Қазақстан республикасы мәдениет және ақпарат



бет6/14
Дата23.10.2016
өлшемі3,8 Mb.
#60
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14

ҮШІНШІ КАРТИНА



Сергиополь. Сабыржан штабы. Бұрынғы Рақымбай байдың үйі. Төрде терезе алдында жазу столы. Диван, орындықтар. Қабырғада карта. Перде ашылғанда Сабыржан жазу жазып отырады. Сыртта музыка. Солдаттар әні естіледі. Сабыржан терезені ашып қарайды, өлеңдетіп бара жатқан солдаттар.

Сабыржан. Азамат соғысы... Жау жағадан, бөрі етектен... Азаматтық борышымды адал ақтап, адамшыл арымды таза сақтап, халық үшін күресте құрбан болсам... Кейінгі ұрпақ алғысын айтпаса да, қарғысын айтпайтын болса... арман жоқ...

Ашулы Әлімқан кіреді.

Әлімқан. Уа, Сабыржан қарағым, сен Ғарапшаның баласы емеспін, халық баласымын деуші ең...

Сабыржан. Ия, Әлеке, болыстар бой бермей кетті ме?

Әлімқан. Жаролланы жағасынан сүйрегендей етіп алып келіп едім...

Сабыржан. Ия?

Әлімқан. Мұнда келген соң күшейіп алды мүлде. Мен Сабыржанның алдына бармаймын, Ғаббас тұқымынан танитыным Мұқаметша дейді.

Сабыржан. Мен оны бас бергелі шақырыппын ба?

Әлімқан. Ағаң ара түсіп алып қалды. Жаролланың жығылған жағасын көтеріп отырған ағаң Мұқаметша. Ағайынның азары болса да, безері жоқ. Біз үшін туған ағаңнан безбессің. Халықтың баласымын деуші едің деп жатқаным, сол, Сабыржан.

Сабыржан. Мен туысым үшін күресіп жүргенім жоқ. Революция жолындағы күресте кім де кім бізді жақтаса – сол туыс, сол туған. Кім де кім халық ісіне қарсы шықса, сол дұшпан, сол жау. Туарлықта туғандық жоқ. Жаролла болысты алып келіңіз. Қасыңызға солдат алыңыз.

Әлімқан. Алдыңнан өтейін дегенім ғой. Мұқаметшаны сыйлағаным болмаса, Жаролланың иманын айтқызбай ма, Әлімқан. Енді көрейін оны.

Кетеді.

Сабыржан. Аға араға түседі, ағайын аяққа оралады...



Жазуға отырады. Аздан соң Шалтай кіреді.

Шалтай. Жолдас комиссар, мен келдім.

Сабыржан. /жазуын аяқтап/. Шалтай, сенің жүгің бәрінен де ауыр болып тұр.

Шалтай. Жүк ауырын нар көтереді. Нар тәуекел. Мен дайынмын, жолдас комиссар.

Сабыржан. Сен тез Семейге жет. Семейге баратыныңды өзіңнен басқа жан білмесін.

Шалтай. Атамаңыз, жан сезбейді.

Сабыржан. Бержақта «Заречная слободка», орта жақта Тінібай мешітінің түбінде паромшы Олжабай тұрады.

Шалтай. Білем, білем...

Сабыржан. Семейдің бар қайықшысы сол Олжекеңнің қолында. Ақтың әскерінің Ертістен бері өтуін бөгесін. Егер сен барғанша өтіп кетпесе өздері біледі. /Пакет беріп/. Мынау Олжабай арқылы Ерғали Нұржановқа тапсырылсын. Нұржанов Семейдегі ең сенімді адам. Коммунист. Жау қолына түсіп қалмаса, жай жатпаған болар.

Шалтай. Алла қосса, жанымды салам ғой, жолдас комиссар.

Сабыржан. Ең мықты атты мін. Бекет жолымен жүрме. Даламен кет. Суыт жүр. Сақ бол. Жолың болсын, аман-сау орал!

Шалтай. Айтқаныңыз келсін. Көріскенше күн жақсы, жолдас комиссар... Сабыржан аға!

Сабыржан. Жолың болсын, Шалтай бауырым!

Амандасып Шалтай кетеді.

Аздан соң ашулы Мұқаметша кіреді.

Мұқаметша. Көп жасаған білмейді, көп көрген біледі, дейді халық. Сенің жасың кіші болса да көп көрдің, көп жүрдің. Жиһангер соғысында болдың, Кавказ, Мәскеу, Петербор бәрін араладың. Қазан қаласының түрмесінде де отырдың. Сібірді аралап Семейге келдің. Тілегіміз оң болып, аман-есен туған жеріңе жеттің...

Сабыржан. Сіз тіпті ұзаққа кеттіңіз ғой.

Мұқаметша. Ұзаққа кетпейін. Ұзақ жүріп ел-жұрт, ағайыннан алшақтап кеткеніңді айтайын деп отырмын. Жау болса атаман жау шығар, Сасықбайдың Рақымбайы мен Жароллалар не үшін күйеді. Адасса ақыл айтып, жөнге салуға болмай ма?

Сабыржан /орнынан тұрып/. Ағайын, қарындас, ел деп отырғаныңыз солар ма еді.

Мұқаметша. Анау Әлімқан Жаролланы алқымынан алып ауылынан әкеліп отыр...

Сабыржан. Жаролланы мен шақырттым, сіз неге ара түсесіз.

Мұқаметша. Әлімқанның Жаролланың жағасынан алуы масқара емес пе...

Сабыржан. Әлекең дұрыс істеген.

Мұқаметша. Сондай жауыздық бола ма екен. Ел не дейді...

Сабыржан. Ел не десін. Кім қас, кім дос екенін халық жақсы біледі.

Мұқаметша. Олардың не қастығын көріп едің. Сен Қазан түрмесінде жатқанда, мені большевиктің ағасы деп жауып қойғанда Рақымбай босаттырды емес пе. Жақсылыққа жақсылық деген қайда.

Сабыржан. Жауыздықтарын да жақсылық дейсіз бе. Сізді менің туысым деп тұтқынға алуы әділеттік емес. Біз онда ешкімге қарсы күрескен жоқпыз ғой.

Мұқаметша. Олай демеймін. Жақсылыққа жақсылық - әр адамның ісі, жамандыққа жақсылық – ер адамның ісі, демей ме. Әкеміз өлгенде сен бір-ақ жаста едің. Атамыз бен атасы сыйлас Жаролланың жақсылығын ұмыта алмаймын. Әкеміздің жылын бергенде мал-дүниесін аямаған ағайын Жаролла болатын...

Айғыз кіреді.

Мұқаметша. Айғыз, сен кішкене аялдай тұршы. Біздің өзара әңгімеміз бар еді.

Айғыз. Мұқаметша, сен немене сонша өзара деп, мені өзге дегің келе ме? Сабыржанның сен ағасы болсаң, мен анасының орнына анамын деп жүрмін. Әлде қатын деп қақпайлағың келе ме. Менен жасырын сырларың болса кетейін.

Сабыржан. Айғыз апа, сізден жасыратын сыр жоқ. Отырыңыз.

Айғыз. Сабыржанға серік болуға жараған Айғыз, сыр сақтауға да жарайды. /Мұқаметшаға/ Сен немене менің бетімнен қағасың...

Мұқаметша. Айғызбен айтысып жататын жайым жоқ. Ендеше мен кеттім. Кейін сөйлесерміз, Сабыржан.

Айғыз. Мен-ақ кетейін. /Мұқаметшаға/ Адамның бетінен алады дейсің. Мен ашынған Айғызбын. Ар-намысыма тиген адамның бетінен алып, айтысуға да жараймын. Керек болса алысуға да барамын.

Мұқаметша. Құдай қатынмен жағаластырмасын.

Айғыз. Е, сүйтіп жөніңе кет. Бірақ, қатын дегендеріңді қойыңдаршы.

Мұқаметша. Қатынды қатын демегенде, әке деймізбе енді!

Сабыржан. /сөзін бөліп/. Ашуларыңызды басыңыздар. Сөзіміз ағайын арасындағы әңгіме емес. Елге ортақ мәселе. Олай болса біздің әңгімеге Айғыз апайда ортақ. /Мұқаметшаға/ Сіз Жаролла мен Рақымбайдың жақсылығын айтқыңыз келді. Оларға арашашы болмақсыңыз...

Айғыз. Бетім-ау, ол жауыздар жақсылық дегенді білетін бе еді.

Сабырнжан /Мұқаметшаға/. Әне көрдіңіз бе.

Мұқаметша. Айғыз айта береді. Рақымбайдан, Айғыз сен де аулақ болмайтынсың... ел біледі ғой.

Айғыз. Не дедің. Рас ел біледі... Еріккен бай бір кезде мені ермек етпек болған, өзінше оңай олжа көрген... Сонда Айғыз Рақымбайға ермек болды демекпісің. Жоқ, Рақымбайды қан базарда халық алдында масқара, қарабет қылған Айғыз болатын...

Сабыржан. Сабыр етіңіздер. Қазір ондай әңгіменің уақыты емес. Халық тағдыры тарихтың таразысында тұр. Қара бастың қамын ойлау – халық мақсатына жат нәрсе. Осы ойларыңызда болсын. Айғыз апайдың айтқаны дұрыс. /Мұқаметшаға/ Сіз олардың жақсылығын көріп едім дейсің. Жеке басқа еткен жақсылықты халық ісіне айырбастауға болмайды. Революция ісі – халық ісі. Оған істеген жамандыққа ешбір жақсылық жасау жол емес. Ол ел алдында кешпес күнә. Менің жеке басыма арналған жамандығын кешуге батылым барар еді. Олардың не қастығын көріп едің дейсіз. Қас қастығын көрсетіп істемейді. Ғинаш пен Рақымбайды, Жаролланы ағайын деуге қайтіп аузыңыз барады. Желкемізден жасырынып келіп пышақ салғалы жатқанда қолға түсті емес пе. Ел дейсіз. Ел солар ма екен... Революция күресі ағайын арасының әрекет, араздығы емес. Мен бұны сізге талай айтқам.

Мұқаметша. Ағайын адасса жолға салуға болады. Бас салып жау деген сұмдық емес пе.

Сабыржан. Жауды жау дейміз. Жау аяған жаралы. Аямаймыз аға. Революцияның әділ заңы бар.

Мұқаметша. Ел бүлінбесін, безбесін деймін.

Сабыржан. Елді бүлдіреті де, қолынан келсе бездіруге әрекет жасайтын да, жаңағы өзіңіз ара түсіп отырғандар. Сіз мені інім, туысым деп жаныңыз ашып маған ермеңіз. Менің ұстаған жолымды шын әділет жолы деп кәміл сенсеңіз ғана еріңіз. Мен өмірімді сол жолға бағыштағам. Ол жол – Ленин жолы. Жау әлі де өшкенін жандырып, өлгенін тірілтпекке әрекет жасайды. Бірақ, өлген әкеміз Ғарапша марқұмның қайта тіріліп келмейтіндігіне шүбәңіз болмаса, кешегі ескі өмірдің қайта оралмайтынына солай сеніңіз!

Мұқаметша. Әкем марқұмның аруағын қозғадың ба енді!

Сабыржан. Революция бүкіл ғаламды қозғайды!

Мұқаметша кетеді.

Айғыз. Сабыржан қарағым, жөнін тауып ағаңмен табыс. О кісі де ойланар. Ақылды адам ғой. Әйтпесе өз туысың, қайда барар дейсің. Мұқаметша халыққа абыройы бар адам ғой...

Сабыржан. Мақсатымыз бір болып, бір жолдан табылса, туыс та, аға да, дос та. Болмаса әркімнің еркі білсін. Мен ағайынның айтқанына еріп, ауқымында жүре алмаймын. Алған бетімнен қайта алмаймын, Айғыз апа.

Айғыз кетеді. Әлімқан келеді.

Сабыржан. Жаролланы әкелдіңіз ғой.

Әлімқан. Әкелдім, әкелдім. Ол тұра тұрсын. «Жаңбыр жарғақтыны ұрады» деп, ауылдың бір кедейі жылап тұр.

Сабыржан. Ия, неге?

Әлімқан. Әлі қырсығы арылмаған сорлыны қан қақсатып қойыпты.

Сабыржан. Кім?

Әлімқан. Астындағы жалғыз шолағын аударып алыпты.

Сабыржан. Келсін, Әлеке, білейік.

Әлімқан. /есіктен шақырады/. Кел, жүр бері, ой сорлы. Жеңіл тулақ желге ұшар деп...

Шаруа кіреді.

Сабыржан. Келіңіз, келіңіз.

Шаруа. Қарағым, Сабыржан, мына Әлімқан айтқан шығар... мен өзім мына... Найман, оның ішінде...

Әлімқан. /сөзін бөліп/. Сөз бұйдалап тұратын уақыт емес, ердің құнын айтқалы тұрмысың. Жеті атаңнан қозғамай-ақ, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтпаймысың. Арызыңды айтсаңшы тәйірі.

Шаруа. Арызым... Сіздің солдаттар атымды аударып алып ... жалғыз бұт артарым еді, қарағым.

Сабыржан. Атыңыз қайтарылады.

Шаруа. Е, бәсе, рахмет... Кедейді сор жақтайды деп...

Сабыржан. Оны істеп жүрген бейбақтар жазасын тартады. Біз өмір бойы кедейлік соңынан қалмай келе жатқан сордан, аяқ, қолын шырмаған тордан азат ету үшін күресеміз.

Әлімқан. Түсіндің бе? Жаролла, Құмарлардың тепкісіне тоятын уақыттарың жетті ғой. Өн жорғаларың түсе бермей, еңселеріңді көтеріңдерші сендер де бір...

Шаруа. Ежелгі жуан ата еңсеңді көтертуші ме еді.

Сабыржан. Олардың дәурені өткен. Заман сіздердікі. Енді жер де, мал-дүние байлығына да ие сіздер боласыздар.

Шаруа. Әй, шырағым-ай, ежелгі ірге тепкен ата қонысын, құдай берген дәулетін бізге билетуші ме еді...

Әлімқан. /кекеп/. Билетуші ме еді. Сулы шидем басқандай бөксеңді көтере алмай, кер кете берсең, Жароллалар билетпек түгіл, өзіңді бітеудей жұтып қояр.

Шаруа. Көңілге қонымды да, орынды да сөз, қарағым. Есеміз кетіп жүргенін сезбейді дейсің бе.

Сабыржан. Сезіп тұрмыз деу аз, серпілу керек. Еш бір бай өз қолынан есе бермейді.

Шаруа. Түсінем, түсінем...

Сабыржан. Түсінсеңіз ауыл-ауылға біздің адамдар кетті. Соларға сіздер жәрдем етулеріңіз керек. Жаралының ер-азаматы атқа мініп, жан таласқан жауды жоюға майданға шықсын. Жау сіздерге жау. Жароллалар сол жаудың тілегін тілейтін адамдар.

Әлімқан. Торпақтың тырандағаны шөп қораға дейін дегендей, сен атыңа мініп Аякөзден шыққан соң, қазіргі екпініңнен айрылып қалып жүрме.

Шаруа. Астапралла, мына Әлімқан не дейді, тәйір-ау.

Сабыржан. Әлекең сізді ширатып, шыңдап жатыр ғой...

Әлімқан. Менің саған батыра айтқаным- сен елге батыл айтсын деймін.

Шаруа. Айтқандарыңның бәрі де аталы сөз. Ал, Сабыржан, қарағым, дән ризамын, сау бол, жолың болсын!

Сабыржан. Ренжімеңіз. Сау болыңыз.

Шаруа. Неге ренжимін.

Әлімқан. Қазір мен барам, бара бер.

Шаруа кетеді.

Әлімқан. /Сабыржанға/. Әлгі ала аяқты шақырайын.

Сабыржан. Шақырыңыз.

Әлімқан есіктен: «кір», «кір» деп Жаролланы шақырады. Жаролла кіреді.

Жаролла. Ассалаумағалейкум!

Әлімқан. /кекеп/. Уағалайкем ассалам!

Жаролла. Сабыржан, мұсылман адам бос үйге кірсе де сәлем береді. Кешегі марқұм Ғарабшаның қара шаңырағын ұмыта аламыз ба. Аруақ сыйлаймыз да. Жарықтық атамыз бен де сыйлас, тірі жанға зияны жоқ адам еді, иманды болғыр...

Әлімқан. /кекеп, өз-өзіне/. Ой, иманды болғыр-ай десеңші.

Сабыржан. Сіз бұдан отыз жыл бұрын марқұм болған кісіге көңіл айтуға келмеген шығарсыз.

Жаролла. Олай деме, Сабыржан, ата-бабамыздың аруағын ұмыта алмаймыз.

Сабыржан. Сіз ғафу етіңіз. Қазір шежіре шертетін уақыт емес.

Жаролла. Мен доспын деп келіп отырмын, аруақты ауызға ала келіп отырмын.

Әлімқан. Әруақ, әруақ деп немене түсіңнен шошынғансың ба.

Жаролла. Әлімқан, сен аузыңа ие бол. Ақымақ артын ойламайды, тереңге найза бойламайды, атаң ақымақ болмаса бураменен ойнамайды деген. Теңіңді тауып сөйле!

Әлімқан. Ақпан мен қаңтардағы бурадай бұрқылдайтын замандарыңның өткенін білем, жарлының жазының жеткенін білмей отырған бұл ақымақ па? Жоқ мен ақымақ па?

Жаролла. Сабыржан, біз ақ патша тағынан түскенде, ақ түйенің қарны жарылды, қазаққа бостандық күні туды демедік пе...

Сабыржан. Олай болса, мына ақ патшаның заманын қайта орнатам деп аласұрып жатқан ақ бандыларға қалай қарайсыз?

Жаролла. Жолы болмасын иттердің.

Сабыржан. Олай болса Доңғасаров болыс екеуіңіз мінуге жарамды жүз ат сайлап бересіз, бір деңіз, екінші, біздің әскерге қосылам деген жігіттерге кедергі жасамайсыңдар.

Әлімқан. Міне, шын достық осы ғой. Сөз жүйесін жаңа тапты.

Жаролла. /сасыңқырап/. Ер-азаматтың еркі өздеріңде. Ал, ат-көлік жағын ел-жұртпен ақылдасып көрейік.

Сабыржан. Жүз атты сіздер елден жинамайсыздар. Өзіңіз жиырма бес ат, Доңғасардың үш үйі жиырма бес аттан өз жылқыларыңыздан бересіздер. Аттарыңыз кейін қайтарылады. Шығын болса құнын төлейміз.

Жаролла. Сабыржан...

Сабыржан. Мен ресми түрде бұйрық жазам. Совет үкіметінің бұйрығы деп түсініңіз. Орындауға міндеттісіңіздер. Мына Әлекең бастаған адамдар барады.

Жаролла. Мынау тоқал ешкі мүйіз сұраймын деп құлағынан айрылғанның кебі болды ғой, Сабыржан-ау.

Әлімқан. Сіз тез өзгереді екенсіз. Жаңа бурамын деп, енді ешкі боп... тіпті ешкімнің де тоқалы болып...

Күледі.


Сабыржан. Ал, солай болсын. Үш күн уақыт берем.

Жаролла. /баяу қозғалып тұрады/. Е... Түсінікті... қош.

Жаролла кетеді.

Сабыржан. Сіз де ертең ертемен аттаныңыз. Қасыңызға он бес солдат алыңыз.

Әлімқан. Мен аттанбағанда кім аттанады.

Жетекеев кіреді.

Жетекеев /честь беріп/. Жолдас комиссар, сіздің бұйрығыңыз бойынша барлық солдат қаланың сыртында окоп қазуға кірісті. Алматыдан келе жатқан әскерді Шыңғожа бекетінен қарсы алуға бес кісі аттанды. Бастығы Ахметжан.

Сабыржан. Жақсы. /стол үстіне картаны жайып/. Қорғаныс шебі мынау... ескі зиратты ең күшті бекініс дейік. Жау мына жақтан шабуыл жасайды. Мынау Битен тауы.

Жетекеев. Битен тауына зеңбірек орнатылады.

Сабыржан. Жаудың үлкен сыбағасын сол Битен беруі керек. Әрбір көшеден оқ ататын бекініс орнын белгілеу қажет. Әрбір қорадан, әрбір үйден оқ жаудыруға әзір болу керек. Шіркеу мұнарасына пулемет орнатылсын.

Жетекеев. Несін айтасың... Бірақ...

Сабыржан. Е... қызыл командир «Бірақ» дейді. Немене бірақ... Петр бірінші шіркеудің қоңырауларын жұлып алып пушка құйғызудан тартынбағанда, біз шіркеудің мұнарасына шығудан қорқуымыз керек пе.

Далада дабыр-дабыр айқай естіледі. Сыртта терезе алдына бір жақтан асып-сасып: «тез, тез... срошной, срошной» деп Апошка келіп қалады. Екінші жақтан оған қарсы мылтығын кезеп сақшы шығады.

Сақшы. Бұл не айғай?

Апошка. Ағама келем. Сабыржан ағама... Асығыс ойбай. Срошной... сен немене, пошом зря...

Сабыржан. Бұл не айғай?

Терезеден қарайды.

Сақшы. Жолдас комиссар, Апошка сұранып тұр.

Апошка. Асығыспын, Сабыржан аға, товарищ совдеп... тығыз, тығыз!

Сабыржан /сақшыға/. Жібер.

Есіктеп Апошка кіреді.

Апошка. Е... бәсе, сәлеметсіздер ме... Опаздал қалып, асығып жүрмін. /Сабыржанға честь беріп/ Ваше высоко /сасып қалып/ астапралла... жо... жо... алжасып әшебайт етіп... жолдас... мен мағлұм Ахметшәріп Қотырашевич Тышқамбаев... Апошка.

Сабыржан. Сеен бізге честь бермей-ақ қой. Ақтарға жасаған жағымпаз сұрқиялығыңды өткізгің келе ме?

Апошка. Апыр-ай комиссар... жолдас... ай... за што пошом зря... сүрінбес тұяқ бола ма... ала сапыран, шым-шытырықта шатассам шатасқан шығармын... ашибайт етіп...

Әлімқан. /кекеп/. Ой ант атқан ай.

Жетекеев. Бұлар солай ашибайт етеді.

Апшка. Адам түгіл ат да адасады. Прошайт етіп... нетіңіздер енді.

Жетекеев. Философиясының түрін қара...

Сабыржан. Алыпсатар әкеңнен қалғанды картаға ұттырып, ақырында қатыныңды картаға салған азғын едің...

Апошка. Правильно... дұрыс айтасыз... парт болмай қалды ғой... Мені солдатқа принимайттаңыздар... көрсетейін мен оларға...

Жетекеев. Совет үкіметін қорғайтын солдат боларсың, ә!

Апошка. Сынаңыздар, сынаңыздар. Апошка да тегін такой-сәкой емес...

Жетекеев. Несін сынаймыз. Келбет келмей сын сұрама. Сының да, сырың да мәлім, Апошка. Босқа уақытты алма!

Апошка. Ой божемой... келбет... келбет... за што... сен Жетекейдің баласы. Жолдас Сабыржан, комиссар... мен бәрін де біліп, тауып келіп тұрмын. Сенген солдаттарыңыз... әне атысып, шабысып, қызға таласып қырылысып жатыр. Ініңіз Самат.

Сабыржан. Не сандырақтап тұрсың...

Апошка. Маған сенбейсіңдер... пошом зря. Қазақ орыстар... Ана Шляпиннің баласы... қызды зорлап... мені атам деп... әлісіп жатыр. Апошка өтірік айтушы ма еді. Көрерсіздер. Самат інің де қырғынның ішінде...

Әлімқан. Есің дұрыс па сенің?

Жетекеев. Сен немене өзің...

Апошка. Есің... немене, немене, Апошка штоли... өлісіп жатыр... убивайт етіп, поштовой конторда.

Сабыржан. /Жетекеевке/. Асқат, сен тез баршы.

Асқат асығыс кетеді.

Әлімқан. Тегін емес. Мына сайтан қайдағы бір пәлені шатып тұр ғой.

Апошка. /Сабыржанға/. Сенбейсіз маған, көрерсіздер. Оллаһи ендігі өлген болар. Апошка болса кругом шмонайттап, қолыма мылтық тисе козрайттар едім... міне енді.

Сабыржан. Бар, басты қатыр ма!

Апошка. Не ақ, не қызыл емес, көди-сөди болған Апошка шорт-ай, сорлы-ай... шоқынып кетейін бүйткенше.

Кетеді. Сыртта айғай-шу естіледі.

Жетекеев келеді.

Жетекеев. Антон Шляпин... Лиза атылып өлген.

Сабыржан. Атылып өлген?

Жетекеев. Қалай болғаны мәлімсіз. Волков тексеріп жатыр дейді.

Сабыржан. «Дейді»... Мен өзің барып тексер дедім, бар! Самат тұтқынға алынсын!

Жетекеев. Саматты... қалайша?

Сабыржан. Иә, саматты, менің інімді. Ревтрибунал тексереді. Халықты, солдаттарды шулатпаңдар. Айтқан бұйрықты орындаңыз. Барыңыз!

Асқат кетеді.

Әлімқан. Жазықсыз жан, күнәсіз қан төгіліп, жаның күйіп, қабағың қатып тұр, қарағым, сақтық пен сабырды жолдас қыл, Сабыржан.

Сабыржан. Солай Әлеке. Бұл қандай жауыздық ісі екен... Әлеке. Сіз осы маңда болыңыз.

Әлімқан. Мақұл, қарағым.

Сабыржан. Бұл не. Жаудың ісі ме? Жоқ әлде, жастық... албырттық... қызғаншақтық кесірі ме...

Кирилл кіреді.

Кирилл. /честь беріп/. Ғафу етіңіз, жолдас комисса, ауыр қайғыға душар болдым. Көрмей жүрген өлім емес... махаббат жолы бір басқа екен... бақытым да сол ғана деуші ем... Қайран Лиза...

Сабыржан. /тұнжыраған ойда/. Ауыр қаза... Жұмбақ оқиға. /Сергіп/ Почта-телеграфта, басқа жердің бәрінде сақшыны күшейтуді, сенімді адамдар қоюды саған әдейі тапсырғаным қайда?

Кирилл. Окоп қазу кезек күттірмейтін жұмыс деп бәрін де жұмысқа айдадық қой...

Сабыржан. Ол дәлел емес. Осы үшін жауап бересің.

Кирилл. Бұл жөнінде мен кінәлі, жолдас комиссар. Анау Антон Шляпин марқұм алаңғасар... Шатақсыз жүрмейтін бір сорлы еді. Осының бәрі сол марқұмнан болды ма деймін... Өткен іс өтті. Өлген қайтып келмейді. Мен өз кінәм үшін қандай жазаға бұйырсаңыз да дайынмын.

Сабыржан. Кінәлі адам табылады. Адал қан сұраусыз кетпейді. Мұнда сыр бар. Жасырын жаудың әрекеті бар.

Кирилл. Солай да болар-ау, жолдас комиссар... Рұқсат етіңіз, жолдас комиссар.

Кетуге ыңғайланады.

Сабыржан /ойланып/. Жоқ, жолдас Литвинов. Кетпейсің. Қазір Самат Ғаббасовтан бірге жауап аламыз.

Кирилл. Басқа бір адамды белгілесеңіз екен, жолдас комиссар. Саматтан, сіздің ініңізден жауап алу... арым шыдамайды...

Сабыржан. Жоқ, мен солай шештім...

Мәкіш кіреді.

Мәкіш. Үйде шыдап отыра алмадым. Лиза қандай аяулы қыз еді. Кімнен болды екен! Кириллға да оңай тимей тұр ғой...

Кирилл. Рахмет, Мәкіш жеңгей... амал не...

Мәкіш. Үміт үзуге болмайтын сияқты. Әдейі лазаретке бардым. Лизаның тамыры соғады дейді дәрігер.

Кирилл. /салқ етіп/. Не дейсіз?!

Сабыржан. Ия, дәрігер не дейді, есі кіреді дей ме, Мәкіш?

Мәкіш. Есі кіруі мүмкін дейді. Укол беріп жатыр, ешкімді жуытпайды. Маған зорға жауап берді. Тегі операция жасайды-ау деймін. Жанын салып жатыр байғұс. Аман қалса игі еді, сорлы...

Сабыржан. Тілге келсе мына шытырман жұмбақ шешілер еді...

Кирилл. А... иә, иә... тілге келсе игі еді.

Медсестра келеді.

Медсестра /Сабыржанға қағаз береді/. Сізге Жетекеев жіберді.

Сабыржан. /оқып/. Лиза аз ғана есін жиып, «Кирилл» деген бір ауыз сөзді зорға айтып талып кетті. Мен қасындамын.

Кирилл. /үрейленіп атып тұрып/. Ой, Лиза, жаным-ай, я құдай...

Шыға жөнеледі.

Мәкіш. Қайтсін енді. Қуанған да бір, қорыққан да бір. Үкідей ұшты ғой байғұс.

Медсестра. «Кирилл» деген бір ауыз сөзге зорға тілі келді.

Сабыржан. Жетекеев қасынан кетпесін. Басқа кісі кіргізбеңдер.

Медсестра. Жақсы, Сабыржан аға.

Кетеді.

Мәкіш. Сабыржан-ау, Саматтың не жазығы бар еді.



Сабыржан. Мәкіш, жазықсыз жан нахақ күймейді. Менің Саматқа, ініме жаным ашымайды дейсің бе. Аяймын. Бірақ, шын жазалы болса...

Мәкіш. Сабыржан, мен бәрін де білем. Рахаттан безіп, көрген бейнет, ауыр іс... Жаныңды шүперекке түйіп, ел үшін еткен еңбегің жанып, ақыры қайырлы болса, екен. Ана жалғыз ұлың, Байсұңқарың бақытты болып, ер жетіп, ел танығанын көретін күн болса... Әйтеуір ақыры қайырлы болса екен.

Сабыржан. Жаңа көктемнің жас төлдері солар. Олар біздің келешегіміз... Мәкіш, мен революцияның солдатының бірі болғаныма, Ленин партиясының сапында болғаныма, өзімді шын бақытты санаймын. Біз бақыттымыз! Алдағы жаңа өмірдің жарқын бейнесі, нұрлы дүние көз алдымда, көңілімде сайрап тұр. Сонда, сол күнде Сабыржан маузер орнына қолына қалам алып, жаңа өмірдің жаршысы болады, Мәкіш... сен келіп ауыр ойларды жеңілдетіп жібердің. Мәкіш... Енді үйге бар.

Мәкіш. Мен үйге барамын ғой... Не ұйқы жоқ, таң атқалы оразаңды да ашқан жоқсың...

Сабыржан. Кәзір мен де барам... кәзір... кәзір...

Шығарып салады.

Адал жар, ардақты ана, сүйікті сәби нәресте... сендерден аяулы не бар екен өмірде...

Жетекеев келеді.

Сабыржан. Лиза тілге келді ме?

Жетекеев. «Кирилл... жау...», - деді де тағы талып кетті.

Сабыржан. Кирилл сонда ғой?

Жетекеев. Жоқ, жолдас комиссар.

Асығыс бір солдат кіреді.

Солдат /честь беріп/. Жолдас комиссар, Ғинаш түрмеден қашқан.

Сабыржан. Тез Кирилл Литвиновты іздеуге кірісіңдер!

Солдаттар честь беріп кетеді.

Кирилл Литвинов... Алаяқ жау болды ма... Алматыдан арнап жіберген еді ғой... Ғинаш дұшпан қашқан. Ол да Кирилл Литвиновтың ісі. Ұсталсын Литвинов!
Ш ы м ы л д ы қ.

ЕКІНШІ АКТ




Төртінші картина



1918 жыл. Июнь айы.

Семей қаласы. Ақтардың соғыс штабы. Штаб бастығының кабинеті. Кабинеттің төрінде әйнекті балкон есігі. Қаланың бейнесі көрінеді. Оң жақ қабырғада екінші есік, ол оперативный отдел бастығының кабинеті. Қабырғада штаб бастығының столының тұсында адмирал Колчактың суреті. Екінші қабырғада үлкен карта. Столда телефон.

Перде ашылғанда Сидоров телефонмен сөйлесіп жатады. Босаға жақта жаралы офицер тұр. Ол – Фазылжан.

Сидоров. /ашулы/. Редакция? «Свободная речь» газеті ме? Сізбен сөйлесіп тұрған Семей соғыс штабының начальнигі, есаул Сидоров. Иә... иә... редактор қайда? А, редактор господин Гобов... Соңғы бұйрықты әзірше тоқтата тұрыңыз. /Трубканы сарт еткізіп іліп қояды. Үзілген сөзін жалғап, офицерге зілмен/ біз сені Аякөзді алды, Сергиополь – біздің қолда. Жетісуға жол ашық деп газетке әйгілеп отырсақ... Сенің ит талаған тауықтай болып келіп тұрғаның мынау... Масқара! Позор! «Алаш, алаш» деп сеніп жүргендеріміз сендер ме?

Фазылжан. Господин есаул, большевиктерді надан халық жақтайды... Комиссар Ғаббасов...

Сидоров. /кекеп/. Халық... тобыр... комиссар, Ғаббасов... самозванец ол. Комиссар, комиссар...

Фазылжан. Господин есаул, казактар да оған ерген...

Сидоров. Жетті! Жап аузыңды!

Фазылжан. Господин...

Сидоров. Жап!

Фазылжан. Жаптым, тақсыр...

Екінші бөлмеден Виноградов шығады.

Виноградов /офицерге/. Ал, алдырып қайтқан офицер, отан алдында не деп жауап бересің.

Фазылжан үндемейді.

Сидоров. /офицерге/. Сен қалған отрядыңмен сол Заречная солободкада бол!

Виноградов. Солдаттарыңның аузынан жеңіліп қайттық деген сөз шықса...

Фазылжан. Құлдық, госпада.

Сидоров. Бар!

Фазылжан. Рахмет, госпада.

Кетеді.


Сидоров. Қанша адам шығын болды. Қанша қару жау қолына түсті. Ішінен бүлік шығару іске аспады... Қалай болды?

Виноградов. Менің шығынға ішім ашып тұрған жоқ. Операция сәтсіз болуы штабтың абыройына шіркеу болып тұр.

Сидоров. Иә, иә...

Виноградов. Кінә бізден. Ғаббасовтың, большевиктердің Сергиопольдегі күшіне үстірт қарадық.

Сидоров. Ағыстық болды білем.

Виноградов. Ал, енді мына сәтсіздіктен кейін Ғаббасовтың отряды күшейе береді. Оның беделі ел алдын да арта береді.

Сидоров. Сондықтан жорықты жылдамдату қажет.Бүгін үкімет өкілі келеді ғой. Жетісу жорығын басқаруды полковник Ярушинге жүктепті.

Виноградов. Оларға Алматыдан көмек келгенше Сергиопольды тез басып алу керек...

Сидоров. Иә, капитан Виноградов, басқа жағдай...

Виноградов. Ең алдымен түрме. Большевиктерді көбіне селетка тұздағандай сықсақ та сиятын емес.

Сидоров. Симаса олар үшін түрме салдыра аламыз ба. Шетінен шығынға шығара беру керек. Олармен соттасып жататын уақыт жоқ.

Виноградов. Түсінікті. Атамыз. Соңғы мәлімет бойынша Трусовтар 400 адаммен Славгород пен Змейногородскіге қарай қашып барады.

Сидоров. Өлетін адам молаға қарай қашады ғой. Сибирь қолда.

Виноградов. Ғаббасов Семейге де большевизмнің уын жайып кетіпті. Мұндағы тілектестерін тіміскілеп тауып, тамырына балта шабуды «Мұсылман комитетіне» тапсырдық. Мынаны қараңыз.

Сидоровқа газет береді. Ол алып оқиды.

Сидоров. /оқып/. «Заря свобода»... газеті ғой. /оқып/ екінші июнь, 1918 жыл. Верный. Большевиктердікі ғой «Кто виноват?» - дейді.

Виноградов. Ғаббасовтың статьясы.

Сидоров. /оқып/. Сабыржан Ғаббасов... О қызыл сайтан. /Оқып/ «... Кто виновник всех испытываемых мусульманами несчестий. Не думаете ли вы, что виноваты тут большевики». Иә, иә, не дейді. /оқып/. «... Нет, братья, нет, тысячу раз нет. Дорога, которой идут большевики, - дорога прямая и верная...» /ашуланып, газетті лақтырып жібереді/. Ох, азғын арда. Еще орысша жазған, Ә!

Виноградов. Орысша да, қазақша да, татарша да жазып таратқан. «Аягузи» деген псевдоним да сол Ғаббасовтікі. Семейде ол әдебиет, драма кружоктарын ұйымдастырған. Нағыз азғын! Большевик!

Адъютант кіреді.

Адъютант. «Мұсылман комитетінен» бір ханум келіп тұр. Ә... қатын...

Сидоров. Ханум дейді!

Виноградов. Қатын!

Адъютант. Қатын дегенде енді... просто қыз деуге болады. Өздеріңіз білетін, әлгі анау енді, госпада...

Виноградов. Ә... Гүлжанат па. Ол қыз ғой. /Адъютантқа// дурак. Гүлжанат – райская Роза...

Адъютант. Ғафу етіңіз, господин капитан, қатын ба деп қалып ем... ия, ия қыз, қыз... красавица. Райская Роза.

Сидоров. Кірсін!

Адъютант кетеді.

Гүлжанат... кәрі қыз. Бірақ, жаман емес.

Виноградов. Ол бізге бар жағынан да пайдалы, керекті адам.

Сидоров. Конечно, капитан ха... ха... ха...

Гүлжанат кіреді.

Виноградов. А... Гүлжанат... Райская Роза...

Сидоров. О... сіз екенсіз ғой, келіңіз, келіңіз...

Гүлжанат. Исәнсізмі, зур хурмәтлі, тақсырлар...

Амандасып жатады.

Сидоров. Мегаметаннан сіз сияқты патриот қыз-қатындар шыққаны қандай тамаша!

Виноградов. Тамаша, тамаша... Роза ғой, еще Райская...

Гүлжанат. Бик зор рахмет сіздерге... зур мәрхабәтлі тақсырлар. Сими шаһарының мұсылмандары сізләргә бик зур алғышлар әйтуні тапсырдылар. /қағаз ұсынып/ Мінә бір список, ғаскәрге қадари халінше ярдәм итуші бай-байбатшалар иді. Ниһаятсіз шаным білдірәләр, ният халис білән.

Сидоров. /алып оқып./ рахмет мұсылмандарға!

Виноградов. Бұндай патриот магамадамдарды газетке жазу керек.

Гүлжанат. Иншалла сізләрнің мәрхабәтләріңіз білән «Халық сүзі» газетабызны да шығара башладық. Гамасуссалихқа бағышланды.

Виноградов. /жердегі газетті көрсетіп/. Ана газетті көрдіңіз бе?

Гүлжанат. Нишік. Бу ниндий газета? /алып оқып/ тағы шул икен, ә. Бу Сабыржан бір булмаған зат суң инді... и... яуыз.

Сидоров. Оның мұнда достары бар дейді ғой.

Гүлжанат. Алар инді диннән бизгәнләр суң... бәлки фітнә. Тігін бір учитель-мучитель шикілліләр... құтырынған хатын-қызлар...

Сидоров. Кімдер олар?

Гүлжанат. Узім де тізімләрін әпктлген идім. /қалтасынан алып/ Мінә... Ягудиевләр, Есимов, Хүсәйн, Сәбира, Шамсинур... міне анда бәрісі де бар. Кубі қашқандар инді, мәжәжләт бит. /Сидоров тізімді алып Виноградовқа береді/. Аларны тұтсалар иді.

Виноградов. Тұтамыз, тұтамыз.

Сидоров. Тұтылады. Құтылмайды, Гүлжанат ханум.

Гүлжанат. Мин, ханум түгіл, тақсыр. Мин қыз бит әлі.

Виноградов. Ия, ия, бұ кісі қыз, қыз... барышня...

Сидоров. Ғафу етіңіз, қыздарға қалай деу керек.

Гүлжанат. Туташ, туташ диләр.

Сидоров. Ә... туқаш, туқаш...

Гүлжанат. Туқаш түгіл инді, ту-таш, а туқаш ул – тағам, хлеб, нан бит...

Сидоров. Ту-таш, хорошее слово.

Виноградов. Гүлжанат туташлардың, вообще татарлардың пәрәмәшләрі қандай тәтті.

Сидоров. Пәрәмәш... о... биляши ғой. Ия, ия, тамаша тағам.

Гүлжанат. Алла кушса, киш бірлән бізге рахим итәрізләр. Пәрәмәш тә, бәрісі де була.

Сидоров. Рахмет, Гүлжанат туташ...

Виноградов. Барамыз, барамыз, обязательно барамыз.

Гүлжанат. Бик якшы. Рахим итігізляр. Инсан тараққи үшін яшагізләр. Хуш булығызлар.

Сидоров. Сау болыңыз, туташ... Капитан /Виноградовқа/ сіз туташты былай ...

Виноградов. Гүлжанат туташты өзім шығарып салам.

Гүлжанат, Виноградов кетеді.

Сидоров. /өз-өзіне кекете сөйлеп/. Мұсылман, магамедан, «Мұсылман комитеті» Еще... Бұлардың крещенныйлары болмаса... немене бұл мегемендандар. /Ойланып/ Теке болсын, сүті болсын, мұсылман түгіл черт болсын. Большевиктерді көрсе жетті емес пе.

Ғинаш кіреді. Әскери киім киген, полковник чинінде.

Ғинаш. Сәлем зор мархаббатты штаб бастығы, господин Сидоров.

Сидоров. Қалай, Ғинаш мырза, тынықтыңыз ба? Сіз енді большевиктер тозағынан құтылып шыққан геройсыз...

Ғинаш. Жауын жеңіп, ісін тындырып қайтқан адам тынығыр болар. Большевиктердің торына түсіп, қашып құтылғаным геройлық емес. Халық алдында Сабыржаннан салмағым мың хисса артық қой деуші ем. Сергиополь сапары ол ойымды ақтамады.

Сидоров. Жау қолынан амал-айламен құтылып шығу – ол да ерлік, Ғинаш мырза. Халық дейсіз, халық ол тобыр емес пе. Елді бастап азғырып жүрген Ғаббасов сияқтылар құрыса, бассыз тобырларды тоздыру жеңілірек болады.

Ғинаш. Мен тобыр дегенге де жеңіл қарағым келмейді, тақсыр. Революция сол тобырыңызды теңіздей толқытып, долы, мылқау күшке айналдырды. Қашан большевиктерді түпкілікті жеңгенше біз революцияның жеңісін қорғаушымыз деген ұран көтеруіміз керек деп білем. Сабыржан сияқты большевиктер – революцияның жеңісін оңай олжа еткісі келетін отан сатушылар, біз солардан халықты азат ету үшін күресеміз. Қазіргі уақыт осындай ұранды, осындай насихатты керек етіп отыр. Қара халықпен осылай сөйлеспесек болмайды, господин есаул, болмайды.

Сидоров. /Ғинаштың қолын алып/. Өте дұрыс айттыңыз.

Ғинаш. Мен «Мұсылман комитетінің» газеті «Халық сөзін» осы бағытта шығаруға мәслихат бердім.

Сидоров. Гениально. Өте дұрыс. Ал, ендігі мәселе Жетісуға жедел жорық жасау...

Ғинаш. Жетісу жорығына татар мұсылмандарынан құрылған жауынгерлер әзір. Отрядқа «Яшіл байрақ» деген есім беру ұйғарылды.

Сидоров. «Яшіл байрақ»

Ғинаш. Ия, «Яшіл байрақ» - «Голубое знамя». Отрядты өзім командовать етем.

Сидоров. «Яшіл байрақ!» Өте жақсы! Христиандар «Исус христос» отрядын құрбы. Құдайымыз бір, жауымыз большевиктер...

Ғинаш. Әлбетте, не ана большевиктердің туы, Сабыржан көтеріп жүрген қызыл ту тұрады, не пайғамбардан мұра болып қалған «Яшіл байрақ» тұрады. Енді екінің бірі. Иншалла пайғамбар көтерген «Яшіл байрақ», біздің ту жығылмауға тиісті.

Сидоров. Бог с нами, Ғинаш мырза. Большевиктерді құдай қамқорлығына алмайды. Құдайсыздар ғой олар...

Адъютант кіреді.

Адъютант. Литвинов деген келіп тұр, офицермін дейді.

Ғинаш. Литвинов! Жеткен екен ғой Кирилл.

Сидоров. Кірсін, кірсін.

Адъютант шығып кетеді. Киімі өзгерген Кирилл кіреді.

Кирилл /честь беріп/. Жоғарғы мәртебелі, мархаббатты штаб начальнигі, ерекше тапсырмамен жау ішінде қызмет атқарған офицер, Кирилл Литвинов сіздің хұзырыңызға келді!

Сидоров. Қош келдіңіз, казактың адал ұлы!

Қол алысып амандасады.

Ғинаш. Келші, Кирилл, ерім, досым!

Құшақтасып сүйіседі.

Сидоров. Ал, сөйле, комиссар Ғаббасовтың халі қалай?

Ғинаш. Жайладың ба Ғаббасовты?

Кирилл. Ғаббасов әлі тірі. Тірі қалды.

Ғинаш. /ызалы/. Ғаббасов тірі?! Жаннан қорқып, бас сауғалаған екенсің ғой!

Кирилл. Сіз сүйттіңіз, Ғинаш мырза. Мен Ғаббасовқа көздеп атқан жалғыз оғым деп ойлаған екенсіз ғой. Мен сізді құтқармағанда Ғаббасов та аман қалмайтын еді...

Ғинаш. Сенің Ғаббасов жөніндегі тапсырманы орындамауыңа бұл сөзің дәлел бола алмайды, Кирилл!

Кирилл. Мен сізге есеп беріп, сіздің алдыңызда ақталайын деп келгенім жоқ. Штабқа қажетті мәлімет жеткізу үшін келдім.

Ғинаш. Мені кім деп ойлайсыз?

Кирилл. Сізді ме, сізді...

Ғинаш. Поручик!

Сидоров. /сөзін бөліп/. Госпада, айтысты тоқтата тұрыңыздар. /Кириллге/ Сіз чинді силауды ұмытпаңыз. Полковник Ғинаш Жалелитдинович, бәріміздің де құрметтейтін адамымыз, бұл кісі командованиенің атынан сөйлеп отыр...

Кирилл. Ғафу етіңіз, менің қолым қанды, жаным жаралы... аяйтын жаным қалған жоқ. Оның бәрін ақтарып айтып жатпайын. Ғаббасовты құрту үшін өз басымнан қорқып, жанымды аяп қалғаным жоқ...

Сидоров. Толық есепті военный совет алдында бересің. Рапорт жаз. Аса қажетті хабарыңды қысқаша айт.

Кирилл. Аш қасқырдай бұралып әрең жеттім. Ғаббасов оңай жау емес. Алматыдан көмекке әскер келе жатыр. Жорықты тездету қажет деп білем. Міне...

Телеграмма жазылған лентаны береді. Сидоров, Ғинаш оқып жатады.

Сидоров. /оқып/ ...Мамонтовтың отряды Үржарға аттанды. Ташкенттен шыққан әскер Жаркент уезіне келе жатыр...

Ғинаш. /шыдамсызданып/. Бәсе, бәсе, шешінген судан тайынбас болар. Жалаңаяқ пролетариат жағаңа жармасып өледі. Айттым ғой, желе жортып өтетін жорық бола қоймас деп. Ия, ия.

Сидоров. Да... /оқиды/ ...Менің бұйрығым бойынша сіздерге көмекке Верный гарнизонынан арнаулы отряд жіберілді...

Ғинаш. Алматыдан, аһ... а...

Сидоров. /оқып/. Сергиопольге тез жетпек. Алдынан кісі жіберіңіз. Жетісу облысының әскер қолбасшысы Емелев.

Кирилл. Ғаббасов кісі де жіберді, Сергиопольдің айналасын суырша қазып, окоп та даярлатып жатыр. Қала халқын қаруландырып, көше соғысына да күшті даярлық жасап жатыр. Қасық қаны қалғанша қырқыспай, бір қадам жер береді деп ойларыңызға кіріп те шықпасын.

Сидоров. Тез аттану керек...

Ғинаш. Комек келгенше Ғаббасовтың желкесін қырқу қажет. Мен дайын. /Кириллге/ Кирилл, сен киргиз даласын кезіп келген көкжалсың ғой. Штаб начальнигі рұқсат етсе, біздікіне барып тынық. Мен бас сауғаның адамы емеспін. Ғаббасовпен енді қан майданда кездесетін болдық.

Сидоров. Дұрыс айтасыз, Ғинаш Жалалитдинович, рұқсат, рұқсат.

Кирилл. Ғафу етіңіз, господин полковник.

Қол алысады. Ғинаш, Кирилл честь беріп шығып кетеді. Аздан соң Адъютант кіреді.

Адъютант. Телеграмма. Павлодардан.

Телеграмма беріп кетеді.

Сидоров. /оқып/. Павлодар... Жетісуды большевиктерден азат ету үшін құрылған отряд бүгін Павлодардан шықты. Командир отряды прапорщик Чарнов.

Виноградов кіреді.

Виноградов. /ызалы/. Бұл не қылған жын қаққандай құтырған тобыр...

Сидоров. Тағы немене?

Виноградов. Шемонайхадан бүлікті басуға жіберген жазалаушы отрядты қырып салыпты. Бүлікті бастап жүрген Борисов, Цикунов деген жасырынып жүрген большевиктер дейді. Олардың соңынан ерген крестьяндар бір мыңнан астам тобыр...

Сидоров. «Исус Христос» отрядын аттандыру керек. Бастаушылары қолға түскен жерде дарға асылсын. Құтырған тобырды қара шыбындай қыру керек!

Телефон соғылады.

Виноградов. /тыңдап/. Капитан Виноградов, ия, ия... солай болатын болды. Қазір, қазір. /трубканы Сидоровқа береді/. Есаул Мейер. Көмек сұрайды.

Сидоров. /трубканы алмайды. Виноградовқа/ Хабарлаңыз! /Сидоров әрбір бұйрық сөзін Виноградов қайталап, телефоннан хабарлап жатады/. Шемонайхаға «Исус христос» отряды барады. Уничтожить. Да... да. Расстрелять. Имущество конфисковать, а деревню сжечь!

Трубканы іледі.

Бұл не сұмдық... не боп барады Ұлы Россия!

Виноградов. Патша ағзамнан айрылған бассыз Россия!

Сидоров. /Кирилл әкелген телеграмма лентасын көрсетіп/ Мынаны көрдің бе?

Виноградов. Литвинов-Шайтановтан бәрін де естіп білдім.

Сидоров. Тез аттану керек! Автомобиль отряды дайын ғой.

Виноградов. Дайын. Автомобиль отрядын командовать етуге рұқсат етіңіз.

Сидоров. Мақұл. Киргиздар қалай кешігіп жатыр.

Виноградов. Да, Жетісу даласы тағылар ғой, киргиздар.

Адъютант келеді.

Адъютант. «Алаш» әскерінің командирі Тоқтамышев келіп тұр.

Сидоров. Ә... келсін, келсін.

Қасында Фазылжан полковник Тоқтамышев кіреді. Қол алысып амандасады.

Сидоров. Господин полковник, Тоқтамышев, Жетісу жорығының маңызы сізге түсінікті.

Тоқтамышев. Түсінсем мен түсінейін.

Сидоров. /картаға барып нұсқап/. Семей – Сергиополь – Үржар -Бахты... байланыс торабы. Сергиопольды басып алудың стратегиялық маңызы ерекше зор. Солай ғой, господин Тоқтамышев.

Тоқтамышев. Мәні зор болса, Сергиополь болсын. Ақиқат сөз.

Сидоров. Киргиз халқын большевиктерден азат етуге уақытша үкімет бар назарын аударып отыр. Ал, бірақ, господин Тоқтамышев, мұсылман халқын адастырып жүрген Ғаббасов сияқты большевиктер бар.

Тоқтамышев. Алаш баласын алты ауыз қылуға әрекет етіп жүрген азғындарға аяу-ашу болмақ емес. Білем мен Ғаббасовты.

Сидоров. Күш бізде жеткілікті. Бірақ мұсылмандар... адасып жүрген киргиздар босқа қырыла ма деймін...

Виноградов. Алдын-ала жау ішіне жасырын барып, Ғаббасовтың қасында болуға ерлігі... Е... ептілігі жететін алаштың адал ұлы болса... ертең отан алдында, тіпті тарих алдында...

Сидоров. ...Одан артық кім бар.

Тоқтамышев. Алаштың ондай азаматы, өздеріңізге маңлұм Мұсабек ұлы мына Фазылжан мырзаны Сергиопольге екінші рет жіберу керек дер едім. Алаш үшін жаны пида.

Фазылжан. Алаш үшін өлсем – шайт, өлтірсем – қазымын! Құлдық тақсыр!

Басын иеді.

Виноградов. Ондай қаһарман болса, хвала и честь. Бұл жолы /Фазылжанға/ Семейден қашқан большевик боласыз. Киргизше киініңіз. Документтеріңіз дайын болады.

Сидоров. Ал, Фазылжан мырза, енді осы сапарда да ерекше тапсырманы орындамасаңыз...

Тоқтамышев. Сеніңіз, господин Сидоров.

Фазылжан. Сеніміңізді ақтауға Алаштың ақ туымен ант етем!

Сидоров. Сізге ақыл беретін капитан Виноградов пен Хамит Тоқтамышев. Бүгіннен қалмай аттаныңыз!

Тоқтамышев. Бүгін сәрсенбінің сәтті күні. Кәшшәф қәзіреттен бата ал да, аттан.

Фазылжан. Алдияр, тақсырлар.

Виноградов. Тез киініп келе қойыңыз. Ешбір жан сезбесін. Бәрін даярлап қоямыз.

Фазылжан. Рұқсат етіңіз.

Кетеді.


Тоқтамышев. Госпада, Алаш комитетінің мынадай талабы бар.

Сидоров. Қамқорлыққа даярмыз. Айтыңыз.

Тоқтамышев. Алаш партиясы 1917 жылы, 29 июньдегі мәжілісінде өзінің ордасы орнаған Заречная слабодканы – Алаш қаласы деп аталуын ұйғарған еді.

Сидоров. Болсын, болсын, өте дұрыс шешім.

Тоқтамышев. Біздің газетіміз «Сары Арқа» қайтадан шыға бастады.

Сидоров. Поздравляем!

Тоқтамышев. /Сидоровқа қағаз ұсынады/. Алаш орданың сіздерден тілек-талабы мынау. Бәрі де жазылған

Сидоров. /қағазды алып/. Өз адамдарымыз, үйлесе береміз ғой.

Адъютант кіреді.

Адъютант. /Сидоровқа/. Сіздің бұйрығыңыз бойынша паромшы, қайықшы киргиз келіп тұр. Олжабай чтоли.

Сидоров. Кіріңіз!

Адъютант кетеді.

Тоқтамышев. Оны неге шақырттыңыз?

Сидоров. Донос бар. Сол сукин сындардың большевиктермен байланысы бар дейді.

Тоқтамышев. Семейдің паромшы, қайықшы, грузчик жұмысшы, жатақ жалаңаяқтары түгелдей большевикке ниеттес. /Ойланып/. Ал, кәзір әскер аттанып кеткенше оларды алдай тұру керек. Ертістен өтетін переправаның кілті солардың қолында. Олар құмырсқадай ұйымшыл қулар. Кейін жайғастыру керек деген мәслихат берер едім.

Виноградов. Өте орынды мәслихат.

Сидоров. А... ол да дұрыс.

Тоқтамышев. Сүйтіңіз. Мен бара тұрайын.

Екінші бөлмеге кетеді. Олжабай кіреді.

Олжабай. Ал, тақсыр төре, шақырған екенсіз, келдік.

Сидоров. Сіз кім боласыз?

Олжабай. Кімді шақыртып едіңіз?

Виноградов. /өз-өзіне/. Қисығын қарашы қара табанның...

Сидоров. /Олжабайға/. Олжабай паромшыны.

Олжабай. Сол Олжабайың мен ендеше.

Сидоров. Жақсы, жақсы... Біз Семей киргиздарын большевиктерден азат еттік. Сол киргиздің бірі –сізсіз.

Олжабай. Әрине сүйттіңіздер. Бай-байбәтшалар қуанысып жүр әйтеуір... Біз кедей-кепшік, еңбекші жұртпыз ғой. Азат-мазатты қайдан білейік.

Виноградов. Біз киргиздар-мұсылмандар деп қараймыз... Ұлты, діні біртұтас ел емес пе киргиздер.

Олжабай. Ол жағдай бір ғой, байлардың ниеті басқа, кедейлердің беті басқа болат та... Сіздер де ұлтыңыз, дініңіз бір елсіздер, осы неге қырық пышақ болып қырылысып жатырсыздар деймін-ау... түсінбеймін.

Сидоров. Оны кейін түсінесіз. Мәселе мынау. Біздің әскер Алаш қаласына өтті. Түскі намаздан кейін барлық пором, қайықтар осы жақта болсын!

Олжабай. Болса болып қалар.

Сидоров. Бұйрық точно орындалсын. Басыңмен жауап бересің!

Виноградов қағаз жазып жатады.

Олжабай. Басы-қолымызбен жауап беруге даярмыз, тақсыр еке.

Виноградов. /Олжабайға/. Олай болса мына қағазға қол қой.

Олжабай. О неге?

Виноградов. Қашан әскер ар жаққа өтіп болғанша, өзің Ертістің осы жақ жағасында боласың.

Олжабай. Қол қою білмеймін ғой.

Сидоров. Бармағыңды бас.

Олжабай. Басайын.

Бармағын басады.

Виноградов. Тағы да ескертемін. Қашан әскер аржаққа өтіп болғанша - өзің Ертістің осы жақ жағасында боласың. Бара бер.

Олжабай кетеді. Тоқтамышев шығады.

Тоқтамышев. Көрдіңіз бе, большевиктерді азғыруына еретіндердің түрін.

Сидоров. Бұлардан достық шықпайды. Топас надандар.

Тоқтамышев. Госпада, Алаш отряды Никольский алаңында тұр. Сіздерге бой көрсету үшін Алаш қаласынан әдейі келді.

Виноградов. Өте жақсы. Құрмет көрсетейік госпада, қарулас, қаһарман достарымызға. Киргиз қырандарына.

Сидоров. Штабтың алдынан өтсін онда.

Виноградов шығып, қайта кіреді.

Виноградов /Тоқтамышевқа/. Сіздің Адъютантыңыз кетті.

Тоқтамышев. Рахмет!

Ғинаш, Кирилл кіреді.

Ғинаш. Сәлем Хамит Тоқтамышевқа, оң сапар!

Тоқтамышев. Бірге болсын, Ғинаш мырза!

Кирилл, Ғинаштар амандасып жатады.

Виноградов. Балконға келіңіздер госпада.

Барып балкон есігін ашады. Көшеде дабыры естіліп тұрады. Алыстан шеркеу қоңырауының үні келеді. Атты отрядтың дүбірі біртіндеп естіліп, күшейе түседі. Бәрі балконға барады. Атты отряд өтіп жатады. Балкон терезесінен ақ тулар көрінеді. Балкондағылар «Жасасын, киргиздің адал ұлдары», «Жасасын Ресей, Сибирь құрылтай жиылысы» деген ұрандар тастайды. Тоқтамышев: «Алаш азаматтары, Алға» деп айғай салады. Көшеден өтіп бара жатқандар да «Алға, алға!» деп шулайды.

Телефон соғылады. Сидоров телефонға келеді.

Сидоров. Полковник Якушин. Бізде бәрі де дайын... ия, ия. Өкімет уәкілі господин Давыдовтың талабы – жексенбіде аттану ... жақсы, жақсы.

Трубканы іледі.

Аттанатын болдыңыздар, госпада!

Ш ы м ы л д ы қ.



БЕСІНШІ КАРТИНА



Семей қаласы. Ертіс өзенінің жағасы. Өзеннің үлкен қала жақтағы паром, қайық тоқтайтын жиегі. Қала бейнесі айқын көрінеді. Әсіресе, Воскресенский алаңы, қазақ орыс шеркеуі ерекше көзге түседі. Ертістің арғы бетіндегі «Заречная слабодка» қаласы да аулағырақтан айқын көрінеді. Перде ашылғанда шіркеу қоңырауының үні, алыстан ақтың әскерлерінің өлең айтқан дауысы естіледі. Қайықшы киімін киген Шалтай котельге шай қайнатып отыр. Жағада төңкерілген ескі қайықтың үстінде трубкамен шылым тартып, балық салған болып партизан отырады. Әрлі - берлі өтіп ақтардың сақшы солдаты жүреді.

Шалтай. /от жағып отырып ыңырсып ән салады/

Ертістің ар жағынан көрдім сені,

Сырғаңды қайық қылып өткіз мені.

Сырғыңды қайық қылып өткізбесең,

Болсаң да хордың қызы алам сені.

/Сақшы аулағырақ кеткенде балық салып отырған партизанмен сөйлеседі/.

Е... тамыр, қалай балық тарта ма?

Партизан. /артына қарап/. Тартады. Шортан іліне ме деп отырмын.

Шалтай. Темекі бар. Махорка, ә?

Партизан. Кел тарт.

Шалтай. Ой рахмет.

Қасына барып шылым орайды.

Партизан. Олжабай қалай кешікті?

Шалтай. Тез оралам деген. Аналармен шатасып қалмаса.

Партизан. Олжабай олармен қалай сөйлесуді біледі. Сендерге баратын «қонақтарды» байқадың ғой. Артиллериясы, автомобиль отряды бар.

Шалтай. Иә... қонақ мол.

Солдат келе жатады.

Шалтай. Махоркаң ашты, крепкий махорка. Е... жақсы болды.

От басына кетеді. Солдат та бұларға қарап өтіп кетеді. Шалтай әндетіп от жаға береді. Қолында дорбасы бар Олжабай келеді.

Олжеке келдіңіз бе?

Олжабай. Атаңа нағлеттің арағын әрең таптым. /Солдат жаққа иегін көтеріп/ Ананың атасының асы ғой... Сабыржанға айт Нұржанның Ерғалиін ана атаңа нәлеттер жауып тастапты. Тірі құтылар ма екен байғұс... Азамат еді. /Пакетті беріп/. Иә, өрте мынауыңды. Пәле болды.

Шалтай алып отқа тастайды.

Шалтай. Қалада не боп жатыр, Олжеке?

Олжабай. Не болсын. Шеркеуін даңғырлатып, сырнайлатып-кернейлетіп жатқан жоқ па. Аржаққа өтпек қой бүгін. Олжабай аман болса өткізер атаңа нәлеттерді. /партизанға айғайлап/ Әй, балықшы, бері кел. Балық бар, ә.

Партизан. Бар, бар.

Олжабай. Әкел бері. Мен саған арақ, самогон берейін. Құй Шалтай!

Партизан. Ой рахмет!

Партизан келеді. Қастарынан солдат өтіп бара жатады.

Олжабай. Ей, солдатушка, кел /арақ құйып/. Мынаны жұтып жібер.

Солдат. Нет, нет... мен постыда.

Олжабай. Қай атаңа нәлет жау келіп тұр. Іш! Біз тамыр, друзия. Давай іш!

Солдат. Начальниктер білсе жаман.

Бәрі «Іш, іш» десіп жатады.

Олжабай. Начальник-машальник, не ол. Біз свой. Іше бер. /Солдат арақта қағып салып, рахмет айтып жүріп кетеді/.

Ал, Ермалай Метрш, ақтар шіркеуге жиналып, алласына сиынып жатыр. Намаздан соң арғы бетке өтеміз дейді ғой, атаңа нәлеттер. Менен бірдеңе білгілері келді-ау деймін. Бірақ, ашып айтпады. Тегі бізге сенбейді.

Партизан. Олар халыққа сенбейді. Еңбек елінен есі кетіп қорқады. Большевиктерді құртпақ. Халықты басшысыз қалдырмақ. Халықтың қанын судай төгіп, революцияны тұншықтырмақ. Әскердің күшімен, найзаның ұшымен үстемдік құрмақ. Жоқ. Ол болмайды. Халық ешқашан құрымақ емес. Ендеше большевиктерді де құрыта алмайды. Жаудың күні санаулы. Бұлар кәзір күзгі күнгі қалың қара шыбын сияқты, өлер алдында аянбай шағады.

Олжабай. Бұл жауыздардың ендігі бет алысы қай жақ өзі?

Партизан. Жетісуды басып алып, Ташкентке тартпақ. Ондағы Түркістан Совет өкіметін құлатып, Мәскеуге аттанбақ. /Шалтайға/ Ашынған жау жаралы қабандай ызалы. Енді бар күшін жиып, Аякөздегі советке, сендерге салмақ.

Олжабай. Сабыржан да соны сезіп, Шалтайды бізге жіберіп отыр ғой.

Шалтай. Комиссар әдейі сіздерге жіберді.

Партизан. Біздің жасырын большевиктер ұйымы жауға қарсы жан-жақты шабуылға шығуды ұйғарды. Жетісуда жаудың желкесін қию. Ұран сол, достар.

Олжабай. Біздің жігіттердің де алақаны қышып, «аттан» қай күні шығады деп, құлақ түріп, сақадай сай отыр.

Партизан. Олжеке, революцияның дұшпандары бірін-бірі ұлып тапқан қасқырдай, Семейге топталып отыр. Айла-тәсіл керек. Босқа арандауға болмайды. Сабыржан Ғаббасовқа сәлем. Аз уақытқа болса да ақтың әскерлерінің Ертістен өтуін шама келгенше бөгейміз. Заречная слабодка байланысын үземіз. Аржақтағы алаш орда отрядын талқандаймыз.

Шалтай. Біздің комиссардың тілегі де сол ғой.

Олжабай. Қысқасы жау Семейден сыбағасын алып кететін болады ғой, аман жібермейміз енді атаңа нәлеттерді.

Партизан. Сибирь партизандары Семейді ақтардан азат етуге аттанғалы отыр.

Олжабай. Шалтай, сен осының бәрін ұғып ал, айта бар Сабыржанға.

Шалтай. Құлаққа құйып жатыр ғой, Олжеке. Бәрін де жеткіземін. Сабыржан сеніп жіберген ініңіз аты Шалтай болғанымен өзі шалтай-балтайдың жігіті емес екенін өзіңіз де білесіз ғой енді, Олжеке!

Олжабай. Әй өзіме тартқан ожарым-ай!

Партизан. Енді қан майдан ұрыстың басы Аякөзден басталады. Ал, Олжеке, уақыт тар. Бүгінгі ісіміздің сәтті болуын ойлайық.

Олжабай. Алдымен Ертістің аржағына өткізбеу керек дедік қой... Бұл сұмдардан да арам айла құтылған ба...

Партизан. Ия?

Олжабай. Бізден аманатқа адам ұстап отырған жоқ па.

Партизан. Адам ұстап дейсіз бе, Олжеке.

Олжабай. Мені шақырып алып, ана штабы ма еді, не еді иттердің...

Партизан. Сонан соң?

Олжабай. Қашан әскер аман-есен арғы бетке өтіп болғанша, өзің осы жақта боласың деп қолымнан пәдпеске алды емес пе. Өзіміздің ақылдасқан іске кесел келмесін. Түйенің үлкен өткелі таяқ жейді ғой. Атаңа нәлеттердің көзін алдап, түйедей боп мен-ақ қалайын қолдарында. Әйтеуір маған мініп Ертістің аржағына өте алмайтыны хақ қой. Сендер түгел аржаққа өтіп кетіңдер. Тек ойлаған ісіміз сәтті болсын.

Шалтай. Ойбай-ау, Олжабай ағау, о не дегеніңіз.

Партизан. Ондай ерлікті қоя тұрыңыз, Олжеке.

Олжабай. Ой, ерлігім емес, шыным сол. Игілікті істі бүлдіріп алмайық деймін. Әйтпесе өзіне өлім тілеп, жанынан безе алмай жүрген Олжабай жоқ. /солдатты нұсқап/ Ананы кескегін ұстатып неге қойды дейсің.

Шалтай. Олжекеңді жау қолына беріп кеттік деп мен не бетіммен Сабыржанға көрінем. Қойыңыз, Олжеке.

Партизан. Аңдытып қойған кескектіні Олжекеңнің жолына құрбандыққа шаламыз – шешім сол.

Олжабай. Қасаптап кетейік дейсің ғой

Партизан. Әрине.

Олжабай. Қасаптаудан Олжабай қашпайды-ау... тек бүлдіріп алмайық.

Асығыс Фазылжан келе жатады. Қазақша киінген. Оны күзетші солдат тоқтатады. Фазылжан солдатқа документ көрсетеді. Солдат честь беріп қала береді.

Партизан. Міне біреуі кім?

Олжабай. Ойбай-ау Алаштың атаңа нәлеті ғой...

Фазылжан келеді.

Фазылжан. Ассалаумағалейкум, Олжеке.

Олжабай. Өзің немене Фазылжан мырза-ау. Төре пормоңды өзгертіп, ауыл мырзасына ұқсап кетіпсің мүлде.

Фазылжан. Олжеке, алыс сапарға бара жатырмын, Олжеке. Қимылдаңыз. Міне, ұйқылығым.

Қалтасынан ақша әпереді.

Партизан. Асығыс жолаушының жолын бөгемеңіз, қайықшы.

Олжабай. /ағайлап/. Әй, Айдарбек, мына мырзаны арғы бетке өткізіп тасташы. /Бір қайықшы келеді/. Ал, мырза отыра бер қайыққа. /Қайықшыға/ Мына атаңа нәлетті өткіз де өзің сол жақта бол. Барлық қайықтың күректерін, көрмелерін жинап тығып тастаңдар.

Бірінші қайықшы мақұл. Мақұл.

Партизан. Беретін белгіні айтыңыз.

Олжабай. Біз сырнайлатып, әндетіп жағадан жөнелгенде жол болды дей беріңдер.

Партизан. Ұрысқа әзір тұрыңдар.

І-қайықшы. Менің іздегенім бата оқыр ғой. Мақұл.

Кетеді. Қайықшы Фазылжанды алып жөнеледі.

Партизан. /Шалтайға/. Дәуде болса сенің Аякөзіңе бара жатқан жансыз.

Шалтай. Бәсе.

Олжабай. Нағыз атаңа нәлеттің өзі. Қасаптап тастау керек еді өзін.

Партизан. Үлкен істі бүлдіріп аламыз деген сол болады. Болмайды, Олжеке. Сабыр керек. Шалтай сен әлгіні ұмытпа. Танып ал.

Шалтай. Әкесінің терісін қаптап кисе де танимын енді.

Партизан. Ал, Олжеке шақыр жігіттерді. /Қарауылдағы солдатты нұсқап/ Ананы жайғастырайық та жөнелейік.

Олжабай. Әй, Аманжол, Қарабала, келіңдер сырнайларыңмен. Көңіл көтерейік. Келіңдер бері!

Екінші, үшінші қайықшы келеді. Біреуінің қолында гармонь бар.

Шалтай. Отырыңдар, жігіттер.

Гармонь тартылады. Арақ құйысып жатады.

Партизан. Олжеке, шақырыңыз.

Олжабай. Әй, солдатушка, кел тамыр!

Партизан. Ал, жігіттер, мылтық дауысы шықпасын. Жым-жырт жайлаңдар.

ІІ – қайықшы. Тұяқ серіпкізсем тұқымым құрысын.!

ІІІ – қайықшы - Маған қоя бер. Ененді ұрайынның кеңірдегінен қысып, горласын суырып алайын.

Солдат келіп қолына арақ ала бергенде, тасырлатып шауып келе жатқан аттың дүбірі естіледі. Партизан жігіттерге «тиме» деген ишарат білдіреді. Солдат тұра жөнеледі.

Партизан. Шортаны келе жатыр. Жанжал үлкенге кетті.

Олжабай. Атаңа нәлеттердің аузын ашырмаңдар.

Офицер келеді. Солдат честь беріп тыныштық екенін айтып жатады. Офицер қайықшыларға келеді.

Офицер. Бұл не сауық?

Олжабай. Тақсыр, сіздердің құрметтеріңізге, деп аздап ішіп жатырмыз, өзіңіз білетін арақ қой.

Офицер. Паромдар, қайықтар дайын ба?

Олжабай. Дайын тақсыр.

Офицер. Қане, қайда?

Олжабай. Арғы бетте.

Офицер. Қазір әскер өту керек. Сен арғы бетте бейсің. Подполковник Тоқтамышевқа бұйрық берілгені қайда.

Олжабай. Подполковник пе, шорт полковник пе, ол да аржақта шығар.

Офицер. Не дейді мына калбит!

Олжабай. Тақсыр тіліңізді тартыңыз, қайықшының мінезі жаман атаңа нәлетті... шатақ болар.

Офицер. Тоқтат!

Партизан. Ақырмаңыз, ақ офицер!

Офицер. Сен қай сволочсың? /солдатты шақырып/ Тінт мына мужикті!

Партизан. Тінтсін, тінтсін.

Солдат партизанды тінтіп жатады. Партизан екі қолын жоғары көтеріп тұрып, солдатты қаисыра құшақтап алып ұрады. Олжабай офицердің басына дожпезигін жаба салады. Екінші, үшінші қайықшы офицерге қона түседі. Офицердің, солдаттың қолын байлайды.

Олжабай. Тартыңдар, жігіттер қайықты!

Офицер мен солдатты қайыққа салып алып, есіп жөнеледі. Ақау Семей, тіл мен көмей... деп ән салып, гармондатып ұзап бара жатады. Сахна аз бос. Жағаға музыкалатып келе жатқан әскерлер, автомобиль дүрілі. Жүгіріп бір офицер шығады.

Офицер. Ей, паромщиктер! /айнала қарап/ Жер жұтқан ба бұл иттерді. /дүрбімен арғы бетті қарайды./ бар паром арғы бетте тұр. /Жан-жағына қарап/. Бұл жақта бір де қайық жоқ. Құрыдым мен!

Әскердің алды жағаға жақындап келіп қалғаны байқалады. Бронемашинаның алдыңғы жағы көрінеді. Машинадан Виноградов түсіп жүгіріп шығады. Оған офицер келіп:

Офицер. Господин, капитан, бір де бір паром, бірде бір қайық жоқ.

Виноградов. Сукин сын, сен кінәлі. Масқара! /Осы кезде арғы жағадан мылтық, пулемет дауысы естіледі. Сахнаға қолында кірес епископ, Ғинаш, Кирилл, Сидоров шығады/. Мә саған!

Виноградов офицерді атып өлтіреді. Епископ шоқынады.

Виноградов. Госпада, тағы большевиктер... Не сұмдық... Масқара!

Барлығы аңырап тұрып қалады.

Ш ы м ы л д ы қ.




ҮШІНШІ АКТ




Алтыншы картина



Қорғанысқа әзірленген Сергиополь қаласы. Шіркеудің алдындағы алаң. Шіркеу мұнарасы ұрысты бақылап, басқаратын орын, онда пулемет орнатылған. Көшелерде жауға қарсы оқ ататын бекіністер. Аулақта Битен тауы көрінеді. Ол тауға зеңбірек орналастырылған. Қала сыртында зират, қазылған окоптар, Аякөз өзенінің өлкесі байқалады.

Перде ашылғанда қатты ұрыс болып жатқан кез. Әсіресе, жауға тойтарыс беріп, беттетпей тұрған шіркеу мұнарасындағы пулемет.

Сахнаның бір жағынан аса сақтықпен жан - жағына қарай - қарай Фазылжан шығады. Ол шіркеу мұнарасын бағуда және Сабыржанды аңдуда.

Фазылжан. Алаштың ақ қаны төгіліп жатыр. Ғаббасов жеңіп барады. Семейден көмек келмей жатыр. Жоқ! Екінің бірі /Шіркеу мұнарасына қарап/ Өзі де келе жатыр. Өлтірсем қазымын, өлсем шайытпын. Қолда Алаштың аруағы! /Пулемет оқтарын көтеріп, асығыс Мұқаметша келе жатады/. Қапысы келді ме деп ем. Қап!

Фазылжан тасалана қалады. Шіркеу мұнарасынан Сабыржан түседі.

Мұқаметша. Сабыржан қарағым, пулеметтің екі-ақ жәшік оғы қалды.

Сабыржан. Екі - ақ жәшік... Оқ аз. Жау жараланды. Бірақ, жеңілген жоқ.

Жетекеев келеді.

Жетекеев. Ақтардың алғашқы екпіні бәсеңдеді. Зираттан әрі өтті. Шегініп барып, шеп құрып жатыр.

Сабыржан. Жау енді аңдысу тәсіліне көшті. Оларға уақыт ұту керек. Негізгі күші, ауыр қолы – артиллериясы артта. Соны күтеді. Ал, бізге уақыт қымбат. Көп ойлансақ ұтылдық. Қолма - қол жедел, тұтқиыл шабуылға шығу қажет. /Мұқаметшаға/ Сіз пулеметтің қалған барлық оғын осы араға тез жеткізіңіз. Біздің қазіргі шабуылдың тағдыры, әсіресе, осы шіркеу мұнарасындағы пулеметке байланысты. Ал, өзіңіз пулеметчиктің жанынан бір қадам да кетпеңіз!

Жетекеев. Пулеметчикті жалғыз қалдыруға болмайды.

Сабыржан. Пулеметчикке бұйрық берілді. Біз шабуыл бастап, жау көтерілген кезде-ақ оқ жаңбырдай жаусын. Жатқан жауға оқ шығармаңдар.

Мұқаметша. Түсінікті.

Сабыржан. Шабуыл басталарда шартты белгі беріледі. Тездетіңіз!

Мұқаметша. Мақұл!

Кетеді.


Жетекеев. Біздің барлаушыларымыздың хабарына қарағанда, жау автомобиль отряды Алтын қолат бекетіне келген.

Сабыржан. Ендеше олар кідірмейді. Осында жетеді. Солдаттардың қолдарындағы гранаталар тек қана жаудың автомобиль отрядына қарсы жұмсалсын. Әрбір командир бұл бұйрықты бұлжытпай орындайтын болсын.

Самат келеді.

Самат. /Сабыржанға телеграмма береді/ Телеграмма. Алматыдан.

Сабыржан. /оқып/. Ғаббасовқа және... Ивановқа...

Жетекеев /таңырқап/. Ивановқа дейді?

Сабыржан /Жетекеевке/. Жаз! /Жетекеев жазып жатады/ ...Сіздер Ивановты командир етіп, көмекке жіберген мың жарым жауынгердің Сергиопольға төрт-ақ жүзі келді. Иванов өзі қаланы қорғау ұрысынан бас тартып, қашып кетті. Оның орнында қалған Зенин ұрыста қаһармандық көрсетіп, қаза тапты. Қала әлі қолымызда. Жағдайымыз ауыр. Қосымша хабар күтіңіз. /Жазылған телеграмманы Жетекеевтен алып, ішінен тез оқып шығып, Саматқа береді/ Мә тез бер. Өзің аппараттан ешқайда кетпе!

Самат. Білем, Сабыржан аға.

Самат кетеді. Асығыс Фазылжан келеді.

Фазылжан. Жолдас комиссар, Волковтың отряды мұсылман зиратына бекінген ақтарды айдап шықты. Бір пулемет олжа бар. Ақтың бір офицері жараланып, қолға түсті. Волков... өзі де ауыр жараланды. Есін білмейді.

Жетекеев. Волков ауыр жараланды. Ол жаңа ғана аман еді ғой.

Фазылжан. Ия, ия... жараланып қалды.

Сабыржан. /Жетекеевке/. Волковтың орнына дереу сенімді адам тағайындау керек.

Жетекеев. /ойланып/. Кімді тағайындасам екен?

Сабыржан. Калмаков тағайындалсын. Ол сенімді адам.

Жетекеев. Дұрыс, жолдас комиссар. /Фазылжанға/ Бара беріңіз. Мен де қазір барам.

Фазылжан кетеді. Асығыс Әлімқан келеді.

Әлімқан. Аякөз өзенінің арғы бетіне ақтардың атты әскері келіп қалды.

Сабыржан /Жетекеевке/. Ақтардың атты әскеріне қарсы Үржардан келген Апрошкин жауынгерлері, оларға елу жігітімен Ахметжан қосылып, тұтқиыл шабуыл жасасын. Ақтың атты әскерін Сергиопольге жеткізбей қарсы ұрыс бастау шарт!

Жетекеев. Бәрі де түсінікті, жолдас комиссар.

Сабыржан. Орындарыңа, жолдастар! Қасық қан қалғанша тырысамыз. Бар күшпен соңғы шабуылға шығамыз. Қорқақтар, үрей туғызушылар болса – табанда атылсын! Шабуылға шығу белгісі керней дауысы болады. Табысатын орнымыз осы жер. Жолдарың болсын!

Фазылжан. Бұлардан арамдық артылған ба. Тағы айласын асырып кетті Ғаббасов. Өлсе де өз басының құнын он есе етіп өлетін болды. /Сырттан керней дауысы естіледі. Шабуыл басталады. Шіркеу мұнарасындағы пулемет оқ жаудыра бастайды. Фазылжан шіркеу мұнарасын нұсқап, өз-өзіне/ Мына пулеметтің үнін өшірмесең – аруақ атсын сені, Фазылжан! Өзің жәрдемші бол, жаппар ием. Абырой, атаққа жеткізе гөр, аллатағалам!

Фазылжан наганын қолына алып, шіркеу мұнарасына шығып кетеді. Аздан соң пулеметчикті атқан Фазылжанның мылтығының дауысы естіледі. Пулемет үні өшеді. Пулемет оқтары салынған жәшікті көтеріп, асығыс Мұқаметша шығады.

Мұқаметша. Ойпырай, оғы таусылды - ау... пулемет дауысы шықпай қалды ғой... /Мұқаметша жүгіріп шеркеуге кіріп кетеді. Аздан соң жағасынан сүйреп Фазылжанды алып шығады/ Ә, арамза! /Фазылжан жұлқынып Мұқаметшаны қолынан шығып кетіп, оған мылтық көздейді/. О, жауыз! /Мұқаметша да наганын кабурынан алуға бейімделгенде, Фазылжан атып жібереді. Мұқаметша қолынан жараланады. Осы кезде анадайдан жүгіріп келе жатқан Шалтайды көріп, Фазылжан қаша жөнеледі/. Кетті-ау заялым... Қайдасыңдар...

Шалтай шығады.

Шалтай. Кешіктім-ау... Тірімісің, Мұқа.

Мұқаметша. Тірімін... Құтқарма жауызды, Шалтай!

Шалтай /қашып бара жатқан Фазылжанды қуа жөнеледі/. Ә... Фазылжан мырза!

Жетекеев шығады.

Жетекеев. Пулемет... пулемет неге тоқтады.

Мұқаметша. Өлтіріп кетті... әлгі жауыз Кенжеқара... өтірік большевик, жансыз. Хабарла Сабыржанға... Шалтай қуып кетті әлгі итті.

Жетекеев. Оқ бар ма пулеметте?

Мұқаметша. Әлі бір жәшік оқ бар...

Жетекеев жүгіріп шіркеу мұнарасына кетеді. Жүгіріп Әлімқан шығады.

Әлімхан. Ойпырмау, не сұмдық! Зеңбірек неге атылмай қалды. Не болды!

Мұқаметша. Құртып кетті...

Әлімқан. Не дейді, кім, кім?

Шіркеу мұнарасынан Жетекеев түседі.

Жетекеев. Пулеметті де істен шығарған

Фазылжанды алдына салып айдап Шалтай келеді.

Әлімқан. Ә... Арамзаның құйрығы бірақ тұтам. О, қарабет!

Жетекеев. /Фазылжанға мылтығын көздеп/. Тап пулеметтің замогін!

Фазылжан. Көргем жоқ.

Жетекеев. Сволочь!

Мұқаметша. О, жауыз, Кенжеқара, қан ішер!

Шалтай. Қайдағы Кенжеқара. Алаштың офицері, Фазылжан. Біздің ішімізге жіберілген жансыз!

Жетекеев /Фазылжанға/. Табасың ба, жоқ па!

Фазылжан. Білмеймін.

Жетекеев. /кекеп/. Білмейсің бе... Мә саған!

Жетекеев Фазылжанды атып тастайды.

Шалтай. Жат сонымен.

Жетекеев. Шалтай, Волковтың отрядында жау қолынан түскен пулемет бар. Тез алып кел де, шіркеу мұнарасына орнат. Мұқаметшаны лазаретке ала кет!

Шалтай. Қазір орындаймын. /Мұқаметшаға/ Жүріңіз, Мұқа.

Шалтай, Мұқаметша кетеді.

Әлімқан. Асхат қарағым, енді жау жағы қарсы шабуылға шықты ғой. Зеңбірек, автомобильдері де жетті жауыздардың. Қала қан майданға айналайын деп тұр. Сабыржан мені саған жіберді. Жараланғандарды, қоймадағы қару-жарақтарды дайындалған көлікпен Қапал трактосына қарай аттандыра берсін, біз қалған күшімізбен жаудың алдын бөгей тұрамыз деді. Өзі алдыңғы шетте қалып қойды.

Жетекеев. Әлеке, ол жұмыстарға өзіңіз шұғыл кірісіңіз. Менің комиссарға көмекке жетуім қажет қазір.

Асығыс Шалтай келеді.

Шалтай. Комиссар жаудың қоршауында қалуға айналды. Пулеметтен қайыр жоқ. Ақтардың автомобиль отряды барар жолдың бәрін алып қойды...

Әлімқан. Алақандай Сергиопольге қара құрттай қаптауын қарашы қарақшылардың... Не істейміз, Асхат қарағым...

Жетекеев. Басқа амал қалған жоқ. Мен енді соңғы сақтаған отрядты ақырғы шабуылға шығарам. Әлеке, Шалтай, комиссардың өмірін сендерге тапсырдым. Сабыржанды майданнан аман алып шығу керек! Ал, мен кеттім.

Әлімқан. Ал, Шалтай, әр сыналар жер келді.

Шалтай. Нар тәуекел.

Бәрі де кетеді. Сахна аз бос. Сыртта ұрыс жүріп жатады. Аздан соң бір аяғынан жараланған Сабыржанды сүйемелдеп Әлімқан, Шалтай шығады.

Әлімқан. Сабыржан қарағым, аяғың атқа жүруге жарар ме екен?

Сабыржан. Аяқ ештеңе етпес... Асхат қайда екен?

Әлімқан. Ол ұрыста. Жау қолында сен қалма, сен тірі болсаң – біз тірі.

Сабыржан. Шалтай, сен тез Саматты шақыр. Мұқаметшаға айт. Қоймада қалған барлық қару-жарақты Қапал жолына тез жөнелтсін! Жараланғандар жау қолында қалмайтын болсын!

Шалтай. Қазір. Шалтай кетеді.

Әлімқан. /артынан айқайлап/. Шалтай, ат, ат даярлаттыр! Жетекеев келеді.

Жетекеев. Жолдас комиссар, Сабыржан, досым... бауырым... Өтінемін, жаралысың, тез кет қаладан. Бронемашиналар алдыңғы шептен өтіп кетті.

Сабыржан. Асхат, қаладан шығарыңдар! Бытырамаңдар! Әскерді сақта. Бұл жеңілу емес, шегіну! Қайта ораламыз! Түйісетін жеріміз – Қапал жолы...

Жетекеев. Түсіндім. Бәрін де орындаймын. Алаң болма. Тез аттан енді!

Самат келеді.

Самат. Мен келдім. Сабыржан аға.

Сабыржан телеграмма жазады.

Сабыржан. Мына телеграмманы қазір Алматыға бер де, телеграф аппаратын құрт! Өзің Асхатпен бірге бол. Қош!

Самат. Қош. Сабыржан аға! Самат кетеді. Шалтай келеді.

Шалтай. Ат дайын.

Әлімқан. Ал, Сабыржан, аттанайық қарағым.

Жетекеев. Әлеке, Шалтай екеуің комиссармен бірге болыңдар, арттарыңнан тағы солдат аттандырам. Көріскенше, қош болыңдар!

Әлімқан. Қош, Асхат!

Сабыржан. Асхат, сендім саған. Қош!

Сабыржан, Әлімқан, Шалтайлар кетеді. Сыртта атыс, автомобиль дүрілі күшейеді.

Жетекеев. Шыбын жан, қасық қан қалғанша ұрысу. Біз тегін өлмейміз. Алысып өлеміз.

Кетеді. Көше соғысы. Шегініп ұрыс салып, қаланы тастап бара жатқан қызыл партизандар. Оларды өкшелей келе жатқан ақтар. Автомобиль отряды байқалады. Ұрыс қала сыртына ауысады.

Айғыз бен Мәкіш шығады.

Айғыз. Жүр қарағым Мәкіш.

Мәкіш. Қайда барамыз, Айғыз апа?

Айғыз. Мына жауыздар бізді де аямайды... я құдай, азаматтарымды сақта!

Екеуі кете бергенде қарсы алдыларынан Кирилл шығады.

Кирилл. /Мәкішті кекеп/. Ә... комиссардың қатыны. /Айғызға/ Қалай қызыл партизан, бәйбіше!

Мәкіш. Екі жүзді... қара бет, қан ішер... Алдамшы азғын...

Айғыз. Анадан адам болып туғанша, қарашұбар жылан неге болмадың екен... О, азғын. Жолың болмай, жаудай солғыр, жауыз!

Кирилл. Тоқтат! Шәуілдемеңдер, большевиктердің бетбақтары.

Айғыз. Арсылдама қатын-балаға, ақтың қанды ауыз, адыра қалғыр, бұралқы иті!

Кирилл. /мылтығын алып/. Қайтеді мына жаман қатындар. Өшіріңдер үндеріңді!

Мәкіш. Иә, біз қатынбыз... Мен де ермін деп жүрсің-ау.

Айғыз. Ата ғой мені... әйел атқыш неме.

Кирилл /Мәкішке/. Ерлігіме көзіңді жеткізермін. Байың қайда. Қайда комиссарың?

Мәкіш. Сабыржан үйде, сені күтіп отыр!

Кирилл. Ә... солай ма! /Мәкішті сүйрелеп/ Жүр ендеше!

Мәкіш. Тарт, қанды қолыңды!

Айғыз. Қайтеді, мына адыра қалғыр.

Кирилл Мәкішті сүйрей жөнелгенде, Айғыз артынан келіп, Кириллді қырқасынан шалып алып ұрады. Кириллдің мылтығы қолынан ұшып түседі. Айғыз мылтықты алады. Кирилл атып тұрып, анадайға барып тұрады.

Кирилл. /Айғызға ақырып/. Таста мылтықты!

Мәкіш. /Айғыздың қасына келіп/ Айғыз апа...

Айғыз. Жау аяған жаралы. Мә саған!

Айғыз Кириллді атып жібереді. Кирилл құлайды. Айғыз, Мәкіш кете барады. Ақтардың солдатының ала-құла киімін киген Апошка шығады.

Апошка. Ал, Апошка, партың келді енді. Басып қал... /Өліп жатқан Кириллді көреді/ Қайран Керала, досым-ай! Қапылыста қатырып кеткен екен ғой, ұсындырып. /Анадай кетіп бара жатқан Айғыз бен Мәкішті байқап қалады/. Ана қатындар екен ғой. Тоқтаңдар, стой, стой! /Қуа жөнеледі. Мылтық атылады, Апошка кейін қашып, үрейленіп, сахнаға шығады/.

Апошка. Алла... Мүрдем кете жаздадым-ау... /Кенет ойланып қалып, айғайлап жібереді/. Аттан, аттан! Қарауыл, қарауыл! Керала! Айғыз, Айғыз!

Жүгіре жөнеледі.

Ш ы м ы л д ы қ.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет