қатын-балада қуанып қалсын.

Білісай. Ақтарға соғып сәлемдесе кететін шығарсың.

Сымағұл. О не дегенің, Білісай-ау, аллам сақтасын. Қош туғандарым, көріскенше күн жақсы.

Ел қош-қош десіп жатады. Сымағұл асығыс кетеді.

Білісай. Мен Сымағұл сұмға сенбеймін-ау. Ол ит сүмеңдеп тура ақтарға барады. Көрерсіңдер...

Мырзағали. Қой Білісай, азар ит болса да өйте қоймас.

Құсайын. Құдай, құранды, әруақты аузына алды емес пе? Ол да адам баласы емес пе, жақсылықты неге ұмытсын.

Білісай. Қаныпезер адам қадіріңді білуші ме еді? Жеңілгенде жер болып, еркінсітсең ер болып шыға келмей ме.

Зылиқа. Қарағым Білісай-ау, ант-су ішті ғой. Бізге енді қастық ойласа, ант атпай ма, ант атқырды. Қатын-баласын ойламай ма ең болмаса.

Мұқыш. Ағайын деп аяғанды білмесе, алла жазасын берер сымағұл соққанның.

Мырзағали. Нақ осы жолы тәубасына келген-ақ шығар Сымағұл.

Білісай. Қазір енді Сымағұлдың сыртынан бал ашудың пайдасы жоқ. Жақсылықтарыңда оның қалай ақтағанын көрерміз тірі болсақ.

Құсайын. Неде болса құдайдың салғанын көрерміз де, ақыры қайырлы болсын.

Білісай. Құдайдың салғанын көреміз, ақырының қайырын күтеміз деп, енді қол қусырып, жайбарақат отыра бермексіздер ме?

Мұқыш. Енді не істемекпіз, қарағым-ау?

Білісай. /жігерленіп/ Жауға мойын сұнып, жолын тосып, жайбырақат отыра алмаймыз. Тез жиналыңдар! Алдымен, қазір қолма-қол бала-шаға, кемпір-шал Ақжалға жөнелсін! Асығыңдар, ақтар келсе ешкіміңді аямайды. Мырзағали, бар малды айдат, ауылды көшір. Енді отырудың жөні жоқ.

Мырзағали. Дұрыс айтасың, Білісай. Михайло Беспалов пен Ағадайдың Жұмағұлының да әдейі келіп, айтқан ақылы да осы еді ғой. Ал мына жұрт не дейді екен?

Құсайын. Жұрт дейтін бізде не жұрттық қалды. Ауылдың басты адамдары дейтіндеріміз қара бастарын сауғалап, ел басына күн туған шақта, елін тастап кетті емес пе...

Мұқыш. Иә, ендігісін өзің біл, Білісай шырағым, Мырзағали екеуің біліңдер.

Зылиқа. Білісай, қарағым, затың әйел демесе, осы ауылдың ел бастайтын ері де, ақылгөйі де өзің ең ғой. Әкең марқұм жауырыны жерге тимеген палуан, құралайды көзге атқан мерген еді. Ақылдан да кенде емес еді. Жар дегенде жалғызы сен едің...

Білісай. Жақсы әже-ау, шежіре шертетін уақыт па қазір. Ақылыңызды айтсаңызшы.

Мұқыш. Қайтсын, шынын айтып жатыр-ау.

Зылиқа. Білісай, менде ақыл қалды дейсің. Осы ауылда сенің айтқаныңнан шығатын жан жоқ, күнім. Тек құдай жолыңды қылып, бағыңды ашсын. Баста еліңді. Илаһи әмин! /Бетін сипайды/.

Білісай. Рахмет, жақсы әже.

Мырзағали. Ал енді, қимылдайық. Тез қимылдаңдар.

Құсайын. Иә, ата-бабамның аруағы жар бола көр!

Мұқыш. Қолда құдай!

Мұқыш, Құсайын кетеді.

Зылиқа. Ал, Білісай, айналайын асылым, /Білісайды сүйеді/ жолың болсын, мерейің үстем болсын! Айттым ақ сарбас!

Зылиқа кетеді.

Білісай. Жаны таза жақсы әже... Айтқаның келсін, ардақты ана! /Мырзағалиға/ Мырзаш, ашу алда, ақыл соңда дейді ғой. Ашу жеңіп артық айтқаным болса, көңіліңе ауыр алып жүрме. Көңілімде кір жоқ, сөзімде зіл жоқ екенін білесің ғой. Қосылғалы жүз шайысып көргеміз жоқ...

Мырзағали. Әй Білісай, жаным-ау, оның несін айтасың. Мен сенің сөзіңді кек алушы ма едім? Ағайынның айтқанына ермей, сенің ақылыңды алып, бетімізден жарылғасын деп жүргеміз жоқ па?

Білісай. Менде асып-тасып жатқан қай ақыл бар дейсің. Әйтеуір көзім көріп, көңіл сенбей ешкімнің де жел сөзіне желігіпере алмаймын. Екі жылдан бері ақтардан не қорлық көрмеді ел? Ана қызылдардың, балшебектердің елге істеген қылдай қиянатын көрдік пе?

Мырзағали. Білісай-ау, о не дегенің, ақ пен қызылдың кім екеніне көзіміз жетті ғой. Мен айтқан сөзден танып, алған беттен қатады екен деме. Не көрсек те бірге көреміз дестік емес пе?

Білісай. Адасып арманда кеттік демейік деп жатқаным ғой, Мырзаш. Бәлшебек дегеніміз әлгі Мәкәйіл мен Ағатайдың Жұмағұлы емес пе? Солардың екі жылдан бері құлағымызға құйып келе жатқан сөздерінің бір жалғаны бар ма? Бар айтқандары айнымай келіп отырған жоқ па?

Мырзағали. Дұрыс айтасың, Білісай, бәрі де дұрыс.

Білісай. Ендеше шындық та, әділдік те соларда деп сенем.

Мырзағали. Не болса да солармен бірге көреміз де. Бетімізден жарылғасындеп отырғаным да сол емес пе.

Білісай. Сөз бітті. Көңілде күдік қалған жоқ. Дән ризамын саған, Мырзашым, жар қосығым!

Мырзағали. Қауіп-қатер, қиын асу, қыл көпірдің алдында тұрмыз ғой, адал жарым Білісай! Жаман айтпай жақсы жоқ... Көңіліңді қалдырған жерім болса, кешір! Енді кешікпейік...

Білісай. Сен де кеш, Мырзаш!

Білісай мен Мырзағали қоштасады.

Ш ы м ы л д ы қ .

ЕКІНШІ СУРЕТ
Қазақ үйлер жығылған. Ауылдың алды көше бастаған. Жылқының кісінегені, мөңіреген сиыр, маңыраған қой-ешкі, арбаның салдыры, үдере көшіп бара жатқан ел, үрейленген ауыл... Азан-қазан. Шымылдық ашылғанда әбігерленіп ақырғы жүктерін тиеп жүрген Мырзағали мен Білісай. Екеуі де тас-түйін жол киімдерін киініп алған.

Білісай. Мырзағали енді жетті. Қалған нәрсе қалсын. Ендігісін тимей-ақ қой. Дүниесі құрысын.

Мырзағали. Оның да дұрыс. Көлікке жүктің жеңілдігі жақсы. Қазір мал қайғысы емес, жан қайғысы болып тұр ғой...

Білісай. Көштің алды ұзады ма?

Мырзағали. Қайдан ұзасын. Ана белден әлі аса алмай барады ғой.

Сатырлатып шауып келіп тоқтаған салт аттының дүбірі естіледі.

Білісай. Бұл қайсысы?

Мырзағали. /сыртқа қарап/ Тоқтар ғой...

Тоқтар кіреді.

Тоқтар. Білісай апа, күрең қысқа атты алып келдім. Ерттеп қояйын. Тездетіңіздер. Ана белдің ар жағынан будақ-будақ шаң көрінеді.

Мырзағали. /абыржып/ жай шаң емес қой ол...

Білісай. /Іштей толғанып/ Неге жай шаң болсын...

Тоқтар. Мен ат ерттейін.

Білісай. /Тоқтарға/ Сен жылқыңа барсаңшы.

Тоқтар. Жылқыны Жиенбайға айдатып жібердім. Қазір кетем ғой.

Тоқтар кетеді.

Білісай. Мырзағали осы Тоқтардың айтқаны тегін емес. Дәу де болса келе жатқан ақтар ғой.

Мырзағали. Білісай, сен күрен қасқаға мін де жөнел. Жүкті көліктің қасында мен қалайын.

Білісай. Көліктің қасында мен қалайын. Ол қанішерлер қолға түскен еркекті аяушы ма еді. Қатынды ата қоймас.

Мырзағали. Жоқ, Білісай. Мені атса да сені қорламасын. Арымнан жаным садаға.

Асығыс Тоқтар келеді.

Тоқтар. Мырзаш аға, әлгі шаң тіпті таяп қалды. Атты әскер-ау деймін. Білісай апа, керіқасқаны ерттеп қойдым. Жылқы басына жеткізбейді, құдай біледі.

Білісай. Мырзағали, сен мін де жөнел. Тоқтар, жылқыны жау қолына түсірме! Дүркіретіп айдап кетіңдер. Мына тұрған Ақжал ғой.

Тоқтар. Мен сендерді тастап кетпеймін...

Мырзағали. Тоқтар, сен Білісаймен бірге кет. Қасында бол... Жылқысы құрысын.

Бәрі де жау келе жатқан жаққа қарасады.

Мырзағали. Апыр-ай, ана бір тобы бөлініп, көшке қарай тура тартты ғой...

Білісай. /ызаланып/ Мырзағали-ау, айттым емес пе сендерге жау аяған – жаралы деп... Әне, ең алдында шауып келе жатқан ант атқан Сымағұл сұмың! Сен ана атқа мін де жөнел. Мен ол екі жүзді жауыздың жазасын беріп өлем!

Мырзағали. /өкінішті ызамен/ Кеш, Білісай, кеш! Бізді құдай атты, айтқаныңа көнбедік... Амал не. Қара басты бізді.

Тоқтар. Қайран апатайым-ай, айтқаның келді-ау. Кетейік, тез кетейік, апатай!

Мырзағали. Білісай, жар қосағым, сен кет, кідірме енді. Қолға түссең алдымен сені өлтіреді. Азар азғын болса да Сымағұл итке менің жазығым жоқ еді ғой...

Тоқтар. Мырзаш аға дұрыс айтады. Кеттік. Білісай апатай!

Білісай. Ал, Мырзағали, мұндайда ақыл да, айла да керек. Тапсырдым жалғаз хаққа! Мен енді тез Ақжалға жетейін. Хабар берейін. Олар қару-жарағымен әзір отыр ғой.

Мырзағали. Сөйт, жарым, солай ет. Жұмағұл, Мекәйілдерге жет! Олар бізді жау қолында қалдырмас.

Білісай. Шыбын жаным шықпаса, жетемін ғой Ақжалға. Аман барсам, аттан түспеймін. Азаматтарды алып келемін ғой.

Мырзағали. Тоқтар, тарт керқасқаны!

Тоқтар. Қазір ағатай.

Тоқтар шығып кетеді.

Білісай. Қош, Мырзағали, аман көрісуге жазсын. Тез қайтып келемін, жаумен жағаласып өлсем арман жоқ.

Мырзағали. Көріскенше күн жақсы... Жолың болсын, Білісай!

Тоқтар кіреді.

Тоқтар. Ат дайын, ал аттандық, апатай!

Мырзағали. Жолдарың болсын, жолдарың болсын... Енді аялдамаңдар, таяп қалды жауыздар.

Білісай. Ал аттандық, мылтықты әкел, Мырзағали.

Мырзағали винтовканы әкеліп Білісайға береді. Білісай мылтықты көздеп көріп, оқтап, асынып алады.

Мырзағали. Ойпырмай, Білісай-ай, Сымағұл сұмырайдың мылтығын алып қалғаның ақыл болған екен ғой.

Білісай. О дүние, өз қаруымен өзін жайратсам-ау жауыздың! Жүр, Тоқтар!

Мырзағали. Ал аттаныңдар, айналмаңдар!

Бәрі асығыс шығып кетеді. Сыртта «қош-қош, аман жет», - десіп, Білісайды аттандырып жатқан Мырзағалидың, Білісайдың дауыстары естіледі. Шаба жөнелген аттардың дүбірі. Сахна аз уақыт бос. Сыртта атылған мылтық дауысы. Ауылға келіп жеткен ақтардың айғай-шуы. Ақтың офицері мен Сымағұл кіреді.

Офицер. Бұл сволочтар түгел қашқан бізден, ә Сымағұл мырза?

Сымағұл. Қашқанда қайда барады дейсіз, тақсыр, сіздің құрығыңыздан құтыла алушы ма еді, тәйір.

Офицер. Бұл ауылды да большевиктер жайлаған, значит.

Сымағұл. Ойбай-ау, тақсыр-ау, олар нағыз азғырушы азғындар емес пе.

Офицер. Азғырушы... азғырушы... Настоящий қызыл шайтандар, дьяволдар демейсің бе!

Сымағұл. Иә, иә, дұрыс айтасың, тақсыр, дәл өзі. Сайтандар... Қызыл сайтандар.

Офицер. Жә, тоқтат! Бос былшылдап, шатпырақтағаннан басқа сенің қолыңнан түкте келмейді, Сымағұл мырза. Мылтығыңды тартып алып, қуып жіберген осы ауыл ғой.

Сымағұл. Тақсыр-ау, шатпырақ, былшыл дейсіз... Жалғыз өзім көпке топырақ шаша аламын ба? Бүкіл ауыл түгел жабылған соң қайтейін. Қайта соның бәрінен аман құтылып, сіздерге жеткенімнің өзі қайда жатыр...

Офицер. /кекетіп/ Қайда жатыр! Әкеңнің көрінде жатыр. Үлкен-ақ ерлік көрсеттің...

Сыртта қолға түскен ауыл адамдарын айдап әкеле жатқан ақтың солдаттарының дабыры естіледі. Сымағұл сырт жаққа жалт қарайды.

Сымағұл. Тақсыр, әне қашқындарды әкеле жатыр. Бәсе айттым емес пе, тақсыр-ау, сіздің құрығыңыздан құтылатын жан болушы ма еді.

Офицер. /масаттанып/ Бізден ешбір жау құтылып көрген емес.

Қолға түскен ауыл адамдарын айдап ақтың солдаттары келеді. Қолға түскендердің ішінде Мұса, Құсайын, Зылиқа бар.

Солдат. /офицерге честь беріп/ Тақсыр капитан, мына қашқындарды мал-мүлкімен қолға түсірдік. Бір қатын мен бір киртиз бізге жеткізбей кетті. Қатынның мылтығы бар, аты жүйрік екен.

Офицер. /ашулы/ Немене сонымен құтылып кетті ме ол қатын?

Солдат. Жоқ тақсыр. Біздің алты адам арттарынан қуып кетті. Қалай құтыла алсын.

Офицер. /Сымағұлға ауыл адамдарын нұсқап/ бұл кімдер, Сымағұл мырза?

Сымағұл. Бұлар енді... осы ауылдың адамдары. Көбі осы ауылдың көди-сөди, кедей-кепшіктері ғой.

Офицер. Ә, пролетприат, значит. Сенің мылтығыңды тартып алып, күш көрсететін геройлар осылар ғой.

Сымағұл. Бұларды енді не деуге болады...

Зылиқа. Қарғыс атсын, аруақ атсын сені, Сымағұл!

Мұса. Ант атсын, ант атқыр сені!

Офицер. Бұлар не болтать етіп тұр?

Сымағұл. Күйінген адам не демейді...

Құсайын. Тақсыр, бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ, еді ғой. Ұлықсат етіңізші!

Офицер. Иә, не айтпақ едің сен киргиз?

Құсайын. Тақсыр, осы ауылдың кедей-кепшігі екеніміз рас. Ауылдың басты адамдары әлде қашан бас сауғалатып кеткен.

Мұса. Айран ішкен құтылып, шелек жалаған тұтылып деген сияқты, біз жазықсыз шаруамыз. Бірақ, мына Сымағұл сізге өтірік айтып тұр.

Офицер. Қандай өтірік?

Сымағұл. Ой, ақсақал-ау, сен не сандырақтап тұрсың?

Мұса. Сандырақтап тұрған сен...

Зылиқа. Арамыздың құйрығы бір-ақ тұтам деген шын екен ғой.

Офицер. /ауыл адамдарына/ Сымағұл мырза өтірік айтады дейсіңдер ме?

Құсайын. Өтірік айтқанда қандай. Сымағұлға қарсылық көрсетіп, қол көтерген біз жоқ. Өзі келіп осы ауылдың бір әйеліне соқтықты.

Офицнр. Иә, иә, сонан соң?

Сымағұл. Шал да шатылып тұр, тақсыр.

Құсайын. /Сымағұлды нұсқап/ Шатылған нақ осының өзі.

Сымағұл. Жо... жоқ... Жоқ, тақсыр.

Офицер. /Сымағұлды зекіп/ Молчать! Сөйле старик.

Құсайын. Өзі соқтыққан соң қойсын ба, әлгі әйел мына Сымағұлды алып ұрып, мылтығын тартып алып, қол-аяғын байлап тастады.

Офицер. Иә, сонан соң?

Сымағұл. Өтірік айтады, тақсыр, құдай біледі, өтірік.

Офицер. Тоқтат!

Зылиха. Түк өтірігі жоқ. Құдайға шындығы сол. Ей тақсыр төре, Білісай мына Сымағұл секілді еркек сымақтардың он бесін бір кісідей көрмейді, қайтесің.

Офицер. О... здорово. Ол қайдан шыққан қатын? Что за герой қатын?

Зылиха. Тақсыр, төре, ол керей қатын емес, осы өзіміздің найманның қызы. Әкесінің өзі палуан болатын.

Сымағұл. Тақсыр, ол нағыз большевик, қызыл... Иә, иә, қызыл қатын.

Офицер. Найман-сайман... Ол қайда? /ауыл адамдарына/ табасыңдар ол қатынды!

Мұса. Біз қайдан табамыз, тақсыр, шаруасымен кеткен шығар.

Зылиха. Жолың болсын, жолың болғыр, Білісай!

Сымағұл. /офицерге/ Әне көрдіңіз бе?

Офицер. /солдаттарға/ Мыналардың бәрін де апарып, ана қораға қамап тастаңдар.

Солдат. Мақұл, тақсыр, /ауыл адамдарына/ Жүріңдер, тез жүріңдер.

Зылиха. /Сымағұлға/ Жолың болмай жуадай сол, Сымағұл!

Мұса. Аруақ атсын сені, Сымағұл!

Құсайын. Ант ұрсын, құдай атсын, Сымағұл сені!

Сымағұл. Не дейді мыналар, аяғанды білмейді екен ғой.

Солдаттар ауыл адамдарын айдап әкетеді. Олар: «Екі дүниеде жолың болмасын, Сымағұл, халықтың қарғысы атсын! О сұм жалған» - десіп күңіреніп кетіп бара жатады. Сахнада офицер мен Сымағұл.

Офицер. Қатынның астына түсіп жүрген ақымақ, сен еркек емессің, баба ты!

Сымағұл. Тақсыр, олар өтірік айтып тұр, жандары қысылған соң не демеуші еді.

Офицер. Сол қатынды ұстап менің алдыма әкелесің. Сонда көрем мен сенің ерекек екеніңді.

Сымағұл. Құп болады, тақсыр, ол салдақы жаман қатын қайда барады дейсіз. Ол қаншықты Сымағұл аман болса, алдыңызға қыңсылатып алып келем ғой.

Баяу басып Мырзағали келеді.

Сымағұл. /сасып қалып/ Ойбай-ау, Мырзағалимысың? Аманбысың?

Мырзағали. Аманбыз ғой /офицерге/ Сәлеметсіз бе, тақсыр нәшіндік?

Офицер. /Сымағұлға/ Бұл қай киргиз?

Сымағұл. Тақсыр, осы ауылдың адамы... Мырзағали... Мырзаш қой.

Офицер. /Мырзағалиға/ Сен қайдан қашып едің?

Мырзағали. Мен ешқайда да қашқаным жоқ, тақсыр. Неменеге қашам.

Офицер. Аулың түгел қашып жатқан жоқ па?

Мырзағали. Жоқ, тақсыр, қашқан жоқ, ауыл көшіп жатыр, тақсыр. Біз көшпелі елміз, қоныс жаңғыртып отырамыз.

Офицер. /кекетіп/ Ә, солай ма. Көшіп жүретін дикаркаларсыңдар ғой.

Мырзағали. Тақсыр, нәшәндік, бұл ауылдың ешбір жазығы жоқ. Момын ел еді. Ана кісілерімізді босатыңыз, тақсыр. Мына Сымағұл біледі.

Сымағұл. Мырзағали сенің басқа да нең бар. Өз қара басыңның қамын ғана ойласаңшы онан да.

Мырзағали. Ей, Сымағұл, ел-жұртсыз қара басың неге керек.

Офицер. Бұл қайдан шыққан ходатай?

Шауып келіп тоқтаған аттардың дүбірі. Қолы байлаулы, бет-ауызы жаралы Тоқтарды айдап екі солдат келеді.

Солдат. /офицерге честь беріп/ Тақсыр, капитан, мына бір бандит киргизді ұстап әкелдік.

Офицер. /Сымағұлға/ Бұл киргизді білесің бе, Сымағұл мырза?

Сымағұл. Неге білмейін, тақсыр, бұл әлгі Білісайдың бауыры, осы ауылдың жылқышысы, аты Тоқтар.

Офицер. /солдатқа/ Әлгі қатын? Киргизка...

Сымағұл. /сөзін бөліп/ Білісай, тақсыр, Білісай...

Офицер. /солдатқа/ Ол қатын қайда? Атып кеттіңдер ме, әлде?

Мырзағали шошынып.

Тоқтар. /өз-өзіне/ Атасының басы...

Солдат. Тақсыр мына киргиздің өзін /Тоқтарды нұсқап/ әрең ұстадық. Осы ит бізді көп әуре етіп шатастырды... біресе олай, біресе бұлай қашады, сволочь!

Офицер. /солдатқа зекіп/ Шатастырды, шатастырды... Қатын, қатын қайда деймін?

Сымағұл. Білісай қайда, Білісай?

Солдат. Ұстатпай кетті, тақсыр.

Мырзағали. /қуанып/ Я құдай, я аруақ!

Офицер. /солдатқа/ Ұстатпай кетті? Сен не оттап тұрсың?

Сымағұл. /таңырқап/ Апырай, ә...

Солдат. /офицерге/ Оттаған емес, тақсыр, ұстатпай кетті, астындағы аты желден де жүйрік екен... нағыз қаншық қатын екен. Ойпырай, өзі мерген-ақ екен...

Офицер. /ашуланып/ Мен сенен характеристика сұрап тұрмын ба, ауызға алуға тұрмайтын қайдағы жиіркенішті бандитка туралы...

Солдат. /сасып қалып/ Жо-жо... жоқ, тақсыр, сол жаман киргизка... ә... әлгі бандитка үш кісімізді атып кетті.

Сымағұл. /үрейленіп/ Не дейді құдай-ау!

Офицер. Не дейді мына сукин сын! Өлтіріп кетті ме?

Солдат. Өлтіргені қандай, тақсыр капитан, поручик Сойкинді, е... е... кавалерист Левин мен Семеновты сеспей қатырып кетті.

Офицер. /терісіне симай/ Үшеуі де өлді ме?

Солдат. Өлгенде қандай, тақсыр капитан, үшеуі де тура тіл тартпастан кетті, иманды болғырлар.

Офицер. Молчать сукин сын!

Солдат. Есть молчать, господин капитан!

Офицер. /солдаттарға Тоқтарды нұсқап/ Апарыңдар мынаны ана қорадағы киргиздармен бірге қамаңдар!

Солдат. Мақұл, тақсыр, капитан! Жүр былай, бас аяғыңды!

Екі солдат Тоқтарды итермелеп ала жөнеледі.

Тоқтар. /Мырзағалиға/ Қош, Мырзаш ағатайым, батыл бол! Білісай апам аман... арманым жоқ менің...

Мырзағали. Тоқтаржан, сенің жазығың жоқ қой... Тақсыр нәшәндік босқа күйдірмес...

Солдаттар Тоқтарды алып кетеді.

Офицер. /ашулы/ Ах иттің қатыны, ах қанішер, ведьма! Ах қызыл сатана! /Сымағұлға/ Сен сол қатынды ұстап менің алдыма әкелмесең, әкеңе көрістірем мен сені, Сымағұл мырза!

Сымағұл. /жағымпазданып/ Тақсыр, ол қатын қайда барады десіз... қолға түседі ғой... Мына /Мырзағалиды нұсқап/ Мырзаш қолымызда ғой.

Офицер. /Мырзағалиды нұсқап/ Бұл что за киргиз? Біздің кісі ме, жоқ әлде жасырын жүрген қызылдардың қуы ма?

Сымағұл. Тақсыр, бұл Мырзағали момын адам. Бізге бөтен емес. /кібіртіктейді/ Бұл кісі... енді... ана әлгі Білісайдың күйеуі...

Офицер. /селт етіп/ Не дейді? Білісайдың? Бандитка қатынның байы, муж что ли?

Сымағұл. Дұрыс айтасыз, тақсыр, муж, муж... Соның байы. Бізден... е... сізден кешірім сұрап тұр.

Офицер. /қаһарланып/ Ым... бандитканың байы де, кешірім сұрайды, е! Ах бандит!

Мырзағали. /жігерленіп/ Жоқ тақсыр, мен бандит емеспін. Кім бандит екенін көріп тұрмыз ғой.

Офицер. /Мырзағалиға/ Мына иттің тілі шығайын деді ғой, ә, Сымағұл мырза, осы ма еді біздің кісі дегенің?

Сымағұл. Тақсыр, бұл кісі бізден қайда барады дейсіз, кешірім сұрап тұр ғой. Мырзағали жақсылықты білмейтін кісі емес, тақсыр.

Мырзағали. Тақсыр, мен ит емеспін. /Сымағұлды нұсқап/ итіңіз әне қасыңызда тұр. /Сымағұлға/ Ей Сымағұл, жүзі қара екенсің ғой, қара шұбар жыланды қойныма салыппын ғой! Қайран Білісай, кеш мені, кеш! /Сымағұлға/ Мен сен иттерден жақсылық күтпеймін!

Сымағұл. Тіліңді тарт Мырзаш, ойлан сен, ашу алда, ақыл соңда, әлі де кеш емес.

Мырзағали. Ойланатыным жоқ.

Офицер. /Ызаланып наганын суырып алады/ Ах, дикарь!

Офицер Мырзағалиді атпақ болады, Сымағұл ара түседі.

Сымағұл. Сабыр тақсыр, сабыр! Бұл әшейін шатасып тұр. /осы кезде бір солдат сасқалақтап жүгіріп келеді/

Солдат. /офицерге честь беріп/ Ойбай, тақсыр, қаптап, Ақжал жақтан көп атты адам құйындап келеді.

Сымағұл. /үрейленіп/ Ойбай-ау не дейді... алыста ма, солар ғой, солар ғой.

Сымағұл шыға жөнеледі.

Мырзағали. /серпіліп/ Солар болғай етті. Білісай жаным жеткен екен ғой.

Офицер. /солдатқка Мырзағалиды нұсқап/ Апар мынаны, қама ана қораға. Оқ шығармаңдар...

Солдат. /Мырзағалиға ұмтылып/ Жүр былай! /Мырзағали қозғалмайды/ Бол, бол, жүр тез! /Мырзағалиды мылтықтың дүмімен ұрмақ болады/ Желкеңді үзем, жүр!

Мырзағали. Тарт қолыңды!

Мырзағали солдатты итеріп, ұшырып жібереді.

Офицер. /наганын суырып алып Мырзағалиды атқалы жатады/ Құтырған дикарь, собака!

Осы кезде асып-сасып Сымағұл кіреді.

Сымағұл. /офицерге/ Атпаңыз мұны, тақсыр! Тірідей әкетейік... Қаптап келеді. Білісай... Білісай...

Мырзағали. /Сымағұлға/ Солай ма екен, сұмырай, жастығымды ала өлейін.

Мырзағали қынынан пышағын суырып алып, Сымағұлға тап береді.

Сымағұл. /зәресі ұшып, офицердің артына тығылады/ Қой Мырзаш, тарт, тарт қолыңды!

Офицер. Мә, саған степная дикая арда!

/Мырзағалиды атып жібереді. Мырзағали екі-үш аттып барып: «Қош Білісай, кег...» деп құлайды./

Сымағұл. /бетін сипап/ О, әлін білмеген сорлы.

Офицер. /солдатқа/ Ана қораға қамалған киргиздарды өртеп өлтіріңдер! Қызылды жақсы көретін немелер ғой. Қызыл жалынға жанып өлсін! Түгін қалдырмай өлтіріңдер! Жойыңдар, жр!

Офицер мен солдат кетеді. Сымағұл сахнада жалғыз. Ол есі кетіп, сенделіп, сасуда. Кісілер қамалған қора өртеніп жатады. Күңіренген ел.

Сымағұл. /үрейленіп сырт жаққа қайта-қайта қарап/ Ойпырмай, құдайым-ай! Мына жақтан қаптап келе жатқан қызыл пәлелер ғой... Білісай салдақы ғой бастап келе жатқан. Мына тажал қатын түбіме жетпесе игі еді... Ой, аллам-ай, иә, аруақ, аруақ... «Қатын бастаған көш оңбас» деген ата-бабамның қасиетті сөзі бекер болғаны ма...

Қасында екі солдаты бар, асығыс офицер келеді.

Офицер. /Сымағұлға/ Сымағұл, сволочь! Халқым мені жақсы көреді дегенің қайда. /сыртты нұсқап/ Әне жақсы көретін халқың келе жатыр, бар қарсы ал енді.

Сымағұл. Тақсыр-ай, тақсыр... Жылдам жөнелейік, банды қатын...

Офицер. Енді қашпақ екенсің ғой. Нағыз салдақы қатын сен. Ұста мылтығыңды. Қызылдарды қырмай кетпейміз. /солдаттарға/ әбден жақындағанда пулеметтен оқ жаудырыңдар! Жау кейін шегінгенде шабуылға шығамыз.

Солдаттар жүгіріп шығып кетеді. Офицер дүрбісімен қарап тұр.

Офицер. /Сымағұлға/ Неғып тұрсың, бар ана алдағы шепке!

Сымағұл. /сасқалақтап/ Барайын, тақсыр барайын... Ой аллай.

Сымағұл кетеді. Сыртта айғай-шу, қызыл жауынгерлердің атқан мылтық дауысы естіледі.

Офицер. /айқайлап/ Огонь! Пли!

Сыртта атыс жүріп жатады.

Офицер. /айғайлап/ Шегінбеңдер! Жаудырыңдар оқты! Ә, солай ма екен, шегіндіңдер ме, батырлар! Енді наступленияға шығу керек... Ал қызыл сайтандар! Өлерменін қарашы, қайтадан ұмтылады... Огонь, огонь!

Асығыс жүгіріп бір солдат келеді.

Офицер. О не боп қалды?

Солдат /честь беріп/ Семей жақтан көп әскер келе жатыр, тақсыр капитан. Қызылдар! Қызылдар!

Офицер. /сасып/ Таяу ма?

Солдат. Таяу тақсыр, таяп қалды. Қара жолмен қаптап келеді.

Офицер. Жылдам атқа қоныңдар, екі пулеметті тосқауылға қалдырыңдар. Тез атқа қоныңдар! Арқатқа қарай, отступать!

Солдат. Мақұл, тақсыр капитан!

Солдат кетеді. Офицер кетуге ыңғайланады.

Офицер. Қашқан жауға қатын ер деген осы болғаны ма! О тағдыр, сұм тағдыр!

Сасқалақтап Сымағұл келеді.

Сымағұл. Бас сауғалайық, тақсыр, жан-жақтан қаптап кетті. Қызылдар, қызыл пәлелер...

Офицер. Ә, солай ма, Сымағұл мырза, сволочь!

Сымағұл. Тақсыр, кәспедан... Тастама мені жауыздардың қолына.

Офицер. Енді сенің құның сынық грошқа да тұрмайды... Аяғыма оралма, аулақ!

Офицер кете береді.

Сымағұл. Құлдық тақсыр, құлдық... қалмаймын сізден.

Офицер. Ах, собака! /наганын суырып алып, кете береді/.

Сымағұл. Шын-ақ ит болған екем ғой... құдай, құдай...

/Сымағұлда наганын суыра бастайды/ Сен менен де асқан ит екенсің.

Офицер. /асығыс жөнеліп/ Ә, солай ма... мә саған ит!

Асығыс сымағұлға оқ атып жөнеліп кетеді.

Сымағұл. Алла!

Сымағұл құлап, қайта тұрады. Оған оқ дарымай кетеді. Ұзап кеткен офицерді артынан жүгіріп, ол екі-үш рет мылтық атады. Офицер аман кетеді. Аз пауза. Сыртта «уралаған» қызыл партизандардың дауысы, атылған мылтық, аттың дүбірі. Қолында наганы бар сахнаға сенделіп Сымағұл шығады.

Сымағұл. Уһ аллай-ай /наганы қолынан түсіп кетеді/ Жұртта қалған бұралқы иттей болдым-ау! Ант атты ғой мені. /үрейленіп сырт жаққа қарайды/ Әне... келе жатыр. Білісай... Қай тесікке кірдім енді.

Сымағұл шығып кетеді. Білісай, Беспалов, Жұмағұл Ағадеевтар келеді. Бәрі де қару-жарақты. Беспалов бір қолынан жараланған.

Білісай. Қанға батып жер жастанып қалған, қайран ауылым! Ата-ана, бауырларым... О, жауыздар, нағлет, нағлет! /өліп жатқан Мырзағалиды көріп, жылап/ Оадал жарым, Мырзашым, арысым-ай! /Мырзағалидың денесін құшақтап/ арманда кеттің-ау, алғаным ай!

Жұмағұл. Бауырым-ай, аяулы ағайыным-ай, о қайран қарағым-ай!

Беспалов. /бас киімін алып/ Топырағың торқа болсын, қадірлі дос, Мырзаш! Революцияның құрбаны, асыл азамат! Білісай ер едің ғой, болған іске болаттан да берік бол. Амал қанша. Жұмағұл, досым, көтер басыңды. Төгілген қанды, құрбан болған жанды келер ұрпақ ұмытпайды, күрес әлі біткен жоқ.

Білісай. Қош Мырзашым, кеш қалыппыз ғой, кеш, кеш Білісайыңды!

Жұмағұл. Жауға кегіңді жібермейміз, аруағыңның алдында ант етемін!

Беспалов. Жауды жермен жексен етпей тынбаймыз, Мырзаш! Қанға-қан, жанға-жан!

Бәрі Мырзағалидың сүйегін көтеріп, сыртқа алып шығады. Аз паузы. Сахнаға Сымағұл шығады.

Сымағұл. Барар жер, басар тау қалған жоқ...

Сахнаға Білісай, Жұмағұл, Беспалов шығады.

Білісай. / Сымағұлды көріп/ О жауыз, малғұн, қалайша жер басып жүрсің!

Беспалов. Екі аяқты айуан, елін сатқан азғын!

Сымағұл. Кешіріңдер, /Білісайдың аяғына жығылып/ Кеш, Білісай!

Білісай. Тарт, жүзі, қара!

Жұмағұл. / Сымағұлдың жағасынан алып/ Тұр былай, қарабет! /Атуға ыңғайланады/ Жайратайын жауызды!

Білісай. Тоқта, Жұмағұл, азаматтарымыздың адал қаны төгілген жерді, мына сұмның арам қанымен ластама!

Беспалов. Білісай дұрыс айтады.

Сымағұл. /жылап/ Қасық қанымды қинаңдар, айналайын ағайындар!

Білісай. Ағайын деген сөзден садаға кет, садаға кеткір! Жұмағұл, көзіме көрсетпеші, мына сұмырайды. Әкетші аулаққа!

Жұмағұл. / Сымағұлды әкете бастайды/. Жүр былай!

Сымағұл. /Кетіп бара жатып/ Қош елім!

Білісай. Әкет, Жұмағұл, әкет!

Беспалов. Елім дейді жауыз, итке ит өлім!

Жұмағұл Сымағұлды алып кетеді. Аздан соң мылтық дауысы естіледі. Сыртта айғай-шу, аттың дүбірі. Жүгіріп Жұмағұл кіреді.

Жұмағұл. Семейден де қызыл ерлер келіп жетті!

Беспалов. Енді жау құтылмайтын болды.

Жасасын Революция, жасасын Ленин!

Білісай. Аттаныңдар, ерлерім!

Музыка.

Шы м ы л д ы қ .


Семей 1971-1985 ж.ж.

ПЕРНЕ

3 актілі, 4 картиналы, тұрмыс-махаббат драмасы



Қатысушылар:


Күнікей

-

Қарт ана, 50-де

Толқын

-

Қызы. Актриса, 30-да

Бұлан

-

Ұлы, майданнан қайтқан офицер

Әскери қызметкер, 25-те



Тоқтар




Толқынның күйеуі. Артист, 35-те

Күлтай

-

Жас актриса. Күнікей мен Тоқтардың тәрбиесінде, 18-де

Шарбан

-

Актриса 30-да

Рәш

-

Үй шаруасындағы әйел, 35-те.

Шалдыбай

-

Азық-түлік даярлау орнының қызметкері, 35-те.

Оқиға Қазақстанның үлкен қалаларының бірінде болады. Оқиғаның болған уақыты Ұлы Отан соғысының 1944-1945 жылдарының кезі.




Каталог: repository -> history
history -> Рымғали Нұрғали СӨЗ Өнерінің эстетикасы а ң д а т у
history -> Қазақ Әдебиетінің алтын ғасыры. Зерттеу. Астана,
history -> Қазыналы биікте. Р. Нұрғалидің азаматтық, ұстаздық, ғалымдық келбеті. –Алматы,
history -> Тұрсын ЖҰртбай „Ұраным алаш!
history -> Халел досмұхамедов
history -> Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»
history -> Алматы: «Санат» баспасы, 2001. 480 бет
history -> ҚазақТЫҢ ЖҮз романы. Оқу құралы. Құрастырып, баспаға дайындаған академик Рымғали Нұрғали. –Астана: «Фолиант», 2004. 456 бет. «Қазақтың жүз романы»


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   14




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет