Қазақстан республикасы мәдениет және ақпарат



бет10/14
Дата23.10.2016
өлшемі3,8 Mb.
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   14

ЕКІНШІ АКТ



Перде алдында қолында таяғы, көңілі жабырқаңқы, теңселе басып келе жатқан Тоқтарға Шәрбан қарсы жолығады.

Тоқтар. /Өтіп бара жатып/ Шәрбанбысың? Бәріңнің де достығың көрінді.

Шәрбан. /Бұрылып қасына жақындап/ Дос болмағанда, қасың деп пе едің... Неғып жүрсің, қайда барасың?

Тоқтар. Көшерімді жел, қонарымды сай біледі деп қаңбақ айтыпты ғой. Басым ауған жаққа.

Шәрбан. /Тоқтардың қолтығынан алып/ Өкпең орынды. Мені де бір тыңдашы. Жақсы кездестің ғой өзің.

Тоқтар. Есеңгірген бас кімді тыңдамайды. Айта бер.

Шәрбан. /Күрсініп/ Жаным ашиды, аяймын... Бір азаматтың еңбегі сендей-ақ болар. Не істемедің. Тек құстың сүтімен суармадың. Аспандағы ай, жұлдызға да қолын жеткіздің. Қоятын не кінәсі бар?...

Тоқтар. Жаным-ау, кінәсы болса мен өкінер ме едім... Жоқ қой, өзіңе де аян.

Шәрбан. Ия,, сені түсінбеді... Соныман ендігі ойың не? Әлде шыдағың келе ме? Үйреніскен отбасын тастап кету оңай да емес... Оны енді өзің білесің де... Кім біледі... Келісіп кетерсіңдер. Кешіріп келдің, әлі де кешірерсің...

Тоқтар. Рас деп ойлаймын.

Шәрбан. Міне, түн жамылтып тұрмын. Маған мынау көк тайғақ мұз, сүреңсіз тұманды ауа қандай жиіркенішті болса, олда сондай. Елге де аян... Ерте білгенмін. Тек саған айтуға дәтім бармай, сені аяйтынмын. Өз көзі жетер деп жүретін едім. Көзің жетті. Қырғи қабақ бас араздықты қояйық. Сен Тоқтар емес пе едің. Бізден алшақтауың да соның кесірі. Саған деген бөтен ойым болса, маған да бір зауыл бар шығар. Бұрылған екенсің, қайтып қарасын көрме!

Тоқтар. Шындығын көру, көрмеуде ме?

Шарбан. Сұмдығы ойында болсашы!

Тоқтар. Ойында...

Шарбан. Ия...

Тоқтар. /Сабырсызданып Шәрбанды қолтығынан алып, ілгері бір-екі аттап, кенет таяғымен нұсқап/ Сонау сәуле біздің театрдың алдындағы сәуле. Оның төрінде сенің де, менің де, оның да бейнесі тұр. Жанарлы, өткір нәркес көзіңмен тесіле қарашы. Өзің де көресің. Біздің орнымыз сонда. Мұның қадыр-қасиетін білдік пе... Білмедік, Шәрбан. Біздің жанымыз ел қазынасымен суғарылған жоқ па еді. Соның уызын ішіп, ержеткен ұлы мен қызы демей ме бізді. Жүрегімізде добыра мен қобыздың телегей-тасқан сазы жатқан жоқ па. Қасиетіміз кесек алтындай, қадырымыз ала таудай екен. Неге аяққа басамыз. Неге желге, күнге шалғызамыз. Не бір жаман әдет, дандайсыған, асқандық, бақ күндестік, тоғышарлық мінез, ел көшіне ере алмай, шабан - шалағай мешеу қалып, жүйріктен жабыға айналған сорлылық менің де, сенің де басымызда бар. Жалған десең /елді нұсқап/ мына отырған жұрт айтсын.

Шәрбан. Жұрт әділ. Мен емес, сенің басыңдағы кемшілікті олар айтады. Күліп те, күйініп те айтады. Оған не дейін.

Тоқтар. Жұрт сөзі төрелік...

Шарбан. Төрелікті жұрттан күтсең есің барда, еліңді тап. /Театр сәулесіне бетін бұрып/ міне, бетімізді жаңа түзу бұрдық... Дәл бұрдық. Адаспастан бұрдық. Сенің ескі мекенің мынау, қарау басқан, күңгірт тартқан ағаштың арғы бетінде жүр. Қолымнан ұста. Сен іздеген жаңа адамның бейнесі театр алдындағы сәуленің ішінде... Содан табасың. Сол жерден жолығасың. Өзім жолықтырамын.

Сүйрей жөнеледі. Соңынан Шалдыбай келе жатады.

Шалдыбай. Ау, әй, тоқтандар!

Шәрбан. Жоқ, Шалдыбай, біз асығыспыз.

Шалдыбай. Е, мен де асығыспын. Театрларыңа 3 - 4 адамға билет алып беріңдерші. Ойын басталғалы жатыр, көре алмағанымыз ба?

Шәрбан. /Кейін бұрылып/ Бос орын жоқ. Бүгін біз қатыспаймыз, сондықтан көре де алмайсың.

Шалдыбай. Онда мені де ала кетіңдер... Бірге болайық.

Тоқтар. /Кідіріп/ Тұра тұршы.

Шалдыбай. Болмаса менімен бірге жүріңдер. Машинам дайын тұр. Бүгін дем алып, бас қосып, былайша. Е..., ия, өзімізше отырайық та... Құдайға шүкір табылады...

Тоқтар. Шәрбан, сен жүре бер. Күжқараңа сәлем де. Ертең мені Шалдыбайдікінен тапсын. Сәуле тұрсын, көктемгі жұлдызға жеткізсең де еркінде. Бердім билігімді.

Шәрбан. Адал көңіліммен де!

Тоқтар. Айтқаның болсын, Шәрбан /қол алысады/. Шәрбан кетеді. Машина қайда?

Шалдыбай. /Айғайлап/ Ей, Айдарбай, бұр машинаны біздікіне қарай.

Екеуі кетеді.


Шымылдық ашылады. Бірінші актідегі Тоқтардың үйі. Күлтай үстел үстіндегі Толқыннан келген хатты алады.

Күлтай. /Ашып оқып/ кетіп барам... /тани алмай/ Тағдырдың не жазғаны болса да көрдім. Не баққа, не сорға. Тірі қайтсам өз қылғанын өз алдына бір келтірермін /өзіне/ не дейді мына шіркін. Әкем шотты шапқан сайын үдейді деп, үйден алыстаған сайын үдеп барады ғой өзі /оқып/. Енді менен үмітін үзсін, екеуімізді қосамын деп енді әуре болма, апа. Онда мәңгі бағымды байлағаның. Бұлан, сен қанша жек көрем десең де өз туысыңнан өзің безе алмайсың. Партизандықты қой. Мен жоқта оған не болып отырғаныңды білем. Әділдік десең, дәрменсіз әділдіктен, орынды қиянат жақсы. Сен мөңкіп, тулағанмен дүниеге тұтқа бола алмайсың. Өмір қатігез. Тауың шағылады. Менің жолымның шиыры көп... Күлтай екеуің соған түспеуді ойлаңдар. О не дегенің Мендей болмаңдар дегені ме? /Хатты столдың үстіне қойып, күледі/ Күлмейінші. Кім біледі... Мен де осылардай... Жоқ... Арманымның бірі де, аңсағаным, сарғая күткен тілегім де сол ғана /Ақырын, есіне түсіріп, ән салады/.

Жауымның арнап атқан оғы тиіп,

Жатқанда жүрек жанып, жаным күйіп.

Көре алмай қош айтыссам жас өмірмен

Өлермін сондадағы сені сүйіп...

/Кенет ойланып/ Маған телефон соғып біл деп еді-ау, Тоқтар ағам. Қайдан табам. Кімдікінде екен. /Дереу телефонды алады, сырттан қоңырау қағылады/. Қазір.

Есік ашады. Сырттан қолында сумкесі бар Күнікей кіреді.

Күнікей. Келді ме?

Күлтай. Жоқ, апа.

Күнікей. Аян қайда?

Нәрселерін қояды.

Күлтай. Далада ойнап жүр.

Күнікей. /Келіп/ Қарағым-ау... Папамды мен іздеп келейін дейді. Жасаған тірі айырылған күйікті көрсеттің бе. Театрыңда да жоқ па екен?

Күлтай. Кеше түс кезінде келіп кетіп еді дейді. Шәрбаннан да, Күжқарадан да, Имекс арыдан да, Жылтыршекеден де сұрадым. Бірі де білмейді.

Күнікей. Қу шұнақ. Қу мандай қар ай... Бірдемеге ұшырап жүрмесе игі еді. Есінен айырылып есеңгіреген сорлы... Жығылған үстінде жұдырық осы да... Енді қайдан іздедік. Әлгі бір Шалдыбай ала құспен шатасып кетті ме. О неме де көрінбей кетті ғой. Базарға бара жатсам, Әбіштің апасы қарсы жолығып... Сені не қара басты, қызыңа сөзің өтпеді ме бет моншағы үзіледі дедің бе... Бұдан өлгенің жақсы еді. Құдайыңды ұмытайын деген екенсің, ондай бетпақтың бетін тырнамайтын ба, деп жер-жебіріме жетті. Бүйтіп досқа күлкі, дұшпанға таба болып әртішке болғанша... Күлтай, сенен енді сұрайыншы, осылардың тұз еңбегі неге жараспайды. Білдің бе?

Күлтай. Жоқ, апа...

Күнікей. Ел не дейді?

Күлтай. Жұрт ия... жоқ, апа айтуға аузым бармайды.

Күнікей. /Аңырап қалып/ Айтуға аузым бармайды...

/Түңіліп/ тоғыз ай көтеріп, тоғыз күн толғатқанда ел алдында қара бет болсын деп пе едім. Ақ сүтім арам болғаны ма, адал тілегім теріске баққаны ма. Не күнә, не сұмдығымнан жаздым. Әлде өтірік, әлде шын... Мұндайда құрыққа сырық жалғайтындар да көп болатын еді. Сенің анығына көзің жеткен сияқты ғой...

Күлтай. Ия, апа, міне жазған хаты.

Күнікей. Не депті? Оқышы, өз құлағыммен естиін.

Күлтай. Енді менен үмітін үзсін депті.

Күнікей. /Ауыр күйініш үстінде/. Көзі қабырғада тұрған Тоқтардың суретіне түсіп Лаулаған өрт едің, тумағаныңа ғана кінәлі еді. Бәрінің басын қосып үйірілдіріп үй қылып, адам қылған сен едің-ау. Сен де менің қолымнан кеткенің бе... Екі көздің қарашығынан бірдей айырылғаным ба. Аянымның өгей екенің қолында өксіп өмірі ме. /Сазарып отырып, көзіне жас алады/ Күлтай, бұл хатты сен Бұланға айтпа, ол бүлдіреді. Тоқтарға да сездірме. Мен оны іздейін. Сен де ізде.

Кетуге ыңғайланады.

Күлтай. Апа, қайдан іздейсің?

Күнікей. Тоқтарым деп жар салсам, неге дыбыс бермесін.

Шәрбаннан, Күжқарадан сұрайын.

Кетеді.


Күлтай. Жарайды апа, киініп мен де шығайын. Ішкі бөлмеге кетеді. Хат үстелде қалады. Даладан Тоқтар кіреді. Еңсесі түсіңкі. Таяғын сүйеп үстел қасына келіп, Толқынның суретіне қарайды.

Тоқтар. /Суретті қолына алып, қимастық пейілмен/ Алдымыз үміт болған да, арты өкініш болғаны ма. Неге алдамшы болдық. Желікпен жерге тығылғаның ба. Тіршілік қандай сәнді еді. Көрікті еді... Қанағаттан қиялмен қияға шарықтап қосыла ұшқан күндер. Қызықты сұлу түндер. Жалғанға, өкінішке айналғаның ба? Айнымас деп сенген ақ көңілдің ауғаны ма? Жаным-ау, жолымыз қысқа ма еді. Ойлағанына жетпей жығылатын талапсыз жандар біз бе едік. Әнші - күйші, биші болсаң оның арнасы, арқаның кең даласындай таусылмас тарих емес пе еді. Қайда бұрдың бетіңді. Қар суынан пайда болған қаққа бұрдың ба. Арзан өнер – бір көрініске қия мәз болған, бір секіргеніне қуанған... Жүрегіңде толғау жоқ, жанында терең сезім жоқ, жалған шабыт пен ақылды нәпсі жеңіп, жел көңілге желігіп, қызылға көзің түсті ме?... Шәрбан, мені қайда жетеледің, қай сағымға жетеледің, қай сағымға сілтедің. /Суретке/ Әлде сенде мендей тең тартыс толқымалы ойда ма екенсің? Ойыңды басқан қара тұманды серпіп тастап, маған деген махаббат отын жарқ еткізіп қайта жандыр ма екенсің? /Хатына көзі түседі. Бір қолында сурет, бір қолымен хатты ашады. Қуаныш/ Маған... Толқыннан.

Оқиды. Өңі бұзылып, бір қолында тұрған Толқынның суреті жерге түсіп кетеді. Ішкі бөлмеден Күлтай шығады. Хатты тез қалтасына салады.

Күлтай. Аға, келген екнсің ғой. Біз сені іздемеген жеріміз қалмады. Апам тағы да іздеп кетті. Папам қайда қашан келеді деп Аян да... Неге үндемейсің? /Хат есіне түсіп, іздеп/ Не көрдің?... Неге оқыдың, аға?...

Тоқтар. Қалқам, несіне қапаландың.

Күлтай. Жоқ, аға, оқымауың керек еді.

Тоқтар. Арнап атқан оқтан ажалды адам құтыла ма... Аяным қайда жүр?

Күлтай. Апам бірге сені іздеп кетті.

Тоқтар. Аяным. Аяшымды...

Теріс қарап жасын сығып тастайды.

Күлтай. Аға, сонша неге мұқайсың өзіңді... Сен сондай ма едің.

Тоқтар. Мұқалма деймісің, қалқам.

Күлтай. Ия, өзіңді ая, қанатыңның астындағы мына бізді ая, апамды ая. Ол сен жоқтан бері мүлдем шөгіп кетті. Серпілші, Тоқтар аға, қамықпашы!

Тоқтар. Жоқ қалқам, қамықпаймын.

Күлтай. /Мойына асылып/ Өтірік айтасың. Немене өзің өнің қашып тұр, ұйықтамағансың ба... Дем алшы. Кешке ойының бар емес пе? Шаршайсың ғой.

Тоқтар. /Ойланып/ Күлтайжан! Менің өртенген жүрегіме қанатымен су сепкен қарлығаштай көмегің қуат бермей ме? /Еркелетіп/ Сендер барда ағаң шаршамайды. Жүдемейді. Қане, бәрі ұмытылсын. «Мақпалды» бір шырқап жіберші.

Күлтай. / «Мақпал» әнімен/

Үйірі қысырақтың мақпал қара,

Шашыңды күндіз өріп, түнде тара.

Аулыңа сенің Мақпал келгенімде,

Ей, Мақпал, қырындамай бермен қара.
Әннің қайырмасына Тоқтар да қосылады.

Тоқтар. Міне, әр уақытта осылай емін - еркін айт... Дауысыңды қыспа. Біздің әне бір артистер сияқты, құлап кететіндей дирижорға қарай берме. Сахна деген ол бір кең байтақ дүние, бай өмір, оған орныңды тауып, сия білмесең, оның ішінде қырандай қалықтап ұша білмесең... Көрушінің көзіне ілінбесің. Ән айтсаң бабымен, ырғағымен айт. Сөз сөйлесең тігісін жатқызып, кестесін келтіріп, көкейге қонымды етіп сөйлей біл. /Маңдайынан сүйіп/ Ел үмітін ақтайтын маңдайдағы жұлдызы сендер боласыңдар... Бар, Тоқтар үйге келші, деп апаңды шақырып кел.

Күлтай. /Қуанып/ Кәзір аға, кетіп қалмайсың ба?

Тоқтар. /Күліп/ Жоқ кетпеймін... Жылдам. /Күлтай шығып кетеді. Үй ішінде ірсілі-қарсылы жүреді. Кенет/ Мен кімді ойнаймын деп арман етпедім. Арғысы Гамлет... Демон... Бергісі Шоқан, Абай... Дүниені ақыл-оймен тебіренткен не данышпан ұлы тұлғаларды ойнай алдым ба. Жоқ. Шіркін жауының төбесінен жай оғыңдай жарқылдап елімнің ер ұлдары... Төлеген батыр, Талғат... Қаны қызса ел намысы үшін қанжарын тайсатәй сермейтін елдің ер ұлдарын неге ойнамасқа... /Қуанышты үмітпен/ Жетелейді. Сенімді күшейтеді. Көкке құлаш ұрғызады. Серпілтеді. Сергітеді. Шіркін Қанапия! Осындай да салмағанда қайда айтам /Қанапияға шырқайды/.

Айғайлап жылқы алдырдым қыр жағынан,

Көп дұшпан қамалады ық жағымнан.

Ныспымыз Қанапия болғаннан соң,

Келмейді Сырдың суы сирағымнан.

Қайырмасын айтып тұрған кезде үйге баяу басып бір әйел кіреді, тыңдап тұрады.

Рәш. /Өз-өзіне/ Не деп түсінем... Жападан жалғыз... Күңіренгені ме. Жоқ әлде шаттығы ма!

Тоқтар. /Жалт бұрылып, таңданып/ Сіз кім болсыз?

Рәш. Бұл үйде Толқын деген артистка тұра ма ? Соның анасына жолығайын деп келіп едім.

Тоқтар. Анасына... Онда не шаруаңыз бар еді?

Рәш. Шеккен жапа-зарымды шақпақ ем. /Тоқтар аң-таң/ Ол кісінің күйеу баласы қайда? Бұл үйден кетті деп еді ғой...

Тоқтар. Кеткені қалай, қайда кетті?

Рәш. Ерді намыс, қоянды қамыс өлтірмей ме? Әйел екеш мен де намысымды қуып келіп тұрмын. Төрт бірдей баласын тастап, сиқырлы бір азғының азғыруымен адал төсегінен безген, адасқан күйеуімнің намысы еріксіз айдап әкелді. Ер болса, ол үйде тұруға тиіс пе екен...

Тоқтар. /Ашуға булығып/ Ер болмай ез болсашы?

Рәш. Онда күнде өлгені. Жақсыдан шарапат, жаманнан кесепат, дейді қазақ. Сүйіп қосылған жарының сыры білмей, құр сыртына мәз болып қызғаныштың көк есегі болған жігітті кесепет демей не дейді... Кешіріңіз. Кім боласыз? Бетке басу аналық атыма ауыр. Ол жігітпен кездессем бүкіл жар атынан намысын қорғауға шақырар ем. Бұл қалаға мен жаңадан келген адаммын. Сыртынан атағын естігенде қуанушы ем. Ер дегенім ебелек екен. Түңілдім.

Тоқтар. /Зілді ашумен/ Жоғал...

Рәш. Ә, сіз бе едіңіз. Айып менде, білмеген у ішеді... Кешіріңіз... сөйтсе де сандырақтап айтқан екен деп ойлама. Намысыңды қорғай біл... Ерге көкірегі күндей адам ғана жар бола алады. Кеттім.

Аз кідіріп, асықпай, салмақпен басып шығып кетеді.

Тоқтар. /Әкінгендей/ Не деді... Не дедім... Орынсыз ашуға жол бердім... Сырына неге қанбадым. Өңім бе, түсім бе! Жер үшін жарға соғылған бейбақ. Тоқта, тұра тұр. /Соңынан жүгіре басып, баруға ыңғайланады/. Алқам-салқам, портфелін сүйретіп Шалдыбай қарсы жолығады. Кетіп қалыпты.

Шалдыбай. Жаңағың кім? Бүйрек беті бұлтиған, үріп ауызға салғандай бір керім ғой өзі. Антұрған, әйел дегенше маңдайыңның ырысы дәл сегіз елі-ау. Тұздықтап базарға салса да өтпейтін біз сорлы ғой. Неғып тұрсын... Ә, қойшы... Келеді өздері керек болса, жә, киін машинем дайын тұр. Жақын жерде бір колхозға барып қайтамыз.

Тоқтар. Әттең дүние, сенің роліңде бір ойнасам-ау.

Шалдыбай. Осындағы жазушының бәрі қызығады. Мен білемін. Бірақ, жаза алмайды. Біз деген бір батқыл-шытырман ғой жатқан. Жазу үшін сложный комбинация керек. Саған да ойнау оңайтимес. Фронтың ба, тылың ба, қалың ба, бәріне де азық-түлік дайындап беріп отырған мен. Айтпақшы бір қызық бар. Кеше сен кете салысымен мені горсовет шақырды. Барсам мәжіліс болайын деп жатыр екен. Шалдыбай Жантөбетов, сенің отчетыңды тыңдаймыз деді. Өздеріне бір ес болсайшы. Күн бұрын хабарламап па, айтпас па, ескертпес пе... Содан қысыла-қысыла сөйлеп бердім дейін. Тер одан да, бұжан да ағып жатыр. Бөлен ауданнан бәлен тонна, түгін ауданнан түген тонна түсірдім. Тонна-тоннасымен алдарына тізіп салдым. Соның бәрін магазин- магазиннің складтарына төккізіп обеспечить еттім дедім. Ендігі кәні өздеріңде. Наркомторг, горторг, пищеторг, облторг, райторг... бәрі де менен алады. Халықтың несібесін дұрыстап бере алмай отырмыз. Продавец атаулының бәрі жейді. Бұл сұмдық қой. Осы арасын қатты айтып подчеркивать етті. Аздап өтірігі де бар. Онсыз болмайды ғой. Дегенмен, бәрі шын. Норкомторгтан келген біреу маған, вы срете сукин сын, дейді. Міз баққам жоқ. Қызық-ай өзі. Содан қысылып графинадағы суды сылқылдатыпжұта беріппін, жұта беріппін. Содан горсоветтің бастығы Овощ атаулыны өзің жалмап отырсың дейді. Солда сөз боппа. Решенияны кейін естисің деп өзімді шығарып жіберді.

Тоқтар. Міне, сондықтан да сенің роліңді ойнау қиын.

Шалдыбай. Айтпадым ба қиын деп, сондай қысылшаң уақытта сөз тауып сөйлеп, жол тауып шығып кету ешбір артистің қолынан келмейді. Неге отырмын, кетпеймін бе. Ә, тағы бір қызық бар екен-ау. Осындағы сеннің балдызың бар ғой...

Тоқтар. Иә.

Шалдыбай. Жүр ғой осында.

Тоқтар. Ал, ол не істепті...

Шалдыбай. Өзі военкоматқа қайдан кіріп кеткен. Бүгін таңертең маған повестка жіберіпті. Шалдыбай Жантөбетов сенің броныңды аламын. Сен бронға жатпайсың дейді. Е, жатпасам жатпайын, бірақ өкпемде дімкәс ауруым бар дедім. Содан бронымды алып қалды. Мен жалпы қорықпаймын ғой. Бірақ... Зәрем жоқ... Ол бала ғой әлі. Сен тентек болма деп айтсаңшы өзіне. Біз сияқты сыйлайтын адамдар көп пе?

Үстінде офицер киімі, қатты басып Бұлан кіреді. Шалдыбай сасып ұшып тұрып қайта отырады.

Бұлан. /Тоқтарға/ Келген екенсің ғой?

Шалдыбай. Иә, келдік, бала.

Бұлан. Саған айтпаймын. /Тоқтарға зілмен/ Дегенмен де бұл жүрісің атына лайық емес. Сыйлап өсіп едім... Әкемдей болып едің, бұның не?

Шалдыбай. Баланікі жөн. Қанша айтқанмен майданнан келді ғой. Мен айттым, апам ренжиді үйіңе қайт дедім. Тілді бір алмайсыңдар, міне...

Бұлан. /Түсін суытып/ Сен кімге ақыл айтасың.

Шалдыбай. /Шошып/ Ақыл емес... Ара ағайындық сөз ғой.

Бұлан. Кеселдің басы сендейлерден басталады... Құлқынның құлы, сұғанақ сұм. Біреуді алдап, біреуді арбап, елдің арын аяққа басып, жұрттың нәсібесін жұлып жеп жүрген жебір. Майданда ер азамат қан төгіп жатқанда, сен мұнда ұры итше жылмаңдап түкпір-түкпірді теміскіле... Шалжаңдауың жетеді. Арсыз ала аяқ. Қай бір қуанышы мен қайғысына ортақ болып жүрмін дейсің. Жалтырат табаныңды. Тайып тұр! /Қолымен нұсқап/ Бар!

Шалдыбай. Апырай, алыс-берістің де көмегі болмағаны ма. Ұнатпасаң қайтейін. /Кетіп бара жатып/ Тоқтар, тағы хабарласып тұрармыз.

Тоқтар үндемейді. Шалдыбай кетеді.

Бұлан. /Ызалы/ Осындай немерелерді үйір қылып, сондайлармен бірге жүру кімге абырой... Толқынмен араңдағы әрекет орынсыз әділетке айналған аурудан басталған.

Тоқтар. Апаңды жақтаймысың.

Бұлан. Апамды жақтаймын. Сені мақтаймын. Сан рет мақталғансыңдар. Орынды жерінде әлде мақтаймыз, керекті жерінде кемшіліктеріңді де ашып айтамыз. Сендерді талант дейді. Халық алақанына салып аялайды. Жан қорегі сусыным дейді. Несін аяды. Атақ, даңқ, құрмет бәрі сендердің үстеріңде. Өздеріңді бір ойлайсыңдар ма? Жоқ, сол атаққа дандайсып,жетілдік, жеттік, болдық дейсіңдер ме... Әлі аз. Жетіліп, жетіп болған жоқсыңдар. Сендер сахнаға шыққалы ондаған жылдар өтті. Ол еңбектеріңнің сыбағасын алғансыңдар. Бір-ақ бүгінгі таңның, бүгінгі елдің, партия мен өкіметтің тілегін орындай алып отырсыңдар ма. Не бердіңдер? Айтыңдаршы! Заманның ұшқыр серпіні қайда алып кетті. Сонау майдан болып жатқан жерден бастап, бергі жердегі өмірде не болып жатыр, теміре қарап, терең толғанып, құшақтарыңды кең жая алған жоқсыңдар. Кешегі көз алдында ойнап жүрген бала, бүгін майданның батыры, елдің ері. Алды доктор, кандидат наук, ғылым иесі. Бойларыңды солармен өлше. Сонда ғана тереңге бойлайсың. Алысқа сілтейсің. Болмашы ұсақ әдеттердің төңірегінде күндеріңді өткізу жетеді. Аяймын жаным ашиды. Сенгенің тек бойыңдағы талантың ғана. Ол аз... Қайта толғанып, өзіңе-өзің қарасаң осы айтқанымның бәрі де жөн десің...

Тоқтар. /Мойындап/ Дұрыс, Бұлан Ұғамын. Бәрі де рас. Сен маған ақыл айтуға жарадың, о да менің жемісім. Қуанамын. Жалғыз-ақ, арманым бұдан былайғы өмірде сенің қайрауыңмен ұшталып олқылығымды толтырамын ба дейтін ем /қатты қиналып/ Ол тілек болмады... Міне, Толқынның жазған хаты... Оқып көр.

Бұлан. /Асығып/ Не депті?

Оқып жатады. Тоқтар ақырын верандыға барады.

Тоқтар. /Келе жатқан Аянды көріп/ Аяным, Аяшым... Папаңды іздедің бе, күнім.

Дауыс. Папа, сені бұлан ағам ертіп келді ме?

Тоқтар. Жоқ, құлыным өзім келдім. Әжең қайда?

Дауыс. Әне әжем. әне. Күлтай апам. Енді кетпейсің ғой, мен ойнаймын, папа.

Тоқтар. Ойна, ойна құлыным! /Сырттан Күнікей мен Күлтай кіреді/ Веранданың сыртқа есігін ашып, құшағын жайып кетіп бара жатып/ Аяным, құлыным тоқта... Келші! Кетеді.

Бұлан. /Күйінішпен/ Ия, ол Аянды сырттан ғана сүйіп кететін болды, апа...

Тым-тырыс қалпында қалады.

Шымылдық



Комиссар ғаббасов
Түсініктер «майданнан майданға»

Каталог: repository -> history
history -> Рымғали Нұрғали СӨЗ Өнерінің эстетикасы а ң д а т у
history -> Қазақ Әдебиетінің алтын ғасыры. Зерттеу. Астана,
history -> Қазыналы биікте. Р. Нұрғалидің азаматтық, ұстаздық, ғалымдық келбеті. –Алматы,
history -> Тұрсын ЖҰртбай „Ұраным алаш!
history -> Халел досмұхамедов
history -> Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»
history -> Алматы: «Санат» баспасы, 2001. 480 бет
history -> ҚазақТЫҢ ЖҮз романы. Оқу құралы. Құрастырып, баспаға дайындаған академик Рымғали Нұрғали. –Астана: «Фолиант», 2004. 456 бет. «Қазақтың жүз романы»


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   14


©engime.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

енгізу | тіркеу
    Басты бет


материалдарды жүктеу