Қазақстан республикасы мәдениет және ақпарат



бет12/14
Дата23.10.2016
өлшемі3,8 Mb.
#60
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   14

Шымылдық



ҮШІНШІ АКТ




Екінші картина



Толқынның үйі. Алғашқы пердедегідей. Перде ашылған да Күнікей далаға шығатын есіктен қарап сөйлеп жатады.

Күнікей. Аян, Аян. Алысқа ұзап кетпе. Осы үйдің маңайында ойна, айналайын. Қазір папаң келеді. /Есікті жабады/ Папаң десе елең ете түседі. Аумаған әкесінің мінезі. Бәрін де сезеді.

Ішкі бөлмеден Толқын шығады.

Толқын. Оны мұнда кім шақырды?

Күнікей. Шақырғаның не...

Толқын. Не дедің жаңа Аянға. Папаң келеді... Көзің әлі күнге дейін жетпеп пе еді? Дұшпаныңның қолында қол жаулық болып, бізді басқа теуіп отырған жоқ па...

Күнікей. Тепсе көтер. Кінә сенде, қызым.

Толқын. Өз басы бір сәрі. Кімнің, кімнің шырмауына түсіп жүр... Қашан саған Шәрбан дос еді. Көктен тілегенін жерден бергендей, мұқатты... Масқара, мазақ еттім деп отырған жоқ па... Сен кемпір оны білмейсің оны білмейсің де, анамын деп елдің бәріне де құшағыңды жаясың.

Күнікей. Шәрбан! Оның жазығы не?

Толқын. Жазығы күндеу. Өскенімді көре алмай алды-артынан ор қазады. Табалаушы дұшпаным...

Күнікей. /Сөзін бөліп/ Ақырын сөйлеші. Бұланжан асығыс бір жұмыстарын істеп жатыр. Бүгін жүремін дейді. Сенің қайғың оған да оңай тиіп жүр деймісің. Жә, ... анау дұшпан еді, мынау қас еді деп көрінгенге соқтықпа.

Кешірімді бол. Біреудің бағын біреу тартып ала алмайды. Шыныңды айтша. Болары болды, бояу сіңді деймісің. Жоқ, ашу алда, ақыл сонда, деп ақылыңа келемісің?

Толқын. Мен ақылыма келер ем. Дұшпаныма жығып берді...

Күнікей. Жығылатын жөнің бар. Жолдан тайдың жығылдың. Кімді кінәлайсың. /Зілдене/ Ауыр тиер, көтере алмас, кәрі анам ғой деп мені ойладың ба? Жаралы болып келген жалғыз бауырың Бұланды ойладың ба? Сен үшін басын туаға да, тасқа да ұрған Тоқтарды аяй білдің бе? Жоқ, құдайыңды ұмыттыңсен қыз. Мың асқанға бір тосқан, Өкінесің, қор боласың, адасқан қаздай жалғыз қаласың. Шет жағасын көрдім де, сездім де... Райыңнан қайт!

Толқын. Апа, маған жеткен жоқ па, неге қинайсың?!

Күнікей. Көлденеңнен еститініңді өзімнен есті. Көрмеймін көкірек көкке саулады.

Толқын. Кеш апа! Кеш!

Күнікей. Тәубаңа кел.

Толқын. Қорқамын апа сілеңнен. Басқа қарғаса да сен қарғамасаң екен.

Күнікей. Ел қарғысына ұшырағанша, өзім қарғайын.

Толқын. Жалынам, аяғыңа бас ием. Қарғамашы, апа! Тым болмаса сен аясаңшы! Құшақтап жылайды.

Күнікей. Көзден босқа жас ақпайды. Өкінгеннің де, өксігеннің де алды осы. Әлі де кеш емес. Ойлан, тәубаңа кел.

Толқын. Тәубаңа кел деймісің...

Күнікей. Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң...

Толқын. /Бірден шешіп айта алмай/ Ия... Жоқ... Ия жолдан тайып, өмірден адасып, тілек үзілген адам... қалай тәубасына келетін еді... Не деп мойындайтын еді... Ауыр апа, ауыр...

Сырттан қоңырау соғылады. Толқын өксіген күйінде ішкі бөлмеге кетеді. Күнікей есік ашады, даладан Күлтай, Тоқтар кіреді.

Тоқтар. Рұқсатпа? Күйлімісің апа?

Күнікей. Шүкір қалқам.

Тоқтар. Апа, мені жай шақырдың ба?

Күнікей. Неге жай болсын. Бәрі отыр. /Орындықты нұсқайды/

Күлтай. Толқын қайда апа?

Күнікей. Анда. /Күлтай Толқынның бөлмесіне кетеді/ Сені шақырғаным... Өскен ортаң ұшқан ұяң мен едім. Осы үйдің түтініне жас та болсаң бас болған, сен едің. Берекеңе әреке келіп араласқанда, үйірінен шошыған құландай безіп шыға келетін не жөнің бар еді? Көңілің қалып, жүрегің суыса да ұшқан ұяңды ұмытпа. Ат айналып қазығын табады. Өз жаққан отыңды өзің сөндіремісің?

Тоқтар. Рас апа, дұрыс айтасың, береке, абыройға шақырасың. Ол аналық міндетің... Түсінемін, сыйлаймын да. Бірақ көңілге шер болатын, мәңгі өшпейтін бетте дақ қалды-ау. Оны өшіру қолдан келер ме екен?

Күнікей. Мен аналық мейріммен, ақ сүтіммен жусам, сен азаматтық арыңмен ақылыңа жеңгізсең тарқамайтын шер, өшпейтін дақ бола ма.

Тоқтар. Оған енді мені қинамаңыз, қайда жүрсем де қорғаның болайын. Сізге мәңгі бақи ризамын. Ана деп ардақтау әлде болса да менің борышым.

Күнікей. Бір билігіңді берсең деп тілеп ем. Толқын тәубасына келсе... не дауың бар.

Тоқтар. Оған енді кеш.

Күнікей. Ойлан балам, ойлан.

Тоқтар. Мен ойланып болғанмын, апа.

Күнікей. Менің ақ ниетімнен арадағы әзәзілдің арбауы күшті болғаны ма?

Тоқтар. Арбауы... Бекер болар, апа.

Күнікей. Бекер емес. Шәрбанның шырмауына шырмалдым де, онан да. Ақылыңды тұман басып, көшеде сенделіп жүргеніңде бетіңді достыққа қарай түземей, теріске бұрған жанды әзәзіл демей не дейін... Айып Толқында болса, адасу сенде болды.

Тоқтар. Оған да мойындаймын, апа.

Күнікей. Мойындасаң сен де райыңнан қайт! Толқын, бері кел /бөлмеден Толқын, Күлтай екеуі келеді/ Екеуіңнің некеңді ақ сүтіммен қиып ем. Қосылуларың қандай қиын болса, айырылуларың одан да қиын.

Тым-тырыс.

Күлтай. /Үміттеніп/ Тоқтар аға, Толқын тәте, апам не деді. Ұзақ пауза. Екеуі де ойда отырып қалады. Бұл кезде есікті ашып, түсі салқын Рәш кіріп келеді. Тоқтар оған сексене қарайды.

Рәш. Рұқсатсыз кіргеніме кешіріңіздер! Бұрын да бір іздеп келіп ем. Төрт көздеріңіз түгел отыр екенсіңдер.

Толқан. /Қалтырап/ Сізге кім керек?

Тоқтар. Кім екенін сұрамайық... Білем бұл кісіні.

Рәш. Білсеңіз сіз білерсің. Білмейтіндеріңіз де бар... Менен сескенейін дедіңіз бе? Намысың болса сескенерсің...

Күнікей. Не деп тұрсың шырағым? Кімсің өзің?!

Рәш. Жоғалтқан бақытымды іздеп жүрген жанмын. /Толқынға тесіліп/ Анадан азып туған азғын. Құлынымның қыршынын қиған... өзегіме өрт салған сен... Не азапқа салдың мені... Өлген баламның қаны сенің мойнында. Неден өлді... неден өлді!... Мен қаңғырып қалмасам... Жарымнан айырып, жаныма жара салмасаң, мұндай халге жетер ме ем? /Талықсып/ Кешіңіз ана... кешіңіздер, бауыр-туысқандар... Неге келді деп сөкпеңдер, ызы-намыс, кеудемді кернеген шерімді төгейін деп келдім. Ана алдына жүгінейін деп келдім.

Талықсып отыра кетеді.

Тоқтар. Сүйей бер сорлыны, сүйей бер. /Күлтай екеуі сүйейді/ Талықсып кетті... Су әкелші.

Күлтай су әкеледі.

Күнікей. Жасаған, көрсетпегенің көп екен ғой. Не естідім. Шыққар көзім, не көрдің...

Күлтай. Тоқтар аға, Бұлан көрмесінші. Жүрегі қозғалады. Жүріңізші екеуіміз үйіне апарайық.

Рәш. /есін жинап, басын көтеріп/ А... бұл үйде де қаймығатын біреу бар ма еді. Жеткізіңдер мұнымды.

Күлтай. Сөйлетпеші аға, жүріңізші. Қасыретіне мен ортақ болайын.

Рәш. Ана аузынан неге естімедім бұл сөзді.

Күлтай. Менің сөзім анамның сөзі.

Рәш. /Рәш түре келіп, тесіле қарап/ Жаның қандай таза еді... Бір ауыз сөзің талған жүрегіме нәр берді. Адасып келген мен сорлыны тура жолға өзің бастап салып жібер. Сүйенішім, балапандарым, соларға тез жетейін. Қош бол, ана. Жамандыққа ұйғарма. Көрсін, білсін, куә болсын деп келді.

Күлтай Рәшті алып шығып кетеді.

Бұлан. /Бөлмесінен шығып/ Бұл не сұмдық тағы да.

Күнікей. Сұрама, сұрама. Бөлмеңе баршы, құлыным!

Бұлан. Тоқтар, сен мұнда ма едің?

Тоқтар. Ия, Бұлан осындамын.

Бұлан. Анау зарлап, боздап бара жатқан неткен жан? Ол неге күңіренеді?

Күнікей. Сен білетін іс емес, сұрамашы, Бұланжан.

Бұлан. Сендердің пәлелеріңнің шарпуына душар болған сорлы ма әлде...

Тоқтар. Ия, не пәлесі болса да тиген...

Бұлан. /Аңырап қалып, кенет/ Жаң шошитын сұмдық, сендерден болады деп кім күткен!... Араласпаспын деп ем... Бекер болды... Апа, мен қазір жүремін. Нәрселерімді дайындадың ба?

Екеуі ішкі бөлмеге кетеді.

Тоқтар. Бір үміт, бір қауып, тең тартыс ойда келіп ем. Толқын... Үміт сөнді. Күнә үстіне күнә жамалды. Енді маған кінә қоймассың....

Толқын. Ешкімге де кінә қоймаймын. Аз десең тағы нең бар айтып кет...

Тоқтар. Жоқ, мен саған түк те айтпаймын.

Толқын. Үй сенікі, мен кетейін.

Тоқтар. Жоқ, бәрен де қидым. Жүрегімнің жартысы сенде қалып барады. Саған қидым. Өгей деген ат жаман... Жалғыз - ақ тілегім – апамның бауырынан айырма... Ер бала ғой, ер жеткен соң табар... Қош!

Кете береді. Алдынан арқасында жол жабдығын салған қабы бар Шалдыбай кіреді.

Шалдыбай. Мен сені анау үйден барып таба алмай, осында ескі мекеніңе кетті деген соң іздеп келдім. Мен де жөнелтетін болдым. /Сыбырлап/ Әлгі үйде ме? Ә... Толқын, денің сау ма? Аман есенбісің. Әдейі сенімен қоштасайын деп келдім.

Тоқтар. Мұның не қайда?

Шалдыбай. Труд армияға. Семей жаққа. Шөп шабу, ағаш кесу дейме, немене. Вообщем, жалпы солай.

Тоқтар. Үй ішіңді қайттің?

Шалдыбай. Қалада осында, бірер жылға жетерлік азық - түлігі бар.

Тоқтар. Дегенмен қиын болған екен. Әйелің момын еді.

Шалдыбай. Бекер. Алған екем соны. Все же біздің әйел табылмас нық шегенің өзі ғой. Ал өздерің былай... Әлгі нетіп... общем жалпы татулыққа келдіңдер ме? Не керек осы бүйректен сирақ шығарып, бірінші тойларыңды өз қолымнан өткізіп ем. Екінші тойларыңа дәм жазбайын деді, общем.

Тоқтар. Сен енді бізге жарапазан айтуды қой, Шалдыбай.

Шалдыбай. Ә... апам қайда? /Үйден Бұлан, Күнікей шығады Шалдыбай сескеніп кетуге ыңғайланады/ Апа, қолыңнан дәм тата алмай кетіп барам. Қош болыңдар... Мына екі тентекті өзің бердеме ете жатарсың енді...

Күнікей. Байғұс-ау, қайда кеттің, тұра тұршы...

Шалдыбай. /Бұланнан қорқып/ Общем, міндетіміз ғой... Тоқтар, сен енді мұнда тұрсың, жүр шығарып сал мені.

Күнікей. Алыс жолға бара жатыр екенсің, дәм ауыз ти шырағым.

Шалдыбай. /Бұланнан шошынғандай/ Ә... Иә... Жоқ. Е, Бұланжан...

Бұлан. Отыр. Бос сөз неменеге керек.

Шалдыбай отырады, Күнікей дәм береді. Есік қағылады, Бұлан барып ашады.

Дауыс. Ермұратов Бұлан осында ма?

Бұлан. Ия, осында.

Дауыс. Телеграмма бар. Қол қойыңыз. /Бұлан қол қойып алады. Бұлан оқып/ Апа, сүйінші! Күлтай қайда?

Күнікей. О, не қалқам, кімнен екен?

Бұлан. Ер атағын алған, елге еңбегі сіңген қазақтың жауынгер батыр ұлынан. Дос сенімін ақтаған Күлтайдың сүйген жарынан /қуанып/ Бүгін, бүгін кешке... Қайғыны қуаныш жеңеді деген осы емес пе... /Күлтай кіреді/ Міне, Күлтай, көзде жоқта, көңілде берік сақтаған, айнымас досыңнан телеграмма... Бүгін келеді.

Күнікей. Жасаған, қуанышыңнан айыра көрме.

Күлтай. /Жүгіріп барып, қуанып Бұланды құшақтай алады/ Мені де сен сағына күтіп едің... Сеніміңді ақтадым. Тоқтар аға... Толқын тәте... /Екеуін барып құшақтайды/ Өмірге тұңғыш аттап басқан қадамым екеуіңнің араңа дәнекер бол ма деп едім. Болмады... Өкінішті сол ғана.

Тоқтар. Күлтай қалқам, мен де қуанамын...

Асығыс түбі өкініш,

Мақтан іздеп, қайға алма!

Мініңді ұрлап жасырып,

Майданға түспей бәйгі алма! - дейді ұлы ақын. Солай болды. Жол осы. Қош болыңдар!

Толқын. /Ұмтыла түсіп/ Тоқтар... Тоқтар...

Соңынан жүре түсіп, босағаға сүйеніп тұрып қалады, Тоқтар қайырылмайды.


Шымылдық

ПІКІР – ОТЗЫВ
Қайым Мұқамедхановтың «Майданнан майданға» деген

пьесасы туралы.
Қазақстандық көркем-өнер комитетінің жанындағы арнаулы Художественный Советтің март айы ішінде болған мәжілісінде Мұқамедқанов жолдастың осы пьесасы оқылып, сынға түскен болатын. Сонда, көпшіліктің қорытқан пікірі қысқаша айтқанда, пьесаның тәуір шығарма болып, шығуына жақын тұрған қасиеттері айқын екендігін айтқан. Жазушы сын, көмек ретінде, тағы да пьесасын толықтыра түсу ретінде, бірнеше кеңестер берілген еді.

Сол қатарда, пьесаның елеулі геройы Мақсоттың рөлі өндірісте, тартыс үстінде, молырақ көрсетілсін деген талап болған. Және, екінші қатарда болса да, елеулі салмағы бар Еркін сияқты кейбір геройлардың пьеса ішіндегі іс мақсаттары өткірлене, айқындай түссін делінген. Пьесаның басынан аяғына дейін созылатын, үй-ішілік, достық махаббат жайдары да, біраз дәлелденіп, әр тартыстары шыйрай, шымырлай түссін деген тілектер болған.

Содан бері қарай, Мұқаметқанов жолдас, айдан артық уақыт, үрдіс еңбек ету нәтижесінде пьесасын толықтырып, қайта жазып шықты. Жаңағы аталған Художественный Совет көздеп берген, айырықша шарт талаптардың барлығын да автор, осы соңғы түзеуі үстінде, түгелімен орындап шыққан деп білемін. Ең әуелгі вариантында да, маңызды қасиеті бар деп танылған шығарма, соңғы түзеулер арқылы, әсіресе, өсіп, толығып, көркемдене түскен.

Өзімнің пьеса турасындағы, осындайлық түсініктеріме сүйеніп, мен Қазақстан Көркем-өнер Комитетіне бұл пьесаны қабылдап алуды ұсынар едім. Ендігі қосымша азын-аулақ жұмысы болса, оны Академия Драмалық Театрына пьесаны қабылдап, өткізіп отырып, автор мен режиссер екеуі бірігіп істейтін жағдай жасалу керек деп білем.


Мұхтар Әуезов

Қайым Мұхамедханов жолдастың «Дауылдан соң»

/Майданнан майданға/ деген пьесасы туралы.
Ақын жазушыларымыздың алдына бүгінгі тақырып деп жалпылап қойылатын тілектердің ішінде Ұлы Отан соғысынан кейінгі дәуір ерекше орын алады. Бұл соғыс зардабынан еріксіз үзіліп, қазір қайта жалғанған еңбегі, я болмаса, өрістей беруі, соғыс кедергісіне ұшырап, қазір қайта үдей жөнелген социалистік құрылыс жайы Қаюмның «Дауылдан соң» /«Майданнан майданға»/ деп аталатын пьесасы осы тақырыпқа жазылған.

Қаюм алған тақырыбын негізгі жақтарынан түгел қамти алған.

Бір жағында соғыс зардабынан еріксіз доғарылған Мақсут аграномның ғылымдық еңбегі қайта жалғанып, аяқталғанын көреміз. Жазушы Еркін соғыс кезінде доғарылған творчестволық еңбегіне бұрын болмаған қызулықпен кірісіп, онда үлкен нәтижелермен аяқтап шығады.

Екінші жағынан, автор, социализм елінде соғыс кезінде де сауса-сандырақтау болмағандығын көрсетеді. Бақтыбала, Айбала, Зурә, Мұрат сияқты бір топ жастар соғыс кезінде өсіп, ғылым-мәдениет майдандарының биік белдеріне шыға бастаған.

Бір жағы майданнан қайтқан, бір тобы елде болған сол екі топ қазір социалистік құрылысты, социалистік мәдениетті қос қолдап көтеріп, жаңа сатыға шығарып жатыр. Пьеса осыны жырлайды.

Жаңа тақырып, жаңа мазмұн өзіне орай жаңа мағынадағы көркемдікті тілейді. Ол совет адамдарының берік сенімді жаны мен жүрегіне тереңдей білу, ол – совет адамдарының сегіз қырлы бір сырлы, ер, тапқыр екендіктерін көрсете білу.

Қаюм геройларын әр түрлі сынды кезеңнен өткізіп, әр қайсысының сезім тереңдігін, табандылығын, адамгершілік қасиеттерін аша алған.

Өзі өте ауыр қалде қайтқан агроном Мақсут, ғылымдық арманына бөгелместен қайта кірісіп кетеді. Оның айыр қалі – сүйген қызы Айбаланың сезімін бір әлсіретпейді: сүю сезімі қандай күшті болса, дәрменсіз күйректік және жоқ.

Пьесаның драматургиялық компазициясы шебер құрылған. Бір жағынан майданнан қайтқан ерлерді қарсыалу қуанышы болса, екінші жағынан қуанышпен күткен Мақсоттың ауыр қалде келуі, әр кезде күдік болып отырады. Оның үстіне Еркін мен Мақсоттың творчестволық іске қайта кірісіп кетулері ылғи «қайтып кетер екен» деген қысым үстінде ұстайды. Істің немен тынарын берік сеніммен күтіп отырсаң да, олардың басындағы драмманың қуанышы мен мұңы уысынан шығармайды.

Пьесаның тілінде де жақсы-әрбір геройдың өзіне лайықты тілі, орны бар. Негізгі геройлары – Еркін, Мақсот, Бақтыбала, Айбала, Мұрат, халық жыршысы Әлімбет- толық жасалған образдар. Бірыңғайлау болғанмен фото-кориспондент пен Тұрдықұл да белгілі бір типтардың, одан-бұдан арылмаған адамдардың бейнесін бере алады /бұл екеуі біраз қырлануы керек/.

Меніңше, Қайымның «Дауылдан соң» /«Маданнан майданға»/ пьесасы қазақ совет драмматургиясының жақсы табыстарының бірі есебінде театр сахнасына ұсынылуы керек.
20/Х-1947 ж. Алматы. Ғабит Мүсрепов.

«Дауылдан соң» /«Майданнан майданға»/ деген

Мұқамедханов Қайымның пьесасы туралы.
Жаңа жазып, жақсымызды мадақтау туралы жазушылар алдындағы міндет белгілі. Қайымның пьесасы соғыстан кейін еліміз бен жеріміздің жаңа белеске, жаңа міндетке ауысқан дәуіріне арналған. Мұнда өткен сұрапыл соғыстың жауынгерлері бар, оларды күткен елдегі еңбек пен ғылымның қайраткерлері бар. Бәрі де соғысқан, бәрі де қаны мен терінен, тілек, ниеттерін төккен адамдар. Осылар бірімен-бірі кездескенде «енді болдық, бәрін бітірдік» деп болдырған, дем алғысы келген күйде кездеспейді, жеңіспен тыңайған, қанаттанған, жаңа тілекке қанат қаққан түлеген қалыпта кездеседі. Осы күйдің өзі совет халқының жеңімпаз, ілгерішіл бейнесіне сайма-сай шыққан.

Бас геройлардың бірі -жазушы – Еркін өмірге құмар, жақсылыққа, табысқа тоймайтын, қайрат күшіміздің ұйыған, жинақталған сымбатын көруге құмар, соның скульптурасының өзі жасауға қызығатын адам. Оның жары, хирург – Бақтыбала –ғылымдағы озат адамдарымыздың бірі. Өмір үшін күрес, ажалмен арпалыс соғыстан кейін де тоқтамайды. Ауыр жарақаттанып, жауды жеңіп қайтқан жас герой Мақсот қауіп қатер үстінде тұрғанда, Бақтыбала ғана қорғап шығады. Бұл ұлы жеңістер үшін, ұлы күрестің тоқтамағанын көрсетеді. Сол сияқты Мақсот пен жас ғалым Айбаланың қатынасы, махаббаттары да біздің адамдарымыздың жаңа бейнесін көрсетеді.

Театр өнеріндегі қайраткерлер, халық ақыны, ғылым салаларының алуан адамдары мінез, кәсіп жағынан бір-бірінен өзгешеліктері болса да, мұрат, Мақсот жағынан бір адамдар. Бір-біріне тілектес, біріне бірі жәрдем, күш сияқты боп шыққан бұлардың қуныштары мен жеркенетін себептерінің де дәлелдері бір арнадан шығады. Сондықтан жеңіл мінезді, өзімшілдігі күшті, тәрбиесі жетпеген Тұрдықұлдың іс әрекеттері басқаларды қатты жеркендіреді. Пьеса компазиция, адамның характерлары, тілі жағынан жақсы шыққан. Мен бұл пьесаны Орталық Театрлардан бастап, барлық театрда қойылуға ылайық, жақсы шығарма деп танимын.

Әбділда Тәжібаев



К о п и я .

ВЫПИСКА ИЗ ПРОТОКОЛА
заседания Президиума Союза Советских Писателей Казахстана
22 октября 1947 года.

СЛУШАЛИ: Информацию зав. секцией драмматургов ССКП тов. МУСРЕПОВА о пьесе тов. МУХАМЕДХАНОВА Каюма «После бури».

Тов. Мусрепов характеризовал пьесу т. Мухамедханова «После бури» одним из выдающихся произведений, написанных на тему послевоенного периода из жизни советской интеллигенции. Он считает, что данная пьеса является хорошим ответом автора на постановление ЦК ВКП/б/ «О репертуаре драмматических театров» и считает необходимым рекомендовать эту пьесу в Комитете по делам Искусства при Совете Министров Каз. ССР.

Выступление тов. Г. Мусрепова поддерживают т.т. А. Тажибаев, С. Муканов и другие.

ПОСТАНОВИЛИ: Принимая во внимание, что пьеса тов. Мухамедханова «После бури» в идейном и художественным отношении отвечает требованиям дня, с предложением секции драматургии ССКП согласиться и рекомендовать пьесу в Комитет по делам Искусства при Совете Министров Каз. ССР для постановки в театрах.


Председатель Правления ССПК /С. Муканов/
Секретарь заседания /Д. Абилев/
Выписка верна:
Управделами ССПК /подп./ Ф.Писаревская

/М. П./


ІІ бөлім. ӨЛЕҢДЕРІ
Қазақ ССР – ның Мемлекеттік Гимні

Музыкасы: М. Төлебаев, Е. Брусиловский, Л. Хамидидікі

Сөзі: Қ. Мұхамедханов, Ә. Тәжібаев, Ғ. Мүсіреповтікі
Біз қазақ ежелден еркіндік аңсаған,

Бостандық өмір мен ар үшін қиған жан.

Торлаған тұманнан жол таппай тұрғанда,

Жарқырап Лениндей күн шығып, атты таң.


Жасасын Советтер Одағы,

Жеткізген еркіндік, теңдікке.

Бастайтын елдерді бірлікке,

Жеңіске, шаттыққа, ерлікке.


Дақ салмай Лениннің жеңімпаз салтына,

Ұрпағы қосты даңқ – Отанның даңқына

Одақтас, ұрандас елдердің қамқоры,

Көп алғыс айтамыз ұлы орыс халқына.


Жасасын Советтер Одағы

Жеткізген еркіндік, теңдікке.

Бастайтын елдерді бірлікке,

Жеңіске, шаттыққа, ерлікке.


Іргелі мемлекет, ерікті болдық ел,

Достықпен, бірлікпен жайнады туған жер.

Еңбекте, майданда жеткізген жеңіске

Данышпан Сталин сүйікті кемеңгер.


Жасасын Советтер Одағы

Жеткізген еркіндік, теңдікке.

Бастайтын елдерді бірлікке,

Жеңіске, шаттыққа, ерлікке.


1945 жыл

***
Қазақстан Республикасы Әнұранына ұсынылған нұсқа
Ер қазақ ежелден еркіндік аңсаған,

Азаттық жолында ар үшін қиған жан.

Сан ғасыр торлаған бұғауды талқандап,

Ерікті ел болдық – жарқырап атты таң.


Қайырмасы:

Қазағым, жарыста

Самғаған ғарышқа,

Бостандық, береке ұраны.

Тайсалма, тартынба,

Құлашта, жарқылда,

Алаштың ер жүрек ұланы!
Іргелі мемлекет – біз қазақ еліміз,

Достық пен бірлікте жайнайды жеріміз.

Әділет, адалдық ақ жолдан таймаймыз,

Қаһарман қазақтың еңіреген еріміз.


Қайырмасы:

Қазағым, жарыста

Самғаған ғарышқа,

Бостандық, береке ұраны.

Тайсалма, тартынба,

Құлашта, жарқылда,

Алаштың ер жүрек ұланы!
Ұлы ата-бабаның адалмыз салтына,

Атағы жер жарған айбынды даңқына.

Алаштың ақ туын аспанға көтерген,

Бар әлем бауырмал қазақтың халқына.


Қайырмасы:

Қазағым, жарыста

Самғаған ғарышқа,

Бостандық, береке ұраны.

Тайсалма, тартынба,

Құлашта, жарқылда,

Алаштың ер жүрек ұланы!
Семей, 1992 жыл
***
Туған ел - алтын бесік, асыл ұям,

Көз жұмылмай тұрғанда қайтіп қиям?!

Тарта гөр Семейімнің топырағы,

Төстіктей жеріңе мен еркін сыйям!



Карлаг. 1952 жыл
***
Балаларыма
Сағындым да, сарғайдым да жүдедім,

Қайғы отынан өртенгендей жүрегім.

Көңіл қаяу, жүрек баяу соққанда,

Осы өлеңім дұғам менен тілегім.


Құлындарым сендерді ойлап сағынып,

Қалғандаймын кейде есімнен жаңылып.

Ұзақ түнде кірпік қақпай жатқаным,

Көкірегім қарс айырылып, аһ ұрып.


Нені ойлаймын кірпік қақпай жатқанда,

Байлық, атақ, мансап пен бақ, мақтан ба?!

Қаным қайнап, қапаланып күйем бе,

Дүние үшін ар, ұятын сатқанға?


Оларды ойлап: жанбаймын да, күймеймін,

Байлық, атақ, мансапқа бас имеймін.

Қайғы бұлтын серпіп тастар сендер ең,

Басқа менің сүйерім жоқ, сүймеймін.


Бір күндерде сағым қуып, сандалдым,

Бала көңіл, алдамшы өмір, алдандым.

Табасына тап болғандай тағдырдың,

Шырмауына түстім келіп жалғанның.


Тастүлектей құлаш ұрдым қияға,

Өткен өмір өкінішке сия ма.

Торға түстім қанатымнан қайырылып,

Сендер қалдың, темірқанат ұяда.


Құлындарым есен-аман жүр ме екен,

Әкесінің бары-жоғы бір ме екен?

Мүслимәм, жасын төгіп, мұңайып,

Суретіме көзін сатып тұр ма екен?


Қазыбегім, түстің бе екен не халға,

Араласып жүрсің бе әлде жанжалға?

Тірі жетім секілденіп, қарағым,

Сенің-дағы үсті-басың дал-дал ма?


Розошкам екі көзің мөлдіреп.

Қағылса есік: “Әне, аға келді” деп.

Есік ашсаң ағаң емес бөтен боп,

Жүр ме екенсің қашан келер енді деп.


Қайран дүние-ай өзегімді өртедім,

Жанам-күйем, шердің күйін шертемін.

Ойыма алсам, көзіме жас келеді,

Жәнібегім, айналайын, тентегім.


Көгершіннің баласындай Назымым,

Тірі жанға жоқ қой сенің жазығың.

Тар дүние-ай қыспағыңда тарығып,

Тыныс бітіп, тұншыққандай қажыдым.


Бекет жаным, томпаң қағып жүгіріп,

Кейде жылап, кейде құлап сүрініп.

Шаршап келіп: алдыма алып сүйгенде,

Қайғы бұлты кетуші еді түріліп.


Тасқа тиіп тасырқады табаным,

Жүрегіме тұр қадалып қаламым.

Дүниеге жаңа келген нәрестем,

Мейірімсіз деме әкеңді қарағым.


Жүрген күнде еркін басып өмірде,

Қолмен соқтым көріксіз көк темірді.

Күнім түн боп, жігер құм боп жасыдым,

Жалғыздығым енді ғана көрінді.


Жүрек жара, аяқ ақсақ, бел жауыр,

Амалың не сұм тағдырға тас бауыр.

Құлындарым көріскенше күн жақсы,

Бәрінен де сорлы анаңның күні ауыр.


Тіршілікте не көрмейді ғазиз бас,

Кейде шаттық, кейде қайғы, көзде жас.

Шаттығыңа әркім ортақ, дос та көп,

Қайғыңа ортақ шын адал дос табылмас.


Қайғы отына бірдей жанып, күйетін,

Ыстық жүрек, ақ көңілмен сүйетін.

Адал ана, асыл жарым, ардақтым,

Қағыбамдай алдыңа бас иетін.


Жарым болып, жаман атақ тақпадың,

Ана болдың, Ана атыңды ақтадың.

Айнымайтын адал досым, бір өзің:

Фархинұрым, сенсің менің мақтаным!


Мақтанамын сенің биік жаныңа,

Мақтанамын адамшылық арыңа.

Отқа, суға түссең-дағы қажымай,

Жүрегіңде мені сақтағаныңа.


Қайғы бұлты төнсе-дағы басыма,

Жасым жетпей ақ кірсе де шашыма.

Жалын сөнбес, жаным жас боп қайтармын,

Сүйген жарым, жабырқама, жасыма!


Ит боп үріп, мен ешкімді қаппадым,

Қастық жасап, кісіге оқ атпадым.

Алтын көріп, адал жолдан таймадым,

Сұғанақ боп, арам астан татпадым.


Мен кісінің қол созбадым бағына,

Мен ешкімнің таласпадым тағына.

Кең дүниеде жолым даңғыл деп жүріп,

Кез болыппын сүрінетін шағыма.



Карлаг. 1952 жыл
***
Отырдық тар қапаста күнді санап,

Ұйқысыз өткен түнді жылға балап.

Мөлтілдеп көз жасындай кеп қапсың ғой,

Көзімнен бір-бір ұшқан қайран арақ.


Дейтұғын уақыт жетіп соқса сағат,

Сағынған сондай күнді қылмай тағат.

Жарқ етіп бұлттан шығып күткен күнім,

Ақ құсы әділеттің қақса қанат.

Дер едім сонда, дүние, арманым жоқ,

Тағдырға таба болып қалғаным жоқ.

Көрсеттің қорлығыңды, зорлығыңды,

Кеудемнен жүрегімді алғаның жоқ.


Зорлықпенен басымнан еркімді алдың,

Әжім салдың бетіме, көркімді алдың.

Аңқылдап ақ көңілмен алданбасқа,

Аузымнан айнымайтын сертімді алдың.


Отқа салдың, отырдым жігер қайнап,

Тордағы арыстандай көзім жайнап.

Шыңдалып шарболаттай шықтым, міне,

Отырмын өзіңменен күліп-ойнап.


1952 1956 жылдар.

***


Шерубай – Нұра станциясы маңындағы Қуандық – Қареке

ауылының ақсақалы Әтімге
Қадірлі ел ағасы Әтім аға,

Қуандық - Қараекеден затың, аға.

Арғын аға болғанда, сәлем бізден,

Әдейі арнай жазған хатым, аға.


Ер басына күн туып, сергелдеңде,

Бейнеттің жүрміз дәмін татып, аға.

Қазақтың қазақшылық жолыменен

Орынды өкпе айтамыз батып, аға.


Қуандық қыдыр қонған ел еді ғой,

Байып ба айран-шалап сатып, аға.

Сөз жарасы сүйекке таңба болар,

Досқа күлкі болмайық, жатқа таба.


Арғынның белді атасы Қуандықтан,

Маңғаз бай, сүбелі би, батыр шыққан.

Сарыарқаны ен жайлап, мыңды айдаған,

Қараекеде кім артты Саңырықтан?!


Қияш та өтті дәулеті асып-тасып,

Нұрлан да өтті жалғанды жалпақ басып.

Солардан мәңгі қалған мұра бар ма,

Жан-жаққа қараңдаршы көзді ашып?

Азына шықты шалқып Сарыматайдан,

Олдағы он жеті мың жылқы айдаған.

Дастарханы жиылмай ертелі-кеш

Ат басын тартқан емес Арғын, Найман.


Алтайдың мал сыймады аймағына,

Құт қонып Аққошқар мен Сайдалыға.

Бақ қарап, қыдыр дарып толықсыған,

Малайда Жанайдардың Мейрамына.


Олардың пейілі тар боп көрген емес,

Желігіп жел нәпсіге ерген емес.

Талтаңдап тиын санап, жалаң қақса,

Дәулет қонар дегенге сенер емес.


Естігенде бұзылған ниеттеріңді,

Көруге ұяламыз беттеріңіді.

От жақпаса құр түтін шықпас болар,

Орынсыз сөз етеді текке кімді.


Қуандық Сарыарқаға қанат жайған,

Шалқыған ортасында Арғын, Найман.

Құлқың неден бұзылды бүгін сенің,

Бата алған ел емес ең Қарынбайдан.


Екі бие біткенге еліресің,

Тойып айран ішкенге семіресің.

Қазақшылық қалыпты мүлде ұмыт,

Кердең қағып, кекиіп, керілесің.


Біреу барса өзімнің ауылым деп,

Қаны бір қайран қазақ бауырым деп.

Аяғы ақсақ, арқасы жауыр жанның,

Сауысқандай шоқисың сауырын кеп.


Мәз болып елдің алды, тоғымыз деп,

Өмірде еш арманы жоғымыз деп.

Күні-түні құдайдан тілейсіңдер,

Боталы түйе болсын боғымыз деп.


Бұл мінез арға тиіп, жанға батты,

Күйініштен шыққан сөз тиер қатты.

Кегі жоқ ағайындық айтқан наздың

Басы қатты болғанмен түбі тәтті.


Адамшылық жатпай ма ұят, арға,

Мал бітпес қайыры жоқ пейілі тарға.

Ауылыңа іздеп барса шулайсыңдар,

Секілді жемтік көрген қара қарға.


Арғын аға баласы, ары бар деп,

Қазақ қой қазақшылық қаны бар деп.

Аңсап барған сорлыға тап бересің,

Өлген сарттың қойнында наны бар деп.


Ол барған бір сорлы жан айдаудағы,

Баста еркі жоқ, қол-аяқ байлаудағы.

Маңдай тасқа тигендей түңіледі,

Бұйырмай бір тостаған айран – дағы.


Бас аманда олдағы дәурен сүрген,

Басынан бақ тайған соң тартқан кірбең.

Атам қазақ ырым қып шығаратын,

Ақ құйып, жыланды да үйге кірген.


Бармайды ол тамақ іздеп табайын деп,

Барады жақын тартып, ағайын деп.

Бас - аяғын қарайсың жылмаң қағып,

Жарамды заты болса, алайын деп.


Айырылып қадірлі ата-анасынан,

Мал – мүлкі, сүйген жары, баласынан.

Мал ұрлап, кісі өлтіріп айдалған жоқ.

Жабылған жауыз жанның жаласынан.


Біз бір жан мүсәпірлік сапардағы,

Елінен аулақ болып татар дәмі.

«Ер арыса – аруақ...» деген бар ғой,

Кешегі азаматтар қатардағы.


Біз түскен жан тағдырдың азабына,

Бұл мінез жат қалың ел қазағыма.

Көлеңкең көзсіз болсаң аспас бойдан,

Қалмайық дос, дұшпанның мазағына.


Сіздерден сұрамаймыз бер деп көмек,

Ағайынға айтамыз оны не деп.

Қара нардың жүгі ауып қайысқанда,

Көз көрсе, жібермей ме жатта демеп.


Туыстар темір жолдың бойындағы,

Кетпесін қарыз болып мойындағы.

Үш жүздің ортасынан азаматтар,

Айтқаны өкпе - назын ойындағы.


Деген бар «бұқа - буға, азбан – дуға»,

Қайғысыз жан семірер қара суға,

Көре алмай Қараекеңнің жақсыларын,

Кездесіп жүрміз бе әлде сұм мен қуға?


Құмалақ қарын майды шірітетін,

Аз жаман рулы елді ірітетін.

Артық айтсақ биғайып кешіріңдер,

Тұтқындағы адамбыз көңілі жетім.


Зілі жоқ, бұл өкпе - наз, өзегі жоқ,

Көңілде кір сақтайтын кезегі жоқ.

«Түбі бірге түтпейді», - деген мақал,

Ағайын азары бар, безері жоқ.


Хат жазған алыс емес, жақыныңыз,

Біз дағы өздеріңдей ата ұлымыз.

Баста ерік жоқ, құн бар ма сөзімізде,

Теріс боп жүрген шақта мақұлымыз.


Тағдырдың кермесіне кім келмес кез,

Біреуге ерте деген, біреуге тез.

Тағы ғафу өтініп, сөзді аяқтап,

Абайдан келтірейік бір ауыз сөз.


Кеше бала ең, келдің ғой талай жасқа,

Көз жетті бір қалыпта тұра алмасқа.

Адамды сүй, алланың рахметін біл,

Не қызық бар өмірде мұнан басқа!



Карлаг. 1953 жыл.
***
Ұстазыма
Есігін мектептің мен ашқанымда,

Өмірге тұңғыш қадам басқанымда.

Алғашқы көзіме айдай көрінген сен,

Білімнің жарқыраған аспанында.

Мен онда асау тайдай бала күнім,

Шалдуар ұқпайтұғын өмір тілін.

Жүрек пәк, көңіл ақ, ойым шолақ,

Өмірім - жаз, ақылым аз, олақ тілім.


Мен де онда бала көңіл шалықтаған,

Алымда мақсатым жоқ анықтаған.

Сен сонда тәрбиелеп көзімді ашқан,

Оқыту, үйренуден жалықпаған.


Сен маған сегіз жастан танытқан хат,

Өмірде мынаны сүй, мынау деп жат.

Талпынтып мені әлпештеп өсірген сен,

Баулыған балапандай темір қанат.


Жазуды үйреткен сен «ана» деген,

Отаныңды анаңа бала деген.

Абай атын жазуды сен үйреттің,

Сен тұңғыш таныстырған данаменен.



1936 жыл.
***

Алдымда ақын Абай – Темірқазық
Алтайдың ақ иығы шығып шыңға,

Алдыға көз жіберді мың-мың жалға,

Алтын туын өлеңнің тігіп құзға,

Артқыға үлгі – деді қыз бен ұлға.


Атасы ақындардың Абай еді,

Алғыр ойлы, ардагер асыл тұлға,

Алтын күнге көз салып қарады да,

Аманат, сен куәсің, - деді туға!


Кейінгі ұрпақтарым қанаттанып,

Қырандай шықсын құзға қанат қағып,

Талабы тасығанда ұлы өмірге,

Жырласын тіккен туды қолына алып.


Қаламымды қалдырдым, тот баспасын,

Асыл сөз мұхитына кеттім малып.

Болат қалам сенімді қолға тисін,

Қаламыммен жыр жазып, қаруланып.


Жыр жазып тасбұлақтай тасқындатып,

Қарасын барлық әлем қайран қалып.

Сөз болмақ самародни сары алтыным,

Әлемге әйгіленер, бақыт жайып.


Адамшылық ар үшін еткен еңбек,

Ескерілмей тарихта қоймас қалып.

Мұрагерім, артымда қалың жұртым,

Куә болар ісіме кәрі тарих.


Болашаққа сенімдімін ұрпақтарға,

Есінде мәңгі сақтар мені халық.*

Ал халқым мен қалдырдым қазынамды,

Пайдалан керегіңше ішкің қанып.


Сырты күміс, іші алтын сөзім қалды,

Қаламым ақ қағазға өрнек салып.

Сотықпалы соқпақсыз жерде өстім,

Бәйгеге шаба алмадым * жарып.


Бәйгеге түс, жеткіншек жас тұлпарлар,

Бәйгемді бермесеңдер сендер алып,

Өкінішті өмірім бұлдыр болды,

Сендердің өмірлерің болар жарық.


Ұрпақтар енді маған кінә қойма,

Өмірден соққы көріп кеттім налып.

Өмірдің төріне шық, шыңға өрле,

Даңғыл жол алдарыңа кеттім салып.


Ұрпақтарым мен еккен гөзел гүлім,

Өсіңдер шашақ атып, шешек жарып.

Алды үміт, арты өкініш өмір сүрдім,

Сендерге бақыт таңы туды анық.


Сонда менің ақталар адам атым,

Сонда өзім табамын іздеп барып.

- Деді де қанат қағып, көкке самғап,

Өсиетін айтты да жөнелді алып.


Қаламын қолына алып бабасының,

Терең ой, ақыл дария данасының.

Өсиетін орындап отырғалы*

Абайдың баласының баласының*


Ақ көңіл адал жүрек бол дедің сен,

Адал еңбек, адамдық сол дедің сен.

Адамшылық қақы үшін еңбек қылсаң,

Айнымас ақ ниетті жол дедің сен.


«Пайда көрсең бас ұрып,

Мақтан іздеп қайғы алма.

Мініңді ұрлап жасырып,

Майданға түсіп бәйге алма»


Пайда көріп бас ұрып бұрылмадық,

Мақтан іздеп қайғыға ұрылмадық.

Мінді ұрлап, жасырып жасқанбадық,

Майданға түсіп бәйге бұрын алдық.


Құрыштай асыл сөзбен қаруландық,

Қан майданда жауға аттық, ойнақ салдық.

Қас жаудың қақыратып қабырғасын,

Қайрадық қаламыңды майлансын деп.*


Ұлы өмірде біз алдық көкті, жерді,

Мұхиттың күл-талқан қып мұзын жардық.

Табиғат тәжім етті бізге келіп,

Бұрынғыдай қылмайды бізге баздық.


«Ғылым таппай мақтанба»,- дедің бабам,

Ғылым дариясына жүзіп қандық.

Қалың елің қазағың қайта туып,

Өмірдің ең төрінен орын алдық.


Сен көксеген өмірге жетті ұрпағың,

Бұрынғы ескі өмірден қалмай қалдық.

Өлсең де өзің салған даңғыл жолмен,

Маржандай тізілдіріп сөз жырладық.

Алпыс тарау әніңді жүз толғатып,

Сандуғаштай сайрады еркін халық.


*Ұрпағыңды бастаған ұлы Сталин,

Бөлеген бақытқа елді ұлы Сталин.

Абайдың асыл сөзін ардақта – деп,

Күлімдеп көз алдымда тұр Сталин.

Ендеше орындалды өсиетің,

Адамшылық арыңмен, ақ ниетің.

Халқыңның бел баласы, сен ұлысың,

Елің бар махаббатпен шын сүйетін.


Жүрекке жылы тиіп, тілге жеңіл,

Алтындай Абай сөзі ерітер көңіл.

Аспанда – ай, көкте – күндей күн-түн сөбей,

Абай - тірі өлмейді, жасайды өмір.


Өлеңін асыл сөздің кеткен жазып,

Бойға қуат, жаныма болған азық.

Қалам алсам қолыма, өлең жазсам,

Алдымда ақын Абай – Темірқазық!



Семей, 14 қазан 1940 жыл.
***

Орындалған өсиет
Шыңына хан Шыңғыстың шықтым келіп,

Қырандай айналам көз жіберіп.

Қызғалдақ, қызыл жасыл көк балдырған,

Бөлеген Сарыарқаны көрік беріп.


Арқаның самал желі беттен сүйіп,

Тұрдым мен таза ауда кеуде керіп.

Сайраған сандуғаштың тәтті әуезі,

Жүрек тербеп, бітірді көңілге елік.


Бұлбұл құс әсем әнмен бойды билеп,

Кеттім мен бар ынтамен соған еріп.

Шерткенде жүрек қылын көңіл күйі,

Адамның болмақшы ма өзінде ерік.


Қалқытып, қалықтатып, тоқсан толғап,

Шалқытып, шарықтатып, бітер желік.

Балқытып қорғасындай бар денеңді,

Кетпей ме сезім билеп, сүйек еріп.


Сыбдырын тоқтатпай ма жапырақта,

Жел тынып, тыңдағандай аспан төніп.

Қызыл гүлдің ғашығы сандуғашты,

Жан бар ма тыңдамайтын болмаса өлік.


Сандуғаш шарықтатар көңіл құсын,

Еркін ел кең далаға болған көрік.

Айдынның аққуындай, жүз қаламым,

Теңіздің тереңінен маржан теріп.

Бұлбұлдай сен де сайра қызыл тілім,

Қанаттанған қиялға бол да серік.

Шыңынан хан Шыңғыстың төмен құлап,

Сылдырлап, сылаң қағып күміс бұлақ.

Сынаптай тастан орғып, сайды жол ғып,

Дамылсыз ағып жатыр қылмай тұрақ.


Сұлудай шолпы таққан мөлдір бұлақ,

Сыңғырлаған үніне салсаң құлақ.

Тер сыр, таусылмас мұнда жыр бар,

Бұлақтың білмек болсаң сырын сұрап.


Тасбұлақ тоқсан тарау жатыр құйып,

Дарияға айналасы көкше құрақ.

Мен келдім дараланып жағасына,

Жайқалған көк шалғынның арасына.

Тауында байғыз, көкек, көкте торғай,

Сайраған бұлбұл қонып ағашына.


Не түрлі дәмді жеміс, дәнді жеміс,

Сайының енсең барып саласына.

Шалқыған дария бейне көкшіл аспан,

Толықсып жатқан сыймай сабасына.


Тұңғиық түбі терең, көлемі кең,

Көзіңнің сыймайтұғын шарасына.

Айна боп бар әлемді тұрған тартып,

Қазақтың ұлан байтақ даласына.


Шөлде қалып сусаса сусын болған,

Өмірдің талай тартыс таласында.

Ертеде еңіреген ел-жұртының,

Ем болған жүрегінің жарасына.


Қараңғы қара түнде сәуле болған,

Қапалы қалың қазақ баласына.

Еңіресе емшек беріп емін тапқан,

Кім айтпас мәңгі алғыс анасына!


Күркіреп, тау мен таста асыр салып,

Бұралып айдаһардай жүз толғанып.

Күңірентіп жатты Кавказды долы Терек,

Көкке атып ақ көбігін толқындатып.


Жолында кездескенді кесіп өтіп,

Бусанып, буырқанып, бұзып, жарып.

Екпіні жер бүйірін соқтырғандай,

Ақырып салғанында ашуланып.


Каспийге тентек Терек бара жатыр,

Қазына неше түрлі сыйлық алып.

Қарасам дарияның бір шетіне,

Көрінді жалғыз жалау көлбең қағып.


«Жалғыз жалау жалтылдап,

Тұманды теңіз төрінде...

Жат жерде жүр не тыңдап?

Несі бар туған жерінде?

Ойнақтап, толқып, жел гулеп,

Майысар діңгек сықырлап...

Ол жүрген жоқ бақ іздеп,

Қашпайды бақтан бойды ұрлап.


Астында дария көк майдан,

Үстінде сәуле, алтын күн.

Қарашы, ол бүлік құдайдан

Сұрайды дауыл, күні, түн.»


Жай оғындай сөзі бар өр кеуде ақын,

Лермонтов келе жатыр тұрсам бағып.

Таңырқап ұлы ақынға тұрғанымда,

Көңілімді бөліп кетті ән шырқалып.


Махаббатты жүректен шыққан мұңлы ән,

Тамылжып тәтті үнмен тұрды ырғалып.

Қарасам Татьяна аққудайын,

Үзіліп тал шыбықтай, бел бұралып.


Ақ тамақ, ай маңдайлы, алмадай бет,

Тұрғандай дәл алдымда маған налып,

Керіліп кер маралдай келе жатыр,

Кейде от, кейде шоқ боп жүрек шалып.


Қоңырлатып қырдағы салған әні,

Күңгірлетіп Сарарқаны кетті алып,

Қазақтың қарақат көз сүмбіл шашы,

Тәтішке тәтті үнін қосты барып.



Семей қаласы, 1940 жыл

***



Жамбыл

(Ақынның 75 жылдық тойына толғау)


Жұлдыздай ақ қаламым,

Төгілт жүрек шаттық жыр.

Заманға сай талабым,

Бөгелме сайра, сайра тіл!

Ал, қаламым күлдіра

Күмістей сөз сылдыра

Жүрегін достың тасыта,

Жау жүрегін жасыта,

Жайна жырдан жинап гүл!

Айдыным асыл ару,

Аққудай жүзген көлінде,

Отанның ерке мен ұлы,

Еркін өскен елімде

Ерке еткен мені ХХ жыл

Шырқатқан бақыт жырына,

Туған анам Октябрь,

Бөлеген бақыт нұрына.

Екпіндеп Еділ тасқан жыр,

Шарықтаймын, қалқимын,

Тербеп қалам терең жыр.

Шығындап көкке қалқимын

Атаңа арна жырыңды,

Атаң алып, сен тұйғын,

«Домбырасын серік қып»,

Келген атаң ғасырдан.

«Өлеңді төгіп өрнектеп,

Асулардан асырған»,

Жүзге жасы келгенде,

Бұл заманды көргенде,

Домбырасын қолға алып,

Қырандайын қомданып,

Нөсерлетіп шаттық күй,

Кәрі саусақ маймаңдап,

Перне үстінде билеп би,

Тоқсан тоғыз толғанып,

Жырдан жібек есіліп,

Кең даламда көсіліп,

Тасыды қарт, тасыды,

Сөз түйіні кесіліп!

Шықты аспанда шарықтап,

Енді онда жоқ жалықпақ,

Бақыт тауып қуанып,

Өшпес күннен нұр алып,

Жамбыл қайта жасарған.

Жырдан маржан дестелеп,

Асыл сөзден кестелеп,

Өнерін Жамбыл өрнектеп,

Жақсы жыр қосты халқына,

Тоқсанды тежеп тойтарып,

Жиырма бесін қайтарып,

Қарлыққан дауыс ашылып,

Кәрілікті қасарып,

Сыбызғыдай сызылып,

Сұңқылдаған көмейі,

Салған әні үзіліп,

Жамбылдың үстем мерейі.

Көлшікке кеше айналған,

Су алуға ойланған.

Болды міне дария.

Үлде мен бүлде бөленіп,

Көсегесі көгеріп,

Шат-шадыман заман,

Шын бақытқа кенеліп,

Қайта туған қария,

Боз балаға теңеліп,

Келді жігіт қалпына.

Заман кеше тарылып,

Елді кезіп сарылып,

Бақыт таппай зарлаған,

Елдің туын жыр қылып,

Ердің сырын сыр қылып,

Ел үмітін жырлаған.

Күннің көзін көре алмай,

Өрістеп өлең есе алмай,

Құлашын кең жая алмай,

Шаршаған дауыс баяулай,

Шарықтап көкке шыға алмай,

Шіркін дүлдүл сыналмай,

Топтан озып жүлде алмай,

Қайғы жырлап, зар толғай,

Еркін өмір сүре алмай,

Өмірден ләззат ала алмай,

Шаттық қуып күле алмай,

Сән салтанат құра алмай,

Көкті бұлт торлаған.

Бал тамған тілі бұлбұлдың,

Басынан өткен сол заман.

Біздей ұсақ ұлтты,

Біздің елдей жұртты,

Сұм патша шырмап торына,

Тұншықтырған ол заман.

Сол заманда Жамбылдың,

Алпысқа жасы басқанда,

Жер баспас жорға даңғылдың,

Жорғасынан танғанда,

Домбыраның орнына,

Қолына таяқ алғанда.

Кең даланы кезе алмай,

Төсекте жатып қалғанда,

Ән шырқап өлең айта алмай,

Болды Жамбыл арманда.

Өмірдің болмай тұрлауы,

Ауыр тұрмыс шырмауы,

Кәріліктің бұғауы,

Мойынға құрық салғанда,

Нұрын алып көзінің,

Сынын алып сөзінің,

Бетінен шырай өң кетіп,

Бұлбұлды кетті меңдетіп.

Басынан кешкен ауыр күн,

Күн емес-ау қара түн.

Бұл кезеңі өмірдің,

Оты сөніп көңілдің,

Жамбылға болды үлкен сын,

Кетпестей естен жалғанда.
Кешіккен жоқ Октябрь,

Күткен күні жарқ етті.

Күлімдеп көктен төкті нұр,

Халықтың бақыт таңы атты,

Жайды Жамбыл қанатты,

Жас баладай шаттанды,

Жаңа өмірге аттанды.

Жиды бойға қайратын,

Жетті уақыт сайрайтын.

Ақындық кілтін ашады,

Сөзден меруерт шашады.

Тиегін жырдың ағытып,

Шарықтап шалқып тасады.

Шаттық күйін сызылтып,

Домбырадан үзілтіп,

Зулап саусақ қағады,

Тасқындап күй ағады.

Сөз асылын тарады,

Күректеп кенін ақтарып,

Сөз гауһарын табады.

Құшағында бақыттың

Шуласып ән салады,

Шырқаған әні шығындап,

Жер мен көкті алады.


Жаңа өмір, жаңа түрге еніп,

Тоты құстай түрленіп,

Жазы шығып жадырап,

Бәйшешектей гүлденіп,

Кәріліктен ажырап,

Жастыққа Жамбыл ұласты.

Жамбылда жоқ қажымақ,

Салтанаты ұнасты,

Жібек шапан кигені,

Қара жорға мінгені,

Өмірден ләззат алады.

Даусы көкке өрледі,

Күш қайнап, жігер кернеді,

Екпінді үні ескектеп,

Алатаудың бауырын,

Аралап колхоз, ауылын,

Қарт Кавказды жаңғыртып,

Алтын – Алтай тауының,

Шыңына да барады.

Дауысы тасты жарады,

Тянь – Шянның биік құзына,

Сібірдің көкше нұрына,

Зулап ескен желдей боп,

Жетті әсем ән сала.


Қазақстан даласын,

Асқар бел, сай – саласын,

Көркем жырға бөледі,

Сөзден меруерт себеді,

Ақтарылтып алтындай.

Өркендеген өнері,

Жетпіс бес жыл өмірі,

Ақынның дана шебері,

Шыңыраудан шығарып,

Шырын сөзін береді,

Салыстырып салмақтап,

Бриллиантын тереді.

Қазынасын халықтың,

Қарт атам жинап келеді,

Сталиндік ғасырдың,

Жүз жастағы жігіті,

Өлеңнен ұрық себеді.

Сұңқардайын түледі,

Тұлпардайын үдеді.

Қайраты тасып алыптың,

“Жүрекке нәзік жыр беріп,

Табиғатты меңгеріп,

Ар, атаққа ие етіп,

Марқайтқан еңбек қауымын.

Сталиндік ұлы заң...”

Деп жырлады қариям.

Болмаған өткен тарихта,

Ешбір елде, халықта,

Алтын таңын тарихтың,

Жаңа заңын халықтың,

Кәріге қуат әл болған,

Шырайлы гүлдей жайнатып,

Бойына жігер жан болған,

Гүлстанда сайратқан,

Кеудесіне нұр толған,

Жамбылды көріп жадырап,

Кәрі тарих таң болған.

Өкінішті өмірде,

Қайғы мен кімдер өтпеді.

Жамбылдай асқан таланттар,

Не дарынды талаптар,

Бақытқа қолы жетпеді,

Жүрегін ұлы шер кернеп,

Домбыра зарлап, күй тербеп,

Таппай бақыт жалғанда,

Шалдығып, шаршап талғанда,

Домбыра болып серігі,

Өмірдің болмай көрігі,

Өтті Қорқыт арманда.

“Жерұйық” іздер жер шарлап,

Көзінен қанды жас парлап,

Өмірден ләззат ала алмай,

Іздеп бақыт таба алмай,

Батқан қалың қайғыға,

Бейнесі мұңды көңілдің,

Бейнесі сұм өмірдің,

Өтті Асан қайғыда.

Тоқсаннан жасы асқанда,

Жүзге аяқ басқанда,

Жарқын жүзі жадырап,

Күлімдеп күні аспанда,

Нұрына қартым бөленіп,

Бозбалаға теңеліп,

Кәрілік естен кетеді,

Арманына жетеді,

Жамбыл бақыт табады!

Миллионның жүрегі,

Бақыттың берік тірегі,

Сәлемі мен халықтың,

Мұрасы мен тарихтың,

Москваға барады.

Күлдірген күнін өзіне,

Қуат берген үніне,

Рух беріп тасытып,

Ұқсатқан бақша гүліне,

Жасарғаны Жамбылдың

Сталинді көргені.

Күннен нұрлы кеудеде,

Жарқыраған ордені.
***

Жырдан бұлақ ағызса,

Тілден шырын тамызса.

Көз алдында Сталин.

Ақтарылса асыл сөз,

Сөз алдында Сталин.

Арқауы өлең жырының,

Жүректе терең сырының,

Дерегі – дана Сталин.

Бақшасында бақыттың,

Сайратқан оны Сталин.

Жігер беріп, әл беріп,

Өмірге көрік, сән беріп,

Жайнатқан оны Сталин.

Жетпіс бес жыл ақындық,

Өмірінің табысы,

Әлемге кетті дабысы,

Өлгенінше Жамбылдың,

Жырлайтыны Сталин!

Екпінді” 1938 жыл



***

Революция дауылпазына

(Максим Горькийге)


Дауылпаз асты үні аспанды алған,

Шаңқылдап қара түнде ұран салған.

Бұлт басқан алтын күнді күлімдетіп,

Бұлт пердені талқандап бұзып жарған.


Теңізде таудай толқын тулағанда,

Дауылда құрыш қанат емес талған

Бұлт бұзып, тұман сүзіп, бұғауды үзіп,

Тас жастап, мұз төсеніп, қар жамылған.


Қиалап аспанды өрлеп бұлттан асқан,

Құшақ жазып қарсы алған көкшіл аспан.

Қияның шың құзына шығып қыран

Құйылып сөз бұлағы дария тасқан.


Қас налып, қалтыраған, дос қуанып,

Құрыш сөз жай оғындай өткен тастан.

Қан майданға шақырып қайрат беріп,

Халқына бақыт үшін ұран салған.


Сол майданда дұшпанды жеңген елім,

Сол ұраннан жүректе мықты сенім.

Орынап, орындалған күткен мақсат,

Ұлы Отан ұмытпайды сендей ерін.


Сені халқың сүйеді: «Шын ұлым!», - деп,

Сені сүйген Сталин – көсем – Ленин.

Сенің атың сақтаулы Кремльде,

Сені бізден айырмақ емес өлім!



«Екпінді», 1940 жыл
***

Ойнақы көз, тұрақсыз сөз,

Қылтың қызыл оңатын тез.

Көздің құрты сылқым сұлу,

Бола қалдың сен қайдан кез...
Нәрсіз – тәтті көлгір күлкі,

Бойындағы қымбат мүлкі.

Жел көңілді желіктірген,

Сылаңдаған қызыл түлкі.


Желөкпе едім кеттім еріп,

Жел нәпсіге ерік беріп.

Қызыл түлкі жалт бергенде

Қу құйрығын қалдым көріп.


Қала бердім көңілім суып,

Жүрмеспін деп енді жуық.

Бір аңғалдың көзі шалып,

Арсалаңдап кетті қуып...


Арсыз нәпсі мені алдапты,

Маңдай тасқа тиді қатты.

Келші сәулем, қайдасың сен,

Қайдасың жар махаббаты.


Түннен қара, күннен нұрлы,

Көрем көзді терең сырлы.

Ақылы алтын, жүзі жарқын,

Терең сырлы, сегіз қырлы.


Тәкәппарлау мінезі бар,

Тұла бойы ұят пен ар.

Жаны таза, сабыры мол,

Сенсің сәулем, сен асыл жар.



1936 жыл

***
Туған айдай толықсып сен көріндің,

Көріндің де, еркін алдың көңілдің.

Айым, күнім, қуанышым, бақытым

Бір ғана сен кілті дедім өмірдің.
Ақ жүзіңнен әлем жарық болғандай,

Сарғайған гүл шашақ атып толғандай.

Күн көзіңмен күлімсіреп қарасаң,

Бақыт құсы басқа айналып қонғандай.


Сиқыр сөзің аузыңнан дүр шашқандай,

Сегіз жұмақ тегіс есік ашқандай.

Жабырқасаң күн тұтылып түнеріп,

Бар әлемді қараңғылық басқандай.


Осындай боп көрінгенде көзіме,

Өз жүрегім билетті ме өзіме.

Еркімді алдың сен – дария, мен – балық,

Мен бағындым, мен табындым өзіңе.


Жібек шашың оралғанда мойныма,

Арсыз нәпсі қызғыңа тойды ма.

Сүйіп, күйіп, денем балқып, жан иіп,

Сезім билеп ақылды да, ойды да.


Оттан ыстық құшағына алғанда,

Асау жүрек естен танып қалғанда.

Ақ төсінен тоят алып аймалап,

Демедім бе арман бар ма жалғанда.


Сәулем сені көре алмасам күнде бір,

Маған жат боп көрінентін сұм өмір.

Тағдыр айдап айырғанда жарынан,

Жаралы жан өлмей тірі нағып жүр.


Ен шөлдеп махаббатқа келдім шөлдеп,

Ғашығың қарсы алмасаң бәрбір өлмек.

Ішінде әлдеқандай сусыны бар

Қолыңда сәулем сенің алтын шөлмек.


Құй жаным, оң қолыма кесе тұтам,

Мейілі, у құйсаң да бірақ жұтам.

Шарабы болса егер махаббаттың,

Қайғы мен қасіретімді мүлде ұмытам.


Қайғыны тастан қатты кеміріп жеп,

Өміріме бір көргенім болады сеп.

Әркімнің мен дегенде аузы жеңіл,

Жалынам, айта көрме жалғаншы деп.



1942 жыл
***
Сүйем Отан анамды
Мен сүйем: туған елді – алтын бесік,

Туған жерді, кір жуған кіндік кесіп.

Жайнаған гүл бақшада бұлбұлдайын,

Сайраған, қанат қаққам, еркін өсіп.


Мен сүйем шалқып жатқан кең даламды,

Сәулеті, салтанаты, тең қаламды.

Қойыны кенге толы асқар тауым,

Орман ну, гүл орнаған сай-саламды.


Мен сүйем: айдын шалқар, күміс көлді,

Жер көркі белес-белес сары белді.

Қозғайтын көңіл күйін құйқылжытып

Жібектей ескен майда самал желді.


Мен сүйем: сарқырай аққан өзенімді,

Өлкемді, алабымды, өзегімді.

Өсірген ұлы өмірдің ұланы етіп,

Анамды – Отанымды - өз елімді.


Мен сүйем: Москвамды, Кремльді,

Қан берген тамырыма жүрегімді.

Талсата талай тасқын тапжылмайтын

Мәңгілік берік қорған тірегімді.


Отаным – бақыт берген, талап берген,

Шалқыған қиялыма қанат берген.

Оңымнан ай, солымнан күн туғызып,

Білімнің дариясынан маржан терген.


Отаным мені үйреткен батырлыққа,

Қайтпайтын қан майданда батылдыққа.

Сөзден жауға жай оғын жаудыратын,

«От ауыз, орақ тілді» ақындыққа.


Аспанда асау желмен жарысқанмын,

Мұхиттың мұзын бұзып алысқанмын.

Көздегенде болатын өз дегенім,

Талайын бағындырғам қарысқанның.


Еріне ерді өсірген елі де сай,

Еліне батыр, өжет ері де сай.

Аңдыған жау алысса басын жойып,

Болатын төбесінен түскендей жай.


Ерке боп еркін елде өстім жайнап,

Ұлы өмірде шаттықтың жырын сайрап.

Анамның – Отанымның махаббаты

Таусылмас береген бойға жігер-қайрат.


Еліме емінген жау төнген күнде,

Ұлан-қыран долданды қаны қайнап.

Ар үшін елдің ұлы қаһарланды,

Тұлпар мініп, жеңістің туын байлап.


Отан – ана ер ұлын аттандырды,

Нар кескенін жауына қойған қайрап!

Әділеттің алмасы суырылды,

Жауыздық жермен жексен болмақ жайрап.


«Екпінді», 19 ақпан 1942 жыл
***

Ел қаһарын жырлаңдар
Нұрлыбек, Төлеу, Архам, Тәңірберген,

Каталог: repository -> history
history -> Рымғали Нұрғали СӨЗ Өнерінің эстетикасы а ң д а т у
history -> Қазақ Әдебиетінің алтын ғасыры. Зерттеу. Астана,
history -> Қазыналы биікте. Р. Нұрғалидің азаматтық, ұстаздық, ғалымдық келбеті. –Алматы,
history -> Тұрсын ЖҰртбай „Ұраным алаш!
history -> Халел досмұхамедов
history -> Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»
history -> Алматы: «Санат» баспасы, 2001. 480 бет
history -> ҚазақТЫҢ ЖҮз романы. Оқу құралы. Құрастырып, баспаға дайындаған академик Рымғали Нұрғали. –Астана: «Фолиант», 2004. 456 бет. «Қазақтың жүз романы»


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   14




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет