1.1 Қазақстан Республикасы Қазақстан Республикасы – Еуразия құрлығының орталық бөлігінде орналасқан мемлекет. Жер көлемі – 2724,4 мың шаршы км. Халқы – 16. 004, 8 мың адам (2009 жылғы санақ бойынша). Мемлекеттік тілі – қазақ тілі, орыс тілі де мемлекеттік тілімен қатар қолданылады.
Қазақстан Республикасы – зайырлы, демократиялық және біртұтас мемлекет болып табылады. Елдің бас қаласы – Астана. Мемлекет басшысы – Президент, ал атқарушы органы – Үкімет. Ақша бірлігі – теңге.
Қазақстанда 14 облыс, 87 қала (оның екеуі республикалық дәрежеде), 159 аудан, 195 аудандық деңгейдегі елді мекен, 2150 ауылдық әкімшілік округ бар. 1991 жылы 16 желтоқсанда қазақ халқы азаттық жолындағы екі жарым ғасыр бойғы үздіксіз күрестен кейін мемлекеттік тәуелсіздікке қол жеткізді.
1991 жылы 1 желтоқсанда бүкілхалықтық елдің тұңғыш Президентін сайлау өткізілді, сайлау нәтижесінде мемлекет басшысы болып Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сайланды. Елде бейбітшілік пен келісімге, тұрақтылық пен дамуға қол жеткізілді. Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі ұзақ мерзімді даму стратегиясы белгіленіп, жүзеге асырылуда.
Республика пайдалы қазбалардың аса бай қорларына ие. Жетекші өнеркәсіп салаларының қатарына түсті және қара металлургия жатады. Жоғары сапалы мыс пен мырыш, қорғасын мен кадмий әлемдік нарықта үлкен сұранысқа ие.
Қазақстан – дәнді дақылдар (негізінен астық), азық- түлік пен техникалық дақылдардың (күнбағыс, мақта) ірі өндірушісі. Ауыл шаруашылығындағы негізгі салалардың бірі – жеңіл өнеркәсіпті шикізатпен, халықты тамақ өнімдерімен қамтамасыз ететін мал шаруашылығы.
Қазақстандағы білім беру жүйесі бір-біріне өзара байланысты бірнеше деңгейден тұрады, олар: мектепке дейінгі тәрбие орындары, жалпы білім беру мектептері, кәсіптік-техникалық мектеп, арнаулы орта және жоғары оқу орындары. Жоғары білім беру саласында 170 мемлекеттік және мемлекеттік емес оқу орындары жұмыс істейді.
Қазақстан ғылымы әлемдік ғылым қазынасына зор үлес қосты, іргелі ғылымдарды түбегейлі зерттеуге бағытталған ірі институттар жұмыс істейді.
Республиканың мәдени өмірі сан салалы. Қазақстанды әлемге танытатын белгілердің бірі ел спортшыларының әлемдік аренадағы жетістіктері болып табылады.
Әлемнің 120-дан астам мемлекеттері ресми түрде таныған Қазақстан Республикасы Біріккен Ұлттар Ұйымына (1992 ж.), басқа да халықаралық ұйымдарға мүше. Қазақстан – ядролық қарудан бас тартқан ең алғашқы мемлекет. Ел тәуелсіз мемлекет ретінде дамыған жылдары құқықтық және азаматтық қоғам құру жолында елеулі табыстарға жетті.