9.3 Иса Байзақов (1900-1946 жж.) Иса Байзақов – қазақтың халық ақыны, әнші, әртіс, домбырашы, композитор. Павлодар облысы Ертіс ауданының Үлгілі ауылында туған. Семейдегі жұмысшылар факультетін, Орынбордағы қазақ халық ағарту институтын, Қазақ педагогикалық институтын бітірген.
Әкесі Байзақ жасында ән салып, өлең шығарған, шағын шаруалы, сауыққой кісі болған. Иса 9-ға шыққанда шешесі қайтыс болып, өлеңші, әңгімеші әжесі Жанбаланың бауырында өседі. Нағашы ағасы Рахмет оған домбыра тартып, ән салуды үйретеді. Кішкентайынан ол «Домбырашы бала», «Әнші Иса» атанады.
Революцияға дейін байлардың қозысын бағады, қойын жаяды, шахтада жұмысшы болады. Оқып жүрген кезінде суырып салма ақындығы, әншілігі, домбырашылығымен ерекше көзге түседі. Өлеңдері баспасөзде бірінші рет 1924 жылы жарияланған.
1926 жылы Қызылордада Қазақтың тұңғыш ұлттық театры ашылғанда Әміре Қашаубаев, Қалыбек Қуанышбаев, Құрманбек Жандарбеков, Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов, тағы басқа актерлармен бірге жаңа театрдың негізін қалаушылардың бірі болды. Жас театр қойған алғашқы пьесаларда – Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебегі» мен «Бәйбіше-тоқалында» басты рөлдерде ойнаған.
Ал өзі инсценировка жасаған «Біржан-Сара» қойылымында Біржан болып ойнап, ақындық, әншілік, домбырашылық өнерімен жұртты ерекше сүйсіндіреді. Театрда спектакль соңынан үнемі қойылатын концерттерге де белсене ат салысқан.
Әншілік, артистік, домбырашылық өнерінің үстіне, серіктес артистері Әміре Қашаубаев, Елубай Өмірзақов тағы басқалардың айтатын халық әндеріне жаңа мазмұнды мәтіндерін жазып берген. Халыққа кең тарап кеткен мұндай ән мәтіндерінің саны қырықтан асады.
Қазақтың халық әндерін тұңғыш жинап бастырушы Александр Затаевич Иса Байзақовтың аузынан бірнеше халық әндері «Кәкен», «Бике», «Жар-жар», тағы басқаларын жазып алып, нотаға түсірген. Иса Байзақов орындайтын бірсыпыра халық әндері «Айман-Шолпан», «Ер Тарғын» операларының музыкасына енген.
Ал атақты «Гәкку» әні Иса Байзақовтың орындауымен ешбір өңдеусіз «Қыз Жібек» операсына көшті. Театрға жиналған жұрттың қалаған тақырыбына іркілместен суырып салып, өлең шығаруымен «ақын-артист» атанған Иса Байзақовтың ақындық дарыны да шарықтап өсе берді. Күн сайын театрда суырып салып айтатын жаңа жырлары, газеттерде жарияланып жататын ұсақ өлеңдерінен басқа, оның этникалық шығармалары да жиі-жиі жарық көріп отырды.
1932-1940 жылдар аралығында Алматы, Қарағанды, Семей қалаларында радиода, филармонияда, Жазушылар одағында қызметтер атқарған. Ұлы Отан соғысы жылдарында Оңтүстік Қазақстан облыстарында тұрып, ел аралап, үгітшілік қызмет атқарды. Халықты жауын жеңуге шақырды. Бұл кездерде оның композиторлық дарыны да кең өрістеді. Оның атақты «Желдірмелері» (бес желдірме) халықтың жан-жүрегін тербеді.
Еңбек Қызыл Ту орденімен және көптеген медальдармен марапатталған.